Өлеңдер ✍️

  18.12.2021
  271


Автор: Серікбол Хасан

Атамның айтқаны


Атам менің дана ғой,
Көргені көп, білері,
Білгендерін саралап,
Біздерге айтар үнемі.

Тартқан дейді қаныма,
Болған кезде жайдары.
Шақырып ап жанына,
Көп әңгіме айтады.

Айтуынша, алаңға
Ел жиналған деседі.
Қарсы болып қоғамға
Бұлдыр шақта кешегі.

Тәуелсіздік жаршысы –
Қан төгілген бұл алаң.
Талайдың көз тамшысы
Азаттықты құраған.

Өтті, міне, біраз жыл,
Кетті талай күн күйіп.
Сол күндердің куәсі –
Монумент тұр тым биік.

Монументтің басында
«Алтын адам» тұр әні.
Ақ барыстың қасында
Елге шашып шуағын.

«Алтын адам» айбатты,
Сен тірісің мені үшін.
Қазақстан қайратты
Болса – сенің жемісің!

Елбасының туында
Сенің бейнең тұрғаны –
Шашқандығың нұрыңды,
Бекер емес бұл дағы.

Қарап тұрып мүсінге:
«Тірегісің сен елдің!»
Дедім, бәлкім, түсімде
Тағы сені көрермін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу