Өлеңдер ✍️

  20.12.2021
  124


Автор: Ақанжан Келімбетов

Сұлу Көкше

Көк күмбез, көгілдір тау, көкте Көкше,
Көк тастан баспалдағы текше-текше.
Жаныңды жадыратқан саф ауасы,
Ерекше жер жаннаты Көкше емес пе?

Қазақтың жер сұлуы Көкше деген,
Табиғат әдейі арнап кестелеген.
Салқын су, әтір шашқан түрлі гүлдер,
Сақталар жан саяңда есте кілең.

Бурабай сексен көлдің ортасында,
Қылтиып қыран отыр қыр басында.
Жан-жағы көмкерілген жасыл желек,
Керіліп кер маралы тұр қасында.

Сыңсыған тау етегі биші қайың,
Көз тартқан көркемдігі келген сайын.
Көтеріп көңіліңді сергітеді –
Аңқытып түрлі гүлдер иіс майын.

Көк аспан – көк шатыры төңкерілген,
Көк шалғын – алтын зері көмкерілген.
Манаурап Көкше жатыр тәтті ұйқыда,
Көк тастар – күзетшісі семсер ілген.

Күн шығып нұрын шашып елжіреді,
Төбеде шуда бұлттар селдіреді.
Желпісе тау самалы Көкше бетін,
Басында жібек шәлі желбірейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу