Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  281


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Аналарға арнау

Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар —
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе,- лайықсыздар.

Өр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді, — лайықсыздар.

Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу