19.12.2021
  460


Автор: Сафуан Шаймерденов

Тұман көз

Демалыс күні. Ірілі-уақты бес бала аула ішінде құм төмпешікте ойнап жүрді. Сәбилер қылығын қызықтап верандада отырмын. Олар болса, мені көрген жоқ. Жұмыстары қауырт. Ешкімге зер салар емес. Ренжіспей, төбелеспей тату ойнап жүр. Кенет осылардың арасында шашы едірейген ұзын бойлы, тұман көз бір бала сая бола қалды. Ол да ойынға келіп қосылды.


Кенет ар жақтан жарымжан адам мінген бір коляска көрінді. Біздің аулаға кіре берісте бір дөң бар еді. Моторы тырылдап келіп, сол дөңге асыла берді де, бық етіп кейін кетті. Артында қою көк түтінін будақтата келіп коляска тағы да өрмеледі. Асыла беріп тағы да кейін кетті.


Бұл кезде балалар көңілі осы бір жайға ауған еді. Бәрі де ойындарын қоя салып солай қарап, қызықтап қалған.


Бір кезде жаңағы соңынан қосылған тұман көз тұрып:


— Кәне, ағайға көмектесіп жіберейік, — деп жүгіре жөнелді. Сол-ақ екен қалған балалар да лап қойысты.


«Өзі бір ақылды, ибалы бала екен», — деп ойладым мен. Сәбилер барған бойда - ақ колясканың артына жармасты. Кішкене мотор қайта бықылдады. Коляска екпіндей келіп орден асып барып тоқтады. Манаты тұман көз кескестеп алға шықты. Өжеттігі ме, сұғанақтығы ма, кім білсін.


— Аға, біз көмектестік қой сізге. Бізге бір сом беріңіз.


Жарымжан адам күлді де, қалтасынан тұтас бір шоколад алып шықты. Содан кейін:


— Рахмет, балалар. Өркендерің өссін. Мына шоколадты бөліп жеңдер, - деп тұман көз балаға ұсынды. — Таласпайсыңдар ғой?


— Таласпаймыз! — деп балалар шуласа жауап берді.


Жарымжан адам аса бір мейірбан жүзбен қолын бұлғады да ілгері жүріп кетті.


Балалар енді тұман көзді қоршалай қалысты. Тұман көз шоколадты олай бір, бұлай бір аударыстырды да:


— Жүріңдер, ең алдымен ойнап аламыз. Шоколадты содан кейін бөлеміз, — деп алаңға қарай ойысты.


Балалар тағы да ойынға кірісті. Тұман көз де бір машинаға құмды толтыра тиеп екінші бір жерге апарып төкті. Содан кейін қайтып келді де, қолына күрек алды.


— Сендер осы арада үй салыңдар. Ал мен ана жерге барып құдық қазайын.


— Жарайды, — деп дабырласты қалғандары. — Біз үй саламыз, сен құдық қазасың.


Тұман көз өзі нұсқаған жерге барды. Құмды бір-екі рет көсеп алып былай тастады. Сонан соң балалар жаққа көз салды да, аңдып тұрған ешкімнің жоғын байқап зыта жөнелді. Шоколадты қалғандары да ұмытпаған екен. Тұман көздің соңынан дүркірей тартты.


Тұман көз қарсы беттегі үйді айнала қашты. Қалған балалар оны айнала қуды.


Енді бір кезде үйден бұйра шаш бір жас әйел шықты. Тұман көз енді сол әйелге қарай ұмтылды.


— Мама, мына қарашы, мыналар, міне, соңымнан қалмайды. Шоколадты тартып алмақ, — деп шағына сөйледі.


— Кәне, шоколадты маған берші.


Қуғыншылар не болар екен дегендей кейінірек шоғырлана тұрып қалды.


— Мама, менің шоколадым, ағай маған берген. Мыналар тартып алғысы келеді, — деді тұман көз шешесіне шоколадты ұсынып жатып.


Бұйра шаш әйел шоколадты алды да, бірдей етіп беске бөлді. Содан кейін оқшауырақ тұрған бес балаға барды. Үлестіріп берді.


— Мама, маған қайда? Ол ағай бұларға емес, маған берген, — деп тұман көз жыламсырай сөйледі.


— Кімге бергенін терезеден көріп отырғанмын, — деді шешесі, — өтірік айтасың, өзімшілсің, сол үшін саған үлес тимейді.


Шоколадтан үлес алып қуанған балалар дабырласа сөйлесіп өз жайларына кетті. Ал тұман көз орнында сорайып жалғыз қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу