👈 қаріп өлшемі 👉

  14.12.2021
  129


Автор: Балаларға арналған әңгіме, оқиға

Әмиян

Ертеректе алаяқ саудагер болыпты. Бір күні базарда жүргенде ішінде 80 мың теңгесі бар әмиянын жоғалтып алыпты. Табан тоздырып іздесе де таба алмайды. Дереу жалшы жалдап, әмиянын тауып берген адамға 10 мың теңге сүйінші беретінін айтады.


Ал жоғалған әмиянды өте адал, әрі кедей етікші тауып алыпты. Әмиянды иесі табылғанша сақтап қойыпты. Жаршының хабарын естіген соң, саудагерді іздеп барыпты. Жоғалған әмиянын беріп, сүйіншісін сұрапты. Ал саудагер ақшасының табылғанына қатты қуанса да білдірмепті. Сүйіншісін бергісі келмей, қулыққа басыпты. Дереу әмиянын ашып, ақшасын санапты:


- О-о-о, досым! Мына ақшадан сүйіншіңді алып қойыпсың ғой! – деп етікшіге ұрлықшы деп жала жауыпты. Ал етікші болса, не істерін білмей:


- Мынау не дейді? Мен байғұс жоғалған ақшасын тауып әкеліп тұрсам, мені ұрлықшы дей


ме? Қара  бұны, сіңірі шыққан кедей болсам да, мына сен сияқты өтірікші емеспін. Бүйткен сенің сүйіншің құрсын, – деп ашуға булығыпты.


Ал алаяқ саудагер оны ұрлықшы деп кінәлай беріпті. Осылайша іс насырға шауып, сотқа барыпты.


Сот төрешісі екі жақты да тыңдапты. Саудагердің кінәлі екенін ұғып, оған жақсы бір сабақ беруді ұйғарыпты. Бірақ ашуын білдірмей, үкімін былай деп айтыпты:


- Саудагердің айтуынша әмияннан 10 мың теңге жоғалды. Ал етікшінің айтуынша:


әмияннан ол ақша ұрламады. Мен екеуіңе де сенемін. Екеуіңдікі де дұрыс. Бірақ түсінгенім мынау: етікшінің тауып алған әмиянының иесі басқа кісі. Демек, иесі табылғанша 3 ай сақталады. Табылмаса ақшалары кедейлерге садақа ретінде таратылып беріледі,- депті.


Алаяқ саудагер істеген істіне қатты өкініпті. Кедейден де, төрешіден кешірім сұрапты. Болар іс болып, бояуы сіңген соң сот үкімі өзгермепті. Өзінің сараңдығынан, өтірік айтып жала жапқанынан қолындағы барынан да айрылып, осылай таяқ жепті.   


Жақсылыққа алғыс айтпайтын саудагердің жағдайы мына даналық сөзді еске түсіреді:


«Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе, аспанға қарай оқ атсаң, қайтып тиер көзіңе.»     


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы