23.12.2021
  96


Автор: Нұрхалық Абдырақын

ПАНЬ ГУДЫҢ ӘЛЕМДІ ЖАРАТУЫ

Жер мен көктің ортасы ашыла қоймаған, қара түнекке оранған ғалам бағзы бір заманда жұмыртқа іспеттес болыпты-мыс. Осы бір жұмыртқаның ішінде Пань Гу есімді жігіт шырт ұйқыда болыпты. Ол жұмыртқа ішінде ұйықтаған сайын өсіп, өскен сайын үлкен күш иесіне айналады. Аңыз бойынша, ол қытай ұлтының түп атасы. Пань Гу он сегіз мың жыл шырт ұйқыда болады. Бір күні ол кенеттен оянса, жан жағы қара түнек. Сол сәтте ол қолына балта алып, қара түнекті бар күшімен қақ бөледі. Осы қатты дауыстан жұмыртқа екі бөлікке бөлінеді. Жеңіл әрі таза заттардың барлығы көкке көтеріліп, аспан әлемін құраса, ауыр әрі лас заттар ақырындап төменге түсіп, қара жердің негізін құрайды. Осылайша жер мен көк екіге бөлінген деседі.


Пань Гу жер мен көктің қайта бірігіп кетуін алдын алу үшін желкесімен аспанды, аяғымен жерді, бар күшімен екі ортаны діңгек сынды ұстап тұрды. Ал уақыт өз ағымымен өте берді. Аспан күн өткен сайын өсе берді, ал қара жер күн өткен сайын қалыңдай түсті. Ал Пань Гу ше, ол да күннен күнге өсіп, осылайша арада он сегіз мың жыл уақыт өте шықты, Пань Гудің бойы 90мың ли биіктікке жетті.


Арада талай жылдар зымырап тағы өте шықты, аспан мен жер өз орнына қатып қалды, ендігі жерде олардың арасының қайта қосылып кету қаупі жойылды. Бар күш-жігерімен, жалғыздықпен осынша жыл тік тұрып қызмет еткен Пань Гу ақыр аяғында бар күшін сарп етіп мерт болды.


Оның қазасынан кейін сол көзі күнге айналды, оң көзі жарқыраған алтын айға айналса, аяқ қолы әлемнің төрт бұрышына негіз болды, денесі тауларға, демі жел мен бұлттарға, бойындағы қаны өзендерге, бұлшық еттері жерге айналды, шаштары аспандағы жұлдыз болса, тістері мен сүйектері алтынға және тастарға айналды, денесінің қылдары ажарлы өсімдіктер әлеміне айалды, ал оның денесінен бөлінетін тер жаңбыр суы мен шыққа айналды.


Осылайша, әлемнің жаратылу жолында Пань Гу аямай тер төгіп, өзін құрбан етті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу