19.12.2021
  226


Автор: Сафуан Шаймерденов

Мені қалай үйлендірмек болды

Сөйтіп, менің Түмен қаласына келгеніме де біраз уақыт болып қалды. Басында қан сорпасы шығып жатқан Батысқа жібермей, Шығысқа аттандырғаны несі деп күдіктенген де едім. Бірақ Түменде де қуанатындай ештеңе жоқ екен. Республиканың солтүстігіндегі қазақтар «Түмен», «Түмен» — деп аузынан тастамаушы еді. Екі сөзінің бірінде «Түменге кетіпті», «Түменнен келіпті», — деп отыратынды. Сөйткен Түмені үлкен бір деревнядай ғана. Қаланың бар байлығы — сазы мен қалаға сұғына кірген қарағайлы орманы. Тас төселмеген көшелері аттылы арба өте алмайтын батпақ болып жатса, кісі жүретін тротуарлары біршама дұрыс - қарағай тақтай төселген болып келеді екен. Дұрыс дегенім, әрине, жай сөз. Жерден қарыс сүйем биігірек түбір қазықтарға шегеленген әлгі тақтайлар әманда күтімді, күнде қадағалап отыруды қажет ететін болса керек. Соғыс зардабы ма, әлде қай кезде болсын бойымызға үйір құлықсыздық, құнтсыздық па, шегесі босаған, не болмаса сынып, шіріп түскен тақтайлармен жүру оңайға түсе бермейді. Шегесі босаған тақтайлардың бір басын бассаң, екінші басы сартылдап, қопаңдап кетеді. Ондай жерлерде қыл көпірден өткендей екі қолың ербеңдеп, қалай қуламаудың амалын қарастырасың. Сынған жерлерге аяғын тығып алып, жығылып жататындар да табылады. Кейде сорайған шегелерге табанын қадап алып, шойнаңдап қалатындар да аз емес.


Мен, міне, осы Түмен қаласында әскер қатарындамын... Бірақ солдат гимнастеркасын кидік деген атымыз ғана. Ертемен тұрып, бірер сағат қала сыртында жүгіріп жаттыққанымыз болмаса, қалған уақытымыз қара жұмыспен өтеді. Осы Түмен қаласын бүйірлеп ағатын мол сулы Тура өзені бар. Сол өзеннің үсті ағызып әкелінген бөренелерге толы. Соны жағаға шығарамыз да, аралаймыз. Тақтай тілеміз. Соғыс кезінде қылшылдаған жігіттерді қолына мылтық беріп жауға неге жібермейді, мына тақтай тілдіргені несі дегендерге, командир жауабы біреу-ақ: «Бұл жұмыс - майданға барғанмен тең. Өйткені осы бөренелерден соғыс самолеттерінің қаңқасы жасалады. Тақтайларды көбірек тілсек, самолеттер де көбейетін болады. Самолет көбейсе, фашистерге соққы да күшейе түседі». Осы жауапты медеу етеміз де, бөрене аралауға жұмыла кірісеміз.


Өстіп күндер өтіп жатты. Менің қасымда Сәдуақас дейтін ересек бір жігіт бар. Дәлірек айтқанда, ол менің қасымда емес, қайта мен осы бір еңсегей бойлы қайырымды жігіттің қасындамын. Жасы да үлкен, көргені де көп Сәдуақас мені сары ауыз балапан көреді де, қамқорлығына ала жүреді. Сапта қатар тұрамыз. Казармаға да бірге келеміз. Жатар жеріміз де іргелес. Асханада да бір столдың басында отырамыз. Оның үстіне елден келген сәлем-сауқаттар да бөлінбей ортаға түседі. Негізінде ақ көңіл, ашық қол, мейірі мол Сәкең: «Қарның ашып қалмасын, ішіп ал, аяғың тоңып қалмасын, шұлғауыңды жайып жатуды ұмытпа», — деп жүргені үнемі.


Сәдуақасты қанша үлкен десем де, әлі отызға да келмеген жігіт шағы ғой. Үйленгеніне де көп болмаған. Қол бос кезде, сол, құмары тарқамай ауылда қалған жарын, қызығы басылмай жөргекте қалған баласын ойлайды. Ыңырсып ән салады. Айтатыны кәдуілгі — «Қамажай». Бірақ осы күнгі құлаққа сіңіп кеткен үйреншікті жеңіл де шапшаң айтылатын, желікпе сезімге толы Қамажай емес, өзгеше зарлы, мұңға толы Қамажай:


Басында Қамажайдың бір тал үкі,


Айырылып Қамажайдан болдым күлкі.


Айырылып Қамажайдан жүргенімде


Келеді қай жерімнен ойын-күлкі.


Ахау, халылайым, лилилайым,


Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.


Қолында Қамажайдың алтын жүзік,


Қамажай отыр ма екен көзін сүзіп


Көрмесе жарты сағат тұра алмаушы еді,


Апырай, кетер ме екен күдер үзіп, күдер үзіп, —


деген жолдарды Сәдуақас әдемі майда даусымен соншалықты созып айтқанда, жүрегінді суырып ала жаздайды. Орындалмай қалған арман мен тарқамай қалған ыстық құмарлықты, гүлі ашылмаған жалқын махаббаттың зары мен қыршын жастықтың неғайбыл болашағын сезінесің Сәдуақастың Қамажайынан. Ән айтылып болған соң Сәдуақас күрсініп алады. Мен болсам, тілім байланып көпке дейін үндей алмай отырамын.


— Ғашықтың дерті киын дерт. Сен әлі жассың, біле бермейсің ғой, — деп қояды Сәдуақас.


«Білем» деп мен таласпаймын. Сөйтсе де елде қалған қара торы, күлім көз бір қыз көз алдымда көлеңдей береді. Мен онымен тіпті ашылып сөйлескен де емеспін. Білетінім -көрші ауыл «Айтуардағы» Қали дегеннің қызы. Аты - Сақыш, көшпелі халық сотында хатшы. Ал мен болсам, сол соттың осы өзіміздің ауылдағы халық биімін. Көшпелі сот біздің елге жиі келеді. Мен Сақышпен жиі кездесемін. Обалы нешік, ол менімен жөнсіз әзілдесіп те көрген емес. Қаратып алайын, көңілін табайын деуден де аулақ. Сөйтсе де қыздың ашаң да сұңғақ келген құлын мүшесі мен атжақты, меңсіз қара торы кейпінде, әлдеқалай сығырая қарағансығанымен үнемі күлімдеп тұратын мойыл қара көзінде, сондай бір, сайтан сұлулық, тартымдылық барын байқаймын. Сақыш әманда маған қарап отырады. Ұятсыздық танытып тесіле, өліп-өшіп қарамайды. Елеусіз отырып, ұрлана қарайды. Сондайда мен бір түрлі, қызық бір күйге түсемін қыз көңілінің хошын сезініп мақтанамын ғой деймін. Сонымен қатар біреу-міреу сезіп қалып, келеке етіп жүрмес пе екен деп қыпылдап, қолайсызданатын да түрім бар. Дегенмен ибалы қыз сезімі қайтсе де тереңде. Көңілінде не барын басқалар түгіл менің өзіме де сездіртпеуге тырысады. Оны оқта-текте мен қарап қалғанымда көзін аударып әкететінінен, сөйтіп ештеңені білмегенси қалатынынан байқаймын.


Екеу ара жан білмейтін сырымыздың бары да, жайы да осы.


Міне, енді Түмен қаласында армия қатарында жүріп, Сәдуақас өз семьясын сағынып, ішқұса болса, мен елден бөлек Сақышты ойлап әуреленемін. Күн аралатып құлаш-құлаш хат жазам. Ол хаттарым дәстүрлі сәлем хаттан гөрі әлдебір пәлсапалық трактаттарға көбірек ұқсап кете ме қалай. Түменнің қарағай орманын, Тұра өзенінің арналы ағысын суреттейтін болсам керек. Махаббат жайлы, жастық, кәрілік жайлы, өмірдің өтіп кететіндігі жайлы түйіндеулерім өзімше бір жана дүние. Мен ашқан керемет жаңалық - ай, күн, аспан да, дүлей боран мен қара нөсер жаңбыр да, ескен жел, жымыңдаған жұлдыздар да сөз болып жатады. Бөрене аралап жүрсем де, жоқ нәрседен романтика іздеймін. Жоқ жерде табылатын сол романтикалық оқиғалардың бас қаһарманы, әрине, өзім болып көрінбекпін ғой. Обалы нешік, Сақыш хат аралатып болса да жауап беруден жалықпайды.


— Жазғандарыңыздың бәрін бірдей түсіне бермеймін. Сонда да хатыңыз келгенде қуанып қалам, — деп бастайды да, ауыл-үй жайын, армияға кімдердің кетіп, кімдердің жараланып қайтып келгенін тәптіштеп жазады. Мен өз хатымда жалған романтика қуалап жерге түспей қойсам, Сақыш өз хатында «Сізден» әрі аса алмайды. Әйтеуір, дәтке қуат, жанға бір кезекті жауабында «зәуде демалыс алып, елге келе қалсаңыз, хабарласарсыз» деп те жазыпты. Осы сөзі білгендей болып шықты. Мен август айының орта кезінде тәртіптілігім, елгезектігім, жұмысты жақсы істегенім үшін жиырма күнге демалыс алып, туған ауылыма келдім.


* * *


Қуаныштың үлкені менің жақын ағаларым — Нұрқан мен Қари армиядан оралыпты. Екеуі де жаралы. Біржола босап келген. Нұрқан да, Қари да соғыстан бұрын аудандық көлемде жақсы - жақсы қызмет атқарған, ағайын арасында сондай сыйымды, елге аса беделді жігіттер. Әсіресе Қаридың жөні бөлек. Сырт көзге адуындау көрінгенімен, Қари өзгенің қыбын таба біледі. Сөйте тура кімді болсын өз дегеніне көндірмей қоймайды. Ұрыспайды, балағаттамайды. Бірақ қорасандағы қалған қияпатты келбетін тіктеп, көк сақиналы қоңыр көзін тура қадап өктемдеу сөйлегенде: «Жоқ, оның болмайды», — деп бір адам қарсы келе алмайтын-ды. Бір сөзбен айтқанда, Қари аса бетті жігіт. Нұрқан да одан кем түспейді. Бірақ ол өктем сөйлемейді. Жұқалап сөйлейді. Іліп-қақпа әзілге шебер. Менің тағы бір ағам бар. Арықша келген, ұзын бойлы әдемі жігіт — Мырзахмет. Мырзағаңның қолы жұмсақ. Соған орай өзі де, сөзі де жұмсақ. Шешен сөйлейді. Бірақ әлдекімді қағытып, әлдекімге тие сөйлегенін көрген емен. Өзі сондай қайырымды. Елге қоғам, ағайын арасындағы кикілжің бірдемелер болса, соның тігісін жатқызып, жамап-жасқап жүргені. Ешкімге болмасын демейтін, кеңдігі тағы бар. Сол себепті Мырзағаңның Қаридан да, Нұрқаннан да жөні бөлек. Қари мен Нұрқанды жұрт ығысыңқырағандықтан сыйласа, Мырзахметті шын сыйлайды.


Міне, мен үйге келіп түскенімде осы ағаларым қарсы алды. Баяғы бір бөлмелі ағаш үй. Үй іші жүдеу. Әкем байғұс, мен ес білгелі колхоздың қара табан еңбекқор торысы. Өгей шешем Бейіс те сондай момын, бейнетқордың бірі. Қайда жұмсаса да бет қақпайды. Бара береді. Істе дегенді істей береді. Бірақ ол кездегі ауылда табыс жоқ. Алты ай жаз, алты ай қыс балық көзденіп дамып, тыным таппай жұмыс істеп жүрсе де, тапқандары кей жылдары тамағымызға да жетпей қалады. Үй ішінін көп торғайлығы да содан. Төсек-орын, төсеніш, киім-кешек - бәрінен де көнелік, жұтаңдық сезіледі. Бірақ үй жұтаңдығын елеп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір, әкемнің алдына салған бірді-екілі қой-ешкісі бар.


Соның бірі көтере ұрылып қазанға түскен. Біздің үй мәре-сәре той.


Дәм үстінде әңгімені Қари бастады.


— Шәке, осы сенің не ойлағаның бар? — деп ол мол денесімен менің әкеме бұрылды.


— Нені айтасың?


— Балаң болса, демалысқа келіп жатыр. Үй жұмысы әлі күнге, әне жасы келіп қалған Бейістің мойнында. Келін түсіру керек.


— Е, далада жатқан біреу бар ма екен?


— Далада жатпаса да табамыз, — деп Қари енді Нұрқан мен Мырзахметке қарады.


Олар қостағандай болды. Менің жүрегім лүп ете түсті. Албырт шақтың бір міні -намысқойлығы, жоқ нәрседен ұялып, қысылып жүретіндігі ме деймін. Алғашқы ой: мынандай жүдеу туратын үйге менсініп қандай келін түспекші?


— Уақыты тығыз емес пе баланың? — деп әкем қарсылық білдіргендей болды.


— Түк те тығыз емес. Военкоматқа барып тағы бір он бес күн қостырып аламыз, — деп Нұрқан Мырзағаңа бұрылды.


— Тәшенге хабар салу керек.


Тәшен Мырзағаңның досы. Осы ауданда прокурор. Аса беделді жігіт. Ол кіріссе, қай істің болса да тынарына сене беруге болады.


Менің қызығымды қызықтағысы келді ме, әйтеуір, Мырзағаң да қарсы емес.


— Несі бар, барамыз Тәшенге, істеттіреміз оған.


— Дайындық жағы... — деп келе жатыр едім, Қари киіп кетті.


— Ой, не дайындық керек саған? Шәкең тағы бір қойын сояды да, ағайын-туғандардың басын қосады. Батасын алады. Әне, дайындық деген сол...


— Төсек-орын, үй-жайы...


Қари ежірейе қарады:


— Өй, сен де бір айтпайтынды айтады екенсің. Әйел үйіңе келмейді, саған келеді. «Ерді кебенек ішінде таны» деген мақалдың бары рас.


Сөзге Нұрқан араласты.


— Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Қайта осы үйді түзеп, тәртіпке келтіретін сол келіннің өзі болады. Тілеуіңді тілеп орныңды күтеді. Әрі Бейіс жеңгемізге қолқанаттығы тағы бар.


Мына әңгімеден кейін мен ойланып қалдым. Шынында да, әйел алудың не қиындығы болушы еді, тәйірі. Шапқылап барып, шапқылап алып қайтасың да. Ең бастысы, ұната, сүйе білуінде ғой. Иә, солай. Сені жоқтатпайды. Орныңды басады.


Шешем өгей болса да, мінезге бай, байсалды, момын кісі. Бетінен қақпайды. Сол себепті, менің болашақ әйеліме өз үйінде отырды не, біздің үйде отырды не, бәрібір емес пе.


Мен осылай толғандым. Үндемей отырғанымды келіскендігі деп түйді ме, әйтеуір, ағаларым «ана ауылда ананың қызы, мына ауылда мынаның қызы» — деп ауызға ілігіп жүрген қыздарды түгендей бастады. Қызық, бірінің әкесі жақсы болса, шешесі жаман, екіншісінің кескіні әдемі болса да, аяғы қисық, үшіншісінің ақылы мол болса да, өңсіз, әйтеуір, ағаларым бір-бірімен келісе алмай көп отырды. Бір кезде мінезге сынық, кісі көңілін аулауға жүйрік Мырзағаң:


— Ананы айтып, мынаны айтып шатасып отырмыз манадан бері, баланың өз көздегені де болуы мүмкін ғой, — деп маған қарады. Қарекең мен Нұрекең де «ал, иә?» дегендей сұрана отырып қалды.


Неге екенін білмеймін, мен осы сәтте алты аласы, бес бересі жоқ күлім көз Сақышты есіме алдым. Жұмсақ майда даусымен:


«Анада хат жазып, елге келсең хабарлас деп едім ғой. Келе көр!» — деп тұрғандай, осы дауыстың анықтығы сондай, тіпті: «Көздегенім бар. Ол Қалидың қызы — Сақыш!» деп те қала жаздадым.


— Мынау күмілжи береді. Соған қарағанда, көздегені бар болғаны ғой, — деді Қари.


— Бар болса айт, қысылма. Ойлағанымыз сенің қамың, — деді Мырзағаң.


— Атасаң болды, жердің түбінен болса да суырып аламыз, — деп қойды Нұрқан ағам.


Манадан бері қазан-ошақ жағында күйбеңдеп жүрген апам байғұс әңгімеге құлақ түрді білем, бері жақындады. Өңі нұрланып, маған әлсін-әлі қарай береді. Үй шаруашылығы бір өзінің мойнында, етек басты күйбеңмен күні өтіп келе жатқанын, жалғыз ілікті екенін былай қойғанда, келін түсіру оған таңсық секілді. Өйткені, мен осы үйдегі үш ұлдың үлкенімін. Шілдехана демесең, келін түсіру, қыз ұзату қызықтары бұл үйде бұрын болып көрген емес. Сол себепті ағаларымның мына қарекеті апама бір түрлі қызық көріне ме қалай. Шешемнің әңгімеге көңіл аударғаны әсер салды ма:


— Ал, Бейіс, сен не дейсің? — деп сұрады Мырзағаң, ежелгі жұрт көңілін аулағыш мінезіне бағып.


Шешем көп сөйлемейтін кісі.


— Қызы бар болса алсын, — деп күңк етті маған жымия қарап.


Шешем сөзі қамшы болды ма, немене, мен:


— Бар, — деп салдым.


— Ал оның кім? — деді жұтынып отырған ағаларым.


— Мына көрші ауылдағы Қалидың қызы...


Ағаларым шу ете түсті:


— Сақыш па? Ойбай-ау, неғып есімізге келмеген манадан бері!


— Көргенді жерден шыққан ибалы бала.


— Әкесі Қали — ел кісісі.


Сөзге әкем араласты.


— Ә, Қалидың қызы болса, теріс емес.


Үш ағам жанып сала берді.


— Ал, Қари, сен колхоз председателіне барып, арбасымен қос көгін сұрап ал.


— Ал, Мырзахмет, сен Тәшенге телефон соқ. Бүгін кешке осында жетсін. Ертеңгі сапарды айт. Бірге баратынын түсіндір.


Мен көкейкесті сырымды айтуын айтсам да, жүрегімді тоқтата алмаймын.


— Қызым бар дегенде байласқан уәдеміз болған емес еді...


Қари киіп кетті:


— Сен хат жаздың ба?


— Жазып едім...


— Ол жауап қайтарды ма?


— Қайтарып жүретін еді... — деймін сенімсіздеу түрмен.


— Ендеше неменеге былжырап отырсың? Колхоз председателінің айтулы қос көгін аламыз ба, аламыз. Ауданның маңдай алды қызметкері прокурор Тәшенді шақырамыз ба, шақырамыз. Мен кім, Нұрқан, Мырзахмет кім? Біле ме, бізді ол елдегілер? Біледі. Сыйлай ма, бізді? Сыйлайды. Олай болса, сөз қысқа.


Аға сөзі бұлтартпайды. Сондай дәлелді. Шынында да, менікі не былжырау осы! Бетіне жан келмейтін үш ағам болса, ол ол ма, олардың ауданда пілдей прокурор досы болса, мен кімнен кеммін? Ешкімнен де кем емеспін. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» деген емес пе. Атым белгісіз, тындырғаным жоқ болса да мынадай жолбарыс ағаларымның арқасында қайтіп осал болмақпын. Осындай ағалар кәне кімде бар? Ешкімде де жоқ. Олай болса неменеге тайқақсимын. Неменеден қорқамын.Ел ішінде беделді, аты аймаққа кеткен ағаларымды алып барсам, әкесінде не ес қалмақ? Сақыштың өзі қайтіп көнбейді? Мүмкін емес көнбеуі. Нар тәуекел...


Сонымен, ағаларымның дегені болды. Колхоз председателінің желден жүйрік қос көгі колхоз председателінің әдемі көк арбасына жегілді. Ауданнан прокурор Тәшен шақырылды. Келесі күннің тамылжып тұрған ертеңінде менің төрт ағам Қари, Нұрқан, Тәшен, Мырзахмет болып қораптың төріне, ал мен — болашақ күйеу бала қораптың алдыңғы құйрық баспасына отырып алып, болашақ келіншегімнің аулына қарай қара жолдың шаңдағын бұрқыратып, жосылта жөнелдік-ай келіп...


* * *


Сақыш тұратын ауыл жан-жағы қалың ағаш өскен ықтасын алаңға ұзыннан-ұзақ бір көше болып орналасқан шағын ғана колхоз болатын.


Дуыздығымен алысқан екі көкті құйғытып, абалап шыққан иттерді шулатып, есік-терезелерден қараған ауыл адамдарын таң-тамаша қалдырып, қалыңдық үйінің алдына келіп бір-ақ тоқтадық.


Үйден жүгіріп бір бала, содан кейін жасамыс бір әйел шықты. Зады, менің болашақ қайын енем осы кісі болса керек.


— Қали ақсақал үйде ме?


— Үйде. Түсіңіздер.


Қари киліге сөйледі.


— Түспе десеңіз де түсеміз. Өйткені, ат басын әдейі осы үйге тірейміз деп шыққанбыз әу баста.


Әйел бірдемені сезді ме, ашылып ештеңе демеді. Менің ойым - Сақышта. Үйде ме екен? Әлде, басқа жақта жүр ме екен? Сөйткенше болмады, менің болашақ қалыңдығым шешесінің сырт жағынан мойнын созып, сығалай бір қарады да, бізді көріп жоқ болып кетті. Әлде ағаларымнан, әлде менен зәресі ұшты ма, әйтеуір, амандасуға да шамасы келмеді.


— Қыз деген залым келеді, жайшылықта жайдары қарсы алушы еді, бір пәлені сезген болуы керек, жымиып отырды ғой, — деп қойды Нұрекең.


— Жымиып қайда барар дейсің, басына ноқта түсер алдындағы соңғы бұлқынысы да, — деп прокурор Тәшен сендіре айтты.


Қалекең, сол кезде, жасы алпысқа келіп қалған шоқша сақалды, кішкене бойлы, арық та әдемі, келісті кісі. Дағдылы аз сөйлеп, көп тыңдайтын сабырлы қалпы бізді сыңайы қарсы алды.


— Е, балалар, жоғары шығыңдар. Ой, қатын, қайдасың, төрге көрпе сал.


Өз көңілін патшаға да бермейтін менің ағаларым баппен басып, төрге шығып, іргеге тасталған мамық жастықтарға шалқая отырысты. Солардың төменгі жағынан осы үйдің бес минуттан кейін күйеу баласы болып кетейін деп тұрған, мына мен жайғастым.


Қалидың үйі қонақ түсетін берекелі үй екенін бұрыннан білетінмін. Содан ба, әйтеуір, қора ішінде болашақ қайынбике, қайын жеңге, балдыздарым көбейіп кетті. Әлгіндей болмай от жағылды. Әлгіндей болмай қой сойылып, қазан көтерілді. Қабақ қағыста бауырсақ пісіріліп, сары май мен күжілдеп сары самаурын келді алдымызға. Осының бәрі Қалекеңнің сыртқа бір-екі рет қана шығып келгенінің нәтижесі.


Өзіміз оңаша қалған бір ретте:


— Міне, ағаларыңның кім екенін көр енді. Біздің екпіннің тау шайқалтып, ағаштарды тамырымен қопарып кете алатынын байқап қой, — деп ағаларым маған қарап жымың-жымың етті.


Сонымен шай ішілді. Ет желінді. Содан кейін ағаларым келген шаруасына кірісті. Алдын ала келісім бойынша, сөзді маған басқа ағаларымнан көрі ет жақын Мырзағаң бастады:


— Қалеке, - деді Мырзағаң қаздия тік отырып, ширақ даусымен. - Мен - іргеден көтерілген қара бұлтпын. Бабымды таппасаң үй - орманыңа түнеріп, түйіліп келіп қара нөсер болып төгіп кетем. Қара дауыл болып келем де, соғып кетем.


Мырзағаң сөзін Қари іліп ала жөнелді.


— Мен - қара бүркітпін, осы жақта орман - таудың қызыл түлкісі жүр. Іліп түсуге шүйіліп келем. Мына отырған Тәшен - қынынан суырылған жалаң қылыш, кесіп түседі. Ана отырған Нұрқан - бесатар, нысанаға іліккенді жібермейді.


— Хош? — деп қойды аспанға шарықтап кеткен ағаларымның нені мегзеп отырғанын бірден аңғарған Қали. — Құлағым сіздерде.


Ендігі сөзді Нұрқан қақпақылдады:


— Бізді қара бұлт, қара нөсер, қара бүркіт етіп, алмас қылыш, бесатар мылтыққа айналдырып жіберіп отырған мына бала, — деп Нұрекең мені көрсетіп, жерге түсті.


— Ал, иә?..


— Құдай жазса, құда болмақпыз. Сізде мөлдіреп тұрған қыз бала, бізде жұтынып тұрған ұл бала бар. Табыстырамыз екеуін.


Монтаны Қали:


— Балалардың келісімі бар ма екен? — деп сұрады. Мен «бар еді» деуге де, не «жоқ» деуге де батылым бармай, күмілжіңкірей беріп едім, Қарекең іліп әкетті.


— Бар болғанда қандай!


— Е, балалардың келісімдері болса, онда не деп қарсы боламыз, — деп Қалекең бірден түсті де, есік жаққа дауыстады.


— Әй, қайсысың барсыңдар, әлгі баланы шақырыңдаршы.


Маған іргелес отырған Мырзағаң: «Далаға шығып, өзің сөйлесіп алсаңшы қызбенен», -деп күңк етті.


Мен елеусіз сыртқа беттедім. Сақышым, тегі, тығылып қалған ба, сүт пісірім уақытта шеткі бір үйден табылды. Бұрынғы мен көргеннен де құлпырып, сұлуланып кеткен секілді. Мен қол бердім де, оңашалау жерге жүр дегендей ыңғай таныттым. Үлкен-кіші, бала-шаға таңырқап, қызықтаған көп көздер бізді қора айналдырып салды.


— Иә, жай жүрсіңдер ме? — деп сұрады Сақыш, оңаша шыққан соң. Көзі күлімдемейді. Өңі салқын.


— Жай жүруші ме едік. Шаруамыз бар.


Сақыштың көзі күлімдей қалды.


— Ендеше сол шаруаларыңды тындырмайсыңдар ма? Менімен уақытты босқа өткізіп қайтесіз?


— Шаруамыз сізде болып тұр ғой, Сақыш.


Сақыш түсінбегенсіді.


— Иә, мен де шаруа шеше алатын болып па екем?


— Әрине, шаруамыздың шешілер, шешілмес өзіңізде.


— Армияда емес пе едіңіз. Біржола келдіңіз бе?


— Келдік ғой, әйтеуір, — деп мен екіұштылау жауап бердім.


Сақыш бұл жауаптың да мағынасын түсініп тұр. Біржола келмесең, енді неменеге әуре болып жүрсің дей ме, жүзі қайта салқын тартты.


— Ал мендегі шаруаңызды айтыңыз.


Мен не десем екен деймін бе, жүрексініңкіреп сәл тұрдым да, жаңағы ағаларым айтқан әдемі сөздерді төгілте жөнелдім.


— Мен - іргеден көтерілген қара бұлтпын... Қара нөсер болып құйып кетем.


Мынаның дені сау ма дегендей, Сақыш томсарып қалды. Онда менің шаруам қанша, бір бастаған соң қайтсем де айтып тынуым керек.


— Мен... мен - қынабынан суырылған алмас қылышпын. Кесіп түсем. Мен - кезелген ақ мылтықпын. Нысанаға алғанымды қалпақтай ұшырам.


Түменнен жазған хаттарымды түсінбейтін Сақыш мына жылтыр сөзге тіпті құлақ асар емес.


— Иә, оны не қыл деп айтып тұрсыз? — деп тіксіне сұрады. — Шаруаңыз осы ма?


— Жо... жоқ... шаруам әлі алда. Мен, жоқ, мен емес, сіз — орман-таудың қызыл түлкісісіз. Ал мен — қара бүркітпін. Іліп түсем.


«Әй, ақымағым - ай» дегені ме, Сақыш мырс етіп күліп жіберді.


— Сіз бүркіт болсаңыз бола беріңіз. Мен бірақ түлкі емеспін. Іле алмайсыз.


Мен тебіреніп кеткендеймін. Енді кәдімгі адамша жалына сөйлеймін.


— Сақыш, мен сізді жақсы көрем. Алып кетейін деп келдім.


Сақыш илігер емес.


— Сіз жақсы көрсеңіз болды, шаруа бітті дейді екенсіз ғой. Дүниенің тұтқасы сіздің сол жақсы көруіңізде ғана тұр екен ғой. Ал мен жақсы көрмедім. Онда не істедіңіз?


Төбемнен жай түскендей. Жылы-жылы хат жазып жүрген Сақыш дәп осылай жауап қайтарады деп кім ойлаған.


— Сақыш, мен өзіңізге сеніп келдім ғой.


— Неге сеніп келесіз? Уәде берген жоқ секілді едім ғой.


— Уәде бермесеңіз де... — деп күмілжідім мен.


Сақыш:


— Уәде бермесеңіз де... — деп кекете сөйледі. — Мен тоқты-торымын ба сізге? Тоқты-торымды да алдын-ала келісіп, уағдаласып алмаушы ма еді?! Мықты ағаларыңның абыройына сеніп келген екенсіз ғой. Ал бүркіт болып бүре беріңіз.


Мен сөз таба алмай қалдым. Сақыш: «Сау болыңыз» деді де, қора айналып кетті. «Сақыш, Сақыш» десем де, қайырылған жоқ.


Екі иінімнен су кетіп, солбырайып ішке кірдім. Ағаларым қанша мықтымсынса да, істің тетігі өздерінде емес, Сақышта екенін түсінетін болса керек, «ал не болды?» — деп жарыса сұрады.


Менің «Сақыш көнбеді» деуге дәтім бармады.


— Жауабын екі-үш күннен кейін беретін болды, — дедім ұялғандығымнан.


— Е, дұрыс қой, екі-үш күн күтейік, — деп шуласты ағаларым.


Қали да жадырап сала берді. Қулығы ма, шыны ма:


— Жөні сол. Қыз ұзату оңай ма. Дайындалайық. Ол жақ та қамдансын. Өйтпегенде тосыннан тосын, томаға-тұйық, балалардың әлдебір тығылмақ ойнағаны секілді болатын еді тіпті, — деп шешіле сөйледі.


Біз аттанып кеттік. Жауап екі-үш күн түгіл, жарты айдан кейін де келген жоқ. Келмейтін жауапты күтіп, мені жолымнан бөгей берген ағаларыма шынымды айта алмағандығымнан, Түменге де бес күн кешігіп келіп, бес күн гауптвахтаға жатып шықтым. Сотталып кете жаздадым.


Міне, ағаларым мені бір кезде осылай үйлендірмек болған еді...


Бір қызығы, бұл күнде бірі дүние салған, енді бірі қартайып пенсияға шыққан, сол ағаларымның «қайтсе де осы бала кісі болса екен», — дейтін ақ тілеуінен туған осы бір күлкілі де қызық оқиға — мен өтіп келе жатқан ұзын жолдың бойындағы жолаушы тоқтап сусындар, ат шалдырып өтер бір саялы бекет — белгі секілді болып көрінеді де тұрады өзіме әманда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу