19.12.2021
  242


Автор: Сафуан Шаймерденов

Көздің жасы

Бір күні телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем, Сәбит Мұқановтың өзі.


— Қолың бос болса, келіп кетсең қайтеді? Мен жаңа ғана поездан түстім.


Жазушының Қызылжар жағына кеткенін білетінмін. Елден әлдебір хабар әкелді ме деген оймен жүгіріп бармаймын ба. Есікті Сәбиттің өзі ашты да, кабинетіне бастады. Маған орындықты көрсетіп, өзі диванға жайғасты да, домбырасын алып тыңқылдатып сәл отырды. Өңі сынықтау ма, қалай? Қайтсе де көңілді емес. Ел жақта жайсыз бір оқиға болып қалмады ма екен деп, қауіп билеген мен:


— Қалай, аман-сау барып келдіңіз бе? — деп сұрауым мұң екен, үлкен басымен ботадай боздап қоя бергені. Мен сасып қалдым. Көкірекке шер болып тұнған ащы қайғы өксік болып сыртқа шығып жатқан секілді. Жас балаға ұқсап көпке дейін солығын баса алсыншы.


— Қорланып келдім, Сафуан, — деді Сәбит бір кезде кемсеңдеп. — Өз елім, өз жерімде бұдан артық қорлық болмайтын шығар?!


— Немене, ел басшылары ойлаған жерден шыға алмады ма? — деп дал бастадым мен не сұраудың жолын таппай.


— Жоқ, Қызылжар жақсылап қарсы алды ғой. Тайлы-таяғы қалмай шығарып та салды. Соған көңілім көтеріліп, бір кезде купеден шығып, терезеге қарап дәлізде тұр едім, ресторан жақтан көрінген екі жас жігіт өте алмай кептеліп қалған болып, ту сыртымнан сығып, мені айналдырып өздеріне қаратты да: «Ә, қарын жақсы екен, жақсы, жақсы», — деп қарнымды сипалап, қарқылдай күліп әрі жүріп кетті. Солтүстік Қазақстанның қазіргі жастары Сәбит Мұқановын осылай құрметтеді.


Жасы ұлғайған адам болса да, жаны нәзік жазушының мына жердегі көңіл күйін артығымен түсініп, не айтарымды, қалай жұбатарымды білмей дал болдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу