Өлеңдер ✍️

  02.01.2022
  107


Автор: Әскерхан Ақтай

Сезім пернесі

Түн пердесін бозғылданып таң сөгер.
Қуанамын шолпан жұлдыз жанса егер...
Сенің сұлу мүсініңді сала алмас,
Жиналса да ғаламдағы бар шебер.

Аққу арман ұшар қағып қанатын.
Көл бетіне күміс тамшы таматын.
Сенің сұлу дидарыңды жаза алмас,
Жырласада жаһандағы бар ақын.

Тәуекелддің арты мұнар, алды нұр,
Шақырады сері дәурен, сал ғұмыр.
Тербете алмас сенің нәзік жаныңды,
Жиналып ап сайраса да бар бұлбұл.

Сыр қатпарын ақтарады тінтіп ой.
Өмір базар, бір күн қайғы, бір күн той.
Күллі шайыр айта алмаған теңеуді,
Көлденеңнен біреу айту мүмкін ғой.

Сырғып уақыт, сынығындай шекердің
Өтсін мейлі айлар, жылдар, бекер күн.
Неше шебер сыза алмаған бейнеңді,
Бір бейтаныс салса, қалқам не етермін?.

Түсін мені... жырларыма үңіл де.
Тағдырыңнан еш уақытта түңілме!.
Бұлбұл біткен оятпаған жүректі,
Бірақ...біреу тербетпей ме, түбінде.

Жаңбыр жауса мөлдірейді күлте гүл,
Тамшы тұнған гүл жанарын сүрте жүр...
Сезім қылын шерте алмай алдыңда,
Отыр бәлкім...жүрегі жоқ құлтемір...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу