25.12.2021
  215


Әлихан Бөкейханов- елімнің біртуар азаматы.

Өлсе өлер табиғат,адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңшең білмес.


А.Құнанбайұлы
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ерен еңбегімен елінің есінде қалған, Отаным деп жүрегі елжіреген, біртуар азаматтары қаншама! Осындай елі үшін,жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен қаһарман азаматтардың бірі-Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы. Ол көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады.
Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.
Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді.
Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ,: алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Ол Ақпан төнкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады.
Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
Замандастары мен халқы қадірлеп «Әлекең» деп атап кеткен Әлихан Бөкейханов – бүкіл саналы өмірін қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігі үшін арнаған аяулы ұлы тұлғамыз. Ата тегі жағынан төрелер тұқымынан екені мәлім.
Ә.Бөкейханов Ресейдің көрнекті экономист, географ ғалымдарымен бірлесе отырып, «Россия біздің отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты көп томдық еңбектің 1903 жылы шыққан қазақ өлкесіне арналған 18 томның тарауларын жазуға қатысқан. Әлекең қазақтар туралы шынайы мәліметтер келтіріп, қазақтарды асқақтатады. Қазақтың ой-өрісі мен дүниетанымы, ежелгі мәдениеті мен тарихы сияқты қасиеттері анағұрлым озық тұрғанын аңғартады. Абайды алғаш рет орыс оқырмандарына таныстырады, оның қазақ әдебиетіндегі алатын орнын бағамдайды.
1905 жылы Семей облысынан 1 Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланып, Дума таратылар алдында ғана үлгереді.Әлекеңнің саяси өмірге белсене араласуы осы кезден басталады. Орыс баспасөзінде қазақ даласындағы патша өкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін мақалалар жариялайды. Әр түрлі саяси жиналыстарға бел¬сене қатысып, қазақ кадет партиясын құруды көздейді.
Міне, Әлихан Бөкейхановтың осындай белсенді саяси қимылдары патша өкіметін сескендіріп, оны қазақ даласынан аластап, Самара қаласына жер аударады. Әлекең, онда 1908-1917 жылдары тұрып, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен қол үзбей «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.
Ақпан төңкерісінен соң, оңтайлы саяси ахуалды қалт жібермей пайдаланып қазақ елдігінің дербестігі үшін белсене қимылдайды.
1917 жылдары шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық съездерді ұйымдастырып, онда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құруға қол жеткізеді. Алашорда үкіметінің төрағалығына сайланады.
Азамат соғысы жылдары қазақ халқының ақ пен қызылдың теке тіресінде тектен-текке қосақ арасына кетпеуіне күш салады. Осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.
Кеңес кезеңінде өкімет орындары Қазақстанда тұрғызбай, Мәскеуде ұстайды, саясатпен айналысуға мүмкіндік бермейді. Жаңа жағдайға байла-нысты, бұрынғы алаш зиялылары өздерінің күрескерлік жолын өз хал-қының сауатын ашу үшін оқулықтар жазып, фольклорлық әр түрлі жинақ-тар шығарып, ғылыммен шұғылданып, аудармалармен айналысып, қазақ шаруашылығын ұйымдастыруда басқа жұрттың озық мәдени түрлерін пайдаланудың жолдарын көрсетіп насихаттауға бағыттайды.
Кеңес орындары Әлихан Бөкейхановқа тыныштық бермей, 20-жылдары екі рет тұтқындап, онда амалсыз босатып, ақыр аяғында 1937 жылдың науқанында қанды шеңгелге алады.Шығармамды қорыта келе, ақын Қоғыбай Сәрсекеевтің «Бөкейхановтың соңғы сөзі» атты өлеңінен үзінді келтіре отырып, аяқтағым келеді.
Санаулы сағат,
тауып тағат.
Сілкін, көңіл-
Соңғы демім!
Төгілген жоқ
Босқа терім.
Бар еңбегім өзің үшін-
Атамекен-туған жерім!
Шексіз сүйген
Жолында күйген-
жұртым менің,
қоштасар сәт таяды:
Бақұл бол-
елім, Қазақиям, менің!
Шүкір деймін,
Жүрмеймін кейін.
Бердің баға: «Үш Ер-
Дулатов,Байтұрсынов, Бөкейханов,
Бірі-Күн,бірі-Шолпан, бірі-Айым,
Шам қылған қазағына жүрек майын!»
Мұрат Нұрдана
9- сынып оқушысы
Күршім ауданы
№1 Теректі орта мектебі




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу