Өлеңдер ✍️

  01.01.2022
  189


Автор: Ибрагим Иса

Кешір, аға, бір жерге асығыс ем

Бір жігітке жыр оқыдым ұғымды,
Танысымдай болмаса да бұрынғы.
Жыр тыңдауға зауқы жоғын байқадым,
Есік жаққа қайта-қайта бұрылды. (Автор)

Түсінбеді-ау ол менің өлеңімді,
Неге кетті білмедім,
неге келді.
Сөздері де сияқты салауатты,
Көздері де сияқты көрегенді.

Бірақ өлең ол басқа ұяламай,
Түсіп қапты құлақтан домалап-ай.
Өскен-ау деп ойладым жастау кезде,
Өлең деген өрісті араламай.

Құя берсін кірпішін қиыстырып,
Сол құрылыста талайлар жүр ысқырып.
Жіберетін өлеңді сезбейді екен,
Адамдар мен адамды туыс қылып.

Рухы оның ақшаға байланғасын,
Өлең жаққа бұрады қайдан басын.
Ол өмірді өмір деп түсінеді,
Қарны әбден тамаққа тойғанда шын.

Әр жолында өлеңнің несібе бар,
Азайды ғой адамдар осыны ұғар.
Рухы жоқ,
тойынған қарныменен,
Қара жерді жүреді басып олар.

Жаны жүдеу болмайды басы бардың,
Абыройыңды бір сәтке шашып алдың,
Құлазиды көңілің, балалары,
Кім болады екен деп осылардың.

Не ойлайды екен осынау басыменен,
Тербетпесе жүрегін ғашық өлең.
Отырды да қипақтап кетіп қалды,
«Кешір, аға, бір жерге асығыс ем».
Асыққаның бар болсын өлең ұқпай,
Өлең оқымаймын десе ғой
орағытпай.
Қарадым да,
күрсініп қала бердім,
Реңі жоқ бетіне жаялықтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу