19.12.2021
  308


Автор: Сафуан Шаймерденов

Алтын сағат

Пенде шіркінге жол дегенің қайда түспейді! Өз мекемеміздің шаруасымен кеше ғана Қазақстанның солтүстігінен келіп едім, міне, енді Қиыр Шығысқа бет алып барамын.


Жол болса ұзақ. Осындай алыс сапар үстінде екі қолыңның алдына сыймай қалатын әдеті емес пе.


Зеріге бастайсың. Содан ба, жаңа бір таныстықтарды іздейсің. Сөйтсе де соның бір қисыны келе қоймайтын да кезі болады екен ғой. Оны мына қасымда жатқан жолаушыға қарап айтамын. Екеуміз қарама-қарсы отырып тамақ жейміз. Не болмаса, терезе алдында қатарласа ұзақ тұрып сыртқа қараймыз. Одан жалықсақ, төсегімізге келіп, шалқамыздан түсіп жатамыз да кітап, газет оқимыз. Сонда да әлі бір тілдескен жоқпыз. Шынымды айтсам, таныссам екен, сөйлессем екен деп ынтығатын да сияқтымын. Бірақ инені мен сабақтағым келмейді. Оныма себеп те жоқ емес.


...Поезд бір станцияға келіп тоқтаған еді. Мен далаға шығып олай-бұлай жүріп бой жазып, қайтып келсем, купемде жуантық бір сары отыр. Үстінде макинтош. Қолында белбеулі жуан портфель. Ең алдымен, менің көзім оның кейпіне түсті. Жоғары қарай әнтек көтерілген дөңгелек иегі, май басқан үлкен бұғағынан мүлде көрінбейді. Екі танау кіші-гірім екі апан сияқты, кеңсірікке тік түсіп, таңырайып қалыпты. Мұрын дегеннің бар белгісі осы ғана. Ал қабақ болса, ернеусіз көлдің жағасы секілді, жылмағайланып барып, жалпақ маңдайымен астасып жатыр. Осы бір кейпіне әуендесіп, селдір шашы да шалқасынан жатқыза таралған. Сонысына қарамайды, кеудесін де тік ұстап, шалқақтай береді. «Шалқақтасаң шалқақтай бер, — деп қоямын ішімнен. — Оған менің нем кетеді». Міне, содан бері үш күн өтті. Таныстығымыз әлгі.


Өмір деген қызық қой. Ұлы оқиғалардың тағдырын кейде болмашы бір себептердің шешіп кететіні бар емес пе! Айталық, Наполеонның Ватерлоода жеңілуіне себеп болған - кейінде қалған әскерінің үлгіріп жетпеуі екен.


Егерде ол әскер үлгіріп жетсе ғой... Әрине, дүние тарихының талай беттері басқаша жазылған болар еді-ау... Спартактың да тағдырын ат шешкен. Архимед те солай. Егер ол барып моншаға түспесе, «Эврика - таптым!» деп айқайлап, тыр жалаңаш жүгіріп шықпас еді далаға. Ал далаға жүгіріп шықпаған болса, бәлкім Сиракуз патшасы Геронның тәжіндегі алтын-күміс санаусыз қалар ма еді, әлде қайтетін еді?! Міне, достым, солай, бәрінің де тетігі елеусіз де болмашы бір себептерде жатыр.


Дәп сол сияқты бір кішкене кілгипан болмағанда, мына жуантық сары екеуміз де ренжіскен адамдарша қоңторғай қалпымызда жөн - жөнімізге кете баратынымыз хақ еді. Кілтипан деп отырғаным кәдуілгі сағат. Құдайдың дес берісінде дәл уақытымен арамызға килікті де, манағы ешқайсымыз сабақтағымыз келмеген инені сабақтап жіберген!


Жігіттің аты Баржақсы болып шықты. Хабаровск өлкесінде көптеп көріспеген ағайындары болады екен. Кәдуілгі кезекті демалысын пайдаланып, соларды іздеп келе жатқан беті.


Әрине, Баржақсы екеуміздің танысуымыз анау айтқан елеулі оқиға да бола бермес. Сонда да екеуден екеу отырып алып, үндемес ойнау дегенің сондай қиын-ақ екен. Міне, танысқаннан кейінгі жағдай басқа. Купенің іші нұрланып сала берді. Оның үстіне Баржақсы айтқан әңгімені тыңдаймын деп уақыттың қалай өткенін де аңдамай қалыппын. Ал асыққан, ала көңіл болған жолаушыға уақыттың тез өтуі - мың да бірден табылмас шипалы ем сияқты болатыны айтпаса да түсінікті ғой.


Бәрі де сағаттан басталды дедім ғой. Мен төсегімде жатқанмын. Не істер екен деймін бе, қайдам, әйтеуір жуантық сарыға ауық-ауық ұрлана қарап қоямын. Ал анау болса, менімен шаруасы жоқ, газетке үңіліп отырған болатын. Бір мезет әлдене оқыс ойына келген адамша қауырт қимылдап, белбеулі жуан портфелін ашты. Әлгі «будильник» деп аталатын сағат бар ғой, сондай бір қоңыраулы кішкене сағатты алып шықты. Әуелі құлағына апарды. Содан кейін бұрап, олай бір, былай бір сілкілеп, біраз отырды. Басын шайқады. Ақыры маған бұрылды да:


— Айтып жібермес пе екенсіз, уақытыңыз қанша болды? — деп сұрады.


Жуантық сарыны мұндай сыпайы деп кім ойлаған. Ұшып тұра келдім де, шалбарымның кішкене қалтасына қолымды сала бердім. Қол салатын себебім, менің сағатым «Павель Буре» деп аталатын, алтын жалатқан ашпалы қақпағы бар репетейсіз, тым үлкен, атам заманғы бір қалта сағаты болатын.


«Павель Буренің» менің қолыма қалай түскені де тіпті жадымда жоқ. Әйтеуір бері салғанда, соңғы бір жиырма жылда сенімді серігім болып келе жатқаны анық. Соғыстан кейін сағат дегеннің небір кереметтері шықты ғой. Сонда да «Павель Буре» кейде бірер минут ілгері кетіп, кейде бірер минут кейіндеп қалып жүргенімен, соншама ұзақ мерзімнің ішінде бір сәт алдап, жұмыстан кешіктіріп көрген емес өзімді. Көксау шалдың кеудесінше сырылдап соғады да тұрады әмәнда. Содан ба, әлде жасым болса келіп, жылтыраққа жүгіргім келмейтінінен бе, немесе, кем-кетік, ой-шұқырының бәрін де түсініп, тоқтап қалар болса түртіп қалып, нұқып қалып дегендей жүргізіп алып жүре берер дағдым болған соң қимаймын ба, тіпті қайтсе де жоғалып қалмай қалтамда салдырлап жүре бергендігінен бе, кім білсін, әйтеуір өзгертейінші осыны бір, жаңа да жақсы сағат алайыншы бір деген ой келіп көрген емес маған. Жаңа костюм киген сайын, шалбарымның мықын қалтасын үйдегі жеңгелеріңе кеңейттіртемін де, добалдай «Павель Буремді» салып алып, тарта беремін қашанда.


Міне, қолақпандай етіп сол «Павель Буремді» шығардым ғой тағы да. Бағзы бір ертегілерде: «Бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық. Сол сандықтың ішінде қара дәудің жаны», - деп келеді ғой. Дәл сол сияқты. Тырс еткізіп, күңгірт тарта бастаған алтын қақпағын аштым сағаттың. Оның ішіндегі кішкене қақпақты және аштым. Сосын барып уақытты айттым.


Байқаймын, жуантық сарының көзі сағатта. Іздеген жоғы табылғандай ішіп-жеп барады. «Бәлен уақыт болды» дегенім өз жайына қалды. Сенбей тұрсың ба дегендей, мен сағатты шынжырынан ағытып алдым да, ілгері ұсындым:


— Мінеки, көріңіз.


Жуантық сары сонда ғана есін жиғандай:


— Ә, рахмет, рахмет сізге. Мына «будильнигі» құрғырды бұрап қоюды ұмытып кетіппін. Тоқтап қалыпты. Жақсы болды енді, - деп бастырмалата сөйлеп, сағат тілін жөндей бастады.


«Түріне қарасаң, бір сағатқа шамасы жететін-ақ жігіт сияқты, — қоңыраулы сағат алып жүргені несі екен? Менде «Буре», онда будильник, кездескен екенбіз мезгілімен», — деп ойладым мен.


Жаңағы әңгімеден кейін, таныстығымыз бөгеуін алған ағын судай жылжып жүре берді. Жүре-бара бірімізді біріміз шайға шақырыстық. Өткен-кеткенімізді айтыстық. Неге екенін қайдам, ол енді қоңыраулы сағатты портфеліне салып тастады да, әлсін-әлі маған келіп: «Уақыт қанша?» — деп сұрай беретін болды.


Қалтама қол салып, «Павель Бурені» шығарсам бітті, тесіле қарап тұрып қалады. «Бұл не тамаша?» — деп мен де аң-таң боламын.


«Мұныңыздың мәнісі не?» - дегім келіп талай-талай оқталып та қалған сәттерім болды. Сонда да сыпайылық таразысы басып кете берді ме, сұрай алмадым.


Бірде Баржақсы отырып:


— Ресторанға бармаймыз ба, уақыт қанша болды екен? — деп сұрады. Содан кейін, - Бере тұрыңызшы... — деп «Павель Бурені» қолына алды. Айналдыра қарап сәл отырды. — Құдды сол сияқты аумайды.


— Нені аумайды дейсіз? — дедім мен.


— Мына сағатты айтамын.


— Иә?..


— Тіпті айтудың өзі қиын. Содан бері он алты жыл уақыт өтті.


Бірақ есіме түссе әлі күнге жүрегім тітіркенеді. Қан майданда өлімнің небір кереметтерін көріп, ен ортасында жүрдік қой. Сонда да бұл бір айрықша хикая, - деп Баржақсы сәл тоқтады.


Мен шыдамсызданын қалдым.


— Ал хош?.. Құлағым сізде.


Баржақсы сағатты өзіме қайырды. Жайдары жүзіне кірбең жүгірді. Қалтасынан темекісін алып, сіріңке тартып еді, етжеңді, мыртық саусақтарының дірілдеп кеткенін байқадым. Мазасызданып отыр.


— Айтыңызшы, бір адамға неше сағат керек? - Баржақсының даусы дірілдеп шықты.


— Қызық сұрақ екен. Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» дегені сияқты болды-ау мұныңыз, - деп мен күлген болдым.


— Толстой адамға бір жарым - ақ аршын жер керек екенін айдай әлемге айтып берді ғой. Ал мен болсам... ал жарайды, жақсы, әңгіме сағат жайында еді ғой. Тыңдай беріңіз. Кешегі ұлы Отан соғысында жүрген кезімде мен бір ағаттық жасадым. Ағаттық болғанда мұның өзі...- деп Баржақсы мүдіріп қалды. Содан кейін шылымын борпылдата бір-екі сорды да, терезеден сыртқа лақтырды. - Жоқ, бұлай айтсам, келте болуы мүмкін. Түсінбей қаласыз. Мен одан да әңгімені басынан бастайын.


«Апыр-ай, айтуынан баптануы көп болды-ау мұның.


Не бұлталаң мұнысы?» - деп ойладым төзімім таусылған соң. Бірақ сыр білдірмей, сабырлы қалпымда отырмын.


— Азамат соғысы жылдарында әкем ақтардың қолынан өліпті, - деп бастады Баржақсы әңгімесін. - Мен онда анамның құрсағында қалған екенмін. Жетім-жесірдің көрген күнінің қандай екенін білесіз ғой өзіңіз де. Өмір тауқыметін ерте бастан тартуыма тура келді. «Бар» мен «жоқтың» не екенін біз білгелі қашан. Өстіп жүріп өстік қой, әйтеуір. Он жылдықты да бітірер мезгіл жетті. Жоқ - жітікті көп көргендіктен ғой деймін, сабаққа зердесіз болмаған едім. Соған разы болды ма, кім білсін, жас тілеуден тыйылып, менің болашағымды ойлап, отырып қалған анам байғұс қарманып, қамданып той жасады. Ауыл-үйдің шал-кемпірлері мен өз құрбыларым жиналған-ды. Қадарынша сый-сияпат көрсетілді. Үлкендер батасын берісті. Сол мезетте шешем барып бұрышта тұратын көне әбдірені ашты. Ішіндегі қоқыстарды аударыстырып — төңкерістіріп жүріп шүберекке түюлі бірдемені алып шықты. Көзімді алмай бағып отырмын. Анам бері таянды. Содан кейін маған қарап:


— Әкеңнен қалған аманат еді бұл. «Ұл болса, есін жинап, етегін жапқан соң қалтасына сал», - деп еді марқұм. Әкең өсиетін орындадым, міне. Көзіндей көріп ұстап жүр, — деді.


Түйіншекті жазсам, дәл мына сіздікіндей алтын сағат екен. Қарасаң, көз тоқтата алмайсың, жалтырап тұр. Тіпті циферблатындағы «Павель Буресіне» дейін ап-айқын. Өмірдің қайбір еркелігін көріп өскен бала едім мен. Бардың не екенін, жоқтың не екенін білемін ғой. Содан ба, сағат маған сондай ыстық көрініп кетті. Қуанғандығым болса керек, секіре беріппін.


Сол күннің ертеңіне-ақ көрші деревнядағы сағат зергеріне шапқылап бардым да, тазалаттырып, майлаттырып алтын бауын салбыратып төс қалтаға бастым ғой келіп.


Тыңдай беріңіз, қызықтың кереметі осыдан кейін болды ғой. Алтын сағатты төс қалтама басуым мұң екен, сап-салмақты, байсалды бір адам сияқтандым да қалдым. Бала мінез өз жайына кетті. Үлкендерше сөйлеп, үлкендерше жүргім келеді. Жұрт жиналған жер болса, асықпай басып барып сөзге араласатын сияқтымын. Қалтамнан сағатымды алып, ана бір шегені тырс еткізіп басамын.


Адам миы жетіп болмас әлдебір тылсым күш әмір еткендей-ақ алтын қақпақ жарқ етіп ашылады сонда. Ал мен болсам, «бәлен сағат, бәлен минөт, бәлен секөнт болып қапты ғой», - деймін дауысымды әдейі жуандатыңқырап.


Бір қызығы, бұрын: «Өй, құйысқанға қыстырылып саған не жоқ, бар жәйіңе» — дегенді жиі естісем, енді мына мінезімді ешкім де ерсі демейтінге ұқсайды.


Әйтеуір, төрт-бес күннің ішінде өзгердім де кеттім. Енді қалай деп ойлайсыз, қалтаңда алтын сағатың болса, оның өзі орындалмас армандай алыс кетсе де, сондай жарқын, ғұмырыңда тілдесіп те, жүздесіп те көрмегеніңмен қарағаштай панаң - құдай тағаланың өзінен де зорырақ сияқты болып көрінетін жұмбақ бір адамнан қалған аманат болса, қайтіп секеңдерсің! Сәт сайын төс қалтамды басамын. Тырс-тырс етіп дамылсыз соққан даусын естимін. Сонда мен өмір-бақи көрмеген, бірақ өмір-бақи аңсаған, «қалқам» деген даусына зар болған «әке» деген құдіретті сөздің иесі — сол бір ұлы адамның дем -тынысын, жүрек дүрсілін сезінгендей боламын. Қуанамын соған.


Бірақ бұл қуанышым ұзаққа бармады. Мен қайбір сағат салып машықтанған жан едім. Арада он күн де өткен жоқ, алтын сағаттан айырылдым да қалдым.


Бір ыстық күні суға түсейік деп көлге бара жатқанымда қалтамда бар сияқты еді. Қайтар бетте үшті-күйлі жоқ болды да шықты... Көр ізде, жер ізде кеп, таптырсын ба, шынымен жоғалған соң. Амал жоқ, салым суға кетіп үйге оралдым.


— Иә, сосын? — дедім мен асығып.


— Сосын ба, сосын сағат қайғысы да сап болды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына», -дегендей, соғыс деген лап етті ғой. Мен өз замандастарыммен майданға аттандым. Талай рет жаралы да болдым. Талай рет өлім дегеніңмен бетпе-бет келіп қалған да сәттерім бар. Армияда болсаңыз, ондай жәйді өзіңіз де білесіз ғой. Бұл бір жөні бөлек, таусылмас тарихы бар, басқа әңгіме. Айтайын дегенім сағат жәйі еді ғой, енді соныма оралайын.


— Иә, соныңыз дұрыс! — деп қойдым мен.


— Бәріне де тиек болып жатқан Түйемойын ғой, — деп Баржақсы бір күрсініп алды да, әңгімесін жалғай берді. — Түйемойын шын аты емес еді оның. Аты-жөнін ұмытып қалсам керек, есіме оралмай отыр тіпті. Кеңірдегі салақұлаш, сорайып тұратын. Содан ба, бәріміз де осылай атап кеткенбіз. Манағы «айырықша хикая» деп отырғаным да, «ағаттық жасадым» дегенім де осы Түйемойынға байланысты.


— Бір қызығы, Түйемойын екеуміз жақын жүрдік. Мұның өзі бір күлкілі жәй еді. Ол болса, ербиген, арық жирен. Ал мен аласа келген, толықша сарымын. Кескінімді, міне, көріп те отырсыз ғой. Таңырайып, шал қалап жатқан жоқпын ба? Ал Түйемойын еңкелектей қалған бірдеме еді. Жирен шашы тікірейіп тұратын. Сарғыш көзі түксиген жарлауыт қабағының астынан ұрлана қарайды. Соған орай үлкен мұрыны да құстың тұмсығына ұқсас ұп-ұзын, іп - істік. Үшкілденіп біткен иегі де тамағына қарай имиіп, кішкене бір шоқша сақал сияқтанып тұратын.


Тамақ ішкен немесе темекі шеккен кезімізде солдаттар арасында «контраст» деген сөз қайталана берсе, бітті, әңгіме Түйемойын екеуміз жайында деп біле беріңіз. Соған қарамастан біз жақын жүрдік бір-бірімізге. Әйтеуір қайсыбір сәтте болмасын, қатарласып қала беретінбіз. Ол өзі көп сөйлемейтін, сырын ешкімге айтпайтын тұйықтау жігіт, тіпті мінез жағынан да ұқсастығымыз шамалы. Мен ептеп сырнай тартып, ол ептеп ән сала білетін өнері бар еді. Тегі, түу басында жақындасып кетуіміз содан болар. Әйтпесе қанды көйлек жолдас сияқты шешіле сөйлесіп, өткенімізді айтып, болашағымыз жайлы арманымызды ортаға салып жататын біз емеспіз. Сөйте тұра, оның әлдебір ағат мінезін де көрген емен. Бірақ: «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп халық бекер айтпаған ғой. Түйемойынның сондай аласы барын жүре бара білдім.


Біз бір деревняда тұрғанбыз. Екі жақ та тыныш, майданның толас алған бір шағы. Көңіліміз көтеріңкі. Өйткені жеңістің беті айқын бері қараған кез болатын бұл. Сонда да соғыстың аты соғыс қой. Ойда жоқта маған жауынгерлік бір тапсырма берілді. Сол сапардан тым шаршап келдім де, қисайып жата кеттім. Жата кетісімен қор ете түссем керек, ұлыған сияқты ма, әлде мың құбылып мөңірегендей бола ма, әйтеуір азан-қазан шу келеді құлағыма. Ең әуелі дүрсілдеген бір дыбыс сияқты болып естіледі де, жамырай келіп жөнеледі, содан баяғы қалпына баратындай. Шошып ояндым, тым-тырыс секілді. Құлағымды тосамын. Шынында да бірдеме тырс-тырс етіп, сәл тұрады да, әр қилы ырғаққа салып ала жөнеледі. Бақсам, ондаған сағат даусы.


Басымды жұлып алдым. Аңдасам, жастанғаным Түйемойынның дорбасы екен. «Бұл не керемет?» — деймін ішімнен. Білмекке құмарлық жеңді ме, мен дорбаны аштым. Ашсам, сізге өтірік, маған шын, қаптаған қол сағат. Кемінде бір елу-алпыс бар шығар. Бәрі де алтын шетінен. Бәрі де шет елдікі. Швейцарлық дейсің бе, американдық па керегі, неміс пен ағылшындардікін қалайсың ба, бәрі де табылады. Тіпті мына қызықты қараңыз, менің «Павел Бурем» де жүр солардың ішінде.


Мен қайран қалдым. Қасыңдағы жолдасың ол, ал не істеп жүргенін сездірмеген. «Қайтеді екен осыншама көп сағатты?» — деп ойлаймын. Бірақ: «Не істейтінінде сенің не шаруаң бар?» - дейді тағы бір ой тайталасып. Сөйтіп отырып «Павель Буреге» тағы көзім түсті. Құдды мен жоғалтқан сағат сияқты. Көзге ыстық сондай. «Қалап көрсем қайтеді өзін?» -деген тағы бір ой сап етті. «Жоқ, қалайтындай Түйемойын менің екі туып, бір қалғаным емес қой. Сат дейін».


Мен осы бір тоқтамға келдім. Содан кейін үстел үстінде жайып тастаған сағаттарды жинастыра беріп едім, Түйемойын кіріп келді, әуелі аңырып қалды да, жирен өңі күреңітіп жүре берді. Жай басып менің қасыма келді, нәрселерін буып-түйіп дорбасына тықты. Менен бір қағыс сөз естіп қалам ба деп қаймықты ма, қайдам, сөзді өзі бастады.


— Сенің қарақан басың, Баржақсы, ал менде балалар бар, қатын бар. Олардың қамын ойламасқа болмайды. Біреулер әр түрлі қомақты трофейге жүгіреді. Білмейді. Міне, сағаттың реті басқа. Орын алмайды, құнын да жоймайды. Елге оралған соң тамаша етіп үй саламын, - деп ашыла, ақтарыла сөйледі.


Мен оған «Павель Буренің» тарихын баяндап, өз ойымдағыны айттым.


— Жоқ, сат дегенді атама, егер соншалықты қызыққан болсаң, орнына басқа марқалы бір алтын сағат сал да, ала ғой, — деді Түйемойын.


Ең әуелі мен тіксініп қалып едім, кейін келе ой түсті, ана Түйемойын секілді обырлық көрсетсем, дүние қоңыздық танытсам бір сәрі. Маған керегі бір-ақ сағат емес пе? Ол да азамат соғысында опат болған әкемнің аманатын жоғалтпайын деген ниеттен туып жатыр, — деймін өз қабырғаммен ақылдаса келіп. Әй, адам деген қызық қой. Міне, қазір тірімін деуге аузың бармайтын оттың ішінде жүрсің. Бұл сәт тірі болсаң, келер сәтте бір шұқанақта жан тапсырмасқа кепілдігің жоқ. Сөйте тұра ойлағаның анадай. Қызық емес деңізші.


Баржақсы маған тесіле қарады.


— «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген бар ғой, — деп мен оны көңілдендіре сөйледім.


Баржақсы күлді.


— Иә, ие тап соның өзі.


Сөйтіп, мен қайтсем де бір алтын сағат табуға белімді бекем будым.


Арада бірнеше күн өтті. Біз деревняға шабуыл жасадық. Немістер болса, бекініп алған, берілер емес. Қатты шайқас болды. Біздің жақтың дәуірлеп, жаудың берекеті кете бастаған кез ғой. Шыдатпадық. Түс ауа деревняны алып тындық. Қираған үйлер, қырылған солдаттар. Солардың ара - арасымен жүріп келемін. Ойым - бір алтын сағат. Жүре-жүре деревняның шетіне де шықтым. Кенет анадай жерде жатқан өлікке көзім түсті. Он жамбасын ала құлаған екен. Түріліп қалған сол қолынан сағат жылтырайды. Қуансам керек. Жеделдете бастым аяғымды. Ана сорлы жан тәсілімін қыларда тірлік дүниесінің ыстық екенінен басқа не ойлады дейсің. Ал сен бір күн болса да артық ғұмыр сүргеніңді пайдаланып, сағат дегенді ойлайсың. Қандай хайуандық! Бірақ бұл енді ғана айтылып отырған сөз ғой. Ана Түйемойын сияқты ертеңін ойлап, есеп-қисабын жүргізіп жүрген некен-саяқ біреулер болмаса, өлім не, өмір не, кім есептесті дейсің ол жерде. «Отан үшін жан пида!» — деп байладық қой басты ажалға. Осындай екі дүние бірдейлерге бүгін тірімін деп қуанып, ертең өлемін деп қайғырмайтын да қасиет бола ма деймін. Ілгері аттаған сайын жолдастарың сетінеп, келмес сапарға аттанып жатады. Ал сен болсаң, тамақ ішесің, темекі шегесің, ұйықтайсың. Кездесіп қалса, санитар қыздарға қырындап, әзіл айтасың. Әйтпесе арыстай біреу сұлап түсіп өліп жатса, сағатын алайын деп барармысың ғұмырыңда.


— Ие, мен сөйтіп, өлген солдаттың қасына келіп сағатын шеше бастадым. Қалай десең де, тумысымда бірінші рет жасаған шаруам ғой бұл, қолым қалтырап кетті. Мына өлген солдат өлмеген сияқты. Мені көрген соң ойымды біліп, қайтер екен деп қасақана жата қалғандай, қазір ұшып тұра келеді де жағаласа түседі менімен, әне, көзін көрмейсің бе күлімдеп жатқан.


Мен еріксіз солдатқа қарадым.Жоқ, көзі күлімдемепті. Түксиген жарлауыт қабағының ең түбінде жұмыла беріп тұнып қалған. Ал құс тұмсығы жапырылып, шоқша сақал сияқты болып келген сүйір иегі ілгері қарай әнтек көтеріліп, состиыңқырап тұр. Тағдырдың мына сайқымазағын көрмейсіз бе, өзіңіз де түсінген боларсыз, менің алдымда Түйемойын жатыр.


— Түйемойын? - деп қалдым мен.


— Ие, ие, Түйемойынның тап өзі. Арқасында баяғы сағат салған дорбасы. - Баржақсы маған қарады. - Енді не істеді деп ойлайсыз мені?


Мен күмілжіңкірей бердім.


— Жоқ, сағатын алған жоқпын мен оның. Бір окопқа апарып бетін жасырдым да, дорбасын моласының үстіне қойып кеттім. Міне, сізге айтпақ болған сағат тарихы осы, - деп тоқтады Баржақсы. - Содан бері он алты жыл. Сонда да сол бір қан кешіп жүрген ауыр күнде өрттің табындай болып өзекке басылып қалғандықтан ба, осы бір оқиға әсте есімнен кетпейді. Алтын сағат көрсем - ақ жүрегім тітіркенеді. Мына портфельді алып, будильник ұстап жүргенім де содан.


Бұл кезде ымырт үйіріліп қалған екен. Шам әлі жана қоймапты. Купе іші ала көлеңке. Терезеден алыстағы бір таудың нобайы көрінеді. Бірде ілгері шығып, бірде кейін кетіп жарысады поезбен.


Мен сол терезеге қарап отырып қалдым. «Іздегені осы «Павель Буре» емес пе еді, бере салсам қайтеді?» — деген ой сап етті. Осы ойдың оралуы - ақ мұң екен, жиырма жыл серік болған сағатымды шешіп алдым да:


— Мен мынаны сыйлық болсын деп сізге ұсындым. Алыңыз. Әрі мына Қиыр Шығысқа бара жатқанда таныс болған мені еске түсіресіз, әрі әкеңіздің аманаты деп бағаларсыз, -дедім.


— Атай көрмеңіз, алтын сағат салмасқа ант ішкенмін. Талай рет бағалы сыйлықтар да алып жүрмін ғой адал еңбегім үшін. Соның ішінде алтын сағаттар да болған. Бірақ мен бірін де байлаған емен. Дос-жар, жолдастарға тарту етер дағдыға айналып бара жатқан әдетім, — деп Баржақсы маңайына отырғызбады.


— Олар жәй сағат қой. Ал бұл болса, «Павель Буре». Аманат... — деп келе жатыр едім, Баржақсы киіп кетті.


— Аманат деген не, жәй сөз, жұбаныш ол. Мен сағатқа қызықтым. Сол үшін анадай ерсі пиғылға бардым. Оң іс емес мұным. Оны өзім білдім бе? Білдім. Ал білген соң: «Әкеден қалған аманат еді, бәлен еді, түген еді», — деп өзімді өзім жұбатып, арымның алдында ақталмағанда не істемекпін?!


Мен мүдіре бердім. Соза, соза қолым талған соң, сағатымды қалтама салдым.


Ал поезд болса, мақпал түннің құшағында Шығысты бетке ұстап сілтеп келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу