Өлеңдер ✍️

  02.01.2022
  131


Автор: Әскерхан Ақтай

Жалғыз киік

Белгісіз бейіт, бес томар,
Қырқаны қымтап кеш қонар.
Бөлініп қалған бөкенге,
Бөрінің өзі ес болар.

Құлаймын десін орға кім?,
Жалғызға көрер сор қалың.
Қара жер сенің бесігің,
Көк аспан сенің қорғаның.

Бәйтерек сая болар ма?,
Жапырағы болмаса.
Сар дала сая болар ма?,
Төсіне қырбақ қонбаса.

Көкжиек асты мұнар бел,
Көрген жан сені сыңар дер.
Теңіздей толқын селеуге,
Тебіндеп қайта шығар дер.

Қараша басы жаңбырлы,
Қарт терек түбін саяла.
Жалғыздан жалғыз тағдырды,
Аяла, тәңір, аяла.

Себезгі жаңбыр төксе бір,
Селеулі дала шайылар.
Сағымды бұйрат, көкше қыр,
Ақбөкен қайта жайылар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу