16.12.2021
  637


Автор: Қабдеш Жұмаділов

МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ БАСТЫҒЫМ

Естелік-эссе


 


Менің өмір жолым ешқашан жеп-жеңіл болған емес. Соның бір ғана мысалы, басқалар төрт- бес жылда тәмамдайтын университеттің


өзін екіге бөліп (екінші курстан сөң Қытайда төрт жыл қуғын-сүргінде болдым), тоғыз жыл дегенде зорға бітірдім-ау. Ал сондай соры қалың адамның универси- тетті бітірер-бітірместе бірден әдеби ортаның қайнаған қазаны – «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа тұруы – адам сенгісіз, таңғажайып нәрсе еді. Жаратушының жарылқауы, бақ жұлдыздарының жарқ етіп жануы. Университеттің соңғы курсында журналистер мен фи- лологтардың Алматыдағы газет-журналдардан қызмет қарастыра бастайтын әдеті ғой. Жағарғы жақта ағасы- жағасы барлар жұмысқа тым тез-ақ орналасып жатады. Ал, үш жылдың алдында ғана шет елден келген менде ондай сүйеніш атымен жоқ еді.


Әйткенмен, үмітсіздік – сайтан ісі. «Қазақ әдебиеті» газетінде бір бос орын бар дегенді естіп, наурыз айы- ның басында газеттің бас редакторы, ақын Қапан Са- тыбалдинге кіріп шыққанмын. Қапекең мені салқындау қабылдап:


–Иә, бізде сондай бір орынның бар екені рас. Ақын Сағи Жиенбаев баспаға ауысып кетіп еді, соның орны бос тұр. Алайда сол орынға қазірдің өзінде он екі адам тізімделіп қойды. Келіп қалған екенсің, сені де он үшінші етіп жазып қояйын, – деді әлдебір қағазға менің де аты-жөнімді тіркеп жатып. – Орыстарда «13»деген – оңған сан емес. Бірақ біз қазақпыз ғой, хабарласып тұр. Бірден ұнжырғам түсіп кетті. Баяғыда біреу той жа- сайтын ауылдың шетіне келіп тұрып, опыр-топыр көп кісіні көрген соң, «мына тойдан маған не тиеді» деп,


 


аттан түспей қайтып кетіпті ғой. Маған да соның кері келіп тұр. Сонша адамның арасынан бірдеңе бұйырады деп дәмету менің жағдайымда еш кисынға келмейтін-ді. Сол оймен, диплом қорғар алдындағы каникулді пай- даланып, ел жаққа кетп қалдым. Семей жақта он шақ- ты күн болып, асықпай Алматыға оралдым. Бәлендей үмітім болмаса да, баяғы қызмет орны не болды екен деген әуестікпен, бірер күннен соң «Қазақ әдебиетінің» редакциясына кірдім. Ең кереметі, мұнда мені не күтіп тұрды деп ойлайсыз? Сенесіз бе, бас редактор мені қыз- метке алмақ болып, іздеп отыр екен.



  • Әй, бала, сен қайда жоғалып кеттің? – деді Саты- балдин мен есіктен кірер-кірместен. – Сені жұмысқа алайын деп іздесем, жер-көкте жоқсың.

О, жаратқан, өз құлағыма сенейін бе, сенбейін бе?! Қуанғаным сонша, көзімнен жас ыршып кетті.Сонда, он үш адамның арасынан Қапанның мені таңдаған се- бебі не дейсіз ғой? Менің жетіскенім емес, жетімдігім ұнапты ол кісіге.



  • Ал саған қалай құтым түскенін айтайын ба? – деді Қапекең қарқылдай күліп. – Әнекүні он екі адамның әр- қайсысының соңында екі-үштен адам жүр. Кеңседе де, үйде де тыным жоқ, телефонның құлағын бұрайды да жатады. Былай барлап қарасам, сол адамдардың ішін- де іздеушісі, жанкүйері жоғы жалғыз сен ғана екенсің. Содан, ойлап-ойлап келдім де, саған тоқтадым! – деген бас редактор.

Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұру – әдебиеттің қайнаған ортасынан бір-ақ шығу деген сөз Соған менің қолым жетіп тұр ғой.Қазір айтсаң ертегі. Сол кездегі ағаларымыз қандай таза, қандай әулие бол- ған десейші! Қазір бақай есепке құрылған мына заман- да ондай адамдарды шам алып жүріп іздесең де таппай- сың.


Сол бір 1965-жылдың 15-наурызы ұмытылмастай есте қалды. Қапекең ауыз үйдегі хатшы әйелді шақы- рып алды да, мені жұмысқа алу жөніндегі бұйрық- қа қол қойды. Мен енді бүгіннен бастап, газеттің сын бөлімінің қызметкерімін.Ол кезде «Қазақ әдебиеті» редакциясы қазіргі орнында – Жазушылар одағының


 


үшінші қабатында болатын, сын бөлімі бергі – шеткі кабинетте екен. Мені бөлімге Қапекеңнің бастап әкелді. Бөлменің терезе жақ тқрінде қарама-қарсы екі үстел тұр. Біреуі бос, екіншісінде жасы елуге келіп қалған, орта бойлы, толық денелі, қызыл шырайлы кісі отыр. Өңі таныс, бұрын жиналыстарда сырттай көріп жүрген адамым.



  • Мына кісі – сын бөлімінің бастығы, белгілі жазушы Рахметолла Райымқұлов деген ағаң. Лайықты кәсіби сыншы табылмаған соң, осы кісіні уақытша сын бөлімі- не қойып отырмыз. Сен енді бүгінне бастап, осы Ра- қаңның әдеби қызметкерісің. Рақаң – тәжірибелі адам, саған бәрін үйретеді, – деді бас редактор мені бөлім бастығына табыстап.

Редактор кетіп, өзіміз оңаша қалған соң жөн сұрасу басталды. Мен өзімнің кім екенімді, арғыбеттен қа- лай келіп, университетті қалай бітіргенімді бастан-аяқ баяндап бердім.



  • «Қазақ әдебиеті» газеті – менің алғашқы жұмыс ор- ным. Сіз – менің алғашқы бастығымсыз! – дедім Рақа- ңа.

Алғашқы жүздесуім осы болғанымен, Рақаңды сырт- тай білетінмін. Ол кісінің «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам» деген кітаптарын қызыға оқы- ғаным бар. Өйткені, Рақаң өз шығармаларын шытырман оқиғаға, шиеленіскен сюжетке құрып жазады. «Енді не болар екен» деп ынтығып отырасың... Райымқұловтың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, майданнан қайтып келген соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі


«Егемен Қазақстан») газетінде, «Жұлдыз» журналын- да көп жыл жауапты хатшы болғаны өмірбаянынан белгілі. Баспасөз саласында одан басқа да жауапты қыз- меттер атқарған.


Кейін өзара әңгімелесе келе мәлім болды ғой, Рақаң ана жылы Өзбекстанға өтіп кеткен «Бостандық» ауда- нында туып-өсіпті. Ташкенттің Мәдениет техникумын- да оқыған, одан кейін Алматыдағы «Коммунистік жур- налистер» институтын тәмамдаған...


Рақаң сол жылдары туған өлкесін күрсіне еске алушы еді.


 



  • Сен Бостандық айданын көрген жоқсың ғой. Онда менің кіндік қаным тамған Шыршық деген ғажайып жер бар. Нағыз жер жәннаты еді-ау, шіркін! Амал не, біздің саңлаусыз шенеуніктер сондай өлкені атсыз-аяқ- сыз өзбектерге бере салды. Ата-бабамыздың қан төге жүріп қорғап қалған жерін әркімге тегін үлестіруге – кім құқық берді оларға?! – дегенде, ағамыздың қаны басына теуіп, қатты күйініп кететін.

Рақаңның руы – қаңлы еді. Бұл – «қазақ» аты шықпай тұрғанда, жаңаша жыл санаудан бұрын өз алдына хан- дық құрған тайпа ғой. Қазақтың үш жүзіне жатпайтын, иісі түрік жұртына ортақ ежелгі халық. Қаңлы – арбалы деген сөзден шыққан. Азияда арбаны ойлап тапқан – қаңлылар. Доңғалақты көлікті ойлап табу – ол заманда керемет жаңалық. Қазіргі самолетті, немесе ракетаны ойлап тапқанмен бірдей. Ал алғашқы арбаның – қаң- ғылы аталатын себебі, ағаш доңғалақты, ағаш білікті арба жүргенде қаңқылдаған дыбыс шығарады екен. Көз алдыңызға елестетіңізші: қырық-елу арбадан тұратын қаңлының көші келе жатыр. Көп арбаның дауысы бүкіл даланы жаңғыртпай ма... Содан, арбалылар – қаңғылы, одан қаңлы атанған. Сол тарихтан хабарым бар мен ар- балылардың екі мың жылдан кейінгі бүгінгі ұрпағы –Ра- қаңның кең маңдайлы, келіскен жүзіне, өзіне білдірмей, тамашалай қараушы едім Оның тұла бойынан, сөйлеген сөзінен әлдебір көнелікті сезінетінмін.


Әлденеше мекемеде басшылық қызметтер атқарған Рақаң кеңсе жұмысына барынша ұқыпты еді. Мені ре- дакция қызметіне баулып, жол көрсеткен – осы Рақаң. Ол кезде, Республикада «Жазушы» баспасынан өзге баспа жоқ. Соның өзі жылына төрт жүзге жуық кітап шығарады. Баспаның жылдық жоспары – қолымызда. Жарық көрген жаңа кітаптарды қадағалап отырамыз. Елеулі деген шығармаларға рецензия жаздырып, сарап- тан өткізу – сын бөлімінің міндеті. Ал, өз аяғымен келіп жататын материалдардың тәуірін іске жаратып, кәдеге аспайтындарына жауап жазамыз. Мұндай жұмысқа Рақаң өте мұқият. «Хат артында – адам бар. Оларды жауапсыз қалдыруға болмайды» деп үнемі қадағалап отырады.


 


Бір ғана мысал,. Сол жылы Нарынқол ауданындағы бір орта мектептен 10-сынып оқушысы маған үзбей хат жазып тұрды. Басында ол өзі оқыған бір кітапқа пікір жазған-ды. Мен оған жазған пікірінің балаңдығын, әлі де білімін толықтыру керектігін айтып жауап жазғам. Содан арамызда хат жазысу басталды. Ол білімді әде- биетші болу үшін қандай кітап оқу керек? Қандай оқу орнына түсу керектігін сұрайды. Мен оған кеңес бе- ремін. Арадағы пікір алмасу біраз уақытқа созылды... Сол бала кім дейсіз ғой? Болашақ үлкен сыншы әрі қо- ғам қайраткері Сағат Әшімбаев. Ол кейінАлматыға оқу- ға келгенде, жүгін бір жерге қоя салып, алдымен маған жүгіріп жеткені есімде. Сағат кейін теледидарға берген сұхбатында мені өзіне дұрыс бағыт сілтеуші ұстаздары- ның бірі ретінде атағаны бар.


Рахметолла ағамыз аса мйрімді, жүрегі жұмсақ, кіші- пейіл жан еді. Ал әдебиеттегі ұстанымдарға келгенде олай деп айта алмайсың, бұл жағына мейлінше қатал, өз пікірінен қайтпайтын-ды. Көп ұзамай екеуіміз аға- лы-інілі адамдардай жақын араласып кеттік. Қолымыз босағанда әңгімеміз таусылмайды. Ол қытайдағы қа- зақтар туралы сұрайды, өзі өзбектер жайында, майдан- дағы оқиғалар жөнінде сыр шертеді.


Бәрі кейін мәлім болды ғой – сол тұста Рақаңның ба- қытқа кенеліп, мерейі тасып, шалқып жүрген кезі екен. Олай болатыны, жиырма жылдай бірге тұрған бұрынғы әйелі бала көтермей, Рақаң бір «шыр еткенге» зар бола- ды. Ақыры жасы елуге тақағанда тәуекелге бел байлап, бұрыңғы зайыбынан ажырасады да, көңілі қалаған бас- қа әйелге қосылады. Содан, не керек, Рақаңның басы- на бақ болып қоныпты әлгі әйел. Алланың бергені ғой, жасы елуге келген жазушыға перзент сүйдіріп, әкесінің аузынан түсіп қалғандай бір сүкімді қыз тауып береді. Құшағы құтты ол кім дейсіз ғой? Жазушы Зейін Шаш- кинның қарындасы Мәкиза сұлу. Кейін ағамызды ба- қытқа бөлеген ол жеңгемізді талай рет көрдік. Мәкиза жеңгей айтса айтқандай жас кезінде өте көрікті бола- тын.


Мен көргенде, Рақаңның сол перзенті бір жасқа енді толып еді. Аты – Ақтоты. Қайран Рақаң тезірек үйге


 


қайтып, Ақтотыны көргенше асығып отыратын. Кейде жеңешеміздің кеңсеге телефон соғатыны бар. Ақтоты телефон құлағына жармасып тұрады. Әкесінің дауы- сын танып, «мені сонда апар» деп, шырылдап жылай- ды. Сол сәттегі телефон құлағын ұстаған Рақаңның бет- бейнесін көрсең ғой!



  • Әй, Тоты! Тотыжай, ей! Айналып кетейін сенен... Ой, тіліңнен айналдым сенің! Папаң ба? Папаң біраз- дан соң қайтады... Алла-ай, қайтсем екен сені? Әлде кенгіру құсап, қойныма салып жүрсем бе екен? Мама- сы, ей, жылатпашы Тотыны! – дегенде, Рақаң телефон- ның ішіне еніп кете жаздайды ғой.

Менің онда әлі бала сүймеген кезім. Әкенің өз ұр- пағына деген шексіз махаббатын бірінші рет сонда сезіндім. Осы көрініс есімнен шықпай, Рақаңның сон- дағы бейнесін бір шығармамда пайдаланғаным бар...


Біз, Рақаң екеуміз «Қазақ әдебиеті» газетінде бір жылға жуық бірге отырдық. Кейін сын бөліміне ғылым кандидаты, белгілі әдебиетші Мұхтар Мағауин бастық болып келді де, Рақаң басқа бөлімге ауысты. Зымырап бара жатқан заман, міне, содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті.


Бұл күнде әкесі телефонмен уататын сол кішкентай Ақтоты үлкен азамат: танымал композитор, музыка зерттеушісі, өнертану ғылымының докторы, Құрман- ғазы атындағы консерваторияның проректоры, Қазақс- танға еңбек сіңірген қайраткер. Осыдан он жыл бұрын, Рақаңның 90 жылдығына орай, әкесінің үлкен үш том- дығын жарыққа шығарды. Сөйтіп, Құдайдан қартай- ғанда тілеп алған Ақтоты әке қарызын толық өтеді.


Бұл күнде жасы тоқсанға таяған Мәкиза апай да аман- саулықта, бақуат жүріп жатыр. Әкесі көре алмай кеткен Ақтотының қызығын көруде. Ол кісіні көрген сайын менің есіме «ер-азаматты бақытты ететін – әйел» деген аталы сөз түседі.


 


2013– қыркүйек.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу