01.01.2022
  288


Автор: Жәудір Нартай

Көктемде құстар қайта ма?

Сол оқиғаны есіме алсам, күні бүгінге дейін денем бөртіп тітіркенеді. Қанша ұмытайын десем де, әркез театрға барған сайын, сол оқиға еріксіз еске оралып, ескі елестердің жұрнағы көлбеңдеп көз алдыма келе береді. Бейне бір жадымда мәңгілікке орнығып алғандай, мәңгілікке маталып қалғандай мені өз құрсауынан босатпай, миымның бір бұрышында жасап, тағдырммен бірге келе жатқандай.


Үшінші курстың көктемі болатын, Қостанайдан Тілеужан есімді жігіт біздің курсқа жаңадан келіп қосылды. Бала кезінен Алматыны көрсем деген ұлық арманы оны ақыры, алып шахардағы ең ірі жоғарғы оқу орнындарының біріндегі, көркем сурет факультетіне жетелеп алып келді. Оны ең алғаш Қадырбеков сабағында байқадым. Орта бойлы, ақсары келген, дөңгелек жүзді бала екен.


Бізге жаңадан студент бала келді есімі — Тілеужан деді Айко сыбырлап.
— Әәәә анау отырған бала ма?


— Иә, кеше живописте обножонка салғанда ұялғанын көрсең ғой, қабақтай Вераның жалаңаш тәнін жазудан ұялып екі беті өрт болды дейсің деп Айко тұншыға күлді.


— Мүмкін обножонканы бірінші рет салуы шығар....


— Иә өзі де солай деді, ар жақтағы оқуында кілең натюрморт сала берген сияқты ғой деп жымиды.


— Ол орыс топтарының қандайлық жалаңаш мүсіндер жазып жүргенін көрмеген екен.


— Соны айтам-ау! Қайта біздің қазақ топтары бұтында лыпысы бар натуршитцаларды жазғанын олжа көріп, мәз боп жүрсе.


— Сызудан қалай екен өзі?


— Керемет сызады екен.


— Онысы жақсы екен....


Желкелеп жүріп деканатқа бір сүйреп, аудиторияға екі сүйреп үштігін зорға қоятын Қадырбековтің сабағында неге екендігін көзге көп түсіп қала беретін студенттің бірі болған соң, төңірегімнен сызуды жақсы сызатын адам іздейтінмін. Болмаса, ақшаға сыздыртатынмын. Иә иә ақшаға.... Бес жүз теңге берсең, жоғары курстың ұлдары әп-әйбәтқып сызып, форматыңды қолыңа ұстататын. Алайда онымды Қадырбеков тез біліп қойды да, сызу сыза алмайсың деп зачеткамды бетіме лақтырып аудиториядан айдап шықты. Бүгін тағы да Қадырбековтың сабағына кешігіп келгем. Есікті қаққанымда, бүйі көзі бағжаңдап өзі ашты.


— Кір деді соң соң зілді дауыспен. Үнсіз тақтаның алдында тұрмын. Ол ақырын еденді сықырлатып жүріп жаныма таянды:


— Осы сен не үшін Алматыға келдің? Әлі бір де бір детальді дұрыстап сызып келген жоқсың-деді айбарлы кескінмен.


— ......


— Неге үндемейсің?! Осы сендер Шымкенттіктер оқымайтындарың бар, қайдан ғана топырлап Алматыға келе бересіңдер-деп "шаңқ" етті.


Аяғының астындағы еден де "сықыр" етіп үн қатты.


— Ағай, мен бәрібір суретші болмаймын.


— Енді кім болам деп келдің?


— Жазушы...


— Жазушының оқуына түспедің ба ендеше, нең бар худ-графта — деп Қадырбеков және қалшылдады.


— Жазушы — деген мамандықты оқытатын университет жоқ екен, бар болса түсер ем, дедім томсырайып. Ыпыны келіспеген Қадырбековтың бүйі көзі мені сонау бұрышқа қарата атып ұрғандай болды. Мен ең соңғы қатардағы бос тұрған орынға жайғастым. Жанымда жаңадан келген кешегі бала отыр. Аз кем үнсіздіктен соң:


— Тілеужан — деді қолын беріп.


— Жәудір....


— Қуаныштымын!


Білмеймін мен сол сәт қуанышты болдым ба, жоқ әлде бүйі көз Қадырбековтың үнемі "Шымкент" — деп кемсітіп қитығыма тиетінінен мезі болдым ба екен, самарқау бас шұлғыдым да отырдым. Бір қарағанымда Тілеужан менің тапсырмамды орындап отырды. Тіпті епті-ақ, менің апта бойы сыза алмай жүрген деталімнің ішкі-сыртқы өлшемдерін циркулін шыр айналдырып отырып сызып, есептеп шығара салды. Сол кезде барып мен оған назар салып анықтап қарай бастадым. Тым үлкенде емес, тым қысыңқы да емес, орташа біткен қой көзді. Бейне бір адам біткенге айыбы бардай қабағының астымен жаутаңдап қарай береді екен. Аздап жымиятын сияқты. Онысы өзіне бөлек кескін беретіндей. Бір сәт қоюлау қара қасына, ұзынша тал-тал кірпіктеріне қызыға қарап қалдым. Мұрны ғана пұшықтау екен, жігіт адам деген — Микеланджелоның Давиді сияқты мұрынды болса ғой дедім сосын ішімнен. Бірақ оның осынау жас кейіпіндегі бар кемшілігі қырша бітпеген мұрны дейін десең, желкесінен төмендеу түскен жирен шашы оны соншалық тартымды көрсететіндей. Соны сезгендей өзі де маңғаздана отырып, мыртықтау саусақтарымен жирен шашын тарақтап отырып, артқа қарата сілкіп қалды. Жүзінен әлі де балаң ұяңдығы кете қоймаған, бірақ ересек көрінуге әбден-ақ тырысып бағады. Оның тым жас екендігі көрініп тұрды. Мен одан жасын сұрадым. Менен екі жастай кіші екен.


— Сен біздің жатаханаға орналастың ба дедім сосын әңгімені өзім бірінші болып бастап.


— Иә 54-нші бөлмеге орналастым


— Әлгі спортта оқитындар тұрмаушы ма еді онда, неге өзіміздің суретшілермен бірге тұрмадың?


— Суретшілердің қасынан бос орын табылмады


— Қап ай әәәә....


— Жоқ, ол жігіттер өте жақсы, тек сабақтары таң ертегілік, мен үнемі бөлмеде жалғыз қалып қоямын, кілт соларда.


— Кілт жасатып алсаңшы, көк базарда кілт жасайтындар бар ғой.


— Мен әлі Алматыны білмеймін....


— Әәәә солай екен ғой


— Иә....


— Көк базар деген мына Панфилов паркінен шамалы жоғары көтерілсең өзі-ақ көріненді


— Әәәә қашық емес екен ғой


— Ал сен театрда болдың ба?


— Жоқ бірақ барғым келеді....


— Біз Айко екуміз осы аптаның ішінде театрға барамыз, бізбен бірге барғың келсе ертіп барайық.


— Әрине барамын


— Келістік!


— Осы...қайыссы қызығырақ, театр ма кино ма?


— Театр-тірі организм. Сондықтан театр қызық.


Осы кезде бүйі көз Қадырбековтың қадала қарап тұрғанын аңдадым. Ол ақырын таянды да әдеттегіше танауын көкке көтере, мысқылдай күліп, бұл жолы Тілеужанға бұрылып:


— Әй Тілеужан ба едің кім едің, сен бұл Шымкенттің қызына көп жолай берме, бұлар өте қу келеді. Бүгін сызуын сызып бересің, ертең ғашық боласың, арғы күні үйленем дейсің. Бірақ бұлар уақыты келгенде өз жеріне тартып отырады-деді. Тілеужан аз-мұз қызарақтап төменшіктеп үнсіз езу тартты. Қадырбеков өз орнына жайғасқанда.


— Бүйі көз көки береді дедім ақырын сыбырлай сөйлеп. Тілеужан үнсіз күліп жіберді де:


— Неге "бүйі көз" — деді таңдана.


— Мен, Бетбақ далада өскем, біздің жақта бүйілер өте көп болатын. Бүйі деген өзі бір өте сұсты, әрі улы жәндік. Аңдамасаң жазды күндері үйге де кіріп кетуі мүмкін. Өздерінің көздері бар ғой құдды Қадырбековтың көздерінен аумайды, тура адамға атылатындай қарайды. Қадырбеков ағайды көрсем сол қап-қара бүріскен бүйілер есіме түседі дедім күліп.


— Суреттеуің жаман емес екен деген Тілеужан үнсіз жымиды.


Біздің әңгімеміз сабақтан соң да жалғасты. Көбісі Алматының көрікті жерлері жайлы болды. Ол өзінің Қостанайын, одан арғы Арқалығын сөз қылды. Мен Алматы мен Шымкент, арасында Созақ жайлы толғандым.
Кенеттен Тілеужан:


— Адамдарды әртүрлі аң-құсқа, жәнтіктерге ұқсата алатын суретшілер ғана деседі. Сен Қыдырбеков ағайды бүйіге ұқсатасың, ал мені қандай жәнтікке ұқсатқан болар едің — деді аз ғана жиымиғандай.


— Сені....сені торғайға ұқсатамын, қара торғай, сонау Қостанайдан қанатың талмай қалай жеттің-ей деп күлдім.


— Сен Шымкенттен қалай жетсең, менде солай жеттім деді олда күле сөйлеп.


— Демек сенде мені құсқа ұқсатады екенсің ғой,


— Иә, ақ көгершінге ұқсайсың....


Кенеттен екуміздің әңгімеміз жараса кеткеніне өзімізде таң-тамаша болдық, әрі тосылдық. Аз ғана үнсіздіктен соң мен қайта әңгімені жалғадым.


— Білесің бе Қадырбеков мені неге жеккөреді?


— Шымкенттік болғаның үшін шығар....


— Кейбір адамдардың Шымкенттіктерді неге сонша жеккөретінін түсінбеймін.


— Менде түсінбеймін....


— Өзің ойлап қарашы сен Қостанайдан мен Шымкенттен екеумізде пәлендей айырмашылық жоқ. Бір дәуірдің адамдарымыз, бір елде өмір сүріп жатырмыз, тілімізде бірдей, тіпті ойлау қабілеттерімізде ұқсас болуы мүмкін. Айналдырған бес-алты қазақ жер-жерге бөлінбей-ақ тату-тәтті өмір сүре берсек болмас па еді?


— Жершілдік пен рушылдық қазақты құртатын қасиет дейтін әкем.


— Өткен жылы сессияда Қадырбеков мені жазға қалдырды. Сондағысы, қызыл польто киіп алып худ-графтың алдынан әрі өтесің бері өтесің сабақ оқымайсың деп менің су жаңа қызыл польтома тиісе жөнелгені. Ой, ағай енді қызыл польто киіп алып Жургеновтың не КВТУ-дың алдында жүрмеймін ғой, худ-графта оқыған соң, өз территориямда жүремін дәәә — деп айтып аузымды жиғанымша болған жоқ, маған қараты қолындағы борды жіберіп қалғаны. Зымырандай атылған боры бар болғыр, қақ маңдайыма келіп "шәәәқ" етіп тиді де, шекем шодырайды да қалды. Ызам келді бар ғой.


— Өй, өзіңде бір бүйі екенсің! — деп есікті тарс жауып аудиториядан атып шықтым. Содан Қадырбековтың бетін жазда бір-ақ көрдім.
Тілеужан маған қарап ішек-сілесі қата күлгені.


— Неге күлесің?


— Жәй ештеңе....бұл барып тұрған есерлік екен расында деген Тілеужан қайтадан күле түсті.


— Соған қарағанда жазған мұғалімнің бір кездегі ғашығы Шымкенттің қызы болуы керек. Бәлкім сол қыз бір кездері Қадырбековтың жүрегіне жара салып кетіп, бейшара Қадырбеков сол күннен бастап Шымкенттің қыздарымен мәңгілікке жауласып алған сыңайлы дегенімде —


Тілеужанның аузы жаялықтай болып тағы да күлкіге бассын.


— Неге күле бересің-деп менің шекем тырысып шындап ашулана бастадым.


— Фантазияң мықты екен, сенен расымен мықты жазушы шыққалы тұр.


— Рас айтам болмаса, неге маған кимеле береді? Неге Ақтөбеліктерге, Тараздықтарға тиіспейді олар да толып жүр емес пе? Шымкент Шымкент! Бейне бір Қадырбековтың өміріндегі күллі сәтсіздіктерге Шымкенттіктер ғана кінәлі сияқты.


— Бәлкім сол баяғы Шымкенттік ғашығы саған ұқсайтын шығар — деді ойнақы жүзбен кекете сөйлеген Тілеужан.


— Құдайым-ай! Жетпегені сол еді!


Біз жатахананың есігіне келгенде Тілеужан маған тағы да қолын беріп-танысқаныма өте қуаныштымын — деді. Жүзі бал-бұл жанады. Мұрны да анау айтқандай пұшық емес сияқты көрінді. Сызудан көмек қажет болса қысылмай айт, сендей күлкілі қызға көмектесуге әрқашан да әзірмін деді кеудесіне қолын апарып, ізетпен басын изеді. Өзімнің де күткенім осы сөз болатын. Сол күні мен өте көңілді жүрдім. Біздің қатарға Тілеужан қосылды. Ол ендігі жерде менің ғана досым болатын, басқа ешкімнің емес.


Апта аяғына таяғанда Айко екуміз театрға барып билет алып қою керектігін ойласып, асығыс киініп сыртқа шықтық. Есіктің алдында Тілеужан жүр екен. Өткен жолғы уәдем есіме түскендей


— Тілеужан, біз бүгін театрға барып билет алып келеміз, саған да алайық па дедім. Тілеужан бір түрлі қуанышпен:


— Иә әрине ала салшы, ақшасын берейін деп қалтасын қарманды.


— Бұл жолы біз сені театрға шақырамыз, ақшаңның керегі жоқ дедік Айко екуміз бірдей қосақтаса. Тілеужан мұңдана жымиғандай болды.


Айко екуміз безгек қаққандай безілдеп әкем Театрдың кассасына келдік. Бүгінгі болатын " Сыған серенадасына" билет жоқ болып шықты. Ертеңге қандай спеатакль дейміз жамырай сөйлеп.


— "Мәңгілік бала бейне"


— Болконнан екі билет беріңізші дедім кассаның саңылауына ақшамды тықпалап жатып. Айко иығымнан қозғап, Тілеужанға да бір билет алсаңшы деді.


— Қазыр қоя тұршы....екі билет иә иә....


— Тілеужанға да бір билет деймін — деп Айко қосақтасты....


— Айко, ертең Тілеужан келмейтін сияқты....


— Неге?


Білмеймін дегендей иығымды қозғай бердім.


Сөмкемді бір ашып, бір жауып тағы ойға шомдым. Тағы бір билет алуға ақшам да жеткілікті, бірақ бір беймағұлым сезім ертеңгі болар спектакльді ойласам, жанымнан тек Айконы ғана көре беремін. Тек, Айко ғана қасымда қосақтасып келе жатқандай....


Жексенбі. Түс әлетіне таянғанда бөлме сүйретпесін сылпылдатып жуынатын бөлмеге келдім. Қабырға айнасынан күп боп іскен бетіме қадала қарап тұрдым. Жанымда көрші бөлмедегі Асел жуынып жатты. Кенет ол да айнаға қарады да:


— Естідің ба — деді түсі қаша


— Нені? — Тілеужан қайтыс болыпты....


— Аааа...қа..қалай, мен оны кеше ғана...


— Ауырады екен ғой, тілі кетіп қалыпты... не деуші еді әлгі с..с..судргасы ұстаған.


Менің табанымның астындағы жер қозғалып жатқандай, жүрегім лобып басым айналды. Раквинаның алдына келіп мұздай сумен бетімді қайта-қайта жудым. Айнадағы жүзіме тіпті қарағым келмейді. Жүгіріп бөлмеге барып, Айконы жұлқып ояттым. Тілеужан қайтыс болыпты деймін бар даусыммен. Айко ештеңе түсінбедім дегендей.


— Недейсің-дейді көзін уқалап жатып


— Тілеужан енді жоқ, өліп қалыпты деймін.


— Қаш..ааан? нееее — деп есеңгіреген Айко төсегінен асығыс тұрды да киіне бастады. Киініп жүріп, байғұс бала-ай кеше...кеше билет ала салуың керек еді деп кемсеңдеп жылап жіберді....


Жедел жәрдем мен полиция көлігі жатахананың алдын келіп тоқтағанда студенттер топырлап есіктің алдына жиналып қалды. Тілеужанның денесін шығарып жатқандағы көрініске жүрегім шыдамай Панфилов паркін айналып жоқ болдым. Кеудемді бір ауыр мұң басып алғандай. Жылайын десем жылай алмаймын. "Ертең Тілеужан келмейтін сияқты"-деген кешегі кассаның алдындағы сөзім құлағыма жаңғырып келе береді. Ертең Тілеужан келмейтін сияқты....келмейтін сияқты....келмейтін сияқты....


Неге, неге олай айттым екен, жазған басым-ай деймін жаным қысыла. Қайдан ғана сол сөз аузыма түсе қалып еді, деп өз-өзімді жазғырып орыс шіркеуінің маңайында сандалып жүрдім де қойдым. Мені бір қайғы өртеді, сол қайғы менің емес, өзге біреудің қайғысы болса екен дейтін сияқтымын. Бірақ жаным солқылдайды, жүрегім өрекпіп аузыма тығылады. Мені ар-ұят өртеді. Олда біреудің ар-ұяты болса екен деймін, жоқ олда өзімдікі сияқты. Сол ар-ұятты бар адамның ауызынан әлгіндегідей сөз шығушы ма еді? Шықты ғой сол сөзді өзге біреу емес дәл – мына мен айттым ғой. Енді міне сол бір ғана оқыстан айтылған сөз орны толмас ауыр қайғы әкелгендей және сол қайғыға өзімді кінәлідей сезіндім. Бәлкім оның артында аңырап анасы қалған шығар, бауырлары, қимас достары бар шығар....олар нендей сезімде екен... соны ойласам жүрегім алай-дүлей, өңім әлем-тапырақ болды.


Жатахананың алдына келгенде бұрыш-бұрышта жылап отырған қыздарды, өңі қашқан ұлдарды көрдім. Олардың қайғысына ортақтасып әлдене деуге менің шамам келмеді. Бейне бір қылмыс жасаған адамдай, өз-өзімнен оқушаланып ешкімге жоламаймын. Айкоға қарауға тіпті бетім жоқ. Олда менен қуыстанатын сияқты. Бөлмеге келіп төсегіме құладым да қалжырап ұйықтап кеттім.
Сол күні менде ұйқымнан оянбасам ғой деп едім...


Кешкісін бөлмеге Айко келді.


— Бүгін театрға баратын күніміз ғой есің де ме дейді самарқау үнмен.


— Тілеужан бұрыннан ауырады ма екен?


— Иә эпилепсиямен ауырады екен. Алматының ауа-райы жақпаған депті дәрігерлер. Алғашқы көмек көрсетілмеген содан тілі кетіп қалыпты.


— Жанында бірге тұратын балдар неге көмектеспеген?


— Олардың барлығы сабақта болған, Тілеужанды сыртынан құлыптап кете берген. Қазыр барлығы бөлімшеде көрінеді сұралып жатыр екен.


— Қиын болған екен...


— Иә бүгін өте ауыр күн болды...


— Айко.... мен, мен Тілеужанның қайтыс болып кететінін білгенім жоқ рас айтам дедім жанарыма жас айналып.


— Бұлай боларын кім ойлаған дейді олда кемсеңдеп.


— Құдайым-ай! Ол тірі болса қазыр-ақ сүйреп көк базарға алып барып, кілтін жасатқан болар едім, театрға ертіп барып спектакль көрсеткен болар едім ғой. Бар болғаны жиырма бір ақ жас, адам жиырма бір жасында не жасап үлгереді айтшы өзің? Тіпті театрға баруға да үлгермеді емес пе? — деп Айконы құшақтай ала ағыл да тегіл жыладым. Айко да ұзақ егілді.
Сон соң Айко:


— Тілеужан көре алмай кеткен спектакльді бірге тамашалап қайтайықшы деп қолқалады.


Өмір дегеннің осынша айлалы боларын кім білген? Мен онымен кеше ғана таныстым, бүгін ол қайтыс болды. Өмірдің табалдырығын аттап та үлгермеді, есігінен қайтты....


Айко екуміз театрға кешігіп келдік. Болконнан алған орнымызға үнсіз, әрі соншалық қайғылы кейіпте жайғастық. Мен жанымдағы бос орынға қайта-қайта қарай бердім.


— Айко, қарашы жанымдағы бір орын бос тұр, бұл Тілеужанның орны болушы еді ғой деймін.


— Мүмкін билет иесі кешігіп жатқан шығар....


— Жоооқ мұнда Тілеужан отыр....


Айконың өңі әппақ шүберектей бозарып кетті де, менің қолымнан қысып ұстап алды. Жанымдағы орындық спектакль аяқталғанша бос тұрды. Бос тұрды....бос тұрды деген аты ғана сол бос орындықтан әлде қалай бір жылулық есіп тұрғандай, мен бос тұрған орынға қайта-қайта жалтақтап қарай бердім. Жалт бұрылсам буға айналып ұшып кететіндей, көзге көрінбейтін бір дене дәл менің жанымда спектакль тамашалап отырғандай, әлде қалай пысылдағандай, көрерменнің ду қол шапалағына қосылып, олда қол соғып жатқандай, арасында күлгендей, үнсіз егіліп жылағандай болды.


Сахна шымылдығы түсіп, әртістер құрмет-қошеметке бөленген соң, көрермендер дүр қозғалып орындарынан жылжи бастады. Сол кезде байқадым, менің жанымдағы бос орындықтың аяқ жағында көзге көрінер көрінбес бір бүктеулі қағаз жатты. Жерден көтергенімде оның театрдың билеті екенін аңдадым. Нөмері де менің жанымдағы бос тұрған орынның нөмеріне сәйкес болып шықты. Айконы ақырын түртіп, аялдай тұруын сұрадым да өзім әлгі бос орынды ақырын сипап көрдім. Қазыр ғана адам отырғандай жып-жылы, суымаған қалпы тұр.
Менің маңдайымнан мұздай тер бұрық ете қалды.


Мен оны бекер-ақ қара торғайға ұқсатқан екем, кеше ұшып келген қара торғай, көктем келгенде қайтадан өз мекеніне ұшты да кетті.


— Көктемде құстар қайта ма?


— Қайтады екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу