Аңыздар ✍️

  23.12.2021
  607


Автор: Нұрхалық Абдырақын

НҮЙ ВАНЫҢ АСПАНДЫ ЖАМАУЫ

Аңыздардың айтуы бойынша, Хуан Ди Джулу соғысында айдаһарды жеңгеннен кейін көк тәңірі оны жұмаққа жіберіп, ауыл шаруашылығын басқаратын құдай қылды. Оның ұрпағы Джуан Сүй су тәңірі Гуңгуңмен бірге Джыңшынвей үшін жаңа соғыс ашты.


Су тәңірі Гуңгуң Ианди императордың ұрпағы болған. Адам кейіпті, жылан денелі, шашы қызыл болып өсті. Сол кезде құрлық жердің оннан бір бөлігін алып, қалғанның бары су болды, сондай-ақ судың бәрі Гуңгуң арқылы бақыланып отырды. Ол Джуан сүйдің қаніпезер билігіне көңілі толмай, үнемі ата-бабалары иеленген даңқты қайтарып алғысы келетін.


Джуан Сүй деспоттық билеуші болды. Ол күнді, ай мен жұлдыздарды солтүстіктегі аспанды қадағалап отырды, олардың қозғалуына жол бермейтін. Бұл жер бетіндегі кейбір жерлерде адамдар жарықтың сәулесінен көздерін аша алмайтын, басқа бір жерлерде қолын созған кезде бес саусағын көре алмайтын қараңғы жағдайға әкеп соқтырды. Ақыры бір күні ызақор Гуңгуң мұндай қанауға шыдай алмай, соғысуға әскер жасақтайды.


Екі көк тәңірі қол астындағы әскерін ертіп, бір ұзаққа созылған шайқас бастады, тура 77419 күн соғысты. Олар аспаннан жерге дейін шайқасып, жердің қиыр солтүстік-батыс бөлігіндегі шексіз таудың етегіне дейін барды. Гуңгуң жеңілді. Іштей әрі ұялды, әрі ызаланды. Ашуын шығаратын жер таппай, бірден бар күшін жұмсап,шексіз тауды қақ ортасынан екіге бөліп тастады.


Шексіз тау аспанның үлкен бағанасы болған еді. Ол бір үзілгеннен кейін аспан үлкен қуыстарға бөліне бастады. Солтүстік-батыс жақтың аспаны да тіреуінен айырылып қалды. Аспандағы күн, ай мен жұлдыздар ығы-жығы жер бетіне құлап түсті. Ормандар өртеніп, өзен-сулар қиғаш ақты. Жер беті бір шексіздікке айналды. Үйлер мен егістіктер суға батты, адамдар өмір сүру ортасынан айырылды. Орман мен сулардағы аңдар жанталаса қашты, адамды кездестірсе, бірден оларға ауыз салды. Жер беті қайғы құшағында қалды.


Нүй Ва жер бетіндегі өз қолымен жаратқан адамзаттың толық жойылу қаупінде тұрғанын көріп, қатты қайғырды. Ол жыртылған аспанды жамауды, халықты қайғы-қасіреттен аман алып қалуды ойлады.


Нүй Ва, алдымен, алып теңізден бір үлкен тасбақаны ұстап алып, оның төрт аяғын кесіп тастап, жердің төрт шетіне орнатып, әрең-әрең шайқалып тұрған аспанды қозғалмайтындай етті. Ал тасбақа денесін теңіз ішіндегі тауға айналдырды. Сонымен қатар Нүй Ва қайтадан терең теңіздің түбіне түсіп, көптеген қызыл, сары, көк, ақ және қара түсті тастарды тауып әкеліп, аспандағы әлгі үлкен тесікті толтырды. Жамап болғаннан кейін аспанда жаңбырдан кейін кемпірқосақ тәрізді түрлі түстер жарқ етті, расында, өте әдемі болды. Нүй Ва сондай-ақ жерге түскен күн, ай, жұлдыздарды қайтадан аспанға қойып, өз қызметтерін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берді. Кейіннен ол үлкен көлемде шөптерді әкеп жақты, шөптің шоғы арқылы жердегі бұлқынған су тасқынын тоқтатты. Соңында Нүй Ва Ижоуға кетіп, адам жейтін сансыз қара айдаһарды өлтірді.


Осылай жер бетінде тыныштық қайта орнады. Адамдар бар күшін салып, жұмыс істеп, өмір сүретін ортаны қалпына келтірді. Егістікте дән өсіп шықты, жер беті гүлдене бастады.


Адамдар өте қуанышты, өте мәнді өмір сүруі үшін Нүй Ва пішіні феникстің құйрығына ұқсайтын «шың хуаң» деп аталатын музыкалық аспап жасап шығарды. Күн сайын кешке шаршаған адамдар шың хуаңда ойнап, төгілмелі ән айтып, желпініп би биледі, өмірдің бақытын ұғынды.


Адамдардың осыншама көңілді екендіктерін көріп, енді аспандағы сарайына қайтуға болады деп ойлады. Сол мезгілде ол айдаһар көлігін кездестіріп, онымен аспанға ұшып кетті. Жер бетіндегі адамдар оған деген қимастықты сезінді, кішкентайы үлкенін сүйіп, үлкені кішкентайын жетектеп, оны шығарып салды. Олардың жүректерінде адамдарды жаратқан, адамзатты құтқарған әулиеге деген мәңгілік алғыс қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу