Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  129


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Жақсы

Жақсыға жұрт қоспайды кез келгенді,
Әр тағдырға бір тараз безбендеулі.
Ауызбен аю алған толып жатыр,
Ер жасы-Елу екшейді Ез бен Ерді.

Жақсы — абыз.
Дініне ақ, тақуадар.
Ұрығына Алты Алаш — қанына адал.
Құлқын құртпас атақ пен байлық, мансап.
Ақ тілеулі ар құлы — жанына адал.

Жақсы — Қызыр.
Қол қусыр, қолын ұста.
Ауыстырма алтынды жез бен мысқа.
Жез мық сөзін жадыңа шегелеп қой,
Ақылыңа — шамшырақ, ойға — нұсқа.

Шын жақсының өрімтал ісі жақсы.
Өңі, ойы, лебізі — іші жақсы.
Жайсаңына жақсының жеткізетін,
Айналамда аман бол ынтымақшы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу