16.12.2021
  2332


Автор: Қабдеш Жұмаділов

ЖАҒЫМПАЗДЫҢ АЖАЛЫ

Ұлы Жаратушы жан-жануар атаулыны жарық дүние- ге әкелгенде, сол жан иесі өзін-өзі сақтап, тіршілік ету үшін әрқайсысына бір-бір қасиет сыйлаған ғой.


Мәселен, қоянға жауларынан қорғану үшін жүйрік аяқ берсе, кірпіге тікенді тон бергені, құстарға ұшатын қанат, жыртқыштарға қалың қайрат пен өткір азу бергені сияқ- ты... Дәл мұндай болмағанмен, адамдар да әртүрлі қабі- лет-қасиеттен құралақан емес. Біреу қайратымен, біреу талантымен, біреу ерекше өнерімен, тағы біреулер өзінің еңбекқорлығымен жан бағады.


Адамдар арасында айрықша қабілет-дарыны жоқ, ор- таша ғана білімі бар, бірақ өзінде жоқтың есесін мінез- бен, тілмен толтыратын, сөйтіп жүріп-ақ қатарынан қал- май, көрнекті жерден орын алатын біреулер болады. Олар ешкіммен де бәсекеге түспейді, ешкімнің бетіне жел боп тимейді. Біреуге қарсы келгенді қойып, соның көңілін та- буға, бейімделіп тұрады. Басқаларға ұнау, жақсы көріну



  • оның өмірлік ұстанымы. Былайғы жұрт оларды жағым- паз деп, жалпақ шешей деп жазғырып жатады. Бірақ, не істейсің, табиғат берген мінезі сол болса... Қай жағынан алғанда да, біз сөз еткелі отырған Әкімбай, сірә, осы топ- қа жататын шығар.


Әкімбайды «сен сондай бол, солай істе, сөйтсең ұпайың түгел, жолың жеңіл болады» деп тәрбиелеген ешкім жоқ. Өзінің жаратылысы солай. Біреуге иілмесе, жақсы көрін- бесе ішкен асы бойына тарамайды. Ол қаршадай кезін- де-ақ өте сүйкімді бала болды. Мінезі жұмсақ, жайдары, қашан көрсең езуі жайылып, күліп жүргені. Балалармен төбелеспейді, бәріне мақұл. Ферма бастық ақырса қорық- қанынан жерге кіріп кете жаздайтын құл мінезді қойшы- ның баласы ғой. Әкімбай әкесіне тартқан.


Мектепте оқып жүргенде де Әкімбай мұғалімдерге жағымды болды. Ұстаздар оның ерекше қабілетін емес,


 


айтқанды екі етпей орындайтын тәртібін, елгезектігін ұнатушы еді. Әкімбайдың «бестік» бағаға шарты толмай- ды, әрине. «Үш» қойсаң обал, сондықтан «төрттік» баға- ны одан аямайтын. Университетте оқып жүргенде де сол мінезден танған жоқ. Деканатпен тіл табысып, қашанда курстың старостасы болып жүреді. Одан қала берсе, ком- сомол комитетінің мүшесі, кәсіподақ белсендісі. Пән мұ- ғалімдеріне жағымды. Нағыз «барып кел, шауып келдің» адамы. Бұл кезде Әкімбай қоғамда өзіне үлес әперетін бірден-бір қасиет – жағыну екенін әбден біліп болған. Ол қазір не қабағы, не бұтағы жоқ, сүргіленген, ләктелген тақтай сияқты еді, теп-тегіс, жып-жылтыр.


Ал кейін қоғамдық қызметке шыққанда да осы мінезі өзіне майдай жақты. Несін айтасың, тіл табысу мен жа- ғынудың нағыз қажет болатын жері осында екен. Қоғамда не көп – бастық көп. Бөлім бастығы, оның үстінен қа- райтын бастықтар... Солардың бәріне ұнау керек. Ашы- ғын айтқанда, қызметте көп мәселеге Әкімбайдың өресі жете бермейді. Соның орнын ұнамды мінезбен, елгезек белсенділікпен толтырмасқа амалы жоқ. Бұл күнде бас- шының айтқаны қашанда дұрыс. Әлгі орыстар айта бе- ретін: «Я начальник – ты дурак, ты начальник – я дурак» дегеннің кері. Амал жоқ, алдымен сол басшының көңілін табу керек.


Былай барлап қараса, сол басшыларың да жылы сөзді, жұмсақ көпшікті жек көрмейтін секілді. Шүкір, бұл жағы- нан бұрыннан дайындығы бар Әкімбай қысылған жоқ. Ай- дынға қоя берген балықтай жүйткіді. Май сұрасаң – міне құйрық. Құдай берген қу сөзді аясын ба, жиналыстарда бұл ылғи да басшыны мақтап сөйлейтін болды. Сөзінің арасында қалайда «пәленшекеңнің дұрыс басшылығы- мен», «түгеншекеңнің ерен еңбегінің арқасында» дегенді қыстырып жібереді. Сөйтіп жүріп, Әкімбай көп ұзамай мадақ сөздердің майталманы боп алды. Ең бастысы, мұн- дайда басшыға керек сөзді, оның естиін деген сөзін дәп басып айта білуде ғой. Қышыған жерін дәл тап, бәлемнің. Бұлай ету екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл да – өз алдына жатқан бір өнер. Бара-бара біздің Әкімбай осы өнердің қас шеберіне айналып еді. Бір жолдасы қалжыңдап: «Әкімбай адамға сөзбен массаж жасайды» дейтін-ді. Әзіл де болса, соның сөзінде жан бар.


Осы қабілетінің арқасында Әкімбай қызметте тез өсті. Араға үш жыл, не бес жыл салып, сатылап секірді де отырды. Университетті бітірісімен құрылыста жәй инже- нер, одан бас инженер, одан аудан әкімінің орынбасары, одан аудан әкімі, одан облыс әкімінің орынбасары, одан әкімнің өзі... Осы соңғы орынтақта үш жылдай бөгелді де, парламент сенатының депутаты болып, бір-ақ секірді. Се- натор дегенің – аса үлкен лауазым ғой. Түсіңе кірмейтін, қиялыңа симайтын дәреже. Жұрт енді бұдан былай Әкім- бай туралы жазса, «мемлекет, әрі қоғам қайраткері» деп әспеттейтін болады.


Осының бәріне білімі, не өнері асқандықтан жеткен жоқ қой. Қайдағы. Әкімбайды он орайтын жігіттер жүр ғой – әлі сол алғашқы іс бастаған жерінен ұзай алмай. Ал Әкімбайдың бағы жанды. Қазақта «қолынан да, тілінен де келеді» деген сөз бар. Әкімбайдың қолынан көп ештеңе келмесе де, тілінен келеді. Кәдімгі қара сөзбен-ақ аспан- дағы бұлтты үйіріп, қарасуды теріс ағызуға болады. Ол үшін желдің қай жақтан соғатынын біліп, басшылардың қас-қабағын аңдып, соған лайық «жүріс» жасау керек. Қойшы, әйтеуір, бұл да – өз алдына жатқан бір академия. Әлгі жұрт айтып жүрген «талантыңыз» – осы шығар, сірә. Көре алмаған күншіл жұрт не демейді. Кейінгі кезде біреулер Әкімбайды «жантық», «жағымпаз», «қалтадағы депутат» деп, сырттай сылтың қылатын көрінеді. Мейлі, айта берсін. Бұл күнде кімнің аузына қақпақ боласың. Жа- ғыну – Әкімбайдың сүйегіне сіңген, өмірлік машығына айналған нәрсе. Онсыз өмір сүре алмайды. Өзгені қойып,


үйдегі өзінің әйеліне, баласына жағынады ғой.



  • Бәйбіше, сен өзің байқайсың ба, кейінгі кезде жасаң- ғырап, құлпырып барасың! – деген жақында әйелімен екеуі оңаша шай ішіп отырып. Ал шын көңілі басқаша еді. Тым толысып, сары қарын тартқан әйелін ұнатпай жүретін.

  • Қойшы, ей, рас айтып отырсың ба? – деп әлгі сөзге әйелі әлдеқандай боп, қылымсып қалды. Еңбегі зая кеткен жоқ, сол күні жұбайы көрпесін көпсітіп, төсегін қалыңы- рақ салғаны есінде.


 


Әкімбайдың сөз сиқырын меңгергені сонша, ол шын шабыты келгенде адамдарды жылатады ғой. Ана жылы бір аталас ағайыны алпысқа толып, дастарқан басында Әкімбай сөз сөйлеген. Әлгі кісінің көңілі бос па, әлде бұ- дан бұрын ондай жылы сөзді естімеген бе, Әкімбай сөзін аяқтағанда, әлгінің балаша еңкілдеп қоя бергені. Жинал- ғандар жабыла күліп, зорға уатқан.


Әкімбайға жерлес болып келетін тағы бір ақын ағасы болды. Марқұм аңқылдаған, ақ көңіл, жақсы адам еді. Бір ғана кемшілігі – мақтаншақтау кісі болатын. Бір өлең жаз- са, онысын телефонда көрінгенге оқып, апта бойы наси- хаттаушы еді. Сол ағасы араға екі-үш ай салып, үнемі үйі- не қонақ шақыратын-ды. Әкімбай ол отырысқа міндетті түрде қатысады. Қонақасының мақсаты – мақтау сөздер есту, сол арқылы шалқып бір рахаттану... Бәйбішесі де қонақ күтуге әбден машықтанып алған, обалы нешік, дастарқаны майысып тұрады. Ал ақынның өзі қонақтар жиналғанша, тосттар көтерілгенше тағат таппай, асығып жүреді. Жұрт жайғасып болды-ау деген кезде:



  • Ал, басташы, айналайын! – дейді ғой дастарқан тізгінін Әкімбайға ұстатып.


Әкімбай болса – төселген жорға, небір тәтті-дәмді сөз- дердің майын тамызып, ағызады-ау келіп. Ақын ағасын жеті қат көкке неше шығарып, неше түсіреді. Ақынға өз замандастарынан пар келетін ешкімді таппай, тұп-тура Абайдың қасынан бір-ақ шығарады ғой. Оның әр сөзін таза алтынға балап, мақтауға мас болып, үй иесі отырады балбырап.


Бір жолы көңіл күйі болмады ма, Әкімбай өз сөзін қыс- қалау қайырыпты. Мақтауға қанбай қалған ақын соған біртүрлі нәумез болып:



  • Апырай, Әкімбайжан-ай, бүгін жайың жараспай тұр- ау өзіңнің... Мына коньяктан алып жіберші, бабыңа келер ме екенсің! – десе керек. Сонда Әкімбай отырып:

  • Ағасы-ау, сіз – бір шөл, біз – бір Нілміз ғой. Оты- рыс сайын құйып жатамыз сізге. Бірақ қанша құйсақ та, шөліңіз бір қанбайды-ау! – деген екен...


Көріп отырсыз, Әкімбай осы қалпында аспаннан түс- кен жоқ. Оны мақтау-мадаққа, жағымпаздыққа жетелеген



  • осы елдің өзі. Демек, оның өнеріне сұраныс бар. Бұл айтып отырғанымыз – ағайын арасы ғой. Ал қоғамда мақ- тау-мадақ дегеніңіз, жағыну дегеніңіз тіпті бағалы екен. Өйткені біздің елде басшыға табыну белең алған ғой. Ал табыну бар жерде жағыну қоса жүретін әдеті. Ендеше, Әкімбай бір жақтан ауып келген жоқ, осы заманның өз перзенті, өз өнімі. Өзі де өнейін деп тұрған дән еді, құнар- лы топыраққа түсті де, бірден бойлап өсіп кетті.


«Биік мансап – биік жартас сияқты. Оған қалықтап ұшып қыран да шығады, өрмелеп жүріп жылан да шы- ғады» деген сөз бар. Әкімбай шың басына қыранша қа- лықтап жетті десек артық болар, өрмелеп жүріп, сатыдан сатыға көтеріліп жүріп, облыс басшысы деңгейіне дейін жеткені анық. Осылайша «ешкіні апа, текені жезде» деп жүргенде, бір күні елбасының да назарына ілікті-ау!


Онда Әкімбайдың облыс әкімінің орынбасары болып жүрген кезі. Бір жылы сол облысқа қызмет бабымен ел- басы келетін боп қалды. Ол кісінің жұмыс сапары күні бұрын жоспарланған. Баратын жерлері, көретін объекті- лері де тас-түйін әзірленген. Арнайы сценарий жасалып, орталық алаңда қарсы алатын халық, ұран салып, ду қол шапалақ ұратын жастар, ақ батасын беріп, алғыс айтатын кемпір-шал дейсіз бе бәрі күні бұрын белгіленген. Кешкі қонақасы, аттанарда берілетін сыйлық та қапысыз ойлас- тырылған.


Бәрі де сол алдын ала жасалған жоспар бойынша мүлтіксіз жүріп жатқан-ды. Тек, бір ғана өзгеріс: облыс әкімі қонақ келерден бір күн бұрын қарбалас дайындыққа төтеп бере алмай, жүрек талмасына ұшырап, ауруханаға түсіп қалды да, бар шаруаны орынбасар Әкімбай атқаруға тура келді. Шынын айтқанда, бұл да бір тағдырдың оған күле қараған сәті еді. Қолға билік тиген соң аянсын ба, Әкімбай гүл-гүл жайнап, қонақтың алдынан шықты. Өзі де сымбатты жігіт қой, су жаңа киініп, қылаң ұрып шыға келгенде, күнде көріп жүрген әріптестерінің өзі таң қалып еді.


Қонақасыларда, тағы басқа кездесулерде үй иесі ретін- де отырысты басқарған Әкімбай қызыл тілді безеп, сай- рап бір берді дейсің, оның тауып айтқан сөздеріне елба- сының өзі таңырқап қалып еді. Не керек, жер бетіндегі бүкіл жақсылықты басшының басына үйіп-төкті ғой. Қонақ келердің алдында облыс орталығына өткінші жаңбыр жауып өтіп еді. Соның өзін қаншама сөз қылды.



  • Сол жаңбырдың бұлты елбасының ұшағымен ілесе келді бізге. Мұндай қасиет ерекше жаралған әулие сынды адамдарда ғана болады. Құтты қонақ деген осы. Қазақтың бағына туған елбасы бүгін облысымызды шарапатына бө- леп отыр! – деді-ау!


Дәл аттанатын күні елбасының алдына алтын ер-тұр- манды, сүттей аппақ ақбоз атты көлденең тартып тұрып:



  • Аса құрметті Нұреке! Мына ақбоз ат – облыс халқы- ның сізге деген ақ пейілі. Осынау тал бойында бір міні жоқ ақбоздай алдыңыздан әрдәйім ақ күн туып, көңіліңіз ағара берсін! – дегені тағы бар.


Тумысынан атқұмар елбасы сүліктей жараған, сүттей ақбозды көргенде қатты разы болды. Сол көңіл күйімен дереу үзеңгіге аяқ салып, лып етіп ерге қонған. Ақбоз үстінен су төгілмес, ақпа жорға екен. Біраз жерге салдыр- тып барып келді. Ақбоздың ұнағаны сонша, оны облыста қалдырмай, Алматы маңындағы өзінің жылқы фермасына жөнелтуді бұйырды.


Ақбоз атпен бірге Әкімбай да елбасының көңілінде қа- лып еді. Кеше бір әредікте жөн сұрасқанда, мұның туған елі мен жері де бөтен болмай шыққан. Ертеңінде әуежайға шығарып саларда, елбасы соны тағы да еске алып:



  • Сен сияқты жөн білетін жігіттер біздің Астанаға да ауадай қажет. Шалғайда жүре бермей, орталыққа кел- мейсің бе? – деген, бар билік мұның өз қолында тұрған- дай.

  • Соған қол жетпей жүр-ау, Нұреке! – деп Әкімбай да шын ойын айтып қалған.

  • Қолың жетеді! – деді елбасы. – Оған әлі де біраз уақыт керек. Күте тұр.


Көп күттірген жоқ, жоғарыға апаратын басқыштар бас- талып кеткен. Сол жылы күзде көптен дімкастанып ауы- рып жүретін, әрі жасы да келіп қалған облыс әкімі зей- нетке шықты да, Әкімбай соның орнына қонжия кетті. Ол осы қызметте үш жылдай отырды. Қас қылғандай, дәл осы жылдарда облыста егін шықпай, қатал қыста қыруар мал қырылып, құрылыс жұмысы да мандымай, Әкімбай пәле іздеген журналистерге жем бола бастаған. Астанаға


 


қашан жол түсер екен деп, күн сайын жоғарыға жалтақтау- лы еді. Сөйтсе, елбасы кезекті парламент сайлауын күтіп жүр екен ғой. Сайлаудың соңын ала өзі тағайындайтын он шақты сенатордың бірі ретінде, Әкімбайды да тізімге қо- сып жіберді.


Бұрын кім білген, дүниедегі ең жайлы орын, рахат қыз- мет – сенатор болу екен ғой. Сенатта нақты жоспар, ауыр міндет деген жоқ екен. Мәжілісте пысықталып, дайындап әкелген заң жобаларымен танысқан боласың, талқылау кезінде кейбір баптарына пікір айтқан боласың. Бірақ көп өзгеріске ұшырамай, түгелге жуық қабылданып кетіп жа- тады. Нені қолдау, нені кейінге қалдыру керектігін жоға- рының қас-қабағына қарап, біліп отырасың. Дау-дамай, талас-тартыс деген болмайды. Рахат! Бүкіл парламент – бір ғана партияның мүшелері. Үкімет ұсынған заңдарға бір ауыздан, бір кісідей дауыс береді. Дүние жүзінде дәл Қазақстан парламентіндей тату-тәтті, жоғарының айтқа- нына так тұратын тәртіпті парламент жоқ шығар-ау!


Мұнда сөз сөйлеп, пікір айтудың да өз өлшемі бар. Желпілдеп, жиі сөйлейтіндерді жоғарғы жақ ұнатпайды. Ондай пікір айтқыш жеңіл ауыздар келесі сайлауда ешқа- шан өтпейді. Ел аузында: «ең жақсы, ғұмыры ұзақ депу- тат – үндемейтін депутат» деген сөз жайдан-жай таралып жүрген жоқ. Осының бәрі алғашқы екі-үш айда-ақ Әкім- байға белгілі болған-ды. Парламентте қажет деген сөз- дерді айтып, уақ-уақ ұсыныс енгізіп отыратын өздерінің меншікті «бұлбұлдары» бар екен. Әкімбай алғашқы жа- рым жылда-ақ олардың қатарына қосылды да, көп ұзамай


«дежурный» шешендерді басып озды.


Әкімбайдың бірден көзге түсіп, шоқтығы биіктеп шыға келгені – ол араға біраз уақыт салып, елбасы туралы бір- неше ұсыныс енгізген. Алғашқысы – «елбасы сайлауға түсіп әуіре болмай-ақ, президент тағында мәңгібақи оты- ра берсін» деген ұсыныс еді. Басқалардың да қолдауы- на ие болған ұсыныс. Сәл-пәл өзгеріске ұшырап, «елба- сы өмірінің ақырына дейін, қалағанынша сайлауға түсе берсін» деген мазмұнда қабылданып кетті. Одан кейінгі- лері – «Астана қаласына елбасының есімі берілсін» деген, және «президентке «Халық қаһарманы» немесе «Еңбек ері» атағы берілсін» деген ұсыныстар болатын. Бұл екеуін де парламент аса көтеріңкі рухта, қос қолдарымен қолда- ған-ды. Қарсы дауыс бергенді қойып, қалыс қалған да еш болмап еді. Бірақ, амал қанша, елбасы бұл екі ұсынысқа да «вето» қойып, қабылдамай тастады. Сол арқылы алды- артын ойлайтын көреген елбасы мол ұпай жинап, тағы бір рет ұтысқа шықты. Өйткені, өзіне берілейін деп тұрған дайын атақтан бас тартып, өзінің асқан кішіпейіл, әрі де- мократ екенін әлемге әйгілеген.


Бұл мәселеде Әкімбайдың да есесі кеткен жоқ. Мұның ұсыныстарына елбасы «вето» қойғанымен, аржағы теріс көрмегені де белгілі еді. Себебі, елбасы қақпаға «гол» соғатын кезде, бұл оған тамаша «пас» берді ғой. Демек, соғылған «гол» екеуіне ортақ. Осы оқиғадан кейін, ара- да көп өтпей елбасы парламент жиналысына келгенде, Әкімбаймен жылы амандасып, қолын қаттырақ қысқаны есінде... Осыдан кейін бұл пақырың арқасын кеңге са- лып, емін-еркін жүріп жатқан-ды. Жағасы – жайлау, етегі қыстау. Алдағы парламент сайлауынан шауып өтетініне сенімі кәміл еді.


Бұл аралықта оппозицияға бейім тәуелсіз басылымдар Әкімбайды «жағымпаз» деп, «жантық» деп, «туфли жа- лаушы» деп, жерден алып, жерге салып жатты. Бірақ бұл оған «мәу» деп айылын да жиған жоқ. Қайта, солардың жамандағаны жақсы. Оппозиция айыптаған сайын, бұл билікке жақындай түседі. Өйткені, «жағымпаз», «жан- тық», «жарамсақ» деген сөздер кейінгі кезде биліктің өз адамы дегенді білдіруші еді.


Осылайша бәрі ойдағыдай жүріп жатқан-ды. Алда пар- ламент сайлауы. Әкімбай ол туралы ойлап та жүрген жоқ. Сайлаудан шауып өтетініне сенімі кәміл. Айтпақшы, бұл сайланбайды, тағайындалады ғой. Әкімбайдың өз ор- нында қалатынына әріптестері де күмән келтірген емес... Сөйтсе, алдын ала өйтіп күпірлік етуге болмайды екен ғой. Бәрі құдайдың қолында екен. Бір күні ойламаған жер- ден, ашық күнде төбесінен жәй түскендей болды.


Әрине, бұл жерде Әкімбайдың ешқандай кінәсы жоқ. Өз қызметін ел қатарлы мінсіз атқарып жүрген-ді. Жо- ғарының сызып берген жолынан ешқашан ауа жаңылған емес. Кейінгі кезде кеңсе қызметшілері елбасының есімін атамай, сұқ саусақтарымен Аспанды көрсететін болған.


 


Әкімбайға деген зауал басқа еш жерден емес, сол Аспан- ның өзінен келді.


Анығында іс мәнісі былай болып еді. Біз әншейінде билік басында отырған адамның жұмысы жеңіл, олар қа- жымайды, талмайды, шаршамайды деп ойлаймыз ғой. Ал іс жүзінде олай емес. Дүниеде президенттің жұмысынан ауыр жұмыс жоқ шығар. Әсіресе, министрлерің дарын- сыз, әкімдерің қарымсыз болса... Өздіктерінен ештеңе істемей, қашан президент тапсырма береді деп, ұядағы балапандай аузыңа қарап отырса. Және сол берілген тап- сырманың өзін ойдағыдай орындамаса. Жолдаған мәлі- меттері жалған, ылғи көзбояу болса, осыдан кейін елба- сы қалай шаршамасын, қалай қажымасын-ау! Өте-мөте жасың ұлғайып, жүйкең жұқарған кезде. Кейде сіркесі су көтермейтін кез болады.


Оның үстіне, әр қадамыңды аңдып, тырнақ астынан кір іздеп жүретін оппозиция анау! Міне, солардың қырсы- ғынан бүгін де қан қысымы күрт көтеріліп кетті. Бұрын ол кісі тәуелсіз газеттерді көп оқымайтын. Өте қажетті, айтпаса болмайды деген материалдарды ғана көмекші- лері қысқаша баяндап беретін. Бүгін ойламаған жерден қолына «Дат» деген газеттің түсе қалмасы бар ма. Кенет


«Жағымпаздар жарға жығады» деп, айғайлап тұрған та- қырыпқа көзі түсті де, амалсыз оқи бастады. Не жазған дейсіз ғой? «Бұл күнде біздің елбасы жағымпаздардың қоршауында қалып, тұтқынына айналды» депті бірден мә- селені қабырғасынан қойып. Соны айта келіп, ең алдымен парламенттегі жағымпаздарды тізіп шығыпты. Екі акаде- мик, бір философия докторы бастатқан оншақты адамның ішінде Әкімбай да жүр. Жәй аты-жөндерін тізіп қана қой- май, әлгілердің қай жиналыста не айтқанын айы-күнімен, дәлел-пәктісімен көрсетіпті.


Сонан кейінгі біраз сөз жағымпаз ақын-жазушылардың үлесіне тиіпті. Біраз сөз емес, қомақты сыбаға. Алды ел- басы жайында роман жазса, енді біразы мақтаған мақа- ла, одалы өлең арнаған. Әрине, жазушылар – сөз дарыған жұрт қой – аянып қалмапты. Біреуі мұны Жорж Вашинг- тонға теңесе, тағы біреуі Ататүріктен аумай қалған депті. Бұл да ештеңе емес, бәлкім жаңа мемлекет құру жағынан соларға ұқсаса ұқсайтын шығар. Сорақысы – әлі алда. Бір ақын мұны еврей әулетін Сахара шөлінен Қызыл теңіз ар- қылы Палестина жеріне бастап келген Мұса пайғамбарға теңесе, екінші біреуі жер жүзін топан су қаптағанда, кеме жасап, адамзат тұқымын аман сақтап қалған Нұх пай- ғамбармен салыстырыпты... Бұл да ештеңе емес, тағы бір көрнекті деген жазушы елбасын «Алла-тағаланың жер- дегі бейнесі» депті.


Манадан бері әрең шыдап отырған президент осы- ған келгенде ары қарай оқуға төзімі жетпей, қолындағы газетті лақтырып жіберді... Ту-у, мұндай да масқара бо- лады екен! Бұрын ел аузынан артық-ауыс сөз айтылса, халықтың ықласы шығар деп, бәлендей мән бермеуші еді. Сөйтсе, мына «Дат» газеті айтқандай, жағымпаздар мұның төңірегін мүлде торлап алған екен ғой... Жаңағы жазушыларды түгел дерлік таниды. Біразы өз қолынан атақ-дәреже алған, жыл сайын өкіметтен стипендия алып жүрген адамдар. Өздерінше, сол алған сый-сияпаттарын өтеген түрлері ме бұл? Ой, бүйтіп мадақтағаны бар бол- сын. Бұл – қолдап, көтермелеу емес. Орыстар мұндайды


«медвежья услуга» деп атайды. Достық емес, қастық. Ал жаңағы өлеңдер шетел журналистерінің қолына тисе не болады? Қасықтап жинаған абыройы бір-ақ күнде төгіл- мей ме?!


Елбасы да пенде ғой, сол жарамсақтардың бетінен қақпай, еркіне қоя берген кездері де болып еді. Нелерді ойлап таппады олар. Өзара жарысқа түскендей: «ұлт ли- дері» деді, «ел серкесі» деді, «мәңгілік президент» деді,


«ғасыр ғұламасы» деді... Енді ойлап отырса, түкке керегі жоқ сөздер екен ғой. Соның бәрін жинаса, «қазақтың тұң- ғыш президенті» деген бір ғана атаққа тати ма? Түбінде алтын әріппен тарихқа жазылатын сөз – осы. Қалғанының бәрі еш мағына бермейтін бос сөздер. Қолдау, қолпаш де- гендер алғашқы жылдары керек болса болған шығар. Ал қазір асарын асап, жасарын жасап, тамам елдің сүйіктісі- не айналған кезде, жылмаңдаған көп жағымпаздың керегі не?


Елбасы осының алдында ғана парламент сенатының жаңа құрамына кіретін депутаттардың тізімін қарап отыр- ған-ды. Жаңағы шамырқанған ашу үстінде өзі тағайын- дайтын он сенатордың тізімінен философия докторы бас татқан, біздің кейіпкеріміз Әкімбай қостатқан бес адамды сызды да тастады. Жеке бұлар ғана емес, қу бастан қуыр- дақтық ет алатын осындағы «шешендердің» көбін қыс- қартуға бел байлаған. «Бұдан кейін ақын-жазушыларды да тәртіпке шақыру керек! – деді ызаға булығып. – Жалған мадақтан, көпірген көбік сөзден ешқандай пайда жоқ. Жалпы, осы ақын-жазушылар басшыларға жарамсақтанудан ұялмай ма?».


Ойында ешқандай күдік жоқ, сенаторлық лауазымын сақтап қаларына сенімі кәміл Әкімбай өзіне төнген зауал- ды сайлау қорытындысы шыққанда бір-ақ білді. Мұның көп жаңалықтан хабарсыз қалғаны – дәл сол қарсаңда үш ұлдан кейінгі жалғыз қызын ұзатып, той тойлап жүрген- ді. Газеттер жаңа құрамға кірген сенаторларды да, өтпей қалғандарын да бадырайтып жазып қойыпты. Қанша үңіліп қараса да, Әкімбайдың аты-жөні өтпей қалғандар- дың тізімінде жүр... Жаңсақтық болуы мүмкін емес. Қата- рынан бірнеше газет солай басқан.


Жалғанда ойламаған жерден, тұтқиыл тиген соққы қиын болады екен. Әнекүннен бері көңіл дегенің ақ бұлт- тардың ар жағында қалықтап жүрді ғой. Құдалар ауылын- да сенатордың денсаулығы үшін қаншама тост көтерілді. Құдалардың кеу-кеуімен қуаныш үстінде біраз ішіңкіреп те алған-ды. Бір жағы, сол себеп болды ма, қайғылы ха- барды естіген сәтте қаны бірден басына шауып, ұзынынан құлап түсті.


Дереу «жедел жәрдем» машинасымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер тексеріп көріп, миына қан құйы- лып кеткен деп тапты. «Үміт аз, жағдай ауыр» екенін де жасырған жоқ. Шынында да, солай болды. Әкімбай алты күн бойы ес-түссіз жатты да, жетінші күні жарық дүние- мен қош айтысты. Баяны жоқ, жалған дүние деген – осы, әрине. Тіршілікте әркімге бір ұнаймын деп тыным таппай, жанын жалдаған бір мазасыз өмір осылай аяқталды.


2013 – қараша




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу