18.12.2021
  210


Автор: Молдахмет Қаназ

Нұрғалидың балапандары

Нұрғали екеуміз көрші тұрамыз. Осындай... қол созым ғана жер. Екі үйдің арасынан бір-ақ адам өте алады.


Өзіміздің үйдің көлеңкесінде аяғымды созып жіберіп, түбі жоқ көкпеңбек аспанның арғы жағында не бар екен деп, еш нәрсеге түсінбей аузым аңқиып таңырқап қарап отырсам, Нұрғалидың үйінің төбесінде екі торғай шиқ-шиқ етіп безілдеп жүр. Әрі-бері құлақ аспап едім, болатын емес. Тызақтап шырылдаумен болды. Жабайы тарғыл мысық жағалап жүрген болды ғой, орнымнан ұшып тұрып, тездетіп кесек тауып алдым да, дуалдың қапталына бұқпантайлап жақындай түстім.


Нұрғалидың үйінің төбесіне торғай ұя салған. Анада мені арнайы апарып көрсеткен болатын. Тамға баспалдақты сүйеп, сонымен жақындап барып үңіліп қарасаң, қол созым жерде шөптің қиқымдары мен мамықтап салған ұя тұр. Әнеугіні әлжуаз ғана шиқ-шиқ еткен дыбысқа екеуміз барып қарасақ, бес-алты балапан кішкентай сап-сары ауыздарын ашып, тамақ сұрап, айқайды салып жатыр екен. Екі торғай шыр-шыр етіп тызақтап ұзамай ана жерге бір, мына жерге бір қонады. Емпелеңдеп шарбақты айналып, есік жаққа шықтым. Мойынымды созып, әрі-бері қараймын: ешқандай да мысық көрінбейді. Неге шырылдап жүр? Бұлардың неден қорыққаны? Дуалдың басына қарасам, ұзындығы құлаштай сары ала жылан тамның төбесіне қарай жылыстап бара жатыр. Тұла бойым мұздап қоя берді. Жалма-жан үйге зып беріп, дәлізде төсекте шынтағына көпшік басып жамбастап жатқан Нұрғалиды көтердім:


— Жылан, бала! Балапандарға жылан бара жатыр!


— Кәне?! Кәне?!


Бейқам жатқан ол көзі атыздай болып, апыл-ғұпыл сүрініп-қабынып сыртқа атылды. Мен қолымдағы кесекті жіберіп қалып едім, айдаладағы дуалға соғылып быт-шыт болды. Қап! Қайдан тауып алғанын білмеймін, Нұрғалидың қолында күйе-күйе темір көсеу, ұмытылып барып сабалаған болады, бойы жетпей ме, әлде тимей ме, қайтатын жылан жоқ, қайта ирелең-ирелең етіп тамға асылды. Тызақтап олай бір, бұлай бір шарлап жүріп, сырық тауып алдым да, тамның кепкен балшығын бұрқ еткізіп салып қалғанымда, дәл тиді ме, әлде іліп кетті ме, жылан бауыры жарқырап жерге сылқ түсті. Нұрғали да қолындағы көсеумен қашқақтап жүріп сабалайды. Енді өлген шығар деп ойлаған жыланымыз тап іргемен басы қайқандап қораға тартып бара жатыр. Екеуміз де қаша жүріп сабалаймыз, онымызды бұйым көрмеді, қораның түбіне сіңіп, лезде жоқ болды. Олай да, бұлай да әр жерді шұқылап, түртпектеп қараймыз. Жердің жарығына кіріп кеткендей зым-қайым жоқ. Аңтарылып біріміз бірімізге қараймыз.


— Қайда кетті?


— Қайда?


Іні бар ма деп әрі-бері іздедік. Табылмады. Баспалдақты әкеліп, балапандарды қарасақ, түп-түгел, өздеріне ажал төнгендерімен істері жоқ, бәрі де ауыздарын керіп ашып, тамақ сұрап шуласып жатыр екен. Соған қуанып кеттік. Екі торғай шырылдағандарын қойып, анадай жерде көңілдері бірленіп үрпиіп отыр. Балапандардың амандығына әлі көңіліміз тыншымады. Сұм жыланның бұл жерде балапандар жатқанын білетін болғаны. Қайта айналып келеді. Жеп қоятын болды. «Қазақ тілі ағай» айтқандай, «мәселенки, түнде келеді». Сонда не істейміз. Ұйықтап жатып қайдан білесің?


Не істерімізді білмей біраз отырған соң, қуыс-қуысқа сырықты қайтадан бұрқыратып жүгірттік келіп. Қамыс қораның о жағынан да, бұ жағынан да шаңын шығарып аямай сабадық. Тырп етіп қозғалған жылан болған жоқ. Ініне кіріп алып, тым-тырыс оратылып жатқан болар. Не істерімізді білмей аңырып тағы да біраз тұрдық.


Ақыры:


— Жүр, — деп мені Нұрғали үйге ертіп алып келді. — Төсектерді далаға шығарамыз.


Дәліздегі өзі төсеніп жатқан киізді, алашаны және көрпе-жастықты түгелдей көлеңкеге шығардық. Нұрғали енді осы жерде жататын болады. Көзінің астымен балапандарды қарап отырады. Несі бар, күн жылы, түнде де далаға жатуға болады. Адам жатқан соң, жылан қалай келсін?


Бәлкім, осы торғайлардың өздері болар — танымайсың ғой, торғайлардың бәрі бір-бірінен айнымайды — былтыр да дәл осы жерге ұя салған. Күндердің бір күні кешқұрым Нұрғали екеуміз көлден суды маймаңдап алып келе жатсақ, кіп-кішкентай сары ауыз балапандар ұяларынан өздері ұшып түсіп, әр жерде шашырап жүр. Құртақандай ғана темір қанаттарын қағып, секіріп-секіріп түседі, алысқа ұзай алмайды, соған да шаршап ауыздарын ашып, шиқ-шиқ етіп, жантайып жатып алады. Анасы жаны қалмай шыр-шыр етіп үстіне түсіп жүр, әр балапанның қасына бір барады. Не істерімізді білмей сәл аңтарылып қалдық та, екеуміз екі жағынан жинастырып ұяларына салуға қолымызды жайып тұра ұмтылдық. Әрқайсысы әр жаққа бытырап қашқаны. Жаңа көрдік, жүні сабалақ-сабалақ тарғыл мысық анадайда жерге жабысып, көздері шатынап аңдып-ақ жатыр екен, шетке тырағайлаған бір балапанды іліп алды да, зыта жөнелді. Қапелімде не болғанын екеуміз де білмей қалдық. Көшіп кеткен бір үйден қалып қойған болу керек, екі ауылда да жүре беретін тарғыл мысық болатын, ешкімнің үйіне тұрақтамайды, ешкімнің қолына түспейді, жалғыз өзі саяқ жүреді. Көзімізге түскенде талай кесектегенбіз. Бізді көрсе болды, артына жалтақ-жалтақ қарап, үйден-үйге секіріп, зытып отырады. Талай рет үйдің момын мысықтарын бажылдатып талап кеткен.


— Ойбай, ана қара! — деп қалуға ғана үлгердім.


— Қу! Ұста!


Шелегімді тастай бере, тұра-тұра ұмтылдық.


Шуластық та қалдық. Тарғыл мысық шұбатылып қораның басына, одан үйдің төбесіне, содан сарайға зып беріп өтіп, көзді ашып жұмғанша зым-қайым жоқ болды. Тек өзі ғана білетін бір қуысқа кіріп кеткен болар. Балапанды шырылдатып шайнап жатыр-ау антұрған. Үйлерді айналып әр жерді сабалап, кесектеп айқайлап қаншама әуреге түскенмен, таба алмай қойдық. Кіп-кішкентай балапанды аяп менің жылағым келді. Нұрғали: «Сені ме? Сені!» — деп тісін қайрап кіжініп жүр. Ішіміз күйіп кетті. Кейін жаз бойы тарғыл мысық көзімізге түскен де жоқ.


Балапандар темір қанат шыққан соң, ұяларынан түсіп жүрген жерінен түп-түгел ұстап алдық та, легенге салып, қашықтағы көлдің жиегіне апарып жібердік. Ауыл арасында ит пен мысық көп болады. Біреуінің қақшып салуы мүмкін ғой. Ол жақта мысық жоқ, су бар, шыбын-шіркейлер мол. Бұл кезде өздері ұшатын болып, сол балапандар аспанда шарықтап жүрген болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу