Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  110


Автор: ЗЫЛИХА ЖАҢАБАЙ

Тамсантады өзің жайлы тәтті елес

Тамсантады өзің жайлы тәтті елес,


Кербез күннің қытықтайды шуағы.


Біздің күй ол санадағы сәтті егес,


Таусылмайтын сезімдердің сынағы!



Босаңсыған бойымды бір от қарып,


Сарсаң уақыт сынаптайын сырғиды.


Сүйген жанға әппақ сырын ақтарып,


Тұман ойдың жетегіне сүңгиді.



Махаббаттың бөлек болған мәні де,


Сен жолыққан кездер қайтып оралмас.


Айналып та үлгергенсің әніме,


Жанарыңмен тілдескенде сол алғаш!



Өзің барда айтушы едім төкпелеп,


Саған аян сырларыммен сыңармын.


Болмашыға бар жаныммен өкпелеп,


Болмашыға қуануды шығардым!



Білінер ме білеу-білеу сиқымнан,


Ойға аламын халі қалай деп кейде.


Түсіме еніп оятпашы ұйқымнан,


Ұйқысыз көп түн өткіздім, жетпей ме?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу