16.12.2021
  333


Автор: Қабдеш Жұмаділов

ТИРАНДАР ТЫРАПАЙ АСҚАН ЖЫЛ

Алматыда Қабанбай батыр көшесі мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысқан жерінде бір шағын гүлзар бар. Бір кезде соның дәл іргесінде «Пионерлер сарайы» орналасқан. Мына гүлзар балалардың демалыс орны болып та саналатын. Соның шарапаты ма, әлде өзге бір себебі болды ма, Алматының бау-бақша, тал-терегін түгел отап, үй салып жатқан за- манда, осы гүлзар ғайыптың ісімен аман қалыпты. Қазір шағын да болса сол саялы бақ қарттардың аяқ суытатын жеріне айналған. Әр жерде тізе бүгетін орындықтары бар. Ұзақ жыл мектептерде тарих пәнінен сабақ беріп, бұл күнде зейнетке шыққан Әубәкір соңғы жылдары күн са- йын болмағанымен, апта сайын осы гүлзарға келіп тұра- ды. Бос уақытында бой жазам десе, Алматыда бұдан бас- қа да саялы бақтар көп қой. Алайда Әубәкір тек осында келіп, тыныс алғанды ұнатады. Әйтеуір оны осылай қарай тартып тұратын бірдеңе бар. Міне, ол бүгін де ернеуі ма- йысқан ескі шляпасын баса киіп, көнетоз, ақ плащын сүй- рете, гүлзардың түстік жағындағы шеткі орындықтардың біріне келіп жайғасты. Күз ызғары білінген қазан айының басы. Айнала күзем жүніндей күпсіген сары жапырақтар. Ой-хой, дүние! Бір орында тұрмай зулап бара жат- қан заман... Мәңгі естен кетпейтін сол оқиғадан бері де жиырма жыл өте шығыпты-ау! Ол кезде мына көшелер басқаша аталатын. Шығыстан батысқа қарай созыл- ған мына Қабанбай батыр көшесін – «Калинин көшесі» дейтін-ді. Ал, сол көшені қиып өтетін Наурызбай батыр көшесін – «Дзержинский көшесі» деп атайтын. Аруағың- нан айналайын, батыр бабаларға рахмет! Бір кезде қазақ жерін жоңғардан қалай азат етсе, қала көшелерін ием- деніп алған қызыл комиссарларды да тәуелсіздік жылдарында солай ығыстырып шығарды-ау! Комиссарлар жәй көше аттарын иемденіп алса бір сәрі ғой, мына төрт кө- шесінің түйілісінде Дзержинскийдің түйе бойламайтын ескерткіші тұратын-ды. Үстінде тобығына түскен шинелі бар, қаһарлы да сұсты комиссар. Көшенің шығыс жақ бетінде Дзержинскийдің өзі іргесін қалаған қауіпсіздік комитеті – КГБ-ның кеңсесі бар. Бір кезде талайдың қа- нын төккен сол ғимарат та ескерткіштің айбынын асырып тұратын.


Әубәкірдің мына гүлзарға келе беретіні тегін емес. Егер кез-келген адам өз өмірінде қалайда бір ерлік жасауға тиіс десек, Әубәкір орайы келген бір ерлігін осыдан жиырма жыл бұрын дәл осы төрт көшенің түйілісінде жасап еді. Әубәкірдің бойына ондай батылдық бірден біте қалған жоқ, мұны ондай тәуекелге барғызған – сол жылдардағы бостандықтың буы, төңкерістің желігі болатын. Алайда, сол күні көрсеткен өлермен жанкештілігі өзіне бүгін- ге дейін дәтке қуат, өмірінде бір рет шырқап көтерілген биігі боп қалды. Жасы жетпіске келіп, бойынан күш-қуат қайтқан кезінде де көптің көңілінен шыққан сол бір ерлігі бүгінге дейін дімкас жүрегіне жылу беріп тұрады.


Ой-хой, шіркін, бұл өмірде дүниенің жаңғырғанына, ескілік атаулы келмеске кетіп, жаңаның жарып шыққа- нына не жетсін?! Біреулер төңкеріс дегенді – қан төгіс деп ойлайды. Төңкерістен, өзгеріс атаулыдан зәресі ұшып қорқады. Осындайда Максим Горькийдің «Дауылпаз ту- ралы жыры» еске түседі-ау. Дауылдан, төңкерістен қорқа- тындар – май басқан гагар үйректер ғой өңшең. Ал, шын дауылпаздар, шынайы қырандар дауыл тұрғанда бұлттар- ды қанатымен қақ тіліп, жасынмен бірге жарқылдайды.


Ал, шынтуайттап келгенде, адамзат тарихы – төңкеріс- тер тарихы. Төңкеріссіз дүние жаңармайды, қоғам алға баспайды. Алла-Тағала пайғамбарларды уақ-уақ жер бетіне жібергенде – төңкеріс жасау үшін жіберген. Және кез-келген жерге емес, бүлінген, адамдары азғындаған өлкеге. Сенбесеңіз, сонау Мұса пайғамбардан – Мұ- хаммет пайғамбарға дейін өмірбаяндарын оқып көріңіз. Солардың бәрі де қоғамдағы ірік-шірікпен, ескі тәртіп- пен күрескен. Тіпті, Мұхаммет (с.ғ.) пайғамбарымыз ислам дінін орнықтыру үшін бұтқа табынған мүшіріктер- мен қан төгіп соғысуға дейін барған жоқ па?!


Тегінде, төңкеріс дегеніміз – өзгеру, жаңару деген сөз ғой. Өйткені мына дүниеде ескірмейтін, көнермейтін нәрсе жоқ. Бәрі ескіреді, шаң басып, кір тұтып, тот ба- сып, тозады. Көне қағидалар жарамсыз болып қалады. Міне, осындайда өзгеріс жасап, қоғамды қағып-сілкіп алу қажеттілігі туады. Мұндайда кір-қоқысты күресінге жіберіп, азаттықтың «алтын күрек» самалымен қоғамның ауасын тазартып, желдетіп алған да теріс емес. Шіркін, азаттық жолындағы күрестің адамға сыйлайтын өршіл рухын немен теңгеруге болады?! Өз-өзіңнен қанаттанып, қолтығыңнан әлдене жебей көтеріп, Сырдың суы сира- ғыңнан келмей, асқақтап бір шалқитының бар-ау! Жал- ғыз сен емес, бүкіл ұлтың, ел-жұртың еңсе көтеріп, ер- жеңдеп шыға келетінін қайтерсің!


Басқаларды кім білсін, әйтеуір тарихшы Әубәкір қо- ғамдағы ұлы өзгерісті осылай қабылдайды. Өз басы төң- керіс тұтқасын ұстап, империяны өз қолымен ыдыратпа- са да, соған тілектес көңілмен қатынасып, өктем биліктің бір өкілін орнынан қопарып тастағанына бүгінге дейін дән риза. Сол күнді құдай жолымды оңғарған ең бақытты сәтім деп біледі. Сол тәуекелге Әубәкірді қайрап салған да, «сөйтейік» деп үгіттеген де ешкім жоқ. Өзінің қанын- да отаршылдық жүйеге қарсы тастай түйіліп қалған бір- деңе бар. Сол «бірдеңе» ғой Әубәкірге тыным таптырма- ған. Оны не деп атауға болады? Бәлкім, «кек» деп атаған дұрыс шығар. Кәдімгі ескіден келе жатқан қанды кек! Әубәкірдің атасын Империя өкіметі 1937-жылы еш жа- зықсыз атып тастаған. Бар кінәсы – өз ұлтын жан-тәнімен сүйгені, «Алаш» партиясына мүше болғаны, «қазақ ұлты көзін ашсын, қатардан қалмай, басқалармен тең бол- сын» дегені... Неткен зорлық? Сол да қылмыс болып па? Шүкір, атасы кейін ақталды. Қазір «Алаш қайраткерлері» деген тізімнің жуан ортасында аталып жүр. Бірақ, солай екен деп, ата кегін ұмытуға бола ма?!


Әубәкірдің атасы атылып кеткен соң, арада аттай елу бес жыл өткенде, сол қайраткерлер аңсаған азаттық таңы да атты-ау! Басқа ұлттар әлдеқашан азаттық алып, Импе- риядан бөлініп кеткенде, қазақ балшабектері бостандық алуға асықпай, Әубәкірдің төзімін әбден тауысқан-ды. Өзгесін қойшы, өзімізбен туыс қырғыз бен өзбектен кейін тағы үш жарым ай отырдық-ау! Содан империяның құла- зыған жұртында Қазақстан жалғыз қалып, енді тәуелсіздік алмауға болмайтын болған соң, амалсыз азаттыққа қол созған-ды... Алла-ай, соның өзіне бұл жұрт қандай қуан- ды десейші! Сол бір кешігіп келген 1991-жылдың 16-жел- тоқсаны мәңгі естен кетпес-ау!


Бірақ осыдан кейін де Әубәкірдің көңілі орнына түсе қойған жоқ. Жарайды, елдің соңынан болса да тәуелсіздік жариялап, азаттыққа қол жеткіздік. Енді соның ел еңсесін көтеретін өзгерісі, жұртқа жегізетін жемісі қайда? Пре- зидент тағында компартияның бұрынғы бас секретары отыр. Тек, кабинеттердің маңдайшасындағы жазуы ғана өзгерген. Орталық алаңда жержүзі пролетариатының көсемі – Ленин тұр көкке бой созып. Одан басқа Кали- нин, Киров, Дзержинский сияқты қызыл комиссарлар да орнынан қозғалған жоқ. Әсіресе, Әубәкірдің жынына тиетіні – Феликс Дзержинский. Лениннің сенімді серігі, кейін ГПУ, НКВД, КГБ болып өзгерген «ЧК»-ның негізін салған қанды қол комиссар. Өмірі табаны тимеген Алма- тыда соның көшесі бар. Сол көшенің Калинин көшесімен қиылысқан жерінде зәулім ескерткіші тұр. Міне, осы ес- керткішті көрген сайын Әубәкірдің жыны ұстап, жүйкесі құрысып, бейне безгегі ұстаған адамдай қалтырап кетуші еді.


Апырай, осы ескерткіштерден қалай құтылуға бола- ды? Азаттық алуға асықпаған шенеуніктердің бұл жолы да қозғалатын түрі жоқ. Өстіп жүргенде құлағына бір жағымды хабар тиді. Семей облысының сол кездегі жас әкімі Жақиянов қаладағы Ленин бастатқан комиссарлар- дың ескерткішін жинап-теріп, Ертіс бойындағы арал- дардың біріне апарып тастапты. Көшіргенде ештеңесін бүлдірмеген, бәрін бір алаңқайға апарып, қаз-қатар тізіп қойған.



  • Кімде-кім бұрнғы көсемдерді көргісі келсе, аралға барып сейілдеп қайтуына болады, – депті «бұл қалай» деп күңкілдеген балшабектерге.


Ал, Алматыда ондай әрекет байқалмайды. Тым-тырыс. Ол кезде қазіргі қаптаған партиялардың бірі жоқ. Оппо-


 


зиция да атқа қона қоймаған кез. «Азат» деп аталатын бір ғана қозғалыс бар. Олардың өзі де үйсіздерге қала маңы- нан жер телімін алып беру секілді өнімсіз шаруалардан артылмай жүр.


Әубәкір бір күні сәті түсіп, сол «Азат» қозғалысының жиналысын әдейілеп барды. Олар қала сыртындағы «Ка- менка» маңынан жер алатын болдық деп желпініп отыр екен. Сол кездегі қала бастығы Нұрқаділовтан рұқсат алыпты. Әубәкір олардың кеу-кеулеген сөздерін аз-кем тыңдап отырды да, бір мезгілде орнынан тұрып, сөз сұ- рады.



  • Жігіттер, беталыстарың жаман емес, табысқа жетіпсіңдер. Құттықтаймын! – деді жұрт назарын өзіне аударып. – Әрине, жер алып, үй салған да жақсы. Бірақ менің айтайын дегенім басқа нәрсе. Мына қаламызда қаптап тұрған империя көсемдерінің ескерткіштерін не істейміз? Солар қашанғы көкке қол созып, төбемізден қа- рап тұрады? Соларды бір шетінен құлатпаймыз ба?


«Азаттықтар» бұл туралы әлі бас ауыртып көрмеген тәрізді. Бір-біріне қарап, ойланып қалды.



  • Ескерткіштерді алып тастау үшін қалалық үкіметтің қаулысы керек қой, – деді қозғалыс басшыларының бірі.


Сол-ақ мұң екен, жиналғандар дуылдасып кетті.



  • Қалалық үкімет ескерткішке тисе алмайды, – деді бі- реуі.

  • Неге?

  • Қалалық үкімет жоғарыға жалтақтайды. Ал жоғарғы жақ Мәскеуден қорқады...

  • Әлгі, алдық деп малданып жүрген тәуелсіздігіміз қайда? – деді бір жас жігіт.


Осылайша, әркім әр жаққа тартып, сөз созылып бара жатты.



  • Жігіттер, біз бар міндетті үкіметке артып қоймай, қы- зыл комиссарларды көпшілік болып, өзіміз құлатуымыз керек! – деді Әубәкір тізгінді енді өз қолына алып. – Есті- ген шығарсыңдар, Семейліктер қаладағы ескерткіш атау- лыны жинап-теріп, Ертіс бойындағы бір аралға апарып тастапты. Сондағы бір алаңқайға апарып тізіп қойған. Көсемдерін сағынған балшабектер сонда барып, көріп тұратын көрінеді... Біз неге солай етпейміз? Семейліктер- ден кембіз бе?


Бұл да көптің көңілінде жүрген нәрсе болар, Әубәкірдің сөзін жиналған жұрт даурыға қостады:



  • Әукең дұрыс айтады...

  • Егер көпшілік қолға алса, үкімет қарсы болар дейсің бе?

  • Бәлкім, олар осындай бастаманы халықтан күтіп отырған шығар! – деген ойлар айтылды.

  • Алғашқы шабуылды кімнен бастаймыз, сонда?

  • Міндетті түрде «ЧК-ның» төрағасы Дзержинский- ден! – деді Әубәкір...


Не керек, «Азат» қозғалысы сол күні Дзержинский ес- керткішін құлатуға қаулы алды. Оны және кейінге қал- дырмай, ертең-ақ орындауға уәде байласты. Ертең сағат онда барлығы ескерткіш маңына жиналмақ болды.


Сол күнгі Әубәкірдің қуанғанын айтпа! Ертеңінде тау құлатардай болып, ескерткіш маңына сағат он болмай жеткен. Бірақ алғашқы екпіні лезде басылып қалды. Ес- керткіш түбінде тірі жан жоқ. Сағат оннан асып барады. Әлден уақытта дабырласып төрт-бес адам келді. Біреуінің қолында – қыл арқан, екіншісінің қолында – лом темір. Мынадай жабайы құралмен зәулім ескерткішті қалай құ- латпақ? Сөйткенше, сол маңға он-он бес адам жиналып қалды. Біреулер болаттан құйылған Дзержинскийдің мойнына асауды ұстағандай шалма салып, бірнешеуі ар- қанды жабыла тартып көріп еді, ескерткіштің қозғалатын түрі байқалмады. Тағы біреуі тұғыр тасты лом-темірмен соққылап еді, қызыл гранитке оның да тісі батпады.


Әй, қайран қазекем-ай, осы етекбастылығың ғой – өзге жұртқа жем болып жүргенің! Гулеген құр сөз. «Ес- керткішті құртамыз, жоямыз» дейді, бірақ соны қалай құлатудың амалын ойламаған... Әубәкір қозғалыс басшы- ларына сеніп еді, солар көтергіш кран, не сүзеген трактор (бульдозер) әкелер деп ойлаған. Трактор әкелу тұрмақ бас- шылардың өзі жоқ. Қысылғаннан Әубәкірдің маңдайынан сұп-суық тер шықты. Осы бастаманы көтерген өзі еді, шынымен-ақ көздеген мақсаттары іске аспай қалғаны ма? Сасқанда адам қиялы ұшқыр боп кететіні несі екен?


Кенет Әубәкірдің ойына әлдене сап ете түсті. Мана келе жатып, жол жөнекей көзі түскен: осыдан бір көше жоға- рыда ауқымды құрылыс жүріп жатқан-ды. Сол маңда қа- зылған шұқырларды тегістеп, екі бірдей трактор жүрген. Біреуі – ожау басы бар жер қазғыш трактор да, екіншісі бульдозер... Әубәкір енді аялдап тұрмады, солай қарай құстай ұшты. Бір жақсысы, тракторлар ешқайда кетпепті. Екі тракторшының бірі – орыс, бірі – қазақ. Әубәкір со- лардың қасына барып, асыға-аптыға сөйлеп тұр.



  • Жігіттер, сендерге бес минөттік жұмыс бар. Кеше


«Азаттық» қозғалысы мына бұрыштағы Дзержинский ес- керткішін құлатуға қаулы алған. Адамдар жиналып тұр. Бірақ ескерткішті тартып құлататын трактор жоқ... Кө- мектесіңдер!


Тракторшылар тез келісті. Өздері көп сөзге жоқ екен:



  • Қанша бересің? – деді бар болғаны.

  • Әрқайсыңа бір жартыдан арақ берсем, жете ме?

  • Пойдет...


Олар ескерткіштің қайда тұрғанын жақсы білетін сияқ- ты. Дереу Дзержинский көшесіне түсіп, төмен қарай жосып берді. Қуанышы мен таңданысы бірдей Әубәкір мырс-мырс күліп келеді. «Бүкіл бір елді тітіреткен тиран- ның құны – бір литр арақ болды-ау, ақыры» дейді ішінен. Келсе, мұндағы адам саны әлденеше есе молайыпты.


Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Гу-гу сөз, айғай-ұран... Әйт- кенмен, олар да дәл қазір бір үлкен міндет атқарып тұр еді. Ол – «Халықтың ұйғарымы, көпшіліктің қалауы» де- ген міндет. Егер мына көпшілік болмаса, соларға арқа сү- йемесе, Әубәкірдің жалғыз өзі бұл шаруаны атқара алар ма еді.


Қабаттаса келген қос тракторды көргенде жиналған жұрт тағы да ду ете қалды.



  • Кім, ей, мына техниканы алып келген?

  • Осы бастаманы көтерген Әубәкір деген азамат...

  • Кім болсаң да жігіт екенсің! Шіркін, осындай азамат- тар ғой – ел бастайтын! – деп біреулер Әубәкірді қолпаш- тап жатыр.


Тракторшылар келісімен іске кірісіп кетті. Біреуі жер қазғыш трактордың шөміш басына шығып тұрып, шын- жыр арқанды ескерткіштің мойын тұсына бір шалып бай- лады да, екіншісі анау жерге түскен соң, жуан шынжырды ышқына тартты. Бірін-бірі қажаған темірдің шақыр-шұ- қыр дауысы шықты. Болат тонды ескерткіш те сықырлай қозғалып, бірақ құлап түспей, теңселіп барып, тұрып қал- ды... Айналада бірі атып, бірі қаққан сөздер:



  • Балшабектерің әлі де орын босатқысы келмейді. Не деген итжандылық?! – деді біреу қарқ-қарқ күліп.

  • Жетпіс жылдан бері тамырын тереңге жіберген пәле ғой – бұлардың қай-қайсысы...

  • Өзі «Темір Феликс» атанған «ЧК-ның» төрағасы бол- са! – десіп гу-гу етеді...


Тракторшылар да намыстанды-ау деймін. Біреуі болат шынжырды ышқына тартқанда, екіншісі трактордың жер қазғыш шөміш басын ескерткіштің қыр желкесінен сал- ды. Осылай екеулегенде ғана «Темір Феликс» оң жағына омырыла құлады. Бірақ жерге құлап түспей, бір жағына қисайып, тұғырға бекіткен тірек темірлерге ілініп тұр. Алайда ендігісі оңай еді, трактор тағы бір жұлқығанда ішек-қарны шұбатылған өліктей жер сүзе етпетінен түсті. Ашынған жұрт жабыла ұмтылып, «ЧК» төрағасының үстінде ойнақтап жүр. Ой-хой, заман-ай! «Дүние – кезек» деген осы. Бір кезде маңына барудан жасқанатын бодан жұрт қаһарлы қызыл комиссарды тезектей тепкіледі-ау бір! Біреу қолындағы шой балғамен ескерткішті шекелей бір періп еді, жуан мойны опырылып, басы анадай жерге


ұшып кетті.



  • Бір кезде ЧК, ГПУ, НКВД, КГБ аталған мекемелер жазықсыз талай адамның басын жұтып еді, соның есесі бір қайтты-ау! – деді кешігіп келген қозғалыс басшыла- рының бірі.

  • Әттең, Ежов пен Берияның басын да осылай бір тебу керек еді.

  • Голощекинді айтпайсың ба? Сол қужақ қолға түспеді- ау! – деді әлдекім.


Сол-ақ мұң екен, қалың топтың арасынан көшені кер- неген ұран көтерілді:



  • Тәуелсіздік жасасын!

  • Қолымыз әрең жеткен азаттығымыз баянды болсын!

  • Қаламызды қанды қол отаршылдардан, қызыл комис- сарлардан тазартайық! – деген айбынды ұран айналаны басына көтерді.


 


Бұл кезде құлаған ескерткіш маңы адамға толып кет- кен. Көшедегі жаяу жүргіншінің бәрі осылай бұрылып келіп жатыр. Бұқара халық үшін бұл да бір қызық көрініс болатын. Күні кеше біреулер табынған, енді біреулер қо- рыққанынан пір тұтқан қызыл комиссардың ескерткіші көшеде быт-шыт болып шашылып жатыр. Бұл дегеніңіз – ай емес, жыл емес, ғасырда бір болатын оқиға ғой. Азат- тық, тәуелсіздік туралы көпірме көп сөзден гөрі осындай бір батыл әрекет әлдеқайда әсерлі сияқты.


Мұның атын не деп атаймыз? Төңкеріс дейміз бе? Бі- реулер «Тирандар тырапай асқан жыл» деп жүр. Өзгелер не десе, о десін, Әубәкір үшін бұл – төңкеріс. Өз қолымен жасаған төңкеріс. Дүниені төңкермесе де, Дзержинский сияқты империя көсемдерінің бірін төңкеріп тастағаны рас қой. Егер Қазақстандағы әрбір адам Әубәкір секілді


«төңкеріс» жасай берсе, ештеңеден кенде қалмас едік-ау! Әубәкір өзінің сол бір еңбегіне ешкімнен ақы сұра- ған жоқ. Сый-сияпат, марапат та дәметпеді. Өзінің есесі қайтып, айызы қанды, атасының кегін алды – сол жетеді. Тек, көңілге келетіні, төңкерістің бейнетін біреу тартса, зейнетін сол төңкеріске тұяғын да қимылдатпаған басқа- лар көреді екен. Қазақ жерінің байлығын кім пайдаланып жүр қазір? Миллионер, миллиардер деген алпауыттар қайдан пайда болды? Соларды байыту үшін қан төккен жоқ қой – азаттық жолында басын берген күрескендер... Осындай ащы ойлар ғой – Әубәкірге маза бермей, түн ұйқысын төрт бөлетін. Алайда, ой өз алдына, комисарды


төңкеріп тастағандай тағы бір әрекет керек...


Күн түске тармасып қалыпты. Әубәкір гүлзардағы ма- нағы орнынан енді ғана көтерілді. Әттең жас келіп қал- ды ғой – жаңа заманның қорқауларымен күресуге! Бірақ олар да қарымтасыз қалар деймісің. Олардан да мықтап тұрып өш алатын бір кекшілдер табылар.


Ал шляпасының ернеуі майысқан, көнетоз плащы то- бығына түскен тарихшы Әубәкір кермек ойларын өзіне серік қып, автобус аялдамасына қарай ілби басып кетіп барады.


 


2013 – қыркүйек


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу