29.12.2021
  343


Автор: Айзат Рақыш

Ана жүрек неге аһ ұрды?

— Анаңның батасын алмастан, тіпті ақылдаспай-ақ бала асырап алдым деймісің? Сен өзіңнің қандай сорға тап келгенііңді тіпті салмақтай да алмайсың. Сені ана бедеу қатын құртты, өміріңді күл-талқан етті. Сен енді тек құрдымға кете бересің. Құдай-ау, енді қайттім, ұлым көз алдымда тозаққа кетіп барады. О, Аллам, жар бола көр өзің өресіз ұлыма! — Шешесінің байбаламын Дархан үзіп жіберді.


— Апа, сіз қуанар деп үміттеніп едім. Оным бекер екен.Тым құрыса қуанған рай танытсаң қайтер еді?


— Ойбай-ау, мен аза тұтып отырсам, қалай көлгірсіп қуанамын? Ана Жұпаргүлің сені тозақтың түбіне тастайды. Қайдағы бір тексізді бауырыңа басқан екенсің. Одан не қайыр күтесің, а?


— Апа, жетер енді. Мен сізден бала асырауға рұқсат сұрай келмедім. Жай хабардар еткім келген. Оның да артық болғанын көріп тұрмын. Мен кеттім.


— Қайда кетесің? Қара шаңырақтың иесі сен емес пе едің? Жұпаргүліңнің қабағы біржолата ашылсын деп, мені қызымның қолына қараттың. Мұнда жағдайым жақсы-ау, бірақ өзімді өз үйімдегідей сезіне алмаймын. Жалғызсыраймын, құлыным, өз ошағымды аңсаймын! Ал сенің бала асырап алғаның жақсылық емес, жақсылық емес! — Ана шіркін азынап қоймады. Жалғыз ұлының сәби сүймеуі оның жанын аяздай қаритын. Ал бүгін ұлы келіп, келіні екеуінің бір тастанды сәбиді асырап алғанын айтқанда, ана көңіліндегі «немерелі болам-ау» деген үміті шорт кесілген. Содан да ол жылап-сықтаудан тынбады.


— Қай күнәм үшін мені осылай бір қызыл етке зарықтырып қойдың, Құдайым? Неге мен ел қатарлы немере сүйіп, өз шаңырағымда қартаймадым? Жарқын отағасының шаңырағы күйреді ғой. Бала асырап алса, енді ана жылан келін өзі туа алмайды дегені ғой. Біліп едім, сол албастының алғаш келген күннен бастап қаншырдай қатқан кейпінен бір сұмдықты болжап едім. Қыз-күйеуімнің қолынан ақыретке аттанармын! Онда барғанда отағасына не бетімді айтамын?!Жалғыз ұлың тұяқсыз қалды деймін бе?! Сен келіннің соңынан жүріп, маған топырақ та салмайтын түрің бар. Ал, Құдай, мен сорлыны тезірек ал! Көрсетпе бұдан өзге мазағыңды!


— Апа, әке атанғанымның несі мазақ?Әкемнің шаңырағының түтіні түзу ұща береді. Өкпе-ренішіңді қой да, үйге қайтшы. Жұпаргүлді де бекерге жазғыра берме. Сені үйден қуған кім бар? Немереңді көрсең, мені бүгінгідей ренжіткеніңе өзің ұялатын боласың. Ол сондай тәтті, кіп-кішкентай.


— Тәйт, көрсетпе маған ол тексізді! Менің немерем жоқ. Соны біліп қой. Шық үйден! — Қадиша кемпірдің даусы күйіне, ащы шығып, шаңқ ете қалды. Төргі бөлмеде алаңсыз ойнап жүрген үш жасар жиені қатты дауыстан қорқып кетіп, жылап қоя берді. Азан-қазан болған үйден Дархан атып шықты. Әлденеден бас сауғалай қашқандай бір аласапыран күй.Анасының бетіне баса айтқан шындығын мойындаудан қашып бара ма? Әлде ана аузынан айтылған кесірлі болашақ болжамынан құтылғысы бар ма? Әйтеуір зытып барады. Кімге қапалы? Кімді айыптайды? Өзі де білмейді. Миында мың сұрақ қадалған бойда, көлігіне отырды. Жұпаргүлді көруге асықты. Жаны қысылса да, жадырай қуанса да бүкпесіз бөлісер, шын кеңесер өмірлік жарымен жүздесуге сабыры қашты. Жылдамдықты арттырып, құдды бір жыннан қашқандай алас ұрып үйіне жетті.Машинадан түсе сала, сүрініп барып бойын қайта тіктеп алды. Талмау көкке көз тастады. Нұрын төккен күзгі күн оған қара дақты болып көрінді. Киелі күннің өзін де дақ шалған ба? Оны да әлдекімдер ғайбаттап, көзіне шұқып, көңіліне сызат салған ба? Дархан көзін уқалай, үйіне кірді.


— Жұпаргүл, жинал, мына жақтан кетеміз. Баяғыда солай жасауым керек еді. Әлі де кеш емес. Кетеміз! — Түтіккен күйеуін көріп Жұпаргүл байсалды мінезімен оны соңына дейін тыңдады.


— Апаммен ренжісіп қалдың ба? Шілдеханаға келмеймін деді ме? — Енесімен сыралғы болып кеткен келіні оның не қылық көрсеткенін іштей бажайлап тұр.


— Анам осы жолы артық кетті. Маған тым ауыр сөздер айтты. Ұлымды тексізге, өзімді тозаққа шым батып бара жатқан шарасыз байқұсқа теңеді. Бұдан арыға төзе алмаймын. Кетеміз бұл жақтан!


— Дархан, сабыр ет. Өз анаңнан безініп оңбассың.Оның уайымын да түсінем. Өзінің туған немересі болмаған соң, оңайлықпен оң қабағын бере қоймасы да анық. Сол мінезін біле тұрып, сонша шу көтерггенің не? Бұл жолғы қылығына да шыдайсың. — Жұпаргүлдің қоңыр даусы Дарханды ашу құйынынан арашалап алды.


— Апамның ашу-ызасы басылғанша, біз де бара бермей байыз тауып отыра тұрайық. Сосын Арланды көтеріп барғанда, батасын берер. Арлан әжесінің көз алдында ер жететін болады. Дархан, сол жақсы күнге сенейікші. — Енесінің сөзін сөйлеп, оған шаң жуытпай ақтап алған әйелінің парасатына сүйсінген Дархан көңілі жайланып шайға отырды. Шай ішпестен бұрын, тәтті ұйықтап жатқан ұлының маңдайынан иіскеді. Осы бір өмірдегі ешбір иіс атаулы теңесе алмайтын ғажап сиқырлы иіс Дарханның бақытының бастауына айналған. Ұлын сүйіп, құшағына алса болғаны, бұл дүние бұрынғыдан бетер жарқырап кетеді. Достың табасы да, дұшпанның әжуасы да елеусіз қалады. Қарбалас жұмыс қамынан да, сұғанақ сөздің суығынан да жаны тек осы жерде тыныштық табатын.


— Жұпарым, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаның өзіңе жаққан ба, қалай? Өңің шырайланып кетіпті. — Дарханның сабасына түсіп, арғымақ ашуының ауыздығын байсалды ақылына ұстатқанын Жұпаргүл оның қағытпасынан-ақ аңдады.


— Көңілім тоқ. Бауырымда балам, жанымда жарым. Басымда баспанам бар. Одан артық жаратқаннан не сұрайын? -Әйелі де орайын тауып әзілдей жымиды. Ол жымиғанда Дарханның көңілінің қаймағында күллі әлем шуағын шашқандай көрінетін алғашқы жылдардағы әсер сол баяғысынша ұйып тұр еді.


— Сонда бар арманы орындалған ару бұдан өзге ештеңені қаламай ма? — Дархан келіншегін ашық еркелете жайдарылана күлімсіреді.


— Айтпақшы, бақытты аруыңның тағы бір қалауы бар. — Жұпаргүл бірден салмақты райға ауысты.


— Ол не қалау,?Тек айтсаң болғаны, демде орындаймын. — Еркелеген жарын одан бетер бақытқа бөлеуге даяр Дархан оның тілегін қазір-ақ оң шешімімен қауыштырардай құлшынып отыр.Бірақ әйелі қалжыңнан шын әңгімеге ауысты.


— Апамнан кешірім сұрап, үйге оралуын қамдайық. Осы үйдің сәні де, мәні де апам ғой. Мендегі көңіл апамның батасын алмай жайланбайтын сыңайлы.


— Құп көремін. Онда араға бірер күн салып, апамның көңілі жай бір сәтінде салып ұрып жетіп барайық. — Дархан үйінен көңілді раймен шыға берді.


Жол бойы өзінің өмірлік жар таңдауда жаңылмағанына шүкіршілік етумен болды. Анасы мен бұның арасындағы жайсыздықты жуып жіберуге дайын тұрған ақ ниетті келіншегін жанындай жақсы көретіні де осы қасиеттерінен ғой. Өзге түсіне алмаса да, Жұпаргүлдің бұны түсінбей адастырған кезі жоқ.


Жұмысына келіп жайғаса бергені сол еді, қасына орынбасары Асан келе қалды. Әйел дауысты Асан өзін бастығының көзі мен құлағы санайтын. Неше мәрте бастығынан ұрыс естіп, сөз тасу мінезінен тыйылуын талап етсе де, сүйексіңді әдетін қояр емес. Бүгін де сөйтті.


— Басеке, сіз жоқта жоғарыдан хат келді. Тазалық мамандары келмек екен.


— Ол жаңалық емес. Аурухана ол тексеруге үнемі дайын ғой.


— Одан басқа бір «еркін тақырып» қатты талқыланды. — Асан мұрнының астынан міңгірлеп, «еркін тақырыбын» көсіліп айтуға ынтығып тұрса да, Дарханнан жасқанып, тамағын кенеді. «Еркін тақырыптың» жел сөз екенін білетін Дархан күлді де қойды. Он жылдан бері оны артық сөзден аулақ жүруге оңдаса да, Асан сөздің қамын жайлаудан жаңылмай-ақ келеді.


— Ауруханада бәрі сіздің асырап алған балаңыз туралы айтып жүр. Біреулер оны сіздің жас тоқалыңыз бар, содан туған деседі. Ал енді біреулері жас қызды қорқытып, амалсыз баласын тастап кетуге көндірді дейді. Елден естіп, көңіліңіз бұзылмасын деп, алдын-ала ескерткенім ғой. Жүрегіңізге жақын алмаңыз, басеке! Өсек қой ол... — Асан сөзін аяқтай алмады, бас дәрігердің жүзі ашудан күреңітіп бара жатты.


— Жап аузыңды! Қайдағы тоқал? Қайдағы қызды қорқыту?


— Басеке, мына келер комиссия бір жағы сол баланы асырап алу құжаттарыңызды да тексереді дейді. Заңдылық жағынан анықтайды деседі. — «Дейді» мен «деседі» Дарханның көңіліне енді ғана орныққан ажары-ақылын алты қыр асырып жіберді.


— Шық кабинеттен! Тазалық мамандары қалай менің баламның құжатын тергейді екен?! — деп булықты бас дәрігер.


— Басеке, оның несіне сонша жүйкеңізді жұқартасыз? Өзіңіз де білесіз. Жұқарған жүйке қалпына келмейді.Мен бар болғаны...


— Кет! Шық! Қараңды батыр! — Дархан зор даусымен аюдай ақырғанда, Асанның ақ халатының етегі желп етіп тайып тұрды. Өзі кетсе де, Дарханның жүрегін сыздатып кетті.Кешке дейін кіріс-шығыс құжаттарды құлықсыз қараған Дархан үйіне жеткенше асықты. Ол үшін енді жұмыс орны да жайлы болудан адыра қалды. Төрткүл дүниеде жігіттің жанын тек үйі ғана жылыта алатын еді.


Өсектің өртімен кеудесін күйдіріп біткен кеш тыныштық алар түніне ұласты. Дархан айтпаса да, оның көңіліндегі кірді Жұпаргүл байқамай қалмады. Күйеуін «болған жайды айт» деп те қысамады.Қосағының өзі шешілер сәтін күтті.


Ал ертеңіне бозарып атқан күзгі таңмен бірге бұлар да ақ үміттерін үлпілдете жолға шықты. Алыс сапар болмаса да, көңілдерінде «анамыз не дер екен» деген қобалжу басым еді. Ертелете жеткен ұлы мен келінін және кішкентай Арланды қарындасының үйі ашық-жарқын қабылдай қоймады. Қарындасы мен күйеу баласы тура бір жаназада отырғандай рай бермеді. Анасы мүлде теріс қарап отыр. Келдің-ау деген жоқ. Ұлы келмегендей, тек өздері ғана отырғандай елеусіз қалдырды. Дархан отбасында үнемі ыстық көңілдің, аялы алақанның әлпештеуінде өскен еді. Ес білгелі анасының теріс қарағанын көрген емес-тін. Бұл тоң-торыс қалып оның жанына батып кетті. Дархан бірден сөз бастады. Жұпаргүл Арланды құшақтап, енесінің қас-қабағын бағып отыр.


— Апа, бұлайша бұртыңдауыңызға не себеп екенін жақсы білем.


— Білсең неге келдің? Қай бетіңмен келдің? Маған қайдағы белгісіз біреудің баласын «немерең» деп телу үшін келдің бе? — Анасы өткен жолғыдан да суық тартқан тәрізді. Құдай-ау, бұл өзінің ақ анасы ма, әлде басқа біреумен алмасып кеткен бе? Дархан бүгін анасын тани алмай отыр. Жұпаргүл он бес жылдан бері білетін енесін бүгін басқа, қатал қырынан көріп, келістерінің береке бермесін іші сезді.


— Апа, неге мені ренжіте бересің? Қарашы, Жұпаргүл және ұлым үшеуміз сені өз үйіңе алып кетуге келдік. Өтінеміз, жүрші үйге. Сенсіз ол үй қаңырап қалды ғой. — Дархан анасына жас баладай көздері жасаурай жалынды. Ана міз бақпады. Есесіне қарындасы Маржан жақ ашты, көңіліндегі бар запыранын құса салды:


— Сен үйдің жалғыз ұлы ретінде өз міндетіңді атқармадың. Анама немере сүйгізбей, қу басын қақшитып, әбден жалғызсыраттыңдар. Енді ол байқұс менің аядай үйімді паналамай қайтсін? Ал сен әкемнен қалған кең сарай мен мал-мүлікті қайдағы біреудің баласына шашып жүрсің!-Дархан қарындасының өзіне деген осыншама жек көрушілікпен айтқан сөздерінен жүрегі тасқа айналып бара жатқандай теңселіп кетті. Анасының ашуын тарқатудың орнына, бауырындағы қара жыландай болып, басын қақшита көтеріп, өсектің өртін тұтатып отырған осы екен ғой. Бәсе, әйтпесе анасы бұны дәл осылай ешқашан жазғырмайтын еді ғой. Бір-ақ сәтте көп нәрсені түсінген Дархан кенет атып тұрды.


— Жүр, апа, кеттік мына үйден. Мыналар сенің маған деген ашуыңды өз пайдаларына асырып жүр. Өз үйімізде оңаша отырып кеңесеміз. Апа, жинал!


— Ешқайда да бармаймын! Менің сүйегім осы үйден шығады. Сен ана өзіңнің қолдан жасап алған отбасыңды ал да жөніңе кет! Ана шақалақты көрсетпе! Оған ешқашан жібімеймін! Немерем деп қарамаймын!


Жұпаргүл күйеуінің жасқа толы жүзіне көзі түсіп, іші қан жылап қоя берді. Ұлын бауырына қысқан күйі, енесінің алдына тізерлеп отыра кетті.


— Апа, өз перзентіңізді неге сонша қинайсыз? Аяғыңызға жығылайын. Үйге қайтыңызшы. Сіз кеткелі бері жанымызға тыныштық жоқ. Апа, жалынамын, ұлыңыздың бақыты үшін оған оң қабақ танытыңызшы! — Солқылдап жылап, тізерлеп отырған келінін Қадиша кеудесінен итеріп жіберді.


— Менің сұңғыла ішім бір сұмдықты сезіп тұр. Бұл бала сендерге сор болып тиеді. Кет өз сорыңмен! Баламды жайына қалдыр! Оған бала табатын әйелді өзім әперем!


— Апа, тоқтат! Маған он сегіздегі қызды әперсең де, менен бала болмайды! Белсіздік ауруымен ауыратын мына менмін! Қанша емделсем де, нәтиже жоқ. Жұпаргүлдің не кінәсі бар? Қорлама оны бұлай! Түрегел, Жұпарым! Кеттік! Көшеміз! Маржан, ана сарайдай үйді саған тастаймын! Көзің бір тояттасын дүние-мүлікке! — Дархан әйелін қолынан жұлқып тұрғызып алды. Жұпаргүл егіліп жылап бауырын жаза алар емес. Он жылдан бері жасырып келген, тек екеуі ғана білетін құпияны күйеуінің табан астында жария еткенін құптамағанын бас шайқауымен ғана білдірді. Ал анасы назаланып қояр емес.


— Өтірік! Мына қатын өз кінәсін жасыру үшін сенің аузыңа осылай сөз салып тұр ма? Бұл шүйкебастан не таптың соншама? Соның құлы болып жүрсің! Кетсең кет! Өз сорыңды арқалай кет!


Шешесімен жүздесуден ауыр сезім құшағында шыққан Дархан көп ұзамай сонау батыстан Алматыға қопарыла көшті. Маржан әкесінің боз үйін иемденіп мәз болды. Асан орынбасар миығынан күліп, өзі армандаған бас дәрігер дәрежесіне қол жеткізді. Дарханға мал-мүлік те, атақ-дәреже де керек емес еді. Оған қымбаты-сүттей ұйыған, өмір соқпағында еш айнымайтын отбасы болатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу