23.12.2021
  97


Автор: Нұрхалық Абдырақын

ДЗИГУҢНЫҢ КЕСІРТКЕ ОЙЫНЫ

Оңтүстік Сун дәуірінде Линг-ан қаласының Чиантаугуанның Тянжу деген жерде бір ағаш қолөнершісі Джаңшуо өмір сүріпті. Ол анасымен және әйелімен бірге өмір сүреді екен. Олар бай болмаса да, бақытты ғұмыр кешіпті.


Джаңшуо өте адал және қолөнерді жақсы меңгерген адам еді. Жергілікті байлар оны шақырып, үйге керек-жарақтарды жасататын. Бір күні оны Луо Чың Цянның екінші ұлы үйіне ағаш орындықтарды жасатуға шақырады. Ол екінші ұлдың кесіртке ойнап жатқанын және ондаған адамның үлкен-кіші құмыраларды көтеріп, ары-бері жүргенін көреді. Джаңшуо «Кесірткені осыншама адам күте ме?» – деп ойланып қалады да біреуден:


– Бір кесіртке жиырма-отыз теңге тұратын шығар? – деп сұрайды. Әлгі адам оны жақтырмай ала көзімен қарап:


– Жиырма-отыз теңге деп ойлап жүрсің бе?! Біздің қожайынымыз «Уаңзингаң» кесірткені үш жүз күміске сатып алған! – дейді.


Джаңшуо бұл сөзді естіп, басын шайқады. Ол: «Бір кесіртке осыншама тұратын болса, мен онда бұларға кесірткемді сататын болсам, сол ақшаға қанша жыл өмір сүруге болады екен?.. Бұл соншама қымбат қандай кесіртке екен?..» – деп ойланып қалады. Ол сол құмыраның алдына барып, құмыра қақпағын ашып көреді. Кесірткеге қарап тұрғанда ол құмырадан секіріп, сыртқа шығып кетеді. Джаңшуо шошып кетеді. Ол тез арада үй қызметшілерімен бірге сол кесірткені ұстауға кіріседі. Бірақ кесіртке еш табылмай қояды.


Үй қожайыны Джаңшуоның кесірткені жоғалтқанын біліп, оны іліп қойып ұрады. Джаңшуоға 200 дүре соғылып, оның денесі қан-қан болады. Үй қызметшілері Джаңшуоны өліп қалады ма деп қорқып, қожайыннан тізерлеп тұрып кешірім сұрайды. Қожайыны жынданып: «Үш күннің ішінде кесірткемді тауып бер, әйтпесе маған мың күміс бересің!» – дейді.


Джаңшуо әрең жүріп, үйіне қайтады. Ол анасы мен әйелінің алаңдайтынын біліп, бұл істі айтпайды. Ол үш күннің ішінде мың күміс табу керегін ойласа, жүрегі тас төбесіне шығады. Көзді ашып-жұмғанша үш күн өтеді. Джаңшуо бір жағынан ашуланып, бір жағынан қорқып, көшеде келе жатады. Бір кезде ол Сиху деген батыс көліне келіп: «Үш күн өтті. Ақша табылған жоқ. Мен осы көлге ағып кетіп, өле салайын ба екен?» – деп қатты қайғырады.


Осылай ойланып отқан кезде алыстан ән салып келе жатқан дуананы көреді. Кішкентай шашы бар, беті батпақ-батпақ, киімі жыртық, аяғындағы аяқ-киімі тозған, бір қарасаң, тура мас адам сияқты.


Джаңшуо оның Дзигуң екенін білді. Ол өзінің басына түскен қиыншылығын оған айтқалы жатқан кезде Дзигуң оған:


– Мен бәрін білемін. Сені құтқаруға келдім. Сен қалтаңдағы 300 теңгені маған бер, – дейді. Джаңгуо:


– Бұл менде қанша ақша бар екенін біледі, шынымен әулие екен ғой, – деп іштей ойлайды. Дзигуң оны Тянджуң көліне ертіп апарып, 300 теңгеге бір кесіртке сатып алып, малақайының ішіне салып қояды. Сөйтіп, Дзигуң Джаңшуоны шығыс жақтағы ең әйгілі шарапхана Уаңжияңлоуға алып келеді. Сол жерде қожайыны бірнеше достарымен арақ ішіп отырады. Дзигуң солардың жандарына барып, қожайынмен сөйлеспекші болады, бірақ қожайын оның киімі жыртық-жыртық болғандықтан сыртқа шығарып жіберуге бұйырады. Осы кезде біреу:


– Бұл кезінде патшаның әйелін ақылшы қылған адам, сен оны ренжіте көрме! – дейді. Қожайын қарқылдай күліп:


– О, әулие, мына жерге келуіңе не себеп? – деп сұрайды. Дзигуң:


– Мен Джаңшуо үшін келдім, ол сенің бір кесірткеңді жоғалтып алыпты ғой. Мен таптым, соны берейін деп едім, – дейді. Ол малақайынан кесірткені шығарып алып, қожайынның алдына қояды. Қожайыны кесірткенің аяғы ұзын, терісі жақсы екенін көріп қуанып кетеді. Ол:


– Бұл кесіртке жақсы ойын көрсете ала ма? – деп сұрайды. Дзигуң айтады:


– Бұл ең мықты кесіртке, әтештің өзі бұдан жеңіліп қалады, – дейді. Қожайын:


– Сен мені мазақ етіп отырсың ба? Егер әтешті жеңсе, мен саған 1000 күміс берем! – дейді. Қожайыны тез арада бір әтеш әкеліп, әтеш пен кесірткені сайысқа түсіреді. Әтеш кішкентай кесірткені жақтырмай, оны тұмсығымен шұқиды. Кесіртке әтештің басына секіріп шығып, басындағы айдарды тістеп алады. Әтеш оны қалай сілкісе де, кесіртке жерге түспейді. Осылай әтеш жеңіледі. Қожайын мұны көріп, қатты қуанып:


– Кесірткеңді маған сатшы, – деп сұрайды. Дзигуң оған:


– Бұл кесіртке 1500 күміс тұрады. 1000 күміс Джаңшуоның қайтарымы болсын, 500-ін маған бер, – дейді. Қожайын бұны естіп, қуанып кетеді.


Ақшасын алған Дзигуң шарапханадан шыққан соң өзінің 500 күмісі мен Джаңшуоның 1000 күмісін Джаңшуоға береді. Джаңшуо алмаймын десе де, Дзигуң оған бой бермей алғызады.


Қожайын кесірткені алған соң сол күні көп ақша ұтып алады. Оның қуанғаны соншалық, ұйықтар кезде де сол кесірткені құшақтап ұйықтайтын. Бір күні қожайын көрпені ашқан кезде кесіртке жерге түседі. Қожайын шошып кетеді. Ол қызметшілерімен кесіртке ұстауға кіріседі. Үйдің барлығын ақтарса да, кесірткені таппайды. Осы кезде қабырғаның арасынан кесіртке дауысы шығады. Қабырғаны бұзыңдар, қабырғаны бұзыңдар деп бұздырса, кесіртке жоқ екен. Осы кезде ауланың ішіндегі баспалдақтан кесіртке даусы шығады. Баспалдақты бұзыңдар, баспалдақты бұзыңдар деп бұздырса, кесіртке жоқ екен. Осылайша кесірткенің даусымен үш күн ішінде қожайын сексен бөлмесін бұздырды. Ал кесіртке баяғыда қашып кеткен еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу