03.01.2022
  195


Автор: Тұрдақын Жексенбай

Суыр мен сұр қоян

Тау беткейіндегі қалың орманның шет жағын балпиған бір сары Суыр мекендеуші еді. Ол таңертеңгілік інінен сыртқа шықты. Ін аузында балаша тік түрегеліп, бадырақ көзін жүгірте айналасын барлады. Шұнақ құлағын дыбысқа тосып, тұмсық-танауы мен қылшық мұрттарын қыбырлата ауаны иіскеді. Бөтен ештеңе сезілмеген соң, інінен екі арқан бойындай ұзап, орман жақтағы көгалға барды.


Ол шоқия отырып, таубұршақтың көгін жей бастап еді, ағаш арасынан бірдеңе сылдыр ете қалды. Сауысқаннан сақ Суыр ініне қарай тұра қашты. Ін аузына барып, тағы да тік түрегеліп, «шөң, шөң-шөң!» деп әлгі жаққа үрке қарады. Сөйтсе онда бір ұзын құлақ сұр Қоян жүр екен.


Оның өзіне зияны жоғын бұрыннан жақсы білетін сары Суыр қайтадан сонда барып жайыла бастады.


Оны көрген сұр Қоян секеңдеп келіп:


— Сәлем, Суыреке! Менен тұра қашқаның не? — деп қасқа тісін ақсита күлді.


Суыр да оған жымия қарап:


— Е, амансың ба, Қоянжан? Сен екеніңді қайдан білейін, бір­деңе сылдыр еткен соң, Қасқыр ма деп қалғаным ғой. Иә, бұл жаққа келіп қалыпсың ғой, жайша ма? — деді.


— Ой, Суыреке, мен мұнда келгелі біраз боп қалды. Саған құдайы көршімін. Ана бір үлкен қарағайдың түбінде кеуегім бар. Өзіңді күнде сыртыңнан көріп жүрмін. Ініңнен көп ұзамайсың, алысқа барып жайылмайсың. «Мұнысы несі екен, ә?» деп, өзіңмен кездес­кенде сұрағалы жүр едім.


— Оның рас енді, Қоянжан. Сенімен біздің жауларымыз көп қой. Жерде қасқыр, түлкі, аю, ит, тағы басқа тістілері бар; көк­те қаршыға, бүркіт, үкі сияқты тырнақтылар бар дегендей. Біз қауіпті сезісімен інімізге жетіп үлгіруіміз керек. Тіпті жауымыз сол іннің аузында тұрса да біз бәрібір солай жүгіреміз. Біз сендер сияқты жүйрік емеспіз. Іннен алыстап кетсек, оған жете алмай, жаңағы жауларымыздың тіс-тырнағына ілінеміз. Сондықтан да іннен онша ұзап кетпейтініміз рас.


— Менің тағы бір таңғалатыным, — деді Қоян Суырға жақындай түсіп. — Бұл маңайда су жоқ. Алысқа су іздеп бармайсыңдар. Сендер сонда суды қайдан табасыңдар!?


— Рас айтасың, Қоянжан. Біз ешқайда су іздеп бармаймыз. Мынадай көк балауса шөпке жайыламыз да, осылардың бойындағы сөлі бізге жеткілікті су болады. Басқа суды керек етпейміз.


— Күзге қарай бұл шөптерің қурайды ғой. Онда қайтесіңдер?


— Сол кезден бастап біз іннен аттап шықпай, ұзақ ұйқыға жатамыз.


— Сонда қашанға дейін жатасыңдар?


— Көктемнің басына дейін, яғни жерден қар кетіп, көк қылтия бастағанға дейін алты-жеті айдай жататын шығармыз.


— Ойбай, о-ой! Тіпті ұзақ екен ғой! — деп көзі бадырая таңғалды Қоян. — Әнеугүні бір уыс шөпті аузыңа көлденең тістеп алып, ініңе кіріп бара жатқаныңды көрдім. Сонда сендер қысқа азық жинап аласыңдар ма?


— Жоқ, Қоянжан, біз қысқа азық жинамаймыз. Ол шөпті жататын жерімізге төсеніш етеміз. Көктемде інді жаңартқанда, оны қайтадан сыртқа шығарып тастаймыз.


— Ойбай-ау, алты-жеті ай бойы нәр татпасаңдар аштан өл­мейсіңдер ме!? — деді Қоян тағы таңғалып.


— Жоқ, достым, біз оған аштан өлмейміз. Жазда семіріп, денеге жиған майымыз қыс бойы қорек болады. Сірә, Қоянжан, өздерің қысқа азық жинайтын шығарсыңдар? — деді Суыр.


— Жоқ, Суыреке, біздің Қояндар қысқа азық та жинамайды, сендер сияқты ұзақ ұйқыға да жатпайды.


— Сонда сендер қақаған қарлы қыста қалай тіршілік ете­сің­дер!?


— Қыста жүніміз қалыңдап, түр-түсіміз де біраз өзгереді. Қыста да жаздағыдай жан-жаққа өрістеп жайыламыз. Тапқан шөбіміз бен ағаш-бұтаның бүршігін жеп, қабығын кеміреміз. Аяғымыз жеткен жердегі малшының маядағы шөбіне де түсеміз. Сөйтіп, жыл он екі ай бойы тынымсыз тіршілік етеміз. Түрлі-түрлі жауларымыздан жанымызды сақтаймыз. Сөйте жүріп, көжектерімізді де өсіреміз. Міне, солай, достым.


— «Көжек» демекші, сендер осы туған соң «Қанжығада кө­рісерміз» деп көжектерін тастап кетеді дейді ғой. Сол рас па өзі?


— Жоқ, Суыреке, олай емес. Біз көжектерімізді олай тастап кет­пейміз. Бірақ оларға сирек барамыз. Біздің сүтіміз өте нәрлі, қуатты. Бір емізіп кетсек, көжектеріміз бірнеше күн бойы ашық­пайды. Сондықтан оларға соншама уақыт бармай­мыз. Бұл — оларды аман сақтаудың бір амалы. Егер оларға қайта-қай­та бара берсек, олардың айналасы ізге толып, қасқыр, түлкі, ит сияқты ізшіл де иісшіл жауларымыз сол із арқылы көжектерімізді тауып алып, жеп қояр еді. Сондықтан сирек барып, сирек еміземіз. Бірақ «Қанжығада көрісерміз» деп мүлде тастап кетпейміз.


— Ұзын құлақ көршім, байқауымша, екеуміздің көп жауларымыз ортақ сияқты. Біз олардан інге тығылу арқылы қорғанамыз дедім ғой. Ал сендер қалай қорғанасыңдар?


— Бізді басқалар «Желаяқ жүйрік» дейді. Расында жөпшеңді қасқыр, түлкі, иттерге жеткізбейміз. Жеткен жағдайда да олай-былай бұлтара қашып, діңкесін құртамыз. Сөйтіп, көп ретте осы аяқтың арқасында аман қаламыз. Ал енді бүркіт, қаршыға, үкі сияқты қанатты жауларымыз бар емес пе? Олардан да зымырай қашып, оң-солға бұлтарып, інге, қалыңға кіріп құтылуға тырысамыз.


— Қоянжан, осы сендер үшін ең қиын уақыт қай мезгіл болады? Қыс па, жаз ба?


— Әрине, қыс кезі қиын-ақ. Қыста азық табу да оңай емес. Оны әлгінде айттым. Оның үстіне жауларымыз да тамақ таппай қағынып кетеді. Біздің олардан қорғануымыз да қиындай түседі. Жүрген ізіміз қар бетінде сайрап жатады. Ізге түскен жыртқыштар тіміскілеп жүріп тауып алады. Дегенмен ондайда оңайлықпен таптырмайтын бір амалымыз бар.


— Соныңды айтшы, бәлкім бізге де пайдасы бар шығар, — деді Суыр.


Қоян бір түбір ағаштың үстіне қарғып шықты. Артқы екі аяғымен тік түрегеліп, бойын соза жан-жағына қаранды. Ұзын құлағын олай-былай бұрып дыбыс тыңдады. Содан кейін түбірден секіріп түсіп, Суырдың қасына барды. Тағы да жан-жағына қаранып алып, ақырын сыбырлай сөйледі:


— Сен мұңы бір мұңдас, құдайы көршімсің. Мұны басқа ешкімге тісіңнен шығармайды деп сенем. Бөтен біреулер естіп қалып, қасқыр, түлкі, тазыларға жеткізіп жүрмесін деп сақтанып жат­қаным ғой. Ол өзі былай: қыста түнімен тамақ іздеп талай жерді шарлаймыз. Содан таң ата панасы бар бір жерге келіп тығыламыз. Бірақ жүрген, жүгірген ізіміз қар бетінде, әсіресе жаңа жауып басылған көбік қарда сайрап жатады. Ізге түскен иісшіл қасқыр, түлкі, иттерді адастыру үшін, келіп тығылған ағаш немесе топ бұта, ши, қурайлардың айналасын шиырлап, бірнеше рет айналып шығамыз. Кері қарай да айналамыз.


— Ол пәлелер де солай айналып жүріп тауып алады ғой? — деді Суыр тағатсызданып.


— Дұрыс айтасың. Соны біліп біздер әлгі паналаған жерден былайырақ шығамыз. Сонан соң сол ізімізбен кері қарай жүреміз де қолайлы бір бұта, ши сияқтылардың тұсына келгенде, соның түбіне секіріп барып түсеміз. Сөйтіп, жаңағы ізіміз бен секіріп түскен жеріміздің арасында жалғасып жатқан із болмайды. Бірақ жақын жерден иісімізді сезіп қоюы мүмкін ғой. Сондықтан одан да арғы бірнеше бұта, шилердің түбіне секіріп түсіп, әлгі ізімізден алыстап кетеміз. Сөйтіп, иісімізді де сезбейтіндей жерге барып тығылып жатамыз, — дегені де сол еді, сары Суыр сасқалақтап:


— Ойбай, кеп қалды! — деп ініне қарай тұра жүгірді.


— Не кеп қалды!? — деп сасып қалған Қоянның құлағына да тосын гуіл естілді.


Жалт қараса, бір Бүркіт бұларға қарай құйылып келеді екен!


Суыр барып өз ініне, Қоян қасындағы қалың бұтаға зып беріп үлгірді.


Қапы қалған қара Бүркіт Суыр ініне дауылдата шүйіліп келіп, қайқая қайта көтеріліп кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу