17.12.2021
  934


Автор: Саттар Ерубаев

Менің құрдастарым

 


(Романға баратын жол)


Бұл тақырып мені көп ойландырды. Мен қайыршылар мәселесін шешпекші болған Олеша сияқтымын.


Мен романда жазып отырған Рақмет бір күш маған былай деді.


— Саттар, сен қалай жазғың келеді? Олешаша жазғың келе ме? Олеша өте нәзік жазушы ғой. Ол шын жүрекпен, жүрегінің отымен, жанын ортаға сала жазады. «Студент Орлов менің қарындасым Верамен жүретін еді. Осы арада бір түрлі ашықтық сырын жасырмаушылық көрініп тұрған жоқ па?


Мен үндегенім жоқ.


— Тақырып сенің жүрегіңді толқыта ма? — деді ол маған.


— Я....Бірақ мен Олеша емеспін ғой — дедім мен.


— Дұрыс-ақ. Сен Олеша емессің, сондықтан сенің жүрегіңді толқытады — деді ол.


Я, менің ойланғаным рас. Мен өзімнің досым жөнінде жазбақшы едім, сондықтан ол жөнінде өтірік айтуға менің қақым жоқ еді. Мен осылайша шын жүрегімнен, адал көңіліммен ашық жазбақшы болдым. Бірақ шын жүректен жазушылықтың, адал көңілділіктің өзі менің әңгімемнің тақырыбы болып кетті.


Бұл былай болған еді:


Ол баяғыда қойшы болған, оның артынан инженер атағын алып, Қарағандыда учаске начальнигі болған. Ол көркемөнерді өзінің учаскесінен гөрі жақсы білетін еді Көркем әдебиеттің көмескі соқпақты жолымен штректе жүргендей боп жүретін. Скрипка жөнінде сөйлесе, өзінің шахтерлік лампасы жөнінде айтып тұр ғой дейтін еді. Флобер жөнінде өзімен бір курста бірге оқитын студенттерінен артық білетін еді Ол Александр Прокофьевтің барлық өлеңін жатқа білетін. Ол жаңа туған інісіне Кристов деп ат қойған. «Ромео Джульетта» трагедиясының бүтін сахналарын жатқа айтатын. Ол Кузьма Прутковтың барлық афоризмін білетін. Ол «Русалкадағы» Мельник ариясын жақсы айтатын. Оның квартирінде Иоганн Себастьян Бах пен Спинозаның портреті ілулі тұратын. Оның үлкен кітапханасы бар еді Ол кітапханада ұлы Лениннің томынан бастап Джемс Джойстың «Улисына» дейін бар еді Көп адамдар мұның бәрін қайдан біледі деп таң қалатын. Мен мұның бәрін қайдан білетінін жақсы білетін едім. Терең білетінін де білетін едім. Бірақ мен де таң қалдым. Оның себебі мынау еді:


Ол Долбы жазығында туған. Ол көш үстінде туып жерге, шөпке шырылдап түсе қалған еді. Оның арқасы бірінші рет көрпеге емес, даладағы жерге тиген еді Ол еш уақытта да Бетховеннің атын, Рембрандтың атағын есітпеген еді. Бұл далада еш уақытта да скрипка даусы сыңсымаған. Бұл жерде еш уақытта Гомер аты аталмаған, бұл даланын үстін басып Беранже өлеңін білетін адам еш уақытта жүрмеген. Бұл арада бір-ақ таныс нәрсе бар еді ол күн еді. Бұл арада сексеуіл бар еді, бірақ ол да жалғыз еді.


Рақметтің шешесінен сұраңызшы, ол өмірінде қаланы көрді ме екен? Москва деген сөзін естімеген. Рақметтің әкесінен сұраңызшы, ол өмірінде қағаз көрді ме екен? Сия деген сөзді есітті ме екен?


Бұл Долбы жазығында мәдениет болған емес.


Я, ол осы арада туған еді Осы далада туып, осынша ғылымды біліп үлгергенше мен таң қалған едім.


— Сен бекер таң қаласың, далаға қарашы — деді ол маған.


Мен сонда оның себебіне түсіндім.


Сөйтсем, даланың өзі өзгеріп кеткен екен. Күш кеше бұл далада заманымыздың Ұлы адамы Сергей Миронович Киров болған екен. Бұл далаға мемлекеттік музыка театры келген екен. Бұл даланы Ленинград жазушыларының бригадасы аралап жүр екен. Бұл далада қызыл гүл есе бастапты. Газеттер шығарылып, трактор жүре бастапты. Бұл жерде көсем аты күн деген сөзден де танысырақ болып кетіпті. Бұл арада Максим Горький атты колхоз ұйымдасыпты. Бұл жерде Батыс Европаның ешқандай халқы көрмеген жаңа өмір мәдениет құрыла бастапты. Менің есіме Эдгар Поның «Шындық — фантазиядан да күшті деген сөзі осылай түсініп еді.


Дала Долбы жазығы деп аталушы еді.


Ауыл Долбы аулы еді. Мал Долбынікі еді Рақметтер Долбының малшысы еді.


Осынау далада Долбы деген бай болған еді, сол дала да, мал да, ауыл да, малшылар да Долбынікі еді. Ауадан басқа заттың бәрі Долбы деген сөз арқылы аталушы еді. Рақметтер үрім-бұтағымен қойшы болып келе жатқан. Рақметтің әкесі, бабасы — барлығы қойшы болған. Рақметтің бабасы ыстық күнде қой қайырып жүріп, былай деп өлең айтушы еді.


Далада қойды бағып көп жүремін,


Бай малынын қамдарын жеп жүремін.


«Малдың қамын қойшы жер, қойшы қамын


Жейтін адам бар ма екен?» деп жүремін.


Рақметтің әкесі де:


«Малдың қамын қойшы жер, қойшы қамын


Жейтін адам бар ма екен? — деп жүремін —


деп өлең айтатын. Рақмет те осы белгілі ата өлеңін айтып, қойшы болуы керек еді. Бірақ ғасырлар бойы қойшылықпен келе жатқан атаның заңын бірінші рет Рақмет бұзып жібердік. Бұл батылдықты қала да, ауыл да күтпеген еді.


Мүмкін ол өзінің қамын жейтін адамын тапқан болар. Бірақ мұны ауыл білмеген еді Ол жұмбақты түрде бұзды. Ол үшті-күйлі жоқ болды да кетті


Ауылда кейбіреулер Рақметті қасқыр жеп қойды деп жүрді. Кейбіреулер басмашы алып кетті дегенді құрдас дегенді шығарды. Үшінші біреулер шайтан айналдырып, қаңғыртып жіберген деген өсек таратты. Мәуленнің әйелі «Маған біреу айтты. Рақмет бұзылған қыстаудың ішінде отыр екен. Айналасы жанған от екен» — деп өсек таратты.


Бірақ Рақметтің қасқыр да жеген жоқ еді, басмашы да алып кеткен жоқ еді, шайтан да айналдырмаған еді. Ол өзінің барлық күшін жинап, айға ұмтылған арыстандай шапшыған болатын. Сөйтіп, ащы, көңілсіз күндердің, жылдардың, ғасырлардың дәстүрін бұзды. Ата қуып келе жатқан заңның сабақ жібін үзді. Бірақ оны өзі сезбеді. Мүмкін, ол ешқандай жіпті үзбеген шығар. Оны басқа нәрсе үзген болар. Әлдеқайда тау жарылып жатқан жоқ па еді, жер астындағы күштер қозғалып жер сілкініп жатқан жоқ па еді. Бірақ Рақмет мұны да сезбеді. Ол, шынында, ешқандай сабақты жіпті үзгісі келген жоқ. Оның жіпті үзбегені рас, бірақ үзу үшін емес, тіптен ұстап қараңғыдан жарыққа шығу үшін іздеді. Ол арқан көздеген жоқ, шынжыр іздеген жоқ, құрсау іздеген жоқ, өйткені оған қол жетпейтін тәрізді еді. Ол тек жіпті іздеген, сабақ іздеген еді. Бірақ осы іздеушілікті өзі жер астындағы күштердің толқуы, қозғалуы еді.


Сол уақытта Рақмет өзінің қамын жейтін адамды тапты. Ол адамның басында басмашының бөркі жоқ еді ол қасқыр тісті емес еді ол қасқыр мен басмашыларды аулап жүрген адам еді. Қасқырлар мал етіне місе тұтпай, адам етін жей бастады, басмашылар адамның да, малдың да етін қоса жеді. Қасқырлар адам құсап үйде отырды да, басмашылар қасқырдай дала кезді. Басмашы болған бұрынғы пристав еді. Қасқыр болған Долбы еді. Анығырақ айтсақ, қасқыр басмашы еді де, басмашы қасқыр еді.


Рақмет басмашының да, қасқырдың да қолына түспеді. Оған дәуір күліп қарады. Ол бақытқа кездесті. Ол өзінің қамын жейтін адамды осылай тапты. Ол сондықтан әкесінің, бабасының қой жайғандағы өлеңін айтқан жоқ. Ол осылайша дәуірге жолықты. Дәуір оған қызыл әскердің киімін киіп келді.


Бұл былай болған еді:


Рақмет қозы бағып жүрген. Ойламаған жерден ерте туған көпей көк қозы жоғалып кетті. Сонда Долбы тоғыз жасар Рақметті шырылдатып тұрып сабады. Рақметтің әкесі Төлепті де сабады.


Төлеп үйіне келгенде Рақмет жылап төр алдында жатыр еді Таяқ жеген шал ашуға шыдай алмай, жуан таяғымен Рақметті салып қалды. Рақмет талып қалды. Ол көзін ашып алғанда үйде ешкім жоқ еді, тек үш жасар қарындасы Сағадат ұйықтап жатыр еді. Рақмет есіктен шықты да, беті ауған жағына қарай кетті. Оның ешқандай ойы да болған жоқ. Кеудесін кек қысты. Күн батып, теп-тегіс даланы қараңғылық басқанда Рақмет өзінен-өзі жылап жіберді. Өне бойына қорқыныш пайда болды. Бірақ жансыз дала керең еді.


Бір уақытта осы қараңғылықтан қылаң етіп бір аттылы адам көрінді. Рақмет үн шығарған жоқ.


— Бала, ей бала, қайдасың? — деді аттылы адам.


Рақмет жай ғана даусын шығарды, аттылы адам Рақметтің аты-жөнін сұрады. Рақмет тағы жылап жіберді. Жылап тұрып барлық сырын айтып берді. Аттылы адам Долбыны бір боқтап алды да: «Жүр менімен бірге, мен сенің еншіңді алып берем» — деді.


Рақметтің таныс емес, жат ауылға барғысы келмеді. Бірақ қоршаған қараңғылық ауылдағы байды,әкесі Төлепті, қырық тесік үйін есіне түсірді. Даланы басқан қараңғылық Рақметті қорқытса, түннен де қараңғы ауылдағы өмірі одан сайын қорқытты. Рақмет көнді. Аттылы адам Рақметті артына мінгестіріп алып: «Белімнен мықтап ұста» — деді. Желе-жортып үлкен жолдың ернеуіне келген де, аттылы адам:


— Менің атым Тұрар, есіңнен шығарма. Онан соң есіңде болсын, сенің әкең Төлеп емес, Дәуір. Біздің дәуір. Еш уақытта есіңнен шығарушы болма — деді.


Рақмет Дәуірдің кім екенін білген жоқ. Оған бұл өз жұмбақ еді, сонда да ішінен« дәуір, дәуір» деп бір-екі рет айтып қойды. Екеуі бірнеше сағаттан кейін қалаға жақындады. Сол уақытта Тұрар:


— Менің бір балам бар, оның аты Сейтен, ұмытпа, Сейтен, сен онымен дос боласың — деді.


Бір мезгілде қараңғылықты қақ жарып бір адам шыға келді. Ат теуіп кетті. Рақмет құлап түсті. Қараңғыдан шыға келген адам мылтықты атып жіберді. Тұрар кесілген теректей теңселіп барып жерге құлап түсті. Мылтық атқан адам, атты ұстап алып мінді де, қараңғылықты бүркеніп жоқ болды. Шығыстан көтеріліп таң атып келе жатты. Қозғалмастан ыңыранып Тұрар жатты. Барлық күшін жинап:


— Рақмет, сенің әкең Дәуір болады. Еш уақытта есіңнен шығарма, оның балалары көп. Сен оған барасың — деді.


Екі минуттен кейін даусын зорға шығарып:


— Менің балам бар. Сен соның досы боласың — деді тағы да.


Рақмет:


— Ағатай! — деп жылап жіберді.


Тұрар өлерінің алдында:


— Рақмет, менің қалтамда орамалым бар, алып берші — деді. Рақмет алып берді Тұрар өзінің қанына саусағын малып алды да, орамалға «Д» деген әріпті жазды.


— Мынаны ал, сені орналастырады. Сен Дәуірдің ұлы... — деп өзгесін айта алмады. Рақмет Тұрардың денесінің мұздап, өлікке айналып бара жатқанын сезді.


Қаладан аттылы қызыл әскерлер келді. Комиссар қапылыста жау қолынан өліп кеткен Тұрардың қабірі үстінде сөз сөйледі. Тұрарды да, Рақметті де қызыл әскерлер қалаға алып кетті. Рақмет орамалды командирге берді.


Рақметті үлкен тас үйге алып келді. Кровать, көрпе, матрац, жастық берді. Шалбар, көйлек камзол берді. Етік берді. Күніне үш рет тамақтанатын болды. Бұл арада балалар көп еді, интернат өміріне Рақмет үйрене бастады.


Бірнеше күннен кейін Рақметті оқытушы қыз шақырып алды. Қыз күліп тұрып:


— Қалқам, әкеңнің аты кім? — деді.


Рақмет: «Тұрар айтқан Дәуірдің ойы осы екен ғой. Мынау соның қызы екен ғой» — деп ойлады.


Қыз әкең кім деп сұрағанда Рақметтің ойына Тұрар түсті. Қанмен жазылған әріп бар орамал түсті. Рақмет еш уақытта әріп көрген емес еді. Бірақ «Д» әрпі өзінің әкесіндей-ақ ап-анық болып, көз алдына елестейді де тұрады. Рақметтің есіне Дәуір деген сөз түсті. Сол уақытта шын жүрегінен, адал көңілмен:


— Әкемнің аты — Дәуір — деді Рақмет.


Қыз түсіне алмай қалды:


— Не дейсің?


— Тұрар ағай, әкең Дәуір деген маған.


Қыз дәптеріне Рақмет Дәуіров деп жазып алды.


Рақмет мектепке барғанда қолына әліппе берді. Әліппені аша салып «Д» әрпін тани кетті. Көз жазбастан біраз қарап отырды.


— Қане, қызық па екен? — деді оқытушы әйел.


— Мен білемін — деді Рақмет.


— Нені білесің? Әріптерді ме? Қызық екен, оны қайда жүріп білдің, қане, әріптер қалай жазылады екен, жазып көрші.


— Әріптер қанмен жазылады — деп жауап берді Рақмет.


Рақмет әдемі сөйлеуді, әсем сөйлеуді білуге әлі жете қойған жоқ еді. Ол сауаттылыққа, білімге Тұрардың қаны арқылы жетіп отырғанын сезе қойған жоқ еді. Ол тек шын жүрегінен жауап берді. Адал көңілмен айтты. Ол, сүттей ақ ниетімен өмірі естімеген, білмеген, жұмбақ Дәуірдің ұлы болды.


Рақмет тек адамдарды білетін еді. Ол адамдардың түрлі-түрлі аттары болатын. Рақмет жылқыны, түйені, қойды білетін еді. Бұлардың ешқандай аттары болмайтын. Сондықтан да Дәуір деген сөз адамның аты сияқты болды да тұрды. Рақмет адамнан, қойдан, түйеден басқа еш нәрсені білмейтін. Міне, менің кейіпкерімнің ақ көңілдің, таза жандылығы, шын жүректен сөйлейтіні бірінші рет осылай көрінген еді. Рақмет осылай Дәуірдің ұлы болған. Мен экспозициямды осылай жазғам.


Мұның шын экспозиция болатынына көзім жетпейді. Бірақ әңгіменің түйінінің енді басталатыны рас. Бұл түйін 1929 жылы Рақметтің 10 жылдық мектепті бітіріп, Ленинград тау-кен институтына түсіп, Қарағандыға инженер боп келгеннен кейін басталады. Әңгіменің түйінін менің достарым-улы Дәуірдің мыңдаған ұлдары-басынан кешірген институт оқуынан кейін басталады. Ол түйін былай басталады.


«Рақмет бәрінен бұрын Илья Оренбургты, Олешаны, Александр Прокофьевті жақсы көретін еді. Ол «Күн екіншіні» үш қайтара оқып шықты. Сонан соң қарындасынан:


— Менің қаным қызып, жүрегім толқып кетті. Мусоргскийді тартып жіберіп — деді.


Ол «Күн екінші» қайта-қайта оқып, әpбір сөйлемін аударып, әлдебір нәрсеге дайындалып жатты. Бірнеше күн еткеннен кейін өзінің учаскесіндегi комсомолдарын жинап алып, романды көпшілік түрде оқи бастады. Көп шахтерлер-комсомолдар, орыс тілін білмейтін. Рақмет әpбір сөйлемді ерінбестен, жалықпастан аударып отырды. Рақмет оқып құрдас болғаннан кейін жан-жағына қарап алды да:


— Қалай дейсіңдер, біз жөнінде болып отырған жоқ па? — деді.


Ең алдымен орнынан Мәулекеш тұрды.


— Басқаны білмеймін, әйтеуір Оренбург мені әкем жөнінде жазып отыр. Әкем көшпенділікке ұшыраған еді. Ол Қарағандыға келгенде социализмнің не екенін де білмейтін. Оған нан мен киім керек еді. Ал енді, ол қазір Қарағандының маңдай алды адамы — деді Мәулекеш.


Я, бұлар да Оренбургты сүйетін.


Бір күш Рақмет газеттен «Знамя» журналының З-номері шықты деген құлақтандыру оқыды. Бұл журналда Оренбургтың жаңа романы басылған еді.


Рақмет түнімен ұйықтаған жоқ. Ертеңіне барлық складты актарып шықты. Бірақ журнал табылмады.


Кейінде шахтер Халел осы журналды тапты. Ол журналды әдемілеп газетке орап, чемоданға салып, оны қолына ұстап, Рақметке келді.


Рақметтің үйінде журналды стол үстіне қойды да:


— Табыс жөнінде рапорт берем — деді.


Рақмет журналды қолына алып:


— Қалай таптың? — деп сұрады.


— Алматыдан Тұраров деген қазақ ақыны келді. Сол ала келіп — деді Халел.


Рақмет қарғып тұрды. Басы айналғандай болып кетті. Кезге көрінбейтін бір адам: «Рақмет, сен Дәуірдің ұлысын» — деп сыбыр ете қалғандай болды. Мүмкін, бұл ойы шығар. Мүмкін, бір нәрсе есіне түскен болар... Рақмет жалтақтап жан-жағына қарады. Бірақ Халелден басқа ешкімді көре алмады. Орнына қайта отырды. Не болғанын енді түсінді — Егер мен шақырсам ақынын біздің үйге келе ме? — деді.


— Ол өзі жақсы жігіт. Өзің сияқты жап — жас-ақ, комсомол мүшесі. Мен айтайын, ол сезсіз келеді үйіне — деді Халел қарт.


Халел есіктен шыққанда, Рақмет артынан айқай салды.


— Аты кім екен оның?


— Сейтен — деді Халел.


Кешке Сейтен келді. Олар осылай кездесіп, Сейтен, бізге мәлім баяғы Тұрардың баласы — Сейтен менің әңгімеме осылай кірді.


Ол темір жол депосының слесары еді. Оның аты Сейтен болатын. Кәдімгідей өлең жазатын. Екі жылдай дайындалып жүрді де, үшінші жылы Москвадағы әдебиет институтына түскен. Ол үшінші курста оқып жүргенде мынадай бір уақиға болды.


Сейтен театр институтындағы жолдасына келе жатып, жатақхананың алдына тоқтай қалды. Анадай жерде он алты жасар бір қыз тұр еді Жастар волейбол ойнап жатыр. Сейтен тоқтады да, орнынан қозғалмады. Ұятты да ұмытты. Бір уақытта: «Осыны қайда көрдім» — деді.


...Жоқ, ешқайда көрген жоқпын: Өйткені бұл Валя ғой, Валяны білесіңдер ме, ол әне, анау тұр. Тек бұл Валяның көздері үлкен қап-қара екен. Ал, ана Валяның ше? Ол, қазір Сейтеннің есінде жоқ, бірақ мынаның Валя екені рас, әйтпесе еш жерде кездеспеген Валя есіне неге түсе кетті. Неге бұл қыз Валя сияқты болды. Бұл қызды көргенде неге Олешаны еске түсірді. Бұл сол романдағы Валя ғой Деп ойлады Сейтен.


Валяның үстінде қара труси бар, аяқтары жалаңаш, барлық дене құрылысы көз алдында тұр. Аяғында ақ туфли, оны шұлықсыз киген. «Ойпырмай!» — деді де Сейтен жүре берді.


— Соня, мына кісі неге сізге түңіле қарайды? — деп біреу айқай салды қызға.


— Білмеймін.Бір кавалер болар. Іші күйіп тұрса керек — деп қыз күліп жіберді.


Сейтен кенет артына жалт қарады. «Шырағым, мен де сол жөнінде айтып тұрмын, бірақ мен кавалер емеспін, Володямын!» — деп айқай салғысы келді. Бірақ өзінен-өзі тоқтатты. Осы күннен бастап ол қайғыланатын болды. Ол бұрын сүңгіп көрмеген еді. Әрине, бұл жолы да солай, бірақ-әңгіме қыздың тәлкек қылғанында ғой.


Бірақ ертеңіне орыс әдебиетінің мұғалімі: «Бүгін неге көңілсізсіз?» — деп сұрағанда Сейтен:


— Мен Валяны көрдім. Олешаның «Қызғаныш» атты романы есіңізде ме? — деді.


Институтты бітіргеннен кейін ол Алматыға барып, сол жақтан Қарағандыға келді


Сейтен Рақметтің үйінде отырды. Рақмет бір рюмка қызыл арағын ішіп алды да:


— Сейтен, мені тыңдашы, сенің әкең маған Дәуірдің баласы бол деп тапсырып еді; жалғыз балам Сейтеннің досы бол деп тапсырып еді. Мені балалар үшін орналастырып еді, мен онда Дәуірдің не екенін түсінбеп едім, бірақ шын көңілмен, шын жүрегімнен беріліп едім. Дәуір деген эпоха деген сез екен, Дәуір деген социализм Дәуір екен. Мен осының баласы болып шықтым. Бірақ мені бір нәрсе істегім келеді, саған аса бір қымбат құрмет көрсеткім келеді өмірдегі ең тәтті, ең артық минуттарымды саған арнап, саған ерекше кызмет еткім келеді. Мен саған өмірімдегі ең қымбат нәрсені бергім келеді. Мысалы мен қарындасымды саған бергім келеді. Түсінесің бе, Сейтен? Ол сұлу, ол музыкантша...


Рақмет үндемей отырып қалды. Бір минуттен кейін қайтадан сөз бастады.


— Мен жаманшылықтан, надандықтан, сасық құлықтан аулақпын, Сейтен. Мен біздің елден әйел теңінен жақсы білемін. Біздің қыздардың тек сүйгенше күйеуге шығатынын да білемін. Ешқандай зорлау деген бізде болмайды, болмақшы да емес, қызды әке-шешесі беретін уақыт әлдеқашан өткен. Бірақ менің ниетім Совет заңына қайшы келмейді. Сен түсінесің бе, Сейтен, мен шын жүрегімнен, адал көңілімнен айтып отырмын.


Сейтен мен Рақмет далаға шықты. Рақмет: «Айтам дегенімді айта алмадым» — деп өзінен-өзі ұрсып келе жатыр. «Мүмкін, қарындасын ақынға беріп, жағдайды пайдаланып қалайын деген ғой, деп ойлап қалар... Қызды Сейтен көрген жоқ қой. Ойпырмай, қазақшылығым қалмайды-ау!»


Бірақ Сейтеннің ойы басқада еді. Ол Москвада көрген «Валя» деп атаған қыз жөнінде ойланып келе жатыр еді. «Шіркін, осы арада алдымнан шыға келсе қайтер едім» — деп қиялданып келе жатыр еді. Бір уақытта Сейтен тұра қалды. Басы айналып, мен-зең болғандай болды. Валя деген ойы басынан шығып, қатарласқан түрде Сейтеннің алдына он шақты Валя болып тұра қалғандай болды. Сейтен кейін шегінді. Кейін кең ашқанда алдында баяғы Москвада көрген Валясы тұр еді.


— Шырағым, мен кавалер емеспін, мен комсомолецпін, сіз бұл жерге қалай келдіңіз?


— Ештеңе етпейді ол менің қарындасым ғой — деді Рақмет.


Валя-Рақметтің қарындасы еді. Бұл-баяғы тоғыз жасар Рақмет үйінен қашып кеткенде қалған 3 жастағы Сағадат еді. Сағадат ауыл мектебінде оқып, Алматыға келді. Артынан Халық Оқу Комиссариаты Москвадағы бір музыка мектебіне жіберген болатын. Мектепті бітіргеннен кейін, 1934 жылы Қарағандыға келген. Онда ол Рақмет бар деп естіген. Сағадат баяғы Москвада Сейтен көрген қыз еді. Достары Соня деп атайтын. Қарағандыда Сағадат шахты клубтарында концерт беріп жүрді. Қазақтан шыққан бірінші музыкант қыз болды.


Сағадат Сейтенмен дос болып кетті. Сейтенге Бахтың, Чайковскийдің, Шуберттің мелодияларын тартып беріп жүрді. Сейтен оған Гейненің, Беранженің, Светловтың өлеңдерін оқып беретін болды. Сейтен қызға сүю жөнінде еш нәрсе айтқан жоқ. Қыздың сүйетіндігіне сенімі зор еді. Ол қыздың ағасы арқылы жақындасқанына кішкене ұялыңқырайтын. Бірақ бір күш ойламаған жерден бір көмескі ой Сейтенге сап ете түсті. Бір буалдыр пікір, таңба, шіріген шөп мұның сүюін бүлдіретін сияқты болды. Қарап тұрсақ бәрі де орнында сияқты. Екеуі де жас, екеуінің де дені сау, екеуі де комсомол мүшесі. Сейтен өлең жазады, қыз скрипка тартады. Сейтен қызды сүйеді, қыздың да сүюі керек, бірақ Сейтеннің ойына бір нәрсе жетпейтін сияқты болады да тұрады. Бір қайғы, қапалық көкірегінен шықпай қойды. Мұның не екенін Сейтен білмеді. Қызға барарда жүрегі дірілдейтін болды. Сүйгенімен жолығу тәтті минут болмай, көңілдің қошын кетіретін болды. Сейтен баруды қойды. Адамдардан да қашатын болды. Бұл неліктен. Сейтен қандай қылмыс жасады? Сейтеннен қайыры не? Сейтен-ау, айтшы, қуанышың қайда, сенің қайғылануға правоң бар ма еді?


Сейтен күні бойы бір нәрсені жоғалтқан адамдай салбырайды да жүреді. Ол несін жоғалтты? Мүмкін, адамшылығын жоғалтқан болар? Мүмкін, қайнаған қуанышын жоғалтқан болар? Бірақ оны жоғалтатындай Сейтен не істеді? Оның ең жақын досын сатқан болар? Я, сүйгенін сатқан болар? Жоқ, бірі де емес? Сейтенге Алматыда қал дегенде, ол қалмады. Қарағанды жұмысшыларының арасына келіп мәдениет жұмысына кіріскен. Ол жолдасын да, сүйгенін де сатқан жоқ па?.. Міне, осы арада Сейтен күмілжіді. Бір минутте барлық жаманшылық сол жақтан келетін сияқты болды. Менің қай жақтан? Сағадаттан ба? Сейтеннің бойында құрдас-қорқыныш пайда болды. Бұлай болуды ол қаламайды, сондықтан айқай салып:


— Өтірік — дейді.


Бірақ жүрегінде түйін болған немене! Сейтеннің көңілі осы неге толмайды? Жетпей тұрған кемшілік не?


Бір күні Сейтен «Правданың» бас мақаласын оқыды. Бас мақала совет семьясы, бақытты қыздар, сүюшілік жөнінде. Бас мақалада:


«Біздің қыздар-дүниедегі ең бақытты қыздар. Біздің қыздар жетем деген бақытына жете алады, дәуірдің үлкен адамы бола алады, бізде әрбір қыз өзінің сүйгеніне күйеуге шығады. Әйелді сүймейінше зорлап қосу капиталдық айуаншылық. Қыздардың аға, әкесінің айтқанымен күйеуге шығуы бізде жойылды» — делінген. Сейтен сүюге күмән туғызып, жүрегіне қобалжу келтіріп, жанына қадалып болған тікенектің не екенін жаңа білді. Мен «капиталдық айуаншылық» жасаппын деген ой Сейтеннің жүрегіне инедей қадалды. Сейтен далаға шықты. Жүгіріп отырып Рақметтің үйіне келді. Сағадаттың бөлмесіне кірді. Амандаспай жатып:


— Сағадат, сенімен сөйлесуге бола ма? — деді.


Сағадат күлді:


— Болуы да мүмкін — деді.


— Сағадат! Осы сен меш сүйесің бе? Осы мәселенің шешімі келіп отыр.


— Ағай «сүй» дегенмен мен қашып қайда барайын.


— Ендеше, ағаңның көңілін қимай, өзіңізді зорлайды екенсің ғой, Сағадат!


Сағадат күлді.


— Солай болуы да мүмкін.


Сейтен орнынан түрегелді. Басын төмен салбыратып біраз тұрды.


— Сағадат! Сенің өзің сүймесең, ағаңның зорлайтын ешқандай қақысы жоқ. Сен сүймесең, менің де, ағаңның да өкпелеуге қақымыз жоқ. Енді былай болсын: сүю жөнінде барлық әңгімені тастайық. Әрине, бұрынғы күнімізше дос боп қалармыз, бірақ сүю жөнінде сөз қозғамайық — деді де Сейтен жүгіріп алып далаға шығып кетті.


Енді көшеге шыққанда Сейтеннің жүрегіне тесіп тұрған манағы көмескі ой кетіп, бір түрлі көңілденіп, тазаланып қалғандай болды.


Бұл өлеңнен артық нәрсе бұл жалғанда таппаспын.
Сен өлеңнен алма ағаштай бауырында ақ тастың.
Сен гүлдейсің, алма ағаштай бұраласың, сынбайсың,
Орамалды, айтшы, қалқаш, қай жігітке бұлғайсың?
Орамалдың жиектері көк лентамен торланған,
Себеп менің құрдасыма, жолдасыма арналған.
Ол құрдасты, ол жолдасты мен бір жерде табармын.
Он жақтағы оңашаға алып оны барармын.
Мұның қалай, дермін оған, менің бақытым кем бе екен,
Бір сыйлыққа екі адамның жүгіруі жөн бе екен?


— деп өлең айтты. Абайсызда есік ашылды. Жалт қараса қарсы алдында Сағадат тұр. Сейтен неғыларын білмей сасып қалды. Сағадат көрген де жоқ. Сейтеннің қасына келіп:


— Сейтен, мен сені сүйем, бұл арада ағамның ешқандай қатысы жоқ. Сейтен, сенесің бе? Мен шын жүрегімнен, адал ойымнан айтып отырмын — деп Сейтенді құшақтай алды.


Менің адал көңілдік, шын жүректен сөйлеуім жөнінде әңгімем бізге осылай жоғарылады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу