Өлеңдер ✍️

  18.12.2021
  224


Автор: Серікбол Хасан

«Алтын адаммен» танысу

Алтын адам кешегі
Айбатты екен расында,
Өмір сүрген деседі
Сақтар туған ғасырда.

Қорған орнын анықтап,
Қазып Есік мекенін.
Дәлелдепті ғалымдар
Жиырма жасар екенін.

«Алтын адам» шынында –
Тұнып тұрған ертегі.
Жететін мол ғұмырға
Шежірені шертеді...

Бас киімде бір ғана
Әшекей көп жүздеген.
Сырға тұнып тұрғаны,
Адамдарға іздеген.

Байқасаңыз, анықтап,
Үш бөлінген құрамы:
Көк пенен жер, тағы да
Жер астынан тұрады.

Арқар бейне мұндағы –
Мінсіздіктің нышаны.
Өрлеп көкке бұл дағы,
Күннің нұрын құшады.

Маңындағы төрт жебе,
Ол – әлемінің төрт тұсы.
Құс қанаты – білгенге,
Биіктіктің белгісі.

Қанаттарын жұлқылап,
Қос пырақтар тұр әні.
Мұның сыры, жылқылар –
Мәңгі көлік құралы.

Назар салып қарасаң,
Мұнда құстар бар тағы.
Биіктік – ол орасан,
Көкке қарай тартады.

Ал барысты сұрасаң –
Еркіндіктің арқауы.
Барыс деген – бұл аса
Бағасы зор аң тағы.

Барыс сынды бабалар,
Қайраттанған күш алып.
Бүгін барыс саналар –
Мемлекеттің нышаны.

Тау бейнесі тұрғаны –
Табиғаттың нұр өңі.
Ал тауешкі мұндағы –
Тазалықтың тілеуі.

Мойнындағы алқада
Бейнеленген жолбарыс.
Ол дегенің – баршаға
Көрсетілер қолғабыс.

Алтындалған камзолды
Әркім келер көргісі.
Алтын металл – бұл дағы,
Қуаттылық белгісі.

Аң бейнелі белбеудің
Көп білмейтін сыры бар.
Қасқыр – рухы ерлердің,
Барыс – қайсар жануар.

Қажет етпес өлшемді,
Мүйізі ұзын бұғы бар.
Қызыл қынды семсерді –
Өжеттік деп ұғып ал.

Оң қолдағы жүзігі –
Мөр деседі ол дағы.
«Алтын адам» өмірде
Кемел патша болғаны.

Ұзын қоныш етігі
Әсемделген тым дара.
Бұл өнімнің жетігі –
Біз білмейтін бір ғана.

Осылардың барлығын
Мұражайдан естідік.
«Алтын адам» тағдыры
Кетпеді ойдан кешкілік.

Ырза болдым көргенге,
Санам ойға сүрініп.
Түн ортасы келгенде
Кетті көзім ілініп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу