Өлеңдер ✍️

  27.12.2021
  140


Автор: Ерлан Жүніс

Кездесу

Не істей алар екенмін сен үшін мен?
Балдың, удың... құдай-ау, көбі ішілген.
Қараймын да жүзіңе, ойланамын,
Әлденені айтамын... тек ішімнен.
Іші-бауырым езіле, емірене,
Емірене қараймын, тебірене.
Саған ғана айтатын сырларым бар,
Саған енді айтпаймын соны неге?
Өңім тағы құбылып өрт кешкендей,
Көңіл тағы құбылып дерт көшкендей,
Сақтау үшін бір ұлы құпияны,
Үндемеуге екеуміз серттескендей,
Үндемейміз. Үнсіздік ұнағандай,
Үндемейміз, іште бір кінә бардай.
Маңдайыңның қараймын сызығына,
Хал-жайыңды солардан сұрағандай.
Жанымызды, жүректі тұмшаласып,
Қайда жүрдік жолықпай мұнша ғасыр?!
Маған қарап күрсініп қоясың тек,
Білем, білем, ішіңнен мұң шағасың,
Мұң шағасың, сеземін, мұңаясың,
Мұңайғаның әдемі, құдая, шын.
Мен сені аяп отырмын, сен мені аяп,
Аярлықсыз осылай кім аясын.
Кісі көңілі көктемге сенеді екен,
Сол сенімдер боп еді неге бөтен?
Бізді айырған бір кезгі жегі сөздер,
Үнсіздікте осылай өледі екен.
Үндемеші. Осылай наз айтылар.
Қайбір сұрақ көңілді қажай тұрар.
Үндемеймін. Іште сөз жанып-сөніп,
Бізге бүгін керегі өзі айтылар.
Өткен өмір – ұмтылған түстей ғана,
Енді бізге ешкім де түспейді ара.
...Өтіп кетер ме екенбіз бұл өмірден,
Күбірлесіп екеуміз іштей ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу