👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  23.12.2021
  51


Автор: Нұрхалық Абдырақын

АҚ ЖЫЛАН АҢЫЗЫ

Ерте ерте ертеде, Ымей тауында ақ жылан мен жасыл жылан өмір сүріпті. Мыңдаған жылдар өткен соң бұл екі жылан екі сұлу қызға айналыпты. Ақ жылан өзіне Бәй Су Чжын, жасыл жылан Сиау Чиң деген ат қояды. Олар апалы-сіңлілер болып, күндіз-түні бірге еңбектеніп, тату-тәтті өмір сүреді. Олар тау үстінде жалғыздықтан зерігіп кетеді. Адамдар арасындағы мейір-махаббатты аңсап, таудан түсуге бел буып, табиғаты тамаша Хаң Чжоудың Сиху көлінің жағалауына келеді. Көл мен таудың тамаша көрінісі расында ертегі әлемінен де әдемі еді.


Сиау Чиң: «Әпке, мына жер шынымен керемет екен. Қарашы, анау жүзіп жүрген жігіттер мен қыздардың барлығы жұп-жұбымен», – дейді. Бәй Су Чжынның жүрегі толқып, ойланған күйі басын изейді.


Мамыр айы. Ауа райы құбылмалы. Қазір ғана ап-ашық аспан кенеттен бұлттанып, жаңбыр жауады. Шомылып жүрген адамдар жан-жаққа қашады. Сиау Чиң де әпкесінің қолын ұстап, көпірдің жанындағы жылауық ағаштың астына келіп жасырынады.


– Кешіріңіздер, сіздер қайда бара жатсыздар? – деп сұрайды. Сиау 


Осы кезде қолында қолшатыры бар жас жігіт келеді. Есімі оның Сүй Сиен, жастайынан әке-шешесінен жетім қалып, әпкесінің қолында өскен. Қазір бір дәріхананың қожайыны. Ол Бәй Су Чжын мен Сиау Чиңның жаңбыр астында су болғанын көріп, жаны ашып:


Чиң:


– Біз Чиен Таң Минде тұрамыз. Сіз қайда барасыз? – дейді. Суй Сиен:


– Мен Чиң Бо Минге қайтамын. Сіздер мына қолшатырды алып, жаңбырдан қорғана тұрыңдар, мен қайық алып келейін, – дейді де, қолшатырды Бәй Су Чжынның қолына ұстатып кетеді.


Зорға дегенде бір қайық келді, қайықшы: «Бүгін жел қатты, құлап қалмас үшін бір-біріңді ұстап отырыңдар», – дейді. Үшеуі бір-біріне жақын отырып, бір қолшатырдың астына тығылды. Қайықшы: «Ең сүйікті Си Худың ақпан айының күндері...», – деп өлең айтады. Өлеңді естіп, Бәй Су Чжын еріксіз ерекше сезіммен Сүй Сиенге қарай берді, Сүй Сиенді көре сала ерекше сезімге бөленетінін кім білген, беті қызарып, өне бойын от шарпыды. Сиау Чиң ол екеуінің арасында сезім пайда болғанын әуел бастан байқап, тоқтаусыз жымыңдап күлді.


Чиен Таң Минге де жетсе де жаңбыр әлі қояр емес. Суй Сиен:


– Қолшатырды ала беріңіз, мен келесі күні қайта келермін, – дейді. Бәй Су Чжын:


– Біз ата-баба аруақтар храмының қасында тұрамыз. Сен міндетті түрде қайтып кел! – деп өтінеді.


Әдемі келбетті, жұмсақ мінезді Бәй Су Чжын Суй Сиеннің қиялына мықтап қона бастайды. Ол тіпті түні бойы көз ілген жоқ. Екінші күні таңертең храмға келді. Бәй Су Чжын оған арнап ас әзірледі. Екеуі әңгіме бастады, ғашықтың тілі – үнсіз тіл, екеуі не айтарын білмей, үнсіз бір-біріне қарап, орындарынан тұрып кетеді. Бәй Су Чжынның беті қызарып, Сиау Чиң құлағына бірнәрсе сыбырлады да, дереу бөлмеге бет алды.


Сиау Чиң күлімсіреп Суй Сиеннен:


– Біз сенен жұбайың бар ма деп сұрайын дегенбіз, – дейді. Суй Сиен:


– Жоқ, – дейді. Сиау Чиң:


– Онда жақсы, сен әлі әйел алған жоқсың, біз күйеуге тиген жоқпыз, әпкем сенімен тұрмыс құруға әзір. Сен бұған қалай қарайсың? – деп сіңілісі төтесінен соқты.


Суй Сиен мұны ести сала қуанышы көкке жетті, бірақ онысын білдірмей:


– Мен келісемін, бірақ мен дәріханада жұмыс істеймін, қалайша Сиау Чиң мен Бәй Су Чжынды асыраймын? – деп күмілжіді. Сонда Сиау Чиң:


– Біз ақша үшін емес, жауапкершілігі мол, жақсы адамға үйленгіміз келеді. Сен мына қолшатырды бізге құдалықтың жолы ретінде бер де, өздерің храмға барып, некеге отырыңдар, – деп бар істі сіңілісі шешеді. Суй Сиен осылай жолым болар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Қуанышы көкке жеткен ол Бәй Су Чжынмен ерлі-зайыпты болған соң Су Чжоуға көшіп барады.


Бір жылы Су Чжоуда жұқпалы эпидемиялық ауру тарап, көп адамдарға дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен адамдар дүние сала бастайды. Бәй Су Чжын мұны көріп, ауруға өзі дәрі жасап, ауруларға таратты. Дәрі адам ағзасына таңғажайып әсер ететіндіктен, олардың дәріханасына келетін адам күннен-күнге көбейе түседі. Олардың саудасы жақсы көтеріледі.



Бір күні Чжэньцз янь храмының монахы Су Чжоуға келіп, дәріханаға кіреді, Суй Сиен жүзінен қара дақ байқайды да:


– Саған жамандық төніп тұр, әйелің – мыңжылдық жылан, – дейді. Суй Сиен мұны естісімен қатты ашуға бұлығып:


– Менің әйелім маған ерекше мейірімді, ол қалайша жылан болсын?! – деді де, теріс айналып жүре берді, ал кәрі монах артынан жүріп келе:


– Сенің құлағың керең екен, айтып жатсам да құлақ аспайсың! Күндердің бір күнінде шындық су бетіне шығады! – дейді.


Көзді ашып жұмғанша талай жыл өтеді. Бір мереке күні Бәй Су Чжын мен Су Чжоу үшін ауыр күн туады, апалы-сіңлілер өзінен-өзі қатты қиналады. Жақын арадағы тауға қашып кеткілері келеді, бірақ Суй Сиен күдіктенер деген ойға келеді.


Суй Сиен мүлдем ешнәрсені білмейтін еді. Ол қуанып, шарап сатып алып, мерекені жұбайымен тойлағысы келеді. Бәй Су Чжын жүкті болғандықтан шарап ішуден бас тартады. Бұны естіген Суй Сиен одан сайын қуанып, мерекені тіптен қатты тойлағысы келеді. Күйеуі Бәй Су Чжынге бір стақан шарап ішкізеді, ол ішісімен басы айналып, жүрегі айниды, одан әрі шыдай алмай кетеді. Ол қатты қиналып: «Жаным, жолай көрме!» – деп, төсекке барып жатып қалады.


Суй Сиен әйелінің түрі өзгергенін көріп, қорыққанынан бірнеше рет әйелін шақырады. Үн жоқ. Ақырындап төсекке жақындағанда бір үлкен жыланды көреді де, қорыққаннан жан тапсырады. Бәй Су Чжын Суй Сиеннің жерде өліп жатқанын көріп: «Жаным, сені өлтірген мен», – деп, еріксіз жылап кетеді. Сиау Чиң: «Қазір жылаудың еш пайдасы жоқ, оны тірілтетін амал ойластыру керек», – деп әпкесін жұбатады. Бәй Су Чжын: «Күнлүн тауына барып, линжышян шөбін алып келсе ғана оны құтқаруға мүмкіндік бар», – дейді.


Күнлүн тауында бір үңгір бар соның төңірегінде линжышян шөбі өседі, оны бұғы, тырна қорғайды. Бәй Су Чжын түні бойы жол жүріп зорға жетеді. Линжышян шөбіне жақындай бергенде бұғы оны байқап қалады да:


– Қайдан келген пері қызсың?! Шөпке тиме! – деп айқай салады. Бәй Су Чжын:


– Бұл шөп маған жұбайымды құтқару үшін керек. Берші! – деп тізерлеп жалынады. Бірақ бұғы қыздың сөзіне қайдан құлақ ассын. Бұғы қызды сүзуге жақындаған кезде, Бәй Су Чжын қылышын ұстап қалады. Ол енді бұрылып кете бергенде, тырна келіп оның жолына бөгет болады. Бұл мезетте Бәй Су Чжын шөпті ұстаған болатын. Шөптің екі қорғаушысы екі жақтан шабуыл жасайды. Арпалыстан әбден шаршаған Бәй Су Чжын күші кетіп, жерге құлап түседі.


Екі қорғаушы Бәй Су Чжынды өлтірмек болады. Дәл осы сәтте бір шал келіп: «Бойыңда балаң бар екен, сені өлтірмейміз. Шөпті алып үйіңе қайт, күйеуіңді құтқар, таудан түсе ғой», – дейді. Бәй Су Чжынның көзі жасаурап, шалға алғысын білдіріп, үйіне қайтады.


Суй Сиен шөпті ішкеннен кейін қайта тіріледі. Денсаулығы қайта қалпына келгенмен, оның есінде жылан тұрады, рухы төмен болады. Мереке күні не болғаны есіне түсіп, әйеліне күдіктене қарайды. Енді қайтып бұрынғыдай әйелімен жақын болғысы келмейді. Енді жігіт бұрын үйлеріне келіп кеткен монахты әдейі іздеп барады. Монах оның келгенін көріп:


– Менің айтқаным рас болып шықты ма? Енді әйеліңмен айырылыс! – дейді. Бұл сөзді естіген Суй Сиеннің бет-әлпеті өзгеріп шыға келеді де:


– Әйелім маған ерекше жақсы, оның үстіне аяғы ауыр, қалайша онымен айырылысамын? – дейді. Монах оған:


– Сен әлі жассың! Шындыққа тіке қара! Күндердің бір күнінде ол сені жұтып қояды! – дейді. Суй Сиен мұны естіп:


– Мені құтқара гөр, – деп жалынады. Монах бұған қарқ-қарқ күліп:


– Сен алдымен пұтқа табынуың қажет, – деп Суй Сиенді өзімен бірге Жин Шан пұтханасына ертіп алып келеді.


Бәй Су Чжын күйеуі бірнеше күн бойы үйіне қайтпаған соң Сиау Чиң екеуі оны іздеп, Жин Шан пұтханасына барады. Монах Бәй Су Чжынды пері деп балағаттап: «Күйеуіңді енді тек күн батыстан шыққан кезде, өзендер ағысы кері қарай аққанда ғана бірақ көресің!» – дейді.


Ашу мен ыза кернеген Бәй Су Чжын мен Сиау Чиң өзен жағасына келіп отырады, бір тал шашының арасынан қадауышты жұлып алып, одан қайық жасайды. Екеуі қайыққа отырып, Сиау Чиң қолындағы жалауын бірнеше рет желпіп қалғанда қатты жел соғып, ақ бұйра толқындардың арасынан сансыз әскер пайда болады.


Бәй Су Чжын монахты енді жеңуге аз қалған кезде толғағы қысып, амалсыз артқа шегінеді. Қайтадан басқа амал ойластыра бастайды.


Табынуға арналған арнайы бөлмеде отырған Суй Сиен сырттағы тарсылдаған дыбыстарды естіп, екі келіншектің монахпен ол үшін соғысып жатқанын байқайды. Әйелінің махаббатын ақтай алмаған ол іштей қынжылады. Ешнәрсеге қарамастан храмнан шығып, әйеліне келеді.


Олар қайтып келгенде үйі, дәріханасы барлығы жоғалып кететінін кім білген. Суй Сиеннің жүрегі ауырады. Өздері алғаш рет кездескен көпірге шығып, Бәй Су Чжын мен Сиау Чиңді көріп, еріксіз бет-әлпеті өзгеріп, қатты ұялып, келіншегім деп бас салғысы келеді.


Алайда, Сиау Чиң Суй Сиенді көре сала ашуға булығады. Суй Сиен болса:


– Мені құтқарыңдар! – деп айғай салады. Бәй Су Чжын:


– Мені көруге қай бетіңмен келдің?! Адал емессің! – деп ренжиді. Суй Сиен:


– Барлығы – монахтың кесірі, – деп ақтала бастайды. Бәй Су Чжын бір күрсініп алып:


– Бүгінгі күнге дейін мен саған шындықты айтқан жоқпын. Ал енді айтуға тура кеп тұр. Мен қарапайым әйел емеспін, бұрын мен Ымей тауында тұратын жылан едім, кейін әйелге айналдым. Бірақ мен кім болсам да, саған деген сезімім шексіз. Сен мұны түсінбедің бе? – деп жылайды. Суй Сиен:


– Менің де саған деген сезімім шексіз. Сен жылан болсаң да, саған деген сезімім еш өзгермейді, – деп күйеуі де жылайды. Сиау Чиң де қатты күйзеледі.


Бірнеше күннен кейін Бәй Су Чжын ұл босанады. Бала бір айға толған осы бақытты күні монах кенеттен кіріп келіп, қолындағы темірді тастай салған кезде темір Бәй Су Чжынның басына тиіп, ол қимылдай алмай қалады. Монах: «Пері, пері, сен адамдар арасына тағы келдің бе?» – деп айқайлайды. Осы кезде үйге найзағай түседі. Бәй Су Чжын көзден ғайып болады.


Бірнеше жылдан соң қолында жалауы бар Сиау Чиң келе жатып, кенеттен гүрс еткен дыбыс естиді. Сонда монахтың қолындағы таяғы сынып жерге түскенін көреді. Осылай бұлт сейіліп, күн шығады. Артынша Бәй Су Чжын көрінеді. Ол әлсіз болғанымен, әлі де сұлу қыз қалпында еді.


Аңыздың тағы бір нұсқасыXаң Джоудың Ши Ку көлінің жағасында ертеде әдемі бір ақ, бір сұр жылан өмір сүреді, жылдардың өтуімен осы екі жылан әдемі екі сұлу қызға айналады, сөйтіп екі қыз әпкелі-сіңілі болып күндер өткізеді. Көлден ұзаңқырап шыққан ақ жылан қыз малмандай су болып жаңбырда қалады, ел кезіп жүрген Шуи Сиән есімді жігіт қызды қолшатырының астына алады, екеуінің бір қолшатырдың астында махаббат оты тұтанады. Қос ғашық Дзинь Сиән ғибадатханасына қол ұстасып барады, оларды көрген Фа Хай монахы қызғаныштан іші удай күйіп, бұлардың арасына от салу мақсатында ақ қызға ебін тауып, мереке күнін сылтау етіп, сары арақ ішкізеді, ақ қыз артынша ауырып, өліп қала жаздайды. Ақ қыздың өмірін Шуи Сиен зорға құтқарып алады, бірақ Фа Хай монах тағы да олардың арасын ашуға тырысады. Екі ғашық үйленуі үшін тамаша жоспарлар құрса да, монах олар құрған жоспарлардын бәрінін күл-талқанын шығарады. Ақыр аяғында ақ қыз өледі. Бұл – халық арасында судың бойында өмір сүретін усыз, әдемі, ақ жыланның негізінде қалыптасқан аңыз. Ақ жыланның жотасында сары және қоңыр теңбілері бар, бауыры аппақ болады. Бұл ақ жылан ғайыптан ақ қызға айналады.


Таң патшалығы заманындағы «Ақ жыландар» деген кітаптың да бұл аңызға әсер еткені анық. Бұл аңыз дамып, Дзинь Сиен тауындағы айдаһар аңызына ұласып кетеді. «Си худың үш мұнарасы» деген кітапта да ақ жыландар туралы көп әңгіме айтылады. Миң патшалығының соңғы кезеңінде Фэң Мэң Луң жазған «Әлемге ескерту» деп аталатын кітапта «Ақ жылан» аңызын сөз етеді. Чиң патшалығының бас кезінде «Ақ жылан» аңызы негізінде «Ли Фэң ғажайып мұнарасы» атты аңыз пайда болады, ол махаббат еркіндігін аңсаған жастардың ер-жігерлерін сөз етеді. Бұл аңыз сол кездегі феодалдық қоғам теңсіздігіне қарсы тұрған шығарма еді. «Жындар және ақ жыландар ордасы» атты кітап «Ақ жылан» аңызы негізінде пайда болған аңыздардың біреуі еді. Бұл «Ақ жылан» аңызы бүгінгі күнде нотаға түсіріліп, махаббат симфониясына айналды. Сонымен бірге бүгінгі қытай әдебиетінің дамуына тікелей әсерін тигізген тамаша шығарма болып cаналады.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы