Өлеңдер ✍️

  11.12.2021
  256


Автор: Мәди Бәпиұлы

Үшқара

Арғы атам әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат оның ұлы болыпты бек.
Тіленші одан туған абзал шері,
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.

Атамыз одан кейін Алшынбайды,
Кемеңгер ақыл ойлы, терең сайды.
Атағың Алатаудай бабаларым,
Көрдің бе осы күнде біздің жайды.

Сұрасаң Мәди еді менің атым,
Кем емес еш адамнан салтанатым.
Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,
Біреуден кем тумаған менің затым.

Қақабай Бапан еді бір туысқан,
Аянбай өле-өлгенше кек қуысқан.
Ақымақтық, надандықтың бәрін тастар,
Болмады жанашырлық бір туысқан.

Үшқара басын биік мұнар шалған,
Сұмпиып өте шықты мына жалған.
Тар есік, тар босаға жаман екен,
Ер едім ел ішінде сайран салған.

Жаралдым жалғыз қылып әуел бастан,
Қайтпаған қайран маңдай қара тастан.
Мөр басса басқа болыс не қылайын,
Мөр басып туған ағам болды-ау қастан.

Шоқпардың жылқы жайдым даласында,
Не қылдым Қақабайдың баласына.
Өрісте жылқы жайып жатқанымда,
Бес солдат алып барды қаласына.

Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы, жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.

Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазыбек аруағына.
Бір күнде қаршығадай қалықтадым,
Бұл күнде мен аңшының қармағында.

Баурынан Үшқараның аса алмадым,
Жайқалтып жапырағын баса алмадым.
Есіме, қайран елім, сен түскенде,
Көл қылып көздің жасын баса алмадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу