03.01.2022
  447


Автор: Құрманбай Толыбаев

АУЫЛ ТАҢЫ

Есік  пен  туырлықтың  етегінен,  түңлік  пен  жабықтың  саң- лауынан үйдің ішіне көгілдір жарық түсті. Төр алдына салынған төсекте жатқан Әсет сырттағы абыр-сабыр дабырдан, дүркірей өрген мал тұяғының дүбірінен оянды. Тегінде, жолаушының қонған үйінде шалжиып жатып алуы қазақ салтына әбестік сана- лады. Мұндай әдет ережелеріне қанық Әсет сыбдырсыз түрегелді де, тез киінді. Шекпенін желбегей жамылып, тысқа шықты. Көрмеген жерінің түр-түсін қызықтаған адамның кейпімен ай- наласын шола бақылап, есік алдында сәл кідірді.


Дала салқындау екен, дымқыл ауа кеудесін шарлап, ты- нысын кеңейтті. Асықпай адымдап, үй орнындай алаңқайға барып, маңайын байыптай барлады. Ұзын сайдың бас жағы қайқия созылып, қыр арқасына қожыр тастар шоғырланған биік шоқыға ұласады. Шатқалдың ішін қою көлеңке жапқан. Өзен аңғарындағы қойнау-қойнаулы дөңгелек текшелерге топ-топ киіз үйлер қатар-қатар тігілген.


Мұқатайдың үйі төменгі шеткі қойнауда жеке тұр. Шымда- уыт алаңқайларда жартылай жерге сіңген қойтастар жусаған қойдай теңкиіп-теңкиіп жатыр. Құйқадай сіреу көде күнге жайған мақпал көрпедей былқ-былқ етеді. Сай табанында үлкен су сарқырайды. Қатты сарыл кернеген шұңғыл өзектің үстінде бозғылт мұнар желбіреген жібек орамалдай дірілдейді. Су жағасы қалың көк тал, бұйра бұта. Әр тұста топ-топ қызыл шілік.


 


Үлпілдей еекен самалдың лебі де ұлпадай жұмсақ. Сағынышпен елжіреген жүрегі лүпілдей соқты. Көңілін торлаған мұңы сейіліп, көзі ұшқындана нұрланды. Өзінен-өзі еліге елегізді. О, кең дүние... Сенің күллі құбылысыңа бейімделген қазағымның дархан пейілін айтсаңшы!.. Туған даласындай адам баласын жатырқамайды-ау ешқашан. Қонақты құт санайды. Кім екені- мен жұмысы жоқ, тәптештеп сұрамайды, ішіп-жемін де есептеп әуреге түспейді. Бір түнеген жолаушының алдына барын жай- ып салады. Өмір бойы тау-тасты шарлап, дала кезген ел басқа пенделерді өздері көрген ауыртпалыққа ұшырамасын дей ме екен?.. Әлде тұрмыс-тіршілігі үйреткен сабағы сол ма? Әйтпесе, жалпақ дала, иен тау өз құшағын мекен еткен адамдардың пейіліне кеңдік, жомарттық нұрын себе ме?.. Былайша, өз басым бұл елге жат, Құдайы қонақ емеспін. Түбім бір. Осылар үшін ой қуып, осылар үшін ән салып жүрген өз баласымын ғой. Маған қазақтың бөтені жоқ. Өзегім өртеніп, аңсап келгенім осы елдің құшағы. Барлық қайғы-мұңымды сылып тастайтын да осы елдің ақ көңілі...


Аңғары кең, жалпақ сайдың күнге қарсы беті тіктеу,


солтүстіктен оңтүстікке қарай көлденеңдей созылған ұзын жал. Қыр арқасын қызғылт шапақ шала бастапты. Шалғынды, бұталы күнгейдегі қою шөптің бетіндегі шық тамшылары күмістей жыл- тылдайды. Кейі ұзын, кейі шолақ жыралардың жотаға тақау бергі желкесінен үйдей-үйдей сом тастардың шеті қылтияды. Терең сайдың айланба тұмсығынан құдиып, өзенге төніп тұрған арса- арса тастарда көп. Ал теріскейдегі жуан жонның кереге қапталы сықасқан сүмбіл шырша, зіңгіттей сары қарағай, сіреекен қалың шөп. Өргі қылтасын жиектей өскен көк теректердің алақандай- алақандай дөңгелек жапырақтары бұтақтарға іліп қойған желбір-желек секілді. Боламысыз леп тисе, сытырлай шырай- налып, көбелектей бұлғаңдайлы. Аңғарына түйедей-түйедей жұмыр тастар құлаған сайды қақ жарып аққан ақ жал өзеннің суы үлкенді-кішілі тастарға соқтығады да, маржандай ақ көбік шашады. Иірімі көпіршіген сабын сықылды. Қазан шұңқырда сақырлай қайнаған судан аумайды. Өзеннің ілмектеу иініндегі жайпақ текшелерде түнеген сиырлардың, жусаған қойдың қордалары жатыр. Таза көгалдағы үйлер ақ шаңқан шатырдай.


Ауылдың бас жағындағы аумағы кең, суға жақын оңаша саз-


дауыт биік бау екен. Бір үйір жылқы иірілген. Өзі түнеп шыққан үйдің төменгі жағындағы тағы бір тепсеңде де сондай қарбалас


 


қимыл. Ұзын құрық ұстаған екі-үш адам ат үстінде. Ұшына ілмектеп арқан байлаған құрықтарын кезенген самдағай жаяу кісілер атырылған құлындардың мойнына бұғалық салған кезде ноқта ұстағандар қасына жетіп барып, тулағанына ырық берместен басына ноқта кигізеді де, жетелеген күйі ұзыннан ұзақ тартылған желіге сүйрелеп апарып, байлап тастайды. Атты кісілер басқа жылқыларды еліктірмеу үшін селтеңдеген саяқ байталдарды та- қымдай қуып, үйірдің ішіне қайырады. Аралары қашық болмаса да, үйлер екіден-үштен топтанып, іргелес тігілген. Әр үйдің есіктерінің алдындағы қазықтарға жеке-жеке байланған бұзауларға, көгенге тізілген қозылар қарасына қарағанда сауындары да мол сықылды. Бір қора қой аңғардың төріндегі төскейді өрлеп, тағы бір тобы таңғы шапақ шашырай бастаған күнгей бетіне қаптап, бытырай жайылып барады. Сол тұстан мал қайырған кісілердің ысқырғаны, зекіген даусы тымық сайдың ішін жаңғырықтыра әуелейді.


Осы құбылыстарды сағына аңсап, енді көріп тұрған Әсет айналасына емірене көз жүгіртті. Тыныс тапқысы келгендей, бірсыпыраға дейін қадала қарады. Кенет тау-тасты күңіренте жаңғыртқан тосын дауыстан серпілді де, ілгері адымдады. Сай табанындағы өркештене жөңкіген судың жағасына барды. Мөп-мөлдір тұнық. Түбіндегі малта тастарына дейін бадырай- ып көрінеді. Бөгесін тастары жиілеу тұсы ашыған айрандай көпіршіген. Бір қалыпты сарылының өзі ән сарынындай әсерлі. Бірде арқырай жоғарыласа, бірде уілдей бәсеңдеп, үздіксіз сарқырайды. Жел лебіне қосыла шайқалатын тәрізді. Әсет өзен жағасының жайпақтау тұсына барды. Тұнық суға құмарлана үңілді де, жұқа сырма шекпенін иығынан сырғытып түсірді. Қабаттап бүктеді де, қазандай жұмыр тастың үстіне қойды. Ақ қалпағын киіздей ұйысқан көк қасқа бетегеге тастай салды. Қара көк шибарқыт пешпетін асықпай шешті де, шекпенге қосты. Жалпақ қақпақ жағалы жейдесінің тамақ түймелерін ағытты да, жеңін қайыра бүктеп түрді. Білегін шынтағына дейін сыбанып, суға төне жүрелеп отырды. Тұнық суға саусағының ұшын малды. Сәлден кейін алақанымен екі қолының іші-сыртын кезек-кезек үйкелей сылап, ұзақ жуынды. Суды қос уысына толтыра ұрттап, аузын шайқады. Еңкейіп тұрып бетін, мойынын ысқылады. Әлден уақытта айызы қанғандай ақырын түрегелді. Пешпетінің жан қалтасынан шаршыдай далиған ақ орамалын алып, бипаздай сүртінді. Осының өзі жанын жадыратты. Сөйтіп тұрғанда ту сыр- тынан шөпті сытырлата басқан аяқ дыбысы естілді. Әсет артына


 


бұрылды. Өзімсінгендей еркелеп, арсалаңдай адымдаған Мұқатай екен. Басында дөңгелек бөрік, кірсіз ақ көйлек, шолақ жең қара пешпет киген. Ақсия күледі. Ұйқыдан жаңа ғана тұрғандікі ме, екі беті албыраған, уыздай балқып тұр. Көкпеңбек тұнық аспанның астындағы көк-жасыл таулардың көзді сұқтандырған көркіне бір сәт сүйсінгенімен, іштей күйзеліп, мұңая жабыққан Әсеттің қабағы кіртиіңкі, еңсесі басылыңқы, жүзі солғындау еді. Осы түйсігін қабағынан байқаған Мұқатай қонағының жай-жапсарын сұрап, қөңілін аулау үшін жарқылдай күлді.



  • Аға, ерте тұрып кетіпсіз ғой, ұйқыңыз жайсыз болды ма?

  • Ә, жо-ғә, – деді Әсет ықыласын ұқтыра ақталып. – Қажып жүр едім, алаңсыз ұйықтаппын. Бойым сергіп, денем жадырап-ақ қалыпты. Жайлы тынықтым, шырағым.


Үні пәстеу шыққан Әсеттің қас-қабағын баққан Мұқатай көзінің қиығымен өң-түсін барлады. Қонағы да жадырап, өзіне жымия назар салды. Жігіт бұл кісінің томсарыңқы түрінен, аз сөйлейтін тұйықтау кейпінен өзінше ой түйді. Мінезі қызық адам-ау сыңайы. Жаңа ғана қабағына кірбің ұялап, кіртиіп тұр еді, лезде құбылып сала берді. Сөйлескен адамының ауқымын болжап, шама-шарқын емеуірінінен тани ма? Соны білген соң ыңғайына жығылып, қыбын іздейтін тәсілі ме? Өресі тарларды өршелендіріп, желіктірмей, сабырмен басып әдеттенген-ау тегі. Мені көрген за- матта қаймақтай жұқа ерінінің ұшы жиырылып, езуіне жымиған күлкі де тез үйірілді. Дағдыға айналған сыпайыгершілігі ме? Әсет өңіндегі осындай ауыспалы құбылыстарға іштей таңданған Мұқатай момақан кейіптегі қонағының отты, ұшқынды, өткір жанарынан сиқырдай арбайтын тұңғиық сырларды да байқады. Бойында құдірет бар-ау. Қалай да тегін адам емес-ау өзі...


Қайтсем де сол сырды ашуға тырысып бағайын деген үмітпен Мұқатай тебіндей өсіп келе жатқан қияқ мұртын мәпелей сипап қойды да, мырс етіп, үнсіз күлді. Міне қызық, әліге дейін бұл кісінің кім екенін, аты-жөнін сұрамапты. Қайдан келе жатқанын, қайда баратынын да білмейді. Айдалада ұшырасқан қазақ бала- сы бірінен-бірі жөн сұрасып, шүйіркелесе кетпеуші ме еді? Со- дан әрі ата-тектерін айырып, біріне-бірі, ең болмағанда, қарын бөле боп шығады. Жөн сұрау – қазақтың бойына дарыған әдебі. Түнде сауық думаны, одан қайтқанда соның қызығы меңдетіп, бірдеңе сұрау да ойына келмепті. Қазір сұраса да айыбы жоқ... Өзінің қылығына өзі қысылғандай екі беті дуылдады да, ақ сары жүзінде қызғылт қан ойнап, маңдайын сипады. Қалай


 


қисынын келтірерін де білмей тұр. Әсет те талдырмаш, сұңғақ бойлы уыздай жігіттің тұрпат-тұрқын көзінің астымен барлай шолды. Еркелеу еркіндігі басым-ау, бетінен қайтпайтын албырт. Тебіндей қылтиған түбіттей жирен мұртының кейбір талшығы сойдия сорайып өскен, балғын жүзіне үйлеспей, сиқын бұзып тұр. Қырып тастап, мұнтаздай таза жүргені әлдеқайда жарасым- ды, ажарын әрлендіре түсер еді-ау... Әуестігінің келісімі жоқ. Осы болжамын ашып айтпаса да, жасын сұрады:



  • Нешедесің, шырағым?

  • Жиырма бірге шықтым, – деді Мұқатай өзінің де жөн сұрауына ілік тапқанына қуанып. Тең-тұсы емес, жасы үлкен кісіден бірден жайын сұрау да әдепке жатпайды Одан әрі өз үй-ішінің хал-жағдайын сұратпастан-ақ тәптіштеп айтып берді. – Асып-тасып шалқыған дәулетіміз жоқ. Мал баққан елміз. Басқадан озбасақ та, қолымыз аузымызға жетеді, көштен қалмаймыз. Әкемнің аты – Дәулеткелді. Дүние салғанына екі жылдан асып барады. Қазақтың Абақ керей аталатын руының Меркітіне жатамыз.


Ағайынды алтаумыз, мен кенжесімін. Қазақ дәстүрі бойын- ша, үлкен үйдің қара шаңырағын көтерген иесімін.



  • О, бәрекелді, жолың үлкен екен ғой. Ойың да зор болсын, шырағым, елдің ағасы атан!..

  • Осы аңғармен жапсарлас жатқан екі-үш сайды қоныстанған ел тұтас бір әулетпіз. Мына үйлердің бәрі Дәулеткелдіден тараған тұқымбыз.

  • Е-е, ынтымағы жарасқан іргелі ауыл болды ғой. Ырыстан ынтымақ озады. Берекелерің арта берсін, шырағым... Ағайын- туғанның сыйластығы да бір ғанибет.

  • Әке аруағын сыйлағаны ма, әйтеуір, ағаларым бетімнен қақпайды, әкіреңдеп жерге қаратқан жері жоқ.

  • Бетіңмен кетіп, бірдеңені бүлдірмесең, неге қақпайласын?


Әрқашан өзі жөн білген жігіттің өрісі кең емес пе?



  • Мен ән салып, өлең айтуға әуестеумін. Ат үсті жүрісім, қыдырысым көптеу. Шаруа жайында ағаларыма арқа сүйеймін.

  • Оның зияны жоқ, шырағым. Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – ырысы бар. Бірақ ылғи иек арта бермей, сүйеніш те бола біл. Ал ат үстінде көп жүрсең – жер көресің, ел танисың. Ән мен өлең – ойдың бесігі, тербетіп өрге жетелейді. Талабың жебесін!.. Кеудеңде өнердің көзі бар сықылды.


Қонағының бұл жебеуі Мұқатайдың ынтықтығын одан бетер қоздырды. Ұзақ жолдан шаршап, қажығаны айқын байқалып тұрса


 


да, жүрісі кербездеу, ойы аңғарлы, сөзі шымыр. Енді бұл кісінің жөн-жосығын білуге құмартты.



  • Ағасы, өзіме ыңғайсыздау сезіліп тұр... Түнде сауықтың сайранымен алабұртып жүріп, сіздің аты-жөніңізді де сұра- маппын,.. Түріңізге қарасам, ұзақ жолдан келе жатқан сияқтысыз?..

  • Е-е, шырағым-ай, бұл бір қыжыры көп әңгіме, – деді Әсет сол сабырлы қалпында. Әлденеге қиналғандай қабағын сәл шытынды да, бетін бұрып, төңірегін қызықтағандай шолды.


Жолаушының жүріс-тұрыс сипатына қанық қазақтың елгезек баласы емес пе, өзінің кейпін Мұқатай да айнытпай таныды. Ауыл арасының қыдырмашы адамына ұқсамайтыны рас. Көңіліңде көзің болсын деген осы да. Қабағыңның қыбырынан, жанарыңның жыл- тылынан ішіндегіні көреді... Ендігі жасырынысының жөні бар ма? Сол сәтте Әсеттің көкейінде сергек ой бұлқынды. Жетер енді.


Апырау, осынша қиқар қылығың не? Қашанға дейін қырсық көріп, қырғидан бұққан торғайдай бүрісесің? Артыңда қалды емес пе қиын кезең?.. Неге, не үшін именшектенесің осы? Шыңырау шатқалдан шығып, биік белге аяқ бастың ғой.


Өңешің үзіліп, кеудеңнің оты өшкен жоқ қой мұнша қинала- тын. Бұл торығуыңның тегі қалай? Басыңнан кешкендеріңнің жақсылығына масаттана желпінсең, жаманшылығына да бас имей қасқайып тұруың керек емес пе? Өмір – ағысы қатты асау өзен, адам баласын жаңқаша аунатып, тауға да өрлетеді, домалаған тастай құзға да құлатады. Соның ырқына құлай берсең, адамдық санаңның құны, немен өлшенеді? Ынжықтық нышаны сол шығар бәлкім? Қашанда қарсы келеді-ау деген селге ұрынбау үшін сайды өрлеген кісі ақылмен артын да, алдын да болжайды. Мұнысы жан сақтаудың ғана тәсілі. Бірақ адам ұдайы жүріп өткен ізін шиырлай бермейді. Ілгері жылжиды, басқа-басқа соқпақпен жүреді. Балық та қиналғанына қарамастан ағынға қарсы жүзіп, өріс іздейді, уылдырық шашады. Адам баласы ауыртпалықтан құтылудың жолын өзі ойлап табуға тиіс. Рас, бұл жолда дертке шалдықтыратын қиындық та, ауыртпалық та көп. Соған бас имей басып өтуі керек. Жаны жараланса да, мақсатына жетеді. Дерт айыққанымен, денеде дағы қалады. Алайда, ол жаныңды қинамайды бұрынғыдай, азапқа салмайды. Әлде сен батыл шешімі жоқ дәрменсізбісің? Шама-шарқыңның жеткені, қолыңнан келгені осы-ақ па? Шалқыған шалқар санамаушы ма еді елің? Сол абыройдан айырылып, қақ суындай суалғаның ба? Құрдымға құлаған судай сарқылғаның ба? Не боп барасың


 


осы?.. Жат елдің билігі бөлекше зорлық-зомбылығынан басыңа төнген озбырлықтың зардабынан мүлде естен танып, зағиптік шеккенің бе? Әкімдердің зұлымдығынан қорланған, айуандық- тағылықтың тепкісіне ұшыраған жалғыз сенбісің? Мұндағы барлық адамдардың басындағы ем қонбайтын қасіреті сол ғой. Жығылып жатқандар сүрінгенге күле қоймас... Ауыртпалықтан да құтылдың. Қазіргі жағдайың басқаша. Міне, кең қолтық еліңнің құшағына кірдің... Жабы мінсең – қолда барың, оған несіне жабығасың? Бұрын сыйын көрмеген, араласпаған елдің ішінде өнеріңді ортаға салмай, өзіңді-өзің жасырғаның – түбі жалған намысқойлық шығар, ақылға салшы. Етегіңнен тартқанға құлай кеткенің дәрменсіздігіңді танытпай ма, оны да мөлшерле. Тоналып қалдым екен деп қашанғы қара жамылып жүрмексің? Тонау, талау – өңеші толмайтын обырдың ісі. Көзбен көргеніңді күңіреніспен емес, толғаныспен айтсаң, ел сенеді. Жерлемейді, жебейді. Алтынды жер астында қанша жатса да тот шала ма? Көңілің көл, кеудең көрік емес пе еді гулеген? Ендеше жү- регіңдегі отты, жаныңды мазалаған ыза-кектің ұшқынын кім шашпақ ұйпалап? Сонымен елдің жүрегін жылт. Елің – ырысың. Кеше ғана жалпақ қазақтың көгінде самғап жүрген қыраны едің ғой. Қайтадан шарықтай самға сол қиырға. Саңқылдаған даусыңды жұрт естісін! Әлде шырақтың сығыранған жарығын шырайналған көбелек құрлы әуестігіңнің қалмағаны ма? Көбелек те жарыққа құштарлығының құлы болған соң жаны құмар асы- ғын қиып кете алмайды. Айналшықтап жүріп жалынға шарпыла- ды да, отқа жанып өледі. Сенің де арманың – ел іші, ел ықыласы. Күні кеше елің ірге жайған қатпар таулардың жыныс тоғайында күркіреп жүрген қайсар қара аюындай айбарлы едің ғой. Сол бет қаратпас айбатың қайда? Арысаң да қыстан шықтың. Енді көкке тойған арық жабағыдай түлейтін күнің туды... Күңіреністі қой, жолбарыстай сілкін! Қараңғыны қармалатқан қалың тұманды жарып шығып, кең дүниеге құшақ жай да, еркін құлаш ұр. Ел аспанының төріне өрлеп, асқарының төбесінде тапжылмай тұр!.. Арқа сүйер жартасың – елің... Міне, сол еліңнің ішіне іргесінен кірдің, енді төрін ұсынады. Әні бар, сәні бар, ары бар. Көз сүзіп, аңсаған өнерпаздарының бірі еке- ніңе көздері жеткен соң, төбелеріне көтеретініне күмән жоқ!..


Неге еңсең түседі?.. Елсіз өнердің күні қараң. Өнерсіз өмір бар ма саған?! Қимылдайтын кезің келді!..


Рас-ау, мұнша торыққаным несі, жабырқай бергенім оңдырмас деп, қалт серпілген Әсет шындап ширай бастады. Сергек ойдың


 


лебі көңілін желпіп, аңыраған сары желдей сарайын шарлай жүйткіп өткенде, шабыт қысқан қырандай шиыршық атты. Тос- тағандай дөңгелек көзінен жалын лапылдап, қан жүгірген жадау өңі балбыраған нұрға малынды. Ноқталанған асаудай бұлқынып, қаймақтай жұқа еріні дірілдеді. Кеудесін дауыл кернегендей сілкіне желпінді. Жел қағып, аптап еті қарыған қоңырқай жүзі де құбылып, ажары айшықтанды. Қонағының өңіндегі осы бір ала- сапыран өзгерісті әлденендей жан қиналысына жорыған Мұқатай бәйектене елбіректеп, шырқ үйірілді.



  • Аға, неге қиналдыңыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма? Күлімдей жадыраған Әсет еңсесін түзеп, басын жоғары көтерді де, қал- балақтаған жас серігіне ашық шыраймен жымиды.

  • Жо-жоқ, абыржыма, айналайын. Ауру-сырқатым жоқ, денім сау, еш жерім ауырмайды. Жәй әншейін, сенің сұраған жайларыңа орай өткен күндерімді, бастан кешкен оқиғаларды еске түсіріп, қиялға еріп кетіппін.

  • Кешіріңіз, менің сұрағаным жаныңызға батса... Тек танысып, жай-күйіңізді білуді ойлап, жөніңізді сұрап едім...

  • Сұрағанның айыбы жоқ, шырағым, оның дұрыс. Өзімнің көңіл күйімді айтам. Біліскен жақсы. «Бір күндік жолдасқа қырық күнге дейін сәлем айт» демей ме біздің қазақ.

  • Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл деген ақылы тағы бар ғой.

  • Иә, дұрыс айтасың, білсең – білігің артады.

  • Түнде сіз бұл маңнан біз естімеген жаңа бір ән салдыңыз. Әуені неткен әсем еді. Өне бойымды майдай ерітіп, жүрегімді ба- урап алған соң, сол әннің тегін ұғып, толық үйреніп қалайын деп, өзіңізге арнайы қолқа салып үйіме шақырып едім. Бар ойлағаным сол... Әнге әуестігім...

  • Мен де талабыңды таныдым, зерделі бала екенсің. Ал енді өзімнің жай-жапсарымды ұқтырайын. Түндегі қызу – думан үстінде өздерің қайта-қайта атын атап, дақпыртына сырттай елтіп жүрген, бірлі-жарым әніне емірене тамсанысқан Әсеттерің менмін десем, жадап-жүдеп, арық таймен тепеңдеп келе жатқан бейтаныс жолаушыға сене қояр ма едіңдер?.. Қазіргі тыпыршуым да сол күйінішті жайға қиналып, жанымның күйзелген түрі.

  • Тай мінгеннің несі айып, бары сол болса?..

  • Құштар адамын көзбен көргеннен гөрі жұртқа сырттай дақпыртының желігі әлде қайда әсерлі, елесі ерекше болады.

  • Ой, тәуба-ай!.. – деп, таңырқай таңдай қақты Мұқатай қуанып. Қонағының көңілін қалай аулаудың ығын таппай, абдырай


 


елпектеді. Ойнақшыған қоңыр көзі жалындап, сенерін де, сенбесін де білмей, ан-таң. – Шынымен Әсетсіз бе? Анығын айтуға неге сонша қиналасыз?..



  • Жадап жүрген адам не ойламайды, шырағым.

  • Атағына бас ұрып, дидарын көруді аңсаған армандай Әсетіміздің өзі елімізді іздеп келсе, тақиямызды аспанға атпай-


мыз ба! – деп ақ пейілмен ақтарылды Мұқатай алабұртып.



  • Ендеше, өздерің күтпеген, бірақ атына-атағына қанық, әніне әуес Әсетің мен боламын, шырағым!

  • Ой, жаным ағатай-ай, шыныңыз ба?! Аспаннан нұр жауғандай керемет болды ғой бұл! – деп, масайрай арсалаңдаған Мұқатай құлашын жая ұмтылып, қонағын қапсыра құшақтай алды. Албырт жігіттің ерке қылығы, ыстық ықыласы, кең құшағы Әсеттің де тұла бойын жалындай шарпыды. Осылайша қауышуды, төс қағысты көксеп жүргендіктен бе, денесі қалтырап, жүрегі атша тулады.

  • Көп жаса, айналайын! Рақмет пейіліңе, рақмет! – дей берді жаны елжіреп, аузына басқа сөз түспей.

  • Құдайдың оңдағаны ғой бұл, мен бақытты екенмін!..


Мұқатай қолды-аяққа тұрмай алды-артын орайды. Құмартқан сүйсініспен қадала қарап, балаша жайраң қағады. Қуанышынан таңданысы басым. Көрсем-ау деп көксеп жүрген адамымен ойламаған жерден табысқаны сиқырдай әсер еткен. Әсетке еркелеген сыңайы анық. Арман еткен қыраны қолына қонған аңшыдай мәз, мерейі үстем. Иә, Құдай жарылқады... Қабағын торлаған мұңы тарай қоймағанымен, жанарының оты мол екен... Мұң мен шер кімнің басында жоқ. Біздің елді бетке алған ұзақ сапарда қажыған шығар. Сонда да бетінен қайтпауының өзі нағыз қайсарлық емес пе! Жүдеулігі жол азабының әсері. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің созылып барып үзілетін кезі – көктемнің лайсаңындағы жауын-шашынға қарамастан арық жылқымен жол жүру оңай ма? Түсім бе, өңім бе бұл?.. Біреудің атын жамылып, басқа біреу өмір сүре ала ма? Солай болған күнде де Әсеттің орны тіпті бөлек, оған кім ұқсайды? Пар келер адам қайда? Әні де, даусы да ерекше. Мына тұр-тұрпаты да кезбе жолаушыға ұқсамайды. Мінезі биязы, сөзі сыпайы, ойы терең. Тебірене толғағанда табындыра жүгіндіреді. Өзін- өзі қадірлейтін адам асқақ болмауға тиіс. Ондай менмендік байқалмайды бойынан. Менің әнге талпынысымды танып, сүйсінуі де ән өнерінің сипатына жетік алғырлығын аңғартады... Іштей қиналысына қарағанда, жан төзгісіз бір қиянатқа ұрынған-


 


ау, шамасы. Өзі қоян-қолтық араласып, біте қайнасып өспеген жат өмірде сүрінісі де көп болған-ау. Қажыр-қайраты мол, ақылы теңіздей терең адам басына түскен жәбір-жападан морт кетіп, күрт күйремеуге тиіс... Сонау Барлықтың арғы баурай- ында түлеген түз бұлбұлының жалпақ даланы шарлай жылжып, Қарағайлыдан бері өрлеп, Сауырды бетке ала іздеп келе жатқаны да – бүрленген бәйтеректей елінің бір тамырлы тармағы. Оған медет болуға тиіспіз. Қазақ әнші-күйшілері, ақын-серілері елін араламай отыра алған ба? Мына кісінің жүрісі де соңның айғағы. Серіге сергектік керек. Атақ-даңқын саудалап, мұрынын шүйірмейді дарын иесі. Барын еліне арнайды. Мұқым қазақты өзімсініп, бауыр санайды, не деген алып жүрек, дархан көңіл десеңші... Міне, енді өзінің ауылына келгендей жаны жай тау- ып, жайдары қалыпқа түсе бастауын қарашы. Өнерінің құдіреті мөлдіреген көзінен, сызылған мінезінен емес, жаныңды сусын- дататын сұлу әнінің ырғағынан анық танылар. Сол әнге қанған ел бір жасап қалмай ма!.. Бұл да ұлы арман еді-ау. Әншінің астына ат мінгізіп, иығына шапан жабу – игі салтымыз. Сол жорамен жебесек, тез түлемей ме! Өзім ертіп жүріп кең құшақ Сауырдың өрі мен қиясын жайлаған елді аралатайтын. Осынау қиырдағы ел ақынын көрсін, өнердің құдіретін білсін. Қашан қайтқанынша қасынан қалмай, тәлім алайын... Алдағы істің өрісін ойлап, осылайша тебіренген Мұқатай мейманын ізетпен құрметтеп, ықыласын айтты:



  • Әсаға, сізге қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірмін!


Шаршап жүрсеңіз, қамсыз жатып, еркін тынығыңыз!



  • Көп жаса, айналайын!.. Жолы болар жігіттің жеңгесі алды- нан шығады дегендей, ұзақ жолдан жүдеп, түнделетіп арып келе жатқанда өзіңдей жас серіге жолыққаным менің де өрісімнің кеңігені ғой, Апай төс Сауырдың ақиық бала қыраны қолыма қонса, арманым не!..

  • Талғамыңызға татысам, талпынған еңбегімнің жанатынына сенсеңіз, қайырып баптаңыз, үмітіңізді ақтауға бойымдағы күш- қайратымды аямаспын!..

  • Сенген соң қол артып тұрған жоқпын ба!

  • Ендеше мен дайынмын!.. Сізге атқосшылыққа жарағаным- ның өзі үлкен абырой маған!

  • Атқосшы емес, алғыр түлегім бол!

  • Құп, Әсаға, айтқаныңызды орындаймын!..

  • Орындап қана қоймай, үйреніп қалуға тырыс...


 



  • Сөзсіз үйренемін!.. Көп бөгеліп қалдық-ау. Қане, үйге жүріңіз, мен ағаларыма хабар жеткізейін. Арқаның ақиығын көздерімен көріп, таңертеңгі асты бірге ішсін!

  • Адам сөйлеcкенше, жылқы кісінескенше үдірейіседі. Пейілінде тарлығы жоқ қолтығы кең елдің баласымыз ғой. Ауыл ағаларымен де дидарласқанымыз абзал. Жақсы сөз – жарым ырыс. Шүйіркелессек, көңіліміз өсер...


Қатарласа адымдаған Әсет пен Мұқатай көгалды текшедегі жұмыртқадай аппақ үйге тақады. Сайдың ішін жапқан кө- леңкенің етегі түріліп, теріскейді ықтай бастаған. Күнгейдегі қапталға өскен табақтай-табақтай жаужапырақтар самал лебіне ырғалып, қақтаған ақ күмістей жарқырайды. Түнгі салқында бетіне түскен шық әлі кеппеген, жылт-жылт етеді.


Алты қанат жұп-жұмыр ақ үйдің шиге қапталған киіз есігі шиыршықтала түріліп, маңдайшаға байланған. Есіктің алдындағы жер ошақтың басына тақау қойылған бүйірлі сары жез самауырынның түтігінен сыздықтаған көк шулан түтін ұйтқымай тіке жоғары өрлейді. Қарағай түтінінің ашқылтым иісі аңқиды. Күн де көтеріліп келеді, шуағы шашырады. Үйге тақаған соң Әсет еңкейіп, табалдырықтан аттады. Төсек-орын жиналған. Үйдін іші мұнтаздай таза, сынық сүйем шөп жоқ. Төрдегі оюлы текеметтің бетіне қара шибарқыт көрпеше төсел- ген. Оң жақтағы ағаш төсектің тұсына қызыл-күрең шұға кілем ұсталған. Екіге жарыла түрілген шайы шымылдық желбірейді. Төсектің алдына кестелі шаршау керілген. Қақпағы өрнектелген жүкаяқтың үстіне рет-ретімен қабатталған көрпелер тізбектеле жиналған. Тұлыптай теңкиген жастықтар қаз-қатар қойылған. Сол қанатта текеметпен жапсарластыра төселген ақшыл ала сырмақ. От жақта ақ киіз бен қара киізді қиюластырып сырыған қара ала сырмақ. Үйдің ине шаншым жері бос емес. Сықаса толған әсем бұйымдар көзді сүріндіреді. Босаға тұсқа жолағы анық әр түсті алаша құрым киізді жаба жайылған. Керегелердің басын термелеп тоқыған өрнекті шым басқұр жапқан. Өрнекті ағаш төсектің бас жағында күмістелген адалбақан. Түндігі жартылай ашық тұрған шаңырақтың жиегі де, күлдіреуіштері де әшекейлі. Шаңырақтың екі шетіне қарама-қарсы байланып, төмен салбыраған дөдеге де безелген. Ұшы шоқпардай шашақ желбаулар да, үзік пен туырлықтың ішкі баулары да термеленіп тоқылған төрт елідей шыжым құр. Бәрі де асқан шебер қолдан шыққан асыл бұйымдар. Қазақ әйелдерінің өз үйін сәндеп-


 


безеп ұстаудағы қайталанбас өнері. Әрбір зат өз орнын тауып, жиһаздардың келісімін асырып тұр.



  • Әсаға, жоғарылатыңыз! – деп төрді нұсқады соңынан кірген Мұқатай. Жәй басып, көрсеткен тұсқа барған Әсет жүкаяққа арқасын сүйеді де, малдас құрып отыра кетті. Мұқатай жүктен жастық алып, шынтағына қойды. – Мен үлкен ағайымды шақырып келейін.

  • Бара ғой, айналайын.


Мұқатай асыққандай жалт бұрылды да, жеделдете адымдап сыртқа шықты. Әсет жалғыз қалды. Әуестеніп үйдің жасау- ын тағы да бір шолып өтті де төбеге қарады. Жартылай ашық шаңырақтан тұп-тұнық көгілдер аспан төнген. Ауыл үстіне ты- ныштық орнаған. Жел де жоқ. Сайдағы өзеннің күркіреген са- рылы ғана тау-тасты жаңғырықтыра тербеген. Басқа дыбыс жоқ. Әлі арылмай іркес-тіркес шұбатылған ойдың желісі Әсетті қайта тебірентті. Қайран қазақ әйелдері-ай!.. Қаншама өнер, тапқырлық жатыр бойында. Өз тұрмысыңа лайық сән іздейсің... Дабыра-даңқ шығармаса да, ыждаһатпен жасаған бұйымдары көзіңе қуаныш ұялатады. Осыны да танып, бағалай алмай келеміз- ау. Бұл да орны толмас өкініш... Ал анау керегеде ілулі тұрған жүген-құйысқанды, күміс шапқан ер-тұрманды жонып-соққан зергердің құдіретін айтсайшы!.. Ол да бір үйдің сәнінен аса алмай


тұр. Өрістемеген өнердің де өкініші көп...


Тегінде, адам өміріндегі ең азапты күйініші – іштей жылау екен-ау. Өңімде ойламақ тұрмақ, түсіме де кірмеген сұмдық күйзеліс менің де басымнан өтті. Көзімнің жасы парлап төгілмесе де, деміме тұншығып, үнсіз өксідім. Әлде өмірдің екі беткейлігі осы ма? Шағылға өскен өсімдік ыстыққа төзе алмай, тез қурайды. Теріскейдің саясы мол. Сондықтан шалғыны қою, ағашы да қалың. Сол тәрізді біздің қазақ елі әлеуметтік аласапыранда қасқыр шапқан қойдай тоз-тоз боп шашыраған. Далада қалып, арса-арсасы шығып қаңсыған астауға ұқсайды. Қайда барсаң да қағажу көріп, қайнаған ортаға араласа алмай, жетімсіреп жүргенін көресің. Айтақырда адасқан жалғыз адам да төбесінен аптап қақтағанда жан сауғалар көлеңке іздейді арпалысып. Ал біздің қазақ сая таппай жүр. Мен өмірдің шуағын да, саясын да, шағылын да көрдім. Сонда не істеп, не тындырдым. Тас басып, тау астым. Өмір жолының бұралаңы көп екенін ғана білдім. Қиырдағы арман еткен нысананың елесін көзбен шамалағанмен, жеткізер емес. Бұл да өкініш... Өмір шолақ, жол ұзақ. Жүріс тын-


 


байды. Кімді таныдым, нені болжадым? Адамның бәрі жұмбақ. Бұрын өзім санаушы ем, олай болмады. Мінез-құлқы басқа-басқа. Біреуі ашық, біреуі тұйық. Қайсыбірінің ішіне үңіліп үлгіресің. Кейбіреуінің көзі күлімдеп тұрғанымен, кеудесін жайлаған мерезін сездірмейді. Жақсысын да, жаманың да қымтап жауып, тымпиған қалпынан жазбайтындары тағы бар. Енді біреулер көз алдында көлкілдеп, алды-артыңды орайды да, өзі пайдалы деп діттеген сәтіне жеткенде жалт бұрылып, орға итеріп тастайды. Момын елді де сондай сумақайлар мен қомағайлар жем қып жүр. Ал ой баққан адамдар қарманар бұтасын таппай томсарған толғаныспен дүние сырының тұңғиығына сүңгиді. Сонда да қолына ұстағаны қанағаттандырмайды... Осы болжамдар менің де көзімнің шелін сылып, шарасын кеңейткен секілді. Адал да, алғыр да, арам мен алдампаз да, айлакер де адам баласының арасынан шығады екен. Жақсылық пен мейірімнің, зұлымдық пен жауыздықтың қайнары да сол тұста ма? Жапалақ құсап өмірдің сәуле түспейтін қараңғы түкпірін паналайтындар да, тізеден қан кешуді аңсайтындар да бар. Осы сұм пиғыл адам баласынан арылмай-ақ қойды-ау... Жауыздық – озбыр, обыр ниеттен туады. Құлқын құмарлық өктемдікке бастайды. Арманға ілескен адамның бойында қатыгездік болмауға тиіс. Мақсат- мүддесін жария айтып, дүниені дүр сілкіндіргісі келсе, Хауа ананың ақ сүтімен дарыған қасиеттен қуат алғандар болар. О, дүние, осыншама ала-құлалықтан тазарар күнің туар ма екен? Не таптым бұл өмірден? Намысы жоқ адамнан парасаттылық күтуге бола ма? «Бақыт – өз басың үшін көксейтін ізгілік» – депті бір ғұлама. Бар құны сол-ақ па? Ән салсам – жұбаттым, күйзелгеннен күңіренген көңілін көтердім. Өлең айтсам – мұңы меңдеткен жанын тербедім. Көкейлеріне мейірім дәнін сепкім келді. Тіршілік бағдарын ұқтыруға тырыстым. Өлең-жырымда, қисса-дастандарымда жауыздықтың, озбырлықтың, арамдықтың, зұлымдықтың сырын аштым... Адамдықтың, ынтымақтың, ауыз бірліктің туын көтердім... Түу, мұнша күңіргенгенім не?.. Өмірсіз адам болмайтыны сияқты, адамсыз өмір де жоқ қой. Дүниенің өзі адамнан құралмай ма? Бар білгенім – күллі жақсылық та, жауыздық та адамның өз ішінен шығады екен. Бұл ала-құла сананың жемісі болар. Қайғысы мен қасіреттің бірге жүретіні содан ба? Жарақаттан қатқан қан қайта еріп, жүрегіңе тамшы боп құйылмайды. Елдің ақ жарқын ықыласы ғана – менің жаралы жанымның шипасы. Жүректен аққан қанның тыйылар күні де туар. Адам қаны суша


 


аға бермес. Қан сасыған дүние де төңкерілер... Жақсылық пен жамандықтың шайқасы бітпейді онсыз. Адамды үміт жебейді. Ақын мен әнші – үміт пен арманның жаршысы. Аузыңды баққан ел езуіңдегі күлкіден, қас-қабағыңның құбылысынан көксейтініңді, ынтыққан құштарыңды, ойыңның нышанын сезе қояды. Запыс болған қашаған жылқы сықылды тосын қараға елегізе береді. Қиюын таппасаң – сенімінен күдігі көбейеді. Ақынның кеудесіне ізгіліктің терең бойлайтыны содан ба?... Ех, сорлы ақындар-ай... Өзіңнің қара басың үшін емес, еліңнің, халқыңның мұң-зары үшін күйесің-ау әманда. Сол жолда азап та шегесің. Кейде қара басыңа қатер де төнеді. Өзі туып-өскен ортасынан пана таппай қуғынға ұшыраған ақындар қаншама дүниеде. Бірақ үн-түнсіз, жақ аш- пай жүруге ақын жаны төзе ала ма? Ақтарылып, төгілмесе шері тарқай ма? Қазір жұрт жиналып, қолқа салса, ауыз ашпай қалай шыдаймын?..



  • Асса-лау-мәли-кө-өм!.. – деп күрілдей созалаңдаған жуан дауыс Әсеттің қым-қуыт сапырылысқан қиялын бөлді. Өзімен- өзі сырласып, шиыршық атқан толғаныспен отырып, сырттағы дабырды аңғармай қалыпты. Табалдырқтан еңкейе аттаған ұзын бойлы, шоқша қара сақалды, сусар бөрікті кісі баяу адымдап келіп, тізерлене көтерілген Әсетпен қол алысты да, қасына малдас құрды. Оған ілесе кіргендер де кезекпен қол беріп, іргені жағалай жайғасы. Алтай тиінінің үлпілдеген сұрғылт түкті терісінен сыздықтата жаға салған, өңірі оқалы қызыл барқын қамзол киген, етегі жер сызған көк жібек көйлекті, аппақ кимешегінің құйрығы шұбатылған, әжімсіз толық беті қып-қызыл, денесінің еті қалың орта жастағы бәйбіше қара сақалды кісінің тізесін баса келіп отырды. Жұрт тегіс орнығып болған соң, әлгі қара сақалды, қапсағай денелі кісі сөзін жалғады, – Е, Әсетжан, құлақ естігенді көз көреді дейді екен бұрынғылар. Сыртыңнан даңқыңа қанықпыз. Жаңа Мұқатайжан- нан осында келгеніңді естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық.

  • Менің де көптен көксеп, келе алмай жүргенім осы ел еді!.. –


деді Әсет те әлгі кісінің көңілін жебеп.



  • Күллі Сауыр жұртына біздің ауыл сауықшылдығымен әйгілі. Ағайымыз Дәулеткелді асқан күйші еді. Жас кезімде мен де той- думаннан қалмайтынмын. Сауық-сайранды аңсаушы ек. Ендігі кезек Мұқатайға тиді. Құдай айдап келіп, атыңның басын біздің ауылға тіреген екенсің, туымыз көкке өрлер... Аруағың жебесін артыңдағы өреніңді.

  • Қолдан келгенін аямаспын, – деді Әсет жайдары күліп.


 



  • О, айналайын ақ сұңқарым, біз де бабыңды табу үшін бары- мызды салып бағармыз.

  • Онда мен де самғайын қалықтап.

  • Е, міне, сөз бітті... Ал, енді өз жөнімді айтайын, мен осы Дәулеткелді аулының ендігі қариясымын. Мұқатайдың әкесімен бірге туған ағасымын. Дәулеткелдінің туған інісімін. Атым Қаби. Мына кісі Бибіш бәйбіше, біздің ардақты жеңгеміз. Осы үйдің тұтқасы, құты.


Аңқылдаған Қаби іркілмсетен ақтарылып, ауыл-аймағын түгел таныстырып барып тоқтады. Ашық пейілге Әсет те жадырады.



  • Қабеке, ізгі ниетіңіз жадап-жүдеген, шөлден қаталаған жа- нымды сусындатып-ақ тастады!

  • Е-е, жүдегенің не?.. Алдында елің, жұртың бар емес пе?


Айдалаға қонып отырған жоқсың. Шаршасаң – тынық. Құдайға шүкір, адам сыйлай алатын салтымыз бар.



  • Ұзақ жол қажытқан сықылды, Қабеке. Бүгін сәл тыныққанға денем сал-сал боп қапты.

  • Жол азабы – көр азабы деген. Тынық, әкем, қысылып- қымтырылма. Өз үйіңдей көріп, емін-еркін көсіліп жат. Еркелігіңді көтереміз!

  • Ықыласыңызға рақмет! Өзімнің ойлағаным да сол, екі-үш күн тынығып, ес жинап алайын.


Жалпақ қызыл-ала жолақты дастархан жайылды. Сары ірімшік, сықпа құрт араласқан қызыл бауырсақ төгілді. Үлкен сырлы тегенемен шүпілдеген қымыз келді. Хош иісі анқып, үйдің ішін кернеді. Дастарханның оң жақ шетіне қойылған тегенені талыс кеуделі, шымыр денелі, қара шибарқыт пешпет, қайырма жағалы ақ жейде киген қара торы жігіт дөңгелек бүйірлі, қос ауызды, сабы күмістелген, май сіңіп күреңденген, қайыңның безінен ойып істелген ожаумен құлаштай сапырды. Быжылдай көпіршіген сары қымызды сырлы тостағандарға құйып, өзінің оң жағындағы кісіге ұсынды. Тостаған қолдан-қолға сырғи-сырғи Қабидың қолына тиді. Ол зор ілтипатпен Әсеттің алдына қойды. Барлық көз соған қадалған. Қонақ қымыздың үй ішіндегілердің бәріне құйылып болауын тосты да, ұмсына қоймады. Келесі тостағанды өзі ием- денген ауыл ағасы:



  • Қане, Әсетжан, дәм ал, – деп, майы кілкілдеген сары қымызға ерінін матырды. Бұл кезде жасы үлкен тағы бір-екі кісі тостағанды қолына ұстап үлгерген-ді. Әсет те алдындағы сырлы тостағанды жерден көтерді. Түбінен шымши ұстады да, ернеуінен сыздықтата


 


сімірді. Өңештен әрі асып, өзегін аралай сырғыған қымыз ішін жылытып жіберді. Сәл тыныстаған соң тостағанды түгел сарықты да, дастархан шетіне қойды. Қаби бос тостағанды қымыз құюшыға қарай ұсынды. Сөз аз, қарқындарын басып алғылары келгендей, бөтен қимыл да жоқ.


Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең тартып тұра қалды.



  • Ардақты Әсаға, ақ батаңызды тілеймін! – деді қойдың мойнын тақымына қысқан күйі алақанын жайып. Үйдегілер де қостағандай жапырлай алақан жайысты. Үлкенді сыйлап әдеттенген Әсет қасындағы Қабиге бұрылды. Оның ойын сезген ауыл ағасы:

  • Ауыл менікі, жол сенікі, Әсетжан, аумин!.. – деді жарқын қабақпен қол жайып. Әсет екі қолын жоғары көтерді.


Ескі сарынға салмай, өзінің ниетін ашық жариялап тақпақтай жөнелді:


Ал, батамды берейін, Арта берсін мерейің. Қойға толып өрісің, Алшы түссін кенейің. Құлын-тайың шұрқырап, Тассын бағың Керейім! Басыңа бұлт қонбасын, Өрім гүлің солмасын!


Төбеңе күн ұялап, Тірлігіңді оңдасын! Қиындыққа қайыспа, Арың болсын жолдасың! Ел бастасаң – батыр боп, Ер Жәнібек қолдасын!


Дұшпандарың жер шұқып, Сағы сынып сорласын!


Судай тасып дәулетің,


Еш жамандық болмасын!..


Шынайы ықыласпен ниетін айтып бітірген Әсетке ілесіп, үйдегілер тегіс «Аллауәкпар!» деп беттерін сипасты. Тілек жыр тебіренткендей көздері ойнақшыған үлкен-кіші масаттана кү- лімдеседі. Олардың көңіліндегіні жариялап:


 



  • Айтқаның келсің, Әсетжан! – деген Қабидың жайдары үні жұрттың тілеуін үстей түсті. Жүзі албыраған Бибі бәйбіше де разы:

  • Өркенің өссін, қалқам!..


Күн көтерілген, қозы өрген шақ. Қыдырмашы қымызшылар- дың да қарасы көбейді. Бірлеп-екілеп сәлем беріп кіреді де, да- стархан шетіне орныға бастайды. Жиналғандар лезде ел аузына іліккен қонақтың ерекше артықшылығын іздегендей тұла бойын тінте шолады. Бұл кісінің кім екенін құлағы шалған-ау, шамасы, кейбіреулер табалдырықтан аттаған заматта оның қоңырқай жүзіне құмарлана көз тастайды. Өзіне шынайы қызығушылықпен ынтыға төнген жанарлар Әсеттің де көкейін түрткілеп, делебесін қоздырды, тұнып тұрған көл бетін жел шайқағандай жан дүниесін сапырылыстырды. Іштей елікті, О жұртым, сенсің ғой менің бақ-талайым... Осынау жаудыраған үмітшіл жанарларың емес пе аңсағаным шөліркеп. Білемін не тілейтіндеріңді. Қанша қалжырасам да, сендер үшін бір қайырымға әл-қуатым жетер. Қалау-тілеулеріңді момақан жүздеріңнен көремін, анау жау- дыр көздеріңде бәрі сайрап тұр... Мына бір момақан сылқым қара-өткен түнде салған әнімді естігендердің бірі. Бүгін төне қарайды маған. Жанын жадыратар ән тілей ме? Телміре қарайды үздігіп. Нендей артықшылығы бар дей ме? Серіктері неге оны сонша қошаметтейді? Асты-үстіне түсіп: «Қайыр, Қайыр» деп елпек қағысады. Құрбыларына өнегесі үстем-ау тегі. Өңінде әлденеңдей мұң бар. Байғұс баланың жаны жаралы ма? Көп ойлап, аз сөйлейді. Ондай сәттс отты жанары жайнап, әр сөзін қадай нығыздап, орнын тауып айтады. Әдейі іздеп келді ме екен?.. Әсеттің ойын сезгендей сылқым қара да ақ жарқын түрмен үміт арта сыпайы жымиды. Өзінің әлденендей қуанышының куәсі болуын тілейтін тәрізді. Қажыған жанар мен үміткер жанар та- быса қалғанда екеуі де осындай сыр ұғысты. Біреуі жаутаңдаған жанардағы мұңды таныса, екіншісі – дархан парасаттан жәрдем тілеген кейіпте еді. Қасіреттен қамыққан қайран жастық-ай деп


өксіген Әсет ақырын күрсінді.


Бата берілген қойды сыртқа шығарып, союшыға тапсырғаннан кейін Мұқатай қайтып келді. Төсектің бас жағындағы керегеде ілулі тұрған үкілі домбырасын қолына алды да, еркелей келіп ағасының қасына отырды. Елдің делебесін қоздырғысы келгендей ұзын сүйір саусағымен қос ішекті саумалай қағып, ойнақы бір әннің сарынын безілдетті. Сол сәтте Әсетке қарай еміне қараған жұрттың қалауын жақаурата аңғартқысы келген Қаби:


 



  • Тұлпардың тұяғы сазға басса – кетіледі, тасқа басса – жетіледі, Әсетжан, – деп, бипаздай сипақтады. Бұл кісінің алыстан орағытып, нені меңзегенін сезгендей үйдігелер де қозғалақтап, қобыраған қимылдарымен қостады. Қаби шыңдай түсті. – Сені бүгін көп қинамаспыз. Ал бір-екі күннен кейін өзің алғаш аяқ басқан мына Кексеңгір жотасының ой-қырындағы, сай- саласындағы ел осылай ағылады, соны ескертіп қояйын. Мына тентегімнің қалауы солай. Аулымызға думанның туын тігеміз.

  • Сол туды Әсағаң көтереді, – деді көзі мұңды сылқым қара жадырай қолқалап. Әсет аңқылдақ Қабиға бұрылды.

  • Ақиық аспанға ұшпай өмір сүре ала ма, Қабеке. Жас қыран көкке талпынса, қанатының астынан демеп, арынын асыру – біз- дің парызымыз.

  • Е-е, бәрекелді, Әсетжан!.. Ақылды адам емеуірініңнен біледі. Алайда, қазірше алдыңдағы мына көген көздер бір ауыз лебізіңе құмартып, шөлін басар сусын тілеген ниеттері бар. Құры ауыз қайтпасын таңдайларын қағып, разы қыл.

  • Онысын сездім, Қабеке...

  • Сезсең, арғы жағын өзің біл.


Тілегі қабыл болған Мұқатай лып етіп, ұшып түрегелді де, үкілі домбыраны Әсетке көлденең тартты. Бұл да әншіге құрмет көрсетудің бір жолы. Әсет қызыл аршадан жонылған домбы- раны ұстап, мәпелей сипалады. Сәл кідірістен кейін ырғала теңселіп, ыңғайлана орнығып отырды, Жанындағылар ығыса шеттеп, қимылына кедергі жасамаудың қамын ойластырды. Әсет білегін сыбанып жеңін түрді де пернені лыпылдата басып, қос ішекті сұқ саусақпен ілмелей қағып-қағып жіберді. Домбыраның дыбысын байқады. Бабында екен. Делебесі қозып, көңілдене желпінді. Шабыт шақырғандай ойнақы, арынды бір желдірме күйді құйқылжытты. Домбыра қақпағының бетінде жорғалаған саусақтардың ұшынан күмбірлеген үн төгілді. Сылқым са- рын тыңдаушылардың жүрегін тербетіп, шалқи желпіді. Күй аяқталғанда:



  • Ал, жұртым, құлағың сал! – деді Әсет жайдары түрмен. Бұрқақтай атқылаған өрен үн тау суындай сарқырайды. Көл бетінде қалқыған аққудың сыңсыған дыбысындай аударылып- төңкеріледі. Үйдің ішін жайнатып, сәуледей құбылады. Ағыл-тегіл сорғалаған әуеннің ырғағы баспалдақтай өрлеп барып, атырылған арынын бірте-бірте бәсеңдетті де, ақырын қалықтап кеп тоқтады. Үйдегілер ұйып қалған, сиқырланғандай тым-тырыс.


 



  • Бұл күйіңнің аты қалай, Әсетжан? – деп сұрады ойға шомған Қаби әлден уақытта білуге құштар қазақи әуестікпен.

  • Ән салар алдында осы сарынмен серпіліп, бой жазып алатын әдетім еді. Бұл «Кертолғау» деп атап жүрген құлақ күйім.

  • Құлақтың құрышын қандырады-ақ екен, шіркін!..

  • Абай айтқандай, айқайдың бәрі ән емес, – деп Әсет әнге өз ілтипатын танытты да, өнердің, сырына жұрттың назарын аудару мақсатымен ойын көсіле айтты. – Әннің рухты жебейтін қасиетін тыңдаушының жүрегіне жеткізу үшін алдымен олардың сезімін оятып, санасын игеріп алған жөн. Құлақ күйі сол үшін керек. Одан әрі көңілі ауған жұрт өзінен-өзі-ақ ынтығады. Салған әніңе зейінмен құлақ түреді.

  • Е-е, мұндай да кереметі бар ма?..

  • Адамның жаны сонда ғана ләззат алады.

  • Естідіңдер ме, балалар, – деді Қаби өрімталдай бозбалаларға ой түсіргісі келгендей. – Беталды барқырап, жаттығудың қажеті жоқ екен. Әнге де бап керек болғаны ғой.

  • Ондайды бізге үйрететін адам кезікті ме? – деді


Мұқатай жоқтыққа өкпелегендей бұртиып. Ағасы мұны құптады:



  • Иә, рас айтасың, ондайға біздің шамамыз жетті ме?.. Енді Әсетжаннан үйреніп, тәлім алып қалыңдар! Сендерге бұл да үлкен сабақ. Біз тоқал ешкі сияқтымыз. Бұрын шыққан құлақтан соңғы өскен мүйіз озады. Тәңір жарылқап, жаңа өнегенің есігі ашылды, тәлім алыңдар!... Бұл – Әсет мектебі.

  • Тас түлектерді баулуға мен әзірмін, – деді Әсет те пейілде- ніп. – Әрімізді кіргізетін жал-құйрығымыз солар ғой...

  • Құдай тілеуіңді берсін, Әсетжан!

  • Ал, әзірше көптің қалауын орындап, бір-екі ән салып берейін.


Жұртым, бүгінше соған қанағат ете тұрыңыздар!



  • Иә, Әсетжан, сөйт. Зорланып қиналма,– деп қостады Қаби басқаларға да көп талап етпеуді ескерткендей.


Сыртта да аяқ дыбыры көбейген. Туырлықтың босаға тұсын, іргесін түріп те үлгеріпті. Іштегілерді дүрліктіргісі келмей үйді маңайлаған кемпір-шал, қыз-қырқын, келін-кепшік, бала-шаға сол тұсқа ұйлығысып, керегенің көзінен сығаласады.


Әсеттің әруағы қозды. Домбыраның қос ішегін термелей қаққанда былқылдай сылаңдаған коңыржай әуен күмбірледі. Соған ілесе самалдай сусыған екпіні жүрдек бір әнді ырғалта жөнелді. Қалықтай әуелеген ән сазы сұңқардай сымпылдайды.


 


Ырғағы жібек орамалдай желбіреп, көкейді желпіді. Бір сәт кілт өзгеріп, көк шыбықтай бұрала теңселді. Айдында жүзген арудай аунақшып жалтылдайды. Бір мезет шиыршық ата ширатылады. Шымырлай қайнап, жүрекке сіңіп жатыр. Шөліркеп сусаған жерге дәл тиеді. Әуен сарыны дала гүліндей ырғалады. Елтіген жұрт мүлгіген, теңселе бас шұлғиды. Сусылдай есілген сұлу сарын бірте-бірте бәсеңдеп, қонуға қомданған құстай төңкеріле төмендеді. Сыңғырлаған күміс қоңыраудай созалаңдап барып тынды.


Мұндай құбылмалы әнді, жарықшақсыз тұнық дауысты естіп көрмеген қариялар әншіге тамсана сүйсінсе, егде әйелдер еріндерін сылп еткізіп, тандайларын қағады. Әнші құдіретіне бас иген. Жастар өбіге тамсанысады. Осыны аңғарған Әсет тағы бір сарынды қайырды да:



  • Енді жас түлектердің көңілін жебейін де, ырықты өздеріне берейін, – деді маңдайының терін сүртіп. – Бұлардың да талап- талпынысын, аяқ сілтесін көрейік те!

  • Дұрыс, Әсетжан, солай болсын, – деп мақұлдады Қаби бұл ұйғарымды. – Ал, қамданыңдар, балалар. Тұлпар шабысынан кейін құнандар жарыссын, арындарыңды байқасын Әсетжан!..

  • Бұл жолы өзім бастайын да, сыншы емес, тыңдаушы бо- лайын.

  • Қыранның қиқуы қара құсқа медет береді дегендей, тырба- нып бағар. Содан-ақ танырсың шамаларын.


Әсет домбыраны ырғай шайқады да, желісі майда, үлбіреген, екпіні еміндіретін бір қоңыр сарынды суырды. Тамағын ақырын кенеп қойды да, лекіген ырғақпен термелей жөнелді:


– О, о-о, о-оу!..


Шілденің жанға жайлы күн шуағы, Жайқалған гүл-бәйшешек құлпырады. Қоңыржай баяу желпіп самал ессе, Ағаштың сыбырлайды жапырағы.


Жайылған жасыл кілем жер-әлемге, Жадырап жайраңдайды жанның бәрі. Көз тартса алыстағы қарлы тауы, Желкілдер жерде жуа, сарымсағы.


Әуеде әнші құстар сайрағанда, Шымырлап қуат балқыр бойыңдағы. Жағалай өзен бойын ауыл қонса, Жарасар көгалдағы бие бауы...


 


Нөсердің нөпіріндей сорғалаған өлеңге сай әуенді толғай қайырды да, сәл тыныстады. Бірақ домбыраның сағасындағы сыңғырлаған үн үзілген жоқ. Жайлаудың жайқалған көркі көз ал- дыларынан суреттей тізбектеліп, үйдегілер де желпіне жайнаңдады да, арадай гулесті. Шаттана масаттанып, желпіністі.



  • О, бәрекелді, көп жаса!

  • Міне, төкпе ақынның құдіреті!..

  • Па, шіркін, таудың исі келді-ау танауға!..


Әсет мақтау-мадаққа елікпеді. Сабырлы қалпымен ырғалып қойып, әрі қарай шырқады. Өлеңін айтқан сайын кеудесі кеңіп, көңілі өсті. Денесінің құрыс-тырысы жазылды. Тот басқандай тұтығып жүрген өңеші шаң-тозаңнан аршылғандай даусы да үдеді арындап. Маңдайы тершіп, денесі жіпсіді. Көзінде ұшқын, езуінде күлкі ойнады. Екі беті қызара бөртіп, кең мандайының кірбіңі жазылды. Қолтығы қызған сайын үдеген бәйге атындай анталады. Танауы желбіреп, басын сәнмен шұлғыды. Толқындай ширатылған сарынға қосып әуенін де шайқалтады. Ұзаққа сілтемей, бір қайырып тастап, тоқтамақ болған Әсеттің ырқын тасқындаған ойы билеп, әрі қарай жетеледі. Айтпақ межесіне жетіп, түйіндеуді ұйғарды да, әуенін жебелей жорғалатты.


– О, о-о, о-оу!..


Жаз шығып, жаманшылық тоналғанда, Тас гүлдеп, өмір шалқып оңалғанда Оранып жердің беті көк орайға, Самалы салқын сая болар жанға.


Бүлдірген қарақатпен тереміз деп, Сай-сайға қыз-келіншек жоғалғанда; Жылыстар соңдарынан бозбалалар, Ғашығын іздеп табар со барғанда.


Қауышып емін-еркін ен далада, Айқасып жұмыр білек оралғанда;


Оларға тас – шымылдық, шалғын – төсек, Басына жастық табар томардан да...


Домбыраның құйқылжыған үні жебеген ерке дауыс сырғанай төмен құйылды да, тағы да тыныстады. Даурыққан дауыстар естілмеді. Қызулына қозғалақтай бастағандардың қошамет дабы- рын қоздырып, у-шумен көңілдерін босқа алаңдатпау үшін көп бөгелместен даусын лезде қайта әуелетті. Күлімдей жайнаңдаған көздер ұмсынғанмен, ниеттерін айтып үлгермеді.


 


– О, о-о, о-оу!..


Жасырып құшағына кемер сонда, Оларды қалқалайды шоқ орман да. Өзімнің халал жарым болар ма деп, Сенісер жас жүректер қол алғанда. Сағынып сарғайысқан бұл кездерде, Бір-бірін көре алмаса, о да арманда. Жігіттің бір құмары осы-дағы, Армансыз кім бар дейсің бұ жалғанда. Барында оралыңның ойна да күл, Қызықсыз жігіт адам оңалған ба?!


Бойында қуат барда қарыштап қал,


Бұлданып өз-өзіңнен қоразданба!..


Ел-жұрт көп жиналған осындай қызу жиын үстінде адам қасиетінің артықшылықтарын баса айтып дағдыланған тәсілінен танбады, жастарға ой тастай толғады.


Жайдары жүз, ырғақты ән, ойнақы өлең көкейдегі сезімді дөп басып, тыңдаушылардың сусаған жанын сусындатты. Жастардың көзінде күлкі. Жүздері бал-бұл жанған. Үлкен кісілер ойға шомған. Қара үзіп, алыстап кеткен қызығы мол күндері бұлдырлана еле- стегендей мұңайысқан. Әлденендей сағыныштың табы қайта қоздағандай үнсіз толғанысады. Қартайған сайын өмір де тозып, қаңсыған қара далаға айналатынына өкініп, соған амалсыз сенген кейіпте мойын сұнған. Әр жүректің түкпіріндегі арман пердесін желпіген ән самалы сипалай аймалады да, бірте-бірте арынын те- жеп, жер бауырлап сұлай кетті. Өкінішті күрсіністер де, жайдары күлкілер де естілді.



  • Ой, көп жаса, Әсетжан! – деді мүлгіп кеткен Қаби шұлғыған басын қалт көтеріп алып, жайнаңдаған қуанышты кейіппен. – Ал балалар, енді ағаларыңды зорламаңдар, демалсын!.. Алыс жолдан келіпті. Кезекті өздерің алыңдар!

    • Сен басташы, Мұқатай! – деді Әсет үміттене тебіреніп, ұшатын құсша елпелектей алабұртқан ақ сары жігітке домбыраны беріп. – Талабына қанат бітіретін мына домбыраны менің өзіңе алғаш ұсынғаным болсын!..



  • Ниетіңе құлдық, қарағым! – деп көңілі желпінген Бибі бәйбіше баласына сеніммен қарады. Мұқатай сәл қибыжықтады.

  • Мен осы елге таныс, бәрі білетін әндерді ғана саламын, Әсаға!

  • Ел әні – алтын қазына. Соны игерсең – ырысың! Бабымен, нақышын бәз қалпында айта білудің өзі де екінің бірінің қолынан келе бере ме?!


 



  • Бір әнді айтып көрейін, өремді өлшерсіз...

  • Именбе!.. Жасқаншақ адам – жаңғалақтыққа ұрынады.


Шабысыңды, арыныңды таниық та әуелі.



  • Баста, Мұқаш, құйқылжытшы!.. – деп өтінді қымыз құйып отырған шымыр қара ентелеп.


Мұқатай сәл бөгелді. Қабағы жыбырлай ойланды да, пернені қағып, ән ырғағын іздеді. Домбыра шертісі сылқым екен деп ойлады Әсет. Балғын саусағы майысып, әннің сарынын қуалай жүйткиді. Домбыраның қақпағын тасырлата соққыламай, даңғырлатып төмпештемей, майдан қыл суырғандай термелейді. Қос ішекті өрім шыбықтай бұралтады. Домбыраның үнінде «Бір бала» әнінің сарыны ырғалып аз тұрды да, ысылмаған балғын, кіршіксіз мөлдір дауыс ерке назбен қалқыды.


Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды.


Угай-ай,


Ән салшы, бір бала-ай. Қос етек, бұраң бел, Қуалай соғар қоңыр жел...


Көкейдегі тәтті сезімді үміт жебеп, көкке ұшқандай. Шабытты қырандай саңқылдап, таудың көгілдір аспанының төріне шырқап шықты. Кеудеге ұялаған асыл сырдың лебі еседі. Әнші жігіттің сызылған ерке-назды үнінен алау арманның да сәулесі себелейді. Көзін қадай елтіген күйі құштарлана құлағын тосып, мүлги тыңдаған Әсет үнсіз. Терең қиялға батқан. О, дариға, жас дәурен- ай!.. Шешек атып, жайқала ырғалған гүлсің-ау. Мына баланың ойы мен сезімі де, сенімі мен мұраты да нұрлы. Ізгіліктің ізгі сәулесі жүрегін кернеген. Өнерінің алды ашық. Ән тербелісінің бунағын дәл басып, нақышын өзіндік тебіреніспен өреді. Ой мен сананы бағындырған нәзіктігін де шыңдап, сырлай білген. Талаптанушы


ғана емес, қиянға самғайтын жас сұңқардың өзі.


Іштей өзімен-өзі сөйлесіп, сүйсінген тебіреніспен ой кешкен Әсетті жұрттың дүр ете қалған даусы сергітті. Кәрі-жасы түгел Мұқатайды мадақтап жатыр.



  • Бүгін бабыңа келіп, құлшынып-ақ тұр екенсің!

  • Әсағаңның әруағы жебеген ғой!

  • Көп жаса, айналайын!..


Әнді аяқтаған Мұқатай алқына дем алып, айналасына қарайды. Сол кезде есіктен басын сұға сығалаған біреу оған ым қақты.


 


Мұқатай ұқтым дегендей басын изеді де, орнынан түрегелді. Дом- бырасын төсектің үстіне қойды да, ағасына қарады.



  • Ас әзір екен...

  • Әсетжан, далаға шығып, біраз бой жазып келіп отырайық – деді Қаби козғалып.


Үйдегілер орындарынан қопарыла көтерілді. Босаға жақтағылар сыртқа лап қойды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу