Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  176


ЖҮНІСХАН АЙТОЛҒАН

Мұқағали рухымен сырласу

Ақынның ол сырттаны,
Өрілген өлең жыр жаны.
Жылқы мінез рухында,
Қарасаздың тұлпары.
Мұнарланған мұңдары,
Сазыда бөлек сырлары.
Қомдаған қыран қанатын,
Қарасаздың сұңқары.
Сырыңның айттың қаншасын,
Жырыңның қалды қаншасы?
«Көңілінен үзген көрімдік»,
Қарасаздың баласы!
Күздің де сары сарсаңы,
Жүрегің білем шаршады.
Жыр болған тағы, өлеңі – тәж,
Поэзияның патшасы!
Қулардың бөлек құлқыны,
Аша алмай кетті құлпыңды.
Жырыңа жасырған ізіңді,
Таба алмай кетті кілтіңді.
Адам ба, әлде заманы,
Алмадың сенде бағаңды.
Құлагерде үзілген,
Мәреге тимей табаны.
Жүрегің жыр боп қанады,
Қараңғы сәуле тарады.
Күз қылып сені әкеткен,
Көктемің қайда барады?
Көктемің қайда қалды екен,
Жаныңды сенің жыр еткен!
Қараңғы тағдыр қаспағы,
Маржан жыр мөлдір жастағы.
Жырыңды оқып, бөленді нұрға,
Қазағымның аспаны...
Аспанда қазір ақыным,
Арада қанша шақырым?!
Жүректе тұрсың сонда да,
Жырменен жалғап жан сырын.
Аспандағы ақыным...
Басыңа кетті қонбай нұр,
Өлмеді, бірақ, «торғай жыр»,
Білмесе баласы бағасын,
Қара өлеңін Қарасаздың,
Тәңірім өзің қорғай жүр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу