19.12.2021
  177


Автор: Сафуан Шаймерденов

Көршiнiң кесiрi

Тұрар бүгiн ерте оянды. Бiрден жолдастары есiне түстi. «Ертең тауға шығайық, шаңғы тебейiк, мектепке ертерек кел», — деген олар. Сол жайды ол кешiне шешесiне айтып едi. Әлпеш үлкен ала көзiн баласына өткiр қадап тұрып қалған. Бұл оның «бармайсың, түнiмен жөтелiп шықтың, ауырып каласың», — дегенi. Шеше мiнезiне сыралғы бала оны жақсы түсiнедi. Бiр мезет ол: «Рас, жөтелсем, жөтелетiн шығармын. Ұйықтап жатқанда, қорылдайсың, десем, мамамның өзi де «кет әрi» деп, нанбайды ғой, кiм бiлiптi», — деп күдiк-тенетiн де.


Сонда да ол «қайтсем мамамның көңiлiн табамын» деп түнiмен ала көңiл болып жатты. Байқаусызда жөтелiп қалмауға тырысты. .


Мiне, ендi завод гудогi де айқайлады. Таңғы сегiз болып қалса да, қыстың ұзақ түнi енжар сейiлiп, үй iшiне ендi-ендi ғана ала сәуле енiп келедi. Қарсы қабырғада iлулi тұрған әке-шешесiнiң жас кездерiнде бастарын түйiстiрiп түскен суретiнiң жалпы нобайы ғана көрi-недi.


Тұрар түрегелдi. Анасынын қасына әлденеше барды. Оята алмады. Батылы жетпедi. Айна алдына келдi. Шешесiне тартқан үлкен ала көзiн уқалады: Мандайына үйiле түсiп тұрған кекiлiн жоғары қайырды. Көзiнiң алдындағы томпақты iскен бе деп басып едi — үнемi көтерiлiп тұратын бет сүйегi екен. Ол да бұған мамасынан ауысқан. Бiрақ мұрнын айт, иiлiп келген қоңқақ мұрыны нағыз папасының мұрынындай. Тұрар сәл ойланып тұрды да секiре бастады. Физзарядка жасаған болып едендi дүрсiлдеттi. Алақанын шартылдатты.


Бiразға дейiн түсiм екен деп, ұйқылы-ояу түсiнбей жатқан Әлпеш ала көзiн кең ашып, берi қарады. Аузын болар-болмас бiр сылп еткiздi де:


— Мұ не, сайтан? Iшiне арыстан ойнап бара ма, ойнақ салып? Жат! — деп жекiдi.


Тұрар иiлiп келдi де, Әлпештiң мойнынан құшақтап алды.


— Мама, мамуня, мектепке барамын мен. Қатты ұйқыдан кенет оянған Әлпеш ештеңеге түсiне алмады.


— Мектепте не бар таң атпай? Бүгiн демалыс емес пе? — Содан кейiн есiне бiрдеме түстi бiлем, басын көтерiп алды. Ұйқы басқан көзiн сығырайтты:


— Мектепте ештеңе де жоқ. Түнiмен жөтелiп шыққаныңды бiлмейсiң-ау, жазған неме.


Тұрар тағы күдiктенiп қалды. Мүмкiн бiр ауық қатты ұйықтап кеткен болар, жөтелгенiн сезбеген ғой, сiрә.


— Одан да үйде бол. Тiгiншiнi шақырғам, көйлек тiктiрем саған, — дедi Әлпеш көзiн қайта жұма түсiп.


Тұрар көнiп қалды. Ас үйге шықты. Диванға келiп жатып едi, ұйқысы келмедi. Қайта түрегелдi. Аузын аңқайта есiнеп бiраз отырды. Төр үйдiң есiгiнен барып сығалап едi, мамасы қалың ұйқыға қайта кеткен екен. Басқа бiр төсекте терiс қарап папасы да жатыр. Тұрар есiктi жауып қойды да, ендi терезе алдына келдi.


Үлкен терезеден күңгiрт аспанның бiр кiшкене бөлегi ғана көрiнедi. Қалың қар жауып тұр. Көлбемей, ұйтқымай тiк, баяу жауып тұр. Үлкен қар ұлпалары жерге түсерде қызық. Баяу қалқып келедi де, сәл орала берiп құсша қонады. Жел жоқ, дыбыс жоқ. Күңгiрт аспанға бойлап тұрған қыраулы биiк ағаштардың басы қыбыр етпейдi. Есiк алдындағы алма ағаштарының қырауытқан қалың бұтақтары бiр-бiрiне айқаса иiрiлiп, қиян-қилы өрнек жасаған. Ағаштар да аспанмен реңдес. Жұлдыз сияқты ұзын кiрпiктi қар жапалақтары әлсiн-әлi терезе көздерiне жабысады да, кенет ерiп, төмен қарай сырғанай жөнеледi. Жер дүниенiң бәрi аппақ. Тек терезе тұсындағы бiр түп қарақат шiлiгiнiң астыңғы жағы ғана қарауытып көрiнедi. Шартақ қадалары қардан басына қоқырайта қалпақ кие бастаған. Осының бәрi Тұрарға әлдебiр кинодағыдай болып елестедi. Кенет жүрегiн әлдене шымшып еткендей болды. Жолдастары осы бiр қиял дүниесiмен сырғанап бара жатқандай.


Терезе жақтауына шығып алды. Желдеткiштi ашып қойды. Жылы қыс таңының сызды жұмсақ лебi соқты. Есiк алдынан өтетiн тар жолдың арғы бетiн бойлап ағатын тау өзенiнiң шуылы келдi. Тұрар желдеткiштен басын қылтитты. Қар жапалақтары келiп қона бастады. Дыбысы жоқ, салмағы жоқ болса да дененi түршiктiрер зәрi бар. Тұрар түшкiрiп салды. Содан кейiн шешесiнiң «суық тиiп қалады» деп мұны терезе жақтауына да шығармайтыны есiне келдi. Жерге түстi, сағатқа қарады. Әлi тоғыз болған жоқ. Тұра сала кiтап оқығысы келмедi. Ендi не iстеу керек? Ол күндегiше жылы киiндi де, далаға шықты. Қолғабын шешiп, қада басындағы қарды жентектейiн деп едi, анасы әлдебiр тасадан iзiн бағып тұрған сияқты көрiндi. Ауладан шықты да, өзен қабағына барды. Басқа жерден айқын ағараң тартып, су арнасына қарай қиыс жатқан жiңiшке соқпақ үлкен бiр қойтасқа барып тiреледi. Сол жерден мұз құрсауын тесiп шықкан ағын су жаңағы тасқа келiп соғады да, күмiс көбiгiн аспанға шашыратып кейiн лықсиды. Сәл кiдiрiс жасайды. Содан кейiн бұрынғыдан да бiр жойқын шапшаңдықпен төмен қарай жоси жөнеледi.


Тұрарды бұл көрiнiс те жалықтырып жiбердi. Бiр сәтте конькиiн алып, мұзды асфальтқа шықсам ба деп ойлап қалып едi, шешесiнiң ескертпесi кенет есiне түстi: «көшеде коньки теппе! Машина басып кетедi». Не iстерiн бiлмей, бүкiл кешеге сыймай зерiккен бала үйге беттей бердi. Сол кезде төменгi беттен кенет машина даусы естiлдi.


Үй бұйымдарын артқан жүк машинасы мұның қасынан өтiп, жуырда ғана бiткен көршi үйдiң алдына келiп тоқтады. Кабинадан өзi қатарлы бiр бала шықты. Үстiндегi пальтосын шешiп, қар үстiне бүктеп қойды. Содан соң машина үстiнде тұрған орақ мүрттыға қарап:


— Папа, мамам екеуiң түсiре берiңдер, мен таси берейiн, — деп дауыстады.


Тұрардың күлкiсi келiп кеттi: «Гардеробты қалай апарады?» Бiрақ бала сөзiне орақ мүртты да, оның ар жағында тұрған шәлi жамылған әйел де күлген, қарсылық жасаған жоқ. Әуелi жеңiл нәрселердi жерге алып қоя бердi. Кабинадан түскен бала үлкендерше аяғын нық алып, үйге таси бастады. Ендi бiрде үлкен радиоқабылдағышты көтере жөнелдi. Тұрардың жүрегi су ете қалды: «қап, түсiрiп алады-ау». Жоқ түсiрмедi. Еркiн адымдай басып үйге кiрдi де, қайта шықты.


Осы кезде Тұрар да машина жанына келдi. Оң бүйiрден көрiнген орта бойлы, шапшаң жүрiстi әйел бұған мейiрлене қарады.


— Көршiнiң баласымысың? Тiптен жақсы, бiздiң Қамбаржанға көмектесiп жiбер, қарап тұрма.


Тұрар еркiн басып, Қамбардың жанына қатарласа келiп тоқтады да, алдында жатқан шағындау жәшiктi көтеруге еңкейдi.


— Оны сен көтере алмайсың, былай тұр, — дедi Қамбар жақындай берiп, үлкендерше сөйлеп.


Тұрар бойын жазды. Байқап қараса Қамбар бұдан көп аласа екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу