Өлеңдер ✍️

  01.01.2022
  149


Автор: Темірхан Медетбек

Қараша да келіп қалыпты

Қараша да
Келіп қалыпты…

Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.

Үйкүшік боп алдым:
Аяққа тұсау салынғандай.
Жан-жақтан
Құрсау қағылғандай.
Күні кеше ғана
Үйге сыймайтын едім,
Үй түгілі
Дүниеге сыймайтын едім.
Сөйтіп мен
Екі көзі төрт болып
Жолымды тосқан
Бәйбішем Шолпанды
Қинаудай-ақ
Қинайтын едім.

Бүгінде, міне,
Мен жүретін
Маршруттардың
Бәрі де жоқ болып,
Мен мінетін
Көліктердің
Бәрі де тоқтаған…
Басқаша айтуға
Амалым жоқ қой,
Осылай ақталам…

Бір кезде
Аспанға шапшып
Лаулап жанатын
Жанымның оты
Өлеусіреп тынғандай.
Жапырақсыз
Анау ағаштардың
Желмен қозғалған
Жалаңаш бұтақтары
Мен байғұсты
Мошқап тұрғандай…

Күмән мен
Күдік жайлаған
Кеудем ішінде –
Түсініксіз! –
Қауіп тұр.
…Ал сыртта
Қар аралас
Жаңбыр жауып тұр…

Қараша да
Келіп қалыпты…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу