02.01.2022
  106


Автор: Бақыт Исаева

Оқулық

Санаңа құяр
Білімнің мөлдір бұлағын,
Оқулық кітап
Өмірлік нәрің, құралың.
Ұқыппен қарап,
Кірлетпей, жыртпай, лақтырмай,
Құрметтеп ұста,
Қадірін біліп, шырағым!

Алдыңа кітап
Келген жоқ сенің оп-оңай.
Шыбықтар егіп,
Өсіріп орман, сан тоғай.
Қағаз жасауға
Соларды кесіп ағалар,
Тер төкті қанша
Шаршаса да бір дем алмай.

Кесілген ағаш
Зауытқа күн-түн тасылды,
Жасалды қағаз
Қат-қабат болып басылды.
Зерттеліп жазған
Әр пәнге арнап мәтіндер
Ғалымдар атымен
Кітапқа енді жазылды.

Ойланып бір сәт
Кітапқа қара сен ептеп,
Бояумен түрлі
Қағаздың бетін өрнектеп.
Талай суретші
Әлемі ғажап әдемі,
Суреттерін салды
Тыным таппай тірнектеп.

Көптеген адам
Баспада еңбек еткенін,
Терумен әріп
Уақыты қанша кеткенін.
Білесің бе сен?
Бейнеттің үлкен күшімен,
Оқулық кітап
Алдыңа солай жеткенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу