Өлеңдер ✍️

  29.12.2021
  180


Автор: Ақберен Елгезек

Гүлдер

Ол жақтағы гүлдер мүлде өзгеше,
Солған емес, келгенімен күз неше.
Ақ қауызы ашылады ән салып,
Сайтан келіп үзбесе.
Ол жақтағы гүлдер мүлде басқаша,
Қаулап өсер, тамырымен тас қашап.
Мына әлемді мойындатар күні ертең,
«Сұлумыз!» – деп таспаса.
Ол жақтағы гүлдер мүлде бөлек тым,
Солай, солай, сұрамаңыз деректі!..
Олар жайлы өлең жазу үшін де
Әулиелік керек тіл!
Түсін мейлің, түсінбе,
Ойға шомсам жетімектеу пішінде,
Сол бір гүлдер бір-бірімен сырласып,
Жыр тоқиды… түсімде…
Көздеріңмен көре алмайсың оны сен,
Кешір мені, олар менің ішімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу