17.12.2021
  133


Автор: Саттар Ерубаев

Роман туралы әңгіме

 


(Романның увертюрасы)


Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып, айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін.


Мен бір әңгіме жаздым. Ол менің көрінгенді құшақтап сүйгенім, бірінші шыққан айқайым еді. Онда шеберлік, жазушылық жоқ болғанымен, жаңа сезім бар еді.


Бірақ, бақытты болу бір басқа да, сол бақытты тани білу бір басқа екен. Ол сезімді көп жолдастардың түсінгісі келмейді.


— Адам баласын бақытты ететін сөзді тыңдап жатып адамның өлгенін сезбей қалуы мүмкін бе? — дейді олар.


Жаңа сезімді түсіне білу үшін сыншыл болу, саясатшы болуы аз екен, сол сезімнің денеңді дуылдатып, жүрегіңді тулатып толқытуы қажет екен. Былайынша айтқанда, жаңа сезіммен бойыңның теңдесі болуы керек екен.


Сезім туралы айта түсейінші...


Киров өлгенде Ленинградтары менің бір жолдас қызым былай деп маған хат жазды:


«Әкем Сергей Мироновичтің өлгенін естіп, заводтан келді де, сандықта жатқан ескі наганын алып майлап, сүртіп, тыныш таппай, жауға аттанатындай түнімен ұйықтамады. Осы жағдайды сөзбен айтып болмайтын бір аса жалынды, сәулелі сезім бар».


Мен жолдас Киров өлімі жөнінде көп өлең, поэмалар оқыдым. Бірақ оның ешқайсысы да жоғарғы хат сияқты қанымды қыздырып, жүрегімді толқытқан жоқ. Осы бір нәрсе әдебиетке өте қажет қасиет екен-ау деп түсініп едім, сонда бір.


Мен сезім жөнінде біреуге сабақ берсем бе деп отырғаным жоқ. Сезім жөніндегі сабақты бәріміз бірігіп тыңдасақ деп отырмын. Сол сезімді толықтайтын кітапты тыңдасақ деп отырмын.


Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі — менмін. Бәріміздің өміріміздің басталуы бар. Барлығымыздың да өмірде бастан кешірген аса тәтті минуттеріміз бақытпен бетпе-бет кездескен уақытымыз барлық өміріміздің тағдырын шешіп берген кезеңдеріміз, өлгенше ұмытылмайтын, еске түссе жүректі тулататын уақиғаларымыз бар. Міне, бұл әңгіме сезімнен басталып, менің бастан кешірген аса тәтті қымбат минуттеріме, өмірімнен бет алған бағытына арналмақшы. Бірақ өмірімнің бағытына жол сызып берген кезеңінің өзі сол жаңа сезімінің жасалуы мен сезімді оятатын кітаптар еді. Ол менің саналы өмірдің соқпағына түспеген кезім еді. Мен өмірімді де, оның бақытын да содан кейін таптым. Ыстықпен де, суықпен де содан кейін таныстым. Мен жүрегімнің отын да, өмірімнің мазмұнын да содан кейін жасадым.


Мен онда 12 жасар едім. Ағам менің сабақты қалай пысықтағанымды бақылап, қадағалап тұратын. Ол өте қатаң еді Бір күні ол Анри Барбюстың жаңа шыққан романын алып келді


— Осыны оқып, мазмұнын маған айтып берерсің, — деді. Мен әлденеше күн соңына түсіп жүріп «Отты» оқып шықтым. Бірақ түк түсіне алмадым. Екінші рет оқып шықтым, романда Барбюстың суреті бар еді Суретінде ол үлкен қара көзді қою қара мұртты, әдемі — ақ еді Содан кейін Барбюс десе окопта жатқан ұшы-қиырсыз көп солдаттардың ішінен көтеріліп, жалпы әлемге айқай салып тұрған қара көзді, қара мұртты, әдемі кісі көзіме елестейтін .


Мүмкін, бұл Максим Горькийдің жазған беташарының әсері болар.


Ағайым:


— Осындай ұлы адам біздің компартияның мүшесі, — деп тіпті мақтанып қалатын.


Кейінірек, өмір бақытының дәмін тата бастаған соң қандай тілек болса да, орындалатынына көзім жете бастаған соң, Анри Барбюсты көруге өте құмар болдым.


Бұл құмарлықты өмірімнің барлық ой-қырынан алып өтіп, 1935 жылға дейін әкелдім. 1935 жылы жастайымнан жанымның арманы — Барбюсты көрдім. Бірақ мен көргенде ол консерватория залында үлкен қара көздерін мәңгілік жұмып жатыр еді Мен сөйтіп оның отты көздерін кере алмадым. Мен оған жер бетінен кетер алдында кездесіп, бірнеше рет, ақтық рет алдынан өтіп бара жатып жылап жібердім. Мен бұрын еш уақытта да жыламаған едім. Тек мынадай бір жардай болды.


1931 жылы Ленинградта оқып жүргенімде «әкең өлді» деген телеграмма келді Мен жылағаным жоқ. Бірақ, неге екенін қайдам, жолдастарымның барлығын жинап алып, «әкем өлді» деп айттым да, жүгіріп үйге кетіп қалдым. Кешке біздің екінші курстағы барлық студенттер жиналып келіп, маған көңіл айтты. Менің қайғыма ортақ екендерін білдірді. Сонда грузин баласы-жолдасым Сивадзе: «қайғырма, біз екеуміз Совет үкіметі дейтін өлмейтін әке тауып алғанымыз жоқ па», — деді Сонда мен қайғыдан емес, қуанғандықтан жылап жібердім. Өмірде жалғыз емес екенімді сезу, бүкіл Отан болып мені сүйетінін сезу мені аса бақытты етті, жолдасымның өте жылы сөзі көңілімді босатып-ақ жіберді.


Мен жаңа сезіммен, интернационалдық сезіммен осылай кездесіп едім.


Мен өмірдегі ең тәтті минуттерді, бақытты содан кейін таптым.


Мен осы әңгімені теңіз желіне кеудемді тоса тұрып жаздым. Өмірдің жолына, бақыттың соқпағына ең алғаш түскен минуттер аса қымбатты болды. Сол алыстағы минуттер жел болып кеудеңе соғып, ауа болып ішіңе кіріп жатқандай болады. Сол тәтті минуттер теңіз желіндей көңілді көтереді желпіп үрлейді, ескірген тұзды исі кең дем алдырады.


...Баяғыда, бұдан көп болды, мен онда сегіз жасар едім; ауылда асық ойнап, қозы жайып жүретін едік. Өмірде қала көрмеген, қолына қағаз ұстамаған әжем бірінші рет қалаға барып, маған бір кітап әкеліп берді Ешкімге көрсетпей, мені оңашалап шығарып алды да:


— Қалқам, болашақтан үмітіміз бар. Мынау дүниедегі барлық аналардың қамқоры, жанашырының жазған кітабы дейді Бұл әулие адам дейді. Осыны өзі өскенде оқып, маған түсіндіріп берерсің. Ешкімге бермей, жыртпай сақта, — деді. Содан бері көп жыл өтті. Одан бері мен бақытты да, қуаныш, махаббатты да өмірден таптым. «Жерде адам болу-үлкен бақыт» — дейді ұлы жазушы. Мен осы ұлы бақытқа ие болдым.


Мен осы өмірімнің қырынан қарғып, ойынан орғып өткенде де осы анам берген кітапты тастағаным жоқ.


— Бақытты, шырағым, құдай бермек еді Әзрет Сұлтан бермек еді, енді осы кітап берер, оқы, шырағым — деген еді әжем. Осы кітап маған бақыт берді. Мен анам берген кітапты «барлық аналардың бірден-бір қамқоры, жанашыры жазған кітапты», ең бірінші рет Әзрет Сұлтанның дәл түбінде отырып оқыдым. Кітаптың басы жыртылып қалған екен. Мен оқып болған соң, базардан жарты кез қызыл шүберек сатып алдым да, ағашқа ту қылып тағып, әжеме апарып бердім.


— Кітап беретін бақыт осы көрінеді — дедім.


Кітаптың атын, авторын білмесем де, ішінен түсінгенім осы еді Ертеңіне әжем қолына қызыл ту алып, бірінші рет Май митингісіне шықты. Бұл бүкіл аналардың қамқоры болған адамға сенушіліктің күштілігіне еді.


Кейін, 29 жылы Ленинградта сол кітапты талқыладық. Ол кітап Максим Горькийдің «Анасы» екен.


1931 жылы Түркістан барғанда Максим Горькийдің үлкен портретін ала бардым.


— Бұл кім? — деді әжем.


— Бұл баяғы өзі берген кітапты жазған «барлық аналардың жанашыры» болған адам, — дедім мен.


Мәдениет жолы баспаған Азияға, хат танымайтын, қала көрмеген қара халықтың анасына да «барлық аналардың» қамқоры болып жете алған ұлы адамның ұлы шығармасымен мен осылай танысып едім.


Мен, Барбюс пен Горький жөнінде айтып отырғанда, олардың ұлы шығармаларының жүрек толқытатынын, әрбір оқыған адамның өміріне өзінше бағыт сілтеп беретінін айтпақшы едім. Бұл жалпы роман туралы, роман жазу туралы әңгіме еді.


Мен жазушы болғым келді. Горькийге ұсап жағалауда, теңіз желіне кеудемді төсей отырып, Макар Чудралардың әңгімесін тыңдағым келді Бұл Горькийдің әсері еді Горькийге еліктеп, теңіз жағалап көп жүрдім. Сұңқар жырын Горькийге айтып берген қойшы жолықса екен деп көп іздедім. Бір күні бір қойшыға жолықтым.


— Горькийді білесің бе? — дедім.


— Білгенде қандай, колхозымыздың аты — Горький.


— Сұңқар жырын оқып па едің?


— Я


— Сол сияқты жыр айтып бересің бе?


— Ондай жырды қайдан айтайын, өйткені оны дүниеде бір-ақ рет туған Горький жазған. Бірақ бір ертегі айтайын.


Сонда қойшы шал маған осы «Терек пен қызыл гүлді» айтып берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу