17.12.2021
  150


Автор: Саттар Ерубаев

Жолдағы жолсыздықтар

Көпті көрген біреуді әңгіме етейін десе:


— Оның басынан кешірмегені жоқ, бармаған жері жоқ, баспаған тауы жоқ — деуші еді жұрт. Енді біз мұны Жаңа қалада, Бұқпада істейтін Қарағандылықтарға бейімдеп:


— Олардың басынан кешірмеген жол жанжалы жоқ, қарғып түспеген автобусы жоқ, ұрыспаған шофері жоқ — дейміз.


Ардақты, жолдастар, көне көрген «көне би» жұмыстан кейін үйге жету үшін автомобиль қиыншылықтарын, қамалдарын бұзып, машинадан парашютсіз секіріп түсіп жүрген, міне, біз боламыз.


Жұмыс уақыты аяқталуға тақалғаннан-ақ біз кездесетін автобус қамалдарын қалай бұзудың амалдарын да қарастырамыз. Жұмыс істеместен таласа-тармаса далаға шығамыз.


Жұмыстан кейін бізде жуыну деген болмайды, әрбір жанталасқан тартыста топырақ пен майға малынасың.


Сонымен басымызды орамалмен мықтап тартамыз. Үстімізге қалың киім киеміз, белімізді арқанмен буынамыз.


Себеп? Шофер итеріп қалып, яки жүріп бара жатқан машинадан секіріп құлағанда, денеміз ауырып қалмас үшін қалың киім киеміз.


Ал арқан ше дейсіздер ғой! Жұрт келе жатқан машинадан секіріп түскенінде, қалып қойған жолдасына лақтырып, оны жұлып алуға арқан керек-ақ.


Автобус қиыншылықтарының астында қалатындардың «сорлысы» — галстук таққандар. Шофердің ойынша, олар, әрине, саясатшыл келеді. Автобус тіптен жолға қоюда талай білімпаздардан цитата келтіріп, машинаның желкесіне мініп алып келеді. Мұндай галстуктілерді өзінің мекемесімен қоса автобус жолынан жұлып тастау керек. Жатсын өзінің галстугімен.


Онан соңғы «сорлылар» — портфельділер. Олар өздерінің портфельдерімен қандай заң соғып салатынын кім білсін! Мұндай элементтерді маңына жолатпау керек!


Бұлар өздерінің портфелін құшақтап, заңын соғып жүре берсін, өздерінің денсаулықтарына!


Қызық-ау, осы Қарағандының портфельді азаматтары! Келешектің жемістері бүгін болсын дейді.


...Біресе домалақ, яки қисық, бұжыр, қабырғаны қалағанда домалап түсе береді деп, кірпіш заводының алдына тіптен орындауға болмайтын талаптарды қояды.


...Біресе қаттырақ болсын, ұстағанда уатылып тұрмасын деген тіптен қиял жетпейтін міндеттерді қояды. Алпысбаевтың алдына мұндай кереметті қойғандарын өздері бұзаулат дегендерің емес пе, портфельді азаматтарым!


...Яки тағы сол кірпіш заводына ең болмаса елу проценті іске жарасын деген сияқты арыстан міндеттер қоя ма екен-ау! Одан да Алпысбаевты барлығың жиылып сабап, кірпіш қылып құйып жіберіңдерші. Сөйтіңдерші, байғұсқа жеңілірек болсын.


...Біресе құрылыс үйлерінің бір қабырғасын салып жатқанда, бір қабырғасы құлап қалатынын қойсын деп қиялдана ма екен-ау? Немене, бір қабырғасын салып жатқанда, бір қабырғасын құрылыс басқармасы тіреп тұрсын ба? Өздерің, пopтфeльдi азаматтар, қиялдағыны береді екенсіңдер ғой.


...Яки жел тұрғанда, салған үйлердің қабырғасынан жел үдеп тұрмасын дейік Немене, құрылыс басқармасы жел тұрардың алдында барлығыңның үйіне барып тесіктеріңді алақанымен тіреп тұра ма? Немене, құрылыс басқармасы сендерге үй салып бере ме, жоқ оның тесіктерін бітей ме?..


Осы да жетер. Осы күнге сапа деген шығыпты. Мысалы: құрылыс басқармасы Папковке сапаны кетер дейді ме?! Әрине, оқушы бұл сияқты фантазияға түсінбей отырған болар, түсіндірейін. Сапаны көтер дегені — Папков жолдасқа түйенің құйрығын созып әкеліп жерге жеткіз дегені осылай дегені, әлеумет!


Сонымен, осы сияқты азаматтарды, әрине, автобусқа мінгізуге болмайды. Бұлар бес-он сомдап шоферға ақша ұстатпақ түгіл, «бензинді ықшамдап ұста» деген сияқты сұмдықтар айтып жүре ме, біледі, кімге сенуге болады? Осындай өзара сын біздің шахталар беретін көмірдің күлгені де көп болып қаулап бара жатқан заманда!


Сонымен біз бастапқы айтқандай болып киініп, қаладан шығып тұрамыз. Ойымыз, әлдеқалай күн туса, соның үстінен құстай ұшып келе жатқан автобусқа бір-ақ қарғып міну. Ал жаңағы галстугін жұлып алып қалтасына салады. Бір мекеменің мысығы екенін (заңшыл екенін) білдірмес үшін бетіне топырақ, күйе жағады. Мойнына орап алуға даладан жаман шүберектер іздейді. Ойында: «Е, мына сорлы сонымен, саясатыңмен жұмысы жоқ, бір мүсәпір екен, бес-он сомын беріп, заңды соқпайтын жұмыс адамы екен деп шофер ойласын» — дейді. Ардақты портфельділер портфельдерін қарнының үстіне тығады. Оның жеңі келмесе, портфелін далада жатқан жаман жыртық шүберекке орап алады.


Сонымен, біз әрқайсымыз қолымызға бес сомнан алып жоғары көтеріп, желбіретіп тұрамыз. Алыстан келе жатқан шофер көрсін, біздің айтқанымыз дейміз.


Сол уақытта алыстан бір машина көрінеді. Бәрімізге бақыттың құйрығы көрініп, көз алдымызда бұлаңдағандай болады. Қолдарымыздағы ақшаларымызды желбірете түсеміз. Бірақ шофері түскір 100 қадам жерден машинаны барынша ышқындырып бір-ақ селк еткізіп өте шығады. Біз бір-бірімізге ұрсамыз. «Сен Сұрпақпай — дейміз — бес сомыңды жоғары көтермедік» — дейміз. Өзінің жеке меншігі, байшылдығыңды білдіріп, ақшаны өз баурыңнан шығарғың келмей, жоғары желбіретпедің дейміз. Галстукті азамат машинаның тоқтамауына өзі айыпты санағандай, басына таңып алу үшін тағы жаман шүберек іздейді. Сөйтіп тұрғанда, тағы бір машина көрінеді.


Біз ақшаларымызды жоғары көтердік, оқыған балалар құсап шулай бастаймыз.


Бірақ естеріңізде болсын: шофер еш уақытта тоқтамайды. Ол сырғыта жүріп өтеді.


Сол уақытта мінсең міндің, мінбесең қабағын түйген шофер саған пысқырып та қарамайды. Біз жанталасып мінеміз.


Сыймағандықтан біріміз жатып, біріміз оның үстіне мінеміз. Сонымен машина аяқ-қолы жерге тимей зырлайды. Шұңқыр демейді, ой-қыр, арық демейді, баса-көктеп оқтын жылдамдығындай ұшады. Жел жұлып кете жаздайды. Көзінен жас парлап, бір-бірін құшақтап зорға отырасың. Әсіресе шұқырларды баса өткенде, машинадан бір метр жоғары көтеріп қайта соғыласың. Осы арада қалың киім пайдасын бір тигізеді. Басың айналып, ішек-қарныңның бір аударылып түскені болмаса, жанбасың онша айта қаларлықтай ауырмайды.


Кішкене итеріп қалғаны болмаса, ешқандай да қан ақпайды, бұ да болса табыс...


Горбачов шахтасына түсетін бес-алты адам болады. Олар машинаға мінісімен-ақ «тоқтат!» деп айқай сала бастайды, бірақ не керек, машина тоқтамайды. Айқайыңды, жылауыңды еститін шофер жоқ.


Қарағандыдан өтіп бара жатқанда тоқтамаған соң, тіптен жанынан безгендер секіреді.


Біз байғұс секіре алмаймыз, оның үстіне алдымыз құлазыған дала болған соң шофер әдейі бар жүйріктісімен жүреді. Ал осы арада цирктің әртісі болғың келеді, болмағаныңа қатты өкінесің. Ал цирктің әртісі болып құстай ұшып келе жатқан машинадан секіріп түсіп қол -полың ғана сынып, түк көрмегендей кете берсең! О, шіркін-ай!


Міне, Қарағандыға келдік. Бірақ тоқтайтын машина жоқ, баяғы қарқыны. Бәріміз шулаймыз, бір-ақ шофер eстімепті. Содан соң жаннан, болашақ өмірден, сүйген жардан, алайын деп тұрған бір айлық демалысыңнан-барлығынан өзін, өлімге бел байлап секіруге айналасын. Содан Қарағандыдан Майқұдыққа қарай бір және жарым километр өткенде, белімізден арқанның бір ұшын бір-екі жолдасымызға байлап төрт -бесеуміз секіреміз. Төртеуміз құлап түсіп машинадағы жолдастарды да жұлып алып қаламыз. Біраздан соң есімізді жиып, кім өлі, кім тірі, кім бар, кім жоқ деп санақ жүргіземіз. Жол-жөнекей секіргендердің бәрі бір жерге жиылады. «Бас жарылып, саусақ сынғаннан басқа шығын жоқ» — дейді біреу. Біз уралап, қуанып, қол шапалақтаймыз.


Білместен қамалды жеңіп шыққандығымызға қуанамыз. Ал портфельді жолдас қайда? Ол жолдастың беті жараланған, қамығып тұр.


— Ой, неге қамығасың, бет жараланбай, көз шықпай табылатын табыс бар дейсің бе? Неге қуанбайсың? Әлде сен жылауық адамсың ба? Тышқан құсап, сен бір түкке тұрмайтын бетіңнен қан аққанға жаралымын дейсің, өзің тіптен нәзіктігіңді, интеллигенттігінің білдіріп тұрсың — ау — деп біз шулаймыз.


— Қамықпаймын-ау, бірақ жолда жанталасып жүргенде, портфелім түсіп қалыпты — дейді портфельдік. Сонымен ол байғұс портфелін іздеп, жаяудан-жаяу салпақтап қайтадан Жаңа қалаға кетеді.


— Міне, әлеумет, біз бұзып жүрген қамалдар осы. Қарғып түспеген автобусы жоқ, ұрыспаған шофері жоқ батырлар, міне, біз боламыз.


...Жақында газет басқармасына бір жұмысшы келіп, шофердің кесірінен бір саусағының сынғанын айтты. Біз жағамызды ұстап, жұмысшының бір мына жағына, бір ана жағына шығып таң қалыстық.


— Ой, батыр — ай — дедік біз — түкке тұрмайтын кішкентай саусағыңның бір-ақ буынын сындырып, аман-есен өлмей, автомобиль қамалынан шыққан сен қандай герой едің — деді.


Жақында бір болатын үлкен қызықтың хабарын естіп отырмыз. Рас-өтірігін қайдам, трест гаражының бастығы, құрылыс басқармасы гаражының бастығы жақында Бұқпаға бармақшы дейді.


Біз газет қызметкері екендігімізді пайдаланып қасында жүріп, жоғарғы көкелеріміздің өздерінің қалай галстугін жұлып қалтасына салып, портфелін қарнының үстіне тыққандығын, қалай мойнына жаман шүберек орап, бетіне балшық жаққандығын көрмекшіміз. Сонда ғана ол бастықтар өз машиналарын, өз шоферларын көрмесе, әйтпесе қол үзіп кетті ғой қазір олардан.


Біз қорытайық. Қарағандының барлық шоферлері осылай ма? Жоқ. Бірақ көбісі осындай. пара алу, қатынасушыларды адам қатарына санамау, жұмысшыларды «түк білмейді деп ақысын жеу (осыдан барып «портфельдіден» сескену шығады) көп шоферларға әдет болып барады. Қандай машина қатынасушыларды алуы керек екендігі мәлім емес.


Қалалық кеңестің қатынас жолын тәртіпке, заңға салатын уақыт жеткен жоқ па? Тілеп орындардың бірі келіп, бірі кетіп, көбінесе бос қыдырып жүретін машиналарды жол қатынасына айрықша бөліп қоятын уақыты жеткен жоқ па? Қарағанды жұмысшыларын қашанға дейін жағаластырады?


Қадірлі қалалық кеңес! Қарағанды шахтері Бұқпаға, Жаңа қалаға барғысы келеді, алайық, мысалы, ондағы саған барғысы келеді. Не болмаса онда барып дем алғысы келеді. Бұл тіптен дұрыс. Онда әуе, кел, бақша, тағы тағылар бар.


Ал енді дем алудың орнына, яки өзіне барып бір жұмысын бітірудің орнына шаршап, шалдығып, басы жарылып кешке үйіне қайтқаны жөн бе? Жоқ, айналайын, жөн емес. Он рет, жүз рет, мың рет жөн емес, Ендеше қатынас жұмысы жолға қойылсын!


1934.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу