👈 қаріп өлшемі 👉

  16.12.2021
  91


Автор: Қабдеш Жұмаділов

ОРАЛМАНДАРДЫҢ ЖОҚШЫСЫ

(Беташар сөз)


Бір ойды бір ой түртіп оятады. Қашанда жақсы шығарманың қасиеті – оқырманға ой салып қана қоймай, оның көңіл түпкіріндегі мұң


мен шерді қозғап, қайта жаңғыртатыны бар. Белгілі қа- ламгер Рақым Айыпұлының «Ата жұртты бетке алып көш келеді» атты мақалалар жинағын оқып шыққанда, мен дәл сондай тебіреністе болдым.


Иә, қанша айтсаң да көнермейтін, маңызын жой- майтын, қайта уақыт өткен сайын жасарып, жаңғырып отыратын бәрімізге ортақ бір мәселе бар. Ол – қазақтың мұңы, әлі күнге дейін қоныстанып болмаған қазақтың көші-қоны. Баяғыда шекара бөлісі кезінде басқа елдің құзырында қалып қойған, одан кейін де отаршылдар- дың қысымына шыдамай көрші елдерге ауып кеткен қазақтың саны бес миллионнан асатыны, шекара сыр- тында қалған сол қандастарымыз – жалпы қазақтың үштен бірі екені бұл күнде бәрімізге белгілі. Осыдан жиырма екі жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздік жарияла- ғанда, есіміз шығып, қалпағымызды аспанға атқанбыз. Сондағы ойымыз – қазақ жерінің қазынасы есебінен ат төбеліндей алпауыттар тобын байыту емес, қазақтың азат өкіметі дүниежүзінде тарыдай шашырап жүрген қандастарымыздың басын біріктіреді, қазақ ұлтын бір тудың астына топтайды деген үмітпен қуанғанбыз.


Алайда «үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» де- гендей, бүгінгі таңда әр жүректе лүпіл қаққан сол үміт ақталмай отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жан- жақтан андыздаған қазақ көші бірте-бірте жүрісін бә- сеңдетіп, солғын тартты да, көмейден біреу бұрып әкеткен тоғандағы судай сарқылып барып тоқтап қал- ды. Жыл сайын жиырма мың отбасын көшіріп алуға


 


бөлінген квота қаржысы да құмға сіңгендей құрдымға кетті. Міне, үш жыл болды қазақ көшінің тоқтағанына. Естуімізше, 2015-жылға дейін көшке мораторий жария- лаған деседі.


Билік басындағылар мұндай шешімге аяқ астынан кездейсоқ келмегені анық. Алдымен Т. Құлыбаевтың, Ө Шүкеевтің, Т. Мамашевтің аузымен шеттегі қазақ- тардың атажұртқа қайтқысы келмейтіні жайында, ал елге келген оралмандардың Жаңа өзендегі секілді бүлік тудыратыны туралы сыпсың сөз таратты. Сонан соң


«Егемен Қазақстан» бетінде Сейфолла деген біреудің


«Өз еліне қонақ болғысы келетін, мін таққыш, талап қойғыш, масылдарды атажұртқа әкеліп керегі не» деген мазмұндағы оралмандарға жала жапқан мақаласын бас- ты. Осылайша, жұрттың тамырын басып, құлағын үй- ретіп алды да, қазақ көшінің жолын бір-ақ кесті. Оның себебін түсіндіріп айтқан да жоқ. Сырттай естуімізше, әлгі «байып кеттік» деп мақтанып жүрген республика үкіметі бюджеттен таршылық көріп жатыпты. Оның үстіне мақтан үшін өзіміз тілеп алған «Экспо–2017-ге» дайындалу қажет болыпты.


«Кеден болды, кедергі неден болды» дейтін емес,


«әй, осы көші-қонның арты сиыр құымшақтанып ке- тер ме екен» деген қауіп бұрыннан бар болатын. Өйт- кені, біздің билік қазақтың басын қосуға әубастан ықылассыз болды. 1992-жылғы дүниежүзі қазақтары- ның бірінші құрылтайын да армяндардан, татарлардан, әзербайжаннан соң, зиялы қауымның талап етуімен зорға өткізгенбіз. Оның өзі де құрылтай ма, жәй даңғаза той ма, белгісіздеу жағдайда өтті. Онан кейінгі құрыл- тайлар да жетім қыздың тойындай, ештеңе шешпейтін, шеттегі қазақтарға жол сілтемейтін, жәй бас қосу түрін- де болды. Әсіресе, Астанада өткен соңғы құрылтай... Әр елден келген делегаттардың сөйлейтін сөзін қазақ қауымдастығы (Т. Мамашев) бір ай бұрын дайындапты. Нәтижеде не болды? Қазақстанның өз жағымпаздары аздай, жаңағы шешендер біздің президентті мақтаумен жарысқа түсті. Қазақ көші, оның қоныстануы жайында ләм деп аузын ашқан бір адам болсашы!


 


Неге бұлай болды деріңіз бар ма, ұлт мүддесіне деген сол баяғы салғырттық. 1991-жылы біздің ел тәуелсіздікті қалай алғаны естеріңізде шығар. Сол бір 1991-жылдың біз үшін тым ұзақ болғаны-ай! Тәуелсіздікті балтық жағалауындағы елдер көктемде, кавказ республикала- ры жаз ортасында алып болған. Азаттық таңы осылай- ша Орта Азияға да жақындап, 31-тамызда қырғыздар, 1-қыркүйекте өзбектер отау тігіп, бөлініп кетті. Ұзаса араға бір апта салып, біз де бостандыққа қол созармыз- деп ойлағанбыз... Жоқ, атамаңыз, біз әлі тапжылмай отырмыз. Не керек, қырғыз бен өзбектен кейін біз тағы үш жарым ай отырдық қой. Содан 8-желтоқсанда им- перия ошағының үш бұты: Ресей, Украина, Беларусь үшеуі үш жаққа бөлініп кетті. Өзгесін қойшы, тарап кет- кен империяның құлазыған жұртында Қазақстан тағы да 8 күн отырды-ау! Амал жоқ, бұлай атсыз, атаусыз қа- луға болмайтын болған соң, 16-желтоқсанда әрең-зорға тәуелсіздік алған болдық. Өз қожасы – империяға құл- дай берілген, қазақтай адал, қазақтай көмпіс ел болмас. Таңданатын не бар, біздегі билік басында қазір де сол адамдар отыр. Қазақтың тәуелсіздігін Кремльдің рұқса- тымен зорға алған сол коммунистер ұлттың басын құ- рауды алдарына мақсат етіп қойды дейсіз бе?! Керісін- ше, Қазақстанды түптің-түбінде Ресейге қайта қосуға міндеттенді ме, кім білсін... Оларға тәуелсіздік қазақ жерінің қазынасын қалтаға басу үшін, ерекше дара


билікке жетіп, айпарасын асыру үшін қажет болды.


Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде мен бір мақала жазып, қазаққа дәл қазір жаңа астана салу керек пе, жоқ, әлде ұлттың басын құраған маңызды ма деген мазмұнда мәселе көтерген едім. Мен онда қала салу ешқайда қаш- пайды, ал ұлттың басын құрау – кезек күттірмейтін іс екенін дәлелдегем. Алайда билік басындағылар бірінші кезекте қандастарымызды көшіріп алуды емес, астана салуды қолай көрді. Жаңа астана оларға мақтан үшін, өз бастарын жарнамалау үшін қажет еді. Ақыры, сол мақсаттарына жетті де.


Қазақ көшін қожыратпау, ұлтттың басын тез арада біріктіру жайында біздің қаламгерлер жазудай-ақ жаз- ды. Солардың ішінде қазақтың көші-қоны мен оралман-


 


дар мәселесімен үзбей айналысып келе жатқан Рақым Айыпұлын айрықша бөліп айтуымыз керек. Өйткені, Рақымның өзі де – оралман. Көші-қонның жай-жапса- рын өте жақсы біледі. Атажұртқа келер алдында Бежін- дегі жоғарға оқу орнын бітірген, қазақша, қытайша, орысшаға бірдей жетік, қайраткер азамат. Қазақ көші менің де төл тақырыбым болғандықтан, мен бұрын да Рақымның көші-қон туралы жазғандарын қадағалап оқып жүретінмін. Мына «Атажұртты бетке алып көш келеді» атты кітаптың қолжазбасымен таныса келе, оның бұл тақырыпты түбегейлі игергеніне көзім жетті. Жинаққа автордың отызға тарта мақаласы еніпті.


Бәрі де көш туралы. Қазақстан үкіметі көші-қон жа- йында қай жылы қандай қаулы алды? Оның орындал- ғаны қайсы, орындалмай қағаз жүзінде қалғаны қайсы



  • түп-түгел Рақымның алақанында. Әсіресе, қытай қа- зақтарының көшіне нелердің кедергі болып отырғанын тамыршыдай дәл басып талдайды. Үкіметке, көші-қон комитетіне айтқан кеңесі, жасаған ұсыныстары қандай орынды! Рақым өз мақалаларында көші-қон проблема- сын жеріне жеткізіп-ақ айтқан екен. Амал не, соны ес- титін құлақ жоқ. Ол аз болғандай, қазақ қауымдастығы мен көші-қон комитетінің бастығы етіп, кілең бір қазақ- қа жаны ашымайтын безбүйрек біреулерді қоятынын қайтерсің! Ондайлар көші-қонға бөлінген қаржыны көртышқандай кеміріп жегеннен басқа не біледі.

Жинақта «АҚШ-та атазаңы қалай қабылданды» де- ген бір тамаша мақала бар. Демократияны орнықтыру жолындағы Америка қайраткерлерінің адалдығы мен табандылығын айта отырып, шетелдер тәжірибесіне біздің басшылардың назарын аудармақ болғаны ғой. Бірақ ондайға мойын бұрып көз салуға көкейін ақша тескен қазақ шенеуніктерінің мұршасы бола қойса!


Шетелдік тәжірибе демекші, мен таяуда Израил мем- лекетінің қалай құрылғаны жайындағы бір дерекке көз жүгірттім. Біз әдетте дүниеде өз ұлтын жан-жақтан құраған үш мемлекеттің біріміз деп мақтанамыз ғой. Олар: Германия, Израил және Қазақстан көрінеді. Ен- деше, сол өзіміз теңдес Израил мемлекетінің тәжіри- бесіне назар аударып көрелікші.


 


Біріккен ұлттар ұйымы 1947-жылы Палестина жерін- де Израил мемлекетін құруға қаулы алып, рұқсат ет- кенімен, аталмыш өлкеде дайын тұрған жер де, еврей деген ұлт та жоқ болатын. Израил әулеті осыдан екі мың жылдай бұрын дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен. Дін орталығы Иерусалимде ғана мың қаралы еврей бар тұғын. Сол кезде мемлекет құруға ын- талы топ не істеген дейсіз ғой? Еврейлердің кереметі сонда, олар жоқтан бар жасады. Ең алдымен мемлекет- ке қажетті жерді дайындаған. Ол үшін қалталы еврей- лер арабтардан бес гектар, он гектардан жер сатып ал- ған. Базар бағасынан екі-үш есе артық беріп тұрған соң, ақшаға қызыққан жұрт артық жерлерін амалсыз сатқан. Осылайша, сатып алынғын жерлерді бір-біріне қосып құрағанда, әжептәуір територия пайда болған. Міне, Израил мемлекеті бастабында осындай тап-тар аумаққа құрылған. Әбден орнығып алған соң қажетті жерлерді қарудың күшімен одан ары кеңейткен.


Ал, Палестинаға еврей ұлтын қалай жинаған дейсіз ғой? Еврей ұлты да түгел дерлік шеттен келіпті. Ең ал- дымен өз мемлекетін ғасырлар бойы аңсаған, патриот- тық рухтағы еврейлер келді, әрине. Олардың Палести- наға жиылуына өз елдеріндегі еврейлерден құтылғысы келген еуропа мемлекеттері де ат салысты. Одан қалға- нын жер шарын аралап жүріп, өздері іздеп тапты. Олар сондай бір қызық топты эфиопиядан тауыпты. Израил ғалымдары құлақтарына тиген әлдебір дерекпен іздеп барса, эфиопияның таулы аймағында «Палаша» деп аталатын жартылай жабайы бір тайпа көне еврей тілін- де сөйлеп жүр дейді. Аз емес, жиыны 120 мыңдай адам. Осыдан мың жыл бұрын еврейлер жан-жаққа бытыра- ғанда, бұлар Африкаға ауып барып, эфиопия жерінде тұрақтап тұрып қалған. Түрлері – қап-қара, кәдімгі Аф- рика негірлерінен аумайтын көрінеді.


Осыны білген соң Израил басшылары не істеді дейсіз ғой? Дереу эфиопия өкіметімен келісім-шартқа отыра- ды. Эфиопияның көршілес Сомали мемлекетімен со- ғысып жатқан кезі екен. Ақшаға да, қару-жараққа да зәру болса керек. Ақырында Израил өкіметі жүз мил- лион АҚШ долларына қоса, қару-жарағымен жүз танкі


 


беретін болып, 120 мың палаша-еврейді сатып алады. Және оларды кейінге қалдырмай, көпшілігін кеме- ге тиеп, қарттары мен бала-шағасын самолетпен, сол жылы бірнеше айдың ішінде тасып әкетеді. Көп ұзамай палашаларға арнап қала тұрғызады.


Көп қабатты үйлерді, электр жарығын өмірінде бірінші рет көрген сол палашалар – қазір Израил мем- лекетінің тең құқықты азаматтары. Өздері шетінен қа- рулы, жауынгер тайпа болса керек, әлгілер бірден Из- раил армиясының көркіне айналыпты.


Осыдан кейін өзімізді Израил мемлекетінің қатарына қойғанымыз қалай болар екен? Еврейлер тақыр жерге мемлекет құрып, жоқтан бар жасап отыр. Ал, біз бар- дың өзін ұқсата алмай, қайран қазақты өзінің бос жат- қан байтақ даласына әкеле алмай жүрміз.


Рақым Айыпұлының қолжазбасын оқып шыққанда маған келген ой: қазақ көшінің артын бұлайша сұйылт- пай, көші-қонды қайтадан жолға қоюымыз керек. Ше- телдегі қазақ диаспорасы – сенің банкіге қойған ақшаң емес, уақыт өткен сайын өсімі қосылып көбейе беретін. Қоймаға қойған зат та емес, кейін қажет кезінде алам дейтін. Халық – жанды организм. Күн сайын өзгеріс- ке, ай сайын ассимиляцияға ұшырайды. Мәселен, енді жиырма жылдан кейін Шыңжаңдағы бір жарым мил- лион қазақты екі миллиярд қытай мүлде жұтып қоюы мүмкін. Енді біраз жылдан кейін атажұртқа қайтам дейтін ағайынға зар болып жүрмесімізге кім кепіл?!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы