Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  138


Автор: Жанат Жаубасов

Атамекен – Тәңіртау

Тәңіртау – Мұқағали мекеніне,
Баурайлы Қарасаздың етегіне,
Жетер ем жер түбінен бір көруге,
Ілесіп, сағыныштың жетегіне.

Қиялмен қырандай боп кетер ме ұшып?
Қарадым тұлғасына ойлай түсіп,
Ақынның дәл өзіндей самғай шырқап,
Тұр екен «Елшенбүйрек» көкті құшып.

Айғас тас, Құмбел анау еңселенген,
Өсері рас екен еңсең елмен.
Мұқаңды тау шыңындай өсіріпті-ау,
Көрмесем, өз көзіммен мен сенер ме ем?!

Қалдырған жүрегінің елде кенін,
Мен көрдім, сездім солай ер мекенін.
Ұясы батырлар мен ақындардың,
Жетісу дейтін жәннат жерде екенін.

Жасымнан Жетісуда еңбек еттім,
Үйреніп ұстаздардан, ізет еттім,
Мұқағали тойында «Сарыжазда»,
Мәреге ақындармен мен де жеттім.

Ағадан Әбділдадай бата алғам,
Жеңдірді айтыстарда арайлы арман.
Халқымның сөз өнерін аялаған,
Бой бермес сайыстарда мен бір тарлан.

Байқасам тоқтамайтын өмір дауын,
Тілеймін байтақ елдің мен де «сауын».
Сүйемін дәл өзіңдей жырымды арнап,
Мұқағали ағамның Тәңіртауын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу