23.12.2021
  98


Автор: Нұрхалық Абдырақын

ЖЕНЬШЕНЬ БАЛА

Атақты, көркем де бай Чаңбайшан өлкесі – бағалы қытай дәрісі женьшеньнің шыққан отаны. Бірақ қарттардың айтуы бойынша, женьшень ерте кездерде бұл жерлерде өспеген, тек кейіннен ғана тарап кеткен. Бұл жайлы бір қызық аңыз бар.


Өте ерте кезеңде Тайшан тауының ортасында бір ғибадатхана орналасқан еді. Онда бір монах өмір сүрді. Алайда, ол ғибадатханада дұға оқып, Құдайға құлшылық жасамайтын, үнемі таудан түсіп, достарымен бірге арақ-шарап ішіп, көңілін көтеретін.


Монахтың он жасар шәкірті болады. Оның ата-анасы ерте қайтыс болғандықтан, ауыл тұрғындары оны монахқа тапсырады.


Монах өзі өте жалқау еді, барлық жұмысты шәкіртіне істететін. Кішкентай шәкірті күн сайын бір мезгіл де тыным таппай, төсек жинап, еден сыпырып, тамақ жасап, отын жарып, мұрнына су жетпей, зыр жүгіріп, тірлік етумен болатын. Бұған қарамастан монахтың көңілі шәкіртіне толмайтын. Шәкірті жұмысты орындаса да, орындамаса да, бәрібір оны ұратын. Кейде майшамды алып, онымен шәкірттің шашын өртейтін. Осындай ащы өмір кішкентай шәкіртті күн өткен сайын екі жағына пышақ жанығандай арықтатты.


Күндердің бір күні монах тағы да сыртқа шығып қыдырмақ болды. Таудан түспес бұрын ол кішкентай шәкіртіне: «Ең алдымен ауланы сыпыр, ауланы сыпырып болған соң, отын жар, отын жарып болған соң, су тасып әкел де оны қайнат... Егер бұның бәрін жақсылап орындамасаң, мен сенің аяғыңды сындырамын!» – деп айқайлайды.


Кішкентай шәкірті балтаны алды да, тоғайға келді. Өзінің азапты халін бір сәт еске алып, шыдай алмай ағаш түбінде жылап жібереді. Кенеттен шәкірттің алдында көз жанары жарқыраған бір кішкентай бала пайда болады. Пайда болған бала өте сүйкімді, аппақ, екі бетінен нұры тамып тұрған бала екен, үстінде қызыл түсті киімі бар екен. Басындағы кішкентай бұрымы қатты таяқ тәріздес қоқайып тұр. Кішкентай бала инелік сияқты бір сәт те тоқтамай, әрі-бері ұшып-қонып жүр. Сөйтіп, шәкірт баладан:


– Аға, сен неге жылап отырсың? – деп сұрайды. Шәкірт бала:


– Ұстаз маған отын жар деп бұйырды, егер жарып бітірмесем, ол менің аяғымды сындырады, – деді дейді. Бұны естіген кішкентай бала:


– Аға, қайғырма! Мен саған жаруға көмектесейін! – деп, балтаны алып, кішкене уақытта көп отынды жарып тастайды. Кейін екеуі жақсы дос болып кетеді. Екеуі бір күліп, бір сөйлеп, өте көңілді күй кешті. Осыншама үлкен болып, ер жеткелі бері шәкірт бала алғаш рет қатты қуанды.


Келесі күні кішкентай бала өзімен жасты бір топ кішкентай балаларды ертіп келеді. Барлығы күш біріктіріп, шәкірт баланың бар тірлігін тындырып береді. Сөйтіп, шәкірт балаға көптеген дәмді тағамдар жасап беріп, бірге әңгіме құрып отырады. Шәкірт бала:


– Ертең ғибадатханаға ойнауға келіңдер, – дейді. Кішкентай бала дереу басын шайқап:


– Болмайды. Сен біз туралы монахқа айтпа! – дейді. Шәкірт бала:


– Cендер қай жерде тұрасыңдар? – деп сұрайды. Кішкентай бала алысты нұсқап:


– Анау жерде! – деп, бұдан өзге ештеңе айтпады.


Уақыт өте келе монах шәкіртінің жұмысты тез орындайтынын байқайды, оған бұрынғыдан да көп әрі қиын жұмыстар берсе де, шәкірті бәрін жылдам әрі жақсы орындап шығатын. Монах әрі ойланып, бері ойланып:


– Саған жұмыс жасауға көмектесетін біреу бар ма? – деп шәкіртінен сұрайды. Шәкірті басын шайқады. Монах есіктен шығып бара жатып:


– Саған басқа біреу көмектессе, сенің оған алғыс айта барғаның дұрыс болар, – деді. Жас шәкірт қу монахқа жақындап келді де, бар шындығын айтты:


– Мен олардың қайда тұратындарын білмеймін, – деп жауап береді. Монах бірден:


– Мен саған бір ұзын жіңішке жіп берейін, сен оны кішкентай баланың ішіне байла, осылайша оның үйін таба аласың ғой, – деп айтты.


Адал шәкірт монахтың айтқанына алданып қалды. Келесі рет кішкентай баламен қоштасар кезде ол жіңішке жіпті білірмей кішкентай баланың ішіне байлап қояды.


Келесі күні таңертең монах ақырын өрмелеп жүріп орманға келді, жіптің бойымен жүріп келіп, ол жіңішке жіптің бір ұшы женьшеньді көк майсаға байланғанын көріп, бірден қатты күліп жіберіп: «Мына женьшеньдер рухқа айналып кеткен екен, мен бай болатын болдым!» – деп қатты қуанды. Ол бірнеше женьшеньді қазып алды да, оларды ғибадатханаға алып келіп, сөреге қамап қойды. Араларынан ақ әрі нәзік екі женьшеньді жұлып алып, қазанға салып қайнатты.


Монах кішкентай шәкіртіне: «Сен отқа жақсылап қара, мен таудан түсіп, жұртты тамаққа шақыруым керек», – деп дереу шығып кетті.


Шәкірт бала жабырқап отырды. Кенеттен: «Аға, бізді тезірек құтқар!» – деп біреудің шақырып жатқан даусын естиді. Дауыс сөренің ішінен шыққан еді. Сөре құлыптаулы екен, ол құлыпты балтамен шағып ашса, ана жолғы оған көмектескен кішкентай балалардың сөреден секіріп түсіп бара жатқандарын көрді. Бір кішкентай бала: «Барлығына сен кінәлісің! Сен біздің екі інімізді өлтірдің!» -дейді.


Шәкірт қазанның қақпағын ашып, ішіндегі екі женьшеньді көрді. Осы кезде ғана ол кішкентай балалардың рухқа айналған женьшень екендерін түсінді. Ол өзінің ақымақтық жасағанын біліп, бірден дауыстап жылап жіберді. Кішкентай бала оны жұбатып:


– Бұл сенің қатең емес, монах расында да өте қатігез. Мұнда қалуға болмайды, біздің басқа бір жерге кетуіміз керек, – деді. Шәкірт:


– Мен сендермен бірге кетемін, – деді. Кішкентай бала:


– Жарайды, сен қазандағы сорпаны құйып ал да, ғибадатхана айналасына төк, – дейді.


Шәкірт бала асығыс ожауды іздеп, тауып алған соң женьшень сорпасын қабырғаға төкті, осы кезде бүкіл ғибадатхана ақырын жерден көтерілді. Сол сәтте монах қонақтарды ертіп ғибадатхана есігіне қарай келе жақан еді. Мына көріністі көріп, бар даусымен: «Ай, оңбаған! Мынауың не?!» – деп айқайлады. Ол айналып жүгіріп жүріп, ғибадатхана есігінің алдындағы баспалдаққа әйтеуір бірқолын жеткізді. Ғибадатхана тоқтамай көтеріле берді. Монах енді жеттім дегенде, ғибадатхана биікке қатты көтеріліп кетеді. Осы кезде монах шәкіртіне жалынып:


– Шәкіртім, тездетіп мені жоғары тартып жібер! – деді. Шәкірттің реніштен бүкіл денесі дірілдеп:


– Кәрі жексұрын, сен әлі де адамдарды жәбірлегің келе ме?! – деп монахты ағашпен ұрады. Монах төмен қарай құлап кетеді. Бір кесек тастың үстіне құлап, лезде батпаққа айналып кетеді.


Кейіннен женьшень балалар Чаңбайшанның ескі орманында тыныш өмір сүрді. Әлгі ғибадатхана бұлттың бетінде жүзгендіктен «Бұлтқа асылған ғибадатхана» деп аталып кетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу