19.12.2021
  186


Автор: Сафуан Шаймерденов

Жел керуен

Аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланғаным сол еді, аупартком хатшысы Петр Матвеевич Голубев өзінің кабинетіне шақырып алды да, елге, командировкаға шығатынымды айтты.


Мен үндемедім. Себебі, сайланғаным кеше ғана. Комсомол ұйымының жұмысын да әлі қабылдап алған жоқпын. Сол жауапты жұмысты қабылдамай жатып, керек десең хатшы креслосына отырмай жатып елге, командировкаға шығуым керек?..


Аз-кем үнсіздіктен кейін мен айтқан болсам керек:


— Петр Матвеевич, комсомол жұмысына бармаймын десем де, еркіме қоймадыңыз, енді сайланғаннан кейін аздап болса да, комитеттің жұмысымен танысуым жөн емес пе?!


— Кейін танысып үлгересің. Аудан халі қиын. Астық жоспары орындалмай жатыр. Сол қиындықты комсомол - сендер болып, біздер болып жеңбесек, кім жеңбек?..


Менде дау айтар шама жоқ. Келісімімді ыңғайыммен танытып көтеріле бердім. Есік көзіне жеткенімде:


— Сен әлі бастықпаған жігітсің ғой. Жеңілден бастасын деп шаруасы шағын «Ортақшыл» колхозына жіберіп отырмын, — деді аупартком хатшысы. — Егер қиындық бірдеме туа қалса, байланысып тұрғайсың. Көмектесермін.


Мен есікті жаптым. Қатты жапқаным жоқ, бірақ. Өйткені, бет әлпеті мөлдіреп түскен леп белгісіне ұқсайтын осы бір ақ сары, орта бойлы, шығыңқы қозы қарыны бар етжеңді кісіні жек көрмейтін едім... Жек көрмейтін едім... — сөз емес, шынымды айтсам, жақсы көретінмін. Мен емес, бүкіл ел болып Голубевті жақсы көретін. Себебі ол сөзде де, істе де бар кісі. Екеуінде де аяғын тең басқан жорға. Оның үстіне... оның үстіне емес-ау, ең бастысы, сондай әділ. Алды кең. «Ал кеттімі» жоқ. Болмашыға тарылып, күйіп-піскенін, тызбалақтағанын өз басым көрген емен. Жоғарғы жақтан келіп жататын әр қилы қаулы-қарар, жарлықтарды аудан ыңғайын ескере отырып өзінше шешеді. Өзінше жүзеге асырады. Содан ба, бүкіл аудан болып осы кісіге қарайтын. Голубев бізге арқа сүйер, қарағаштай пана. Әрі - барометр. Ол кісі қыстықса, ашу шақырып, қабағын түйсе - арты тегін емес екенін жұрт бірден аңғарар еді де, өлсін, тірілсін, тапсырылған іске бас қойып, жұмыла кірісер еді. Голубевтің қадірлілігі сондай, оның бұл ауданға екінші келуі. Алғашында төрт-бес жыл бірінші хатшы болып істеген соң, Петр Матвеевич жоғарылап, облыстық көлемдегі бір мекемеге бастық болып кеткен-ді. Бірақ арада жыл өтпестен бүкіл аудан болып хат үстіне хат жазып, қоярда-қоймай жүріп қайтарып алған болатын.


Міне, Голубев осындай кісі. Менің жақсы көретінім де содан. Ал жақсы көрген адамың аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, онда сен аудандық комсомол комитеті хатшылығының креслосына отырып үлгермек түгіл, есігінен аттамасаң да, оның дегені заң.


Шынын айту керек, Солтүстік Қазақстанның ең бір қиырында жатқан осы Преснов ауданы орысы көп те, қазағы аз, аралас аудан. Соған қарамастан, Голубевтің «сен олайсың, сен былайсың» дегені болған емес. Ең алдымен, ол «осы өседі - ау», «осының қолынан бірдеме келеді - ау», - дейтін қазаққа көңіл қойғыш. Айталық, менің аудан комсомолына басшы болармын деген үш ұйықтасам да түсіме енбейтін оқиға. Ал Голубевтің пікірі өзінше. Ол мені шақырып алды да, «секретарь боласың», - деді. Мен «бола алмаймын», -дедім. Олай дейтінім - мен, ең алдымен, орыс тіліне шорқақпын. Бұл қиындықты қалай жеңерсің? Петр Матвеевич айтты. «Орыс тілін оқы, үйрен. Жетпеген жерінде өзім көмектесем».


Ал, тіпті менің басымда тіл мәселесінен де өткен бір қиындық, мін бар: өзім анық білем -менде басшы боларлық ұсқын жоқ, ұйымдастыру қабілеті жоқ.


Мұны айтқанымда Петр Матвеевич қабағын тыжыртқан: бұдан былай кеш жатасың, ерте тұрасың. Аз ұйықтайтын боласың. Сонда басшыға керек ұсқын да, ұйымдастыру қабілеті де өзінен-өзі келеді.


Мен тіпті сол қасиеттердің өзінен - өзі қалай келетінін ойлап та үлгерген жоқпын. Міне, енді «Ортақшыл» колхозына аудандық партия комитетінің дыңдай өкілі болып бара жатырмын.


Бұл — соғыстың үшінші жылы. Майданда қандай ауыр хал, қан төгіс, қиындық болса, сол қиындықтың айнасы - ел өмірі.


«Ортақшыл» колхозы не бары қырық-отыз шақты - ақ түндік. Салатыны - төрт жүз гектар егін. Сауатыны - жүз шақты сиыр да, бағатыны - бес-алты жүз қой. Ал осындай, жел үп етсе ұшып кетер, есебі бірлеп саналар қауқарсыз колхоздың үкімет алдындағы борышы мыңдап есептеледі. Алдын ала айта кетейін, мен өкіл болған сол жылы егіннің әр гектарынан бұл колхоз орта есеппен бес-алты центнерден астық алды. Барын жиып үкіметке тапсырды. Одан қалғанын тұқым қорына құйды. Сонда жыл он екі ай табанын сиырып, маңдайын жыртып тер төккен, боздақтары мен бас көтерерлерін майданға аттандырып жіберген қатын-қалаш, кемпір-шалдардың еңбегіне тигені - бес-алты пұт бидай. Онымен қай жыртығыңды жабарсың.


Майданды қан төгіс, елді қиындық иектеп алған шақ.


Осы жайды өзге жұрттың бәрінен де озық білетін Голубев, елге өкілдер аттандырар сол жиналыста: «Жалғыз масақ далада қалмасын, бәрі де майдан үшін! — дей тұрып — Әпербақандық танытпаңдар, құдайға құлшылық ет десең, мандайын соғып алар ақымаққа ұқсап кетпеңдер. Үкіметке тапсырылар астықпен қабат тұқым қорын, малға деген жем, еңбек ақыға бөлінер дәнді де қатар ойластырыңдар», — деген.


Мен, міне, «Ортақшыл» колхозына хатшының осындай ақыл - тапсырмаларымен келе жатырмын.


Бір қызығы, шарқы шағын болса да осы колхоз маған соншалықты ұнайды. Ұнайтын себебі — ең алдымен, бұл жел жағында қалың орман - ықтасыны бар колхоз. Оның үстіне, сол орман ығында әдемі жерге орналасқан осы бір кішкене ауылда жігіттің төресі — Әпен тұрады. Біздің орманы мен суы мол Солтүстік Қазақстанда бұрын шағын-шағын ауыл болып, қыс кезінде айлап жынды боран соқса да, бұта басы шайқалмайтын, мал мен жанға ықтасын - құт қалың ормандарын қыстап, жаз сол өлкенің жайылымы шүйгін, мөлдіреп жатқан тұнық, тұщы сулы көлдері көп далаңқы жерлерін жайлайтын қазақтар 1931 жылы топтасып, бас қосып колхоз болып ұйымдасты. Ал сонда менің бала ұғымымда колхоздасып жатқан сол ауылдарда туған екі қиындық бар-тын. Біріншісі - ішсең сусын, жесең тамақ, кисең киім болатын, шағын тірлігіңнің тірегі - алдыңа салып мәпелеп баққан екі-үш қараңды айдап апарып ортаға салу еді. Осы ретте, мен күні бүгінге дейін ел ішінде болып өткен ұлы дүрмек - революция - коллективтендіру кезіндегі тіршілік тартысының жай бергі бетін қарпитын саяз жазушысымақтар мен не нәрсені болсын жалаулатып жүретін саяз социологтар аша алмай келе жатқан және бір кереметі - ондайлар аша да алмайтын бір психологиялық жайды байқаймын.


Бұл қазағың қазақ болған есте жоқ ескі күндерінен бастап мал баққан, сол себепті бар болмыс - тірлігін мал тұяғына бағындырған халық. Қазақ амандасса: «Мал-жан аман ба?» - деп әуелі малдың жайын, содан кейін жанның жайын сұрасады. Ең сұлуын «құлын мүше», немесе «ботакөз» - деп жылқыға, түйеге теңейді. Теңдесі жоқ әйел сұлулығы -арудың бейнесі де - аруана. Ең жақсы көргенін «қозым», «ботам», «құлыным» деп жатса, бұл да бір шырқау жан тазалығының, шексіз махаббат тұнығының бейнесі. Осы арада мен мынандай бір қызық фактіні еске алғым келеді. Біздің қазақ балалар театрының негізін қалаған, бұл күнде одақтың музыкалық балалар театрының жетекшісі, СССР Халық артисі Наталья Ильинична Сац өзінің «Өмірімнің хикаялары» деген кітабында: «Мұхтар Әуезов — қазақтың «құлыным», «ботам» деген сөзіне ыржиып күлген әйел, қазақтың жанын түсінбейді дейтін еді», — деп жазады. Малмен бірге өріп, малмен бірге қонысына қайтқан, бірақ сөйте жүріп, тазалық пен адалдық тұрғысына, аңқаулық пен сұлулық, рух биігі тұрғысына үлгілі деген өркениетіңнің өзіне шын мағынасында үлгі бола білген халық «ал бар малды ортаға саламыз» — деп ұран тасталғанда, дүниеқоңыздықтан қиналмаған. Қолыңды қырықса — шолақ, аяғыңды қырықса - мешеу болып қалатының секілді, тірлігіңнің тірегі — алдыңдағы малыңды алса, әрі шолақ, әрі мешеу болып қаламыз деп түсінген ел: «Ал малды ортаға салдық, ал колхоз болып ұйымдастық. Ал сонда ертеңгі күніміз не болады? Біз берерміз, бір-ақ қайтарып аларымыз не сонда? Ортайғанды немен толтырамыз?» — деп дағдарған. Бұл - өмір бақи мал баққан, мал сыз жерде тірлік болады деген ұғымды мүлде қабылдай алмайтын халықтың психологиясы. Ал осы психологияны қайтіп жеңдік? Қалай, не тәсілмен өзгерте алдық? Жаңа өмірдің артықшылығын, коллективтендірілген елдің күш-қуаты басым болатынын жеріне жете дәлелдей жүріп асықпай үгіттеп, жұрт көзін жеткізе алдық па? Жоқ, ол кездегі коллективтендіру науқанын жүргізудегі белсенділер тәсілі мүлде бөлек болған. Аты шулы «Табыстан бас айналу» атты мақаланың жарық көру себебі де, міне, сол әпербақандықта жатыр.


Колхоздасу науқанында Солтүстік Қазақстанда туған екінші қиындық — қоныстану мәселесі. Себебі — «жақсы, колхоз болайық, ал сонда қайда қоныстанамыз?» — дегенде әркім өз қыстауына қарай тартқан. Өз қыстауларының артықшылығын дәлелдеймін деп қызыл кеңірдек болған. Бірақ қыс қыстап, жаз көшіп кететін бұл қыстауларда су жоқ. Ал суы жоқ жердің орманы қанша қалың болғанымен, тұрақты мекен бола алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Солтүстік Қазақстанда мынандай бір парадокс байқалады: осы бір шағын өлкеде қартаға түскен бір жүз жиырма бес мың қол бар болса, сол өлке территориясының үштен екісін орман алып жатады екен. Жаңағы парадокс деп отырғаным - ағашы бар жерде қол жоқ та, көлі бар жерде ағаш жоқ. Сол себепті, жаңа қонысты мөлдір сулы терең де қайраң қол төңірегінен іздеген ел белсенділері колхоз қыстақтарына қолайлы орын деп кілең бір ит жон, қыраттарды таңдаған. Айналаң тұнып тұрған ну орман. Колхозды ауылың болса ит байласа тұра алмайтын, солтүстіктің ұзақ қысында үйлердің төбесінен қар жүріп кетер, ықтасыны жоқ, жел өтіндегі жон қырқаларда жатыр.


Ал, мына мен келе жатқан «Ортақшыл» колхозы туралы олай дей алмайсың. Жел жағы -ықтасын қайың шоғы. Екі жағында колхоз орталығынан біршама қашығырақ бір сулы томар, бір қамысты қол бар. Көлдердің біршама жерде болуы — су тасып әкелуде қиындығын сезінсең де, — тазалыққа жақсы екен. Оны мен өзімнің туған «Лия» колхозының тәжірибесінен білем!


Шіркін, бір кезде Лия көлі қандай еді! Көлемі шағын болса да, мөлдір суы жарға соғып жататын-ды. Асты ақ таңдақ құм, қалай кешіп жүрсең де лайланбайтын. Қол созым жердегі қамысына жігіттің жігіті — ақ малтып барып, қайта алатын. Қайыққа мініп айдынына шықсаң, су тұңғиығындағы тірлік айна-қатесіз көз алдында. Өз патшалығында еркін жосыған бұқа мойын қара жон табандар мен қызыл қанат алабұғалар бүгінгі түрлі түсті жақсы телевизорыңыздағыдан да айқынырақ көрінетін. Сол Лия көлі қазір жай бір шалшық. Себебі көл қабағын айналдырып, итіндіре орналастырылған ауылдың бар мал-жанының жаз бен күз, қыс бойғы жуынды, шайындысының бәрі көктемде қар суымен сол Лия көліне құйылады. Қазір бұл көлдің суын адам түгіл, мал да ішпейді. Ал «Ортақшыл» колхозының екі жағында алысырақ жатқан көлдер күні бүгін де бәз-баяғы қалпында.


Міне, мен келе жатқан қырық-отыз үйлі «Ортақшыл» колхозының аудан көлемінде осындай ерекшелігі бар.


Ал сол колхозда тұратын Әпенге келсек... ол езі асықпай отырып айтарлық өз алдына бір хикая...


Содан бері, міне, отыз сегіз жыл өтті. Бірақ осы бір шаршы бет, шықшытты келген, ұзын бойлы ашаң жігітті әлі күнге ұмыта алмаймын.


Әпен - осы ауылдың бетке шығары. Ол өзі майданда қанын төгіп, жараланып келген жігіт. Бір қолы - жарымжан. Көкіп көп сөйлемейді. Бетімен ақыл айтып та шашылғанын көрген емен. Майданда «өйттім, бүйттім» деп бөскен кезін де байқаған жоқпын. Атқарар қызметі де шамалы. Колхоздың кілтшісі ғана. Бары сол. Ал колхоз председателі жуантық келген жасамыс қара — Тұрғын Әйкенов — қулық-сұмдығы жоқ, жоқ жерде бедел ала қояйын демейтін, ісін есепке құрмайтын, әйтеуір, өзімен-өзі болып жүретін кісі. Неге екенін білмеймін, бастық пен кілтші екеуі де осы ауылда туып, өскен, ала-құласы жоқ өз ағайындарының арасынан шыққан адамдар болса да, Әпеннің беделі артық. Жоқ-жітігі көп жұрттың бәрі де әрі жасы үлкен, әрі бастық Тұрғынға бармайды. Әрі жасы кіші, әрі бар болғаны колхоз кілтшісі ғана Әпенге келеді. Әпенмен ақылдасады. Көңілдің жыртығы болса, соған жаматтырғысы келеді. Бір қызығы, Тұрған оған шамданбайды. Ел көңіл-күйінің пернесін дөп басып тани бермейтін, алың - бұлаңдау, алды бар да арты жоқ, ақ қабақ бастықтың осы міндерін пайдаланып, жұрт алдында жақсы көрініп қалайын деп Әпен де есеп құрмайды. Екеу ара есеп-қисапқа сыймайтын сондай бір татулық, шынайы үйлесімдік бар. Әу баста, құдай тағала бұл екеуін жаратқанда: «Ал, міне, сен мынадайсың. Мынадай болғандықтан, сенің жетпей жатқан көп мініңді сенен көп жыл кейін туған, міне, мына кісі әманда түзеп, туралап жүретін болады», — деп нұсқауын қоса жазып, қосақтап жіберген секілді. Олардың осы ерекшеліктерін өз елі ғана емес, былайғы жұрт та, аудан белсенділері де жақсы біледі. Сол себепті бұл колхозға сырттан келетіндер де Тұрғын деп емес, Әпен деп келеді. Колхоз председателі Тұрғын үйіне емес, Әпен үйіне келіп түседі.


Ауданнан дыңдай өкіл болып келген мен де бұрынғылар салған жолмен Әпен үйіне келіп түстім...


Әпен семьясы ол кездің ұғымында ауқаттылардың қатарына іліккенімен, тым жұпыны, көң торғай тұратын еді. Екі бөлмелі ағаш үй, бес-алты қой-ешкі, бір бұзаулы сиыры мен жыл сайынғы төлі — соғымдық бір бие — бар байлық осы. Әпенге жұрт үйір болатын себептің тағы бір түйіні - оның әйелі Кәмилаға байланысты ма деп те ойлаймын. Сол кезде үш-төрт баланың анасы болып жасы отызға келіп қалса да, Кәмила өңін бермеген тым тартымды, шырайлы келіншек. Бірақ жұрт оның шырайына келмейді. Ісіне, берекесіне қарап келеді. Арада, міне, отыз сегіз жыл өтіп кеткен осы бір шақта Әпенді, оның жұбайы Кәмиланы еске алсам, менің көңілімде қалғаны — осы кісінің үндемейтіндігі. Кәмила балаларына қарайды. Малын бағады. Әманда қонақ алып келетін күйеуді - Әпенді күтіп отырады. «Неге кеш келдің? Неге біреуді ертіп келдің?» — деген сұрау Кәмиланың тіліне оралмақ түгіл, ұғымына да жат сауал. Әпен - Әпен болған соң кешігуге тиісті. Әпен -Әпен болған соң қонақ алып келуге тиісті. Әпеннің дүниеге келгені, ер жеткені, Кәмилаға үйленгені, балалы-шағалы болғаны қандай заңды болса, «колхоз, колхоз!» — деп далақтап жүретін оның кешігуі де, сол «колхоз», — деп келген өкілдерді ертіп келуі де сондай заңды. Тегі момын, неге болсын көнтерлі Кәмиланың үндемейтіні де содан шығар. Ал жұрт болса Әпен үйіне Кәмила үндемейді, қабақ шытпайды дегендіктен ғана топырлап жатпайды. Үндемейтіндігінің үстіне Кәмилада тағы бір қасиет бар: оның қолы берекелі, тамағы дәмді. Бірақ Кәмиланың дәмді тамағын атүсті ішіп кете алмайсың. Шай ішкің келсе ертемен кел. Кәмиланың шайын түсте ішесің. Ет жегің келсе, түсте кел, Кәмила асқан етті түннің бір уағында жейсің. Кәмила асықпайды. «Күн шығып қалады, күн тал түс болып қалады, күн батып кетеді» деген Кәмиланың пәрігөйіне де кірмейді. Ол жұрттың бәрінен кеш жатады, жұрттың бәрінен бұрын, ерте де тұрады. Бірақ сен асығып отырсың ба - ау, кезек күттірмейтін шаруаң бар ма - ау немесе жолыңнан қалып қоясың ба-ау, онда оның ісі жоқ. Тым тату туратын осы семьяда талай рет Әпеннің де қабақ шытқанын білемін. Талай рет қонақтардың да мазасы кеткені көз алдымда. Бірақ Кәмила сол баяғы асықпас қалпынан жаза баспайды. Ал шыдамың жетіп, Кәмиланың бір рет шайын ішіп, бір рет асқан етін жедің бар ғой, келесі шайын бес сағат, келесі дәмін бес күн күтуге де барсың. Өйткені бұл орамда дәмге ондай бап әйел жоқ. Кәмиланың қарындағы майының, қазанындағы етінің дәмі айлар өтсе де аузыңнан кетпейді.


Міне, Әпеннің құдай қосқан қосағы осындай адам.


Бұл ауылда менің есімде қалған және осы әңгімеге тиек болғалы отырған тағы бір-екі адам бар. Екеуінің де аты — Ахметжан. Бірақ ұқсастықтары - бар болғаны атында ғана. Бірінен -бірін айыру үшін оларға жұрт таққан лақаптар қызық:Үлкен Ахметжан. Кейде үлкені Момын Ахметжан, ал кішісі Тентек Ахметжан болып та аталады. Үлкен Ахметжан сол кезде елуден шығып кеткен, әдемі шоқша сақалы бар еңгезердей адам. Таңның атуы, күннің батуы ат үстінде. Ат үстінде болатын себебі, ол осы колхоздағы бары - дағы, жоғы - дағы жалғыз бригаданың – бары - дағы, жоғы - дағы жалғыз бригадирі. Жылдың төрт мезгілінде туатын барлық науқандар, «ал кеттім» ала құйын жарлық, тапсырма, нұсқаулар осы Үлкен Ахметжан арқылы өтеді, осы Үлкен Ахметжан арқылы орындалады. Ертеден қара кешке астындағы торы төбелін салдыртып көше аралайды ол. Қатын-қалаш, шал -шапқыт, бала-шағаларды жұмысқа шығарады. Зырылдатып ферма басына, зырылдатып қырман басына барады. Әйтеуір бір тыным жоқ, әйтеуір бір қабақ шыту жоқ. Жалынып, жалпайып қарағымдап, әйтеуір жұрт көңілін тауып жүргені. Момын атанғаны да содан болса керек. Менің есімде қалғаны осы кісінің осы бір еңбекқорлығы. Әрі бала-шағасының көптігі. Біршама жасап қалған адам болса да, неге екенін білмеймін, балалары шиеттей жас. Тағы бір есімдегісі, бригадирдің атқа отырысы қызық, еңкеймейді, бойын тік ұстап, басын кекжитіп тік отырады. Содан болса керек, шоқша сақалы әманда состиып бірден көзіңе түседі, әрі күлкіңді келтіреді. Осы секілді мінез-құлқы, жүріс-тұрысымен еліне жұғымды Үлкен Ахметжан маған да ұнап қалды.


Сөйтіп, бұл ауылда бұлаңдау болса да, ақ көңіл Әйкенов секілді председателі, Әпен секілді беделді, ақылгөй нығыз кілтшісі, Үлкен Ахметжан секілді еңбекқор, момын торы бригадирі болғандықтан, ауданнан келген, мүйізі қарағайдай аудан өкілі - менің жұмысым біраз жеңілденіп қалды. Қырман басында, мал фермаларында Голубев берген тапсырма -нұсқауларды өзімше жеткізіп, өзімше түсіндіріп науқанды абыроймен өткізуді өтінемін. Қарсы болар бір пенде жоқ. Қатын-қалаш, шал - шапқыт, бала-шағалардың бәрі де ел басына төнген қатерді менен артық түсінбесе, кем түсінбейді. Жұмыла іске кіріседі. Қайда болсын қызу еңбек. Егінжайда ертеден қара кешке тоқтаусыз комбайн дүрілдейді. Содан түскен астық дамылсыз өгіз арбаларға тиеліп, колхоз қоймасына жөнелтіледі.


Сондай бір күннің кешқұрымы. Мен егінжайда әлденеге тоқтап қалған комбайнға келсем, комбайншы сынған бір бөлшекпен әуре де, ал қашанда болсын іздеген жеріңнен табылар Үлкен Ахметжан пар өгіз жеккен бір айдаушы баланың тақтай қорапты бірішкесіне бидай арттырып жатыр екен.


— Бұл менің орталыққа апарар бесінші арба бидайым, — деді жас шамасы тоғыз-ондарда қара бала. Дауысында мақтаныш бар.


— Сонда бұл бала бүгінгі күніне бір жарым еңбеккүн табатын болады, — деп Үлкен Ахметжан көтермелеп қойды.


Бір күнде бір жарым еңбеккүн! Бұл әрі сондай көп. Әрі сондай аз. Көп болатыны бір үйден осы бала секілді екі-үш жұмыс қолы шығып еңбек етсе, бір жылда жаңағы үйіңіз - мың, мың жарым, кейде тіпті екі мың еңбеккүнге дейін таба алады. Астық шыққан жылы бұл тіпті көл-көсір дүние. Қамба дайындап үйренбеген, алдағы жылдарда егін шықпай қалар-ау, сол себепті бар дүниені ысырап етпейік, жинап, сақтап қояйық деген ұғым қанына сіңбеген, құлағына енбейтін қазақ ауылдарында ондай молшылық жылдары кілең бір аянышты көріністерге тап болар едің. Екі-үш адамы бел шешіп шыққан әлгіндей семьялардың еңбек ақысына жыл қорытындысында екі мың, кейде тіпті үш мың пұт таза бидай келеді. Ал мұншама астықты қайда сыйғыза аларсың? Сыйғыза алмаған, өткен жылы егін шықпағандықтан, екі қарасы болса, екі пұт бидайға сатып қыстан «аллалап» зорға шыққан, бірақ сол күндерді енді ұмытып үлгерген бұл қазағыңыз екі қараны енді екі пұтқа емес, екі жүзден төрт жүз пұтқа сатып алады. Бір пачка үнді шайы - бір пұт. Көйлектік сисаның метрі - бір жарым пұт, жай матадан тігілген костюміңіз - елу-алпыс пұт болып шырқап шыға келеді. Телегей-теңіз дүниенің тең жартысын онды-солды осылай шашып, ырыс пен ризығын осылай шайқап үлгірген жұрт ендігі қалғанын не істейді дейсіз ғой? Ендігі қалғанының тағдыры одан да қызық: орталық астығын қайда қоярын білмей дағдарған колхоздың басшылары: «Еңбеккүнге тиесілі астықтарыңды алып кете көріңдер!» - деп ұран салады. Үлкен Ахметжан енді шоқша сақалын соститып, торы төбелін тебініп келіп үй қақпаларын қағады. Дауысы баяғыдай емес – қарағым -шырағымы, жылылығы аз да, өктемдігі басым: бүгін жұмысқа шықпай-ақ қой. Соның есесіне колхоз қамбасынан еңбегіңе тиесілі астығыңды алып кет! Әйтпеген күнде... -Үлкен Ахметжан «әйтпеген күнденің» ар жағын айтпайды. Торы төбелін тебініп, екінші қақпаға келеді. Үлгергендер астығын алып үлгіреді. Ал үлгіре алмағандар жаңағы «әйтпегенденің» неге апарып соқтыратынын екі-үш күннен кейін барып көреді. Астыққа толтыра тиелген жүк машиналары ана жолғы Үлкен Ахметжан жүріп өткен ізбен қақпалардың алдына келеді де, кузов борттарын ағытып жіберіп, моторларын ызылдатып ілгерілі - кейінді лықсытады-ай келіп. Машина жүріп өткен осындай қақпа алдында қалған тау теңіз астықтың кейде апталап жататыны да болады. Жаңбыр жауса шіріп көктей бастайды. Мал жейді. Ойнақтап үстіне ешкі-лақ шығады. Сөйте-сөйте жаңағы тау -теңізіңіз көңге айнала береді. Мен ес білген 1934 жылдан соғысқа дейінгі Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ колхоздарының бәрі демейін, бірақ көбіндегі хал осы болатын. Мына бір қара бала тапқан бір жарым еңбеккүннің көптігі, міне, осында. Ал аздығы - егін шықпай қалса, бір жарым еңбеккүн түгіл он жарым еңбеккүн тапсаң да алты ай жаз, алты ай қыс төккен терің, табан ақың бәрі. Шындап келгенде, егін шығымсыз болғандықтан, биылғы еңбеккүннің де зайғы екені айқын. Бірақ қара бала оған қарап тұрған жоқ. Еңбек істеп, қажетке жарағанын, колхозға қолқабыс жасағанын мақтан етіп тұр.


— Әкең бар ма? - деп сұрадым мен баладан.


— Бар...


— Қайда? Осында ма?


— Осында болушы ма еді?! Соғыста дағы. Фашистерді қиратып жүр, — деді бала. Содан кейін: — Менің әкем сондай мықты. Көп кешікпей фашистердің бәрін қырады да, сосын үйге келеді, — деп қойды. Құдды ересек біреу үйретіп, аузына түкіріп қойғандай.


— Атың кім?


Бала аты-жөнін, кімнің баласы екенін айтты. Бірақ мен дәп осы бір кештен бастап, бір ай бойы осы ауылды шулатуға дәнекер болған сол қара баланың аты-жөнін ұмытып қалған екенмін, қанша ойлансам да дәп басып айта алмай отырмын. Сол себепті «қара бала» болып қала бергенін дұрыс көрем.


— Ал мектепке барасың ба? — деймін мен тағы да.


— Бармағанда ше?! Үшінші кластамын. Таңертең оқимын. Түстен кейін өстіп астық тасимын, — деді ол.


Сөйтіп, менің үшінші класта оқитын жаңағы қара баламның пар өгіз жеккен бірішкесі тақтай қорабын астыққа толтырып алып жөнеле берді. Арада аз-кем уақыт өтпей ымырт үйірілді. Ымырт үйірілісімен Үлкен Ахметжан да ғайып болды. Мен сынып қалған комбайн басында біраз айналдым да, қолымнан ештеңе келмейтін болған соң, атыма мініп, жолға түстім. Жүріп келем. Түн тастай қараңғы. Бір мезетте алдымнан қарайып манағы өгіз арба көрінді. Әуелі жүріп бара жатқан шығар деп едім. Бақсам, жолдан біраз бұрыла шығып тоқтап тұр. Үстінде біреу қараңдайды. Салдыртып келсем... бригадирімнің өзі. Тақтай қорапқа шығып алып, қапшыққа көсіп бидай толтырып жатыр... Салдыртып келуін келсем де, мен түкке түсінбеген болсам керек: «Неге тоқтап тұрсыңдар?» - деппін. Үлкен Ахметжан мойнын маған бұрып, көтеріле берді де, толуға деңгейленіп қалған қапшықтың аузынан ұстаған қалпы, аңырып, қимылсыз қалды.


— Неге тұрсыздар? — деймін тағы да қайталап.


Үлкен Ахметжанда үн де жоқ, тіл де жоқ. Сол мелшиген қалпы. Қара бала да үндемейді. Тыныштықты бұзып тұрған — тізгіні өгіз арба артындағы тіреу ішке ілінген — торы төбел ғана. Мойнын тақтай қораптан асырып салады да, ауыздығын сылдырлата, еріндерін жыбырлатын әлгінде ғана комбайннан түсіп, буы бұрқырап жатқан жасаң бидайды күрс-күрс шайнайды.


Осы сәтте мен қандай халде болдым? Жадымда жоқ. Бірақ бірден түсіндім. Мақтаулы бригадирім бидай ұрлап жатыр. Мелшиіп қалған Үлкен Ахметжаннан ештеңе шықпасын байқадым ба, білмеймін, әйтеуір, еңбеккүн тапқыш қара балаға:


— Неге тоқтадың деп, тұрмын ғой мен саған. Қамшының астына алайын ба осы! — дедім өктемірек дауыспен.


Қара бала шын қорықты ғой деймін, даусы жарықшақтаныңқырап шықты.


— Білмеймін, былай бұрыл да, тоқта деп мына кісі айтты. Сосын бұрылдым да, тоқтадым.


— Ал, ендеше, қайта бұрыл да, жолға түс.


Өгіздерді қақпайлап қара бала жолға салды. Арба үстінде әлі де не істерін білмей үнсіз тұрған Үлкен Ахметжан біраздан кейін қапшықтың аузын қоя берді де, бойын жазды. Содан кейін торы төбеліне мініп бірішкенің екінші жағында қатарласа жүрді. Арғы бозамық аспаннан анық көрінген бригадирдің сұлбасына қарасам, басы кекжимейді, сақалы да состиып тұрған жоқ. Бұрын ат үстінде үнемі тік отыратын еді. Енді бір түрлі бүкжиіп қалған. Басына төнген қатерді ол анық біліп келеді.


Менің не істеуім керек?


Елде бұрын «әй, кәпір» атанбаған, жаманаты шықпаған, ертеден қара кешке дейін «колхоз жұмысы» — деп балық көзденіп шапқылап жүретін еңбекқор торыны соттаттырып жібергенде не түседі? Бас көтерер ер азаматтың бәрі майданға кетіп, мына жадағай қалған табан аяқ ауылда дәл осындай бригадир болып кім істей алады? Ал қара баланың көзінше ұрсып-ұрсып қоя берейін десем, өзге болса бір сәрі, үміт артып, жұрт қараған белсендімнің өзі бас болып ұрлық жасаса, былайғыларға не жорық? Сынықтан басқаның бәрі жұғадының кері болып жүрмей ме? Голубевтің даусы естілгендей: «Жалғыз тал масақ жерде қалмасын деп тұр ғой. Ал сонда мен аудандық партия комитетінің сенімін ақтаған болып шыға алам ба? Петр Матвеевичтің тағы бір сөзі жадыма оралады. «Құдайға құлшылық ет десең, маңдайын соғып алатын ақымаққа ұқсап кетіп жүрмеңдер». Бұл -талай-талай қиындықтан өткен тәжірибелі адамның ескертпесі. Осыған дейін өзім жақсы көріп келген кісімнің жаза басқан бір ісін кешпесем,онсыз да шиеттей балалары бар жанды-жақты жүдеу семьяның ойран-ботқасын шығарып, шаш ал десе, бас алардың өзі болып шықпаймын ба?


Мен қиналатын мәселе қайда, мінекей.


Байқасам, ауылға жақындап қалыппыз. Қапшық қарайып арба үстінде жатыр. Ал Үлкен Ахметжан болса сол бүкжиген қалпы арғы бетте үнсіз келе жатыр екен. Күні бүгінге дейін анық есімде — менде әлі түк шешім жоқ. Бірақ «Ана қапшықтағыны қорапқа төк те, жүре бер. Мен сені көрген жоқпын. Сен мені көрген жоқсың!» - деп қалай айтқанымды білмей қалдым.


Бұл айтқаным, шешім бе, әлде сезім бе, саралап та үлгермедім ғой деймін. Үлкен Ахметжан қарғып өгіз арбаға шықты да, қапшықтың түпкі бұрыштарынан ұстап тақтай қорапқа сау еткізіп аудара салды. Сөйтті де қарғып атына мінді. Содан кейін босап қалған қапшықты жол ернеуіне лақтырды.


— Рахмет саған, уәкіл. Аштан өлсем де, қап дегеннің бұдан былай атын ұмытармын! — деп торы төбелін тебініп жортақтата жөнелді.


Қара бала екеуміз колхоз қоймасына келдік. Мұнда басқа да комбайндардан келіп жатқан әлденеше өгіз арбалар бар екен, соларды үлкен таразыға салып, жұмыс істеп жүргендерге түсіретін жерді көрсетіп, қаттап, тіркеп Әпен жүр. Жұмыс күнделікті дағды бойынша түн ортасында бітті. Біз Әпен екеуміз күнделікті дағды бойынша түн ортасын аударып оның үйіне келдік. Кәмила жеңгеміз де күнделікті дағдысы бойынша түсте көтерген қазанын бабына келтіріп, әбден дәмдеп пісіріп дайын отыр екен. Дәм үстінде әманда ілтипатты Әпен:


— Өңің сынық қой өзі бүгін, тамаққа зауқың жоқ секілді. Ауырып қалғанның қай жағысың? — деп сұрады.


— Ауырған жоқпын. Бірақ күйзеліп отырмын.


— Неліктен? Әлде қос басында бірдеме болып қалды ма?


Мен енді болған оқиғаны Әпеннен жасыруды жөн көрмедім.


Жарқыратып салдым.


Әпен таңырқай берді.


— Апырау. Тентек Ахметжан болса, бір сәрі, Момын Ахметжаннан да мұндай қылық шығады екен-ау? Міне, колхоз құрылғалы он екі жыл. Елді бастап бар малын ортаға салып, колхозға алдымен кірген екеу болса, бірі де, біреу болса өзі осы Момын Ахметжан еді. Сол он екі жыл ішінде Ахметжан біреудің ала жібін аттапты деген сөзді естісем, құлағым керең болсын! Қой, ана Тентек Ахметжанмен шатастырып отырған шығарсың?..


Алған шешімімнің дұрыс-бұрыстығына көзім жетпегендіктен бе, Үлкен Ахметжан жөніндегі Әпеннің мына сипаттамасы әкімдіктің дәмін татпақ түгіл, мұрнына иісі де бармайтын мен бишараға жұбаныш әкелгендей болды. Өйтіп жұбаныш әкелгені де бар болсын, ертеңіне жұрт дүр ете қалды. Үлкен Ахметжан бір қапшық бидай салып алып жатқан жерінде ауданнан келген өкіл үстінен түсіпті де: «Мен сені көрген жоқпын, сен мені көрген жоқсың», — деп қоя беріпті. Сөз осы. Ертемен колхоз кеңсесіне әлгі Тентек Ахметжанның өзі тепсініп келсін: «Сенің либерал өкіл екеніңді мен бірінші келген күнінде-ақ білгенмін. Басқа өкілдер: барлығы да «Отан үшін!» — деп айқайлап, жұртты ығыстыра, қорқыта келетін.


Сол себепті науқан да ойдағыдай жүріп кететін. Бұра тарту, жұла тарту деген болмайтын. Ал мына өкіл болса, келе салысымен: «Жұмыс істеңдер, ал істемесеңдер ешкім сендерді зорламайды, өздерің біліңдер!» — деп ұран тастады. Осы сөзімен елдің кежегесін кейін тартқызғаны өз алдына, тіпті үкімет қалтасына сұғанақ қолын сұғып, астық ұрлағандарды да құлағынан ұстап алып келіп, соттаттырудың орнына, ұрласаңдар ұрлай беріңдер деп, қоя беріп отыр. Міне, бізге келген өкілдің сиқы. Мен бұлай қалдырмаймын. Тиісті жеріне жазамын әлі. Туыстарымыз майданда толарсақтан қан кешіп, жанын шүберекке түйіп жүргенде мұнда, елде, мынадай арамзаларды жайына жібере алмаймын мен!»


Осындай жалалы сөзге төзе алмайтын қызбалығым ба, білмеймін, әйтеуір жазған басым бір-екі рет Тентек Ахметжанның сөзін бөліп, дауласа кеткім келді. «Олай емес, былай», — деп өз дәлелімді айтпақпын ғой. Бірақ Әпен «айтып болсын», — дегендей ыңғай білдіріп, білегімнен ұстап қалып отырды. Ал колхоз председателі Тұрғын бұл ауылдың басшысы емес, құдды басқа жақтан келген көлденең адам секілді. «Сөздерің әлі біткен жоқ па-ей?» — деп кеңсеге кіріп-шығумен жүр. Мынадай іс ұшынып кетсе, ең алдымен, өзі жауап беретінінде шаруасы жоқ.


Мұндайда ерегіс отын өршітетін сөз таласы екен ғой. Әпеннің даналығымен біз тырс үндемегеннен кейін пәле іздеп келген Тентек Ахметжанның да сөзі таусылуға айналды. Сондай бір толас кезінде Әпен:


— Кім астық ұрлапты? Оны саған кім айтты? - деп сұрады.


— Кім айтты деген не?! Ұрлаған кісінің өзі айтты. Куәға ертең мен сол Ахметжанның өзін тартамын.


Мен өз құлағыма өзім сенбегендеймін. Қалайша ол өз ұрлығын өзі жария етпек?! Илан, иланба, расында да солай болып шықты. «Мен өйттім, ал уәкіл бүйтті». Әңгіме осы. Бірақ өзі істеген қылмыс қаперінде жоқ, ауданнан келген өкілдің кеңдігін, кісілігін мақтамақ. Шынында да, шал-кемпірлер арасында қолымды алып сілкілеп: «Мәртебең өсе берсін, шырағым, шаш ал десе, бас алатын ұр да жық, әпербақан емес, болайын деп тұрған бала екенсің ғой!» - дейтіндер де шықты. Бірде Әпен Үлкен Ахметжанға:


— Істеріңді істеп алып, ендігің не?! Екі елі аузыңа бір елі қақпақ қоймайсың ба? — деді.


Сонда ол:


— Шын өлдім ғой деп едім. Уәкіл қайырымдылық жасар деп ойлаппын ба! Қуанышым ішіме сыймады. Айтпағанда қайтейін содан кейін! — деп жауап берді.


— Ойбай-ау, басыңа пәле тілеп алдың ғой енді.


— Әй, ол тентектің өстіп дүрілдетіп әкететінін қайдан білейін.


Ал не дейсің енді.


Кіші Ахметжан сөзді желге жіберетін адам емес екен, ақыры айтқанын орындап шықты. Ол былай болды.


Октябрьдің аяқ кезіндегі сондай лайсаң, салқын күннің бірінде тап осы ауылға аудан көлемінде бұрын мен көрмеген бір ұзын қара машина келіп, кеңсе алдына тоқтады. Ішінен үш адам шықты. Танығаным - өзіміздің Петр Матвеевич Голубев. Қалған екеудің бірі — жас та екіншісі — жасамыс. Жасамысының үстінде ұзын етек, қызыл былғары пальто. Аз сөйлеп, аяғын нығыз басатын, жатқан бір маңғаз. Мұның тегін адам емес екенін бірден білген қарны жуан, әрі денелі болса да қауқарсыз Тұрғыным қаңбақша ұшып, елпілдеп кетті. Ал, біз, Әпен екеуміз сыртқарақ тұрдық.


Өз ауданының жайын жақсы білетін Голубев әуелі қонақтарға Тұрғын мен Әпенді таныстырды. Содан кейін сәл жымиыңқырап тоқтады да:


— Ал мына жігіт біздің аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары. Осы ауылдағы оң көзіміз. Өкіл, — деп мені нұсқады. Содан кейін маған қарады да: — Өзің неге сырттай бересің, берірек тұр, — деп қойды.


Мен жақынырақ келіп едім, машинадан түскендердің ішіндегі әлгі бір жастауы қолымды енді өзі алып қатты сілкілей бастады. Ал Голубев болса, дағдысынша қарқылдай қатты күлді де маңғазға қарап:


— Байқайсыз ба, балықшыны балықшы қиядан көріп жатыр, — деп қойды.


Олай дейтіні менің қолымды қайта қысқан жігіт Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің екінші хатшысы Александр Семенович Федулин екен. Ал мынау маңғаз Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов болып шықты.


Олар кеңсеге кірмеді. Солай тұрып колхоздың жай-жапсарымен танысты. Жел үп етсе ұшып түсер, мына октябрь айының кеш қалған сары жапырағы секілді, қалтырап тұрған Тұрғыннан бір ши шығып кетеді деді ме, кім білсін, әйтеуір, биік лауазымды қонақтардың сұрауына көбінесе Петр Матвеевичтің өзі жауап берумен болды.


Қонақтар жүруге ыңғайланды. Сол кезде ортаға топ ете түскен бір кесектей, қайдан шыққанын кім білсін, Тентек Ахметжан сап етті. Ол мені нұсқап сөйледі:


— Жаңа мына Голубев жолдас мына тұрған уәкілді біздің осы ауылдағы оң көзіміз деді. Қате. Мүлде қате айтады. Бұл бала оң көз де, сол көз де емес. Су қараңғы соқыр. Саяси соқыр.


Коженкалы маңғаз: «Мынаның айтып тұрғаны сенсің бе?» — дегендей маған қарады. Мен оңып тұрмаған болармын, тегі, ол мұрнын тыржитты. Содан кейін «осындай сықпытсызды қайдан тапқансың?» дегені ме, Голубевке бұрылды.


— Иә, не болып қалды? — деп Петр Матвеевич арызшыға тіксіне қадалды.


Тентек Ахметжан қалтасынан үшкіл етіп бүктеп, ашылып кетер жағын жіппен бастырған қалың пакет алып шықты да:


— Бәрі де мынада айтылған, — деп Әбдіхалықовқа ұсынды.


Арада үш-төрт күн өтті. «Енді не болар екен?» — деп ала көңіл болып жүрген менің алай-былай хабар болмаған соң, қобалжу дариясында: «Бәрі де тынған шығар осымен», — деген үміттің талын қармап, жүрегім енді орнына түсе бергенде, ауданға шақырылдым...


* * *


Несін жасырайын, Голубевке: «Әлде қайтер екен?» деген түйткулі көңілмен қорқыңқырап келдім. Сол қорқынышымды қорқыныш қауластырып мақтаулы деген Голубевым де мені салқын қарсы алды.


— Біз саған сеніп, жауапты жұмыс тапсырып едік. Бүлдіріп жүргенің не? — Тіксініп қалған хатшының шаншылта қойған алғашқы сұрағы осы болды.


— Нені бүлдірдім, нені бүлдірмедім, өзімнің де көзім жетпейді, — дедім мен шала орысшаммен ағымнан жарылып. Ақталғаным жоқ.


Осы бір тұра да қалтқысыз жауабым ұнады ма, білмеймін, хатшы жұмсарайын деді.


— Ал қалай болды? Түсіндіріп айтшы?!


Тентек Ахметжанның арызы үстел үстінде жатыр екен, мен оны үшкіл бүктемелеріне қарап, кіріп келгенде - ақ айырғанмын. Сол арызды нұсқадым да:


— Несін айтайын, анада бәрі жазылған емес пе! — дедім.


Осының айтып отырғаны шын ба дегендей, Голубев маған сынай қарап сәл отырды да:


— Жоқ, сен өз түсінігіңді баянда. Ол арызға сүйенетін болсақ, ана бригадирді Колымаға айдау керек те, сені комсомолдан аластап, әлі қабылдап алмаған қызметіңнен босату дұрыс болады.


Хатшының маған деген ниетінің теріс еместігін осы арада сезгендеймін. Содан болса керек, өзіме өзім келе бастаған секілдімін... Еркінсіңкіреп.


— Аластау керек, босату керек олай болса, ол оңбағанды, — деп қалай айтқанымды өзім де білмей қалдым.


Голубев мұнымды ұнатыңқырамағандай:


— Ну, ну, балалықтың, еркеліктің жөні жоқ бұл жерде. Мен сені ауданымыздың дыңдай басшыларының бірі деп шақырып алып отырмын ғой. Істің анық-қанығын білгім келеді. Кәне, баянда.


Мен не болды, соның бәрін түгел айтып бердім. Хатшы иланған секілді. Сөзімді күдіксіз, секемсіз тыңдады. Содан кейін сәл ойланып отырды да, оқыс сауал қойды:


— Ал бұл әңгіме қайдан шықты? Ана қара баладан таралды ма?


— Жоқ. Бригадир өгіз арбаны неге тоқтатты, неге қапшыққа бидай сала бастады, онда қара баланың шаруасы болмаған. Өйткені «бригадир ұрлық жасар-ау» деген ұғым жоқ қой қара балада.


— Ал енді қайдан шықты бұл әңгіме?


— Ұрлықшының өзінен...


— Қалайша? — деп таңданды Голубев.


— Өзіңіз айтқан әлгі «Ит жеккенге айдалдым» деп ойлаған Үлкен Ахметжан өкілден ондай рақымшылық күтпеген ғой. Қуанышы қойнына сыймаған соң, мені мақтап жар салғаны...


Голубев ішек-сілесі қатқанша кабинетті басына көтере күлді. Бір кезде қол орамалын алып көзінің жасын сүртті де:


— Қазақтардан осындай бірдемелерді күтуге болады, — деді енді сылқылдап күліп. Содан кейін тағы да сұрақ қойды. — Ал ана, Кіші Ахметжанды неге ренжітіп жүрсіңдер?


— Ренжіткен ешкім де жоқ, Не бары мен оны бір-екі-ақ рет көрдім. Ал, ана Әпен кілтші мен Тұрғын председателіне осы сұрақты қойсам: «Ол тентекті көр ғана түзетеді. Арыз жазбаса, оның іші кебеді», — дейді. Іші кебетінін өзімнің де байқағаным бар. «Арызды қой, бірлесіп жұмыс істейік», — деп едім. «Ол ақылыңды басыңа шайнап жақ. Мен әділдік күрескерімін. Шындықты айтпай отыра алмаймын», - деп бірақ қақты.


Голубев енді күлкіден тыйылды да, терең бір күрсініп алып, терезеге қарап отырып сөйледі.


— Мұндай арызқойлар қай заманда да, қай халықта да болған. Мүмкін, адам өз бойындағы кеселдерден тазарып, мүлде айығып кеткенше арызқойлар соңымыздан қала да қоймас. Талай шашты ағартар да, талай жүйкені құртар. Арызқой Ахметжан маған жаңалық емес. Маған жаңалығы ана... — деп Голубев қайтадан жымия мүдірді. — Бір қызығы мен, міне, жиырма шақты жылдан бері басшы қызметте келе жатырмын. Қилы-қилы тағдырларды көрдім. Қиян - қилы адамдармен кездестім. Қилы - қиян мінез-құлық пиғылдарды білемін. Бірақ мына Үлкен Ахметжан секілді біреуді мақтаймын деп өзін тұзаққа іліндіріп алған адамды өмірімде ұшырастырған емеспін.


Хатшы менің ойлаған жерімнен шыққан болса керек, не бары жиырмадан ғана ассам да, көп білетін адамша қосарланып қалып жатырмын.


— Мен де солай...


Хатшы менің өстіп сөз жарыстырғанымды ұнатпады ғой деймін, түйе сөйледі:


— Ұрлықтың үстінен шыққаннан кейін, босатпауың керек еді. Колхоз кеңсесіне алып келіп, акт жасап, ісін тергеуге берген жөн болатын. Біз сені ұрлықтың үстінен шықса, босатып жібере берсін деп өкіл еткен жоқпыз...


Бұл жерде менің хатшы сөзін бөлуіме тура келді.


— Босатып жібере берсін дейтіндей көп адам емес менің қоя бергенім. Не бары бір-ақ адам.


Әлбетте, сөзге құлақ қойғыш Голубев мені тыңдамады. Қайта өрши салды:


— Керек десең, ұрлықтың үстінен шықса босатпасын, аяусыз жазаға тартқызсын, соттаттырып жіберетін болсын деп те сені өкіл еткен жоқпыз.


Мен шыдай алмасам керек:


— Сонда не үшін өкіл еттіңіз? — деп қалдым тіксініп. Өйткені ұрлықшыны қоя бергенім үшін өзімді өзім жазғырып жүрсем, хатшының мына сөзіне қарағанда, ұрлықшыны қоя бермесем де, желкесінен мытып ұстап, кеңсеге алып келіп акт жасаттырып, ісін сотқа бергіздірсем де, абыройлы болмайды екенмін ғой.


Мен білетін Голубев ойға жүйрік, логикасы мықты кісі.


— Болып қалар еді-ау, деген жайларды болдырмасын деп, мына қазіргі әңгіме тақырыбына айналын отырған оқиғаларды тудырмасын деп, ондай келеңсіз әрекеттердің тамырына нәр бармай жатып балта шапсын деп, бір сөзбен айтқанда аудандық партия комитетінің сол ауылдағы оң көзі болсын деп жібердік.


Ал, енді тал асып көр Голубевпен.


Мен үндей алмай қалдым. Манадан бері арызқойды даттап, менің жағымда отырған хатшым өзгеріп сала берді.


— Былайша қарағанда, арызқой дұрыс айтқан. Әзірге сен біздің оң көзіміз де, сол көзіміз де бола алмай тұрсын.


Шынымды айтайын, жоқ жерде тарылып қалатын, мінезге жұқалау менің де шамыма тиіп кетті ғой деймін.


— Петр Матвеевич, алда разы болсын сізге, өкіл болып оңдырмаспын, тегі. «Ортақшыл» колхозындағы жұмысты тындырдық десек те болады. Үкіметке өткізетін астықты өткіздік. Тұқым қорына дегенді де құюға жақындаттық. Рұқсат беріңізші, мен қайтып келейін, — деп салдым.


— Жоқ, қайтпайсың, — деп Голубев бірден қайырып тастады. — Ұры атанған бригадир солай жүре бермек пе? Оны мен де, сен де бұл жерде отырып шеше алмаймыз. Сол себепті «Ортақшыл» колхозына қайтып барасың. Жаңа бригадир сайлаттырасың. Ал егер жұрт осы ұры бригадирдің өзі қалсын десе, қарсы болма. Бірақ ана ағынан жарылғыш Арызқой Ахметжанның да кандидатурасын ұсынып көр. — Бір сөзбен айтқанда колхозшылар не дейді, соны заңдастыр. Оның үстіне аяқталмай қалған жұмысты тындыр. Міне, сонда күнәң кешірілетін болады.


Мен тұра беріп едім, хатшы қайта отырғызды. Оң жағында жатқан папкасын ақтарып, бір қағаз алып шықты да:


— Бұл да саған тағы бір сын, — деп тоқтады. - «Ортақшыл» колхозына он мың сом екен... — Хатшы маған тіктеп қарады. — Мемлекет жаңа лотерея билетін шығарған. Сен жаңағы жиналыста сол лотереяның маңызын, мемлекетіміз неге шығарып отырғанын түсіндіріп, колхозшыларға тарататын боласың. Жоспарың он мың сом... Он тиыны кем шықпасын. Бірақ асырып түсірем деп те тыраштанбай-ақ қой. Бәрібір онымен жақсы атты көріне алмайсың. Біз мұнда сол колхоздың бар мүмкіндігін егжей-тегжейіне дейін пайымдап айтып отырмыз бұл цифрды.


Менде не сөз бар, салым суға кетіп «Ортақшылға» қайтып келдім. Бір есепті келгенімнің өзі дұрыс болған. Өйткені Тентек Ахметжан да қарап жатпаған ғой: «Менің арызым бойынша уәкілдің қарасы өшті. Ендігі кезек мына бригадир Ахметжандікі», — деп елге сөз таратып жіберіпті.


Қанша дегенмен, мен бұл ауылдағы бір айымды тегін өткізбедім. Біраз қиындықтарды бастан кешіріп, тәжірибе жинап қалған, оң мен солымды айыра бастаған, жақсылық қайдан, жаманшылық қайдан, дөп басып білетін, әрі аупартком хатшысынан ақыл-кеңес алып келген, «жырынды» өкіл емеспін бе, жұртты иіре, тықсыра келдім. Алдымен Тұрғынға дауысымды қатайтыңқырап:


— Бүгін кешке колхозшыларды тездетіп кеңсеге жинаңыз. Бір адам қалмайтын болсын. Әйтпесе басыңызбен жауап бересіз, — деп қойдым.


«Кеше кеткенде сап-сау секілді еді, бүгін қалай өзі, дені дұрыс па?» дей ме Тұрғын маған бажырая қарады. «Бажыраятын түк те жоқ жолдас Әйкенов, мен енді мұрнының алды кеппейтін бала емеспін. Әкімшілік дегеннің не екенін біле бастаған, мансаптың дәмін тата бастаған өкілмін». Бұл — әрине ойым ғой. Ал бажырая қараған председательге: — Маңызды хабар бар, — деп маңғазданып қойдым. Менің ойнап отырмағанымды түсінген Тұрғын: «Маңызды хабар» — деген соң өзгеріп сала берді. Дереу жарлық беріп жұртты жинатты.


— Ауданнан келген өкілде маңызды хабар бар, соны айтыңдар жұртқа, — деп тапсырды жұмсаған балаларға.


Осы бір үнемі қалбалақтап жүретін, істің мәніне терең бойлай бермесе де, арамдығы жоқ, аңқылдақ председатель: «Оның қандай маңызды хабар?» — деп те анықтаған жоқ. Ал мен болсам: «Маңызды хабар дегенім мынау еді», — деп айтқым келді де, биік лауазымды өкіл екендігім есіме түсіп кетіп, «жиналыста бір-ақ білсін», - деп айтпай қойдым. Ал ойнап көр өкілмен.


Шағын колхоздың өзіне лайық шағын кеңсесіне бала-шаға, шал-кемпір лық толды.


Колхоз председателі:


— Колхозшылардың жалпы жиналысы ашық. Күн тәртібінде... — деп аңырып қалды. —Ойбай-ау, қарайтынымыз не мәселе еді?


Жұрт ду күлді. Жалпы дүрмекпен кеткен Тұрғын жарықтық жиналыста не мәселенің қаралатынын тіпті ойламаған екен ғой.


Тентек Ахметжан бойы бір қарыс болып ұшып тұрды.


— Сен өзің қандай бастықсың? «Маңызды хабар» — деп жұртты жинайсың да, сол хабардың не екенін де білмейсің.


— Оны мына ауданнан келген өкіл айтады.


Мен шынында да төселе бастаған екенмін. Голубевтің кабинетінде оқиғаның барысына қарай бірінші болып айтылған, әрі көп айтылған әңгіме бригадир жайы болса да, лотерея тарату мәселесін бірінші етіп қойдым. Обалы нешік, тартынып қалған бірі жоқ. Әуелі Әпен шығып сөйлеп: «Зұлым жауды жеңуге себіміз тиетін болсын! Мен бір мың сомның лотереясын сатып алам», — деп еді, жұрт түсті де кетті.


— Мен екі жүз сом!


— Мен бес жүз сом!


— Мен жүз сом!


— Мен үш жүз сом!


Жан-жақтан құйылып жатқан дауыстар. Мен тіпті зорға жазып үлгеріп отырмын. Жиналғандар түгел жазылып болды-ау деген, дабыр-дұбыр басыла бастаған кез еді, кенет Әпеннің даусы шықты.


— Әй, Ахметжан, сен үндемей қалдың ғой?


— Неге үндемейін. Бес жүз сом деген жоқпын ба! — деп Үлкен Ахметжан ұшып тұрды.


— Жоқ, сені айтпаймын, ана Кіші Ахметжанды айтамын.


— Мен лотерея сатып алмаймын.


— Неге алмайсың? — деп шұқшиды Әпен.


— Ақшам жоқ.


— Е, ақша өзге жұрттың қалтасын тіреп тұр ма екен? Жұрт қатарлы мына тізімге жазыл, ертең еңбек күніңе берілетін астықтан ұстаймыз.


— Жоқ, мен жазылмаймын. Зорлап ешкім де жаздыра алмайды. Партия мен үкімет зорлаңдар деп айтпаған.


— Рас, зорла демеген. Бірақ сен сонда, немене, партия мен үкіметтің ұйғарымына қарсымысың?


— Жоқ, қарсы емеспін, — деп жалтарды Тентек Ахметжан.


— Ендеше былшылды қой, жазыл кәне, - деп қадалды Әпен.


— Ал, жақсы, он бес сом болсын.


— Өй, тегіңді... — деп Әпен бір балағат сөз айтып жіберді. Бұл мен білетін Әпеннің аузынан шыққан бірінші ерсі сөз.


Сонымен, лотерея сату мәселесі ойдағыдай өтті. Ойдағыдай дегенің түк емес. Шотқа қақтырсақ, табаны күректей он бес мың... Жаңағы Тентек Ахметжанның он бес сомы және бар.


Екінші мәселе жөнінде тағы мен сөйледім. Бір қызығы жұртты қанша үгіттесем де, Үлкен Ахметжанды орнынан босату керек дегенге жиналғандар тіпті құлақ аспай қойды. Тентек Ахметжанды атап көріп едім:


— Арыз жазудан қолы босамайды, қайда жүріп ол бригадир болады.


— Ол бригадир болса, онда біз басқа колхозға көшеміз... — деп көпшілік шулап қоя берді.


Сөйтіп, Үлкен Ахметжан орнында қалды. Он бес мың он бес сомға лотерея билеті сатылды. Енді Голубевтің сынынан сүрінбей өттім десем де болады. Десем де болады емес екен-ау. «Асырып түсіремін деп тыраштанба. Колхоздың бар мүмкіндігін тексере келіп он мың сом деп отырмыз», — демеп пе еді Голубев. Не істеу керек? Жо... жо... оқ, қиналатын мен емеспін, бірақ. Колхозда өткізген бір айым текке кетпеген. Оның үстіне аудандық жиналыстардан да көргенім бар. Сондай бір жиын соңында: «Мына адамдар қалсын, қалғандарыңа рұқсат», - демеуші ме еді. Мына жерде мен де маңызданыңқырап тұрып:


— Ал жиналыс жабылды. Мына адамдар қалатын болсын, — деп алты-жеті белсендінің атын атадым.


Ойымда Голубевтің нұсқауы тұрса да, қалай бедел алудың жолын үйреніп келем ғой, байсалды тұрып өз атымнан сөйледім:


— Өздеріңізге белгілі, бұл колхозға бөлінгені он мың сомның лотереясы еді, ал сіздер болсаңыздар он бес мыңға шығып кеттіңіздер.


— Тентек Ахметжанның он бес сомы және бар, — деп қойды отырғандардың бірі.


— Иә, иә, он бес сомы да бар. Лотереяны көтере сатып алатын болғандарыңызға рахмет. Саяси сауаттылық таныттыңыздар. Жауапкершілікті сезіндіңіздер. Бірақ «Бөрі арығын білдірмейді» деген бар ғой, тыраштанып жатқандарыңызбен, жағдайларыңның жақсы емес екенін мен жақсы білемін. Сол себепті тізімді қайта қарап, осының халі қиын - ау дегендерден шегерейік те, он мыңның өзіне түсірейік,дедім тамағымды кенеп сәл қоразданыңқырап.


Алдымен Тұрғын елп етті:


— Өй, сен өзің азамат бала екенсің ғой. Бала-шағам көп, онда менен баста.


Баста деген соң, шегеруді председательден бастадық.


Әпен: «Анадан анандай сома шегер, мынадан мынандай сома шегер», — деп отырды да, өзіне келгенде қарысып қалды: - Аузыма құдай салған шығар. Айтқаным айтқан.


Біз, сөйтіп, бәрін қаз қалпына келтіріп, он мың сомға жаңа тізім жасап, жазылғандарға ертемен жүріп қайта қол қойдыруға кісілер тағайындап, Әпен үйіне келіп тыныш ұйқыға кеттік.


Тыныш ұйқы? Тыныш ұйықтауын ұйықтадық - ау, бірақ келесі күнгі оқиғаны құдай басқа бермесін!


Шатақ тағы да Тентек Ахметжаннан шықты. Біз — Тұрғын, Әпен, тағы бір бес-алты адам болып колхоз кеңсесінде ертемен шаруаның жайын әңгімелесіп отырғанбыз. Тепсініп Тентек келсін!


— Үкімет лотереяны неге шығарды? Еріккендіктен шығарды ма? Жоқ, жолдастар, жеңіске жетер тура жолды іздеп шығарып отыр. Біз берген әрбір сом бір-бір снаряд. Олай болса, сендер Совет үкіметіне емес, фашистерге көмектесіп жүрсіңдер.


— Мынаның есі дұрыс емес шығар? — деп таңданды Тұрғын.


— Жоқ, сендердің естерің дұрыс емес. Алжасқансыңдар.


— Әй, ит, былшылдама енді, шықшы кеңседен, — деп Әпен тік кетті.


— Мен неге кетем? Сендер кетесіңдер. Сендерде әділдік жоқ.


— Әділдіктің жоқтығын немен дәлелдемексің? — деп сұрадым мен.


— Өз еркімен жазылған халықтың меселін қайтарып, шегереді екенсіңдер, түгел неге шегермейсіңдер?


— Түгел шегердік.


— Түгел шегерсеңдер тізімде мен неге жоқпын? Мені құдайдың құлы емес деп пе едіңдер, әлде? Мен де сендер секілді Совет үкіметінің азаматымын.


Қызбалық, жастық па, кім білсін:


— Жоқ, сен құдайдың да құлы емессің, Совет үкіметінің де азаматы емессің. Сен бір жүрген төрт аяқтының өзісің! — деп қалай айтқанымды өзім де білмей қалдым.


Тентек Ахметжан өңмендеп үстел басында отырған біздерге жетіп келді де:


— Мен саған төрт аяқтының не екенін көрсетем әлі! Мен бәріңді де соттаттырам әлі! — деп жұдырығын менің тұмсығыма қарай тақай берді...


Сол кезде мысықша қарғып тұрған Әпеннің сау қолы Тентек Ахметжанның жауырынына сарт етті. Ұзын бойлы, ашаң да кесек тұлғалы болса да, бір қолы майданнан жарымжан оралған бұл жігіттің орасан қарулы екенін мен сол жерде көрдім. Тентек Ахметжан үстелге етпетінен түсті де, мойыны бейне бір бос қалған секілді маңдайы үстел тақтайына тарс-тарс соғылды. Әпен сонда да босатар емес. Желкесінен мытып ұстаған қалпы, тентектің басымен үстелді үсті-үстіне ұрғылап жіберді.


— Сен иттен - ақ көрдім ғой көресіні. Сен мені қашан соттаттырып үлгергенше, мен сенің жаныңды зәннемге жіберейін!


Үстел үсті қан-жоса. Тентек Ахметжанның: «Ағатай, қоя берші, қойдым енді» — деген даусы ыңырсып шықты.


— Қойдым деді ғой, — деп қалды қабырғаға жабыса тұрып қалған Тұрғын.


— Әлі аз оған. Сазайын тартсын иттің баласы! Сүттей ұйып отырған ауылдың берекесін кетірген жоқ па! — деді манағы бес-алтаудың ішіндегі бір қария.


— Жұрт жүз сомдап, мың сомдап жазылып жатқанда мұның жазылғаны он бес сом. Сол он бес сомды он сомға неге түсірмедің ғой - ақымақтың дауы. Өй, сенің бүйтіп жоқтаған әділдігіңді ұрдым мен онда! — деді екінші бір жасамыс адам.


Әпен Тентек Ахметжанның шашынан ұстап басын жоғары көтерді де, кеудесінен итеріп келіп жіберді.


— Ал қылатыныңды қыл енді, шошқа, — деді ентіге дауыстап.


Ахметжан еденге шалқалай түсті де, бір аунап барып, қолымен тұмсығын басып далаға қарай зыта жөнелді...


* * *


Сөйтіп, мен бұл ауылда бір айдан артығырақ уақыт болдым. Егін орағы аяқталды. Жоспар орындалмаса да, үкіметке тапсырылар астық тапсырылды. Толық болмаса да, барынша тұқым қоры да құйылды. Он мың... он бес сомы және бар лотерея билеті де сатылды. Мен енді аудан орталығына аттануым керек. Бірақ аттанбай қалдым. Ана оқиғадан кейін, тегі, істің артын бақпақшымын ғой деймін. «Ортақшылда» тағы бір жұма болғаным есімде. Бір қызығы, әділдік орнатқыш Тентек Ахметжан мүлде көрінбей қойды. Ал Момын Ахметжан болса, колхозшылардың өзін қалай бағалайтынын білген соң, торы төбелін қамшылап, табаны сайға тимейтін болып кетті.


Сөйтіп, мен кеңседе өткен майданнан кейін біршама күнді артқа салып, Пресновкаға келдім. Келдім де, Петр Матвеевичқа кірдім. Астық жайын да, лотерея сату жайын да, бригадир туралы көпшілік жиналысында болған қызу талас жайын да, түгін қалдырмай баяндадым.


— Тағы не бар айтылмаған? — деді Голубев маған тура қарап, ықыластана ризашылық білдіріп.


«Айтсам ба екен, айтпасам ба екен?» деген толқу болды ма, мен мүдіріңкіреп қалып едім, хатшы ойымның үстінен түскендей:


— Ана арызқойдың жағдайы қалай? — деп сұрады.


— Арызқойдың жағдайы жақсы емес.


— Неге жақсы емес? — деп Петр Матвеевич елең етті. Өңінде «тағы бірдеме болып қалған жоқ па?» — деген сұрақ бар.


— Арызы өтсе ғана арызқойлардың жағдайы жақсы болады. Ал мынаның жағдайы мәз болмайтыны - арызының өтпей қалғандығы.


Петр Матвеевич дән ырзалықпен қарқылдап күлді.


— Ал, жақсы, енді өз жұмысыңа кіріс.


— Арызқой тағы арыз жазса, тағы да келермін. Айтылатын сөз сонда тағы да табылар, — деп мен сөзімді екі ұшты етіп аяқтап, орнымнан көтерілдім.


Колхоз кеңсесінде өткен оқиғадан әзірше бейхабар хатшы:


— Ал жақсы, келістік. Онда өзім шақырып алармын, — деп мені көңілдене шығарып салды.


Бір қызығы, Голубевпен мен кейін де талай-талай жолығысып жүрдім. Бірақ Тентек Ахметжанның мәселесі бір рет те сөз болған жоқ. Себебі, илан, иланбаңыз, ол анада Әпен соққысына жығылғаннан кейін арыз жазбай қойды.


Мен кейін облыстық «Ленин туы» газетінде тілші болып істеп жүрген кезімде, сол «Ортақшыл» колхозына талай-талай келгенім бар. Сонда Әпенмен кездескенде сұрағым әманда:


— Тентек қайда? — дегенмен басталатын.


Әпен жымия күледі.


— Жүр осында. Бірақ тентек емес ол қазір.


— «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген рас екен ғой?!


Жоқ нәрсеге қызбайтын орнықты Әпен тағы жымия жауап береді.


— Халық айтса, білмей айтпайды ғой...


Міне, сөйтіп, жиырмадан енді ғана асқан жас жігіттің кешкен хал-жайлары, көрген -түйгендері енді алпысқа жақындап, шашы ағарып, тоқтасқан адамның ой елегінен өтіп барып әңгімеге айналған бұл хикая да тәмамдалып келеді.


Мен қолыма қалам аларда осындағы аты аталған адамдар жайлы сұрау салдым. Жасы келген Тұрғын әлдеқашан дүниеден өткен. Өз ауылының арыстаны Әпен де елуге жетпей жатып қаза болыпты. Ертеден кешке дейін салпақтап жүрсе де, бір ауыз сөз қатпас, әйел затының асылы Кәмила қазір тірі. Балалары бар болса да, тұрмысқа шыққан бір қыз баласының қолында тұрады. Қазақ қызды «жат жұрттық» — деп кемітеді де, ұлды ардақтайды. Бұл заманда жарғақ құлағың жастыққа тимей ұл өсіріп, қыз өсіріп, табаныңды тасқа тілдіріп, маңдайыңды отқа қарытып, мұзға соғып жүрсең де қартайған шағында рахатын қайсысынан көресің? Құр ақылгөйсуді қаламайтын, шешуі киын сұрақ бұл. Ахметжандардың екеуінен де хабарым жоқ. Маңғыз Әбдіхалықов пен пысық Федулин әзірге аман. Пенсияда. «Анау орыс, мынау қазақ» - деп алаламайтын әділ де іскер, еңбекқор Голубев кейін жоғарылап, Көкшетау облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеді. Арада сегіз жыл өткен соң мен қазақ университетін бітіріп, «Лениншіл жас» газетінің солтүстік облыстардағы тілшісі болып жүрген кезімде Көкшетауға да барғанмын. Сонда Петр Матвеевичпен Зерендіде кездестім.


Университет бітіргенімді, семьялы болғанымды, Жанна атты ызым бар екенін естіп қуанған. Өкініштісі — Петр Матвеевич қазір қайда? Бұл дүниеде бар ма, жоқ па, біле алмадым...


Тағы бір өкінішті жай - ағаш ығында деп мен мақтаған «Ортақшыл» колхозының бұл күнде жер бетінде жоқ. Ол әуелі қасындағы басқа бір әлдірек колхозбен қосылып, совхозға айналған екен. Сол совхоздың біраз жыл бөлімшесі болып тіршілік құрыпты. Жүре бара одан да айырылған. Мектебі жабылып, фермалары басқа бір жерлерден қоныс тепкен. Содан кейін келешегінің жоқтығын көрген ауыл адамдары түгелдей совхоз орталығына көшіп барыпты. Қызық жай: сол ауданның жел өтіндегі қыраттарға орналасқан басқа колхоздары бұл күнде жаңа ұйымдастырылған совхоздардың не бөлімшесі, не фермасы болып, әйтеуір баяғы орнында тірлік кешіп жатса, мына орман ығындағы «Ортақшылдың» зираты мен жұрты ғана жатыр... Адам тағдыры секілді, ел тағдырының да ешкім күтпеген бұралаңы көп болады екен...


Кейінгі бір жазда мен ауылға бардым. Ауыл дегенде баяғы Преснов ауданы - Преснов, Жамбыл болып екіге бөлініп кеткен-ді. Әуелі «Лия» колхозы болып ұйымдасып, кейін Аманкелді атанған менің ауылым қазір Жамбыл ауданындағы Жамбыл совхозының бір бөлімшесі ғана. Бұрын біздің ауылдан шығып аудан орталығы Пресновкаға тура баратын жол ағаш арасын аралап «Талпын», «Үлгі», «Ортақшыл», «Әйімжан» колхоздарын басып өтетін-ді. Оны ел ішкі жол деп атайтын. Бұл күнде Жамбыл ауданының орталығы – Жеке көлден Пресновкаға асфальт жол түссе де, мен қайтарда баяғы «Ортақшылды» басып өтетін ішкі жолдың сорабымен жүрдім. Арада отыз сегіз жыл өткенімен, ескі ауылдың жұрты маған күні бүгінгідей сайрап жатыр. Міне, мынау - Әпен үйінің орны. Мынау -менің Үлкен Ахметжанды ұстап алған жерім. Кеңсе жұрты да айқын. Ұзын қара машина, міне, мына жерде тұрды. Тентек Ахметжан үш бұрышты арызын, міне, мына жақтан келіп былай ұсынған. Оның кеңсе ішінде соққыға жығылған жерін де дөп баса аламын...


Байқасаңыз, менің осы әңгімемде бір кемшілік бар: Тентек Ахметжан бас жоқ, көз жоқ, бізге неге өшікті? Мен соның себебін ашқан жоқпын. Ашпаған себебім - сол өшпенділіктің сыры неде - соны білмеймін. Өз басым әлгі кеңседе айтылған бірер ауыз іліп - қақпадан басқа, онымен кездескен жан емеспін. Ал Әпен, Тұрғын, Үлкен Ахметжан бір жақ, бұл бір жақ болып араларында не бар? Мүмкін, түк те жоқ шығар?... Мүмкін, Тентек Ахметжан расында да арыз жазбаса отыра алмайтын ауру иектеген нағыз қияңқының өзі болар?.. Ол жағы маған қараңғы.


Көркем әдебиеттің тірегі - тартыс. Ал мен сол тіректі табам деп, әлдебір тартыстарды жоқтан сауғалап, көңілден қосып, ойдан шығарып жатсам, оным - өлгенге обал да, тіріге қиянат. Не болды, қалай болды, соны боямай сол қалпында беруді жөн көрдім. Шынымды айтсам, сондай бір оқиғаға негіз болып кеткен менің ісім - Үлкен Ахметжанды босатып жіберуім - дұрыс па, әлде бұрыс па? Осы күннің өзінде де оған дөп басып жауап бере алмаймын.


Рас-ау, мен кіммін осы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу