29.12.2021
  163


Автор: Айзат Рақыш

Құрдым

Алланың қаһарына ұшыраған пенделер қыбырлап өмір сүргенсіп жүр. Қанағат беті қалыңдығына басып, үйіне түк болмағандай барған. Өзінің жазасыз қалдым деген күнәсінің азабын қызына таңып берген ол бұдан шығар жол Әсияны Арланмен кездестірмеу деп шешті. Ал жастар бұл шешімді түсінбей дал болды.Арлан әкесінен көмек сұрады. Бірақ Арланның күткен қолдауын ата-анасы бермеді, қайта Қанағатты жақтап шықты. Отбасын құруға әлі ерте екен,ақылдары толыспапты. Тіпті анасы «Әсия көзқарасы суық, тартымсыз қыз» деді. Көз алдарында тұрған әдемілікті көрмей, бұл ата-анасына не болды? Әбден қиналған Арлан сабаққа да бармай, Әсиямен жүздесудің жолын іздеді. Қалта телефонынан да қағылған Әсиядан қазір хат-хабар сиреді. Одан жырақ жүрсе, өмір гүлі солып бара жатқандай сезінетін Арлан ақыры шыдап тұра алмай, қыздың үйіне өзі барды. Әсияны көре алмады. Қанағат шығып итке жекіргендей айқайлады. Даусында бұған белгісіз кек бардай. Ешқашан бұны қолдаусыз қалдырмайтын анасы мен әкесіне не жорық? Мына тантық сарының сөзіне еріп алыпты өздері. Алғашында бәрі керемет еді, ал бүгін...


Керемет күндерін оңайлықпен бергісі келмеген Арлан Әсияны торуылдауын қоймады. Оған деген сағынышы жан таптырмады. Көп күттірген бір хат жылт етті. Белгісіз нөмірден жазылған хат қысқа болса да, зор серпін берді. «Бәрін тастап, екеуміз бірге қашайық. Сәбиім екеуміз сенсіз қиналып кеттік,» — депті Әсиясы. Үлкендер екеуінің кездесуіне кедергі жасап, қанша сылтау айтқанмен Арлан сүйіктісінң өзіне деген көңілінің айнымайтынына кәміл сенімді болатын. Сенімі алдамапты. Қуанса да, жалғыз қуанаатын болған ба? Кімнен ақыл сұраса екен?Әкесі ме? Жоқ! Оны соңғы кезде түлен түртіп жүр. Жақындап қалған қарттық жылдарына мойынсұнғысы келмей ме, тұнжырауды жиілетті. Анасына айтуға болады. Иә, анасы бетін қайтармас. Осы оймен бөлмесінен атып шыққан Арлан ас үйде үнсіз отырған Жұпаргүлдің жанына келді.


— Апа, тағы да көңілсіз отырсыз ба? Не болды осы сіздерге? Жандарыңыз дертті ме? Болса ол қандай дерт?


— Жоқ, еш ауруымыз жоқ. Әкеңнің жұмыстарында бір жайсыздықтар орын алып...


— Апа, мені алдама. Мен өтірікке сенетін кішкентай бала емеспін. Шыныңды айт! Мен неге Әсиямен кездеспеуім керек? «Ол саған тең емес» деп жақауратпа! Жетер енді жасырынбақ ойнағандарың! — Арланның бақырып-шақырған даусына қонақ бөлмедегі әкесі жетіп келді.


— Анаңа қалай дауыс көтересің? Оны ренжітіп алудан қорықпайсың ба?


— Әке, ал екеуің мені қинаудан ләззат аласыңдар ма? Мен Әсияны сүйемін. Және оның аяғы ауыр. Біз үйленеміз. Басы артық сөз айтып, бекер шаршамаңдар. Мен соны айтайын деп едім. Сендер тіпті сау адамша отырып сөз ұғудан қалыпсыңдар!Түсініп алыңдар! Мен үйленемін, мен әке боламын! — Тағдырмен тайталаста ерлі-зайыптылар жеңілді. Қайтып бас көтере алмастай ғаріпке айналды. Алла бермеген баланы қолдан жасап, бақыт деген әлемді қиялдан құрған екеу енді ессіз күйге түсті.Жазмыш қос сорлыға қарсы келіп, сақ-сақ күлді. Жазмыш өзінен озар күш жоғын білетін еді. Ад пенделер қайдан білсін! Құтылам деп өткенінен көз көрмеске қашса да, қайта құтылмастай болып тұтылды. Отбасын сақтау, шаңырағын шайқалтпау енді мүмкуін бе? Соңғы амал қандай болмақ? Ұлын, өзн, сүйікті Жұпарын қалай да қорғаштап қалуға тырысқан Дархан бар даусымен аттанға басты:


— Жоқ! Жоқ! Бұлай болмайды! Сен бізді алдап тұрсың! Саған ондай тәрбие бермеп едік.


— Жоқ, әке, сенбеске амалың жоқ. Жаңа ғана Әсия хабарлама жолдады. Сенбесең өзің қара! — Дархан жүгіріп барып, ұлының ұялы телефонына жармасты. Жұпаргүл тәлтіректеп тұруға шамасы жетпеді. Дархан үңіліп ұзақ тұрды. Жұпаргүл өз жүрегінің соғысын ести алмай, аузы ашыла берді. «А, Құдай, балалардың қалжыңы болса екен!» Кенет Дархан балаша солқылдап жылап, бүктетіліп отыра кетті. Жұпаргүл тынысынан айрылды. Дүние тоқтап, тірлік қараң қалды. Соңғы демі шығарда Құдайды аузына алмады. Құдай бар болса, әділ болса,басқа біреудің күнәсі үшін өзгелерді жазаға тартпас еді ғой. «Жоқ. Ол жоқ,» — деп күбірлеген Жұпаргүл жарықтан қараңғыға ене берді...


Бұл шынжыр түрінде шырмалған оқиғадағы алғашқы құрбандығын Ажал асыға қақшып алды. «Келесісің қайсың?» — деп Ажал ойнақ салды. Тағдыр деген теперіш иесі оған кезекті олжасын санап беріп жатты...


Жар қайғысы Дарханды еңсесін тіктей алмастай қылып қан жылатып кетті. Шіркін, егер Жұпары «ажырасайық» деп қинала қиылғанда, келіссе бұл тамұқ отына тіріде күймес еді ғой. Анасын тыңдағанда... Бірақ әттең-аймен өзін жұбата алмады. Жұбаныш іздеуді де қойды. Кіммен жұбанады? Жер бетінде бұған медет берер кім қалды? Тоқта! Ұлы бар емес пе? Оның тағдыры қыл үстінде. Көзі жұмылғанша ұлына өмірден орнын тауып беріп кетсе арманы болмас еді. Бөлменің қараңғы болғанын да байқамаған Дархан ас үйге кірді. Кенет тосылып қалды. Әсия отыр. Арланды жұбатып отыр. Арлан оның иығына басын сүйеп, қыздай сыңсуда. Әсия ғана оған жұбаныш болатынын Дархан бар жанымен, өзінің өміріндегі күйлерден түсінді. Түсініді де жаны қайта қысылып кетті. Шарасыз отыра бермей, әлдене тындырғысы келді. Сөйтті де сөз бастады. Оның ақыры не боларын болжауды да қойды. Мына екі жастың түк жазығы болмаса да, шыбын жандары шырқырағандарын көргісі келмеді.


— Арлан, балам, басыңды көтер. Айтарым бар.


— А, әке, есіңді жидың ба? Мен енді қалай өмір сүремін? Анам менің кесірімнен көз жұмды. Мен анамның өліміне себепші болдым. — Боздай жылаған Арлан әкесінің бауырына өзі келіп тығылды. Бала кезінен осылай еді, әлі сол қалпы. Бірдеңені бүдірсе, бірінші болып өзі айтып, әкесінің бауырына тығылатын. Бұл жолы әке құшағы оны қасіретінен қорғай алмады. Қанша тырысса да, құрдымға батып бара жатқан өмір кемесін түзей алмады.


— Арлан, апаң сенің кінәңнан бақилық болған жоқ. Оған басқа бір жағдай түрткі болды. Жаны нәзік апаң сол шындықты көтере алмады. Сен Әсия екеуің бауырсыңдар.— Бұл сөзді қос жас түсініп жарытпады. Қалай бауыр болсын? Айдаладағы қаймана қазақтар емес пе? Екеуінің арасы үш жас. Қазақ сұраса келе туыс шығады деген осы ма?! Қалшиып қалған қыз бен жігітке Дархан бар күшін жинап шындықты қанын тамшылапып баяндады. Әр сөзі қайғы қорғасынындай тұңғиыққа батырып бара жатты. Үйінен қашып шыққан Әсия мынадай сұмдықты естимін деп келмеп еді. Арланның мынадай масқараны естігенше өзін ана өліміне айыпты санап күн кешкені әлдеқайда жақсы еді ғой. Тағдыр адамдарға қашан таңдау жасатыпты? Егер таңдауға мұрша берсе, Арлан Дархан мен Жұпаргүлдің ғана ұлы болып қалар еді. Сұрқия тағдыр тезге салмақшы ма қос тентекті? Тезге саламын деп езіп жіберген жоқ па? Дәл осы сәтте Ажал тағы бір құрбандығына тұзағын құрып, шыдамсызданып отырды.


— Жалған! Бұл сұмдықты аузыңыз қисаймай, бізге қалай айтып отырсыз?


— Әке, олай емес деші! Біз енді не боламыз? Сәбиімізді қайтеміз? — Жанды қуырған бұл сұрақтарға Дархан жауап беретін халде емес еді. Ол сөзін аяқтап, тас мүсіндей мелшиіп қатты да қалды. Әсия үйден құйындай атып шығып, етегі жасқа тола, ебіл-дебіл болып көшеге жүгіріп шықты. Ештеңені көрген де, естіген де жоқ. Шыңылдап бітіп қалған құлағы кенет ашылды. Апырау, өзі ұшып келе ме, жоқ жүгіріп келе ме? Жылап келе ме, әлде сақылдап күліп келе ме? Қым-қуыт бір құйын қызды орап алғандай. Түрлі дауыстар елестеді. «Арлан-сенің ағаң! Сендер бауырсыңдар!» Құлағы қайта тұнып кетті. Лақтай ырғыған қыздың соңынан оған жеткен Арлан Әсияны құшағына алды. Тағдыр қамытынан қашқан қыз тулап, құшағынан сытылып шығып, зымырап бара жатты. Балалардың ізімен үйден шыққан Дархан жүгіріп келе жатқанын, не бір жерде қимылсыз қатып қалғанын ажырата алмады. Бар ойы ұлы мен қызда, денесі игерусіз қалды. Арлан да арман болған ғашығына жетіп, жан дәрмен қолынан ұстады. Көліктер жүйткіген кең көшеде екеудің қалай аман тұрғанын көргендер таң-тамаша қалды. Ойламаған жерден қыз бен жігіт айқара құшақтасып, қарсы бағытта зымырап келе жатқан жүк көлігіне ұмтылды. Жоғары жылдамдықпен келген жүк көлігі тоқтап үлгермей, жердің астынан шыққандай жолын тосқан қос ғашықты жаншып өте шықты. Бір сәтке дүние тына қалды. Тек Ажал ғана олжасын түгендеп, қанды қанжығасын майлап алды. Ұпайы түгенделсе де, Ажал тойымсызданып қомағайланды. Бірақ Ажалдың жуан өңешінен Қанағат жақын арада өте қоймас. Бәрін жас-кәрі демей қылғытқан Ажал Қанағатқа келгенде ойланып қалды. Кейін олжалаймын ол ожарды деп түпсіз мекеніне қайтып кетті. Ал жарық дүниеде кеудесінде жаны бар күйде қалса да, Дархан тірі еме еді. Оның санасын кек алу деген ой жаулап алды. «Кек алам» деп түйілді ол. Кімнен? «Құртам» деп тісін шақырлатты. Кімді құртпақ? Құрымаған несі қалды? «Аямаймын» деп асаусыды. Өзін аяр жан таппай тұрғанда, өзі кімді аяп жарытсын? Өзі туғанда маңдайына жазылып қойылған тағдырдан ол енді қашып құтылмасын білді. Әйтсе де ерегесіп, тәлкек тағдырына қарсы бір аттады. Оның тәнін бір ғана ой басқарды: кек ал! Осы ой Дарханды Қанағаттың үйіне ұшырып алып келді. Түн қараңғысында есігін жұлып алардай қаққан Дарханды көріп, үй іші тегіс шошынып қалды. Онсыз да Әсия қашып кетіп, әптер-тәптерлері шығып жатқан. Қанағат «қызды сен қашырдың» деп әйелін таяққа жығып салыпты. Селкілдей жылаған әйел мен баласын көрсе де, жалғыз ой ғана билеген сана ойланып жатпады.


— Ей, арсыз неме, сен балаларды өлтірдің. Енді ажалың менен! — деп тістенген Дархан Қанағаттың жағасынан ала кетті. Кебеже қарын оп-оңай илектеліп, Дарханның кек жұдырығының астында қалды.


— Ойбай, не дейді? Өлген кім? Нең бар бұл жазғанда? Босат! — деп безектеген ана әкесін арашалауға ұмтылған ұлын қорғай берді.


— Балалар өлді. Сен өлтірдің, — деп қырылдады Дархан.


— Қатын, мынау есінен адасқан. Оның сөзіне мән берме. Тез полиция шақыр.!


— Жоқ, шақырмаймын. Алдымен не болғанын айт! Бәрін түсіндір. Әсияға неге шүйліктің?


— Әсия мен Арлан жоқ. Мен олардың кегін алуға келдім. Соңғы ісім сен боласың, найсап! — Дархан Қанағатты тепкінің астына алды. Әр тепкен сайын кегі ширыға берді.


— Мынау Орынгүл үшін. Оны неге жүкті күйінде ойыншықтай тастап кеттің? Жазығы не еді?


— Ал мынау, әйелің үшін. Ауылда қалып, сенің мал-жаныңа ие болғаны үшін көзіне шөп салдың ба?


— Мынау — денесі әлі суымаған Арланның кегі үшін. Мә, саған!


— Ал мынау мөлдір қыз Әсия үшін. Сенің ауыр күнәңнің азабын ол неге тартты? Арланмен бірге жан тапсырған қызғалдақтай қыздың не жазғаны бар?


— Менің Жұпарым да сенің күнәңнің азабын шегіп, сол азапқа шыдай алмай өліп кетті. Мә, өл! Жалғыз өзің қанша адамның өмірін құрдымға жібердің?


— Ал Әсияның құрсағында өлім құшқан сәбидің қандай қылмысы бар еді? Сен неге тірі жүрсің? Мен Әсияның тегі жайлы білген күні өлгенмін. Мен өлгенмін. Мен — өлікпін!Сені Ажалдың қолына тапсырамын. Қашпа, қанішер! Қанша адамның қанын жүктеп, енді қалай өмір сүрмексің? — Ұмар-жұмар арпалысқан екеу ешкімге араша бермеді. Ауладағылар полиция шақырып, өздері бар болғаны тамашалаудан арыға аспады.Дархан жер бетіндегі соңғы әрекетін орындамай кетпеуге бекінген. Қанағат та қарсыласуын қояр емес. Бар күшімен тепкілеген Дархан кенет Қанағаттың оп-оңай сұлап түскенін байқады. Санасындағы жалғыз ой оны ойланудан ада етті. Дархан сұлқ құлаған мес қарынның үстіне қонып, аяусыз ұрғылады. Кенет жиналғандар шу ете қалды. Селебе пышақ сілтеп, күйеуін сұлатқан Әсияның анасы болатын. Кеудесінен жаны шықпай, ыңырсыған арсызды әкетуге Ажал да асықпады. Дарханның ойында бір ғана кек ойы атой салып тұрды.


Жазғы түн бұл көріністен шімірікпестен, Ай өз ажарына өзі сұқтанып, барқыт көкте жұлдыздар жымыңдасып тұрды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу