19.12.2021
  168


Автор: Сафуан Шаймерденов

Әлгі біздікіне қонаққа келгенде

Келесі күні ертемен тысқа шықтым. Аудан орталығынан қалаға қарай өтетін даңғыл жолдың үстінде, ұзын аққан Нұраның жағасына қоныстанған ауыл. Бұл бұрын өз алдына «Қызыл шілік» деп аталатын шарқы шағын, қауқары жоқ кішкентай ғана колхоз болатын. Енді «Париж коммунасы» деген үлкен колхозға қосылып, соның бір бригадасы ғана болып қалған екен.


Бригада демекші, «мұндағы бригадир кім еді?» деп ойладым. «Ие, Ахмет деп еді-ау түнде».


Сол кезде қара мұртты, дөңгелек күрең жүзді мығым біреу астындағы сыпсың торыны ойқастатып алдымнан өте берді. «Ие, ие, мынау Ахметтің нақ өзі ғой. Баяғы қалпы, өзгермеген тіпті».


— Амансың ба, шырақ? — деді ол анадайдан, — келгеніңді естідім. Қол тимей жатыр амандасуға. Райком мен райисполкомды қонаққа шақырып едім. Асығып барамын. Кездесеміз әлі.


Ахмет атын тебініп қалып, желіп кетті.


Ие, мен онымен тағы да кездестім. Бұрын бұл колхоздың алыстағы жайлауда малы болатын еді. Сол мал жайын, жайлау жайын сұрадым.


— Жайлауда қазір совхоздар орнай бастады ғой. Әлгі жуырда біздікіне райком мен райисполком келді ғой. Сонда олар келер жылы жайлаудан малды айдатып алдырармыз деп айтты, - деп жауап берді.


Енді бірде тістің тазалығы, беріктігі жайында сөз болып еді. Ахмет отырып:


— Тісің таза болсын десең, шеснок же, — деп қойды.


Жұрт үндемей қалды.


— Нанбайсыңдар ма? Рас айтам. Әлгі біздікіне келгенде райком мен райисполком тістерін пиязбен тазалады ғой. «Шеснокпен тазаласа, тіпті жақсы. Tic берік болады», — деп айтқан.


Шіркін-ай, өзіндік түк ойы жоқ осындай жарамсақтар құрыса, кеудесіне нан пісіргіш, шенқұмар бюрократтар да азаяр еді-ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу