23.12.2021
  90


Автор: Нұрхалық Абдырақын

НҮЙ ВАНЫҢ АДАМДАРДЫ ЖАРАТУЫ

Пан Гу аспан мен жерді, өзінің денесінен күн мен айды, жұлдыздарды, жазықтық пен тауларды, өзен-көлдерді, өсімдіктерді, аң-құс, балық пен жәндіктерді жаратып, тек адамзатты ғана жаратпады. Сөйтіп, әлемге бір түрлі тірі жан жетіспей, он сегіз мың жыл құлазыған жағдайда өтті.


Кейін аспан мен жер ортасында Нүй Ва атты бір әйел құдайы пайда болды. Көптің айтуы бойынша, ол Пан Гудың жүрегінен жаратылған. Пан Гудың рухы бір кездері оған: «Мен сені ең сұлу әйелге айналдырамын, сенен асып түсетін келбет ешкімде болмайды. Мен әрі саған ерекше батылдық және әлемнің рухын құтқаратын қасиет беремін, саған мен аяқтап үлгермеген ұлы міндетті аяқтауды тапсырамын», – депті.


Нүй Ва Пан Гудың үмітін ақтаған жоқ. Ол өте сұлу болып бойжетті, күлген кезде көктемде жаңа ашылған қызғалдаққа ұқсады. Бірақ әлемде тек жалғыз өзі ғана болғандықтан, ол қатты зерікті. Осы кезде ол бұлақ жағасына су ішуге келді, су бетінде өзінің бейнесін көрді, дереу ойлады: «Жер беті осыншама кең, мен тәрізді көптеген тіршілік болса, сонда ғана бұл дүниенің мәні болар еді», – деп ойланып қалады. Осылай ол бір сары топырақты алды да, оған біраз су қосты, өзінің түріне сәйкес балшықтан бір сүйкімді баланың бейнесін жасап шықты. Балшықтан жасалған бала жерге түсе сала, «ана» деп дауыстады. Нүй Ва өте қатты қуанды, бірден бұл жаңадан жасалған тіршілік иесін «адам» деп атады.


Сол кезде Нүй Ва сары топырақтан көптеген адамзатты жасауға кірісті, мынау кең-байтақ әлемнің шаттыққа толуына жағдай жасауға шешім қабылдады. Ол сары топырақ пен суды пайдаланып, көптеген адамдарды жаратуын жалғастырды. Олар алғыс айтып, Нүй Ва аналарына тәжім етіп, дүниенің әртүрлі бұрыштарына тарап кетті.


Нүй Ва түнімен еңбектенді. «Бірақ жер беті шындығында өте кең екен, қалайша оның шет-шетін адамдармен толтыруға болады?» – деп ойлады. Нүй Ва ақыры бір жақсы амал ойлап тапты. Ол таудан көптеген шөптерді теріп әкеліп, олардан жіп иірді, оны балшық ерітіндісіне батырып, кейін бар күшімен жазық пен тауға қарай сілкіп жіберді, сансыз батпақтар жерге шашырап, олар бірден кішкентай адамдарға айналды.


Жер бетінің бары адамзатқа толып, Нүй Ва жұмысын тоқтатты. Егер адамзаттың бір тобы өлсе, Нүй Ва тағы бір тобын жасады, бірақтан былай жасау Нүй Ваға өте қиын болды. Сол кезде Нүй Ва ер адамдар мен әйел адамдардың бір-бірімен келісіп, бала туып, тәрбиелеуіне, ұрпақ жалғастыруына рұқсат берді.


Неке жүйесін қалыптастырған Нүй Ваны адамдар Құдай деп атап, оған ғибадатхана тұрғызды. Әр жылы көктемнің наурыз айында адамдар ғибадатханаға жақын жерде жиналып, салтанатты жиналыс өткізетін. Жиналысқа жиналған адамдар Нүй Ваға арнап көңілді мадақ жырларын айтып, сол арқылы адамзаттың пайда болуына өлшеусіз үлес қосқан Нүй Ва әулиені еске алып, ойнап-күліп қайтатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу