03.01.2022
  198


Автор: Құрманбай Толыбаев

ЖАЛҒЫЗ АҒАШ

Іркес-тіркес  шұбалған  ұлы  таулардың  біріне-бірі  тұтасқан тізбегі түйе жон Майлы мен жайылма Жайыр жоталарынан тоғысады да, арғы шеті Тарбағатай асқарынан асып, ақ жал Алтайдың шеткі тармағы Сауырмен жалғасады. Жалпақ даланы кемерлей созылған Жайырдың шүйгінді қойнауындағы қалың қатпарлы сай- саланы мекендеген елдің ішіне Әсет жер бетінің тоңы сарқыла еріп бітіп, шөбі жетіле бастағанда, көктемнің ортасына таман жетті.


Мұндағы елге атағы мен аты ғана қанық емес, талайға жүз таныс. Бұрын да екі-үш дүркін шарлаған. Сырлас-білістері де бірсыпыра. Әні мен өлеңі де көп тараған. Қай үйіне түссе де, төбесіне көтеріп, төріне шығарары анық.


Соны біле тұра Әсеттің әдейілеп іздеп келіп, ат басын алғаш тіреген үйі – ескі досы, Маңдайшаның түкпірінде отырған Тұрысбектің отауы болды. Ол албырттау жас кезінде өз шама- сынша әнмен, өлеңмен әуестенген, арғы-бергі елдің дүбірлі той- думанын жібермей, араласып өскен сауыққой жігіт еді. Мүшел жас кішілігі бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын Бақтының күнгей бетінен теріскейіне асып, Әсетке біраз ілескен. Өлеңін жаттап, әнін үйренген. Тарбағатай мен Тоқта тауларының қойын-койнауындағы елді аралаған. Сонда әннің небір саңлақтарын, өлеңнің жанды балқытар оттыларын көкейіне тоқып қайтқан-ды. Ақжарқын, ашық мінезі баураған соң, Әсет те бұған ықыласпен бауыр басып кеткен. Әдейілеп келуінде өзімсінген сенімі, сағынышы бар-тын. Бет көрісуді аңсау – адам санасының жетекші сезімі сияқты.


Сол ниет оны осылай бастап, анталата жетелеген.


Ықтасын қойнауға тігілген киіз үйдің қарсы алдына орнатылған мама ағаштың түбіне тоқтаған Әсетті көргенде шолақ қара шапан- ды, жуан мойын толықша жігіт орнынан елпелектей түрегелді. Қалбалақтай адымдап барып, атын ұстады.


Салау-мәликем, Әсаға!.. – деп, қолтығынан сүйемелдеп түсірді қазақы салтпен. Атын мама ағашта тұрған ұзын жал, қақпан бел құланың қасына байлады. Мәз боп, ауыз жаппайды. – Түу, сағынып жүр едім, тәңірдің мына жақсылығын қараңызшы!..



  • Амансың ба, Тұрысжан? – деп, Әсет те еркелете құшақтап, төс қағыстырып көрісті. Шоқша қара сақалды, қою мұртын тегістеп басып, білеулей қойған шойындай шомбал қараның тұла бойын барлай шолды. Байқауынша, денесі толысып, шарлана бастаған түрі бар. Салмақтылығы, ұстамдылығы артыпты. Балпаңдай басады. Даусы ашық, сөзі тиянақты. Күлкі ұялаған қоңыр көзінің оты мол. Қысқы аяздың табы әлі тарай қоймағандықтан ба, қызыл шырайы май сіңген терідей қызыл күрең тартқан. Етегі жалпақ қара елтірі тұмағының астындағы дөңгелек жүзі албырай бөртіп, ақсия күледі. Жүрегі алып-ұшып тұрса да, елбіректемей, қуанышпен ғана жайраңдайды. Байсалды кейіппен ойлана қарайды. Күні кеше ғана өрттей қаулап, шалқып жүретін жігіттің құлқы өзгерген. Өткен уақыт табын тастамай кете ме? Адамның жасы ұлғайған сайын сабыр-салмағы да артады екен-ау деп өкіне топшылады Әсет мұңданып. Ақыл тоқтатудың нышаны осы шығар...


Босағаға жеткенше Тұрысбек ел-жұрттың жосығымен Әсет ауылының жай-жапсарын сұраумен болды:



  • Бала-шаға, ауыл-аймақ аман ба, Әсаға?..

  • Шүкір, Тұрысжан, шүкір... Бәрі де өзің көргендей!

  • Үйге кіріңіз!..


Тұрысбек ілгері бастады. Іргесі айналдыра қазылып, морланған көнетоз қоңыр үйдің есігінен сұңғақтау, сұлуша тобылғы торы жастау әйел шықты. Аппақ кимешегінің жағы төрт елідей шым кесте. Шолақ жең қара мақпал камзолының өңірі сары жез оралған оқамен көмкерілген. Бүрмелі етегі шұбалған ұзын қызыл ала көйлегі жер сызады.



  • Есенсіз бе, Әсаға? – деп ізетпен иіле еңкейді. Оң қолымен оң тізесін басып, сәлем жасады да, есікті ашты. Мұның да жөні бар-тын. Осыдан он төрт-он бес жыл бұрын Әсет сонау Барлықтың теріскей бетіндегі күзеуде осы келіншектің бетін ашқан. Содан былай осы отаумен жиі араласып кеткен. Сондықтан сыйлы. Оған қоса жасының үлкендігі үшін де ерекше құрметтейді.


Қарға тамырлы қазақ емес пе, Тұрысбектің әкесі Бейісбай бір жолы Майлы жотасының күн шығыс бетіндегі елді қыдырып жү- ріп, көне көз танысының үйінен сымбатты, ізетті, мінезі жібектей сызылған қыздың әдепті қылығына сүйсінеді. Адамдығынан үміт күтіп, қыздың әкесіне қолқа салады да, сөз байласады. Үкі тағып қайтады. Ал келесі жылғы жазда келісілген малын айдап, баласын ерте барады да, тойын жасатып, бір жола ұзатып алып қайтады. Өз ауылына оралғаннан кейін алыс-жақын елді шақырып, Еміл бойын- да үлкен той жасайды. Өйткені, өзі жалқы өскендіктен, баласының


 


бағын базарлап, қуанышының қызығына бөленуді мұрат тұтады. Қос ат шаптырып, Алакөлдің арғы жағындағы Көктұма-Ақшиден Әсетті арнайы шақыртады. Ақын келгенде қошаметпен қарсы алып, мақсатын айтады. Ізгі ниетпен қолқалап отырып келінінің бетін ашқызған. Содан бері Әсет бұл ауылдың ет-жақын адамына айналған. Ақ ниет қабыл болғандай келесі жылы Бейісбай немере сүйген.


Арада біраз жыл өткен соң Бейісбай келінінің көңілін аулады ма, әлде құдасының шақырған тіліне ерді ме, осы өңірдегі жек- жатының арасын бір жаз жайлап қайтпақ боп көшіп келіп еді, жері ұнады ма болмаса құдасының қалауынан аса алмады ма, тұрып қалған. Содан бері Әсеттің бұл өңірге ат ізін салғаны да, таныс адамдарын көргені де осы. Зор ілтипатпен иілген келіншекке:



  • Амансың ба, Зияшжан? Ізетіңе рақмет, көп жаса! – деп ағалық ықыласын білдіріп, іркілмей табалдырықтан аттады. Үйдегі үш- төрт баланың ересектері жамырай сәлем беріп, жапырлай сыртқа ығысты. Балаларға алғыс айтты да, төрге барып жайғасты.


Зияш сопақша ақ самауырынды есік алдына шығарып, су құйды, түтігіне жерошақта жанып тұрған оттың қып-қызыл шоғын қысқашпен шымшып алып, бір-бірлеп салып жатыр. Шешесінің қимылынан асыққан сыңайын байқаған ересектеу қара бала отын бұтарлады, басқалары самауырынның түбіне тасыды. Зияш шай қамына кіріскен. Сәлден кейін Тұрысбек киіз қалпағын киіп, түрегелді де, кереге басынан жоғарылау уықтың қарына қыстырылған қамшысын қолына алып:



  • Әсаға, сіз аз ғана демала тұрыңыз! – деп сыртқа беттеді. Іле дүңкілдетіп желе жөнелген ат тұяғының дүбірі естілді. Аздан кейін иығына аппақ сүлгі асқан Зияш сары жез легенді ала кіріп, Әсеттің қолына су құйды. Дастарқан жайып, тостаған-тостағанға салынған ақ май, бал қаймақ қойды. Табақтай дөңгелек таба нанды турады. Сақырлай қайнап, буы будақтаған ақ самауырын үйдің дәл ортасындағы оттың басына қонжиды. Зияш ақ шәйнекке бықтырылған қызыл-күрең шайға қою кілегей қатып, кәрлен кесені қадірлі мейманға қос қолдап ұсынды. Кесенің ернеуіне жұққан қою шай бал татиды. Шөлдеп келген Әсеттің маңдайынан шыпшып тер шықты. Шай ішіліп бола бергенде Тұрысбек кірді. Семіз ақ сары бас тұсақты есік алдына көлденең тартып, бата сұрады. Қолын жайған Әсет қысқа қайырды:

  • Көсегең көгерсін, көрмегенің көп, көргенің аз болсын! Ал- дыңнан айың тусын, төбеңде күнің күлсін! Бала-шағаңның қы- зығын көріп, мұратыңа жет! Аллауәкбар! – деп бетін сипады.


 


Қойды жетелеп сыртқа шыққан Тұрысбек он екі-он үш жас шамасындағы тығыншықтай қара балаға шұғыл тапсырма берді. Ол соны күтіп тұрғандай қақпан бел құлаға міне салып, тасырлата шауып үйдің артындағы белден асып кетті. Тұрысбек кең жазық- тың желкесіндегі Абдыраның тауға иек артқан кербез белінің етегін көктеп, төлін ширатып алу үшін жалғыз үй оңаша отырған. Бесін ауа кәрі-жасы аралас бір топ адам сау ете түсті. Үй ішіне сығылыса жайғасты. Ішінде ескі танысы Бейісбай да бар. Төс қағысып көрісті. Оның қонысы келесі сайдың табанында екен. Шүйіркелесе үйірілісті. Ел мен жер жайлы сұрасып, көңілдерін сусындатысты. Мамыржай отырып, ас ішіліп болғаннан кейін:



  • Әсетжан, елдің әуенін, сенің даусыңды сағынып қалдық, – деді Бейісбай емірене өтініп. Үнінде ынтықтық сарын бар. Әл- денендей әлсіздікті сезген Әсет байқатпай шолып өтті. Сақал- мұрты аппақ қудай. Бір кездегі торсиып тұратын топ-толық бетін айқыш-ұйқыш әжім торлаған. Таудай бойының еті қатып, сүйегі сорайған. Жотасы күжірейіп, еңсесі түскен. Ішін мұң торлады. Ой, дүние-ай, өткен уақыт адам баласын қалай мұжиды десеңші. Ескен желдей сырғи сусып, өмірді көшкен құмдай ұйпалайды екен-ау. Жүзінен қаны тамып тұратын қайратты кісінің халін-ай... Бір түрлі жадау. Ең тәуірі – көңілі жарқын... Бейісбайдың қалауын қайталаған үні ойын бөлді. – Қане, алысқа сілтемесең де, әзірше жаяу жарысыңа разымыз, бірдеңе дей отыр.


Бұл күні Әсет түн ортасына дейін желдірме әуенмен төгілме өлең айтып, көптің көңілін аулады. Аспандата шырқаған жоқ. Сырын білетіндер мұнысын жол соқтылыққа жорыды. Сонда да ансаған әуендеріне сусындаған жұрт жадырап тарасты.


Ертеңінде-ақ тұс-тұстан аңдаған атты кісілер екіден-үштен Тұрысбектің үйіне ағылып келіп жатты. Сәлемдесушілердің арасында осы өңірдің білікті кісілері де бар. Үйге лықа толып, сыртта сығылысып тұрғанымен, ән шырқалмады. Әзірше әнге бара алмайтынының себебін Әсет осы ауылдың аузына қарайтын қариясы, өзі де ылғи ән мен өлеңге шөлдеп жүретін ескі танысы Жәмеңкеге айтты:



  • О, жұртым, көңілді мұң торласа, ән өрістей ме? Менің де жүрегім жаралы. Кешегі көз көргенім бүгін жоқ. Демежан халықтың арыстай ұлы еді. Дастарқанынан талай дәм-тұзын татып, сый-сияпатын көріп ем. Менің болжауымша, оның ауылы осы маңнан онша қашық болмауы керек. Ошағының басына барып бата жасамай, іргесінде айқайлап жатқаным елден ұят болар. Адамдық


 


арыма сыя қоймас. Өзі өткенімен, орны бар емес пе? Алдымен сол ауылға барып, ағайын-аймағымен бет көрісейін... Сонан кейін ба- рып әнге оралайық. Сонымыз елдің салтына лайық шығар. Солай емес пе, Жәке!..



  • Бұл қылығың – жөн білген адамның ісі, Әсетжан! – деді Жәмеңке сүйсіне қуаттап. – Демежан бір елдің ғана емес, осы аймақтағы барлық қазақтың жоқтауына татитын жігіт еді ғой. Маңдайымызға сыймады, қайтейік... Ойыңды ұқтым, Әсетжан, адамдығың жар болсын! Демежан ауылына ертіп алып барайық!.. Бұл тоқтамды естіген жұрт таңдайларын тақылдата тамсанып, тарай бастады. Аңсағандары болмаған соң мойындары былқ-сылқ етеді. Әлпеттеріндегі көңілсіздік Әсетті де толғантты. Көптің көңілінен қайғының тұманы да ыдырап, сейілген түрі бар. Көзден кетсе, көңілден өшеді деген осы ма? Қарасы көрінбегеннен кейін суынғаны ма, әлде іштен тынғаны ма? «Өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген осы да! Кім біледі, тілегі қабыл болғандай, Демежан өліміне шоқ-шоқ дейтіндер де бар шығар. Жалған атақ үшін бірімен-бірі қасасуға әуес қазақтың шен құмарлары арасы- нан ондайлар да табылады. Алты бақан ала ауыздығы қалған ба?


Қайран ел-ай, ауыз бірлігің жарасатын күнің туар ма екен?..



  • Әсетжан, жүр, сыртқа шығып, бой жазайық, – деді Жәмеңке орнынан қозғалып. Әсет селт етіп басын көтерді де, төңірегіне жаутаңдай көз салды. Үйде жасы үлкен және өзіне көптен таныс бес алты адам ғана қалыпты. Сыртта біраз жүріп, қайта оралысты. Оңаша үйде еміл-жай әңгімеге кірісті...


Келесі күні сәске әлетінде Жәмеңке бастаған бір қауым салт атты кісі Әсетті ортаға алып, Абдыраның етегінен аттан- ды. Жайпақ адырлы Маңдайшаны сағалай жүріп, ылдидағы Қараүңгір аңғарына құлады да, Боздақ даласына қарай бет түзе- ді. Жалпақ жазық жасыл нуға бөленіп, көлдей көлбеп жатыр.


Еміс-еміс үзіп-жарды естігені болмаса, Демежан өлімінің себеп- салдарына Әсет әлі қанық емес еді. Мына жол үстінде соны ұға жүруге ыңғай іздеді. Топтың алдына Жәмеңке екеуі оңашаланып озыңқыраған. Қарияны сөзге тартты.



  • Жәке, мен адам танысам, Демежан халқы үшін өзегі өртенетін жігіт еді. Соншама ауыр жазаға тартылатындай қандай айып тағылды оған?..

  • Ой, Әсетжан-ай, пәле-жала табаныңның астында емес пе, пәлен дерің бар ма? Ықылым заманнан бері елдің аузына ілінген, төбесіне көтерген кісісінің досынан дұшпаны көп болмаушы ма


 


еді? – деп мұңдана күрсініп жіберді де, Жәмеңке қарт сол тұстағы оқиға жайлы сыр толғады... Сол кездегі қазаққа салынған салық халықты қатты сансыратты. Оның үстіне құнарлы, шұрайлы жерді жаңадан көшіп келген манжудың байлары баса-көктеп иемдене бастады. Қазаққа тізгін қақтырмады, қомсынып, қорлады. Демежан әкімдерден сол алалықты жүйелеуді талап етті. «Үйренген жау – атыспаққа жақсы» дегендей, бала жасынан қолында өсіп, ержете келе алдында қызмет еткен Ши-амбы бұл араның әкімдігінен ауы- сты да, орнына Іле жақтан Мәтен амбы деген келді. Ол бір қанды балақ екен, қазақтың басына әңгір таяқ ойнатты. Бұрын қанша қиқарланса да Ши-амбының қыбын тауып, сабасына түсірудің ебін білетін Демежанның бұған тілі өтпеді. Бақталастары жаңа әкімге мықтап жамандап тастаған сыңайы бар, тіпті жер туралы ел ішіндегі наразылықты да Мәтен амбы сол баладан көріпті. Тегінде, Ши-амбымен бақталас, бақас болуы керек.



  • Байы қырын қараса, бәйбіше байтал мінедінің кері кесір боп жабысқан екен ғой.

  • Не десең де, мен өзіміздің ішіміздегі аш өзек, қызыл көзде- ріміз қолшоқпар болды ма деп ойлаймын...

  • Күмән қылатын кісіңіз бар ма?

  • Болғанмен, тақымын бұрауға қауқарым жоқ... Жалғыз мен емес, барлық елге аян.


Жәмеңке одан әрі түкпірлеп ештеңені аша алмады. Бүкіл Қытайды қуырып, үш жүз жылға жуық билеп-төстеген Манжу империясының шет өлкедегі әкімдерінің тежеусіз кеткеніне ойы жетпеді. Бар білетіні – ара-тұра Іле жақтан келгендерің су- ырша шақылдап, ауыл-ауылдың апшысын қуыратыны ғана. Ал Демежанның дарға асылуының себебін әркім әр саққа жүгіртеді. Алайда, бұл құрбандық сырының аса құпия қастандық екенін жүргіншілердің қатары бір қысаңға келгенде созалаңдап, арала- ры ажырай қалған мезетте Әсетті топтан бөліп, жеке шығарып әкеткен, Үрімжіде оқитын, осы ауылға нағашылай келіп жүрген сөзі байыпты, мінезі салмақты Жұмәділ деген жігіт баяндап берді.


...Демежан қазасының салдары тереңде екен. Соны түп- тамырын ақтара баяндаған Жұмәділдің туған өлкесінің басынан кешкеніне қанықтығы, білгірлігі көп оқиғаның бетін ашты. Әсетті талай сырға қандырды. Зорлықтың қалқасында қулық та жүреді екен... Өлкенің жаңа басқарушысының қолданған айла-тәсілінің терең қатпарына қырдағы ауыл адамдарының ешқайсысы үңіле алмапты. Саналы жігіт салалап ұқтырды. Одан әрі Әсет те қазбалап жатпады. Дәмежан өлімінің себеп-салдарын түсінді.


 



  • Ой, сұмдық-ай!.. – деді Әсет қамыға күрсініп. Кеудесіне қайғы ұялады. Қысаңнан өтіп, төбеге шыққан кезде аты жүрдек бір-екі кісі тақап та қалған. Қабағы қалыңдау, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы кісі Әсеттің өксігін құлағы шалып, өзінше жорыды.

  • Бұл дүние кімге серік болушы еді? – деп, қазақы тұжырыммен тұнжырады. Қатарласа берген Жәмеңке бұлардың көңілдерін аулаған ниет танытты:

  • Жазмыштан озбақ жоқ, Таңғытжан...

  • Әй, қайдам, – деді үмітсіздік билеген Таңғыт мұңайып. – Демежанның басына төнген қара бұлт күні ертең біздің де төбемізді құрсаулап, найзағайын ойнатпасына кім кепіл?..


Бұған бәрі де мойынсал болғандай, ешкім үндемеді. Онысы да рас-ау. Алдағы күнге сенім жоқ, ұрпағымыз не күйге душар болар екен?.. Жәмеңкенің көзі қарауытып, жүрегі сыздады...



  • Сөз сүйектен өткенде, жалаға да жарайды.

  • Е, кім біледі, солай да шығар, – деп қайғыра күрсінді Жә- меңке. – Сөзден де қалғанымыз ғой, шамасы...

  • «Сөзден сөз туады, жүйесін таппаса – бәле боп қуады», – дейді екен бұрынғылар...


Таңғыт ойын жұмбақтай айтты. Аңғарында өшпес өкініш, бұр- қанған ыза жатқандай, Сыртқа тепсе де, шығармай булықтырған. Сонысы жанына батқан сықылды.


Әсет өзінің көптен бергі сырлас-мұңдасы, әр жайды байыппен ойлайтын бұл кісінің соншама күйзелегеніне іштей таң қалды. Дүниеден үміт үзгендей мұнысы несі? Әкесі Еңсе бір кезде Манжу басқыншыларына қарсы соғысқа қол бастап шығыпты. Көтеріліс жеңіліске ұшыраған соң, біраз жыл Еренқабырға тауларының құшағын паналап жүріпті. Кейін үзеңгі бауын қайта бекемдеп, іргесін бекітеді де, Саты мен Сайболат елінің басын қосып, Еміл бойына қоныстандырған, ағайынды жұмылдырған сыйлы адам атанған. Әсеттің есіне 1910 жылдың көктемінде Барлықтың күнгейіне бір келгені түсті. Ел ішін аралап жүрген. Сол тұста Еміл бойындағы Обалы жазығын көктеп отырған осы Таңғыт арнайы кісі жіберіп шақыртқан, сый-құрмет көрсеткен. Әзілдері жарасып, көңілдері табысқан. Бірде Әсет:



  • Оу, Таңғыт, мыңғырған малың жатыр Обалының жазығын- да, – деген-ді сыр тартып. – Енді шұбар тайларымды шұқыратып алдыма салатын шығарсың?


Таңғыт та сөздің төркініне түсініп, әзілдің салмағын оның өзіне қарай аунатқан:


 



  • Несі бар, қалауын тапсаң, айдап кете бер. Бірақ әлі жігің ашыл- май жүрген адамсың ғой. Айтқаның-ақ болсын, мынаны айырып ұқтыршы: сен найманға жиенсің бе, күйеусің бе?..

  • Мен жеңілдім, – деп Әсет сонда еркелей аунай кетіп еді. Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының кері менікі.

  • Қайтесің, адастыратын ескі жолды, – деп Таңғыт мұңайтпай жебеген. – Сен күллі қазаққа ортақ Әсет емеспісің? Сый-құрметтен кенде қылмаспыз.

  • Мына ақылыңа көндім.


Одан әрі Әсет те таласпаған, әзіл жүйесін тауып, жарасымды тынған. Тағы бір әзіл үстінде орайы келген соң Таңғыт өзінің ойындағы тілегін өтінішпен айтқан:



  • Әкемнің жылы таяп келеді. Ол кісіні сонау Семей мен Өскеменнің, анау Алтай мен мына Іле өңірінің, өзіміз отырған осы Тарбағатай сағасының елі түгел біледі. Жайлауға шыққан соң жалпақ елге жар салып, ас беріп, перзенттік парызымды өтемек ниетім бар. Өзіңнен өтінерім – жоқтауын жазып бер...


Елдің салты. Оны орындау – баланың борышы. Адамға тән жақсы ниеттің нышаны шығар... Осылай болжаған Әсет жоқтаудың мазмұнына тыңдаушы тәлім алатындай сипат қосып жазған еді. Жеке Адамның қара басын мадақтаудан гөрі елдік үшін күйінген ердің ісін өнеге еткен.


Жалпақ Тарбағатай тауының күн шығысқа созылған түйе жон жотасындағы Ой жайлауға ел шығып болған. Сол кезде Еңсенің жылына сауын айтылып, ас дүбірлі салтанатпен өткен. Жақсылықтың артынан жамандық та ере жүрмей ме? Сонда:


«Таңғыт әкесінің аруағын аялап отырған жоқ, күллі қазаққа өз ай- бынын танытып, абыройын асырмақ», – деген сыбысты Әсеттің де құлағы еміс-еміс шалған. Ой, жалған-ай, өсекшінің аузын бассаң, арты жыбырлайды. Мына сыбыс та мойны озғанды көре алмайтын кереғар кесірдің қырсығы-ау. Осы елдің ішінен Таңғыттың біреуге жасаған қиянаты мен зорлығын естіген емес. Ас берсе – ата дәстүрі, астамсудың жолына жатпайды. Ол ақ ниетке қайшы қылық. Қайта бұл ас шашылып жатқан жалпақ қазақтың кең жайлауда бас қосып, дидарласуына мұрындық болған жоқ па? Жақсылығыңды асыруға ынтымағың жетпейді-ау, шіркін!.. Ойын өкінішпен түйген Әсет кейін өлең айтқан сайын адамдық қасиетті, береке-бірлікті көбірек дәріптеп, өнеге ұсынуға ден қойған. Қалай да ізгілік ұрығын шашуға талаптанған.


Содан бері төрт-бес жыл өтіпті. Бірақ ештеңе өзгере қоймаған. Мына Таңғыт та елден озбапты. Баяғы өзіне тиесілі есесіне ие боп


 


жүрген көп үкірдайдың бірі. Ең жақсысы – еліне қиянаты жоқ. Қолда барына қанағат етіп, шүкіршілікпен күн көретін секілді... Әсеттің келген хабарын естіп, кеше әдейі іздеп барған. Тұрысбектің үйінде бірге түнеп шыққан. Түнімен елдің жай-жапсарын сұрап, көңілі көншіген. Міне, енді жүрегі сыздап тұр, қайғының қаяуы бар. Кеудесінде шемен боп қатқан бір қасірет еңсесін басқандай. Жұмәділ айтқан оқиғалардың астары бұған да мәлім сықылды. Алдағы өмірді құрдымдай қараңғы санайды. Бір күні болмаса бір күні Демежанның басына түскен қасіреттің өзін де шарпитынына күмәнданбайтын түрі бар. Мұңы да содан шығар...


Таңғыт жігіт аталған шағында әкесінің жолын ұстап қалғаны рас. Бірақ бұра тартпады. Ел ішінде өз бетін, өз бағытын танытты. Елге иелігі ағалықтан аспады. Арыз айтушыны тыңдап, ақыл қос- ты. Адамды жатырқамады. Көргенді көргенін істемей ме?..


Алғаш таныс боғаннан бастап Әсетке ықылас қойып, бауыр басып кетті. Балаша үйіріліп алған. Қалжыңдары жарасады. Бір әзіл үстінде Әсет:



  • Осы сен Еңсенің өз кіндігіненсің бе? – деп қиыстық аралас- тыра сұрады.

  • Е, күмәнің бар ма?

  • Күмәнім сол – атың қалмақша сықылды. Соған қарап асыран- ды ұл ма деп ойлай берем.

  • Күмән да көңілді күпті етеді, бірақ дәлел емес, – деді Таңғыт ақ сары дөңгелек жүзі қызара бөртіп.

  • Сонда да шыныңды айтшы?..

  • Қазақтың әйелдеріндей жанама ат қойғыштар сирек кездеседі. Бала күнімде атымды атай алмаған жеңгелерім біздің ауылмен қатарласа көшіп-қонып жүрген қалмақтың таңғыт руының адамда- рына түрімді ұқсатып, Таңғыт атап кетіпті. Оған мені еркелеткісі келген ағаларым қосылыпты.


Ақыры ел қызық көрді ме әлде айтуларына оңай болды ма, кім білсін, өзімнің азан шақырып қойған атым Нұрпейіс мүлде ұмытылды да, Таңғыт атанып қалдым.



  • Е, бәсе, бір шикілігіңді сезіп ем, – деп күлді Әсет. Дес бергісі келмеген Таңғыт та орағыта соқты.

  • Ол шикілік пе екен? Қалмақтың белді тұқымының аты. Ал арабтың, парсының атын арқалап жүрген қазақтар да аз емес қой. Сонда олардың да түбі шикі ме?

  • Дәлелің дұрыс. Әзілім ғой. Көбіміз соны да айыра алмаймыз.


Шынында, атыңның түп-төркінін білгім келген-ді...


 


Сол ақ жарқын Таңғыттың бұл күнде қабағы қату, жүзі жүдеу. Түптің түбіне үңілетін тәрізді. Әзіл-қалжыңы аз, ойлануы басым. Өз қамы ма, ел қамы ма, аша қойған жоқ.


Қарақүңгір аңғарын құлдап келіп, Қызбейітіне бұрылатын сүрлеумен қиялай өрлеген топ жіңішке бір бұлақты жағалай жүріп, Түлкілінің жотасына шықты. Қарсы алдыларында Боздақтың қара барқын кең жазығы көлбеп жатыр. Көз ұшында о баста Жалғыз ағаш атанғанымен, кейін келе өрбіп, үйірлі қара ағашқа айналған Демежанның қыстауы бұлдырайды. Бір түрлі жүдеу, сұрқай. Соған үнсіз қарасып, мұңайып тұрып қалысты.



  • Қане, Әсет, – деді Таңғыт қиялды серпілтіп. – Демежан ау- ылына барғанда құран оқырсың, ол әдеттегі салт. Ал сенің жөнің басқа, сөзің қалсын. Әне, Демежанның елге үлгі етіп егіп өсірген ағашы көктеп тұр. Ол да көрген сайын көкейге ой салатын бір белгі. Соған арнаған сөзіңді айтшы!..


Әсет алыстағы шоқ ағашқа қадала қарады да, ойға шомды. Көз алдына қапсағай денелі, күлімдеген дөңгелек қоңыр көзі ақ құба өңін нұрландырып тұратын, аңқылдақ, әр сөзін байыппен, сабырмен сөйлейтін байсалды жігіт ағасы елестеді. Ол жерді игеріп, қазынасының қызығына батудың жайын көп айтушы еді. Тіпті кіндік қаны төгілгенімен, ешбір сипат-сынын көрмеген сонау Алтайға жапсарлас жатқан Кішкенетаудың да артықшылықтарын айырып отыратын. Ақыры, осы жердің құрбандығына шалыныпты- ау, сабаз...



  • Ал, Әсетжан, айта ғой, – деген Жәмеңкенің биязы, жұмсақ үні Әсеттің ойын бөлді. Іштей толғанғандай танауы желбіреген. Тамағын кенеді де, қанжығасындағы қоржыннан қолтоқпақтай кысқа мойын домбырасын суырып алды. Құлағын бұрап, үнін баптаған соң, безілдеген қоңыр күйді бір қайырып тастады да, баяу әуенмен мұңды әнге басты:


 


Ассалау мұғаликүм, Жалғыз ағаш,


Сып-сидам болып қапсың, жап-жалаңаш. Басыңда бақ-дәулетің тұрған кезде, Саяңа келуші еді тамам алаш.


 


Саяңа байланатын биең қайда, Боталап, боздап жатар түйең қайда? Сапырған тегенемен сары қымыз, Аулында күнде базар иең қайда?


 


Ордадай үйі қайда қоңыр салқын, Асыл тас – арқалығы, тіреуі – алтын. Боздаққа ақ боз үйін тіккен кезде, Келген жан көруші еді салтанатын.


 


Ақ үйің тұрушы еді қатар-қатар, Сыртынан көрген адам көңіл сатар. Қарадан хан боп туған қайран Демең, Саған сол қас қылғанды Құдай атар.


 


Жарасқан ақ үйлері қайран Боздақ, Көшірді құдайдан соң сібе зорлап. Ханым мен ханша болған қатын-балаң,


Көл қылып көз жастарын қалды-ау боздап.


 


Пақыр мен мүсәпірге қарасатын, Өзгеден артық еді-ау парасатың. Таусылмас дүниедегі қазына едік, Пейліңе жомарттығың жарасатын.


 


Қу ағаш, разы емен бұл күйіңе, Жарасып тұрушы едің боз үйіңе. Көкпеңбек көк-жасыл боп көрінуші ек, Шыққанда Түлкілінің биігіне...


 


Кеудесін өксік қысқандай даусы қалтырап барып тынды. Қа- сындағылардың көздері жасаурады. Үнсіз ой кешкен. Шеттеу тұр- ған Жұмәділ қытайдың үлпершектей жұп-жұқа қағазынан жасап алған дәптеріне қара қарындашпен сойдақтата жазып жатқан. Әсет өлеңін аяқтағанда ол да жазуын тоқтатқан. Бір іс тындырғандай төңірегіндегілерге қуана қарады.



  • Ұмытылып қалмасын, мен де жазып үлгердім, – деді масай- рап. Жиеніне сүйсіне қараған Жәмеңке мақсаты орындалғандай қайталап оқытты.

  • Міне, Әсетім, бұл өлеңің Демежанға айтқан жоқтауың іспетті есімізде сақталады, – деді Таңғыт сәл көңілденіп. – Арысынан айырылып, аңырап қалған елдің жүрегіндегі жалынына тамшы боп себелейді.


Ақылдас серігінен айырылып қайғы шеккен, қоңылтақсыған кеудесі қаңсып жүрген Таңғыт жадырай бастаған.


 


Әсет үндемеді. Әлі егжей-тегжейлі жеткізіп айта алмадым-ау деп қынжыла қиналды. Өйткені өзінің Демежаннан естіп-білгені көкейіне үлкен сабақ болып қалған. Ол білімімен, ашық санасы- мен дараланатын. Күнделікті өмір ағысын ғана емес, осы өлкенің тарихын да ежелгі дүниеден бергісін жайып салып отыратын. Осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрынғыны білетін. Осы- нау таулар мен даланы сол тұста-ақ қазақтың түпкі ата-бабалары үйсін жұрты мекендеп, ірге жайыпты, қуатты мемлекет құрып тұрыпты. Содан бері іргесі аумаған. Сондықтан ол бұл өлкені ата мекені санайтын. Өз үйінің мүлкін талап жатқан тонаушының зорлығына төзе алмаған-ау, қайран ер... Ұлан-ғайыр даланың шығыс оңтүстік қапталына көлденеңдей сұлаған Еренқабырға аталатын таулар тізбегінің құшағынан батысқа қарай созылып барып, сонау Шу өзені мен Қаратау жоталарына дейінгі көл- көсір көгілдір жайылым үйсін бабамыздың байырғы өрісі екен. Бұл күнде сол ежелгі қоныс сонда туып-өскен ерінің басын кесуі үшін жауларының сылтауына айналғаны ма?.. Көзі жасаурап, қарсұра күрсінді.



  • Қане, енді ілгері жүрелік... – деген Жәмеңкенің қоңыр үні


Әсеттің шұбалған қиялын бөлді. Қария атын тебінгенде бәрі соңынан ілби ілесті. Айтар сөздері таусылғандай ешқайсысы жақ ашпады.


Жер бетінің гүл-гүл жайнап, жаныңды елжірете баурайтын сұлу көріністері де адамның шалқыған көңіл күйіне байланы- сты екен-ау!.. Көктемнің тусырап толысқан кезінде теңіздей тербеліп, көздің жауын алатын, тамсандыра құлпыратын осы- нау жалпақ даланың өңі сұрқай, суық сорғандай боп-боз. Шөбі құрысып, бұталары бүрісіп, жерге шөккен. Жалдана жайқалып, алыстан назарды аударатын көк-жасыл ағаштар да мөлиіп, жер- ге шөге мүлгіген. Үсік ұрғандай әлі жандана алмаған. Иесінен айырылған үй-жай да, қора-қопсы да қаңыраған, қыбырлаған жан көрінбейді маңынан... Қараң-құраң болмаса, жердің де сәні қашатын секілді. Есіз қалған есіл дүние-ай, деген күйінішті сезім билегенде, Әсеттің тұла бойы мұздай суып, шіміркене тітіркенді. Қызығы өтіп, қызуы сөнген дүниенің де көркі суық тартады екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу