Өлеңдер ✍️

  01.01.2022
  129


Автор: Ибрагим Иса

Уақыт

Талай уақыт, заман кетті өтпелі,
Біз білмейтін құпиялар көп тегі.
Бір-бірінен айнымайтын батырлар
Шығып жатыр жұлдыздардай көктегі.

Бір-бірінен айнымайды пішіні,
Бір-бірінен айнымайды мүсіні.
Қайдан алып, салып жатыр демейді.
Суретшілер, мүсіншілер осыны.

Тірілермен сөйлеспейді өліктер,
Тек солардың салғанына сеніпті ел.
Суретші мен мүсіншілер бұл күнде
Болды нағыз данышпан мен көріпкел.

Ойлай ма олар, батыр да адам екенін,
Батырлар да ұлы осы өлкенің.
Осы – сол деп келе жатыр ұсынып.
Өздерінің құрастырған ертегін.

Е, сол болса, сол шығар деп сенеді ел,
Батырларға толды қазір төбелер.
Атқа мініп, шығып жатыр тіріліп,
Дулыға мен сауыт киген денелер.

Қымбатымыз көп қой біздің жоғалтқан,
Соғыссыз да талай бейбіт таң атқан.
Миллиардтаған бет-пішінін адамның,
Бір-біріне ұқсатпаған жаратқан.

Жаратушы неткен шебер деп кейде,
Қиялыммен ой жіберем өткенге.
Батырларды бір-біріне ұқсатпай
Салуға да қазір ақыл жетпей ме?

Ұрпақтарға болу үшін өнеге,
Батырларды тұрғызамыз төбеге.
Мұның бәрі бір адам ғой демей ме,
Ертең біздің немере мен шөбере.

Олар бізден ақылдырақ болса егер,
Ескерткіштер жасар, мүмкін, ел сенер,
Сонда біздің талғамымыз бүгінгі,
Ақымақтың деңгейімен өлшенер.

Қанша алға ұмтылсақ та секіріп,
Ой-санамыз кеткен жоқ-ау жетіліп,
Құлағыңмен естігенің – бос қиял,
Көзіңменен көрмегенің – өтірік!

Шындығымыз болып кетті ертегі.
Ертек болмай тұрғанда елдің ертеңі…
Одан дағы бір батырдың астына,
Бар батырдың атын жазсақ қайтеді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу