👈 қаріп өлшемі 👉

  05.12.2021
  225


Автор: Мигель де Сервантес

Дон Кихот ІІ

АЙЛАКЕР ИДАЛЬГО ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТ


ОРЫС ТІЛІНЕН АУДАРҒАН


ҚҰРМАНҒАЗЫ ҚАРАМАНҰЛЫ


ЕКІНШІ БӨЛІМ


ГРАФ ЛЕМОССКИЙГЕ АРНАУ


Баспадан шыққан, бірақ сахнада әлі қойылмаған комедияларымды жуырда сізге жолдаған кезімде, өзіңіздің, мәртебелі мырзам, алдыңызға келіп жүгініп, қолыңыздан өбу үшін Дон Кихоттың, жаңылмасам, шпор тағынып жатқанын жазған едім. Ал енді қазір оның шпорын тағынып, жолға шығып та кеткенін хабарлағалы отырмын, егер ол аман-сау барып жетсе, онда осының нәтижесінде өзіңізге, мәртебелі мырзам, азды-көпті көмегім тиіп те қалар деген ойдамын, өйткені екінші бөлім сұрқында бой көрсетіп, жалғанға дабыра болған басқа бір Дон Кихот әбден мезі қылып, жалықтырып біткен жағдайдан арылу үшін оны мүмкіндігінше тезірек қолға тигізуім керегін айтып мені асықтырушылар тым-тым көбейіп тұр. Ал енді менің Дон Кихотымды айрықша аңсармен күтіп отырған кім дегенге келсек, ол, шамасы, қытайдың ұлы императоры шығар, өйткені бұдан бір ай ғана бұрын маған арнаулы шабарман арқылы қытай тілінде хат жолдаған еді, бұл хатында кітабымды өзіне беріп жіберуімді сұрапты, расын айтқанда, жалыныпты: себебі, испан тілін оқытуға арналған коллегия құрмақшы екен және аталмыш тілдің Дон Кихот хикаялары бойынша үйретілгенін қалайтын көрінеді. Сол хатында ол маған осы коллегияның ректоры болуға да ұсыныс білдіріпті. Әлгі шабарманнан ұлы мәртебелі ағзам маған қандай да болсын ақшалай көмек көрсеткен жоқ па, деп сұрағам. Анау бұл ұлы мәртебелі ағзамның тіпті ойында да болмағанын айтты.


“Ондай жағдайда, бауырым, — деп мәлім еттім мен, — Қытайыңызға күніне он, ол аз болса, тіпті жиырма миль, қысқасы, қандайын қолай көрсеңіз сондай жылдамдықпен қайта беруіңізге болады, ал менің мұндай ұзақ сапарға шығуға денсаулығым көтермейді, дімкәстігім өз алдына, қалтамда көк тиын жоқ; оның үстіне, Неапольда атақты граф Лемосский отырғанда маған императорлар мен монархтар не керек, коллегия мен ректорлық секілді әурешіліксіз-ақ ол маған қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайды және мейірім-қайырымының молдығы сонша, одан артықты дәметуге де болмайды”.


Осыны айтып шабарманмен қоштастым, осыны айтып өзіңізбен де, мәртебелі мырзам, қоштасқалы отырмын және П е р с и л е с п е н С и х и з м у н д а н ы ң сергелдеңін, Deo volente


1 бірнеше айдан кейін аяқтайтын кітабымды, өзіңізге сыйға тартуға уәде берем. Бұл кітап өз тілімізде жазылған дүниелердің (көңіл көтеруге арналған кітаптарды айтып отырмын) ішіндегі ең нашары немесе, керісінше, ең тәуірі боп шығар деген ойдамын; әйткенмен, е ң н а ш а р ы дегенді бекер айтып қалдым-ау деймін, өйткені, достарымның ойынша, кітабыма кемелдіктің ең жоғары биігіне көтерілу бұйырып тұрған секілді. Есен-сау қайтып орала көріңіз, мәртебелі мырзам, сол шамада П е р с и л е с те қолыңыздан өбуге дайын боп қалар, ал мен, өзіңіздің, мәртебелі мырзам, малайыңыз, аяғыңызға жығылатын болам. Мадридте, мың алты жүз он бесінші жылғы қазанның соңғы күні жазылды.


Өзіңіздің, мәртебелі мырзам, малайыңыз


Мигель де Сервантес Сааведра.


ПРОЛОГ


Оқырманға


Апырай, не деуге болар! Осы прологты оқуға кіріскен сен, атақты әулеттен шыққан, бәлкім, тіпті атақсыз әулеттен де шығуың мүмкін оқырман, естуімізше, Тордесильяста ұрықтанып, Таррагонда туған екінші Дон Кихот авторын жерден алып, жерге салып, оған қоқан-лоққы көрсетіп, не түрлі айып тағатын шығар деген ойдан алабөтен тағатсызданып отырсың-ау, шамасы! Алайда, айыпқа бұйырма, сені мұндай қызыққа кенелте алмаймын, өйткені жәбір мен жапа қандай момын жанның да жүрегінде ашу-ыза тудыратынымен, менің жүрегіме бұл қағида билік жүргізе алмайды. Бәлкім, сен авторды есек, кеще және ардан безген деп тілдегенімді қалайтын шығарсың, бірақ мұндай нәрсе менің қаперімде жоқ: ол өзін өзі жазалаған жан, сондықтан оның маған бары не, жоғы не. Жаныма қатты батқан жалғыз-ақ нәрсе — құдды бір өзіме бола арнайы аялдауы үшін уақыттың ағымын тоқтата тұруға құқым бар кісіше және құдды бір өткен күндер мен бүгінгі күндерде орын алған, алдағы күндерде де қайталана қоюы екіталай уақиғалар ішіндегі ең айтулы уақиға кезінде мертікпей, әлде бір тавернада жарымжан болғанымдай, мені шал деп, шолақ деп атағаны болды. Жарақатым көрген жанның көңілін ортайтып-ақ тастайтынымен, қай жерде жүріп жараланғанымды білетіндер алдында, қалай болғанда да, әйтеуір, абырой-беделімді арттырып тұрады, өйткені жауынгер үшін жан сауғалап қашқаннан, ұрыста өлім тапқан дұрыс және осыған кәміл сенетінім сонша, қазір маған өткенді қайта оралтуға ұсыныс жасалса, онда мен бәрібір осынау айтулы жорыққа қатысқанды хош көрген болар едім, одан тыс қалып, басы аман, бауыры бүтін күйде жүргенді қаламас едім. Сарбаздың беті мен кеудесіндегі тыртықтар — лайықты құрмет пен лайықты қошемет көгіне қалай көтерілуге болатынын басқа жұртқа паш етіп тұрған жұлдыздар; сол сияқты, шығарманы самайдың бурыл тартуы емес, жас ұлғайған сайын кемелдене түсетін ақыл-парасат туындататынын да көптің қаперіне салып қойғым келеді. Оған қоса, автордың мені іші тар деп айыптап, бейне бір мені дүмше біреудей көріп, іштарлық дегеннің не екенін маған түсіндіретіні де жаныма жайсыз тиді; алайда, ақ-адал шынымды айтсам, қызғаныштың баршаға мәлім екі түрінің абзал да ақ ниетті, ізгілікті мұрат тұтатыны ғана маған етене жақын, ендеше менің діни қайраткердің, онда да жай біреу емес, қасиетті трибунал мүшесі боп табылатын адамның соңына түсуім мүлдем мүмкін емес; ал егер автор шынымен-ақ осы өзім мегзеген тұлға жайында сөз қозғап отырса, онда ол оңбай қателеседі, өйткені мен бұл адамның дарын-қабілеті алдында басымды ием және оның туындыларын да, сол сияқты ол кісі мүлтіксіз сақтап отырған зиялы өмір салтын да аса жоғары бағалаймын. Дей тұрғанмен, новеллаларым жайындағы ой-тұжырымдары үшін автор мырзаға ырзашылық білдіргім келеді: бұларда ғибраттан гөрі шенеп-мінеу жағы басым, бірақ бәрі де жақсы дүние, дейді ол, ал, ақиқатында, әлденесі жетіспей жатса бұларды жақсы деп айтуға болмас та еді.


Шамасы, мені шектен тыс иі жұмсақ, мінезіме тән сыпайылық шекарасынан адым аттап шықпауға бейіл біреуге балайтын шығарсың, оқырман, алайда мен онсыз да соры қалың жанның сорын одан әрмен қалыңдата беруге болмайтынын бек жақсы білем, ал бұл мырзаның соры соншалықты қалың екенінде еш күмән жоқ, өйткені ашық алаңқайда және күннің жарығында бой көрсетуге тәуекелі тұрмай, мәртебеліге тіл тигізгені үшін кінәлі боп жүрген кісідей аты-жөнін жасырып, туып-өскен жерін де басқаша атап отыр ғой. Егер сен, оқырман, ғайыптан-тайып онымен таныс боп шықсаң, менің атымнан оған өзімді жәбір шеккен адамға баламайтынымды жеткізерсің: ес-түссіз елігу дегеннің не екенін және елігудің ересен түрінің бірі — адамның шығармашылық қабілеті бары жайындағы, кітап шығара алатыны, ол кітабының оған қанша атақ әкелсе, сонша ақша әкелетіні, қанша ақша әкелсе, сонша атақ әкелетіні жайындағы ойға еруі екенін жақсы білем; осының дәлелдемесі ретінде оған мына бір хикаяны бар өнеріңді салып мейлінше қызықты да күлкілі етіп айтып беруіңді сұрар едім.


Севильяда бір делқұлы болды, көңіл аударуға да татымайтын нәрседен және адамның есінен екі елі шықпай бәңгі қылатын жабысқақ ойдан ауыш боп кеткен-ді. Анығырақ айтқанда былай: қамыстан ұшы сүйір түтік жасап алған ол көшеден бе әлде басқа жерден бе бір итті ұстап алып, артқы аяғының бірін табанына салып басып тұрып, екінші аяғын жоғары тартады екен, сосын әлгі түтігін иттің денесіндегі белгілі бір жерге битін салып бойлатып, қашан доп сияқты боп домаланғанынша үреді екен келіп; бейшара мақұлықты осындай халге жеткізгеннен кейін әлгі делқұлы оны ішінен бірер мәрте қағып-қағып жіберіп, босатып қоя береді екен; одан соң осынау әрекетінің барысында қашан да қасына топырлай қалатын ашықауыздарға қарап: “Иттің ішіне жел толтыру оңай шаруа ма — бұған не дейсіздер, мейірбан мырзалар?” дейді екен. — Ал, сіз не дейсіз бұған, мейірбан мырзам: кітап жазу деген оңай шаруа ма?


Әгәрәки, оқырман достым, бұл шағын хикая автордың көңіліне ұнай қоймаса, онда оған басқа біреуін айтып бер, бұл да жынды мен ит жайындағы нәрсе.


Кордовада мәрмәр тақтаның сынығын жә болмаса салмағы әжептәуір болатын тас кесекті төбесіне қойып жүруді әдет қылған тағы бір делқұлы болды; әлденені тіміскілеуге ден қойып кеткен бейқам итті көрген ол оған білдірмей жақындап келеді екен де, басындағы жүгін бар күшімен үстіне тастап кеп жібереді екен, ал жәбір көрген ит бажылдай қыңсылап көшеден-көшеге өтіп қашып береді екен. Сөйтіп жүріп бір жолы төбесіндегі тасын бөрікшінің жанындай жақсы көретін итіне тастапты. Тас иттің басына тиіп, соққы жеген мақұлық жан дауысы шығып қыңсылапты; мұны өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген қожайыны дереу аршын таяғын ала сап есуасқа тұра ұмтылыпты да, сілікпесін шығарып сабап тастапты, оған қоса ұрған сайын: “Сұрқия! Тазымды таспен соқтың, ә? Менің итім — тазы ғой, нағылет-ау!” дегенді қайталап айтып тұрыпты. Сөйтіп, тазы деген сөзді жиырма шақты рет қайталап, делқұлының түте-түтесін шығарғаннан кейін, ақыры оны босатып қоя беріпті. Есте қаларлықтай сабақ алған делқұлы дереу қарасын батырып, бір айдан астам уақыт көпшілік орындардан бой көрсетпепті, әйткенмен одан соң тағы да сол баяғы әулекі ойдың жетегімен және бұрынғыдан да ауырлау жүкпен қайтып оралыпты. Сөйтіп, ол итке жақындап келетін көрінеді, оқталып тұратын көрінеді, бірақ тәуекел ете алмай, тасты лақтыруға батылы жетпей: “Бұл тазы ғой, тимей-ақ қоялық!” дейтін көрінеді. Өзіне кездескен қандай ит болмасын, төбет пе әлде қанден бе, бәрібір, “бұл тазы ғой” дейді екен, сөйтіп тасты лақтырудан бой тартады екен. Осыған ұқсас әлденендей бір жағдай біздің жазғышымыздың да басына тап болар, сөйтіп ой-қиялының тастай қатты жемісін қағаз бетіне қондырудан тайсалар деген ой келеді, өйткені шандыр кітапты шайнаңдауға кім құштар дейсің!


Оған тағы мынаны айт: өз кітабын шығару арқылы мені табыссыз қалдырмақ болған пиғылының соқыр тиындық та құны жоқ, осы себепті Перенденгтің атақты интермедиясын өз басымдағы жағдайға орайластыра отырып оған: “Құдай маған да қарайласар және қуанышым болып сеньорым Жиырма Төрт ұзақ жасай берсін!” деп жауап бере алам. Христиандық сезімі мен жұртқа мәлім жомарттығы өзімді зұлым тағдырдың барша тауқыметінен қорғап тұрған граф Лемосский ұзақ жасай берсін, сондай-ақ, Толедо архиепископы, асқан ақпейіл дон Бернардо де Сандоваль-и-Рохас қуанышым болып ұзақ жасай берсін, одан кейін бұл дүниеде бірде бір баспа орыны қалмаса да мейлі, мені ғайбаттап Минго Ревульго шумақтарындағы әріптерден де көп кітап басып шығарылса да мейлі. Өзім зәредей емеурін білдірмесем де, жә жарамсақтанбасам да, бұл екі тарлан жақсылық жасасам деген ізгі ниет жетегімен мені қанатының астына алып, мейірім-қайырым көрсетуге ұйғарым етіп отыр, сондықтан да өзімді Фортуна әдеттегі жолмен әуелеткендерден де гөрі бақытты әрі бақуатты санаймын. Ауқаты төмен адамда да ар-намыс болады, ол тек ардан безгендерде ғана жоқ: жоқшылық тектіліктің шырайын көмескілендіруі мүмкін, бірақ оны біржола күңгірттендіре алмайды, ал ізгі қасиет тіпті тақыр кедейшілік тұрпатынан да нұрын төгіп тұратындықтан, ол биік мақсат пен ізгі ниетті ұстанған жандардың құрметіне де, оған қоса ілтипатына да ие бола алады. Авторға бұдан өзге ештеңе айтпа, оқырман, мен де саған басқа ештеңе айтпаймын, — тек бір ғана нәрсені: Дон Кихоттың мына ұсынылып отырған екінші бөлімі сол бұрынғы шебердің қолынан шыққанын, алғашқысы қандай шұғадан пішілсе, мұның да сондай шұғадан пішілгенін қаперіңе ал және Дон Кихот турасында енді ешкім әңгіме қозғамасы үшін мұнда мен оны ақыр соңына дейін, ақтық демі таусылып, жер қойнына берілген кезіне шейін жеткізем, өйткені осыған дейін айтылғандардың және оның естілікпен жасалған есалаңдықтары жайында адал да ақ ниетті адамның әңгімелеп бергенінің өзі-ақ жетіп жатыр, сондықтан оған қайта орала берудің қажеті жоқ: себебі, тіпті тәуір нәрсе болған күнде де, әлдененің шамадан тыс көп болуы оның қадірін кетіреді, ал тіпті нашарлау нәрсе болған күнде де, әлдененің жетіспей жатуы қайткенмен де оның бағасын арттыра түседі. Саған айтуды ұмытып кетіппін: қазір өзім аяқтауға жақындаған Персилес пен Галатеяның екінші бөлімі ұзамай қолыңа тиіп те қалар.


І тарау


Священник пен шаштараздың Дон Кихотпен сырқатына қатысты сұхбаты жайында


Дон Кихоттың үшінші аттанысы жайында баяндайтын бұл хикаяның екінші бөлімінде Сид Ахмет Бен-инхали өткен күн оқиғаларын қаперіне қайта оралтып, оған қайта жан бітірмеу үшін священник пен шаштараздың Дон Кихотқа бір айға жуық төбе көрсетпегенін айтады; әйткенмен, олар жиен қарындасы мен күтуші әйеліне соғып, бұған барынша қамқорлық жасауды, жүрек пен миға жағымды әрі пайдалы тағам беруді өтінген еді, өйткені бұл тап болған күллі қырсықтың түп-тамыры тап сонда, мида жатқанында ешқандай күмән жоқ дегенді айтқан. Әйелдер өздерінің де тап солай істеп жүргенін және мұны бар ықылас-құлшыныспен орындайтынын мәлім етті: қазірдің өзінде мырзалары ақыл-есі түзу адамның парасат-пайымын ауық-ауық аңғартып қоятынын байқағандарын, бұған екеуінің де қуанышты екенін, сондай-ақ олардың мұны, жадыланған жанды, осында өгіз арбамен алып келуді өте сәтті ойлап тапқандарына да ырза екенін хабарлады, — олардың аталмыш әрекеті жайында мейлінше шыншыл һәм теңдесі жоқ осы туындының бірінші бөлімінің соңғы тарауында баян етілген еді; әлгіндей ахуалға байланысты бұл екеуі оған кіріп-шығу қажет деп шешті, денсаулығы түзелгенін өз көзімен көргісі келді, ал шындығында олардың бұған еш сенгісі жоқ-ты; сөйтіп, екеуі осынау тыртығы әлі біте қоймаған әрі табиғаты жұмбақ жарақат мәселесіне жуымауға, ал кезбе рыцарьлық жайын тіптен ауызға алмауға алдын-ала уағдаласып алды.


Сөйтіп, екеуі оның үйіне келіп, үстіне жасыл бәйке камзол, басына толедолық қызыл телпек киген Дон Кихотты төсегінде отырған жерінен тапты; қатты жүдеп, арықтап, құр сүлдесі ғана қалған ол мумиядан аумайтын. Ол екеуін зор қуанышпен қарсы алды; бұлар оның денсаулығы қалай екенін сұрап, анау бұларға өз хал-жағдайы мен денсаулығы турасында барынша байыпты да байсалды түрде және мейлінше ажарлы сөзбен әңгімелеп берді; сөйтіп отырғанда әңгіме ауаны ақыры мемлекеттік істер мен басқару амалдары дейтіндерге ауысты; айта кетерлігі, әңгіме барысында сұхбатшыларымыз кейбір қиянат-зорлықты түп-тамырымен жойып жіберді, кейбірін мінеп-сөкті, жекелеген салт-дәстүрді жөнге келтірді, өңгелерін қолданыстан шығарып тастады және осы мезетте бұлардың қай-қайсысы да өзін жаңа көрінген заң шығарушыдай: бейне бір екінші Ликургтай немесе жаңа болған Солондай сезінді; осылайша олар мемлекет атаулының бәрін түгел басқа қалыпқа түсірді: бұлардың бәрі құдды көрікке тастап жіберілгендей, қайта суырып алғанда өзге кейіпке еніп шыққандай болды; аталмыш мәселелер төңірегінде Дон Кихот аса жоғары парасат-пайыммен ой бөлісті, осы себепті оның құлан-таза айығып кеткеніне, ақыл-есінің бүтін екеніне екі сынақшыда да күдік-күмән қалған жоқ.


Бұл әңгімеге жиен қыз бен күтуші әйел де қатысып, қожайындарына кәдімгідей-ақ ақыл кіргеніне қуанып, жаратқанға алғыс жаудырумен болды; алайда, рыцарьлыққа қатысты әңгімеге жуымау жөніндегі әу бастағы шешімін өзгерткен священник Дон Кихоттың шынымен біржола сауығып кеткеніне немесе бұл айығуының жалған нәрсе екеніне ақи-тақи көз жеткізігісі келді, сол үшін біртіндеп астана жаңалықтарына қарай ойысты; сөйтіп, сөз арасында, түрік сұлтанының орасан үлкен флотты бастап теңізге шыққанын ақиқат шындық түрінде хабар етті, бірақ оның қандай ойы барын, осынау қатерлі найзағайдың қай жерде ойнайтынын ешкім білмейтінін айтты; күллі христиан әлемінің жылдағыдай тағы да үрейге бой алдырып, дабыл қағып жатқанын, ал ұлы мәртебелі ағзам Неапольдың, Сицилияның және Мальта аралының жағалауын бекіту жайында әмір еткенін жеткізді.


Дон Кихот бұған былай деп жауап қатты:


— Қас дұшпан қапыда басып қалмауы үшін иеліктерін алдын-ала бекітуі —ұлы мәртебелі ағзамның нағыз көреген жауынгер екендігінің айғағы. Сөйте тұрғанымен, ұлы мәртебелі ағзам менен кеңес сұраған болса, онда оған, ақиқатында, қазір оның қаперінен әлі орын ала қоймаған айрықша сақтық шараларын жасауға ақыл қосқан болар ем.


Оны тыңдап алған священник өзіне-өзі іштей: “Құдай тілеуіңді бергір ашықауыз Дон Кихот-ай! Байқауымша, сен жарыместіктің жартасынан аңғырттықтың апанына қарай құлап бара жатқандайсың-ау!” деді. Священник қандай ойда болса, өзі де сондай ойға тірелген шаштараз сол арада Дон Кихоттан қандай сақтық шараларын қабылдағанды мақұл көретінін сұрады: бәлкім, бұлары әміршілер алдына тартылатын әдеттегі сансыз көп сөлекет ұсыныстар қатарынан табылып қалуы да мүмкін ғой, дегенді айтты.


— Менің ұсынысым, сақал алғыш мырза, әсте сөлекет емес, әбден лекет, — деді Дон Кихот.


— Әлбетте, оған ешқандай күмәнім жоқ, — деп жауап қатты шаштараз, — бірақ, ұлы мәртебелі ағзамға түсіп жатқан жобалардың бәрінің, бәрі демесек те басым көпшілігінің, жүзеге асыруға келмейтін, мәнсіз де мағынасыз боп шығатынын немесе корольге де, корольдікке де зиянын тигізетінін тәжірибе көрсетіп отыр емес пе.


— Ал, менің жобам жүзеге асыруға келмейтін де емес, мәнсіз-мағынасыз да емес, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Мүлдем керісінше: іске асыруға өте-мөте оңтайлы, діттеген мақсатқа дөп келетін, аса бір тапқырлықпен жасалған және мейлінше ықшам мұндай жобаны ешбір өнертапқыш ойлап таба алмайды.


— Ау, ендеше айтып берсеңізші ол не екенін, сеньор Дон Кихот, — деп өтінді священник.


— Ол жайында қазір ештеңе айтпай-ақ қойсам ба деп едім, — деп ағынан жарылды Дон Кихот, — өйтсем күні ертең-ақ бұл кеңесшілер құлағына шалынады да, еткен еңбек, төккен терге айтылатын алғыс пен берілетін сыйлықты басқа біреулер иемденіп кетеді.


— Өз басым, — деді шаштараз, — крест ұстап тұрып айтайын, мейірбанды мырза, ол жайында корольге де, ладьяға да, жер басып жүрген жанның қай-қайсысына да тісімнен шығармаймын, — бұл сертті мен бір священник жайындағы романстан алып отырмын: әлгі священник месса2 басталып жатқан шақта корольге өзінің жүз дублоны мен желаяқ қашырын ұрлап кеткен баукеспенің кім екенін айтып берген-ді.


— Ондай хикаялардан хабарым жоқ, — деді Дон Кихот, — алайда, өз ойымша, мұны мейлінше адал серт деп білем, өйткені сеньор шаштараз — ар-ұяты бар адам.


— Ол тіпті ондай адам болмаған күнде де, — деп священник сөзге араласты, — оған мен кепілдік етем және бұл мәселеде ол моладай мылқау болады, мұны өз жауапкершілігіме алам, керісінше жағдайда одан өсім мен айып өндіріледі.


— Ал, өзіңіз үшін ше, тілеуіңіз болғыр сеньор священник, өзіңіз үшін кім кепілдік береді? — деп сұрады Дон Кихот.


— Құпияны сақтауға міндеттейтін діни дәрежем кепілдік береді маған, — деп жауап қатты священник.


— Құдай шебер-ай! — деп айқайлап жіберді сол арада Дон Кихот. — Ұлы мәртебелі ағзам Испания жерінде жүрген күллі кезбе рыцарьдың бәрі белгіленген күні астанадан табылсын деп жаршылар арқылы жарлық таратса қайтеді екен? Бар-жоғы бес-алтауы ғана келгеннің өзінде, солардың арасынан сұлтанның барлық әскерін жалғыз өзі-ақ жайпап тастайтын біреуі шығуы мүмкін ғой. Сөзіме мұқият құлақ тігіңдер, мейірбанды мырзалар, ойымның өрісін бағамдаңдар. Апырай, жалғыз тек бір ғана кезбе рыцарьдың өзі-ақ екі жүз мың адамнан тұратын қалың әскерді, құдды бәрінің бір ғана қылша мойыны бардай-ақ немесе құдды олар марципаннан3 жасалғандай-ақ, қан-жоса ғып кескілеп тастай алатынынан шынымен-ақ хабарсыз болғандарыңыз ба? Жоға, рас қой, өздеріңіз айтыңызшы, мұндай ғажайыптар кез келген романның кез келген бетінен кездесіп жатпай ма? Басымды бәске тігуге бармын, — бөтен біреудің басын емес, мына өз басымды, — даңқты дон Бельянис немесе Амадис Галльскийдің сансыз көп ұрпағының біреу-міреуі біздің заманымызға дейін ғұмыр кешкен болса және сұлтанмен күш сынасып көрген болса, — оллаһи шыным, соры қайнаған сұлтанның орнында болғанды қаламас-ақ едім! Дегенмен, жаратқан иеміз халқына қарайласар, бағзының кезбе рыцарьлары сияқты арыстандай айбарлы көрінбесе де, қайткен күнде де әйтеуір рухының беріктігі жағынан олардан еш кем түспейтін біреуді оған жіберер. Құдай ойымды құп көретінін білем, сондықтан аузымды жабам.


— Аһ! — деп дауыстап жіберді осы арада жиен қыз. — Ағатайым қайтадан кезбе рыцарьға айналғысы кеп жүр екен ғой, өтірік болса оңбай кетейін!


Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:


— Кезбе рыцарь күйімде өлемін де, ал түрік сұлтаны қашан көңілі соқса сонда қандай үлкен флотпен болсын теңізге шығуға, таяп келуге ерікті, — қайталап айтам: құдай ойымды құп көреді.


Осы арада шаштараз сөзге араласты:


— Мейірбан мырзалар, рақымшылық жасап, Севильяда болған бір жайды баяндап беруге рұқсат етсеңіздер: бұл өзі осы араға сұранып-ақ тұр, сондықтан айтып берсем деп тағатым қалмай барады.


Дон Кихот келісім берді, священник те, басқалары да тыңдауға даярланды, сөйтіп шаштараз әңгімесін былайша бастап кетті:


— Севильядағы жындыханада бір кісі болды, мұнда оны туыстары әкеліп тапсырған-ды, өйткені ол ақылынан ауысқан адам еді. Ол Осунадан канондық құқық бойынша ғылыми дәреже алған болатын, бірақ жұрттың айтуынша, мұны ол тіпті Саламанкадан алған күнде де, бәрібір, оған мұның ешқандай пайдасы тимеген болар еді. Қапаста бірнеше жыл отырғаннан кейін аталмыш ғалым өзін есі кіргендей, ауыштығынан біржола арылғандай көреді, сөйтіп осы ойға бекінген ол архиепископқа арнап хат жазып, бұл хатында парасат-парқы қалыпты адамның сөзін айтып, қазір өзі бастан кешуге мәжбүр боп отырған жан төзгісіз жағдайдан құтылуға көмектесуін қиыла өтінеді, өйткені жаппар хақтың шапағаты арқасында ақыл-есім қайта оралды, дейді; алайда мұрадан тиесілі үлесімді өз пайдасына жаратқысы келген туыстарым мені бұл жерден шығармай ұстап отыр және шындыққа қиянат болатынына қарамай, өмір бақи нақұрыс боп қала бергенімді қалайды, дейді. Оның есі бүтін, ақыл-парасаты мол адам екенін аңғартатын қисапсыз көп жолдамасы көңілін әбден сендірген архиепископ ақыр соңында капелланды жұмсап, жындылар үйінің бақылаушысынан лиценциаттың жазғандары шын ба әлде өтірік пе, соның анық-қанығына жетуге, сондай-ақ нәгүманның өзіне жолығып сөйлесуге тапсырма береді; егер ақыл-есі қалпына келгеніне көз жеткізсе, оны ол жерден босатып, бостандыққа шығаруына болатынын айтады. Капеллан тап солай жасайды да; алайда бақылаушы науқастың әліге дейін сол бұрынғыша ақылдан жаңылған күйде жүргенін, терең парасат иесі тәрізді жиі-жиі ой толғайтынымен, артынан жоқ нәрсені шата бастайтынын және мұнысының әлгі жібі түзу ой-тұжырымдары секілді жиі қайталанып тұратынын әрі тап сондай таңғаларлық боп шығатынын айтады; бұған тәжірибе жүзінде көз жеткізуге болады, ол үшін тек онымен тілдесу ғана қажет, дейді. Капеллан осындай тәжірибе жасап көрмекке ниеттенеді, сөйтіп бөлменің есігін жауып алып жарымеспен бір сағаттан астам сұқбат құрады: осы уақыттың ішінде делқұлы ақылға сыйымсыз немесе ерсі көрінетін ештеңе де айтпайды, керісінше, жөн-жосықтан қыл елі қия баспағаны сонша, науқастың сауығып кеткеніне капелланның иланбасқа амалы қалмайды; сөз арасында лиценциат жындыхана бақылаушысының өзіне жала жауып отырғанын, өйткені науқастың туыстары беретін парадан қағылып қалғысы келмейтінін мәлім етеді: бақылаушының пара жеуді көздеп, науқастың әредік-әредік өзіне-өзі келетінімен, ақыл-есі әлі қалпына түсе қойған жоқ деп жүргенінің себебі де содан, дейді; менің ең үлкен бақытсыздығым — байлығым, өйткені соны талан-таражға салуға құштар дұшпандарым небір аярлыққа барып, онымен де тынбай, өзімді хайуаннан қайтадан саналы жан иесіне айналдырған жаратқанның мейір-шапағатына күмән келтіруге тырысып жүр, дегенді алға тартады. Қысқасын айтқанда, ол бақылаушыны — сенім артуға тұрмайтын адам сықпытында, туыстарын — бас пайдасын ғана ойлайтын, ардан безген жандар түрінде, ал өзін биік парасат иесі ретінде көрсеткендіктен, бәріне архиепископ өзі көз жеткізсін деген оймен ақыр соңында капеллан оны өзімен бірге ала кетуге ұйғарады. Лиценциаттың сөзіне сеніп қалған ақпейіл капеллан бақылаушыдан мұның осында киіп келген киімдерін қайтарып беруін сұрайды; бақылаушы капелланға әлде де болса ойлануға кеңес етеді, өйткені лиценциаттың ауандықтан әлі айыға қоймағанында ешқандай күмән жоқ, дейді. Әйткенмен, бақылаушының сақтандыруы да, сендіріп бағуы да лиценциатты өзімен бірге ала кетпек ойынан капелланды айныта алмайды; бақылаушының бағынуына тура келеді, оның үстіне мұндай жарлық архиепископтың өзінен түсіп тұр емес пе; лиценциатқа өз киімі кигізіледі, бұл әрі жаңа, әрі сәнді киім болатын; сөйтіп, аурухана халатын тастап, дені сау адам секілді киінген лиценциат капелланнан тағы бір үлкен жақсылық жасауын, жарымес жолдастарымен қоштасып шығуға пұрсат беруін өтінеді. Капелланның өзі де жарыместермен жүздескісі келетінін айтады. Қысқасы, екеуі бірге баратын болады, оларға тағы бірнеше адам ілеседі; сөйтіп, әлдебір елірме есірік қамалған торға, — айта кетерлігі, бұл кезде ол тып-тыныш, тым-тырыс отырған, — таяп келе берген лиценциат оған былай деп тіл қатады:


“Айтыңызшы, туысқан: сізге бірдеңе керек емес пе? Өйткені, үйге қайтып барам ғой, — адамға деген қайырымы мол, мейірімі шексіз жаратқан иеміз маған, сормаңдай бейбаққа, ақыл-есімді қайта оралтты ғой; қазір есім дұрысталды, қаперім қалпына келді, өйткені құдіреті күшті құдайдың қолынан келмейтін ештеңе жоқ. Үміттеріңді ешқашан үзбеңдер және құдайдан марқабат күтіңдер: егер ол мені бұрынғы күйіме қайта оралтқан болса, сендерді де оралтары хақ, — тек оған сенім арта көріңдер. Сендерге дәмді бірдеңе беріп жіберуге қам жасармын, ал сендер, байқаңдар, оны міндетті түрде жейтін болыңдар: өз басынан өткерген адам ретінде айтарым, есалаңдығымыз — жарым құрсақ жүргендік пен басымызды жел кеулеп кеткендіктің кесірі. Жүнжімеңдер, ешқашан жүнжуші болмаңдар: бақытсыздыққа тап келгенде ұнжырғасы түсетіндер денсаулығына зиян келтіреді және ажалын асықтырады”.


Лиценциаттың бұл әңгімесін елірменің қарсы жағында, басқа бір торда отырған басқа бір жынды да естіген-ді; тоз-тозы шыққан бойрада тыр жалаңаш күйде жатқан жерінен бой түзеген ол қатты дауыстап: есі дұрыс, қапері қалпында үйіне қайтып бара жатқан кім ол, деп сұрайды. Лиценциат оған былай деп жауап береді:


“Бұл мен ғой, туысқан, кетіп бара жатқан, мұнда қала беруімнің енді еш қисыны жоқ, өзіме осынша мейірім төккен жаратқанға сол үшін айтар алғысым шексіз”.


“Жә, қойсаңызшы, лиценциат, не деп тұрсыз өзіңіз! Шайтанның мазағына ұшырап шатасқансыз-ау, шамасы, — дейді жынды. — Асығып-аптығудың не қажеті бар сізге, орныңызда тып-тыныш отыра беріңіз, өйткені бәрібір кейін қайтып оралуыңызға тура келеді”.


“Денімнің сау екенінде зәредей күмәнім жоқ, — деп қасарысады лиценциат, — мұнда қайтып оралып, қайтадан ақирет шегуге әсте мұқтаж емеспін”.


“Сау адам мына сіз бе, сонда? — дейді жынды. — Жә, көре жатармыз оны да, бара беріңіз, алайда айбындылығының жер бетіндегі айғақ-нышаны мына өзім боп табылатын Юпитердің атымен сізге ант етейін, сізді бұл үйден босатып, дені сау адам санатына қосқан бүгінгі күнәсі үшін, тек жалғыз осы күнәсі үшін ғана, Севильяны оңдырмай жазалаймын және бұл ұрпақтар жадында сақталып, ғасырдан ғасырға кететін болады, әумин. Әлде сен, бейшара лиценциатсымақ, мұндайдың қолымнан келетінін білмеуші ме едің, өйткені, әлгінде айтқанымдай, мен — көрінгеннің бәрін күйеге айналдыратын найзағай уыстаған Юпитер-жайатқышпын, осы қаруымның көмегімен күллі әлемге қатер төндіріп, оны күл-талқан ете алам және сондай ғадетім де бар. Бірақ, мына қасиетсіз қалаға басқадай жаза берем: қоқан-лоқы жасаған осы сөзім аузымнан шыққан күннен және сағаттан бастап есептегенде үш жыл бойы қатарынан тек қаланың өзіне ғана емес, сондай-ақ оның айнала-маңы мен төңірегіне де бір тамшы жаңбыр жауғызбауға ант етем. Ау, сонда қалай, сен еркіндікке шығасың, ақыл-есің бүтін, қаперің қалпында, ал мен нәгүман, нәкөс күйімде қапаста құлыптаулы қала берем, ә?.. Тапқан екенсің, жаңбыр жаудырғанша асылып өлермін!”


Сол жерге жиналғандар ауыштың айқайы мен айтқан әңгімесіне әлі де болса құлақ сап тұрған еді, ойда жоқ жерден лиценциат капелланның қолына жармаса кетіп, оған:


“Қамықпаңыз, қайырымды мырзам, бұл есуастың сөзі не, өзі не, өйткені ол Юпитер болса және сізге жаңбыр суын себелеуден бас тартса, онда мен — су атасы және құдайы Нептунмын, жаңбыр суын сізге қанша қажет болса сонша және зауқым соққан кездің бәрінде себелей беретін болам”, дегенді айтады.


Ал Капеллан оған:


“Солай бола тұрғанымен, Нептун мырза, Юпитер мырзаның жынына тиюдің қажеті жоқ: абзалы осында қала тұрғаныңыз жөн болар, ал біз өзіңізді алып кетуге тағы бірде, өзімізге қолайлы, қолымыз бостау кезде қайтып келерміз”, деп жауап қатады.


Бақылаушы мен сол жерде тұрғандар мырс етіп күліп жібереді, бірақ капеллан мұны жақтырмай қалады; лиценциаттың киімі шешіндіріледі, ол сөйтіп жындыханада қала барады, осымен хикая да тәмам болады.


— Осы араға өзі сұранып тұр деп қоймаған, айтпасаңыз ішіңіз ауыратындай көрінген хикаяңыз осы ма еді, сеньор шаштараз? — деп сұрады Дон Кихот. — Әй, сақал алғыш сеньор-ай, сақал алғыш сеньор-ай! Кейде адамдар қандай қолайсыз жағдайда қалады десеңізші! Апырай, тілеуіңіз болғыр-ай, бір ақыл-парасатты екіншісімен, бір жүректілікті басқасымен, бір әдемілікті өзге әсемділікпен және бір текті әулетті өңгесімен салыстыру қашан да жағымсыз әсер қалдырып, реніш тудыратынын осы күнге шейін білмейтін болғаныңыз-ау? Мен, шаштараз мырза, Нептун да емеспін, су құдайы да емеспін, оған қоса білімсіз болғандықтан өзімді білгір ретінде көрсетуге де тырыспаймын. Діттеп жүрген жалғыз ғана мақсатым: кезбе рыцарьлар ұрыс алаңында ат ойнатып жүрген сол бір ғаламат дәуренді қайтадан қалпына келтірмеуі салдарынан қандай үлкен қателікке ұрынып жүргенін жұртшылыққа ұғындыру боп табылады. Алайда кезбе рыцарьлар корольдікті қорғауды, пәк қыздарды қоруды, жетімдер мен жас балаларға қамқорлық жасауды, тәкаппарларды тәубасына келтіріп, момындарды марапаттауды өз міндетіне алып, парыз санаған замандағыдай жанға рақат таптырған зор бақытқа ие болуға және одан жан рақатын табуға әбден азғындап біткен біздің заманымыз әсте лайық емес. Бүгінде рыцарьлық жолға түспекке тырмысып жүргендердің көбі сауытты сыңғырлатудан гөрі жібекті, қамқаны, басқа да қымбат матаны сусылдатқанды хош көреді. Күн райының қандай болғанына қарамастан, бес қаруы сай күйінде ашық аспан астында түнеуге ықыласты бірде-бір рыцарь жоқ қазір, сондай-ақ кезбе рыцарьларға ұқсап ат үстінде отырып, найзаға сүйенген қалпы шала-шарпы көз шырымын алатындар да табылмайды. Орман арасынан шығып, одан соң тауға өрлеп, одан кейін қашан да буырқанып-бұрсанып жататын теңіздің құлазыған қу медиен жағалауына түсіп, ол жерден толқын жағаға шығарып тастаған, ескегі де, желкені де, діңгегі де, басқа жабдықтары да жоқ қиюы қашқан қайықты көріп, еш қаймықпастан соған отыра кетіп, түпсіз терең теңіздің тажалдай толқындарының ырқына берілген ең болмаса бір рыцарьды тауып бере алар ма екенсіздер? Ал, толқындар оны біресе аспанға әуелетеді, біресе құрдымға құлатады, рыцарь болса дүлей дауылға көкірегін қасқая тосып тұрады; одан соң, әне-міне дегенше болмай, өзі аттанған жерден үш мың мильден астам жырақтан бір-ақ шығады; міне, сөйтіп мүлдем бейтаныс, жат жерге қадам басады және тап осы арада ол пергаментте ғана емес, мыс тақтайшада да жазып қалдыруға лайықты жайларды бастан кешеді. Шынтуайтына келсек, бүгінгі күні жігерліліктен гөрі жалқаулық, еңбекқорлықтан гөрі қызық қуумен уақыт өткізушілік, жақсы әдеттен гөрі жаман әдет, ержүректіктен гөрі есерлік, сондай-ақ алтын ғасырда және кезбе рыцарьлар заманында басы бүтін үстемдік құрып, кеңінен өркен жайған әскери өнерден гөрі көбік сөзбен көсемсу құрметке көбірек ие боп тұр ғой. Ал, айта қойыңыздаршы, атақты Амадис Галльскийден асқан сертіне берік әрі өжет жан бар ма? Пальмерин Английскийден асқан ақылды кім? Ақ Тиранттан артық көнбіс те жайдары табыла ма? Лизуарт Греческийден өткен сыпайы бар ма? Дон Бельянистен басқа кім көп соққы жеп, соққы дарытып еді? Перион Галльскийден артық жаужүрек, Фелисмарт Гирканскийден артық көп теперіш көрген, Эспландианнан артық турашыл кім бар? Дон Сиронхил Фракийскийден асқан батыл кім? Родомонттан артық ержүрек қайда? Собрин патшадан өткен сақ та көреген біреу бар ма? Ринальдтан өткен тәуекелшіл кім? Роланд секілді жеңіліс білмейтін батыр кәне? Ақыр соңында, Турпин өзінің Космографиясында Феррарский герцогтарының арғы атасы боп табылатынын атап көрсеткен Руджерден асқан ізетті әрі әдепті кім? Осылардың бәрі, сондай-ақ өзім атын атап бере алатын басқа да көптеген рыцарь, сеньор священник, рыцарьлықтың көркі мен мақтанышына айналған кезбе рыцарьлар еді. Міне, менің меңзеп отырғаным да тап солар секілді және соларға ұқсас рыцарьлар болатын: олар ұлы мәртебелі ағзамға бар ықылас-пейілімен адал қызмет етер еді, оған қоса, қыруар қаражат шығынынан құтқарар еді, ал сұлтанның жүрегі тас төбесіне шығар еді. Ал маған, капеллан өзімен бірге ала кетпейтіндіктен, шамасы, үйде отыруға тура келетін шығар. Шаштараз бізге жеткізгендей, Юпитер жаңбыр жаудырмайтын болса, онда көңілім қалаған кезде өзім-ақ жаудыра берем. Тұспалын бек жақсы түсінгенімді Сақал-алатын-леген мырза біліп жүрсін деп мұны әдейі айтып отырмын.


— О не дегеніңіз, сеньор Дон Кихот, айтпағым мүлдем басқа нәрсе еді, — деп шаштараз қарсылық білдірді. — Құдай біледі, ешқандай арам ойым жоқ болатын, сондықтан бекерге ренжіп отырсыз.


— Бекер ме, емес пе — ол енді менің шаруам, — деп салды Дон Кихот.


Бірақ осы арада священник сөзге килікті:


— Әліге дейін жұмған аузымды ашқам жоқ, бірақ жанымды жай таптырмай, берекемді алып біткен бір күмәннің басын ашып алсам ба деп ем, бұл өзі сеньор Дон Кихот бізге жаңа ғана баяндап берген жәйттен туындап кетті.


— Ау, неменеге күмілжіп отырсыз? — деді Дон Кихот. — Айта беріңіз, сеньор священник, күмәніңіз болса жасырып қалмаңыз, — көңілде кір қалғаны жақсы емес.


— Ендеше, рұқсат етсеңіз, — деп сөйлеп кетті священник, — күмәнім мынада болып тұр: өзіңіз, сеньор Дон Кихот, есімін атап шыққан сансыз көп кезбе рыцарьдың бәрі түгел тірі жан санатында жарық дүниеде расында және шын мәнінде ғұмыр кешті деген нәрсе көңіліме тіптен қонбайды-ақ, — ол аз болса, керісінше, мұның бәрін ойдан шығарылған өтірік, әншейін бір аңыз-ертегі, көрген түстері жайында жұрттың ұйқыдан оянған бойда немесе, дәлірек айтқанда, шала ұйқы боп отырып айтатын әңгімесі деп білем.


— Ондай рыцарьлардың ғұмыр кешкеніне сенбейтіндер тап болатын алжасудың бір парасы міне осындай, — деді Дон Кихот келіспей. — Әр қилы адамдармен әр қилы жағдайда өткізген сұқбатымда осынау жаппай дерлік етек алған қателікті түсіндіруге сан мәрте талпыныс жасағанмын; расын айтқанда, кейде бұл ойым орындала қоймады, ал кейде, шырқыраған шындықты көзге тізген кезімде, мақсатыма жетіп те жүрдім. Солай бола тұрғанымен, бұл — даусыз ақиқат; ол ол ма, Амадис Галльскийді өз көзіммен көрдім деп те мәлім етуге дайынмын және оның түр-тұлғасы қандай екенін де айтып бере алам: ол — ұзын бойлы, аққұба, әдемі қара сақалы бар, көз тастасы жартылай жайдары, жартылай ызбарлы, сөзге сараң, аяқ асты ашу шақыра қоймайды әрі қайтымы да тез. Амадисті қазір қалай сипаттап берсем, романдарда сомдалған, жарық дүниені жалпағынан басқан кезбе рыцарь атаулының бәрін түгел тап солай бейнелеп және суреттеп бере алар едім деп ойлаймын, өйткені романдарда рыцарьлар жайында қалай жазылса, олардың өмірде де тап сондай болғанын ескерсек, мінез-құлқы мен ерлік істерін жақсы білетін болсақ, ойша жасалатын оңды пайымдаулар арқылы олардың кескін-келбетін, бет ажары мен бойының биіктігін бажайлаудың еш қиындығы жоқ.


— Сеньор Дон Кихот! Сіздің ойыңызша Моргант деген дәудің бойы қаншалықты биік болған? — деп сұрады шаштараз.


— Дәулер жайында түрлі пікір бар, — деп жауап қатты Дон Кихот, — біреулер оларды өмірде болған дейді, біреулер болмаған дейді, алайда әр сөзі ақиқат шындық боп табылатын Қасиетті жазбада олардың өмірде болғандығы жөнінде ескертпе бар, өйткені Қасиетті жазба бізге әлгі бір еңгезердей филистимлян Голиафтың хикаясын айтып береді ғой, ол бойы жеті шынтақ4, яғни ересен алып адам болған. Одан соң Сицилияда адамның жілігі мен бұғанасы табылды, сүйектердің ірілігі сондай, иесінің бойы мұнарадай болғанын аңғартады — мұны геометрия бұлтартпай дәлелдеп беріп отыр. Сөйте тұрғанымен, Морганттың бойы қаншалықты биік болғаны жайында кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын, дегенмен ол өте бойшаң бола қоймаған шығар деп жобалаймын; мұндай қорытындыға оның ерлік істеріне арналған бір кітапты оқығаннан кейін ғана келдім; онда оның көп ретте қоналқада түнейтіні атап көрсетіледі, егер ол еркін орналасатындай үй табылған болса, онда оны анау айтқандай алып деу қиын ғой.


— Әңгіме қайда! — деп қалды священник.


Бұл секілді жосықсыз сандырақ оның айызын қандырып, көңілін көтеретін. Құмардан тағы бір шығуды көздеген ол Дон Кихоттан Ринальд Монтальванскийдің, Роландтың және Францияның басқа да пэрлерінің кескін-келбеті жайындағы долбарын айтып беруін сұрады.


— Кәміл сенімім бойынша, — деп жауап қатты Дон Кихот, — Ринальд дөңгелек жүзді, беті нарттай қызыл, көзі бадырақтау әрі ойнақшып тұратын адам болған, шамадан тыс шамшыл әрі мейлінше менмен, сондай-ақ қарақшылармен және бұзақылармен әмпей-жәмпейлік жасаған да жайы бар. Ал, Роландқа немесе Ротоландоға, немесе Орландоға келсек, — романдарда оны олай да, бұлай да атай береді, — өз ойымша және кәміл сенімімше, ол орта бойлы, жауырыны қақпақтай, сәл-пәл қамыт аяқтау, қараторы, жирен сақалды, денесін қалың түк басқан, көз тастасы сесті, сөзге сараң, алайда аса бір сыпайы да әдепті адам болған.


— Егер Роланд сіздің суреттегеніңіздей соншалықты кеспірсіз біреу болса, — деп құлаққағыс етті священник, — онда Сүйкімді Анжеликаның әне бір түбіт мұрт маврдың келбеттілігіне, сынықтығы мен сымбаттылығына бола одан басын алып қашуы да, соңынан әлгі маврды қойнына алуы да тегіннен тегін емес екен ғой. Роландтың ожарлығынан Медордың биязылығын артық көруі — оның тарапынан өте бір оңды шешім болған.


— Бұл Анжелика дегеннің өзі, сеньор священник, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — өте бір жеңілтек, ұшқалақ және еркетотайлау бикеш болған, оның алақұйын мінезі мен әумесерлігі жөнінде жер бетіне жайылған қауесет көрерге көз керек сұлулығы жайындағы аңыздан бір де кем емес. Бұл қыз талай-талай асыл текті мырзадан, сансыз көп жаужүрек және ақылға бай адамнан бас тартты, сөйтіп қайдағы бір қаңғып жүрген беті жылтыр боқмұрын-пажды таңдады; әлгінің “Жанқияр” дегеннен басқа лақап аты да жоқ еді, бұл есімге досына деген адалдығының өтемі үшін ие болған-ды. Анжеликаның сұлулығын дәріптеуші майталман, даңқты Ариосто бұл ханымның сол бір ұятты іске барғаннан кейін, — ал оның барған ісін, шамасы, шектен тыс әдепсіздік деп білу керек шығар, — қандай кепке душар болғанын жырға қосуға батылы жетпеді ме әлде жөн көрмеді ме, онымен қоштасарда былай деген еді:


Отырғанын қалай Қатай тағына,


Келешектің ақыны жырлап берсін тағы да.


Айтқандай-ақ, бұның өзі сәуегейлік секілді болды: ақындарға vates, яғни көріпкел деген қосалқы аттың берілуі тектен тек емес қой. Оның айтқаны айнымай келді: андалузиялық бір атақты ақынның кейіннен Анжеликаның мөлдіреген көз жасына жоқтау жазып, оны жер-көкке сыйғызбай мақтауы, ал екінші бір шашасына шаң жұқпайтын айтулы шебер кастильдік ақынның оның сұлулығын аузының суы құрып мадақтауы — соның айқын дәлеліндей.


— Айтыңызшы, сеньор Дон Кихот, — деген сауал тастады сол арада шаштараз, — апырай, осы Анжелика ханымды әспеттеуден басқаны білмеген соншама көп ақынның ішінен оған арнап сатира жазатын біреуі шықпағаны ма?


— Егер Сакрипант немесе Роланд ақын болса, — деп жауап қатты Дон Кихот, — олар бұл бикешті маңдайынан сипай қоймас еді, өйткені қиялдағы болсын жә өмірдегі болсын, қысқасы, өз арман-ойының әміршісі етіп таңдап алған ханымдары менсінбей тастап кеткен ақындар сатирамен және пасквильмен5 кек қайтаруды ұнатады, — мұндай кек, әрине, мейірбан жүрекке жарасымсыздау, әйтсе де осы күнге шейін Анжелика ханымның масқарасын шығарған бір де бір өлең қолыма түскен жоқ, ал шынтуайтына келгенде, Анжелика дүние жүзін дүрліктірген болатын.


— Ғажап, ғажап! — деді священник саңқ етіп.


Бірақ сол арада ауладан әлгі әзірде ғана бөлмеден кеткен күтуші әйел мен жиен қыздың айқай-ұйқайы естіліп, бәрі жүгіріп далаға шықты.


ІІ тарау


Мұнда Дон Кихоттың жиен қарындасымен және күтуші әйелімен Санчо Пансаның назар аударуға тұрарлық ұрыс-керісі жайында, сондай-ақ басқа да қызықты жәйттер жөнінде баян етіледі


Хикаяда Дон Кихот, священник пен шаштараз күтуші әйел мен жиен қыздың Санчо Пансаға айқайды салып жатқан дауысын естігені айтылады; Санчо Дон Кихотқа жолыққысы кеп, ал ана екеуі оны ішке кіргізбей жатыр еді.


— Бұл қаңғыбас мына жерде не жейін деп жүр екен? Жаның барда қараңды батыра ғой, бауырым: қожайынымды түзу жолдан тайдырып, алдап-арбап, ит тұмсығы өтпейтін қайдағы бір қорыс пен жықпылға сүйрелеп жүрген тап мына сен, сенен басқа ешкім де емес.


Санчо бұған былай деп жауап қатты:


— Әй, антұрған күтуші қатын! Түзу жолдан тайдырып, алдап-арбап, ит тұмсығы өтпейтін қайдағы бір қорыс пен жықпылға қожайыныңызды мен емес, мені қожайыныңыз апарған болатын: тектен-тек дүние кезіп тентіреуге мені ертіп әкеткен де сол, — осы себепті екеуіңнің де сөзің бос сандырақ болып тұр, — қарамағыңа бір аралды берем деп алдап-сулап үйден алып шыққан да сол, бірақ онысын әлі беретін түрі жоқ.


— Сол жексұрын аралыңмен қоса біржола құрып кетпейді екенсің сен, қарғыс атқыр Санчо! — деп жиен қыз да килікті. — Арал дейді ғой маған, о несі-ай! Сен не, оны жейсің бе неғыласың, жалмауыз, обыр неме?


— Жемеймін, басқарам оны, билік жүргізем, — деп реніш білдірді Санчо, — және басқарғанда — он қалалық кеңес пен астаналық он алькальдтан артық басқаратын болам.


— Не десең о де, жеркенішті қылықтар қоймасы және мекерлік ордасы боп табылатын сен залым мұнда бәрібір кірмейсің, — деп салды күтуші әйел. — Бар, өз үйіңді басқар, ұлтарақтай телімің бар, соны жырт, арал-марал дегенді қой.


Бұлардың салғыласуы священник пен шаштаразды күлкіге қарық қылды, алайда Санчо аузына келгенді оттап, өзінің, Дон Кихоттың, жақсы атына кір келтіретін, кесірін тигізетін әлдебірдеңе жайында шатып жүре ме деп қорыққан Дон Кихот оны ішке шақырды да, әйелдерге айқай-шуды тоқтатып, оны өткізіп жіберуге әмір етті. Санчо ішке кірді, ал священник пен шаштараз Дон Кихотпен қоштасты; оның осынау қырсығы қалың кезбе рыцарьлық жайындағы ақылға қонымсыз пікірінде табандап тұрып алғанын, бұл турасындағы ой-толғамдарға бар ынты-шынтысымен берілгенін көрген олардың бұл сауығып кетеді-ау деген үміті енді біржола үзілген еді, осы себепті священник шаштаразға:


— Көріңіз де тұрыңыз, қадірменді достым, күндердің бір күнінде бауырымыз тағы да тайып тұрады, — деді.


— Оған еш күмәнім жоқ, — деп үн қатты шаштараз, — алайда мені рыцарьдың ауыштығынан гөрі атқосшының аңқаулығы таңғалдырып тұр: аралға қожалық ететініне сеніп қалғаны сонша, оған мұны ұмыттыруға қандай өкініштің де өксігі дәрменсіз.


— Құдай алдарынан жарылқасын, — деді священник, — ал біз екеуіміз сырттай бақылап тұратын болайық: рыцарь мен атқосшының бірінен бірі өткен делқұлы әрекеттерінің ақыры неге апарып соқтырарын көрейік, — анығы біреу: екеуі де құдды бір қалыптан шыққандай, сондықтан мырзасының есалаңдығы малайының есуастығынсыз түкке татымас еді.


— Рас айтасыз, — деп қоштады оны шаштараз. — Ана екеуінің қазір не жайында әңгіме көйітіп жатқанын білер ме еді, шіркін.


— Жиен қарындасы не күтуші әйелі кейін бәрін бізге баяндап беретінінде күмәнім жоқ: өйткені тың тыңдау олардың дағдылы әдеті ғой, — деді священник.


Ал, бұл кезде Дон Кихот Санчоны бөлмесіне кіргізіп іштен кілттеніп алған еді, сөйтіп онымен оңаша қалған соң былай деп сөйлеп кетті:


— Мені жылы ұяңды тастап шығуға мәжбүр еткен адам санайтыныңа және санап та жүргеніңе қатты өкпелімін, Санчо, алайда өзімнің де үйде отырып қалмағаным саған белгілі ғой: екеуіміз сапарға бірге шықтық, бірге аттандық, бірге жиһан кездік, екеуіміз тап болған тағдыр мен теперіш те айна-қатесіз ұқсас: егер сені бір мәрте көрпеге салып қақпақылдаса, мені жүз мәрте таяққа жықты; міне, сенің алдыңдағы бар артықшылығым осы ғана.


— Жә, бұл бізге әбден үйреншікті болған нәрсе ғой, — деді Санчо онша келісіңкіремей, — өзіңіз, тақсыр, айтпаушы ма едіңіз: қырсыққа атқосшылар емес, кезбе рыцарьлар кезігуге тиіс, деп.


— Қателеспе, — деп ескертті Дон Кихот, — caput dolet... деп басталатын сөз тегін айтылмаған шығар.


— Мен тек ана тілімді ғана білем, — деп мәлім етті Санчо.


— Айтайын дегенім, — деп түсіндірді Дон Кихот, — басың ауырса бүкіл денең ауыратыны мәлім, ал мына мен сенің қожайының әрі сеньорыңмын, ендеше мен — баспын, ал сен менің қызметшімсің, яғни — денемнің бір мүшесісің, міне осы себепті мен бір пәлеге душар болсам, оның саған да зардабы тимей қалмайды, сол сияқты сенің қасіретің де маған салмақ түсіреді.


— Солайы солай ғой оның, — деді Санчо, — алайда мені, денеңіздің бір мүшесін, көрпеге салып қақпақылдап жатқанда, басым дуалдың арғы жағында болды емес пе, менің қалай әлсін-әлі әуелеп жатқаныма қарап тұрды емес пе және бұл кезде оның дәнеңесі де кеткен жоқ, егер бас ауырғанда дене де ауыруға тиіс болса, онда дене ауырғанда бас та онымен бірге ауыруға міндетті ғой.


— Сонда сен, Санчо, өзіңді көрпемен қақпақылға салғаны менің жаныма батқан жоқ дегенді айтқың келе ме? — деп сұрады Дон Кихот. — Ендеше, егер осыны айтқың келсе, ендігі әрі бұлай айтушы да, ойлаушы да болма, өйткені сол кезде менің жаным сенің тәніңнен де гөрі қаттырақ қиналған болатын. Дегенмен, бұл әңгімені кейінге қалдыра тұрайық, сосын бәрін тағы бір талқылап, ақылға салып көрерміз. Ал енді қазір, достым Санчо, селомызда жұрттың мен жайлы не деп жүргенін айтшы. Мен жайында қара халық, идальголар мен кавальеролар қандай пікірде екен? Жүректілігім, ерлік істерім мен әдептілігім турасында не дейді жұрт? Баяғыда ұмыт болған рыцарьлық орденді қалпына келтіру және күллі әлем бойынша қайта жасақтау жөніндегі бастамам жайында қандай қауесет бар? Тоқ етері, Санчо, осы жайларға қатысты құлағың шалған әңгіменің бәрін түгел айтып бергеніңді қалаймын. Және ештеңе бүкпей, боямаламай баян етуге тиіссің, өйткені шын берілген вассалы өз сеньорына шындықты жарамсақтықпен әрлемей, жалған кішіпейілдікпен жаба тоқымай сол қалпында жеткізуі керек. Сен біліп қойғын, Санчо, шындық атаулы патшалар құлағына жағымпаздық шапанын жамылмай шырылдаған қалпында жеткенде қазір мүлдем басқа заман орнаған болар ма еді, қайтер еді; сонда өткен ғасырлар біздікімен салыстырғанда темір ғасыр тәрізді боп елестер еді, ал біздікі, әлбетте, алтын ғасыр секілді боп көрінер еді. Өзімді мазалап жүрген өзіңе мәлім жәйттер жайындағы барлық шындықты түгін қалдырмай айқын да түсінікті етіп баяндауың үшін, Санчо, осы сөзімді жадыңда ұста.


— Бұл айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, қайырымды мырзам, — деді Санчо, — бірақ мынадай бір шартым бар: бар шындықты тыр жалаңаш қалпында, басқа ештеңе кигізбей, өзіме қандай киіммен жетсе сол күйінде көз алдыңызға көлденең тартуды хош көрсеңіз, артынан ашу шақырмауыңыз керек.


— Түк те ашуланбаймын, — деді Дон Кихот. — Қысылып-қымтырылмай-ақ, тұспалдамай-ақ айта беруіңе болады, Санчо.


— Ендеше, сізге алдымен айтарым, — деп сөйлеп кетті Санчо, — халық сізді, тақсыр, нағыз нақұрыс деп біледі, мені де кеңкелес санайды. Идальголар айтады, сізге, тақсыр, идальго атағы аз көрінгендей, есіміне дон атауын тіркеп алды, бар-жоғы екі-үш жүзім сабағы мен тулақтай ғана жерге ие боп отырғанына қарамай, киімінен әр жері жылтырап көрініп тұрғанын да ескермей, өзін-өзі кавальеро атандырып жүр, дейді. Кавальеролар айтады, идальголардың, соның ішінде әсіресе атшы болуға ғана жарайтындардың, аяқ киімін қара күйемен тазалап, қара шұлығын жасыл жібекпен жамайтындардың, өзімізбен бақталас болғанын жақтырмаймыз, дейді.


— Бұл әңгіменің маған қатысы жоқ, — деді Дон Кихот, — қашан да жақсы киініп жүрем, жамалғанды кимеймін. Ал жыртықтың жөні бөлек — онда да, ол, негізінен, тозығы жеткендіктен емес, сауыт-сайман кигендіктен пайда болатын нәрсе.


— Ал енді жүректілігіңіз, әдептілігіңіз, ерліктеріңіз бен бастамаңыз жайына келсек, тақсыр, — деп Санчо сөзін әрмен жалғады, — бұл мәселе төңірегінде қилы-қилы пікір бар. Біреулер: “Кеңкелес болғанымен, күлкілі”, екінші біреулер: “Өжет болғанымен, жолы ауыр”, өңгелері: “Әдепті болғанымен әумесерлеу” деседі, ал енді өсек-аяңды өрбітсе болды, сізді де, тақсыр, сізге қоса мені де ғайбаттап, басымызға су құяды.


— Мына бір нәрсені қаперіңде ұста, Санчо, — деп сөйлей жөнелді Дон Кихот. — Ізгілік ірге бекітсе болды-ақ, оны құлатуға құштарлар да табыла кетеді. Бағзыда өткен айтулы ерлердің қай-қайсысы да немесе бәрі дерлік жаладан жалтара алмаған. Юлий Цезарьға, еш нәрседен жүрегі қайтпайтын, еш нәрсені көзден қалт жібермейтін және көзсіз батыр боп табылатын қолбасшыға, даңғой, киім киісінде де, мінез-құлқында да адам сүйер қылық жоқ деген кінә тағылды. Ерен ерлігімен “ұлы” деген атаққа ие болған Александрды “ішімдікке әуес” қып шығарып жүр. Іргелі істерімен ауызға ілінген Геркулесті нәуетек және нәпсіқұмар болған, деседі. Амадис Галльскийдің ағасы дон Галаор шамадан тыс қазымыр, ал інісі — жылауық болған дегенді айтады. Міне, сондықтан да, Санчо, айтулы адамдар турасындағы осыншама көп өсек-аяң нөпірінде өзіме қатысты өсек-аяңның, егер әлденені жасырып қалып жүрмесең, мүлдем елеусіз қалары хақ.


— Міне, кілтипан да сол әкетайымның пейіш төрінен орын таппайтынында болып тұр ғой! — деп дауыстап жіберді Санчо.


— Яғни, тағы да айтпағың бар ма? — деп сұрады Дон Кихот.


— Әриайдайым алда, — деп жауап қатты Санчо, — әлгім тек әләуләйім ғана. Егер сіз, тақсыр, өзіңіз жайында айтылып жүрген өсек-аяңға әбден қаныққыңыз келсе, қазір тез барып бір адамды шақырып келейін, ол сізге бәрін түгел баяндап береді, еш нәрсені ұмыт қалдырмайды: олай дейтінім, кеше кешкісін Бартоломе Каррасконың, әлгі Саламанкада оқыған, бакалавр атағын алған баласы келді ғой, содан оны келуімен құттықтағалы барған едім ғой, сол жерде ол маған сіздің, тақсыр, бастан кешкен хикаяларыңыз Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот деген атпен жарық көргенін айтты, оған қоса, әлгі кітапта менің де Санчо Панса деген өз атыммен, сеньора Дульсинея Тобосскаяның да өз атымен бейнеленгенін және онда екеуіміздің арамызда болған жайлардың бәрі тәптіштеп жазылғанын хабарлады, соны естігенде үрейімнің ұшқаны сонша, қолма-қол шоқына бастадым, — оны жазған адам мұның бәрін қайдан ғана біліп алған деп дегбірім қалмады.


— Олла-біллә, Санчо, — деді Дон Кихот, — жылнамашымыздың әлдебір данагөй сиқыршы екенінде күмән жоқ: егер бірдеңе жайында жазбақ болса, ондайлардан ештеңе жасырын қала алмайды.


— Қайдағы данагөйді, ол аздай сиқыршыны айтып отырсыз! — деп саңқ етті Санчо. — Бакалавр Самсон Каррасконың (әлгі айтқан адамымның аты-жөні осындай) айтуынша, ол кітаптың авторы Сид Ахмет Бен-ыңқыли ныспылы біреу ғой!


— Бұл мавр есімі, — деді Дон Кихот.


— Солай екенінде шүбә жоқ, — деп іліп әкетті Санчо, — маврлардың барып тұрған бетсіз екендігі жайында көп адамнан құлағдар болғам.


— Меніңше, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — сен әлгі Сид дегеннің ныспысын шамалы бұрмалап жібергендейсің; оған қоса, айта кеткен артық етпес, бұл арабша “мырза” дегенді білдіреді.


— Әбден мүмкін, — деді Санчо. — Сөйтіп, енді, тақсыр, бакалаврды осында алып келгенімді хош көрсеңіз, жылдам барып ертіп келе қояйын оны.


— Бұл үшін саған алғыстан басқа айтарым жоқ, достым, — деді Дон Кихот. — Сен маған бір құпияның басын қылтиттың, — енді соны бүге-шігесіне дейін анықтағанша ештеңе ішпеймін де, жемеймін де.


— Ендеше, оны ертіп келейін, — деді Санчо қайталап.


Соны айтып, мырзасының үйінен шыққан ол бакалаврға бет алды, арада аз уақыт өткенде оны ертіп қайтып оралды да, сол жерде үшеуінің арасында аса бір қызықты әңгіме-сұқбат басталды.


ІІІ тарау


Дон Кихоттың, Санчо Пансаның және бакалавр Самсон Каррасконың арасында болған қызғылықты әңгіме жайында


Санчо хабарын жеткізген кітапта өзі жайында нақтылы не айтылғанын бакалавр Карраскодан естіп-білмекке үміттеніп, оны күтіп қалған Дон Кихот терең ойға шомды; ондай кітаптың шынымен-ақ пайда болғанына қайтсе де сене алмаған: өйткені, жер жастандырған жауларының қаны найзасының ұшынан әлі сорғалап тұр емес пе, соған қарамай рыцарьлық ерен ерліктерінің егжей-тегжейі кітап боп жарыққа шығып та үлгерді дейді. Сөйте тұрғанымен, ақыр соңында дос па әлде дұшпан ба, әйтеуір бір данагөй оны сиқыршылық пәрмені арқылы басып шығарған болды ғой деген тұжырымға келді: егер дос болса, онда мұның ерлік істерін кезбе рыцарь атаулының аса бір айтулы қарекеттерінен де асыра дәріптеп, көкке көтеруді көздеген шығар, ал дұшпан болса, бұл істерінің қадірін азайтып, атқосшы атаулының ішіндегі ең бір ардан безгендерінің бұрын-соңды кітап бетінде баяндалған барып тұрған жеркенішті әрекетінен де жағымсыз етіп көрсетуді мұрат тұтқан болар; дей тұрғанмен, деп өзіне өзі қарсылық білдірді ол, атқосшылар тірлігін ешкім ешқашан суреттеп жазған емес, ал егер ақи-тақи ондай кітаптың бары рас болса, онда бұл өзі кезбе рыцарь жайындағы кітап боп табылатындықтан, дәстүрлі дәрежеде тілі шешен, мақсаты биік, тартымды және шыншыл болуға тиіс. Бұл долбары жанын шамалы жай таптырғандай болды, алайда кітаптың авторы мавр екені, оны Сид деген сөздің өзі-ақ көрсетіп тұрғаны есіне оралғанда қайтадан дегбірсізденіп кетті: маврлардан шындыққа адалдықты дәмету қиын еді, өйткені олардың бәрі алдамшы, өтірікші, суайт келеді. Ол үрейлене ой кешті: егер мавр оның сүйіспеншілік сезіміне қатысты жайларды инабаттылықпен суреттемесе, сөйтіп сеньора Дульсинея Тобосскаяның ар-намысына кір келтіріп, оны жаман атқа қалдырып жүрсе қайтпек? Аяшына адалдығы, оны әрқашан ардақ тұтқаны, король айымдар мен патша айымдардан, басқа да алуан-алуан атағы зор бикештерден бас тартып, көңілдің табиғи талпыныс-тілегін тежеумен болғаны кітапта ашып көрсетілгенін қалаған еді ол. Санчо мен Карраско келіп кірген кезде ол әлі де сол бұрынғыша ой тербеп, болжам жасап, жорамал құрып отырған; Дон Кихот бакалаврды үлкен ілтипатпен қарсы алды.


Самсон атанғанына қарамастан бакалавр аласа бойлы ғана еді, есесіне мейлінше мәттақам болатын; бет-әлпеті оңған шүберектей боп-боз еді, есесіне ақыл-парасаты ерен қағылез болатын; жиырма төрт жастағы дөңгелек жүзді, таңқы танау, жайын ауыз бұл жігіттің кеспіріне қарап оның қуақылығын, әзіл-қалжыңға бейімдігін аңғару қиын емес-ті және бұл қасиетін Дон Кихотты көзі шалған сәтте-ақ паш етті, өйткені сол бойда-ақ оның алдына барып тізерлей кетіп, былай деп тіл қатты:


— Құдіретіңізге құлдық, сеньор Ламанчалық Дон Кихот! Қолыңызды бере қойыңызшы маған, өйткені үстіме киген (бар-жоғы алғашқы төрт сатыдан өткеніме қарамай) шадияр Петрдің киімімен ант етейін, сіз, мархабатты мырзам, жер бетінде бұрын-соңды бой көрсеткен немесе енді-енді бой көрсететін аса айбынды кезбе рыцарьлардың біреуісіз. Осынау ұлы істеріңіздің тарихын хатқа түсіргені үшін Сид Ахмет Бен-инхалиға құдайдың шапағаты тисін, ал барша жұрттың көңілін көтеру мақсатында оны араб тілінен өзіміздің дағдылы кастиль тіліне тәржімалау міндетін мойнына артқан сол бір әуестігі айрықша адам құдайдың шапағатына одан да мол кенелсін.


Дон Кихот оның түрегелуін өтініп, былай деді:


— Сөйтіп, басымнан өткен жайлардың хатқа түскені және оны әлде бір данагөй маврдың құрастырғаны рас болғаны ма?


— Айна-қатесіз шындық, сеньор, — деп жауап қатты Самсон, — және ол кітаптың күні бүгінге дейін он екі мың данамен басылып шыққанына да кепілдік ете алам. Әгәрәки сенбесеңіз, кітапты басып шығарған Португалияға, Барселонаға және Валенсияға сұрау салыңыз, оған қоса қазір оны Антверпенде де басып жатыр деген әңгіме тарап жүр, — меніңше, ұзамай оны өз ана тілінде оқымайтын халық қалмайды-ау, сірә.


— Ізгі қасиеттер иесі боп табылатын және ізгі мұрат жолында жүрген адам үшін, — деді Дон Кихот бұған жауап ретінде, — өзі жайындағы жақсы лепестің баспа бетінде жарияланған сөздің арқасында көзі тірісінде-ақ неше алуан халықтың тілінде тарап жүргенін білуден асқан қанат бітірер қуаныш бола қоймас. Мен жақсы лепес деп отырмын, керісінше болған жағдайда онымен тіпті өлім де теңдесе алмайды.


— Ал енді жақсы атағыңыз бен жақсы атыңызға келсек, — деп іліп әкетті бакалавр, — сіз, тақсыр, кезбе рыцарь біткеннің бәрін түгел артта қалдырасыз, өйткені батылдығыңызды, қатер төнген шақтағы көзсіз батырлығыңызды, ауыртпалық түскен кездегі шыдамдылығыңызды, қысталаңға тап болған, сондай-ақ жарақат алған сәттердегі төзімділігіңізді, ақыр аяғында, сіздің, мархабатты мырзам, сеньора донья Дульсинея Тобосскаяға деген сырттай ынтызарлық сезіміңіздің тазалығы мен сыпайылығын мавр өз тілінде, христиан өз тілінде небір шырайлы да шұрайлы сөзбен сипаттап берген.


— Сеньора Дульсинеяны донья деп атағанын өмірі естіген емен, — деп сол жерде Санчо сөзге араласты, — оны жай әншейін сеньора Дульсинея Тобосская деп қана атайды, сондықтан бұл арада жазушың жаза басып отыр.


— Бұл қарсылығыңның бәлендей құны жоқ, — деп құлаққағыс етті Карраско.


— Әлбетте, әлбетте, — деп мақұлдай кетті Дон Кихот, — алайда, айтыңызшы маған, сеньор бакалавр: бұл кітапта әсіресе қай ерлігім айрықша дәріптеліпті?


— Бұл тұрғыда әр алуан пікір бар, — деп жауап қатты бакалавр, — өйткені әркімнің талғамы әрқалай: біреулер өзіңіз, тақсыр, Бриарейлер мен алыптар деп ойлаған жел диірмендерімен болған оқиғаны, өңгелер шұға шығаратын шеберханаға қатысты жәйтті, басқалар кейін екі отар қой екені мәлім болған екі қосынның сипаттамасын ұнатады, тағы біреулер Сеговияға жерлеуге алып бара жатқан мәйітке қатысты оқиғаға сүйсініс білдіреді, әлдекімдер — каторгаға кесілгендерді босатуға байланысты хикаядан артығы жоқ десе, тағы біреулер — бенедиктілік екі алыппен және жаужүрек бискайлықпен арада болған шытырман оқиға бәрін жолда қалдырады дегенді айтады.


— Айтыңызшы, сеньор бакалавр, — деп Санчо тағы қыстырылды, — ақ көңіл Росинантымыз мүйіз сұраймын деп құлақтан айырыла жаздаған, анау әлгі янгуастықтармен арада болған шатақ кітапқа еніп пе?


— Данагөй сауыт түбінде сия қалдырмаған, — деп жауап қатты Самсон, — ол барлық жайды қозғаған, барлығын түгел әңгімелеп берген, тіпті Санчоның көрпеде қалай аунағаны жөнінде де айтқан.


— Көрпеде ешқашан аунаған емеспін, — деді Санчо ренжіңкіреп, — әуеде аунағаным бар және, шынымды айтсам, оның тым ұзаққа созылғаны да рас.


— Өз ойымша, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — зиялы орта өмірі жайындағы, әсіресе рыцарьлар ерлігі жөніндегі хикаяның қай-қайсысы да тақсірет тақырыбын айналып өтпейтін, — өңкей тек сәтімен оңғарылған істерді сипаттай бермейтіні белгілі ғой.


— Қалай болған күнде де, — деді бакалавр, — оқырмандардың кейбірі авторлардың қилы қақтығыс кезінде сеньор Дон Кихоттың басына жаңбырдай жауатын соққылар санын азайтқаны бізге көбірек ұнар еді дегенді айтады.


— Тарих шыншыл болуға тиісті, — деді Санчо.


— Дей тұрғанмен, авторлардың әділдікті арқа тұтып бұл жайында үндемей-ақ қоюына да болатын, — деді Дон Кихот келіспей. — Тарихи шындыққа шәк келтірмегенімен, оны бұрмалай қоймағанымен, кейіпкердің намысына тиюі әбден ықтимал ондай оқиғаларды егжей-тегжейлі жазудың түкке қажеті жоқ. Ақиқатына келсек, Вергилий суреттегендей, Эней соншалықты тақуа, ал Гомер әспеттегендей, Одиссей аса бір айлакер болмаған.


— Рас, — деді Самсон қоштап, — бірақ ақынның жөні бір бөлек те, тарихшының жөні бір бөлек: белгілі бір уақиғаның жайын баян еткен немесе мадақтап жырға қосқан ақын оның шын мәнінде қандай болғанын емес, қандай болуға тиіс екенін бейнелеуге құқылы, ал тарихшыға келсек, ол уақиғаны қандай болуға тиіс деген тұрғыда емес, шын мәнінде қандай болғанын ештеңесін қалыс қалдырмай, өз жанынан ештеңе қоспай қаз-қалпында сипаттауға міндетті.


— Сеньор мавр ақыры бар шындықты қағазға түсірген болса, — деп құлаққағыс етті Санчо, — онда қожайыным жеген соққылардың арасында өз үлесіме тигендері де бары анық, олай дейтінім, мырзамның қабырғасы қақсаған шақтарда менің де тұла бойымның көкала қойдай боп шыға келетін дағдысы бар-ды. Әйткенмен, бұған таңғалатын не бар: бастың ауруы дененің басқа мүшелеріне де зардабын тигізеді деп мырзамның өзі мәлім етті емес пе.


— Әй, сіз де өзіңіз барып тұрған алаяқсыз-ау, Санчо, — деп салды Дон Кихот. — Басқасы басқа ғой, бірақ өз пайдаңызға келгенде қаперіңіз ғаламат.


— Қайтем енді, сыбаға берген сойылдарды есімнен шығарып тастағым-ақ келгенімен, көгерткен жерлері бәрібір ұмыттырар емес: бүйірлерім әлі күнге шейін қол тигізбейді, — деп қарсы уәж айтты Санчо.


— Жапшы аузыңды, Санчо, — деді Дон Кихот, — сеньор бакалаврдың сөзін бөлмей тұра тұршы, ал мен өз тарапымнан одан әңгімесін әрмен жалғастыруды, аталмыш хикаяда өзім жайында не айтылғанының бәрін баяндап беруді сұраймын.


— Мен де ұмыт қалмайын, — деп сөз қыстырды Санчо, — өйткені, жұрттың айтуынша, оның басты пресонаждарының біреуі мен көрінем.


— Пресонаж емес, персонаж, достым Санчо, — деп түзетті оны Самсон.


— Міне, тағы бір ыссы мұғалім табылды маған! — деді Санчо. — Егер әр сөзді аңди беретін болсақ, онда бұл әңгімені өмір-бақи аяқтай алмайтын шығармыз.


— Егер сен, Санчо, осы хикаятта екінші тұлға болмай шықсаң — бұл дүниенің қызығын көрмей-ақ өтейін, — деп мәлім етті бакалавр. — Ол өз алдына, мұқым осы хикаяттағы ең басты тұлға боп табылатын адамнан гөрі сенің аузыңнан шыққан сөзге көбірек бейіл беретін оқырмандар да бар. Сөйте тұрғанымен, біреулер осы арада отырған сеньор Дон Кихот өзіңе уәде еткен аралға губернатор болам-ау деп шамадан тыс аңқаулыққа салынғаныңды да айтып жүр.


— Оған уақыт бар әлі, — деп ескертті Дон Кихот. — Жасына жас қосылған сайын, жылдар өтіп тәжірибесі толыса түскен сайын Санчо нағыз қабілетті де іскер губернаторға айналады.


— Құдай ақы, сеньор, — деді Санчо, — осы жасыма шейін аралға губернаторлық етіп көрмеген едім, Мафусаил жасында да онда губернаторлық ете қоймаспын. Әңгіме аралды басқаруға епсектілігімнің жетпеуінде емес, әлгі аралдың өзінің із-түзсіз жоғалып кетуінде болып тұр ғой.


— Бәрін де құдайға тапсыр, Санчо, — деп жуаси үн қатты Дон Кихот, — сонда бәрі жақсы болады, бәлкім тіпті өзің күткеннен де жақсы боп шығуы ғажап емес, өйткені құдай алғыс бермесе ағаштағы жапырақ та қыбыр ете алмайды.


— Даусыз ақиқат, — деп тұжырды Самсон. — Егер құдай хош көрсе, Санчоның қол астына бір емес, мың аралдың қарауы ықтимал.


— Бұл губернатор дегендеріңнің талайын көрдім ғой, — деді Санчо, — байқауымша, олар менің ширегіме де келмейтін секілді, бірақ оларды жоғары мәртебелі деп әспеттейді және олар күміс ыдыс-аяқтан ас ішеді.


— Олар арал губернаторы емес, одан гөрі қарапайымдау иелігі бар жандар, — деді Самсон келісе қоймай, — арал губернаторлары құрығанда грамматика мен арифметиканы білуге міндетті.


— Арық дегеннің жайынан хабарым бар-ау, — деді Санчо, — бірақ метика деген не пәле — бұл тіпті үш ұйқтасам да түсіме кіре қоймас, білмеймін оның не екенін. Жә, аралдар тағдырын құдайдың құзырына тапсырайық, жаратқан ием мені пайдам көбірек тиетін жерге жібере көрсін. Ал, енді сізге мынаны айтайын, сеньор бакалавр Самсон Карраско, әлгі хикая авторының бастан кешкен жағдайларымды әңгімелеген кезде өзім жайында көңілге ауыр тиетін бірдеңені бықсытпағанына әбден ризамын, өйткені егер ол өзім секілді айрықша таза қанды христианның табиғатына жат әлденені көйіткен болса, онда ащы дауысымды тіпті тас кереңнің өзі де естір еді.


— Бұл нағыз ғажайыптың өзі болар еді, — дей салды Самсон.


— Ғажайып па, емес пе, — деп шорт қайырды Санчо, — бірақ анық білетін бір нәрсем, кім болса да пресондар жайында не айтатыны немесе жазатыны турасында жақсылап ойланғаны жөн, аузына не келсе соны оттай бермеуге тиіс.


— Шығарма кемшіліктерінің бірі, — деп бакалавр әңгімесін жалғады, — автордың оған Пәруайсыз әуестік аталатын хикаятты енгізгені делінеді, — әңгіме хикаяттың жеке өзінің татымсыздығында немесе нашар жазылғандығында емес, әңгіме оның бұған қисынсыз қиыстырылуында және сеньор Дон Кихоттың басынан өткен жайларға ешқандай қатысы жоқтығында болып тұр.


— Бәс тігуге бармын, бұл иттің баласы бәрін ботқадай былықтырған ғой, шамасы, — деп салды Санчо.


— Ендеше, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — сіздерге ашығын айтайын: өзім жайындағы кітаптың авторы әсте білімпаз біреу емес, әншейін жүрген бір дүмше мылжың, ана кітапты да әйтеуір түбі бірдеңе шықпас деймісің деген тәуекелшілдікпен және қалай болса солай жазған — дәп сол Убедадан шыққан суретші Орбанеха секілді; “не салып жатырсың” деп сұрағандарға ол: “Әйтеуір бірдеңе шықпас деймісің” деп жауап береді екен. Бір жолы ол әтештің суретін салыпты және өте нашар әрі кеспірсіз етіп салғаны сонша, астына: “Бұл — әтеш” деп жазып қоюына тура келіпті. Сірә, менің де бастан кешкендерім сондай кепке душар болған шығар, оны ұғындыру үшін түсініктеме қажет болар.


— Жоға, о не дегеніңіз, — деп қарсылық білдірді Самсон, — онда ешқандай күлбілте жоқ, бәрі де айқын, анық, түк қиындық келтірмейді: балалар одан бас көтере алмайды, жас жігіттер ынта қойып оқиды, ересектер түсіністікпен қарайды, қарттар жағы мақтайды. Қысқасы, қандай дәреже, атағы барына қарамастан жұрт оны бас алмай құмарта оқып жатыр және жатқа да біледі, осы себепті бір көтерем мәстек көздеріне шалынса болды: “Мә, Росинантты қара!” деседі. Оны әсіресе малайлар айрықша ұнатады — кез-келген бай мен балпаңның ауыз үйінен Дон Кихотты табасың: біреуі оны бір сәтке былай қойса болды, екіншісі сол бойда-ақ қағып кетеді, кейде бір-бірімен сол үшін шекісіп те қалады, кейде бір-бірінен жалынып-жалпайып сұрап алып жатқаны. Тоқ етерін айтқанда, аталмыш хикая — өзіме мәлім дүниелердің ішіндегі зияны мейлінше аз туынды және оны оқыған адам уақытты барынша көңілді өткізеді, өйткені кітаптың өне бойынан бірде бір болмашы былапыт сөз бен католиктер сеніміне сай келмейтін бір де бір ой-тұжырымды кезіктіре алмайсың.


— Басқаша жазу — шындықты емес жалғанды жазу боп шығады, — деп тұжырды Дон Кихот, — ал өтірік қосып жазуға дағдыланған тарихшыларды жалған ақша жасаушылармен қабат отқа өртеу қажет. Менің бір нәрсеге ақылым жетпей отыр: өзім жайында соншалықты көп нәрсе жазуға болатынына қарамай, автордың бұған басқа біреулер жөніндегі хикаяттар мен әңгімелерді тықпалауының не қажеті бар еді? Шамасы, ол: “Шөп таппасаң сабан же, тоймаса қарның амал не” деген мақалды басшылыққа алған ғой. Шын мәнінде де, ой-толғамдарым, ауыр күрсінісім, төккен жасым, ізгі ниеттерім мен айқастарымның өзі-ақ оған шығарған кітабынан да қалыңырақ немесе, тым құрығанда, тап сол анау Тостадо шығармалары құрағандай қалың томға әбден жетерлік емес пе еді. Ашығын айтсам, сеньор бакалавр, хикаяларды немесе, жалпы, қандай да болсын әйтеуір бір кітапты жазу үшін тұжырым дәлдігі мен ақыл-ой кемелдігі қажет-ау деп ойлаймын. Әзіл-қалжыңы мол, тапқыр да ұтқыр дүние туындату — ұлы адамдардың парасат-пайымына тән қасиет: комедиядағы ең ақылды тұлға — сайқымазақ, себебі өзін өзі ақымақ қып көрсетуге құмбыл адам шын мәнінде ондай болмауға тиіс. Тарих — айрықша қастер тұтуға лайық нәрсе, өйткені ол шыншыл болуға міндетті, ал шындық қайда болса құдай да сонда, өйткені құдай дегеніміздің өзі — шындық, алайда кітапты құймақ құйғандай тоғыта беретін адамдар барын да білеміз.


— Тіпті нашар деген кітаптың өзінен де әлденендей тәуір бірдеңе табылады, — деп қосарланды бакалавр.


— Оған сөз бар ма, — деп келісе кетті Дон Кихот, — алайда мынадай жағдай да жолығады: кей адамдар қолжазбалары арқылы әділетті түрде зор даңққа қол жеткізіп, құрметке бөленеді, бірақ шығармалары баспа жүзін көрген бойда бұрынғы атақ-абыройы көзінен бұлбұл ұшады жә болмаса әжептәуір солғын тартып қалады.


— Мәселенің мәнісі мынада, — деді Карраско, — басылып шыққан шығарма асықпай оқылады, сондықтан оның кемшілігін табу да оңай, оған қоса шығармашының даңқы неғұрлым дүрілдеп тұрса, туындылары да соғұрлым мұқият зерттеледі. Дарын-қабілеті дүйім жұртқа мәлім адамдарға, ұлы ақындар мен әйгілі тарихшыларға қашан да немесе көбіне-көп өздері бірде бір дүниені жарыққа шығармаған, бірақ басқалардың туындыларына үкім айтуға айрықша құштарлықпен және ынтызарлықпен кірісетін жандар қызғаныш білдіреді.


— Бұған таңғалатын дәнеңе жоқ, — деді Дон Кихот, — уағызшы болуға жарамсыз қыруар діни қайраткер бар, бірақ есесіне олар әлде бір уағызда ненің жетпей қалғанын, ненің артық болғанын тап басып айтып бере алады.


— Бұның солай екені солай, сеньор Дон Кихот, — деді Карраско келісіңкіремей, — әйтсе де, мұндай қазылардың көбірек қамқоршыл және азырақ қазымыр болғанын, сондай-ақ өздері жамандап отырған шығарма туындатқан жарқыраған күннің бетіндегі дақтарды санамағанын қалар едім, өйткені егер alіquando bonus dormіtat Homerus6 болса, онда әлгілер шуақты шығармасына көлеңкенің барынша аз түсуі үшін автордың қаншама уақыт сергек болуына тура келгенін ой елегінен өткізсе нетті, оның үстіне әлгілер ұнатпаған дақтар адам кескініне кереметтей көрік беріп тұратын табиғи мең боп та шығуы мүмкін ғой. Қысқасын айтқанда, шығармасын баспаға берген жан орасан үлкен қатерге басын тігеді, өйткені жұрттың бәріне бірдей ұнайтын кітап жазу мүлдем мүмкін емес нәрсе.


— Мен жайында жазылған кітап аз ғана топты алдарқататын шығар, — деп сөз қыстырды Дон Кихот.


— Тіптен керісінше: өйткені stultorum іnfіnіtus est numerus7, сондықтан бастан кешкендеріңіз сансыз көп оқырманның көңілінен шықты; дегенмен, біреулердің ойынша, автордың қапері осал да босаң секілді, өйткені Санчоның сұр жорғасын кім ұрлағанын хабарлауды ұмыт қалдырған: ұрының кім екені айтылмаған, бізге тек есектің қолды болғаны ғана мәлім, ал арада аз уақыт өткенде Санчоның қайтадан сол баяғы есегінде қонжиып отырғанын көреміз, ал оның қайдан пайда болғанын бір құдайдың өзі біледі. Бұған қоса, автор Сьерра Моренадағы шамаданнан табылған жүз эскудоны Санчоның қалай жаратқанын да хабарлауды ұмытып кетіпті десіп жүр: автор бұл жайында жұмған аузын ашпайды, ал шынтуайтына келгенде, Санчоның оны қалай жаратқанын және қандай қажетіне жұмсағанын білгісі келетіндер аз емес, — міне, кітапқа осындай елемеске болмайтын нақтылық жетіспейді-ақ.


Санчо бұған былай деп жауап қайтарды:


— Сеньор Самсон, дәл қазір менің қандай да бір есеп-қисаппен айналысарлық мұғдарым жоқ, — қарнымның шұрқырап тұрғаны сонша, егер сергектік үшін күшті шараптан бір сіміріп алмасам жаңқаға ұқсап солып қаларым кәміл. Үйімде шарап бар, қадірменді қосағым екі көзі төрт боп тосып отыр, тамақтанып алам да қайтам, сосын сіздің де, тілеуіңіз болғыр, есектің жоғалуы мен жүз эскудоны қайда жібергенім жайында білгісі келетін басқа біреулердің де тілегін толығымен қанағаттандыратын болам.


Жауап тоспастан және басқа бір ауыз сөз айтпастан Санчо үйіне кетіп қалды. Дон Кихот бакалаврдан қала тұруын, бұйырған астан өзімен бірге дәм татуын қиыла өтінді. Бакалавр шақыруды қабыл алып, қалып қойды; қосымша сыбаға ретінде екі көгершін әкелінді; дастарқан басында рыцарьлық жайында әңгіме қозғалды; Карраско үй иесінің сөзіне бас шұлғумен болды; осымен отырыс аяқталып, бәрі көз шырымын алуға жатты. Санчо қайтып оралған соң үзілген әңгіме қайта жалғасты.


ІҮ тарау


Мұнда Санчо Панса бакалавр Самсон Каррасконың таңырқаулы сұрақтарына жауап қайтарады, сондай-ақ хабардар болуға және айтып беруге татырлық оқиғалар орын алады


Дон Кихоттың үйіне қайтып оралған Санчо үзілген әңгімені қайта жалғап, былай деді:


— Сеньор Самсонның айтуынша, сұр жорғамды кімнің қалай және қашан ұрлап кеткенін білуге құмар көрінеді, оның бұл сауалына мынадай жауап қайтармақпын. Каторгаға жіберілгендерге және Сеговияға әкетіп бара жатқан өлікке қатысты қырсықты оқиғалардан, — иә, айтқандайын, шытырман оқиғалардан, — кейін Қасиетті ағайындықтан бас сауғалай қашып, Сьерра Моренадан бір-ақ шыққан түні қожайыным екеуіміз орманның қорысына барып тығылған едік; сілеміз қатып таяқ жеп, ұрыс-керістен әбден титықтаған екеуіміз сол арада: мырзам — найзасына сүйеніп тұрған қалпы, ал мен сұр жорғама мініп отырған күйімде бейне бір құс төсекке жайғасқандай жан рақатын тауып ұйықтап кетіппіз. Әсіресе менің қатып ұйықтап қалғаным сонша, әлдекім ұрлана басып келіп, ерді төрт жағынан таяқпен тіреп қойыпты да, астымдағы есекті білдірмей босатып әкетіпті, ал мен сол бұрынғыша ерде отырған күйімде қала барыппын.


— Бұл аса қиын шаруа емес және жаңадан ойлап табылған бірдеңе де емес, Альбраканы қоршауға алған кезде Сакрипанттың басында да тап сондай жағдай болған: атышулы қарақшы Брунел оның астындағы атын дәл осындай айлакерлік амалмен алып кеткен.


— Таң ағарып атқан шақ еді, — деп Санчо сөзін жалғады, — сәл-пәл қозғалақтағаным сол, таяқтар ұшып кетті де, мен бар салмағыммен жерге былш ете қалдым. Сұр жорғам қайда деп жан-жағыма қарандым, есегім зым-зия жоқ. Егіл-тегіл еңіреп жыладым-ай кеп, көзімнің жасын күңірене көлдеткенім сонша, егер біз туралы кітап жазған кісі осы жоқтауымды оған енгізбесе, онда оның бұл кітапқа жөнді ештеңе енгізбегеніне күмән келтіруге болмайды. Одан соң қанша күн өткені есімде жоқ, әйтеуір сеньора принцесса Микомиконамен бірге келе жатқам, қарасам: есегім, міне, қарсы алдымда тұр, ал үстінде сығанша киініп алған, мырзам екеуіміз шынжырдан босатқан әлгі алаяқ, барып тұрған сұрқия Хинес де Пасамонте жарбиып отыр.


— Ағаттық онда емес, ағаттық автордың есек табылардан біраз бұрын Санчо сол баяғы сұр жорғасын мініп келе жатыр деп аңдаусыз айтып қалғанында боп тұр, — деп құлаққағыс етті Самсон.


— Бұған қандай жауап қайтарарымды білмеймін, — деді Санчо, — шамасы, шығармашы қателескен болар, жә теруші шалағайлық жасаған шығар.


— Асылы, солай болғанында күмән жоқ, — деді Самсон. — Ал, ана жүз эскудоның жайы не болды? Құрттың ба көзін?


Санчо былай деп жауап қатты:


— Мен ол ақшаны өз қажетіме, жұбайым мен балаларымның мұқтажына жұмсадым. Қожайыным Дон Кихотқа қызметке кіріп, жер-дүниені шарлап кеткенім үшін әйелімнен тек осы ақшаның арқасында ғана сөгіс алғам жоқ, әйтпесе арада осынша уақыт өткенде үйіме әрі есек жоқ, әрі құр қол оралсам халым аянышты-ақ болар еді. Әгәрәки өзім жайында тағы бірдеңе білгіңіз келсе сұрай беріңіз, мен дайынмын, тіпті корольдің тап өзіне, өз пресонасына жауап беруге де әзірмін; одан соң үйге ақша әкелдім бе, әкелмедім бе, оны жараттым ба, жаратпадым ба — мұнда ешкімнің шатағы жоқ, өйткені саяхатымның барысында жеген соққыларымның өтеміне, әрқайсысы үшін құрығанда төрт мараведиден ақша төлейтін болса, онда тек соның жартысының ғана ақысына жүз дегенің не тәйірі, тіпті екі жүз эскудо да аздық еткен болар еді, онан соң әркім әуелі өз ар-ұятына жүгініп алсын, содан кейін барып ақты — қара, қараны — ақ деп атай берсін: себебі бәріміз де құдай өзімізді қандай ғып жаратса, сондай жандармыз, ал кейде тіпті одан да нашар боп шығуымыз мүмкін.


— Ақпейіл Санчо осы қазір ғана ағынан жарыла айтқан әңгімені кітабының екінші басылымына енгізу жайын ұмытпауды автордан өтінермін, — деді Карраско, — кітаптың көркемдігін арттыра түсуге бұның септігі тиері кәміл.


— Бұл кітапқа басқа да бір түзетулер енгізу қажет пе, сеньор бакалавр? — деп сұрады Дон Кихот.


— Сірә, ептеген түзету енгізу керек те шығар, бірақ ол айтарлықтай мәнді бірдеңе бола қоймас, — деп жауап қатты ол.


— Апырай, автор екінші бөлімін жарыққа шығармақ ойдан сау ма екен? — деп сұрады Дон Кихот.


— Енді қалай, әрине, шығарғалы жатыр, — деп жауап қатты Самсон, — тек, айтуынша, екінші бөлімді әлі іздеп жүрген көрінеді, оның кімнің қолында сақтаулы тұрғанын да білмейді екен, сондықтан ол жарыққа шыға ма, жоқ па — бұл жағы әлі беймағлұм, онан соң біреулер: “Екінші бөлім ешқашан сәтті шықпайды”, дегенді айтады, ал өңгелері: “Дон Кихот жайында жетерліктей-ақ жазылды ғой”, деседі, осыдан келіп екінші бөлімнің болатынына үлкен күмән туып тұр. Әйткенмен, қабағы ашық, жүзі жарқын жарандар: “Бізге Дон Кихоттың басқа да қызық-шыжықтары керек, Дон Кихот жау іздесін, ал Санчо Панса мылжыңынан жаңылмасын, не жайында айтсаңыздар да еріктеріңіз — бізге бәрі қызықты”, деген өтініш білдіріп жүр.


— Сонда автор не істемекші енді?


— Не істесін, — деп жауап қатты Самсон. — Әлгі хикаяны айрықша ыждағаттылықпен іздестіріп жатыр, табыла қалса сол бойда-ақ басуға ұсынбақ: себебі ол мақтау мен мадақтан гөрі кіріс жайына көбірек көңіл бөледі.


Санчо оған мынадай жауап қайтарды:


— Е-е, авторымыз ақша десе, пайда десе ішкен асын жерге қоятын адам ба еді? Демек, жазуы сәтті шықса, мұны ғайыптан болған ғажайып деп қана атауға болар: себебі оған Пасха таяп келген кездегі тігінші әйел секілді асығыс-үсігіс тепшуге тура келеді ғой, — асығыстықпен жазылған шығарманың қашан да бір қайнауы ішінде болады. Жоға, анау әлгі сеньор мавр, басқадай аты қандай екенін білмеймін, барын салсын, ал біз қожайынымыз екеуіміз шытырман оқиға мен не түрлі тосын жағдай жөнінен аянып қалмаймыз, сондықтан ол тек екінші бөлімді ғана емес, тағы да сондай жүз бөлімді жазып шыға алады. Ол, ақ жүрек байғұс, ойлайтын шығар, бізді мұнда қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ боп жүр деп, қалай үріп ішіп, шайқап төгіп отырғанымызды келіп көрер ме еді, — мұндай ас та төк тіршіліктен тырапай асуың да қиынға соқпайды. Ал әзірше былай демекпін: егер мырзам айтқаныма құлақ асқанда, баяғыда-ақ жазық далада жүрген болар едік, ізгі ниетті кезбе рыцарьлардың машығымен және солардың салт-дәстүріне сай зұлымдықтың тамырына балта шауып, қисық-қыңырды тезге салумен айналысар едік.


Санчо осыны айтып ауыз жауып үлгергенше сырттан Росинанттың кісінегені құлаққа шалынды, бұл кісінеуді жақсы ырымға балаған Дон Кихот үш күннің, әрі кетсе төрт күннің ішінде қайтадан жорыққа шығуға шешім қабылдады; осы ниетін бакалаврға баян еткен ол, қай жаққа бағыт ұстағаны дұрыс болатыны жөнінде кеңес беруін өтінді; бакалавр оған, өз ойынша, Арагон корольдігін, Сарагоса қаласын бетке алғаны жөн болатынын, таяу мезгілде, яғни Георгий күні, сонда айрықша салтанатты сайыс өтуге тиіс екенін, сол сайыста Дон Кихот арагондық барлық рыцарьды тізе бүктіре алатынын, ал мұның өзі әлемдегі барлық рыцарьды тізе бүктірумен бірдей боп шығатынын айтты. Одан соң бакалавр Дон Кихотты аса бір ізгілікті әрі батыл бастамасы үшін мақтады, бірақ басын бәйгеге тікпегені жөн екенін алдын-ала ескертіп қойды, өйткені оның өмірі өзіне тиесілі болудан қалғанын, көмегі мен қамқорлығына мұқтаж күллі қарып-қасерге тиесілі боп отырғанын құлаққағыс етті.


— Сайыс мәселесіне, сеньор Самсон, мен қарсымын, — деп Санчо сөзге араласты, — себебі тәттіқұмар бала бес-алты піскен қауынға қалай құлшына ұмтылса, қожайыным да қарулы жүз адамға солай тап береді. Жә, бос әңгіме не керек, сеньор бакалавр, қай кезде шабуылдап, қай кезде шегінуге болады — бәрінің де өз уақыты бар, ал айқайды салып ұрандап екілене беру деген оңды іс емес. Оның үстіне, жаңылмасам, — сірә, мұны өз қожайынымнан естідім ғой деймін, — ұшқарылықтың екі түрінің: қоян жүрек қорқақтық пен көзсіз батырлықтың екі ортасында жүректілік тұрады, олай болса, алды-артыңа қарамай зыта жөнелудің де, сол сияқты күші басым дұшпанға дүрсе қоя берудің де қажеті жоқ. Ал, ең бастысы, мырзамды мынадай мәселеге байланысты алдын-ала құлақтандырып қойғым келеді: егер мені өзімен бірге ала кеткісі келсе, онда өз тарапымнан қоятын және міндетті түрде орындалуға тиіс шартым: айқасқа тек оның өзі ғана түсуі керек, ал маған артылатын міндет — оның таза киініп жүруі мен қарнының тоқ болуы ғана, — бұл істі жанымды сала атқаратын болам, — ал енді әлдебір дәу түгілі жол торыған қарақшының өзіне болсын қару жұмсау дегенге ешқашан аттап баспаймын. Мен, сеньор Самсон, жүрек жұтқан жауынгер ретінде атақ жиғым келмейді, кезбе рыцарьға бұрын-соңды қызмет еткен ең жақсы және ең адал атқосшы атансам деймін. Ал егер қожайыным Дон Кихот ұшан-теңіз және аса маңызды қызметім үшін маған, мархабатты мырзамның өз аузынан естігенімдей, осы өңірде жетіп артылатын сансыз көп аралдың бірін сыйлауға рақымшылық жасаса, онда мұнысы өзіме жасаған жақсылығы емес, аса бір татымды тартуы боп шығар еді, өйткені мен де, әйтеуір, жарық дүниеге бірдеңе бітіру үшін келдім емес пе; олай дейтінім, қай адам болмасын басқа ешкімге емес, тек жалғыз құдайға ғана үміт артуы керек, оның үстіне губернаторлықсыз табылған нанның да өзі өте дәмді, айта берсең, тіпті губернатор нанынан да дәмдірек боп шығуы әбден мүмкін ғой; ол өз алдына: әлгі аталмыш аралдарда сүрініп құлап, топырақ қабуым үшін шайтан өзімді аңдаусызда аяқтан шалуға әзірленіп жатыр ма, оны қайдан білем. Санчо боп жүрмін, Санчо боп өлем де, алайда өз басымды онша үлкен қауіп-қатерге де ұшыратпай, әуре-сарсаңға да түсірмей, ана жақтан ба әлде мына жақтан ба, әйтеуір аяқ асты әлденендей бір арал немесе соған пара-пар бірдеңе қолыма тие қалса, онда бұдан бас тарта қоятын ақымағың мен емес, “Баспақ берген екен, дереу бас жібін байла” жә болмаса: “Олжаға кенелсең, үйіңе қарай жөнел” деген мақалдар тегіннен тегін шықты деймісің.


— Сен, Санчо бауырым, — деді Карраско, — тура профессорша сөйледің, алайда, қалай болғанда да, құдайға және сеньор Дон Кихотқа үміт қыл, сөйтсең сеньор Дон Кихот саған әншейін бір аралды ғана емес, тұтас корольдікті тарту етеді.


— Жартысын берсе де жаман болмас еді, — деп құлаққағыс етті Санчо, —осы сөзіме сеніңіз, сеньор Карраско, қожайыным өзіме тарту ететін корольдік ештеңеден кемдік көрмейді: тамырымның дүрсілін тыңдап көрдім, корольдіктер мен аралдарды басқаруға денсаушылығым әбден жетеді, — бұл жайында қожайыныма да талай мәрте айтқанмын.


— Байқа, Санчо, — деді Самсон, — қызмет адамның мінез-құлқын өзгертіп жібереді; губернатор боп алғаннан кейін туған анаңды да танымай кетуің мүмкін.


— Бұл тек мұсылманға ғана тән қасиет, — деді Санчо ренжіп, — ал мен кіршіксіз таза христианмын. Жоға, дұрыстап көріп алсаңыздаршы


мені: мен өзі жақсылыққа жамандық жасайтын адамға ұқсай ма екем?


— Ылайым солай болсын, — деп Дон Кихот үн қатты. — Биліктің тізгіні қолына тигенде білерміз қайтетінін, ал маған ондай күн онша алыс еместей көрінеді.


Одан соң Дон Кихот бакалаврдан ақындық дарыны болса қолғабыс етіп жіберуін: өзі жуырда қол үзгелі тұрған сеньора Дульсинея Тобосскаяға арнап, әр жолы есімінің бір әрпінен басталатын, сөйтіп ақыр аяғында бастапқы әріптердің бәрін қосқанда: Тобосолық Дульсинея боп оқылатын бір өлең жазып беруін өтінді. Бакалавр өзінің атақты испан ақындарының қатарына жатпайтынын, естуінше, олардың саны бар-жоғы үш жарым ғана адам екенін, алайда әлгіндей өлеңді кешіктірмей шығарып беретінін айтты; расында мұндай өлеңді жазу өзіне әжептәуір қиындық келтіретінін, себебі тапсырылып отырған есім он сегіз әріптен тұратынын еске салып, егер төрт жолдық шумақтан тұратын өлең жазса, онда екі жол артылып қалатынын, егер бес жолдан тұратын, әлгі десима немесе редондилья дейтін өлең түрімен төрт шумақ жазса, онда екі жол кем боп шығатынын құлаққағыс етті, әйтсе де, соған қарамастан, бір амалын тауып басы артық екі әріпті жұтып жіберіп, төрт жолдан тұратын төрт шумаққа Тобосолық Дульсинея есімін енгізуге уәде берді.


— Қайткен күнде де дәп осындай боп шығу жағын қарастырыңыз, — деді Дон Кихот, — есімі анық та айқын көрсетілмесе өлеңнің өзіне арналғанына әлемдегі ешбір әйел сенбейді.


Олар осыған бәтуаласты, ал Дон Кихот бір аптадан соң аттанатын болды. Осынау ізгі ниетті де батыл бастамасына ешкім кедергі келтірмеуі үшін Дон Кихот мұны жан баласына білдірмей құпияда ұстайтынына, соның ішінде әсіресе священник пен маэсе Николасқа, сондай-ақ жиен қарындасы мен күтуші әйеліне ләм деп тіс жармайтынына бакалаврдан уәде алды. Карраско уәде етті. Бұдан кейін, Дон Кихотпен қоштасып тұрған кезінде, бакалавр одан сәтті-сәтсіз қадамдары жайында реті келгенде өзіне хабарлап тұруды өтінді; сол арада олар қош айтысты, ал Санчо сапарға дайындалмаққа үйіне кетті.


Ү тарау


Санчо Панса мен жұбайы Тереса Пансаның қызық пен шыжыққа толы екеуара әңгімесі жайында, сонымен қабат өзіміз ықыласпен атап өтетін басқа да оқиғалар жөнінде


Бесінші тарауға жеткен осы хикаяның аудармашысы бұл тарау, өз пікірінше, ойдан шығарылған деп мәлім етеді, өйткені мұнда Санчо Панса келтелеу ақылының қарымы жете қоймайтын тілмен сөйлейді және өзі мүлдем бейхабар болуға тиісті нәрселердің егжейі-тегжейін әңгімелейді; алайда міндетіне алған қызметін орындау үшін аудармашы оны тәржімалап шыққанды жөн көрді; сөйтіп, ол жұмысын әрмен жалғайды.


Санчо үйіне айрықша зор қуаныш үстінде, өте көңілді оралды, оның осынау масайраған көңіл-күйін арбалет оғы жетер жерден-ақ сезіп қалған әйелі одан:


— Ау, саған не болған, достым Санчо? Неге сонша көңілдісің? — деп сұрауға мәжбүр болды.


Ал Санчо оған:


— Шешесі-ау, құдай қарасса, бұлайша шаттанбай-ақ қояр едім ғой, — деп жауап қатты.


— Түсіне алмай тұрмын сені, әкесі, — деді әйелі, — бүй дегенде не айтқың келгеніне ақылым жетпейді: құдай қарасса, бұлайша шаттанбай-ақ қояр едім дейсің, мен өзім надан әйелмін, әйтсе де жан рақатын таппайтынына адамның қалайша ырза болатыны көңіліме қонбайды.


— Бері қара, Тереса, — деді Санчо, — мәз боп тұрған себебім: қожайыным Дон Кихотқа қайтадан қызмет етуді ұйғардым, ол шытырман оқиға іздеу үшін үшінші мәрте сапарға шықпақшы, мен тағы да онымен бірге аттанам — бұған мені мұқтаждық пен үкілі үміт қоса-қабат итермелеп тұр: кім біледі, бәлкім, ана жұмсалып кеткен тиын-тебеннің өтеміне ғайыптан тайып тағы да жүз эскудо тауып алармын, әйткенмен, екінші жағынан, өзің мен балалардан қол үзіп кететінім де жаныма батады, ал егер құдай ақ-адал нанымды жан аяғы баспаған жапан түз бен жол айырықтарында тентіремей-ақ осы отырған жерімде онша бір әуре-сарсаңсыз тауып жеуіме қарасқан болса, — құдай үшін бұл қиын шаруа емес қой, зауқы соқса болды, — шаттығымның мәнісі мүлдем басқа болар еді, әйтпесе қазір бұған өзіңнен қол үзудің күйініші араласып мазамды алып тұр емес пе. Құдай қарасса, бұлайша шаттанбай-ақ қояр едім, деген сөзімнің дұрыстығын енді өзің де мойындарсың.


— Сен қызықсың, Санчо, — деді Тереса, — кезбе рыцарьдың оң қолына айналғалы бері тұспалдап сөйлеуге дағдыланып алғаның сонша, жан баласы сөзіңді түсінбейтін болды.


— Жаратқан иеміз түсінетіндігінің өзі-ақ жетіп жатыр маған, ал бұл дүниеде ол түсінбейтін ештеңе жоқ, — деді Санчо налыңқырап. — Жә, мұны қоя тұралық. Әңгіме былай, жарығым, сапарға аттануға сақадай сай болуы үшін сұр жорғаға үш күн бойы жақсылап күтім жасауың керек: жемге беретін сұлыны екі есе көбейт, ер-тұрманды тексер — себебі біз тойға бара жатқан жоқпыз ғой, бізге жер-дүниені шарлау қажет болады, дәулермен, андриактармен және құбыжықтармен айқаста дес бермеу керек болады, ысылдаған, ырылдаған, ақырған және ышқынған дыбыстарды естуге тура келеді, әйтсе де янгуастықтармен және жадыланған маврлармен салыстырғанда мұның бәрі түкке тұрғысыз нәрсе.


— Кезбе атқосшылар өз нанын, — деді Тереса, — маңдай терін төге жүріп табатынын байқап тұрмын, әкесі; сондықтан сені ондай ауыр азаптан құтқаруын сұрап құдайға күні-түні жалбарынатын болам.


— Саған ашығын айтайын, шешесі, егер таяу мерзімде бір аралдың губернаторлығына орналасудан үмітім болмаса, мен үшін бұл өмірдің еш қызығы қалмас еді, — деді Санчо.


— О не дегенің, құрымағыр, — деді Тереса келіспей. — Қой, қоразым, үйдеме, тіліңе шыққыр түйнеме, сен ғұмырды кеше бер, ал жер бетіндегі губернаторлық атаулыны шайтан алып жоқ қылсын: анаңның құрсағынан губернатор боп шыққан ештеңең жоқ, күні бүгінге дейін губернатор боп дәурен кешкен емессің, құдай өзі мақұл көрген мезгілде табытқа да губернатор боп түспейсің, дәлірек айтқанда, салмайды. Жер бетін жайлаған жанның бәрі бірдей губернатор емес қой — бірақ, одан олардың бірдеңесі құрып қалған жоқ: бұйырған несібесін жеп, тірлігін жасап жатыр. Ең күшті дәмдеуіш — аштық, кедей-кепшіктерде бұл қашан да молынан табылады, сондықтан олар тамақты жақсы жейді. Бірақ, сен байқағын, Санчо: егер әлдеқалай губернаторлыққа қол жеткізіп жатсаң, мені де, балаларды да ұмытып кетіп жүрме. Есіңде болсын, ұлың Санчико он беске толды, енді оған мектепке бару керек, өзіне нағашылығы бар монастырь бастығы оны дін жолына бағыттамаққа уәде етті. Тағы да есіңде болатын бір жай, қызың Марисанча күйеуге шығуға тіптен де кетәрі емес, — меніңше, сен губернаторлық жайында қандай армандасаң, ол да болашақ күйеуі жайында сондай арман кешіп жүрген тәрізді; ол да орынды ғой енді: бойжеткен қыз үшін жақсы достан, жаман күйеу артық қой.


— Арыммен ант етейін саған, сүйікті қосағым, — деп сөйлеп кетті Санчо, —жаратқан ием өзіме губернаторлыққа ұқсас бірдеңе бұйыртса, Марисанчаны аса жоғары лауазымды адамға ұзатам, одан соң оны жұрт мәртебелі ханым деп атайтын болады.


— Жоқ, бұл қисынсыз әңгіме, — деді Тереса келіспей, — оны өз теңіне бер, ең дұрысы сол, әйтпесе егер ағаш шәркейдің орнына әдемі туфли, арзанқол көйлектің орнына — жібек, әрі фижмасы8 бар көйлек кисе, одан соң Марика, сен, деудің орнына жұрттың бәрі оны бәленше донья және мәртебелі ханым деп атайтын болса қыз бала мүлдем абдырап қалады ғой, адым аттаған сайын қолайсыз жағдайға ұшырай береді ғой, міне осы арада иірілген жібі мұның қалың да қарабайыр кендір мата екенін байқатып қояды.


— Жап аузыңды, милау, — деді Санчо, — оған екі-үш жылдай бойын үйретуге тура келеді, байларға тән әдет-қылықтар мен мардымсу оған, міне, содан кейін ғана құп жарасатын болады, ал жараспаса — не шара? Әйтеуір тек мәртебелі ханым атанса болды емес пе, қалғанының бәрі бос былшыл.


— Өзіңнің кім екеніңді ұмытпасаңшы, Санчо, — деді Тереса. — Ақсүйек атанам деп босқа әуреленбе: “Көрші баласының мұрын боғын сүрт те, күйеу бала ғып қолыңа кіргіз” деген мәтелді қаперіңнен қыл елі шығарма. Марияны әлденендей бір графсымақ немесе дворянсымақ балаға ұзату, кейін оның қызымызды кекетіп-мұқатып, қит етсе болды ауылда өскен анайы деп мошқап: әкең можантопай мұжық, шешең жіп иіруші деп қорлауы — керемет жетіскендік пе сол? Жоға, достым, айтпа ондайды! Оны сол үшін өсіріп пе едім? Одан да, Санчо, сен тезірек ақша алып кел, ал қызды күйеуге беру менің шаруам болсын: Хуан Точоның баласы Лопо Точо ойымда жүр, қайратты, денсаулығы мықты жігіт, бәріміз де оны жақсы білеміз, шамасы, қызымыз оған ұнап қалған секілді: міне тап сонымен ғана, — себебі ол өзінің теңі, — қызымыз бақытты болмақ және олар әрдайым көз алдымызда жүреді, сөйтіп бәріміз, ата-аналар мен балалар, күйеу балалар мен немере-жиендер, бір отбасы боп тату-тәтті тірлік кешеміз, жасаған иеміз де бізді дәйім шапағат шуағына бөлейтін болады, сондықтан қызды астанаға немесе әлденендей бір зәулім сарайға ұзатам деген ойыңнан қайт, ондағы жұрт оны жатсырайды, ол да бәрін жатсынып жүретін болады.


— Әй, сен, кеще, Варавваның қатыны-ай! — деп айқайлап жіберді Санчо. — Ау, қызыма құда түсетін, жиендерімді кейін жұрттың бәріне мәртебелі мырза деп әспеттететін айтулы адамға беруге қарсы шыққанда көздеп отырғаның қандай пайда? Әңгіме былай, Тереса. Қолына өзі келіп қонып тұрған бақыттың қызығын көріп қала алмағандар, кейін ол жырақтап кеткенде жыламайтын болсын, деген сөзді қарттардан талай мәрте естігем. Осы себепті, бақыттың өзі қақпамызды қағып тұрғанда оны құлыптап алғанымыз жөн болмайды: жел оңымыздан соғып тұр ғой — ендеше, тарта берейік әрмен қарай!


Осындай сөз орамдары, сондай-ақ төменде Санчо қолданатын сөздердің кейбірі осы хикаяның аудармашысын бұл тарауды ойдан шығарылған деп жариялауға мәжбүр еткен-ді.


— Ал, айтшы өзің, мисыз мақұлық, — деп Санчо сөзін әрмен жалғады, — егер әлденендей бір пайдалы губернаторлықты қолға түсіріп алсам, сол арқылы ел қатарына қосылсақ, мұның несі жаман? Марисанчаға өзім таңдаған адамның етегінен ұстауға ерік бер, сонда көресің: жұрттың бәрі сені донья Тереса Панса деп атай бастайды, сосын шіркеуде, біздегі дворян әйелдерге қасақана, ішін қыз-қыз қайнатып кілемнің үстінде, астыңа көпшік қойып шалжиып отыратын боласың, үстіңе кигенің жібек болады. Өйткің келмесе, шіркеудегі мүсін құсап, онда да, мұнда да бұрыла алмай, тұрған жеріңде сілейіп тұра бер.


— Ау, сен не деп тұрғаныңды білемісің өзің, әкесі-ау, — деп дауыстап жіберді Тереса. — Мен тек анау әлгі графтық деген нәрсе қызымды бүлдіре ме деп қорқам. Герцогқа ұзатасың ба әлде принцке ұзатасың ба, неғылсаң да өзің біл енді, тек саған турасын айтайын: өз басым бұған ризашылығым мен рұқсатымды бермеймін. Мен, достым-ау, қашан да теңдік болғанын қалаймын, ал қараптан қарап өз-өзінен маңғазсынып, тәкаппарланғанды суқаным сүймейді. Шоқындырғанда маған қарапайым да тап-таза, дон немесе пәлен-пәштуан деген секілді қилы қоспасы, қитұрқысы мен әшекей-сылдырмағы жоқ, Тереса есімі берілді, әкемнің әулет есімі — Каскахо, ал мені, өзіңнің әйелің болғаным себепті, Тереса Панса деп атайды (дұрысында, заң бойынша, мені Тереса Каскахо деп атаған жөн болар еді, бірақ бұған енді не істейсің, заңның жөні бір басқа, корольдің жөні бір басқа деген ғой), өз аты-жөніме өкпем жоқ, сондықтан маған донья деген түкке қажет емес, өйткені бұл соншалықты ауыр қосымша салмақ, оны арқалап жүруге шамам жетпейді, оған қоса граф әйелі немесе губернатор әйелі сияқты әлем-жәлем киініп шыққанда өзім жайында сыбыр-күбір сөз тарағанын қаламаймын, — ондай сөз айтылмай қалмайды: “Мә, біздің кір-қожалақ қатын қалай дандайсып кеткен! Кеше ғана ақ тер, көк тер боп зығыр түтіп жүрген, шіркеуге де жамылғы орнына етегін бүркеніп баратын, енді, міне, қарай көріңдер, — өңкей фижма мен қарсы ілгек, бізді менсінбей мұрнын шүйіруін қарашы!” дегенді міндетті түрде айтады. Әзірге құдай өзімді жеті ме әлде бес пе сезімнен, — бір сөзбен айтқанда, бойымда болуға тиісті барлық сезімнен, — айыра қоймай тұрған шақта мұндай масқарашылыққа бармаймын. Сен, отағасы, губернаторға немесе әлденендей бір аралға айналып, қалағаныңша тәкаппарсып ісініп-кебіне бер, ал қызым екеуіміз — туған анамның атымен ант етейін — селомыздан ешқайда аттап баспаймыз: жібі түзу әйелдің кәсібі — жіп иіретін ұршық, ал ұяты бар қыз үшін — өз құжырасы сараймен бірдей. Дон Кихотыңмен бірге шытырман оқиғаңды іздеп кете бер, ал қасірет-қайғымызды өзімізде қалдыр; құдай жолымен тіршілік қылсақ бізге де әлденендей бір жақсылық бұйырмас деймісің, ал ана қожайыныңда дон деген қайдан пайда болған — бұл мен үшін, оллаһи, таңғаларлық нәрсе, өйткені оның не әкесі, не атасы дон болған емес.


— Қой, сен жын қаққаннан сау болмассың, — деп салды Санчо. — Жә, ар-ұятың білсін, шешесі, мәні де, мағынасы да жоқ не қилы сөзді көйіттің ғой келіп. Ау, қарсы ілгек, әшекейлі сылдырмақ, мәтелдер мен тәкаппарсынудың саған айтқан сөздеріме қатысы қанша? Бермен қара, сен, надан да топас сорлы (сені басқаша атау мүмкін емес, өйткені айтқан сөзімді ұқпайсың және бақытың неде екенін білмейсің): егер қызым биік мұнарадан құласын жә болмаса инфанта донья Дарақыға ма, әлде донья Урракаға ма, — есімі қандай екенін ұмытып та қалдым тіпті, — ұқсап шартарапты шарлап тентіреп кетсін деп отырсам, міне сонда ғана менімен келіспеуге хақылы болар едің, бірақ мен әйт-үйт дегеніңше опыр-топырын шығарып, оған донья мен мәртебелі ханымды жабыстырып берсем, сөйтіп оны жоқшылықтан тоқшылыққа жеткізсем, жібек пен барқытқа бөленіп жүретін болса, мұнымен келіспейтін нең бар сенің және саған бұдан артық не керек?


— Білесің бе, әкесі, неліктен келіспей отырғанымды? — деп жауап қатты Тереса. — “Саған киім болатын да — көйлек-көншек, саған қиын болатын да — көйлек-көншек” деген бар емес пе, — міне, осы себептен. Жұрт жоқ-жұқаны көзбен шолады да өте шығады, ал ауқаттыға сұқтана қарап, оны көзімен ішіп-жеп бітеді, егер де бұл ауқатты бұрын жоқ-жұқана адам болса, онда көре алмайтындар тілінің уын төгіп, өсекті қарша боратады-ай келіп, ал ондайлар біздің селода бықып жатыр, итке лақтырған таяқ солардың басына тиеді, — міне, осы себептен.


— Қоя тұр, Тереса, — деп Санчо оны бөліп жіберді, — қазір саған не айтқалы отырғаныма құлақ сал, — мұндайды өзің өз болғалы естіген жоқсың; расында, бұл менің де сөзім емес: саған айтқалы отырғаным былтырғы ұлы ораза кезінде селомызда үгіт таратқан уағызшы-әкейдің нақыл сөзі. Міне, тап осы уағызшы, ұмытпасам: бір кезде болған жайлардан гөрі дәл қазіргі сәтте куә боп отырған нәрселеріміз қаперімізден әлдеқайда жақсы орын теуіп, есімізде әлдеқайда берік сақталады, деген еді.


Санчоның жоғарыда келтірілген сөзі аудармашының бұл тарауды ойдан шығарылған деп санауына негіз болған екінші себеп еді, өйткені бұл Санчоның ой-түсінігінен тым тысқары жатқан нәрсе-тұғын. Ал Санчо болса әңгімесін әрмен жалғап жатты:


— Бұдан туындайтын салдар мынадай: айрықша жасанған, шыт жаңа киінген, жанына топырлатып көп малай ерткен бір кісіні көре қалсақ, құдды әлденендей құдіретті күш түрткі болғандай, еріксізден еріксіз әлгіге құрметке лайық адам есепті қарай бастаймыз, ал қаперіміз бұл кісіні бұрын жоқ-жұпыны кезінде көргенімізді кірпік қағымда-ақ еске оралта қояды, солай бола тұрғанымен, кедейлігінен бе әлде әулетінің кембағалдығынан ба орын алған бұл абыройсыз жағдайының, — бәрі де артта қалғандықтан, — қазір ізі де жоқ, бары — осы сәтте көзімізбен көріп тұрғанымыз. Егерде тағдыр өзін сасық иісі мүңкіген мүсәпірліктен (бұл уағызшы аузынан шыққан сөз) мәз-шат молшылыққа жеткізген жан тәрбиелі де көргенді, шүлеңгір адам болса, жұрттың бәрімен ізетті қарым-қатынас жасай білсе, байырғы ақсүйектермен бақталастыққа бармаса, онда, Тереса, бұрын оның кім болғанын ешкім де есіне алмайды, дәл қазір қандай болса, сол тұрғыда құрмет көрсетеді; әрине, күншілдердің жөні бір басқа, олардан қандай бақытты тағдырға да сыбаға тимей қалмайды.


— Айтқаның көңіліме қонбай отыр, әкесі, — деді Тереса, — неғылсаң да өзің біл енді, тек сөзуарлығыңмен және көкезулігіңмен басымды қатырмасаң болды. Егер ойыңа келгенді істеуге соншалықты ынтықзар болып тұрсаң...


— Ынтықзар емес, ынтызар деу керек, шешесі, — деп түзетті оны Санчо.


— Дауласпа менімен, әкесі, — деді Тереса наразылық білдіріп, — мен құдай аузыма салған сөзді айтып тұрмын, қитұрқыңды білмеймін. Айтпағым мынау ғана: ақыры ана губернаторлыққа аңсарың біржола ауған екен, ондашы балаң Санчоны да өзіңмен бірге ала кет және оны осы жастан-ақ губернаторлық етуге баулы — өйткені баланың әке жолын қуып, кәсібін үйренуі деген ғанибет нәрсе ғой.


— Губернатор болғаннан кейін, — деп мәлім етті Санчо, — мен оны лау аттарымен алдыртам, ал саған ақша беріп жіберем, ол кезде менде қаражатқа мұқтаждық болмайды, өйткені көк тиынсыз отырған губернаторға қарыз беруге құштарлар табылмай қалмайды. Ал сен баламызды бұрын кім болғаны байқалмайтындай, қазір кім екені ә дегеннен аңғарылып тұратындай етіп киіндіретін бол.


— Ақша жіберсейші тек, — деді Тереза жуаси үн қатып, — оның қалай үлде мен бүлдеге оранып шыға келгенін сонда көресің.


— Сөйтіп, тоқ етері, қызымыздың графиня болатындығына екеуіміз біржола бәтуаластық қой, — деп тұжырды Санчо.


— Ол графиня болған күні, — деп қарсылық білдірді Тереса, — мен оны жерледім деп есептеймін. Бірақ, тағы да қайталап айтам: неғылсаң да өзің біл; біздің, әйел бейбақтың, маңдайына жазылғаны — қай істе де жұбайының, мейлі ол микеще болса да, айтқанын бұлжытпай орындау ғой.


Сол арада ол, бейне бір Санчика шынымен-ақ о дүниелік болғандай, жер қойнына беріліп те қойғандай, егіл-тегіл еңіреп жылап жіберді. Мұны көрген Санчо зайыбын жұбатпақ боп, қызын қайткен күнде де графиня ететінін, бірақ мұны барынша кейінге қалдыра тұратынын айтты. Олардың сұқбаты осымен тәмам болды да, жолға шығатындары жайында нақтырақ келісіп алу үшін Санчо Дон Кихотқа қайтып оралды.


ҮІ тарау


Дон Кихоттың жиен қарындасымен және күтуші әйелімен не жайында пікір алысқаны жөнінде, ал мұның өзі күллі хикаядағы ең маңызды тараулардың бірі


Санчо Панса мен зайыбы Тереса Каскахо жоғарыда келтірілген екеуара пәтуасыз әңгімемен айналып жатқан кезде Дон Кихоттың жиен қарындасы мен күтуші әйелі де қол қусырып қарап отырған жоқ-ты: әр алуан нышандарға қарап бірінің нағашы ағасы, екіншісінің қожайыны шартарапты шарлауға, бұлардың ойынша, шалыс қадам жасауға деген рыцарьлық кұштарлықтан зарығып, үшінші мәрте қашып шықпақ боп жүргенін сезіп қалғандықтан, оны осынау зиянды ойдан арылту үшін олар да қолдан келгеннің бәрін жасап жатты, бірақ бұл әрекеттері құла түздегі құр айқай ғана еді және олар суып қалған темірді соққылап жатқан. Солай бола тұрғанымен, Дон Кихотпен ұзақ уақыт салғыласып баққан күтуші әйел сөз арасында оған былай деді:


— Шынымды айтсам, мархабатты мырзам, егер орныңызда байыз тауып отыра алмайтын болсаңыз, сөйтіп құдды бір кезегенге ұқсап қайтадан жер-дүниені шарлап тентіреп, әлгі, қалай деп аталушы еді, иә, жанға дауа, ал мен оны жанға зауал деп атаймын, іздейтін болсаңыз, онда құдай мен корольге шағым айтам және олардың сізге тыйым салуы үшін жан дауысым шығып шыңғыратын болам.


Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:


— Күтуші ханым! Арыз-шағымыңа құдайдың қандай жауап қайтарары маған беймәлім, сол сияқты ұлы мәртебелі ағзамның да нендей жауап қайтаратынын білмеймін, білетінім, егер король болсам, корольдің атына күн құрғатпай түсіп жататын қисапсыз да қисынсыз өтініш-шағымның ешқайсысына жауап бермес едім, өйткені ұлы мәртебелі ағзам атқаратын ауыртпалығы мол міндеттердің ішіндегі ең ауыры — барша жұрттың мұң-мұқтажын тыңдау және бәріне түгел жауап қайтару боп табылады, міне сондықтан да маған қатысты мәселемен оның басын қатырмағанды жөн санаймын.


Күтуші әйел оған:


— Сонда қалай, сеньор, ұлы мәртебелі ағзамның сарайында да рыцарьлар бар ма? — деген сұрақ қойды.


— Бар, — деді Дон Кихот, — және олар онша аз да емес әрі керексіз де емес, өйткені олар сарай сән-салтанатының көркі саналады, сондай-ақ король тағының айбынын асыра түседі.


— Ендеше, сізге де, тақсыр, неліктен сарайда тып-тыныш қана отырып корольге, өз қожайыныңызға қызмет етпеске?


— Мәселе мынада, қымбаттым, — деп жауап қатты Дон Кихот, — рыцарьлардың бәрі бірдей сарай адамы бола алмайды, сол сияқты сарай адамының да барлығы бірдей кезбе рыцарь бола алмайды және болуға міндетті де емес: олардың да, бұлардың да өмірде өз орыны бар. Рас, бәріміз де рыцарь атанамыз, алайда арамыздағы айырмашылық жер мен көктей, өйткені сарай адамдары өз мекен-жайынан аттап шықпай-ақ, сарайдан бір адым алысқа ұзамай-ақ картаға қарап отырып күллі әлемді шарлайды және бұл үшін соқыр тиын шығармайды, олар аптаптың да, аяздың да, аштықтың да, аңқа кептірген шөлдің де не екенін білмейді, ал біздер, сөздің толық мағынасындағы кезбе рыцарьлар болсақ, ыстықта да, суықта да, дауылда да, жауында да, күндіз де, түнде де, атқа мініп те, жаяу жүріп те өз аяғымызбен жерді арғы шетінен бергі шетіне дейін шоламыз және дұшпанмен суреті бойынша ғана емес, іс жүзінде де таныспыз, кездесе кеткен сәттерде, ыңғайы келген бойда оларға қолма-қол тап береміз, жекпе-жекте сақталуға тиіс ережелер мен әр түрлі ұсақ-түйек жайларға, мысалға: қарсыластың бірінің найзасы немесе семсері қысқалау емес пе, дұшпанның кеудесіне жасырғаны не — жәдігерлік бұйым ба әлде көз алдау үшін жасалған қулық па, сондай-ақ күннің сәулесін өзара қалай еншілескен жөн деген секілді және басқа да осындай, сенің мүлдем хабарың жоқ, ал өзіме жақсы мәлім рәсімдерге пысқырып та қарамаймыз. Онан соң сен тағы мынаны білгенің абзал: төбесі көк тіреген, тіпті бұлтқа кіріп көрінбей де кететін және әрқайсысының аяғы құдды бір қос алып мұнара тәрізді, қолы дырау кеменің діңгектеріндей, көзі диірменнің тасындай үлкен әрі әйнек балқытатын пештей жайнап тұрған, бір емес, он дәуге кездескеннің өзінде де, ізгі ниетті кезбе рыцарь олардан әсте жүрегі қалтырап тайсақтамайды, — керісінше, буырқанып-бұрсанып, бет қаратпас өжеттікпен қарсы ұмтылып айқаса кетеді, сөйтіп оңтайы табыла қалса, көзді ашып-жұмғанша тықсырып әкетеді де, есінен тандыра соққы береді: тіпті олар әлденендей бір беймәлім балықтың қабыршағына, — бұл қабыршақты алмастан да берік деседі, — оранып алған болса да, ал семсердің орнына Шам құрышынан соғылған өткір қылышпен немесе болаттан жасалған түрпілері бар темір шоқпармен, — ал ондай шоқпарды өз басым талай мәрте көргем, — қаруланған болса да бәрібір. Мұның бәрін саған, құрметті күтушім, ана рыцарьлар мен мына рыцарьлар арасындағы айырмашылықты ұғынсын деп айтып отырмын. Әділдігіне жүгінсек, билеушілер екінші, дәлірек айтқанда, бірінші топты — кезбе рыцарьлар тобын жоғарырақ қоюға тиіс еді, бұлардың арасынан, тарих куәлік ететіндей, қыруар корольдікті жаудан құтқарып қалғандарды да жолықтыра аламыз.


— Аһ, сеньор! — деп саңқ ете қалды сол арада жиені. — Апырай, түсінер кезіңіз болды емес пе осы сіздің, тілеуіңіз болғыр: кезбе рыцарьлар жайында айтылатын әңгіменің бәрі толайым-тұтасымен өтірік, ойдан шығарылған әңгіме ғой, ал олар жайындағы кітаптарды отқа өртеген немесе, тым құрыса, оларға санбенито жаба салған жөн болар еді, сондай-ақ қара ниет бұзақы әрі бүлікші екенін баршаға паш етіп тұруы үшін айрықша белгі соғудың да артығы жоқ.


— Жаратқан иеміздің атымен ант етейін, — деп дауыстап жіберді Дон Кихот, — егер сен туған жиенім, яғни бір қаптан, бір саптан шыққан апайымның қызы болмағаныңда бар ғой, мына күпіршілігің үшін сазайыңды жақсылап тұрып тарттырар едім және бұған күллі әлем күңіренген болар еді. Апырай, ең жеңілі шілтер тоқитын шидің өзін жөндеп игере алмай жүрген олақ қыздың кезбе рыцарьларға арналған кітаптар жайында ойына келгенді айтып, балағаттағанын кім көрген? Егер мұны естісе, сеньор Амадис не дер еді? Әйткенмен, ол сені, әрине, кешірер еді, себебі ол өз заманының өте жуас әрі аса сыпайы рыцары болатын, оған қоса бойжеткендердің жан тең келмес қамқоры-тұғын, бірақ егер басқа біреу естігенде халың мүшкіл болар еді, өйткені рыцарьлардың бәрі бірдей әдепті де ізетті емес, олардың арасынан дүмше де, дарақы да табылып жатады. Олай дейтінім, өзін-өзі рыцарь атандырып жүргендердің бәрі бірдей бұл атаққа шынымен лайық емес: бірі — нағыз алтыннан, екіншісі жалған алтыннан жасалған. Сырттай қарағанда барлығы да рыцарь тәрізді, алайда ақиқат анықталар алғашқы сынақтан бәрі бірдей өте алмайды. Рыцарь болмаса да, ұқсап бағуға тырысып өлермендік жасап жүрген нәсілі нашар адамдар да бар, сол сияқты қара халықтан шыққан секілді көрінбек боп битін салып жүрген текті тұқымнан тараған рыцарьлар да бар: алғашқылары әлде атаққұмарлықтан, әлде ізгі ниеттен жоғары қарай емпеңдейді, екіншілері әлде жігерсіздіктен, әлде әдепсіздіктен төмен қарай сырғақтайды; рыцарьлардың аты ұқсас болғанымен, атқаратын іс-әрекеті әрқалай мұндай екі түрін ажырату оңайға түспейді, ол үшін алғыр ой керек.


— Құдай-ай! — деп айқайлап жіберді жиен қыз. — Көп білетіндігіңіз сондай, ағатай, мұқтаждық қысқан шақта қай жерде болсын мінберге көтеріліп уағыз айта алар едіңіз, соған қарамастан соқырлығыңыз бен ауандығыңыз сонша, шын мәнінде қартаңдау екеніңізге қарамастан — қайсарлығыңызға, әлжуаз екеніңізге қарамастан — әлеуеттілігіңізге қалтқысыз сенесіз, қисықты түзетіп жүрмін дейсіз, ал өзіңіз болсаңыз мосқал тартқандықтан бүкірейіп кеткенсіз, ал ең бастысы сіз — шын мәнінде үш қайнаса сорпаңыз қосылмаса да рыцарь және кавальеро атанып алдыңыз, әрине идальго кавальеро бола алмайды емес, әйтсе де жоқ-жұқа жанға ондай болу қайда!..


— Бұл сөзіңнен онша көп ағаттық таппай отырмын, жиен, — деген уәж айтты Дон Кихот. — Ал, шыққан тегіміз жайын әңгімелесем, сен таңғалар талай нәрсені айтып берген болар ем, алайда құдайға қатысы бар іс пен адамға қатысы бар істі бытыстырмас үшін бұл төңіректе сөз өрбіткім келмейді. Мәселе мынада, қарақтарым: жарық дүниеде жер басып жүрген нәсіл атаулыны (сөзімді мұқият тыңдап алыңдар) төрт түрге бөлуге болады, атап айтқанда: әу бастағы тірлігі тіптен қарапайым болғанымен, бірте-бірте ұлғайып, қанат жайып келе жатқан, сөйтіп қазір құдіретті күшке айналған тұқымдар бар; екіншілерінің әуелгі қарекеті қарқынды болған, осы қарқынды бәсеңдетпеуге тырмысқан және күні бүгінге шейін соған барын салып отыр, олар қазір де сол бастапқы деңгейден төмендеген жоқ; үшіншілерінің де алғашқы адымы осындай болған, алайда кейін олар пирамида тәрізді қусырылып, жұтаң тартып, соңынан пирамиданың ұшар басындай әншейін құр сүлдеге айналған, өйткені әу бастағы орынтағымен, яғни ірге тасымен салыстырғанда қазіргі халы түкке арзымайды; сондай-ақ (ескерте кететін жай, бұлар — көпшілік), мақтан тұтарлық бастауы да жоқ, медеу етерлік орта тұсы да жоқ тұқымдар да табылады, олардың да тағдыр-талайы әлгі айтылғандай татымсыз боп тынбақ, — бұл барлық құл-құтан мен қарапайым пендеге тән хал-ахуал. Алғашқы түрге, яғни қарапайым бастау мен үдемелі өрлеуге, Оттоман әулеті жатады: оның негізін қалаған адам — қарапайым ғана бақташы болатын, ал қазір біз бұл әулеттің қандай биікке көтерілгенін көріп отырмыз. Екінші түрге, яғни қарқынды қарекет пен қол жеткенді қорғап қалуға, мұрагерлік бойынша таққа отырған әміршілердің біразы үлгі бола алады, бұлар иелігін не кеңітпей, не кемітпей, сол қалпында сақтауға жан салады, сөйтіп өздеріне тән момындығына байланысты бағзыда қалыптасқан бір аяда ғана ғұмыр кешеді. Ал енді алғашқы аршынды адымның біртіндеп бәсең тартуының мысалы тіптен көп, өйткені перғауындар мен мысырлық Птоломейлер, римдік цезарьлар мен құрттай құжынаған (егер осылай атауға болса) мидиялық, ассириялық, парсылық, гректік және варварлық әміршілер, падишалар мен князьдар, осынау күллі патша және князь тұқымы, — әулеттерінің өзі де, әулет басылары да, — мүсәпірлік күйге түсіп, қарасын жоғалтты, қазір олардың ұрпағын іздеп табу да мүмкін емес, ал ақи-тақи біреу-міреуін іздеп тапсаң оның әбден азғындап, аянышты хал кешіп жүргеніне куә боларың хақ. Құл-құтандар тұқымы жайында айтарым біреу: оларға тиер үлес — жер басып жүргендердің қатарын көбейту ғана, алайда қисапсыз көптігі оларды даңққа да бөлемейді, дәріптеуге де татымайды. Осы айтылғандардан сендер, ақылсыздарым-ау менің, бұл әулет-нәсіл дегендердің жатқан былық екенін және өз өкілдері ізгілігін, байлығы мен жомарттығын паш етіп жүрген әулеттер ғана шын мәнінде атақты да даңқты саналатынын көңілге түйгендерің жөн болады. Ізгілігін, байлығы мен жомарттығын деп бекер айтып отырғам жоқ, өйткені қатыбас әмірші де бір — әмірші қатыбас та бір, ал нәмәрт бай деген сөз — сараң қайыршы дегенмен пара-пар: олай дейтінім, бай адам өз бақытын дәулет иесі болудан емес, оны жаратудан және қалай болса солай емес, пайдалы іске жаратудан таппақ. Бейшара рыцарьға өзінің нағыз рыцарь екенін дәлелдейтін бір ғана жол, яғни ізгілік жолы қалады, ал бұл үшін оған кішіпейіл, әдепті, ізетті, инабатты, ілтипатты болу керек, тәкаппар, менмен және жалақор болмауы қажет, ал ең бастысы, жанашыр болғаны абзал, өйткені бейбаққа шын ықыласпен екі мараведи беруі арқылы ол жақсылығы жайында дүйім жұртқа дабыра ғып жүретін жаннан кем шүлеңгірлік көрсетпейді; сөйтіп, ол әлгі аталған ізгі қасиеттердің бәріне ие болса, онда оған ұшырасқандардың қайсысы болса да мейлі, бәрібір, тіпті ол жайында түк ештеңе білмейтін кісінің өзі де, оны текті тұқымнан шыққан екен деп қалады және солай ұйғарады да, ал егер ондай ұйғарым жасамаса, бұл мүлдем ақылға қонымсыз нәрсе боп шығады, өйткені ізгі қасиеттердің марапаты қашанда мақтау сөз боп табылады және ізгі қасиет иелері мақтау естімей қалмайды. Дүниеде байлық пен құрметке жеткізетін екі-ақ жол бар, боталарым: оның бірі — ғылым саласы, екіншісі — әскери сала. Мені ғалым деуден гөрі әскери адам деген дұрысырақ болады және әскери өнерге бейімділігіме қарағанда, Марс 9 белгісі белең алған тұста тусам керек, сондықтан да осы жолмен бейне бір міндеттілікке сай жүріп келе жатқандаймын және тіпті күллі әлем қарсы шыққан күнде де бұл жолдан жалтармаймын, ал жаратқанның өзі алғыс беріп, тағдыр әмір етіп, ақыл-ойым талап етіп, ықылас-ниетім ауып тұрған істен бас тартуға мені сендіріп бағу — босқа арамтер болу деген сөз; кезбе рыцарьлықтың ерлік істеріне ілесе жүретін шексіз көп ауыртпалық өзіме айдан анық болғанымен, осы арқылы қол жететін ұшан-теңіз игілік те маған мәлім, оған қоса ізгіліктің жолы жіңішке, зұлымдықтың жолы кең шалқар болатынын да, сондай-ақ олардың мақсат-мұраты мен шекара-шегі әрқилы болатынын да білем, өйткені зұлымдықтың далиған кең жолы өлімге ұласады, ал ізгіліктің діңкеге тиер тар жолы өмірге ұласады, әлбетте, ерте ме, кеш пе өзі де тынатын өмірге емес, ешқашан аяқталмайтын, әрмен жалғаса беретін өмірге; және тағы бір білетінім бар, ол кастильдік айтулы ақынымыздың мына бір өлең жолдарында сипатталған:


Жартастармен шығарсың осы өрмелеп


Мәңгіліктің отауына шыңдағы,


Басқа жол жоқ оған алып баратын.


— Алда ғана сорлы басым-ай! — деп дауыстап жіберді жиен қыз. — Осының бәрі аздай, ағатайым оған қоса ақын екен ғой! Сіз бәрін де білесіз, бәрінің мән-жайын түсінгенсіз, — егер тас қалаушы болғанды қаласаңыз, онда біреулердің тор жасауды бұйым құрлы көрмейтіні секілді, сіздің де оп-оңай үй тұрғызып аларыңызға шүбәм жоқ.


— Олла-біллә, жиенжан, — деді Дон Кихот, — егер рыцарьлық жайындағы арман бар сезімімді баурап алмағанда мен нені де болсын жасап шығарар едім, айталық, тор мен мәсуек секілді, таңырқауға тұрарлық нәрселердің де не түрлісін жасар едім.


Дәл осы сәтте әлдекімнің есік қаққаны естілді, онан соң бұл кім деген сұраққа Санчо Панса бұл өзі екенін айтып жауап қатты; Санчоны даусынан тани қойған күтуші әйел оның түрін көргісі келмей сол бойда-ақ бөлмеден жүгіріп шығып кетті, — оны суқаны сүймейтіндігі соншалықты еді. Санчо Пансаға есікті жиен қыз ашты, сеньор Дон Кихот оны құшақ жая қарсы алды, сосын олар бөлмені іштен бекітіп қойды, міне тап осы жерде мұның алдындағыдан бірде кем түспейтін қызықты сұқбат басталды.


ҮІІ тарау


Дон Кихот пен атқосшысының екеуара не жайында әңгімелескені турасында, сондай-ақ басқа да айтуға тұрарлық оқиғалар жөнінде Дон Кихоттың Санчо Пансамен бірге іштен кілттеніп алғанын көрген күтуші әйел олардың не жайында келіссөз жүргізбегін сол қас қағымда-ақ сезе қойды; бұл бас қосуда үшінші жорыққа аттану жайында қаулы алынатынын аңғарған ол жамылғысын ала салып бакалавр Самсон Карраскоға қарай жүгірді, өйткені аса ділмәр, оның үстіне қожайыны жаңа ғана танысқан адам ретінде бұл оны осынау сөлекет әурешіліктен бас тартуға үгіттеп көндірер деп ойлаған. Бакалавр бұл кезде ауласында әрлі-берлі қыдырыстап жүрген, қатты толқығаннан терлеп-тепшіп, тынысы тарылып кеткен күтуші әйел оны көрген бойда аяғына жығыла кетті. Әйелдің қатты қапаланып, құты қашып кеткеніне мазасызданған Карраско:


— Сізге не болған, күтуші ханым? Нендей кепке душар болғансыз? Жан алқымға келгендей абыржулысыз ғой, — деп сұрады.


— Өзіме ештеңе болған жоқ, қалқам, сеньор Самсон, ал мырзам қарасын батырғалы жатыр, батырады ол, батырмай қоймайды!


— Кімді батырмақшы ол? — деп сұрады Самсон. — Не боп қалды тағы?


— Қояншық дертінің қақпасынан шығады да, өзінің қарасын батырады, — деп жауап қатты күтуші әйел. — Сізге айтайын дегенім, қадірменді сеньор бакалавр, ол тағы бір мәрте, осымен үшінші рет, дүние кезіп тентіреп, өзі айтатындай, жанға дауа дейтінді іздеуге аттанбақ, — не себепті мұны осылай атайтынына ақылым жетпейді. Алғашқы жолы, оны өзімізге қайтарған кезде, көкала қойдай боп таяқ жеп есекке артулы келген. Екінші жолы оны үйге торға қамап, өгіз арбаға отырғызып әкелді, ал мырзам болса біреулер өзімді жадылап қойды деп түсінді. Сондағы оның түр-сықпыты туған анасы да танымастай аянышты еді: өңі құп-қу, әбден жүдеп қу сүлдері қалған, көзі кілмиіп кеткен. Шамалы әлдендіру үшін оған тек жұмыртқаның бір өзінен ғана алты жүзден астамын асаттым ғой, — бұған құдайдың өзін, бүткіл көрші-көлемімізді, сондай-ақ тауықтарымды да куәға тартам: тауықтарым мұны растап бере алады.


— Оған зәредей күмәнім жоқ, — деді бакалавр, — тауықтарыңыз сондай сүйкімді, сондай семіз және сондай тәрбиелі, сондықтан өтірік айтқаннан гөрі өліп кеткенді артық көреді. Сонымен, күтуші ханым, бар кілтипан мен бар пәле сеньор Дон Кихоттың ойға алған ісінде демексіз ғой және қаупіңіз де тап сонда ғой, солай ма?


— Тап сонда, сеньор, — деп мақұлдады күтуші әйел.


— Ендеше, бұған алаң болмаңыз, — деп сендіре сөйледі бакалавр, — қазір үйіңізге барыңыз да маған жүрек жалғайтын бір ыстық тағам әзірлей қойыңыз, ал жолай, егер білсеңіз, әулие Аполлинарийдің дұғасын оқыңыз, мен сәлден кейін барам, сосын бәрін ойдағыдай етіп реттейміз.


— Аһ, қандай өкінішті! — деп айқайлап жіберді күтуші әйел. — Сонда сіз маған, мейірімді мырзам, Аполлинарийдің дұғасын оқы деп тұрсыз ба? Ау, ол мырзамның тісі сырқырағанда оқылатын дұға ғой, ал оның басы ауырады емес пе?


— Мен мұны жайдан-жай айтып тұрғаным жоқ, күтуші ханым. Барыңыз, менімен салғыласпаңыз, қандай шешен екенім өзіңізге жақсы мәлім, сондықтан шешімімді бәрібір өзгерте алмайсыз, — деді Карраско нықтап.


Бұдан соң күтуші әйел кетіп қалды да, бакалавр сол бойда священниктің үйіне қарай тартты, онымен кейіндеу, реті келгенде айтыла жататын бір жәйт жөнінде әңгімелеспек еді.


Ал бұл кезде оңаша қалған Дон Кихот пен Санчо екеуара пікір алмасып отырған, мұның бәрі хикаямызда аса бір дәлдікпен және шыншылдықпен


алға тартылады. Санчо қожайынына былай деді:


— Сеньор! Әйеліме бәрін хабарландырып та үлгердім, сөйтіп ол маған өзіңізге еріп көңіліңіз қайда қаласа, сонда баруға рұқсат етті.


— Хабарландырып емес, Санчо, хабарлап деу керек, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


— Жаңылмасам, тақсыр, не айтпағым түсінікті болған жағдайда мені түзетпей-ақ қоюыңызды өзіңізден бір-екі рет өтінгенмін, — деді Санчо, — ал әгәрәки түсінбей қалсаңыз, онда: “Санчо, — немесе сайтан дейсіз бе, сапалақ дейсіз бе, бәрібір, — не айтып тұрғаныңды ұқпадым”, дегеніңіздің өзі жетіп жатыр. Егер түсіндіріп бере алмасам, сонда ғана түзетіңіз: мен өзі көніпіс адаммын ғой.


— Не айтып тұрғаныңды ұқпадым, Санчо, — деп Дон Кихот оны бөліп жіберді, — көніпіс адаммын ғой дегенің не білдіретінін түсінбедім.


— Көніпіс деген сөз: барым сол ғана дегенді білдіреді, — дейтін түсініктеме берді Санчо.


— Енді сені бұрынғыдан да бетер түсінбей қалдым, — деп шынын айтты Дон Кихот.


— Егер мені түсінбейтін болсаңыз, онда сізге ойымды қайтіп ұқтырарымды білмеймін, білмеймін дедім — бітті, — деп шорт кесті Санчо.


— Тоқта, тоқта, енді ғана аңғардым, — деді Дон Кихот, — өзіңнің көнпіс, жуас, икемге көнгіш екеніңді, сөзіме әрдайым құлақ асып, не айтсам да бұлжытпай орындайтыныңды айтпақ болған екенсің ғой.


— Бәс тігуге бармын, — деді Санчо, — не дегелі отырғанымды әу баста-ақ бірден түсініп те, аңғарып та қойған болатынсыз, әйтсе де тағы бірдеңені былықтырып, бықсыта беруім үшін әдейі басымды қатырғыңыз келді.


— Әбден мүмкін, — деді Дон Кихот. — Ал, сонымен, Тереса не айтты?


— Тереса маған, — деп жауап қатты Санчо, — ебін тапқан екі асар, уәдені бұзған оңбайды, басын жоғалтқан шашын жоқтап жыламас, көктегі тырнадан қолдағы шымшық артық, дегенді айтты. Әрине, әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа екенін білем ғой, бірақ әйелдің сөзіне ақымақ қана құлақ аспайды.


— Мен де сондай ойдамын, — деп келісе кетті Дон Кихот. — Иә, достым Санчо, айта бер әрмен қарай: бүгін аузыңнан шыққан әр сөзің алмастай жарқылдап тұр.


— Мәселе мынада, — деп сөзін жалғады Санчо. — Адам атаулының қай-қайсысы да өлімнен қашып құтыла алмайды, бүгін бармыз, ертең жоқпыз, ақсақалды қария секілді сары ауыз балапан да өлімнен онша жырақ тұрған жоқ, сол сияқты, құдай бұйрық берген мезгілден бір сағат болсын артық ғұмыр кешем деп те ешкім айта алмайды, өйткені өлімнің құлағы тас керең және өміріміздің қақпасын қаққан кезде қашан да асығыс-үсігіс келеді, оны жалынып-жалбарынып та, күш қолданып та, скипетрмен10 де, митрамен11 де тоқтата алмайсың — әйтеуір, ол жайындағы қаңқу мен дақпырт осындай және амвоннан да бізге осыны уағыз етеді — мұны, сіз, тақсыр, менен де жақсы білесіз.


— Бұның бәрі дұрыс қой, — деді Дон Кихот, — бірақ нені мегзеп отырғаныңды түсінбедім.


— Менің мегзеп отырғаным, тақсыр, — деп жауап қатты Санчо, — өзіңізде қызметте болған кезімде маған жалақыға айына қанша төлей алатыныңызды білгім келеді және тиісті жалақымды қолда бар ақшамен төлеуге мүмкіндігіңіз бар ма — соны ашып айтқаңызды қалаймын, әйтпесе әлденендей бір марапат үшін қызмет етуге келіспеймін, өйткені ол не тым кеш тиеді, не уақытында тимейді, не тіптен тимей қояды, ал еңбекпен тапқан ақшам қалтамда жатса, корольге де сәлем бермеуіме болады. Қысқасы, аз ба, көп пе, әйтеуір қанша ақша табатынымды білсем деймін: көптен дәметкен аздан құр қалады деген бар ғой, одан соң: тамшыдан тама-тама дария болатыны мәлім және мұның бәрі үйден кетпейді, үйге келеді емес пе. Әрине, мейірімді мырзам, егер орайы келіп (рас, қазір бұған сенімім де, үмітім де жоқ) уағдалы аралыңызды тарту етіп жатсаңыз, онда бұл аралдан түсетін кірістің көлемі дәлме-дәл есептеп шығарылғаннан кейін тиісті үлесімді ұстап қалуға келіспейтіндей мен бір соншалықты жақсылықты білмейтін адам емеспін ғой, қолым да соншалықты сұғанақ емес.


— Әлбетте, достым Санчо, біреудің пайдасы үшін сақтап қалудан гөрі, өз пайдаң үшін ұстап қалу әлдеқайда тиімді екенінде дау барма, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


— Иә, иә, — деді Санчо, — әрине, дұрысы ұстап қалу емес, сақтап қалу ғой, солай деуім керек еді, жарайды ештеңе етпес, өйткені, сіз, тақсыр, мені онсыз да тәп-тәуір түсіндіңіз ғой.


— Түсіндім, түсіндім, — деді Дон Кихот, — күллі арам ойыңның бәрін алақандағыдай анық көріп отырмын және қисапсыз көп мақалыңның жебесі кімді нысанаға алып жатқанын да жақсы білем. Бері қара, Санчо, егер кезбе рыцарьлар жөніндегі қандай да бір романнан үлгі тұтуға лайық дерек тапсам, құдды бір саңылаудан сығалап қарап алғандай, атқосшылардың айына немесе тіпті жылына әдетте қанша алатынын анық білген болар ем, сөйтіп мен де саған жалақыны қуана-қуана төлер ем. Мен романдарды түгелдей немесе түгелге жуық оқып шықтым, бірақ қандай да болсын кезбе рыцарьдың өз атқосшысына белгілі бір мөлшерде жалақы тағайындағанын кезіктіре алмадым, анық білетін нәрсем — атқосшы атаулының марапат үшін ғана қызмет істейтіні, сөйтіп күндердің бір күнінде, жолы болған жағдайда қожайындарының оларға аралды жә болмаса соған тепе-тең басқа бірдеңені, немесе, құрығанда, ақсүйектік атақ пен лауазымды тарту ететіні ғана. Егер сіз, Санчо, осы үміт пен осы дәмені қанағат тұтсаңыз және өзіме қызметке қайта оралуға тілек білдірсеңіз, онда — бәрекелді, бірақ мені кезбе рыцарьлықтың ежелгі дәстүрін бұзады-ау не өзгертеді-ау дегенге иегіңіз қышымай-ақ қойсын. Сондықтан, қадірменді Санчо, үйіңізге барыңыз да, Тересаңызға осы ұйғарымым жайлы айтып беріңіз, егер ол да, сіз де маған марапат үшін қызмет етуге келіссеңіздер, онда bene quіdem12, ал егер бұған ырза болмасаңыздар, онда қош айтысқанымызбен дос-жар адам боп қала берейік: кептерханада жем болса, кептер табылады. Бұған қоса, балам: жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды және жақсылық етсең жарты етпе, дегенді де ұмытпаңыз. Бұлайша сөз саптап тұрған себебім, Санчо, мақалдап сөйлеуде өзіңізден кем түспейтінімді көрсету ғана. Сөзімнің соңында сізге айтайын дегенім де және айтарым да мынау: егер маған марапат үшін қызмет етуге және басыма түскен ауыртпалықты бөлісуге бейіл болмасаңыз, онда ерік өзіңізде, бірақ кейін өкініп жүрмеңіз, ал мен өзіме сізден гөрі тіл алғыш, сізден гөрі елгезек және сізден әлдеқайда ептейлі әрі мылжыңға да әуестігі аз бір атқосшы тауып алам.


Дон Кихоттың мұншалықты қатаң шешім қабылдауы Санчоның көңілін алай-түлей етіп жібергені сонша, көз алды қарауытып, қайсарлығының қанаты салбырап қалды, өйткені қожайыны өзін жорыққа алмай кетеді деген ой осыған дейін үш ұйқтаса түсіне кірмеген; бөлмеге Самсон Карраско және оған ілесіп, бакалаврдың Дон Кихотты шытырман оқиға іздеу сапарынан бас тартуға қалай үгіттейтінін тыңдауды қызық көрген күтуші әйел мен жиен қыз келіп кірген кезде ол әлі де сол абыржып, абдыраған халынан арыла қоймаған. Айтулы әзілқой Самсон Дон Кихоттың қасына келіп, оны өткен жолғыдай құшағына алды да, былай деп саңқылдап сөйлеп кетті:


— Беу, кезбе рыцарьлықтың сұңғыла сарбазы! Беу, әскерилердің алтын діңгегі! Беу, испан халқының ар-намысы мен абыройы! Құдіреті күшті құдайдан, бейне оны қарсы алдымда тұрғандай көріп өтінерім: үшінші сапарыңа бөгеуіл жасап, кедергі келтіруге тырысушылар үміт-тілектерінің шытырманында адасып, арман еткен ой-ниеттері ақыры орындалмай қалса екен.


Бұдан соң ол күтуші әйелге қарап былай деді:


— Күтуші ханым енді әулие Аполлинарийге сиынбай-ақ қойса да болады, өйткені сеньор Дон Кихоттың ізгі мұратты әрі теңдесі жоқ ой-жоспарын жүзеге асыру ісін жалғастыра беруі қажеттігі жөнінде көктегі құдіретті күштердің үзілді-кесілді шешім қабылдағаны маған жақсы мәлім боп отыр, осы себепті бұл рыцарьды айбарлы білегінің қимылсыздығы мен әрекетсіздігінен арылтып, шектен тыс сергек те ширақ рухының айбындылығын паш етуге септік жасамасам және соған көндірмесем ар-ұятымның алдында азапқа батқан болар ем, өйткені осынау кешеуілдеушілік оны қисық-қыңырды түзету, жетімдерге жәрдем беру, қыздардың намысын қорғау, жесірлерді қамқорлыққа алу, күйеуге шыққандарға сүйеніш болу, кезбе рыцарьлық ордені атқаратын міндеттер аясына жататын, оның парызы саналатын, оған үйлесімді һәм қонымды боп табылатын тағы да басқа осы тектес шаруаларды іске асыру мүмкіндігінен айырады. Сөйтіп, енді ер мінезді, ержүрек сеньор Дон Кихот, құдіретіңізге құлдық, сапарға ертең емес, тап бүгін аттанып кете беруіңізге болады, мархабатты мырзам, егер бұл үшін әлдене жетіспей жатса, онда өзімді де, жиған-терген дүние-мүлкімді де жолыңызға сарп етуге әзірмін, ал егер сізге, сән-салтанатыңызға құлдық, атқосшы қажет болса, онда сізге қызмет етуді, өз тарапымнан, зор бақыт санар едім.


Сол арада Дон Кихот Санчоға қарап былай деп тіл қатты:


— Маған атқосшылыққа адам табылады деп айттым ба саған, Санчо? Көрдің бе, міне, кімнің маған қызмет етуге құлшынып тұрғанын: иә, тап сол зерек те зерделі бакалавр Самсон Каррасконың өзі, саламанкалық шәкірттер арасында алдына жан салмаған әзілқой әрі сотқар, дені-қарыны сау, қимылы шапшаң, мылжыңға жоқ, аяз бен аптапқа, аштық пен шөлге шыдамды, кезбе рыцарьдың атқосшысына қажетті қасиеттердің бәрі бір бойынан табылатын адам. Алайда, қарақан басымның қызығы үшін ғылымның осынау шоң бағанын шайқалтуыма, ілім мен білімнің осынау шып толы құмырасын қиратуыма, әсем де ерікті өнердің осынау шынарының тамырына балта шабуыма көктегі құдірет кеңшілік ете қоймас. Жә, бұл жаңа Самсон туған жерінде қала берсін, сөйтіп оның даңқын арттыру арқылы егде жасқа жеткен ата-анасының да ақ шашын даңққа бөлесін, ал өзім, егер Санчо маған серік болуды хош көрмесе, кез-келген атқосшыны қанағат тұтам.


— Жоқ, хош көрем, — деп мәлім етті қатты толқып, көз жасын тия алмай отырған Санчо, сосын сөзін әрмен жалғады: — Мархабатты мырзам, мен жайында ешкім де: “Ісі түссе — мүсәпір, ісі бітсе — кісәпір” дегенді айта алмайды, менің тұқымымда қарау адам атымен болмаған, жер-дүниедегі жұрттың бәрі, әсіресе өзіміздің селодағылар, Панса дегендердің кім екенін жақсы біледі, ал мен солардың бір жапырағы боп табылам, оған қоса, сіздің көптеген ізгілікті ісіңізге, әсіресе одан да гөрі ізгілікті сөзіңізге қарап, өзіңіздің, тақсыр, мені марапаттамақ ойыңыз барын бажайлап, бек жақсы ұғынып алдым. Ал енді жалақыға қатысты есеп-қисап жайына ден қойыңқырап кетсем, бұл тек әйеліме жақсы атты көрінейін дегендіктен еді, себебі оның басына бір ой келсе болды, өзінікі орындалғанша бөшкенің құрсауын қондырған балға сынды бір тынбайды. Алайда еркекке — еркек, әйелге — әйел боп қалу парыз, осы себепті бұра тартуға көне қоймайтын кей белгілерім бойынша өзімнің еркек екенім анық болса, онда өз үйімде де, әйелім хош көретініндей, еркек боп қалғым келеді, сондықтан, тақсыр, сізден, кейін дау-дамай тууына жол бермейтін қосалқы жазуы бар өсиет қалдыруыңыз ғана талап етіледі, — сосын сеньор Самсонның көңілі жай табуы үшін жеделдетіп жолға шығайық: олай дейтінім, өзінің айтуынша, сізді шартарапты үшінші мәрте шарлау үшін жолға салып, — әлде: аттандырып деген дұрыс па, қалай? — жібермесе, ар-ұяты алдында абыройсыз қалғалы тұр ғой. Ал мен, мейірімді мырзам, өзіңізге ақ-адал қызмет етем және бұл қызметім кезбе рыцарь атқосшыларының, — бұрынғысы бар, қазіргісі бар, — баршасының қызметінен еш кем түспейді, тіпті артығырақ болады деп тағы да уәде берем.


Санчо Пансаның сөзі де, сөз орамы да бакалаврды қатты таңырқатты, қожайыны жайындағы бірінші хикаяны оқып шыққанымен, Санчоны сонда бейнеленгендей шынымен-ақ соншалықты қызық адам деп ойламаған; алайда, Санчо: қосымша жазуы бар өсиет деудің орнына қосалқы жазуы бар өсиет дегенді айтқан кезде бакалаврдың ол жайында оқығандарына сенбеске амалы қалмады, сөйтіп осы ғасырдағы нағыз миғұланың бірімен жүздесіп тұрғанына көзін әбден жеткізгеннен кейін, тап мына мырзасы мен малайындай қос нақұрысты әлем әлі көрмеген шығар деген ойға келді. Ақыр аяғында Дон Кихот пен Санчо құшақ қауыштырып, достығын қайта жалғастырды; онан соң ақылға кенен Каррасконың, — аналар қазір оған көріпкел секілді қарай бастаған, — кеңесі мен рұқсаты бойынша сапарға үш күннен кейін аттануға ұйғарым етілді, осы мерзім ішінде жолға қажетті нәрсенің бәрін жинап үлгеруге, сондай-ақ, бет бүркеуіші бар дулыға тауып алуға болатын, Дон Кихоттың айтуынша, онсыз көңілі көншімейтін. Оны Самсон тауып беруге уәде етті — өзіне жақсы таныс бір адамда сондай нәрсенің бар екенін біледі екен және өтінішін аяқсыз қалдырмайтынына сенімді көрінеді, себебі болаттан соғылған бұл дулығаның жылтыратып тазартылмағаны және жалтырап тұрмағаны өз алдына, керісінше, тат басып, тотығудан әбден қарайып кетіпті. Күтуші әйел мен жиен қыздың бакалаврға жаудырған қарғысында қисап болмады; екеуі шашын жұлып, бетін тырнап, Дон Кихоттың жол шегуін бейне бұл оның сапарға аттануы емес о дүниеге аттануындай көріп, нағыз жалдамалы жоқтаушылардай зар иледі. Дон Кихотты тағы бір мәрте жорыққа шығуға үгіттегендегі Самсонның көздеген мақсаты жайында алда әңгіме етіледі, — содан сәл бұрын өзі барып кеңесіп қайтқан священник пен шаштараз оған осындай ақыл қосқан-ды.


Қысқасын айтқанда, Дон Кихот пен Санчо өздеріне қажет болады-ау деген заттарының бәрін үш күннің ішінде түгел жинап алды; одан соң, Санчо зайыбын, Дон Кихот — жиен қызы мен күтуші әйелін жұбандырғаннан кейін, бір күні кешкісін екеуі, өздерін жарты миль жерге шығарып салуға тілек білдірген бакалаврдан басқа жұрттың бәрінен жасырын түрде, Тобосоға баратын жолға түсіп тартып кетті: Дон Кихот — сенімді сәйгүлігі Росинантын, ал Санчо сол баяғы есегін мініп келе жатқан; айта кетерлік жәйт: Санчоның қоржыны — азық-түлікке, әмияны — бір қажеті болар деп Дон Кихот берген ақшаға лық толы болатын. Самсон Дон Кихотты құшағына алып, барлық сәтті-сәтсіз қадамы жайында хабарлап тұруын өтінді, сәтсіздіктеріне өзі, Самсон, сүйініш білдіретінін, сәттіліктеріне, шынайы достық қағидалары талап ететіндей, күйініш білдіретінін айтты. Дон Кихот уәде берді; Самсон бетін селоға қарай бұрды да, екі салт атты заңғар қала Тобосоға қарай сапарын жалғап кетті.


ҮІІІ тарау


Бұл тарауда сеньора Дульсинея Тобосскаяға бара жатқан жолында Дон Кихоттың қандай кепті бастан кешкені жайында әңгімеленеді


“Құдіреті күшті алланың мейірімі мол!” деп шалқиды Ахмет Бен-инхали осы сегізінші тараудың басында. “Алланың мейірімі мол!” деп үш мәрте қайталайды; шүкіршілік етіп отырған себебім, Дон Кихот пен Санчо деревнядан әлдеқашан жырақтап та кетті, мына тартымды хикаяның оқырмандары Дон Кихоттың қилы қарекеті мен атқосшысының қыршаңқы қалжыңы осы қас қағымнан басталады деп есептей беруіне болады, дейді; ол оқырмандарға айлакер идальгоның бұрынғы рыцарьлық ерліктерін еске алмауға, назарды болашақ істеріне аударуға кеңес береді, бұрынғылары Монтьель жазығында басталғанындай, ендігілері дәл қазіргі Тобосоға бара жатқан жолда басталатынын айтады, сондай-ақ автордың бұл өтініші өзі емексітіп отырған нәрселерімен салыстырғанда онша орынсыз да емес екенін құлаққағыс етеді; сөйтіп ол әңгімесін әрмен жалғайды.


Дон Кихот пен Санчо оңаша қалған-ды, әйтсе де Самсон ұзап үлгергенше болмай, Росинант кісінеп, есек ақыра бастады, мұны екеуі де — рыцарь да, атқосшысы да жақсы ырымға, зор бақыттың нышанына жорыды; дегенмен, ақиқатын айтар болсақ, мәстектің кісінегенінен есектің ышқынуы мен ақыруы ащырақ естілген-ді, Санчо осыған қарап өзінің бақ-талайы мырзасының бақ-талайынан басым түсіп, оны көп кейінде қалдырады екен деп түйді; бұл арада Санчо астрология саласындағы таным-түсінігіне сүйенген болар деген ой туындайды, алайда ол жайында хикаяда ешқандай дерек жоқ; бір ғана мәлім нәрсе, сүрініп кеткенде немесе құлап қалғанда ол әманда өзіне-өзі: одан да үйде отырғаным жақсы, еді дегенді айтатын, өйткені сүріну мен құлаудың салдарынан аяқ киіміңді бүлдіру мен қабырғаңды сындырудан басқа пайда таппайсың ғой; ақылға кенен бола қоймаса да, атқосшымыз бұл арада шындыққа бір табан жақындау-тұғын. Сол жерде Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:


— Достым Санчо! Жолда келе жатқанымызда күннің қалай батқанын білмей қалдық, енді қазір қараңғылық қоюланып кеткені сонша, шамасы, Тобосо қаласына таң ата жете алмайтын да шығармыз; басқа шытырман оқиға іздеуге аттанбас бұрын әуелі сонда соға кетуге, сол жерден жан тең келмес Дульсинеяның рұқсаты мен мархабатты ризашылығын алуға ұйғарған едім: тек сондай ризашылықтың арқасында ғана қандай шытырман оқиғаны болсын жеңіспен аяқтаймын деген ойдамын және соған кәміл сенемін де, өйткені бұл өмірде ханымдарының ықылас-пейілінен артық кезбе рыцарьлар айбатын арттырар ештеңе жоқ.


— Мен де солай ойлаймын, — деп қуаттай кетті Санчо, — бірақ сіздің, тақсыр, онымен тілдесіп жә болмаса жай ғана жүздесіп ризашылығын алатын орныңыз деймін-ау, мысал үшін айтам, күмәнді боп тұр емес пе: бәлкім, онымен ана жолы сіздің Сьерра Моренаның қақ төрінде қалай ақымақтанып, анайы әрекеттер жасап жатқаныңыздың жайын баян еткен хатты алып барғанымда жүздескен орным — яғни, мал қораның шартағы арқылы ғана жүз көрісуіңізге тура келетін шығар.


— Е-е, Санчо, ана жолы өзің осынау көз тартатын көркемдікпен және суреттеуге сөз жетпейтін сұлулықпен дидарласқан, дәлірек айтқанда, әлде бірдеңе арқылы дидарласуыңа тура келген орын саған мал қораның шартағы боп елес берген екен-ау? — деді Дон Кихот бәсең дауыспен. — Жоға, о не дегенің, ол жердің галерея, балкон немесе корольдің сән-салтанаты мол сарайының портигі13 екенінде еш күмән жоқ.


— Мүмкін, әбден мүмкін, — деп келісе кетті Санчо, — әйткенмен, қара басып қателесіп жүрмесем, маған ол шартақ сияқты боп көрінген.


— Қалай болғанда да, кеттік сонда, Санчо, — деді Дон Кихот. — Онымен қалай жүз көріскенімде тұрған дәнеңе жоқ: мал қорасының шартағы арқылы ма, терезе арқылы ма, саңылау немесе бақтың қоршауы арқылы ма — бәрібір, өйткені оның күн сипатты дидарының көз жанарымды шылаған әр тал шапағының өзі ақыл-ойымды нұрландырып, рухымды тасытады, одан кейін ақыл-парасаты мен айбыны жөнінен күллі әлемде маған тең келер жан баласы болмайды.


— Ақиқатын айтқанда, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — анау әлгі күнді, яғни сеньора Дульсинея Тобосскаяны көрген кезімде ол соншалықты бір жарқырап тұрған жоқ-ты және жан-жаққа шашыратқан шапағы да көзіме шалына қоймаған, шамасы, бұл мейірімді ханымның, өзіңізге бұрын баян еткенімдей, мен барған кезде дән ұшырып жатқандығынан, айнала-маңын бұлт тәрізді қою шаң торлап, бет-әлпетін көрсетпей жібергендігінен шығар.


— Сонда сен, Санчо, сеньора Дульсинея дән ұшырып жатты деген тұжырымыңнан әліге шейін айнымай, солай ойлап, соған сеніп, соны ұстанып жүр екенсің ғой, солай ма? — деп сұрады Дон Кихот. — Шындығына келгенде, бұл жұмыс, бұл кәсіп әдетте басқадай іспен және ермекпен шұғылдану үшін жаратылған және сондаймен шұғылдануға борышты ақсүйек әулеттен шыққандар айналысатын және айналысуға тиіс, осы арқылы олардың тектілігін арбалет оғы жетер жерден-ақ аңғарып-білуге болатын, шаруаға мүлдем жуыспайды-ақ емес пе?.. Өздерінің хрустальдан соғылған сарайында төрт нимфаның немен шұғылданғанын: сүйікті өзені Тахоның суынан жағаға қалай шыққанын, көк майсаға жайғасып отырғаннан кейін, айлакер ақынымыздың айтуынша, алтынның, інжу мен жібектің қоспасынан тоқылған, аса бағалы маталарға кесте төгуге кіріскенін суреттейтін өлеңін есіңде жөнді сақтамаған екенсің-ау, Санчо. Өзің барып көргенде менің аяулы ханымым да, сірә, тап сондай шаруамен айналысып отырған болуы керек, шамасы, егер тек ересен ерліктерімді көре алмайтын әлде бір зұлым сиқыршы оны ауыстырып, өзге түрге енгізіп қойып жүрмесе; жалпы, ол залым жүрегімді қуанышқа бөлейтін нәрсенің бәрін мүлдем басқа бірдеңеге айналдырып жібереді, — мен тіпті өз қарекетімнің баспадан шықты делініп жүрген баянының авторы да, өзіме өштігі бар көз байлаушы боп шығып, оқиғаларды қасақана бұрмалап, ақиқатқа құшақ-құшақ өтірік қосып, осынау шынайылығы шүбәсіз хикаяның одан әрмен өрістеуіне қатысы жоқ басқа бір тосын жағдайлар жайындағы әңгімемен әуестеніп кете ме деп те қауіптенем. Беу, қызғаныш, сансыз көп бақытсыздықтың бастауы, ізгіліктің ірге тасын кемірген жебір құрт-ай! Жаман әдет атаулының өзегінде, Санчо, жан рақатын табуға деген құштарлық жатады, ал қызғаныштың өзегінде — күйініш, өшпенділік пен ызадан өңге дым да жоқ.


— Мен де дәйім осыны айтып жүрмін ғой, — деп іліп әкетті Санчо. — Бакалавр Каррасконың сөзіне сенсек, өзіміз жайында жазылған анау әлгі кітапшада немесе хикаяда менің ар-намысыма, оған еш күмән жоқ, бейне бір жүргісі келмей көткеншектеген, сөйтіп оң жақ бүйірден де, сол жақ бүйірден де оңбай тепкі жеген шошқаның қиқар қабанына тартылғандай сыбаға тиген шығар, шамасы. Солай бола тұрғанымен, шыным бұл, өз басым бірде бір сиқыршы жайында бір ауыз жаман сөз айтқан емеспін, оның үстіне, маған біреу қызғаныш білдіретіндей жиған-тергенім де жарытымсыз. Рас, мен өз пайдамды жібермеймін, сондай-ақ кей-кейде пысықайлық жасаудан да жалтармаймын, бірақ пысықай болғаныммен, есесіне аңқаулаумын және аңқаулығым — туа бітті мінезім, әсте де жасанды нәрсе емес; тіпті құдайға деген сенімнен өзге қасиеттің бәрінен құралақан болған күнімнің өзінде де, — ал мен құдайға және римдік-католиктік шіркеу үйрететін және сенетін нәрсенің бәріне өмір бойы шын жүректен әрі қапысыз сеніп келе жатқан адаммын, оған қоса, еврейлерді иттің етінен жек көрем, — міне, тек жалғыз сол үшін ғана шығармашылар маған кешіріммен қарап, жазбаларында мені жақсы жағымнан көрсетуі керек еді. Әйтсе де, мейлі, ойларына не келсе соны көйіте берсін, бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ, ендеше кітаптарда біреулердің өзім жайында не жазып, не қоятынына және төрткіл дүниеде енді қандай өсек-аяң қаулайтынына түкіргенім бар: ауыздарына түскенін оттай берсін.


— Бұл айтқандарың осы күнгі бір атақты ақынның басында болған жайды ойыма оралтты, Санчо, — деді Дон Кихот. — Ол куртизанкалар14 жайында әзіл-шыны аралас сықақ жазады, бірақ біреуін ұмыт қалдырып, атын атамай кетеді, осы себепті көпшіліктің көңілінде бұл куртизанка ма әлде емес пе деген күмән туады; әлгі әйел болса, өзінің тізімге ілінбей қалғанын көріп, ақынды жерден алып, жерге салып, қандай жазығы барын, есімі неліктен тізбеге кірмегенін сұрайды, сосын сықақ өлеңін толықтыруды, өзі жайында бірдеңе қосуды талап етіп, олай етпеген жағдайда көрер күні бір уыс болатынын мәлім етеді. Ақын оның тілегін орындап, келістіре суреттеп береді, әйел оған ырзашылық білдіреді: жаман да болса әйтеуір абырой екенін айтады. Сондай-ақ, есімі ұрпақтан ұрпаққа жетуін көздеп, әлемнің жеті кереметінің бірі ретінде құрметтелетін Диана ғибадатханасына от қойып, түгін қалдырмай өртеп жіберген бақташы жайындағы әңгімені де осы арада еске сала кеткеннің артығы жоқ: көздеген мақсаты іске аспауы үшін әлгінің атын ауызша түрде де, жазбаша түрде де еске алмауға және атамауға әмір етілгеніне қарамастан, оның есімі Герострат екені ақыры мәлім болмай қалмады. Онан соң ұлы император Бесінші Карл мен әлде бір римдік дворянның арасында болған жағдаятты да айта кеткен орынды. Император атақты Ротонда ғибадатханасын көрмек болады, бағзы замандарда бұл дүйім құдай ғибадатханасы деп аталған еді, ал қазір әбден лайықты түрде дүйім әулие ғибадатханасы аталады және римдік мәжусилер тұрғызған ғимараттар арасындағы ең жақсы сақталғаны да осы, сондай-ақ оны көтерген құрылысшылардың сән-салтанаты мол әрі заңғар ғимарат салудағы аса талғампаздығын да көрнекі түрде куәландырып тұр: пошымы апельсиннің жарты бөлігін еске салады, аса аумақты, күн сәулесі жалғыз ғана терезеден, анығырақ айтқанда, жоғары жақтағы дөңгелек ойықтан ғана түсіп тұрғанымен, іші де керемет жарық; міне, император да ғимаратты тап осы жерден тамашалаған еді, ал жанындағы римдік әлдебір ақсүйек зәулім құрылыстың әдемілігі мен сән-салтанатын, архитектурасының көз тартар ерекшеліктерін түсіндіріп тұрған. Олар аталмыш ойықтан былай шыққан соң әлгі дворян императорға: “Ұлы мәртебелі император ағзам! Бұл дүниеде есімімді мәңгілікке қалдыру үшін, ұлы мәртебелім, сізді құшақтай алып өзіңізбен бірге төмен қарай құлауға деген құштарлық мың мәрте бойымды құрсағанын айтқым келеді”, депті. “Бұл өрескел ойыңызды орындамағаныңыз үшін сізге көптен-көп рақмет, алайда ендігі жерде адалдығыңызды сынақтан өткізетін мұндай мүмкіндік туа қоймас, өйткені сізге өзіммен енді ешнәрсе жайында сөйлеспеуге және өзім баратын жерлерге аттап баспауға әмір етем”, деп жауап қатыпты император. Бұдан соң әлгі ақсүйекке мол сыйлық беріпті. Мұның бәрін, Санчо, даңқымызды жаюға деген құштарлықтың тіптен ақылға сыйымсыз нәрсе екенін көрсету үшін айтып отырмын. Сен қалай ойлайсың, Горацийді қару-жарағын түгел асынған күйі көпірден Тибрдің тұңғиығына секіруге итермелеген не? Муцийді қолын отқа жағып жіберуге мәжбүр еткен не? Курцийді Римнің қақ ортасында пайда болған от шашқан түпсіз шыңырауға құлауға түрткі болған не? Юлий Цезарьдің не қилы жаман ырымдарға қасақана Рубиконның арғы бетіне өтуіне не себеп болды? Ал егер одан гөрі бертініректегі мысалдарға келетін болсақ, аса бір сыпайы адам саналатын Кортес басқарған ержүрек испандарды Жаңа Дүниеде кемелерін суға батырып, қу медиен жағалауда қалуға күштеген не? Осы іспетті басқа да үлкенді-кішілі ерліктің бәрі де атақ-даңқ үшін жасалған қарекет болды, болып та отыр және бола да бермек; ал даңққа келсек, ол ажалды адамдарға ажалсыздықтың өзіндік бір түрі іспетті көрінеді, сол себепті де олар мұны өздерінің айтулы ерлігіне лайық марапат деп біледі, ал шындығында, бізге, христиан-католиктер мен кезбе рыцарьларға, жер бетінде әрі өткінші ғұмырда қол жеткізуге болатын және қанша ұзаққа созылғанымен, ақырғы шегі алдын-ала белгіленіп қойылған деректі дүниемен бірге қалайда аяқталып тынатын өнімсіз даңқтан гөрі ана жақтағы, ғарыш әуе кеңістіктеріндегі, алдағы ғұмырда иеленетін даңқ жайында көбірек қам жасаған жөн болар еді, өйткені бұл — мәңгілік даңқ, — міне, Санчо, іс-әрекетіміз өзіміз тұтынатын христиан діні белгілеп берген шектен неліктен шықпауға тиіс екендігінің себебі осындай. Біздің парыз: дәулер кейпіндегі тәкаппарлықты күйрету, қызғанышты — кең пейілділік пен ақ жүректілік, ашу-ызаны — салқынқандылық пен сабырлылық, мешкейлік пен ұйқышылдықты — тамақты аз ішіп, көбірек сергек болу, ләззатқұмарлық пен нәпсіқұмарлықты — ой-ниетіміздің әміршісі етіп таңдаған жандарымызға деген адалдық, ал жалқаулықты — тек христиан ғана емес, сонымен бірге айбынды рыцарь атануымызға да болатын және шын мәнінде-ақ солай атануымызға септігі тиетін оқиғаларды іздеп, жер-жаһанды шарлап ел кезу арқылы жеңу боп табылады. Міне, Санчо, жақсы лепес жеткізетін ең жоғары мадаққа ие болудың жолдары осындай.


— Тақсыр, қазір маған айтып берген нәрсеңіздің бәрін де өте жақсы түсіндім, — деп мәлім етті Санчо, — алайда, соған қарамастан, бір күдігімді сейілдіріп бергеніңізді қалар едім.


— Сен, сірә, сейілтіп демексің-ау, Санчо, — деп түзетті оны Дон Кихот. — Айт, айта бер, шамам келгенінше жауап қайтарып көрейін.


— Айтыңызшы маған, сеньор, — деп сөзін жалғады Санчо, — әлгінде өзіңіз атаған және бәрі баяғыда дүние салған Июлилер, — әлде Августер ме, қалай еді өзі? — және басқа да жүрек жұтқан рыцарьлар деймін-ау, қайда солар қазір?


— Мәжусилер — тозақта, оған еш күмән жоқ, — деп жауап қатты Дон Кихот, — ал христиандар, егер олар ізгі ниетті христиан болса, не мақшарда, не жұмақта.


— Жөн-ақ, — деді Санчо, — ал енді тағы бір білгім келетіні: анау әлгі атағы жер жарған сеньорлардың сүйегі жатқан мазардың алдында күміс шамдал жанып тұра ма, зияратханаларының қабырғасы балдақпен, кебінмен, тұтам-тұтам шашпен, балауыз аяқпен және көзбен көркемделген бе? Егер олай болмаса, онда немен көркемделген?


Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты:


— Мәжусилер сағанасы көбіне-көп сән-салтанатты ғибадатхана түрінде салынған: Юлий Цезарьдың мәйіті ғаламат үлкен пирамиданың ортасында тас бітеулі жатыр, оны қазір Римде Әулие Петрдің жуалдызы деп атайды; император Адрианның мазары — тұтас бір деревняның аумағын алып жатқан қамал-сарай, — бұрын ол Moles Hadrіanі15 аталатын, ал қазір бұл Римдегі әулие Ангел қамал-сарайы; Артемисия патшайым жұбайы Мавзолды әлемнің жеті кереметінің бірі ретінде әспеттелетін сағанаға жерледі, бірақ аталмыш мазарлардың бірде бірі, мәжусилер тұрғызған басқа да сағаналар секілді, кебінмен де, бұл жерде әулие жатқанын аңғартатын басқадай тарту-таралғымен және эмблемамен де көркемделмеген.


— Өзім де солай ойлағам, — деді Санчо. — Ал, енді айтыңызшы, ең керемет ерлік не: өлгенді тірілту ме әлде дәуді өлтіру ме?


— Бұған бас ауыртудың қажеті жоқ, — деп жауап қатты Дон Кихот, — ең керемет ерлік — өлгенді тірілту.


— Міне, осы жерде ұсталып қалдыңыз, — деп іліп әкетті Санчо. — Ендеше, өлгенді тірілтетін, кәридің көз жанарын ашатын, ақсақтың аяғын түзеп беретін, сырқатты сауықтыратын адам, мазарының алдында шамдал жанып тұратын, зияратханасына жиылған тауап етуші нөпір мүрдесіне бас ұратын адам, олай болса, жер бетінде қаншасы ғұмыр кешпесін мейлі, сонша мәжусилік император мен кезбе рыцарьдың бәрі қалдырған және қалдырып жатқан даңқтан әлдеқайда артық даңққа осы өмірде де, алдағы өмірде де ие бола бермек.


— Бұл сөзіңмен келісуге болады, — деді Дон Кихот.


— Әулие мәйіті мен мүрдесінің дабысы, игі қуаты және, жұрт аузында айтылып жүргендей, дәргейі ерекше құрметтелетіні сонша, — деп сөзін жалғай түсті Санчо, — қасиетті шіркеу-анамыздың рұқсатымен және мақұлдауымен оның зияратханасына шамдал да, шырақ та, балдақ та, сурет те, шаш тұтамы да, көз бен аяқ та қойылған, — осының бәрі құдайға құлшылық етуді күшейту және әулиенің христиандық даңқын нығайта түсу мақсатына қызмет етеді. Корольдер әулие мәйітін, яғни мүрдесін орналаспақ жеріне иығына салып көтеріп барады, сүйегінің кішкене кесектерін сүйеді, осы кесектермен тауапханалары мен елеулі деген мехраптарын әшекейлеп, қадірін арттыра түседі.


— Осы айтқандарыңнан қандай түйін түюге болады сонда, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.


— Түйін мынадай, — деп жауап қатты Санчо. — Сіз бен біздің әулиеге айналуымыз қажет, сонда өзіміз соншалықты құштар боп жүрген жақсы атаққа тезірек қол жеткізетін боламыз. Мына қызыққа қараңыз, сеньор: кеше ме әлде алдыңғы күні ме (қысқасын айтқанда, таяуда) екі жалаң аяқ монах әйелді әулиелер қатарына қосты, міне енді қазір солардың тәндерін жансыздандыру мақсатында белден буынған шынжырын сүю не болмаса соған қол тигізу зор бақыт саналады және бүгінгі таңда бұл шынжырлар, менің білуімше, короліміздің, құдай қамқор боп жүрген әміршіміздің, арсеналында сақтаулы тұрған Роланд семсерінен де артық құрметтелетін көрінеді. Сондықтан да, көзсіз батыр, оған қоса кезбе рыцарь болғаннан гөрі, сеньор, әлденендей бір орденнің момақан монахы болған әлдеқайда жақсы, өйткені, дәуге ме, құбыжыққа ма әлде андриакқа ма, кімге болсын бәрібір, жиырма мың рет найза салғаннан гөрі, өзіңді өзің қамшымен жиырма рет шықпыртқан құдай назарына тезірек шалынады.


— Бұған айтар дауым жоқ, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бірақ жұрттың бәрі бірдей монах бола алмайды ғой, онан соң құдайдың нық сенімде жүргендерді пейішке апарар жолы да алуан-алуан. Рыцарьлық та монахтар орденінің бір түрі: рыцарьлар арасында да мәңгілік жан рақатына бөленіп жүрген әулиелер бар.


— Жөн, — деді Санчо жуаси сөйлеп, — бірақ, естуімше, пейіштегі монахтар рыцарьлардан әлдеқайда көп деседі.


— Мұның себебі, рыцарьларға қарағанда иноктар онсыз да өте көп қой, — деді Дон Кихот.


— Кезбе рыцарьлар да аз емес, — деді Санчо келісіңкіремей.


— Аз емес, — деп мақұлдады Дон Кихот, — әйтсе де олардың арасында рыцарь атануға лайықтылары кемде-кем.


Міне, осындай және осыған ұқсас әңгімелермен олар бір түн мен бір күнді өткізді, көңіл аударуға тұрарлық ешқандай шытырман оқиға кезіккен жоқ, ал Дон Кихотқа бұл әжептәуір уайым болды. Ақыры, ертеңіне кешкісін, олардың көз алдында заңғар қала Тобосо көлбеп жатты, соны көргенде Дон Кихот қуанып құнтыңдап кетті, ал Санчо болса көңілсізденіп, тұнжырап қалды, өйткені Дульсинеяның қайда тұратынынан мүлдем хабары жоқ-ты және онымен өмірі жүздесіп көрмеген, айта кетерлігі, қожайыны да оны өмірі көрмеген адам-ды; сөйтіп, бірі — оны көруге ынтызарлықтан, екіншісі — оны ешқашан көрмегендіктен, екеуі де ерекше толқу үстінде болды; Санчо қожайыны өзін Тобосоға аттандырғанда не істеуі керегін ойлап таба алмай қара терге түсті. Ақыр соңында Дон Кихот қараңғылық қоюланғанша қалаға кірмей тұра тұруға ұйғарым жасады, сөйтіп олар уақытша Тобосо маңайындағы бір тоғайға келіп орналасты, ал белгіленген мерзім жеткенде екеуі қалаға келіп кірді, сол жерде олар қайткенде де жолықпай қоймайтын жағдайға жолықты.


ІХ тарау


Мұнда осы тарауда айтылатын жайлар турасында баяндалады.


Түн кемеліне келген шақта, әлде кемеліне оншалық келе қоймаған шақта ма, әйтеуір, Дон Кихот пен Санчо тоғайды тастап, Тобосоға келіп кірді. Тұрғындары тыныс алып, алаңсыз ұйқы соғып жатқандықтан қала да жым-жырт тыныштықта мүлгіп тұрған. Ай әжептәуір жарық-ты, алайда Санчоға салсаң, түннің көзге түртсе көргісіз қараңғы болғаны жақсы еді, өйткені кещелігін сездірмеу үшін қараңғылықты сылтау ете алатын. Қалада тек иттің үргені ғана естіліп тұрды, бұл Дон Кихоттың құлағына түрпідей тиіп, Санчоның аза бойын қаза қылумен болды. Әредік-әредік есек ақырып, шошқа қорсылдап, мысық мияулап жатты, әрқилы әуендегі бұл дыбыстар түннің маужыраған тыныштығында әдеттен тыс қатты жамырап тұрды; ғашықтық дертіне шалдыққан рыцарь бұл жағдайды жаман ырымға жорыды, әйткенмен, Санчоға қарап:


— Санчо балам! Дульсинеяның сарайына қарай жол баста, — бәлкім ол ұйқысынан оянған да шығар, — дегенді айтты.


— Өй, қайдағы сарайды айтып тұрсыз, мәртебелі ханыммен үкінің ұясындай ғана үйшікте жүздестім емес пе? — деп дауыстап жіберді Санчо.


— Шамасы, сол тұста ол текті әулеттен шыққан сеньоралар мен принцессалар арасында қалыптасқан және дәстүрге айналған үрдіс бойынша құрбыларын ертіп қамал-сарайындағы шағындау мекен-жайларға барып жүрген ғой, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


— Сеньор! — деді Санчо. — Ақыры маған қасақана Дульсинея ханымның үйін қамал-сарайға айналдырғыңыз келсе, айтыңызшы, осындай бейуақта оның қақпасы неліктен ашық тұруға тиіс? Оны аштыру үшін қақпаны тарсылдатып шу шығарғанымыз қалай болады? Өйтсек, жұрттың бәрін дүрліктіріп, мазасын аламыз ғой. Сонда қалай сіздіңше, көңілі соққан кезде келе беретін, келіп есік қағатын, бейуақ болғанына қарамай өздерін ішке кіргізіп алатын ашыналарға ұқсап бикештер есігін қағып тұрмақпыз ба?


— Ең қиыны — қамал-сарайды тауып алу, — деді Дон Кихот келіспей, — не істейтінімізді, Санчо, саған содан кейін айтам. Дұрыстап қарашы өзің, Санчо: мен жөнді көре алмай тұрмын-ау деймін, әне бір қарауытқан зәулім ғимарат шынымен-ақ Дульсинеяның сарайы секілді.


— Ендеше, тарта берсеңізші алға қарай, тақсыр, — деп іліп әкетті Санчо, — бәлкім, шынымен де солай шығар, бірақ сол сарайды өз көзіммен көріп, қолыммен сипағанның өзінде де, бәрібір, дәл қазіргі кездің күндіз екеніне қандай сенсем, оған да сондай сенетін болам.


Дон Кихот бірінші болып қозғалды, сөйтіп екі жүз қадамдай жүрген соң қарауытып тұрған зәулім ғимаратқа жақындап, биік мұнарасы барын байқады, сол арада ғана мұның қамал-сарай емес, собор екенін аңғарды. Соны көрген ол:


— Біз шіркеуге тап келдік, Санчо, — деп үн қатты.


— Көріп тұрмын, — деді Санчо. — Құдай сақтағанда, әйтеуір молаға тап келмегенімізге шүкір, әйтпесе осындай беймезгіл уақытта тентіреп зират кезіп жүру жақсы ырым болмас еді, оның үстіне, егер қара басып қателесіп кетпесем, әлгі сеньораның үйі тұйық көшеде орналасқан деп өзіңізге айтқан да секілді едім.


— Құдайдан қорықсаң етті, миғұла! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Қамал-сарайлар мен король сарайларын тұйық көшеге тұрғызғанын қайдан көрдің?


— Сеньор! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Әр елдің салты басқа: шамасы, мұнда, Тобосода, сарайлар мен зәулім ғимараттар тар көшеде тұрғызылатын болғаны ғой, сондықтан, тақсыр, рақым етіп, жақын маңдағы кең көшелер мен тар көшелерді аралап шығуға рұқсат етіңізші, — бәлкім, әлдебір қалтарыстан ғайыптан-тайып әлгі сарайды ұшыратып та қалармын, таптырмай сілемізді қатырып, діңкелетіп бітті ғой, ит жегір.


— Аяулы ханымыма қатысты нәрселер жайында айтқанда аузыңа абай бол, — деп ескертті Дон Кихот, — босқа қызбаланбайық, ақылымыздың қалған-құтқанынан айрылып қалмайық.


— Шамам келгенше шыдамды болуға тырысармын, — деп мәлім етті Санчо, — бірақ бибіміздің үйін бір көргенде-ақ өмір-бақи есте сақтап қалуымды және түн ортасында тауып беруімді талап етіп отырғаныңызда үндемей қалуға қанша төзім керек екенін білсеңіз! Оның үйін тіпті өзіңіз де, тақсыр, таба алмай тұрсыз ғой, ал сіздің оны мың мәрте көргеніңізге еш күмән жоқ.


— Сен мені тығырыққа тіреп тұрсың, Санчо, — деді Дон Кихот. — Бері қара, найсап, жан тең келмес Дульсинеяны ешқашан көрмегенімді, сарайының табалдырығын ешқашан аттамағанымды, оған тек сырттай, ұзынқұлақ хабар бойынша ғашық болғанымды, өйткені ажары мен ақылы жайындағы ауыздан-ауызға тараған мадақ сөзді менің де құлағым шалғанын саған сан қайталап айтпап па едім?


— Енді түсіндім бәрін, — деп салды Санчо, — және ашығын айтуға тиіспін: егер сіз, тақсыр, оны көрмеген болсаңыз, онда өзім жайында тіпті әңгіме жоқ.


— Олай болуы мүмкін емес, — деді Дон Кихот наразылық білдіріп, — қалай болғанда да әйтеуір, маған оның дән ұшырып жатқанын көргеніңді айтқансың және оған беріп жіберген хатыма жауап әкелгенсің.


— Бұл мәселеге онша шұқшия бермеңіз, сеньор, — деп мәлім етті Санчо, — сондықтан, біліп қойғаныңыз абзал, оны көруім де, жауабын әкелуім де ұзынқұлақ хабар бойынша іске асқан-ды, ал сеньора Дульсинея деген кім, қандай адам — маған ол жайында айту да бір, айдалаға лағу да бір.


— Санчо, Санчо! — деді Дон Кихот дебдіреп. — Әрине, кейде әзілдеп қойғанның артығы жоқ, бірақ кейде қандай қалжың да ерсі әрі ебедейсіз боп шығады. Егер мен жүрегімнің әміршісімен ешқашан жүздеспедім және тілдеспедім десем, бұл сенің де онымен ешқашан тілдеспедім және жүздеспедім деп жария етуің керек деген сөз емес, — мұның олай еместігін өзің де білесің ғой.


Осылай әңгімелесіп тұрған кездерінде қарсы алдарынан қос қашыр жетектеген әлдебір адам бой көрсетті, жерге сүйретіліп келе жатқан соқаның шықырына қарап Дон Кихот пен Санчо оны таң атпай тұрып теліміне қарай кетіп бара жатқан диқан ғой деп түйген, бұл шын мәнінде де солай болатын. Диқан ән салып келе жатыр еді:


Ронсевальдағы аңшылықта


Сорладыңдар-ау, француздар.


— Егер бүгін әлденендей бір жақсылыққа жолықпасақ, — деді оны тыңдап алған Дон Кихот, — тұрған орнымда жер табандап қалайын. Мына диқанның қандай әнді айтып келе жатқанын естіп тұрмысың?


— Естуін естіп тұрмын ғой, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ біздің іздеп жүрген нәрсемізге Ронсевальдағы аңшылықтың қатысы қанша? Дәл осылайша оның Калаинос жайында да ән салуына болатын еді, — ал бұдан бізге келіп-кетер жақсылық та, жамандық та жоқ.


Сол екі арада диқан да таяп қалған, Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:


— Іске сәт, қадірменді достым! Жан тең келмес принцесса донья Дульсинея Тобосскаяның сарайы қай жерде екенін айтып бере алмас па екенсіз маған?


— Сеньор! — деп жауап қатты жігіт. — Мен өзім басқа жерде тұрам, мұнда бар-жоғы бірнеше күн ғана болмақпын, бір дәулетті жер иеленушіге егістікте жұмыс істеуге жалданғам. Мына қарсы беттегі үйде священник пен пономарь тұрады, сол екеуінің бірі, бәлкім, тіпті екеуі де әлгі принцесса жайында сізге нақты мәлімет беруі мүмкін, себебі оларда Тобосодағы барлық тұрғынның тізімі бар, әйтсе де, өз ойымша, күллі Тобосодан бірде бір принцессаны шырақ алып іздесең де таппасың хақ. Рас, байбатша әйелдер көп, тәкаппарлары да жетіп артылады: олай дейтінім, өз үйінде отырған соң бәрі өзін принцесса сезінеді ғой.


— Ендеше, достым, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — солардың арасында әлгінде өзім сұрастырған ханым да болуға тиіс.


— Әбден мүмкін, — дей салды жігіт, — ал енді хош болыңыздар, таң сыз беріп қалды.


Сұрастырудың соңын күтпеген ол қашырларын қуалай жөнелді. Мырзасының абдырап қалғанын және өте ренжулі екенін көрген Санчо былай деді:


— Сеньор! Таң атып келеді, күн шыққанда көшеде тұрғанымыз жараспайды, сондықтан қаладан шығып кеткеніміз тәуір болар: сіз, тақсыр, таяу маңдағы орманда бой тасалай тұрар едіңіз де, мен күндіз қалаға қайтып оралып, мейірбан ханымымның әлде үйін, әлде қамалын, әлде сарайын іздеп тапқанша қалтарыс-қалтарысты қарап шығар едім; таппасам, әрине, мұның үлкен бақытсыздық болары рас, ал тапсам, мәртебелі ханыммен сіздің қайда және қандай көңіл күйде оның әмірі мен кеңесін күтіп отырғаныңыз жайында, ар-намысы мен жақсы атына нұқсан келмейтіндей жолмен қалай жүздесуіңізге болатыны жайында әңгімелесер едім.


— Сен көп ойды аз ғана мөлшердегі сөздің ауқымына сыйғызып жібердің, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Бұл кеңесіңді асқан ырзашылықпен қабыл алам және оны қолма-қол орындауға құштар боп тұрмын. Сөйтіп, балам, біз орманға барамыз, мен сонда бола тұрам, ал сен, өзің уәде еткендей, қалаға қайтып ораласың, ханымымды іздеп табасың, онымен жүздесіп, әңгімелесесің, ақыл-парасаты мен ізеттілігін ескерсек, оның тарапынан біз күтпеген керемет бір жақсылықтың болып қалуы да ғажап емес.


Өзі Сьерра Моренаға жеткіздім деп жүрген Дульсинеяның жалған жауабына қатысты өтірігі шығып қалмасы үшін Санчо қожайынын Тобосодан алып кетуге асығып тұр еді, сондықтан қаланы тезірек тастап шығуға барын салған және бұл ойы шынымен-ақ жедел іске асты; сөйтіп, олар қаладан екі мильдей жерде орналасқан бір орманды, дәлірек айтқанда, тоғайды тауып алды. Дульсинеямен сөйлесу үшін Санчо қалаға барып қайтқанға дейін Дон Кихот сонда отыра тұруды ұйғарды, — ал біздің елшіміз жолшыбай айрықша көңіл аударуға және ерекше сенім білдіруге лайық оқиғаларға кез болды.


Х тарау


Мұнда Санчоның Дульсинеяны қалайша оп-оңай жадылап қойғаны жөнінде, сондай-ақ қаншалықты күлкілі болғанымен, соншалықты шыншыл басқа да оқиғалар жайында әңгімеленеді.


Осы тарауда әңгіме болатын жайларға жеткен осынау айтулы туындының авторы оқырман сенімінен айрылып қалмау үшін бұл турасында жұмған аузымды ашпағаным жөн болар-ақ еді дегенді айтады, өйткені Дон Кихоттың есалаңдығы мұнда адам айтқысыз дәрежеге жетеді, тіпті әлемдегі ең ерен, ең ересен есалаңдықтарды да жолда қалдырып, арбалеттен екі рет атқандағыдай қашықтыққа алға шығып кетеді. Әйтсе де, аса қатты абыржып, әбігерге түскенімен, ақыр аяғында бұл жайды ол өз жанынан ештеңе қоспай және шындықты бір шөкім де шегермей, соның өзінде де суайт деген айып арқалап шығатынына көңіл аудармай, өмірде қалай орын алса сол қалпында суреттеп шықты; бұл ретте ол дұрыс қадам жасаған, себебі ақиқат кей жағдайда жұқарып-жұқаланғанымен ешқашан жыртылмайды, майдың су бетіне қалқып шығатыны секілді қашан да жалғандықтан жоғары тұрады. Сөйтіп, әңгімесін әрмен жалғаған ол, атақты Тобосоның іргесіндегі шоқ талға ма, тоғайға ма, орманға ма бой тасалаған Дон Кихоттың Санчоға қалаға қайтып баруға, аяулы ханымымен өз атынан әңгімелеспейінше және шын берілген рыцарымен жүздесуге, болашақта күллі қанды шайқастары мен қиын бастамаларының барынша сәтті аяқталарына деген үміттен қол үзбеуі үшін өзіне оң сапар тілеуге ризашылығын алмайынша көзіне көрінбеуге әмір еткенін айтады. Санчо өзіне берілген бұйрықты бұлжытпай орындауға және ана жолғыдан аумаған ұнамды жауап әкелуге уәде етті.


— Бара ғой, балам, — деді Дон Кихот, — бірақ өзің жолыққалы тұрған нұр шашқан сұлулықпен жүздескен сәтіңде асып-сасып абыржушы болма. Беу, күллі әлемдегі атқосшылардың ең бақыттысы! Қаперіңнің берік болуына қам жаса, аяулы ханымым өзіңді қалай қабылдағанын қапысыз есіңде сақта: өтінішімді өзіне баян етіп тұрған шағыңда өңі алабұртып кетті ме; есімімді естіген сәтте біртүрлі үргелектеніп, ұялшақтап қалды ма; егер жоғары ақсүйектік дәрежесіне сай әсем безендірілген орынтақта отырса, көпшіктеріне қарай шалқалай кетті ме; егер сені түрегеп тұрған қалпында қабылдағандай болса, аяғына түсер салмағын алма-кезек ауыстырып, тыпыршып тұрды ма, соны байқа; жауабын екі немесе үш мәрте қайталаған жоқ па; қайырымдылық танытып тұрып қаталдық білдірді ме немесе, оған керісінше, жабырқаңқы түрін өзгертіп жайнаңдап шыға келді ме; жиған шашында шашау жоқ болса да, жөндеп қоймаққа қолын көтерді ме; қысқасы, балам, барлық қимыл-қозғалысын қалт жібермей қадағала, өйткені осының бәрін бұлжытпай жеткізсең, онда оның көңіл түкпірінде өзіме деген қандай сезім бұғып жатқанын айқын аңғарар едім; егер әлі күнге шейін білмесең, біліп қойғаның абзал, Санчо: сүйіспеншілік сезімі баураған ғашықтардың іс-әрекеті мен сырт көзге шалынар қылығы жан-дүниесінде не болып, не қойып жатқандығынан хабар жеткізетін ең сенімді шабарман боп табылады. Сонымен, жолың менің жолымнан жеңілдеу болғай, достым, бара ғой енді және жападан-жалғыз уайымға батып, абыржып азап шегіп отыратын мен бейбақ күтерден де гөрі молырақ табысқа қол жеткізіп қайт.


— Бопты онда, мен кеттім, кешікпей қайтып оралармын, — деп мәлім етті Санчо, — ал сіз, мархабатты мырзам, жүрегіңіздің аптығын баса тұрыңыз, әйтпесе дегбірден әбден айрылғандайсыз және тәуекел деген желқайық, өтесің де кетесің, сүзеген сиырға құдай мүйіз бермейді, сосын тағы: бақыт шыбын сияқты, біресе гүлге, біресе көңге қонады, деген сөздерді еске алыңыз. Мұны айтып тұрған себебім, түнде біз аяулы ханымның сарайын да, қамалын да таба алмадық қой, есесіне қазір, тапа-талтүсте, мен оларды әлдеқалай кездейсоқ түрде тауып алармын деп ойлаймын, тек тапсам екен, ал онымен тілдесу жағына алаң болмаңыз — оны өзіме тапсырыңыз.


— Шынында да, Санчо, — деді Дон Кихот, — мақалдарыңды сөз арасына қашан да өте оңтайлы қыстырасың, ойға алған істерімді орындау үшін маған да құдай сондай оңтайлы жағдай туғызғай.


Бұл сөздерді жүре тыңдаған Санчо есегінің басын бұрды да, тепеңдеп тарта жөнелді, ал атқа мініп отырған Дон Кихот, аяғын үзеңгіге шіреп, найзасына сүйенген қалпы берекесіз буалдыр ойға берілді. Енді біз оны осы арада қалдырып, Санчо Пансаның соңынан ілесейік: мырзасынан жырақтап бара жатқан оның да көңілі алай-түлей боп, ойға шомып кеткен-ді; мұнысы жанын қатты жабырқатқаны сонша, орманнан шыққан бойда артына жалтақ-жалтақ қаранып алып, Дон Кихоттың көрінбейтініне көз жеткізген соң есегінен секіріп түсіп, ағаштың түбіне кеп жайғасып отырды да, өзімен-өзі былай деп сөйлесіп кетті:


— Айтыңызшы, Санчо бауырым, қай жаққа қарай бағыт алдыңыз? Кім біледі, бәлкім, жоғалған есегіңізді іздеп жүрген шығарсыз? — Жоға, о не дегенің. — Ендеше, қайда бара жатырсыз? — Білгің келсе, мен принцессаның тап өзіне бара жатырмын, ал бұл принцесса болса, сұлулықтың күні және мұқым аспан әлемі. — Сонда мұның бәрі, сіздіңше, Санчо, қай жерде орналасқан? — Қай жерде дейсің бе? Заңғар қала Тобосода. — Жөн екен! Ал кім сізді онда жіберген? — Мені онда айбынды рыцарь Ламанчалық Дон Кихот жіберді, анау әлгі қисықты түзететін, шөлдегенге тамақ беретін, ашыққанға сусын беретін адамды айтам. — Өте жақсы. Ал, әлгі бикештің қайда тұратынын білесіз бе, Санчо? — Мырзамның айтуынша, ол не король сарайында, не сән-салтанаты мол қамалда тұратын көрінеді. — Ал сіз бұрын оны көріп пе едіңіз? — Жоға, өзім де, мырзам да оны ешқашан көрген емеспіз. — Мұнда принцессаларын азғырып, теріс жолға салып, әйелдерінің мазасын алу үшін келгендеріңнен құлағдар болған кезде Тобосо тұрғындары жедел бас қосып, өздеріңді оңдырмай таяқтап сілейтіп салса, мұнысы әбден орынды әрі әділ боп шықпай ма? — Шынын айту керек, егер елші екенімді ескермесе, мұның мейлінше орынды болатынында дау жоқ, бірақ мынадай сөз бар емес пе:


Сіз – елшісіз, ей достым,


Ендеше, сізде кінә жоқ.


— Мұны арқа тұтпай-ақ қойыңыз, Санчо, — ламанчалықтар қаншалықты әділ болса, соншалықты ызақор, намысына тигенге төзбейді-ақ. Крест ұстап тұрып айтайын: арам ойыңыздың бары аңғарыла қалса, халдеріңіздің мүшкіл болары анық. — Жоғал, шайтан! Қасиет дарыған жерде отырмыз! Апырай деймін-ау, біреудің рақат-қызығы үшін құстың сүтін іздеп тентірейтіндей не көрінген маған? Тобосодан Дульсинеяны іздеу де бір — Равеннадан Марияны, Саламанкадан бакалаврды іздеу де бір ғой. Шайтан ғой, шайтан мені бұл іске жегіп қойған — басқа ешкім емес!


Міне, Санчо қабырғасымен осылай кеңескен еді; сөйтіп, бұл сұқбаттан мынадай түйін түйді:


— Жә, жетер енді, бұл дүниеде өлімнен басқа нәрсенің бәрінің де орнын толтыруға болады, — қалайсың ба, қаламайсың ба, бәрібір, өміріміздің соңында қай-қайсымыздың да өлім қамытына бас сұғуымызға тура келеді. Қай ісін қалай бағамдасаң да қожайыным барып тұрған нақұрыс, расында өзім де одан еш қалыспаймын, соңынан салпақтап, қызмет көрсетіп жүргендіктен, білген адамға, менің есуастығым тіпті оның есуастығынан да басым; “Кіммен аралас-құралас екеніңді айтшы, кім екеніңді айтып берейін” деген сөз тегіннен тегін шықты деймісің, одан соң тағы: “Сынықтан өзгенің бәрі жұғады” дейтін де бір мақал бар. Жындысүрей адам болғандықтан ол қай нәрсе жайында болсын көбіне-көп қияс-қыңыр тұжырым жасайды, ақты қара, қараны ақ деп біледі, ана жолы жел диірменді — дәу деп, монахтар мінген қашырды — түйе деп, қой отарларын — жаудың қосыны деп, басқа да осындай толып жатқан топшылама жасағанда да солай болған, ендеше оны алғаш кездескен шаруа келіншектің бірін мынау сеньора Дульсинеяның тап өзі деп иландырудың да еш қиындығы жоқ, ал егер ол бұған сенбей қойса, онда мен жата қалам да ант-су ішем, егер ол да ант-су ішсе, мен қайтадан ант-су ішем, егер ол табандап тұрып алса, мен одан бетер өршеленем, ал қашанда соңғы сөзді өзім айтатын дағдым болғандықтан бұл шаруаның ақыры немен тынарын бір құдайдың өзі біледі. Бәлкім, осындай қыңырлығым барын байқаған соң ол мені енді қайтып мұндай тапсырмамен аттандыра қоймас та: менен жақсы шабарман шықпайтынын көреді ғой, бәлкім өшпенділік танытып жүр деп ұғатын зұлым сиқыршыларының бірі өзін өкініште қалдыру үшін және әйтеуір бір жамандық жасау үшін сүйіктісінің түр-әлпетін әдейі бүлдірген ғой деп ойлауы да ықтимал, — сірә, тап солай болатын да шығар.


Бұл байламы Санчо Пансаны әжептәуір көңілдендіріп тастады, сөйтіп, шаруамды тындырдым деп шешкен ол, Тобосоға барып қайтқанына Дон Кихоттың көңілі әбден сенсін деген оймен сол жерде кешке дейін тапжылмай отырды да қойды; сол арада күтпеген жерден Санчоның жолы болып кетті: орнынан тұрып, сұр жорғасына қонжиғаны сол еді, Тобосо жақтан беттеп келе жатқан, әлде есекке, әлде мәшіге мінген үш шаруа әйелді көзі шалып қалды, — олардың астына мінген көлігі жайында автор ашып айтпайды, алайда, дұрысында, бұл село қатын-қалаштары аттың орнына мінетін мәші болатын, бірақ бұл айрықша көңіл аударуға тұрарлық нәрсе емес, сондықтан біздің де арнайы тоқтап, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыруымыздың қисыны жоқ. Сонымен, шаруа әйелдерді көзі шалған Санчо жедел басып қожайыны Дон Кихотқа қарай бет алды, ал анау бұл кезде ауыр-ауыр күрсініп, сүйіспеншілігі жайында шер тарқатып отырған. Санчоны көрген ол:


— Не жағдай, достым Санчо? Бұл күнді қуаныштың ақ тасымен бе әлде қайғының қара тасымен бе — қайсысымен белгілер екем? — деп сұрады.


— Ең дұрысы, тақсыр, профессорлар жайындағы жазулар алыстан көрініп тұратындай — қызылмен, — деп жауап қатты Санчо.


— Демек, жақсы хабар әкелгенің ғой, — деп тұжырды Дон Кихот.


— Жақсылығы сонша, тақсыр, — деп іліп әкетті Санчо, — сізге тек Росинантты тебініп жіберіп, жанына екі сарай ханымын ілестіріп өзіңізге жолыққалы келе жатқан сеньора Дульсинея Тобосскаяның алдынан шығу ғана қалып тұр.


— Жар бола гөр, жасаған! Не деп тұрсың сен, достым Санчо? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Бірақ байқа, алдап жүрме мені, жүрегімді жайлаған ауыр қайғыны әлдебір алдамшы қуанышпен шайып тастаймын деп әуре болма.


— Ау, сізді алдағанда табатын пайдам қандай, тақсыр, оның үстіне бұған өзіңіз де оп-оңай көз жеткізе аласыз ғой! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Қадаңыз шпорды Росинантқа, сеньор, жүрейік енді, — бар жақсысын киіп жасанып-жайнап, бір сөзбен айтқанда, өз дәрежесіне лайық сән-салтанат тауып келе жатқан принцессамызды көресіз қазір. Өзі де, қасындағы сарай ханымдары да қисапсыз алтын әшекей таққан, жалт-жұлт етіп көз қаратпайды, киімдері жыпырлаған інжуден көрінбейді, алмаспен және лағылмен безелген, бәрінің де киімі қалыңдығы оннан артық жіпке жететін қамқадан тігілген, шаш болса иықтан келеді, күн сәулесімен ойнағаны секілді самал жел оны олай да бұлай желбіретеді, ал ең бастысы бәрі де көрерге көз керек шұбар жорғалық мініп келеді.


— Сірә, жорға дегің келді-ау сенің, Санчо.


— Жорғалық деген не, жорға деген не — көп айырмашылық жоқ, — деді Санчо келіспей, — қысқасы, қандай ат мінбесін, әйтеуір, суреттеуге сөз жетпейтін ғаламат сәнді киінген ханымдар келе жатыр, әсіресе мейірбан ханымым Дульсинея Тобосскаяны көргендер талып құламаса неғылсын.


— Жүр, кеттік, достым Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот. — Ал енді қаншалықты тосын болса, соншалықты қуанышты хабарың үшін саған алғашқы шытырман оқиға кезінде-ақ қолыма түскен ең тәуір олжаны тарту етем, ал егер бұған қанағаттанбасаң, онда саған биыл құлындағалы тұрған үш биемнің төлін берем, — биелерімнің селомыздағы ортақ жайылымда бағымда жатқанын өзің де білесің ғой, бәрі де ұзамай-ақ құлындайды.


— Көңілім құлындарды алуға көбірек ауып тұр, — деді Санчо, — себебі алғашқы шытырман оқиғадан түсетін олжаның татымды дүние боп шығарына онша сенімім жоқ.


Сол арада орманнан шыққан олар жақындап келе жатқан үш шаруа әйелді көрді. Тобосоға баратын жолдың өне бойын көзбен шолып өткен Дон Кихот үш шаруа әйелден өңге ешкімді таба алмай, қатты ыңғайсызданып қалды, сосын Санчодан Дульсинея мен сарай ханымдарының қаладан шыққаны анық па деп сұрады.


— Ау, қаладан шықпағаны қалай? — деп айқайлап жіберді Санчо. — Көзіңіз көз бе әлде без бе, жарқыным? Ау, көріп тұрған жоқсыз ба: мыналар тап солар ғой! Тал түстегі күн секілді жарқырап бізге қарай бет алып келе жатыр емес пе.


— Есек мінген үш шаруа әйелден басқа ешкімді көріп тұрғам жоқ, — деп жуаси үн қатты Дон Кихот.


— Кет, шайтан, кет! — деп айқайлап жіберді Санчо. — Әппақ қардай үш жорғаны, — осылай аталушы ма еді өзі, — есекке балағаныңыз не болғаныңыз, тақсыр? Жоғал, малғұн, қараңды батыр, егер бұлар шынымен-ақ есек болса — тап қазір сақалымды жұлып берейін!


— Ендеше, саған ашығын айтайын, достым Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот. — Бұлар — шын мәнінде де есек немесе мәші және бұл өзімнің — Дон Кихот, ал сенің — Санчо Панса екенің секілді ақиқат шындық, — қалай болғанда да, әйтеуір, өзіме тап сондай боп көрініп тұр.


— Қоя тұрыңыз, сеньор, — деді Санчо, — айтпаңыз ондай әңгімені, одан да көзіңізді жақсылап сүртіп алыңыз да, ой-ниетіңіздің әміршісіне барып құрмет-қошеметіңізді көрсетіңіз — міне, ол жақындап келіп те қалды.


Санчо осыны айтып есегін тебініп, шаруа әйелдердің алдынан шықты, сосын көлігінен түсіп, бір әйелдің есегін ноқтасынан алған күйі тізерлей кетті де, былай деп үн қатты:


— Королева, әрі принцесса, әрі сұлулық герцогинясы! Тәкаппарлығыңыз бен мәртебелілігіңіз, құдіретіңізге құлдық, өзіңізге шын берілген рыцарьды мейірімділікпен һәм кең пейілділікпен қарсы алуға рақымшылық жасаса етті — ол өзі әне тұр қаққан қазықтай болып, не дерін білмейді, себебі асқан сұлулығыңыздың алдында тілі байланып қалған. Мен — соның атқосшысы Санчо Панса болам, ал оның өзі — кезеген рыцарь Ламанчалық Дон Кихот, басқаша есімі — Қайғылы Бейне Рыцары.


Сол арада Дон Кихот та Санчоның жанына тізерлей кетті, сосын көзін бақырайта ашып, әлгінде Санчо королева және герцогиня деп дәріптеген әйелге алақтай қарап қалды; бұның бар болғаны деревняда тұратын бикеш екенін, оның үстіне, дөңгелек жүзді, таңқы танау түр-әлпетінің де онша келісті еместігін көрген ол әрі таңырқап, әрі абдырап не айтарын білмеді. Шаруа әйелдер де бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі адамның құрбыларының алдында тізерлеп отырғанын, жүруге бөгет жасап тұрғанын көріп аңтарылып қалған-ды; алайда қамашауға тап болған әйелдің ақыры шыдамы таусылып, қатқыл да ашулы дауыспен:


— Былай тұрыңдар жолдан, пәлен-пәштуан, жол беріңдер, уақытымызды алмаңдар! — деп айқайлап жіберді.


Бұған Санчо былай деп жауап қатты:


— Беу, принцесса әрі жалпыға ортақ тобосолық әмірші ханым! Апырай, ізгі ниетті жүрегіңіз заңғар биіктен елес берген бейнеңіздің алдында тізесін бүккен кезбе рыцарьлықтың осынау саңлағы мен арқа сүйерін көргенде қалай ғана жібімейді екен?


Мынадай әңгімені естіген екінші шаруа әйел былай деді:


— Жә, құрыңдар әрі, керек едіңдер бізге! Қарай гөріңдер, мына мырзасымақтарға: шаруа әйелдерді келемеш етпекші, — тапқан екенсіңдер, біз де айтар сөзді біреуден қарызға сұрап алмаймыз. Жөндеріңмен кете беріңдер, бізге тиіскенді қойыңдар, хош-сау болыңдар.


— Тұр орныңнан, Санчо, — деді сол арада Дон Кихот, — тағдыр-талайым тағы да күйініш-нала шеккенімді тілеп тұрғанын және оның тәнімді тұрақ еткен, қатты қиналысқа түскен жаныма қандай да бір қуаныш лебі енетін жолды кесіп тастағанын көріп тұрмын. Ал сен, тек арман етуге ғана болатын асыл бейне, адамзат баласына тән бекзаттықтың ақырғы шегі, өзіңді ардақ тұтатын жаралы жүрегімнің жалғыз ғана жұбанышы, сөзіме құлақ сал менің: соңымнан қыл елі қалмай жүрген зұлым сиқыршы көз жанарымды кіреукелеп, буалдырмен бүркеп тастады, сөйтіп сенің айдай сұлу әлпетің тек жалғыз мен үшін ғана көмескіленіп, бейшара шаруа әйелдің әлпетіне айналды, әйткенмен, көзіңе күйкі көрінуім үшін мені әлденендей бір құбыжыққа айналдырып жібермеген болса, онда маған жылы жүзбен және мейіріммен көз салшы, сонда өзіңнің өңі бұзылған сұлулығыңның алдында момақан кейіпте тізе бүгіп отырған мына түріме қарап-ақ жүрегім өзіңді қаншалықты құлдық ұрып құрмет тұтатынын ә дегеннен-ақ аңғарар едің.


— Апырай, қайдағы бәле қайдан кез болды! — деп салды шаруа әйел. — Тапқан екенсіңдер сендермен ашына-жай болуға әуесті! Жақсылықпен айтып тұрмын: қане, былай тұрыңдар, жол беріңдер бізге!


Санчо жол беріп, оны өткізіп жіберді, өзі бүлдірген істі жөндеудің үлесі басқа біреуге тигеніне дән риза болатын. Дульсинея ретінде қабылданған шаруа әйел жолдың босағанын көріп, дереу қолындағы таяғының үшкір басымен жорғалығын түйреп қалды да, алға қарай аса берді. Алайда таяқ, шамасы, әдеттегіден қаттырақ шаншылса керек, мәші үсті-үстіне мөңкіп, ақыры сеньора Дульсинеяны жерге атып ұрды; мұны көрген Дон Кихот оны тұрғызбаққа ұмтылды да, Санчо мәшінің бауырына сырғып кеткен ер-тұрманды түзеп, айылын тартуға кірісті. Ер-тұрман жөнге келтірілгеннен кейін Дон Кихот дуаланған сеньорасын есекке көтеріп мінгізбекке оқталған, алайда сеньора оны бұл әурешіліктен құтқарды: жерден өзі тұрып, кішкене кейін шегінген соң, екпін ала жүгіріп келіп мәшінің сауырынан қос қолымен тіреніп, құстан жеңіл ырғып лып етіп ерге қона кетті де, еркектерше отырып алды; соны көрген Санчо былай деді:


— Әулие Рокенің атымен ант етейін, біздің ханым қаршығадан да жеңіл, ең епсекті кордовалық пен мексиканның өзін атқа салт мінуге үйретері анық! Әп дегенде-ақ ердің артқы қасынан асып түсті, енді қазір жорғасын, бейне бір зебраға мініп алғандай, шпорсыз-ақ көсілтіп бара жатыр. Сарай ханымдары да одан қалысар емес, құйғытып барады.


Айтса айтқандай, Дульсинеяның ерге қонғанын көрген құрбылары мәшілерін тебініп, соңынан тепеңдесе жөнелген, сөйтіп олар артына қайрылып қарамастан жарты мильдей жерге дейін желдіртті. Дон Кихот оларды көзбен ұзатып салды да, әлгілер қара үзген кезде Санчоға қарай бұрылып, былай деді:


— Санчо! Өне бойы опық жегізумен жүрген ана сиқыршыларға не істеуге болады? Бұлардың зымияндығы мен зұлымдығының қандай шекке жеткенін көрдің бе сен: сеньорамның дидарын жүзбе-жүз көруден табар қуанышымнан айыру жайында өзара сөз байласып алған ғой олар. Шамасы, мен қатыгез тағдырдың қансүрек жебелері тек бір өзіне қарай атылып, бір өзіне ғана қадалатын нысана міндетін атқару үшін дүниеге келген міскінмін ғой деймін. Одан соң, Санчо, мынадай нәрсеге де назар аудар, әлгі арамза немелер Дульсинеямды басқа біреуге айналдырып, түрін өзгертіп жіберумен ғана шектеліп қалмаған, — жоқ, олар оған ана шаруа әйелдің кеспірсіз келбеті мен сүйкімсіз сымбатын да дарытқан, сонымен қабат, гүлдер мен хош иістер ортасында өмір сүретін ақсүйек әулеттен шыққан сеньораларға етене тән ерекше белгіден, атап айтқанда — сүйкімді иісінен де ада қылған. Осы арада мойындауыма тура келеді, Санчо, өзің айтатындай, жорғасына, — ал, маған ол жай әншейін мәші секілді көрінді, — мінгізіп жіберейін деп Дульсинеяға таяп келгенімде сарымсақ иісінің бұрқ ете қалғаны сонша, жүрегім лоблып, есеңгіреп қала жаздадым.


— Әй, алаяқтар-ай! — деп айқайлап жіберді Санчо сол арада. — Әй, бақытсыз, қаскүнем сиқыршылар-ай, майшабақ секілді етіп желбезектеріңнен жіпке тізіп қояр ма еді өздеріңді! Сендердің білмейтіндерің жоқ, қолдарыңнан келмейтіні жоқ, жауыздықтарың да жетіп артылады. Жексұрындар-ау, мейірбан ханымымның інжудей қарашығын қара жаңғаққа, саф алтындай сары шашын — бұқаның жирен түсті сабалақ құйрығына, ақыр аяғында, әп-әдемі әлпетін сиықсыз сықпытқа айналдырып қойғандарың аз ба еді, иісіне тиіскендерің не болғандарың: өйткені, тек соның өзіне қарап-ақ ана көндей қалың терінің астында не жасырынып жатқанын аңғара қояр едік қой, алайда, шынымды айтар болсам, өз басым оның бойынан ешқандай сиықсыздықты байқай алмадым, — мен тек үріп ауызға салғандай сұлулықты ғана көрдім, ал оның сұлулығының ең елеулі нышаны мен айғағы — оң жағында, жоғарғы ернінің үстінде орналасқан, ұзындығы сүйемнен артық, жіп-жіңішке алтын жіптен аумай қалған, жеті ме әлде сегіз бе ақшылтым шаш өскен қалы ғой деймін.


— Егер бетіміз бен денеміз арасында болатын сәйкестікті қаперде ұстар болсақ, — деп құлақ қағыс етті Дон Кихот, — аталмыш меңге Дульсинеяның санындағы қал, — бұл да анау беттегі секілді оң жақта орналасқан, — сәйкес келуге тиіс; дей тұрғанмен, ондағы шаштың әлгінде өзің атаған ұзындығы мең үшін шамадан тыс сияқты.


— Артық айтсам айып көрмеңіз, — деді Санчо келіспей, — әлгі шаш соған әбден үйлесіп тұр.


— Сенем ғой саған, достым, — деді Дон Кихот жуаси сөйлеп, — табиғат Дульсинеяға тарту еткен әлпетте жетілмей қалғандай, жұтаң боп көрінетіндей бірде бір нәрсе жоқ, сондықтан Дульсинеяда бір емес жүз бес қал болғанның өзінде де, бұл жүз бес қал емес, жүз бес ай мен жайнаған жұлдыз секілді боп көрінер еді. Ал, сен маған мынаны айтшы, Санчо: әлгінде өзім ыңыршақ па деп ойлап қалған, өзің дұрыстап орнатып берген нәрсе не өзі: қарабайыр ер ме әлде ханымдарға арналған дүние ме?


— О не дегеніңіз, тақсыр, — деп жауап қатты Санчо, — қысқалау үзеңгісі және құны жарты патшалықтан кем болмайтын тоқымы бар ер ғой ол.


— Мен болсам, соның бірін де көргем жоқ, — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Қайталап айтам және тағы да мың мәрте қайталаймын, мен дүниедегі ең сормаңдай адаммын.


Өзі асқан тақыстықпен тақырға отырғызған мырзасының шатты-бұтты сөзіне құлақ тосқан мәттақам Санчо күлкіден жарыла жаздап шақ тұрды. Ұзаққа созылған әңгімелері ақыры аяқталған соң олар төрт аяқты жануарларына жайғасып отырып алды да, Сарагосаға қарай бет түзеді: осынау атақты қалада жыл сайын өткізілетін сәні мен салтанаты мол мереке басталар кезге тап болмаққа ниеттенген еді бұлар. Әйтсе де, оған жетіп үлгергенге дейін олар бұрын-соңды болып көрмеген не қилы ғажап оқиғаларды бастан кешкендіктен, бұл турасында жазудың да және оны оқып шығудың да, кейін мәлім болатын жайлардан байқалатынындай, еш артықтығы жоқ.


ХІ тарау


Айбынды Дон Кихоттың күймеге, яғни Ажал соты арбасына қатысты алабөтен шытырман оқиғасы туралы терең ойға шомған Дон Кихот сеньора Дульсинеяны сиықсыз шаруа әйелге айналдырып жіберген сиқыршылар өзін оңдырмай мазақ еткенін еске алып келе жатты, бірақ қанша талпынса да оған әу бастағы бет-әлпетін қайта оралтып берудің амалын таппады; осы ойларға басы-бүтін берілгені сонша, тізгінді қолынан қалай шығарып алғанын байқамады, ал Росинант болса, өз еркі өзіне тигенін сезіп адым аттаған сайын тоқтап, айнала маңайдағы қаулай өскен көк шөпті күрт-күрт шалумен болды. Дон Кихотты өзін де, өзгені тарс есінен шығарған осынау ой-сапарынан оралтқан Санчо еді, ол бұған былай деп тіл қатты:


— Сеньор! Уайым-қайғы хайуандар үшін емес, адамдар үшін жаратылған, бірақ адам қайғыға шамадан тыс берілсе, өзі де хайуанға айналады. Қане, мейірімді мырзам, қалпыңызға келіңіз, өзіңізге өзіңіз ие болыңыз, Росинанттың тізгінін ұстаңыз, серпіліңіз, желпініңіз, сөйтіп кезбе рыцарьға лайық мінез көрсетіңіз. Бұл неғылған бәле өзі? Сары уайымға салынып не бар? Біз өзі қайда жүрміз: Францияда ма әлде өз отанымызда ма? Жә, құрып кетсін жер-дүниедегі Дульсинея біткеннің бәрі, — жер бетін жайлаған күллі сиқыршылық пен көз байлаушылық жалғыз кезбе рыцарьдың денсаулығына татымайды.


— Жап аузыңды, Санчо, — деді Дон Кихот қатаң дауыспен, — жап аузыңды деп тұрмын саған, жадыланған сеньорамыз жайында күпірлік етпе: ол тап болған бақытсыздық пен бәленің бәріне басқа ешкім емес, тек өзім ғана кінәлімін, өйткені ол қара ниеттілердің маған деген қызғанышы салдарынан қырсыққа ұшырап отыр.


— Мен де сондай ойдамын, — деп мақұлдай кетті Санчо, — бұрын оның қандай болғанын, қазір қандай екенін көрген жанның көңілі қайтіп құлазымас?


— Бұлай деуге қақың бар, Санчо, — деп қоштады оны Дон Кихот, — оның сұлулығын бітім-болмысы бұзылмаған бәз қалпында тамашаладың, арбаушылық айла-амалдар саған әсер еткен жоқ: көз жанарыңды буалдырмен бүркеп, ажар-көркін кіреукелеп қоя алмады, сиқыршылық уыттың бар қуаты тек маған, менің көзіме ғана бағытталған болатын. Алайда, сөйте тұрғанымен, менде мынадай бір күдік пайда боп тұр, Санчо: оның сұлулығын сен маған онша оңды сипаттамаған секілдісің, қателеспесем, оның көзі інжуге ұқсайды дегенсің, шынтуайтына келгенде, інжуге ұқсайтын көз әйелдерден гөрі балықтарға тән ғой, ал, жобалауымша, Дульсинеяның көз қиығы өте әдемі болуға тиіс, көзінің өзіне келсек, оны — қабақ орнында кемпірқосақ көлбеген аумаған жасыл зүбаржат деген жөн, — осы себепті сен әлгі інжу дегеніңді көзден алып таста да, тіске ауыстыр, — асылы, сен шатастырып алғансың, Санчо, сөйтіп, көзді тіс деп қалғансың.


— Әбден мүмкін, — деп келісе кетті Санчо, — осы себепті сізді оның ұсқынсыздығы қалай қайран қалдырса, сұлулығы да мені солай қайран қылды. Жаратқанға ғана үміт артайық: залымдық, жылпостық пен алаяқтық араласпай іс бітпейтін, мына көз жасы көл боп аққан, күнәға батқан төрткіл дүниемізде не болып, не қоятыны жалғыз тек соған ғана мәлім. Басқасынан бұрын мені бір ғана нәрсе қатты алаңдатады, қайырымды мырзам, анығырақ айтқанда: егер сіз, тақсыр, әлдебір дәуді немесе рыцарьды тәубасына келтірсеңіз, сосын оған сеньора Дульсинеяның алдына барып бас июге әмір етсеңіз — ол не істемек? Бейшара дәу немесе жеңіліс тапқан бейшара һәм бақытсыз рыцарь оны қайдан іздеп табады? Олардың делқұлыға ұқсап Тобосоның түкпір-түкпірін шарлап, Дульсинеяны қайдан табарын білмей қалай тентіреп жүргенін мен осы жерде тұрып-ақ көріп тұрмын, ал тіпті олар оны көшеден кездестірген күнде де, олар үшін бұл — Дульсинея ма, әлде менің әкетайым ба, бәрібір боп шықпай ма?


— Мынадай бір жағдайдың болуы да ықтимал ғой, Санчо, — деді Дон Кихот, — Дульсинеяны танытпай қоятын арбаушылық айла-амалдар, бәлкім, өзім тізе бүктіретін және Дульсинеяға барып кім екенін мәлім ететін дәулер мен рыцарьларға дарымайтын да шығар, осы себепті өзім ең алғаш бағындыратын және Дульсинеяға аттандыратын бір-екеуіне тәжірибе жасап көрейік: Дульсинеяның елпін көрер ме екен әлде көрмес пе екен, соны білейік, мен оларға қайтып оралып, қалай болғанын өзіме баян етуге бұйрық берейін.


— Мына ойыңыз, ашығын айтайын, сеньор, маған өте ұнап тұр, — деді Санчо. — Егер осындай қулыққа барсақ, онда өзіміз білуге қажетті нәрсенің бәрін де біле аламыз, ал егер сеньора Дульсинеяның дидары сізден басқаның бәріне көрінетін болса, онда мұны оның қасіреті деуден гөрі сіздің қасіретіңіз деу керек шығар. Тек сол сеньора Дульсинея ғана аман болсын, ал біз мұнда о ғып, бұ ғып көндігерміз, шыдармыз, шытырман оқиғалар іздестірерміз, қалған шаруаның бәрін уақыттың ағымына салармыз: уақыт — ең жақсы дауагер, ол бұдан да ауыр сырқаттан сауықтырады, ал мынау жайында тіптен әңгіме етудің өзі артық.


Дон Кихот Санчо Пансаға жауап қайтаруға оқталған, бірақ оған көз алдыңа елестетудің өзі қиын не түрлі ғажайып тіршілік иелері үпір-шүпір боп тиелген бір арбаның жолға шыға келгені бөгет жасады. Әлдебір кеспірсіз ібіліс делбешінің орнына жайғасып, қашыр айдап отыр. Жүк арбаның үсті ашық еді, кенеп шатыры да, талдан тоқылған кенересі де жоқ. Дон Кихоттың көзіне ең алғаш шалынған кескін — адам пішініндегі Ажалдың өзі болды; оның жанынан түрлі түске боялған қанаты бар Періште орын теуіпті; екінші бүйірінде алтыннан жасалғандай әсер қалдыратын тәж киген император тұр; Ажалдың аяқ жағына Купидон есімді бала құдай жайғасыпты, көзінде таңғышы болмаса да, есесіне садағы, қорамсағы мен жебелері бар; бес қаруы сай Рыцарь да осында екен, бірақ шошақ төбелі темір телпектің немесе дулығаның орнына түрлі түсті қауырсынмен әшекейленген қалпақ киіп алыпты; мұнда сан қилы киім киген, сан алуан әлпеттегі басқа да жан иелері жеткілікті еді. Күтпеген жерден кезіге кеткен бұл көрініс Дон Кихотты абдыратып тастады, ал Санчоның үрейін ұшырды, бірақ іле-шала Дон Кихоттың жүрегі қуаныштан дүрсіл қақты: ол жаңа бір қауіпті шытырман оқиғаға жолығып тұрмын деген байламға келген-ді, сөйткен соң қандай да болсын қатерге бас тігуге тәуекел етіп, арбаның қақ алдына барып тұрды да, бар дауыспен қоқан-лоқы көрсете сөйлеп қоя берді:


— Сен арбакешпісің, делбешімісің немесе шайтанның тап өзімісің, кім болсаң ол бол! Тап қазір қолма-қол мәлім ет: кімсің, қайда барасың және, айта кеткен артық болмас, әдеттегі жүк арбадан гөрі Харонның қайығына көбірек ұқсас мына фургоныңмен кімдерді әкеле жатырсың, айт қане!


Ібіліс сол бойда-ақ делбе тартып, момақан күйде былай деп жауап берді:


— Сеньор! Біз Әумесер Ангуло труппасының актеріміз, бүгін таңертең, Христ тәні мерекесінен кейінгі сегізінші күні, әне бір төбенің астындағы селода Ажал соты жайындағы қойылым аталатын ойын көрсеттік, ал кешкісін мына бір селода ойнамақпыз — әне көрініп тұр осы арадан. Аралары онша қашық емес, сондықтан, күніне қырық қайтара киініп жүрмес үшін, рөлде ойнайтын кәстөмдерімізбен келе жатырмыз. Мына жас жігіт Ажалды бейнелейді, мына әйел, қожайынның зайыбы, — Королеваны, анау — Солдатты, мынау — Императорды ойнайды, ал мен қойылымдағы басты кейіпкерлердің бірі —Ібілісті ойнаймын: труппамызда мен негізді рөлдерді атқарам. Егер біздер жайында білмек болған басқа да нәрсеңіз болса, менен сұрай беріңіз, егжей-тегжейлі жауабыңыз дайын: менің қолымнан бәрі келеді, өйткені Ібіліс емеспін бе.


— Кезбе рыцарьдың ар-намысымен ант етейін, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — арбаларыңды көргенде шетіндеу шытырман оқиғаға тап болған екем деп қуанып қалғам, қазір енді көзім анық жетіп тұр: әлде бірдеңе көз алдыңа елес берген сәтте оған қол тигізсең-ақ болды, алдамшы әсеріңнің сол бойда-ақ сейіліп жүре беретіні рас екен. Жолдарың болсын, абзал жандар, ойындарыңды қоя беріңдер және өздеріңе менің де бір пайдам тимес пе екен, сол жайында ойланып көріңдер: мен сендерге қуана-қуана әрі бар ықыласыммен қызмет етуге әзірмін, өйткені сахна ойыны мені кішкене кезімде-ақ баурап алған еді, ал бозбала шағымда театрдан шықпайтынмын.


Осы әңгіменің кезінде, тағдырдың түртпегімен шығар, үстіне сансыз сылдырмақ қоңырау тағылған сайқымазақтың киімін киген, қолына бұқаның жел толтырылған үш қуығы байланған таяқ ұстаған комедианттардың бірі ілгері шыға келді; Дон Кихотқа жақындап келген әлгі сайқымазақ таяғын олай да бұлай бұлғаңдатып, қуықпен жер сабалап, сылдырмақтарын шылдырлатып, орғып-қарғып секеңдей бастады, бұл сұмдық көрініс Росинанттың есін шығарғаны сонша, Дон Кихоттың тізгінді қанша тартқанына қарамай, ауыздығын сүзіп ала жөнелді де, қу сүлдері ғана қалған мәстектің табиғатына жат әбжілдікпен қос аяқтап көсілтіп берді. Мырзасына жерге жалпасынан түсу қатері төнгенін сезген Санчо есегінен ырғып түсіп, оған көмекке ұмтылды, бірақ бұл борсаңдап жеткенше анау жер қауып та үлгерген еді, ал жанында Росинант сұлап жатқан: Росинант бейшараның өжеттігі мен өзімбілдігінің жемісі мен ақырғы нәтижесі әманда осындай болатын.


Санчо сұр жорғасын қалдырып Дон Кихотқа жүгіріп жеткенінше болмай, қуық ұстап секіріп билеп жүрген Шайтан есекке қарғып мініп, оны арқасынан қуықпен сабалай бастады, жанына батқан таяқтан гөрі осы тынымсыз тарсылдың үрейі көбірек қыстаған есек жаңағы ойын қойылмақшы селоға қарай шаба жөнелді. Қашып бара жатқан есегі пен сұлап жатқан қожайынына қарап тұрған Санчо қай қасіретке алдымен қол ұшын берерін білмей абдырады; бірақ шын берілген атқосшы, шын берілген малай болғандықтан, мырзасына деген махаббаты сұр жорғаға деген іңкәрлігінен үстем түсті, алайда әлгі қуықтар біресе жоғары көтеріліп, біресе есектің сауырына қарай төмен түскен сайын зәре-құты қалмай, жүрегі қан жылап тұрды; сұр жорғаның құйрығындағы бір тал қылшық үзілгенінен өзін осылайша бас-көзге қарамай сабалағанды артық көріп тұрған. Осындай дел-сал күйге түскен Санчо өзі ойлағаннан әлдеқайда аянышты ахуалға тап болған Дон Кихоттың жанына жақындады, сөйтіп оны Росинантқа отырғызып жатып:


— Сеньор! Сұр жорғамды Шайтан алып қашып кетті, — деді.


— Қандай шайтан? — деді Дон Кихот таңырқап.


— Қуығы бар Шайтан, — деп жауап қатты Санчо.


— Саспа, қайта тартып әперем, — деп сендірді Дон Кихот, — маған десе, тіпті тамұқтың ең терең, ең қараңғы түкпіріне барып тығылсын мейлі, бәрібр таппай қоймаймын. Ер соңымнан, Санчо, арба жай жүреді, сұр жорғаңның өтеміне қашырларын алып берейін.


— Оншалықты әбігер болмай-ақ қойыңыз, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — ашуыңызды басыңыз, тақсыр: байқауымша, Шайтан сұр жорғамды босатқан секілді, әне өзі де бермен қарай келе жатыр.


Солай болып та шықты;: Дон Кихот пен Росинантқа ұқсап жерге жалп ете түскен Шайтан селоға қарай жаяу тартып бара жатыр еді, ал сұр есек болса қожайынына қайтып келе жатқан.


— Соған қарамастан, — деп мәлім етті Дон Кихот, — әлгі шайтанның есерлігі үшін арбадағылардың біреу-міреуінің сазайын тарттырғаным жөн секілді, айталық ана Императордың тап өзінің.


— Ондайды ойыңызға да алмаңыз, — деді Санчо келіспей. — Айтқан ақылымды тыңдаңыз: комедианттарға ешқашан тиісуші болмаңыз, себебі олардың орны бөлек. Мен сондайдың біреуін білуші едім: екі кісіні жер жастандырғаны үшін оны түрмеге отырғызбақ болған, бірақ сол бойда-ақ босатып жіберді, тіпті ақшалай айып та төлеттірген жоқ. Біле білсеңіз, тақсыр, күлдіргі, қалжыңбас болғандықтан оларға, әсіресе король немесе князь труппаларында жүретіндерге, жұрттың бәрі жанашырлық білдіреді, бәрі көмектеседі, бәрі қорғаштап, қалаған тілегін орындайды — бұлардың барлығын немесе барлығын дерлік киген киімі мен түр-әлпетіне қарап ханзада екен деп қалуға болады.


— Күллі адамзат баласы қанатының астына алып отырса да мейлі, ана сауыққой Шайтан бәрібір менен бұлайша оңай құтыла алмайды, — деп түйді Дон Кихот.


Соны айтып, селоға барыңқырап та қалған арбаны қуып жетті де:


— Уа, тоқтаңдар, тұра тұрыңдар, қуақылар мен күлдіргілер тобыры! — деп бар дауысымен айқайды салды. — Кезбе рыцарь атқосшылары мінетін есекке және басқа да жануарларға қалай қарау керек екенін үйреткім келіп тұр сендерге!


Дон Кихоттың қатты айқайлағаны сонша, не деп тұрғанын арбадағылардың бәрі түгел естіп, түйсіне қойды; сөйтіп, олар мұның мағынасын ұғынған бойда-ақ арбадан әуелі Ажал, оның соңын ала Император, делбеші-Ібіліс пен Періште секіріп түсті, Королева мен бала құдай Купидон да отырып қалмады — бәрі де бір адамдай таспен қаруланып, бір қатарға сап түзеді де, Дон Кихотты тас жаудырып қарсы алмаққа оңтайланды. Олардың өзіне тас атпаққа алғаусыз әскери тәртіппен қолын жоғары көтергенін көрген Дон Кихот тізгін тартып тоқтап, шабуылды өзіне зардабы аздау тиетін әдіспен қалай жүргізуге болатынын ойластыра бастады. Бұл осылай ойланып тұрғанда қасына Санчо да келіп жетті, сөйтіп оның әскери өнердің барлық ереже-тәртібі бойынша сап түзеген отрядқа шабуыл жасауға оқталғанын көрген ол былай деді:


— Мұндай іске тәуекел ету үшін ақыл-естен біржола ада болу керек шығар, сірә. Бас сауғалап, мыстан құйылған қоңыраудың астына барып жасырынбасаң, анандай кесектерден құтқаратын басқа қорғаныс құралы жоқтығын қаперге алыңыз, мархабатты мырзам. Одан соң мынаны да қаперде ұстаған абзал: құрамында Ажал бар, императорларының өзі айқастың ортасында жүретін, ақ ниетті және қара ниетті періштелер қол ұшын беретін тұтас бір қосынға жаңғыз шабуыл жасау деген ержүректік емес есерлік боп шығады. Егер осы ескертпем сізді тоқтата алмаса, онда, бәлкім, шындығына күмән келтіруге болмайтын мынадай бір мәлімет тоқтатар, атап айтқанда: бұл адамдар өздерін — король ме, принц пе, император ма, кім етіп көрсеткісі келсе де бәрібір, араларында бірде бір кезбе рыцарь жоқ.


— Міне, Санчо, тамырымды енді ғана тап бастың, — деп мәлім етті Дон Кихот, — бұл уәжің райымнан қайтара алады және қайтаруға тиіс те. Бұрын да өзіңе талай мәрте айтқанымдай, рыцарьлар қатарына қабылданбағандарға қарсы семсер суырмаймын және суырмауға міндеттімін де. Есегіңе көрсетілген жәбір үшін кек қайтарғың келсе, бұлармен мына сен, Санчо, айқасқа түсуің керек, ал мен болсам алыстан жігеріңе жігер қосарлық және қатерден сақтандырарлық сөздер айтып, көмектесіп тұратын болам.


— Ешкімнен ешқандай кек қайтарудың қажеті жоқ, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — біреуден кек алу — ақ ниетті христианға жарасымсыз нәрсе, оның үстіне жәбір-жапасын өз ықтиярымда қалдыруға есегімді үгіттеп көндіргелі тұрмын, ал менің ықтиярым — жаратқан ием өзіме бұйыртқан өмірді ың-шыңсыз өткеру.


— Жә, ақ пейіл Санчо, ақылды Санчо, христиан Санчо, ақ жүрек Санчо, — деді Дон Кихот, — егер осындай шешімге келген болсаң, онда мына сүмелектерді жайына қалдырайық та, бұдан гөрі тәуірлеу, бұдан гөрі лайықтылау шытырман оқиға іздестірейік және мұндай сан қилы оқиғаның, оның үстіне, айта қаларлықтай кереметтерінің, бізді тап осы маңайдан күтіп тұрғанына сенімім кәміл.


Осыны айтып ол атының басын бұрды, Санчо сұр жорғасына отырды, Ажал мен оның елгезек отряды қайтадан арбаға жайғасып әрмен қарай асты, сөйтіп Ажал күймесімен арада болған осынау аса қорқынышты шытырман оқиға Санчо Пансаның қожайынына берген құтты кеңесінің арқасында ғана сәтті аяқталды; ал ертеңінде Дон Кихотты ғашықтық дертіне ұшыраған әлдебір кезбе рыцарьға қатысты, әлгіден артық болмаса кем соқпайтын жаңа шытырман оқиға тосып тұрған-ды.


ХІІ тарау


Айбынды Дон Кихоттың жаужүрек Айна Рыцарына қатысты әдеттен тыс шытырман оқиғасы хақында Ажалмен кездескеннен кейінгі түнді Дон Кихот пен атқосшысы биік те саялы ағаштардың арасында өткізді, сол жерде Санчоның өтінішін аяқ асты қылғысы келмеген Дон Кихот есекке артылған азық-түліктен дәм татты; кешкі астың үстінде Санчо мырзасына мынаны айтты:


— Сеньор! Уағда еткен сыйлығыңыздың өтеміне үш биеңіздің құлынын таңдамай, алғашқы шытырман оқиғаңыздың олжасын таңдағанымда барып тұрған ақымақ мен болады екем! “Көктегі тырнадан қолдағы шымшық артық” деген осы ғой.


— Алайда, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — айқасқа түсуге құлшынған кезімде бөгет жасамасаң құрығанда Император айымының алтын тәжі мен Купидонның түрлі түске боялған қанаттарын олжа етер ең. Мен бұл тобырдың түте-түтесін шығарар едім де, олардың көр-жер дүниесіне өзің қожа боп шыға келер едің.


— Ойын-сауық императорларының тәжі мен аса таяғы ешқашан таза алтыннан болмайды, не бояма бірдеңеден, не қаңылтырдан жасалады, — деп құлақ қағыс етті Санчо.


— Әлбетте, — деп мақұлдай кетті оны Дон Кихот. — Театр жарақтарының тұтынуға жарамды дүние болуы шарт емес, бұлар комедияның өзі секілді көз алдымызға елестетуге ғана көмектесетін, сырттай ғана солай көрінетін нәрсе болуға тиіс; әйтсе де, Санчо, комедияны да, сол сияқты оны қоятындар мен жазатындарды да, бағалай және қадірлей білгеніңді қалар едім, өйткені олардың бәрі де мемлекетке айтып жеткізгісіз зор пайда келтіретін өзіндік бір қолғанат іспетті: олар бізге адам баласының іс-әрекеті айшықты түрде көрініс беретін айнаны әрдайым алдымызға тосумен болады және шын мәнінде қандай екеніміз бен қандай болуымыз қажеттігі арасындағы айырмашылықты комедия мен комедианттардан артық ешкім анық көрсетіп бере алмайды. Шыныңды айтшы: корольдер, императорлар, папалар, рыцарьлар, ханымдар және басқа да кейіпкерлер кескінделетін комедияларды көргенің бар ма сахнадан? Бірі — арсызды, екіншісі — алаяқты, үшіншісі — саудагерді, төртіншісі — солдатты, бесіншісі — ақпейіл аңқауды, алтыншысы — ғашықтық баураған жай біреуді бейнелейді, бірақ комедия аяқталып, актерлер үстіндегі костюмін шешкен бойда ешқайсысының бір-бірінен ешқандай артықшылығы болмайды.


— Көрдім ғой, әрине, — деп жауап қатты Санчо.


— Шыр айналып өтіп жатқан ғұмыр-тіршілігіміздің комедиясында да тап осындай жағдай орын алған, — деп сөзін жалғады Дон Кихот, — мұнда да біреулер император ролін ойнайды, екіншілер — папаны кескіндейді, қысқасы, комедияға қатысатын кейіпкерлердің баршасы бейнеленеді, ал комедия аяғына жеткенде, яғни өмір аяқталған кезде, ажал келіп олардың өзара айырмашылығын көрсетіп тұрған киімдерін сыпырып алады, сөйтіп молада ешқайсысының бір-бірінен ешқандай артықшылығы болмайды.


— Тамаша теңеу, — деп салды Санчо, — алайда онша бір жаңалық та емес, орайы келген жағдайларда және әлденеше рет естігем мұны; сол сияқты өмірімізді шахмат ойынымен салыстыратын теңеу де таң емес: ойын өтіп жатқанда әр фигураның өзіндік ерекше міндеті болады, ал ойын аяқталғанда фигуралар араластырылып жіберіледі де, тірі жан атаулының бәрі моладан орын табатынындай, бәрі бір жерге жинақталып, бір дорбаға салынады.


— Күн өткен сайын, Санчо, есерлігің азайып, естілігің арта түскендей-ау осы, — деп құлақ қағыс етті Дон Кихот.


— Ау, енді сіздің кемеңгерлік қасиетіңізден маған да бірдеңе жұғысты болуға тиіс емес пе, — деді Санчо. — Жердің өзі де кебір әрі құнарсыз болуы мүмкін, бірақ оған тыңайтқыш сепсе және өңдесе, ол жақсы өнім бере бастайды. Айтайын дегенім, сіздің әңгімелеріңіз кеуіп қалған ақыл-ойымның құнарсыз топырағына түскен тыңайтқыш тәрізді болды, ал өзіңізге қызмет етіп, аралас-құраластық жасаған уақытымның бәрі оны өңдеудің орнына жүрді, осының арқасында бітік өнім берермін деп үміттенем және бұл өнім, тақсыр, түсінік-түйсігімнің құрғап қалған егіндігіне өзіңіз салған ізгі тәрбие соқпағынан ауытқымайды да, айнымайды да.


Санчоның көпірме сөзіне Дон Кихот шын ықыласымен күліп алды, алайда оның үміт етуге татырлық қабілет-мүмкіндігі барын мойындамай және тұра алмады, өйткені сөз саптау мәнерімен қазір өзін жиі-жиі таңдандырып жүрген болатын; солай бола тұрса да, ғалым адамның немесе астана тұрғынының мақамымен тілін безей бастағанда Санчоның сөзі ақыр аяғында қарапайымдықтың шыңынан қарабайырлықтың шыңырауына құлап түсетін; сөзінің ажары мен қаперінің қарымдылығы, әсіресе, оның мақалдарды орынды-орынсыз қолданатындығынан көрініс беретін, ал мұны хикаямыздың ұзына бойында оқырман, асылы, өзі талай көрген де, байқаған да шығар.


Осындай және осыған ұқсас әңгімелермен олар түннің едәуір бөлігін өткізіп те алды, сосын ақыры Санчоның, әдетте ұйқысы келген кезде айтатынындай, қисая кетуге аңсары ауды да, есегінің ерін алып, шөбі шүйгін жайылымда жан шақыруына кеңшілік жасады. Дон Кихоттың айрықша ескертпесіне сәйкес, Росинанттың ерін алған жоқ, себебі мырзасы оған түн қатып, түс қашып жорықта жүрген мерзім аяқталғанша аттың ерін алмауға әмір еткен-ді; кезбе рыцарьлар қалыптастырған және мүлтіксіз сақталып келген ежелгі дәстүр аттың ауыздығын алып, тізгіннің ұшын ердің қасына байлауға ғана рұқсат ететін, бірақ ерін сыпыруға қатаң тыйым салатын. Санчо мұны бұлжытпай орындап, Росинантты есекпен бірге еркін оттауға қоя берді; ал есек пен Росинанттың арасында теңдесі жоқ тығыз достық орнағаны сондай, осынау мейлінше шыншыл туындының авторы бұл достықты дәріптеуге тұтас тараулар арнапты-мыс, бірақ қаһармандықты қастерлеуді мұрат тұтқан бұл хикаяға жарасымды әдептілік пен сыпайылық шегінен шықпау үшін аталмыш тарауларды алып тастапты-мыс дейтін қауесеттің ұрпақтан ұрпаққа тарап кеткені де тегін емес; дей тұрғанмен, автор кейде бұл ойынан айнып қалады, мысалға, осынау төрт аяқтылар бас қоса қалса болды, қасыныса бастайды, одан соң қалжыраған әрі қанағат тапқан Росинант мойнын қалжыраған әрі қанағат тапқан сұр есектің мойнына артады (сонда оның мойыны арғы жаққа жарты шынтақтай артық шығып кетеді), сөйтіп екеуі жерге қарап ойға шомған қалыпта тұра береді, әдетте кейде үш күн бойы қатарынан, қалай болғанда да, әйтеуір, осы мақсатқа жұмсауға қанша уақыт тапса сонша, сондай-ақ, аштық қысып қорек іздеуге мәжбүр болған кезден басқа мезгілдің бәрінде өстіп тұрады, деп жазады. Аталмыш автордың бір шығармасында бұл достық Нис пен Эвриалдың, Пилад пен Орестің достығымен теңестіріледі, деседі; олай болса, бұл екі момын жануардың достық қарым-қатынасының қаншалықты берік болғандығы жұртты қайран қалдырмай қоймасы кәміл және тек қайран қалдырып қана қоймайды, қапаландырады да, өйткені адамдар достық сезімді сақтауға мүлдем мүсәпір ғой.


Мына сөз тегін айтылды деймісің:


Таяқтар болат найзаға,


Ал достар жауға айналды.


Және тағы:


Тамырды тамыр байқатпай


Сүрінтуге ынтызар.


Осынау хайуандардың достығын адамдар достығымен шендестіру арқылы автор асыра сілтеп жіберді-ау деген ой тумаса керек, өйткені адамдар жануарлардан көп тағылым алды және талай татымды нәрсені үйренді: мысалға, ләйлектер бізге клизма қолдануды, иттер — құсып тастауды және ризашылық білдіруді, тырналар — сақтықты, құмырсқалар — алдын-ала қам жасауды, пілдер — ұят дегеннің барын, ал жылқы — шын берілгендікті үйретті.


Ақыры Санчо тығындық еменнің түбінде жатып ұйқтап кетті, ал Дон Кихот болса, жай еменнің, бірақ жапырағы қалың жуан еменнің, түбінде отырып көз іліндірді; алайда арада аз уақыт өткенде арқа тұсынан естілген әлденендей дабыр-дұбырдан шошып оянды, сол бойда орнынан атып тұрып бұл неғылған шу екенін білмекке сол тұсқа қадала көз тігіп, зейін сала тың тыңдады; іле екі салт аттыны көзі шалды, бірі атынан секіріп түсіп, жанындағы серігіне былай деді:


— Түсе қал, достым, аттардың ауыздығын ал, меніңше бұл жерде оларға —жейтін шөп, ал маған махаббат жайындағы ой-арманыма берілуге қажет тыныштық пен оңашалық жетіп артылатын секілді.


Бейтаныс адам осыны айтып көк шөпке сұлай кетті; құлаған кезінде сауыт-сайманның сылдыры естіліп қалды, Дон Кихот соған қарап кезбе рыцарьға кез болғанын байқап үлгерді; осындай жағдаятқа байланысты Дон Кихот ұйқтап жатқан Санчоның қасына барып, қолынан тартқылады, сөйтіп ақыры едәуір күш салудың нәтижесінде оятып, құлағына:


— Бауырым, Санчо! Шытырман оқиға! — деп сыбырлады.


— Сәтті оқиға болғай тек, — деді Санчо. — Қанеки, қайда аса құрметті шытырман оқиғамыз, мархабатты мырзам?


— Шытырман оқиға қай жерде деймісің, Санчо? — деп қарсы сауал қойды Дон Кихот. — Бұр басыңды, қара ана жаққа: ана жерде кезбе рыцарь жатыр және, байқауымша, өзі онша көңілді емес секілді, — аттан қалай секіріп түскенін, сөйтіп құдды бір әлденеден тығырыққа тірелгендей жерге құлай кеткенін көрдім, сол кезде сауыт-сайманы да шылдырлады.


— Тақсыр, сонда мұны шытырман оқиға деп табуыңызға не себеп? — деп ынтықты Санчо.


— Мұны шытырман оқиғаның тап өзі деп тұрған ештеңем жоқ, бұл тек оның бастамасы ғана, өйткені шытырман оқиғалар әдетте осылай басталады, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қане, тоқтай қал: анау лютнясын ба, гитарасын ба күйіне келтіріп, жөткірініп, тамағын қырнап жатыр — шамасы, ән салмақ шығар.


— Олла-біллә, солай, — деді Санчо, — дәу де болса, бұл ғашықтық дертіне шалдыққан рыцарь шығар.


— Ғашықтық дертіне ұрынбаған кезбе рыцарь болмайды, — деп құлақ қағыс етті Дон Кихот, — Жә, тыңдап көрейік оны, әнінің тініне қарап, ой-ниетінің кездемесін тап басып танырмыз, өйткені жүрек қайрамаса, тіл сайрамайды.


Санчо қарсыласқысы келіп мырзасына бірдеңе айтпаққа оқталып еді, бірақ Орман Рыцарының дауысы бөгет жасады; дауысы аса бір сүйкімсіз емес екен, алайда онша жағымды да көрінбеді, сөйтіп зейін қоя тыңдаған Дон Кихот пен Санчо оның мына төмендегі сонетті айтып тұрғанын аңдады:


Сеньора! Дайынмын сіз үшін неге де,


Маған бұйрық берсеңіз болды тек.


Қандай әмір болса да мақұл деп,


Орындаймын бұлжытпай бір демде.


Өмірмен де дереу айтысар ем, –


Үн-түнсіз өшкенімді қаласаңыз.


Азабымды білуге ынтық болсаңыз –


Махаббаттың өзіне айтқызар ем.


Қарама-қайшылықтар тоғысты тылсым –


Балауыздай жұмсақ әрі алмастай қатты, –


Ынтызар жаным тек сізді аңсайды.


Ойып әлде жапырып, еркіңіз білсін,


Таңбалаңыз жаныма бейнеңізді тәтті.


Ештеңе оны қайтып өшіре алмайды.


Осы арада Орман Рыцары ауыр күрсініп алып әнін аяқтады, сосын аз-кем кідірістен кейін аянышты да қайғылы үнмен былай деп сөйлеп кетті:


— Беу, айдай әлемдегі асқан сұлу әрі аса рақымсыз әйел! Апырай, атқан таңдай ажарлы Касильдея Вандальская, өзіңе шын берілген рыцарьдың құр босқа солып, шегі де шеті жоқ жиһан кезушілік пен қатаң да қатыгез сын-сынақта жан тәсілім етуіне жол бермекпісің сен? Апырай, менің арқамда Наварраның, Леонның, Тартесияның, Кастилияның және Ламанчаның тәмам рыцары өзіңді әлемде теңдесі жоқ сұлу деп мойындағанының өзі-ақ жетпей ме саған?


— Бұл әншейін әңгіме, — деп қалды осы арада Дон Кихот, — мына менің өзім Ламанчалық рыцарьмын, бірақ ешқашан әлгіндей бірдеңені мойындаған емеспін, оған қоса аяулы ханымымның сұлулығына шәк келтіретін ондай ештеңені мойындай алмас та едім және мойындай қоймас та едім, — рыцарьдың сандырақтап тұрғанын енді өзің де білген шығарсың, Санчо. Дегенмен, одан әрі тыңдап көрелік: бәлкім, ойын толығырақ жеткізер.


— Жеткізгенде қандай, — деп қолдай кетті оны Санчо, — ол тұтас бір ай бойы қыңсылауға бар сияқты.


Алайда олай болмай шықты: жақын маңайда әлдекімдердің сөйлесіп жатқанын естіп қойған Орман Рыцары шер төгуін тиды да, орнынан тұрып, ашық та ақ жарқын дауыспен:


— Кімсіңдер? Неғылған адамсыңдар? Бақытты жанбысыңдар ма әлде қасіретті жанбысыңдар? — деп сұрады.


— Қасіретті жанбыз, — деп үн қатты Дон Кихот.


— Ондай жағдайда қасыма жақындаңдар, — деді Орман Рыцары, — және біліп қойыңдар, сендер қайғы мен қасіреттің тап өзіне қарай жақындап келе жатырсыңдар.


Осынау жүрекке жылы тиетін әрі инабатты жауапты естіген Дон Кихот рыцарьдың қасына жақындады, Дон Кихоттың соңын ала Санчо да келді.


Назаланып тұрған рыцарь Дон Кихотты қолынан ұстай алып, былай деді:


— Отырыңыз, сеньор рыцарь, — рыцарь екеніңізді және рыцарьлар орденіне жататыныңызды аңғару үшін маған сізді осы жерден жолықтырудың өзі-ақ жеткілікті боп тұр, бұл арада бос уақытымызды бізбен бірге өткізетіндер —оңашалық пен түнде түсетін шық қана, яғни кезбе рыцарьлардың әдеттегі баспанасы мен табиғи төсегі.


Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты;


— Мен — рыцарьмын және тап сол орденненмін, қайғы, қасірет пен тақсірет жүрегімді жайлап алғанына қарамастан, басқалардың бақытсыздығына деген жанашырлығын жоғалтқан жоқ. Әлгіндегі әніңізден барша бақытсыздығыңыз — сүйіспеншілікке байланысты екенін түйдім, яғни соның бәрі есімін жаңағы күйініш-налаңызда атап кеткен рақымсыз сұлуға деген ғашықтық ынтызарлықтан туындайтынын білдім.


Тақыр жерге жайғасқан олар осылайша екеуара бейбіт те мамыражай әңгіме шертіп отырды, бірақ күн көкжиектен көтеріліп үлгермей-ақ бұлар бір-бірімен айқас алаңында табысады деп кім ойлаған!


— Өзіңіз де ғашықтық дертіне шалдыққаннан саумысыз, сеньор рыцарь? — деп сұрады Орман Рыцары Дон Кихоттан.


— Өкінішке қарай, солай, — деп жауап қатты Дон Кихот, — әйткенмен, егер лайықты таңдау жасай алған болсақ, онда мұның мойынға артар тақсіретін тауып алған пәле деп емес, өзімізге жасалған ерекше жақсылық деп бағалағанымыз жөн.


— Сөзіңіздің жалғаны жоқ, — деп құлаққағыс етті Орман Рыцары, — алайда әмірші ханымдарымыздың пайым-парасатымыз бен ақыл-есімізді жоғалтуға дейін апаратын жек көрушілігінің сұрапылдығы сонша, бұл тіпті кек қайтаруға ұқсап кетеді.


— Менің ханымым өзімді ешқашан жек көрген жоқ, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот.


— Не деп білдірсін, — деп іліп әкетті жақын маңда тұрған Санчо, —ханымым қойдан жуас, майдан жұмсақ қой.


— Мынау сіздің атқосшыңыз ба? — деп сұрады Орман Рыцары.


— Иә, атқосшым, — деп жауап қатты Дон Кихот.


— Мырзасының сөзін бөлуге батылы барған атқосшыны алғаш көріп тұрмын, — деді Орман Рыцары, — қалай болғанда да, әйтеуір, менің атқосшым, — ол өзі әне тұр, — бойы әкесінің бойына теңесіп қалғанымен, мен сөйлегенде аузын буған өгіздей ләм деп тіл қатпайды.


— Ашығын айтайын, ендеше, — деп Санчо киіп кетті, — мен болсам, сөйлеймін және сөйлеуге толық қақым бар, тап мынадай... жә, бәлелі жерге бармағымды сұқпай-ақ қояйын.


Сол арада Орман Рыцарының атқосшысы Санчоны қарынан алып, былай деді:


— Қане, былайырақ шығайық та, екі атқосшы өзімізше әңгіме-дүкен құрайық, ал мырзаларымыз өзді-өзі керілдесе берсін, бір-біріне сүйіспеншілік сырларын айта берсін, — олардың әңгімесі таң ағарып атқанша таусылмайтынына және тіпті сонда да бітпейтініне басымды бәске тігуге бармын.


— Мейлі, не қылса о қылсын, — деп келісе кетті Санчо, — ал мен сізге өзімнің кім екенімді айтып берейін, сонда мені басқа бір көк езу атқосшылармен тең санауға болмайтынына өзіңіз де көз жеткізерсіз.


Екі атқосшы аулағырақ кетті, сөйтіп сеньорларының сұқбаты қаншалықты мәнді болса, бұлардың арасында да соншалықты сәнді сұқбат басталды.


ХІІІ тарау


Мұнда Орман Рыцарымен арадағы шытырман оқиға әрмен жалғасады және қос атқосшының парасат-пайымға толы, бейбіт әрі айрықша мәнді сұқбаты келтіріледі.


Атқосшылар рыцарьлардан аулағырақ шыққаннан кейін алғашқылары өз тірлігі жайында, соңғылары өз сүйіспеншілігі жайында бір-біріне сыр ақтарыса бастады, алайда хикаяда әуелі малайлар сұқбаты, сонан соң барып мырзалар сұқбаты келтірілген; сөйтіп, хикаяда былайырақ шыққан соң Орман Рыцары малайының Санчоға былай деп тіл қатқаны айтылады:


— Біздің, яғни кезбе рыцарь атқосшыларының, өмірі өте ауыр да мехнатты ғой, мархабатты мырзам; жейтін нанымызды маңдай терімізді сорғалатып жүріп табамыз, бұл құдайдың арғы ата-бабаларымызға жолдаған қарғысының бірі болса керек.


— Айтқаныңыздың бәрі жөн, бәрі дұрыс, — деп іліп әкетті Санчо, — оған қоса осы нанымыздың өзін жанымыз күйзеліп отырып жейміз ғой, өйткені аңызақ пен аяздан кезбе рыцарьлардың біз секілді қырсығы арылмаған атқосшыларынан басқа кім көбірек қорлық көреді дейсің? Және осы нанымызды үзбей жеп отырсақ та өкініш көп болмас еді, себебі қарыны тоқтың уайымы жоқ емес пе, шынын айтқанда, кей-кейде екі күн қатарынан жалғыз тек қара желді ғана қорек ететін кезіміз де боп тұрады ғой.


— Сыйлық алар үміт болса мұның бәріне төзуге де, шыдауға да болар еді, — деп құлаққағыс етті басқа малай, — өйткені, атқосшы қызмет ететін кезбе рыцарь, жолы ауыр біреу боп шықпаса, арада азды-кем уақыт өткенде оған міндетті түрде әлдебір әдемі аралдың губернаторлығын жә болмаса әлденендей бір тәп-тәуір графтықты тарту етері хақ.


— Маған аралдың губернаторлығы да жетеді дегенді мырзама ескертіп те қойғам, — деп мәлім етті Санчо, — оның бұған дән ырза болғаны және шүлеңгірлік көрсеткені сонша, өзіме арал сыйлайтыны жөнінде орайы келген жағдайларда әлденеше мәрте уәде етті.


— Кінәратсыз қызметім үшін мені каноник қылса, соған да ырза болар ем, — деді басқа малай, — мырзам маған махалла алып беруге уәде етті және махалла болғанда қандайын десеңізші!


— Қожайыныңыз, байқаймын, шіркеу саласына қатысы бар рыцарь ғой деймін әрі шын берілген атқосшыларына бұл секілді жақсылық жасауға қақы бар секілді, — деді Санчо. — Ал менікі — кәдімгі көп зиялы адамның бірі, әйтсе де, енді есіме түсіп отыр, әлде бір білімпаз жандар, — рас, мен өзім оларды опасыз деп білем, — оны архиепископ болуға үгіттеп бақты, алайда ол императорлықтан басқадан ат-тонын ала қашты, ал мен болсам сонда: әгәрәки ол діни сала бойынша кетсе, мен қайтпекпін деп қатты қорықтым, өйткені шіркеу қауымын басқару қолымнан келмейді ғой, — біле білсеңіз, мейірімді мырзам, мен өзім адам пошымында болғаныммен, шіркеуге хайуаннан пайда қандай болса, менен де сондай пайда бар — еш айырмашылық жоқ.


— Ақиқатына келер болсақ, мейірімді мырзам, сіз қателесіп тұрсыз, өйткені арал атаулының бәрі бірдей жіптіктей емес қой, — деді басқа малай келіспей. — Олардың арасында қиқы-жиқысы да, сұрықсызы да, сүреңсізі де кездесіп қалады, тіпті солардың ішіндегі ең тегіс те әдемі дегенінің өзі оған қожалық ететін бейбақты бірталай азап пен ақиретке батырары анық. Ең дұрысы, қарғыс атқыр бұл қызметті тастап үйімізге қайтып оралған ғой, ал үйде біз бұдан гөрі ұнамдылау іспен айналысқан болар ек, айталық, аңға шығар едік немесе балық аулар едік, себебі ең сорлы деген қай атқосшының да деревнядағы уақытын көңілді өткізуге жарарлық мініс аты, бірер тазы иті мен қармағы жоқ дейсің?


— Өзімде соның бәрі бар, — деп мәлім етті Санчо, — рас, атым жоқ, есесіне, мырзамның атынан екі есе артық есегім бар. Егер есегімді сол атқа айырбастайтын болсам, тіпті оған үстеме етіп әлденеше фанега сұлы қосып берсін мейлі, алдағы алғашқы Пасха мейрамын қуанышта қарсы алмай-ақ кетейін. Сұр жорғамның қандай керемет екенін білмейсіз ғой, мейірімді мырзам, — сұр түсті ғой ол, есегімді айтам. Ал, енді иттің жайына келсек, оның жарасы жеңіл: біздің деревняда не көп — ит көп, асылы, аңды басқа біреудің есебінен аулағаннан артық не бар.


— Ақ-адал шынымды айтсам, сеньор атқосшы, — деді басқа малай, — мына рыцарьлық дейтін делқұлылықпен қош айтысып, деревняма қайтсам, балдарымды бақсам деймін және солай шештім де: менің үш балам бар ғой — шетінен Шығыстың жауһары іспетті.


— Ал, менің екі балам бар, — деді Санчо, — және қандай — Рим папасының өзіне көрсетіп, алғысын алуға болатындай; әсіресе — қызым, мен оны, құдай қосса, шешесінің қарсы болғанына да қарамастан, графиня етпек ойым бар.


— Сонда әлгі графиня болмақшы сеньора неше жаста? — деді басқа малай әуестік білдіріп.


— Енді он беске толады, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ найзадай ұзын бойлы, көктемнің жұпар ауасындай сүйкімді, жұмыскердей қайратты.


— Мұндай қасиеттеріне қарағанда, ол графинядан гөрі жасыл тоғайдың нимфасы болуға да жарап қапты ғой, — деп құлаққағыс етті басқа малай. — Өй, бір нағыз ебелек, ебелектен туған себелек, құтырып жүрсің-ау, шамасы, қутың қағып!


Бұған Санчо әжептеуір қынжыла жауап қатты:


— Оның өзі де, шешесі де ешқашан ебелек болған емес және көзім тіріде ешқашан болмайды да. Ал, сізден сұрайтыным, тілеуіңіз болғыр: әдептірек болсаңызшы, кезбе рыцарьлармен көптен аралас-құралас келе жатқан адамсыз, олар болса, барып тұрған сыпайы жандар емес пе, ал сіздің аузыңыздан шыққан сөз онымен онша үйлесіңкіремейді.


— Мақтау сөздің мәнін жөнді ажырата алмайды екенсіз, сеньор атқосшы! — деп дауыстап жіберді басқа малай. — Әлдебір кавальеро аренадағы бұқаны найзамен түйреп құлатқанда немесе әлдебір істі біреу оңтайлы түрде тындырғанда жұрттың әдетте: “Өй, бір нағыз ебелек, ебелектен туған себелек, қалай қатырып жіберді, ә?” деп айқайлайтынын білмейтін бе едіңіз? Олай болса, мұндағы былапыт секілді көрінетін сөз, шын мәнінде, ерекше мақтау боп табылады, ал ата-анасына осындай құрмет көрсетілетіндей ештеңе тындырмаған ұлдардан немесе қыздардан, сіздің орныңызда болсам, сеньор, бас тартқан болар едім.


— Ендеше, мен бас тартам, — деп іліп әкетті Санчо, — сондықтан, бұл мәселеге байланысты сіз, мейірімді мырзам, өзімді де, балларымды да, әйелімді де қалай ебелектендірсеңіз де еріктісіз, өйткені олардың істеп жүрген ісі де, айтып жүрген сөзі де мұндай мадаққа әбден лайық, ал өзім құдайдан жалғыз-ақ тек солармен аман-есен қауыштырса екен, мына кешірілмес күнәдан, яғни атқосшының қатерлі қызметінен, құтқарса екен деп қана тілеймін, ал бұл іспен екінші мәрте айналысқан себебім, бір жолы өзім Сьерра Моренаның қақ төрінен тауып алған, ішінде жүз дукаты бар әмиянның мені еліктіріп, жолдан тайдырғаны болды, ал енді қазір шайтан дублон толы қапшықты көз алдымнан көлбеңдетіп жүр — біресе ана жерден, біресе мына жерден, ал кейде, бақсаң, ол жерден емес, басқа жерден елес береді, өзім оны шап беріп ұстап алғандай, кеудеме қысқандай, үйіме алып келгендей, телім сатып алғандай, оны жалға бергендей, сөйтіп ханзада құсап тұрып жатқандай болам да жүрем, осы жайында ой кешсем, өзім рыцарьдан гөрі нақұрысқа көбірек ұқсататын кемақыл қожайынымның қырсығынан тартып жүрген тауқыметімнің бәрі әрі жеңіл, әрі шыдай тұруға болатындай көрініп кетеді.


— “Қызғаныш ішті оттай күйдіреді” деген сөз де, міне, осындайдан шыққан ғой, — деп құлаққағыс етті басқа малай. — Ал енді нақұрыстар жайында әңгіме етер болсақ, онда менің мырзамнан асқан нақұрыс жер-әлемге әлі бітіп көрмеген шығар, “Басқаның қамын күйттесе есектен де күй кетеді” деген сөз де тап осындай жандар турасында айтылған. Өйткені, басқа бір рыцарьдың ақылға келуі үшін бұның өзі нәгүманға айналды ғой, енді қазір соны іздеп жер кезіп тентіреп жүр, ал оған жолыққан шақта оңбай таяқ жеп қалуы да ғажап емес.


— Біреуге ғашық болғаннан сау ма өзі?


— Қайдағы бір Касильдея Вандальская дегенге ғашық, — деп жауап қатты басқа малай, — ол өзі айтқанынан қайтпайтын, икемге көнбейтін әйел, ондай қасарыспа жер бетінде жоқ та шығар, бірақ қатал мінезбен қожайынымның тауын шаға алмайсың, оның құрсағында одан да өткен зұлымдық бас бағып жатыр және ұзамай жарыққа шығып та қалады.


— Тегіс жолдың да ойқы-шойқысы мен шоқалағы бар, — деп құлаққағыс етті Санчо, — жұрт бұршағын енді пісіріп жатқанда, менікі түсіруге дайын тұрады, кемеңгерге қарағанда кеңкелеске қолғабыс беретіндер мен қасына еретіндер көп болады. Өзің бақытсыз болсаң бақытсыз адамнан жолдас тап, сонда бұл дүниеде ғұмыр кешу де жеңілге түседі, деген сөз тегін айтылмаған, сіз, тілеуіңіз болғыр, маған жұбанышқа жарап тұрсыз: олай дейтінім, сіздің мырзаңыз да өзімдікі секілді жарымес боп шықты ғой.


— Жарымес болғанымен, жаужүрек, — деп қарсылық білдірді басқа малай, — әйтсе де, жарыместігі мен жаужүректігінен айлакерлігі басым.


— Ал, менікі ондай емес, — деп мәлім етті Санчо. — Айтайын дегенім, мырзамнан қара тырнақтай да айлакерлік табылмайды, аңқылдаған ақ көңіл, біреуге жаманшылық жасау дегенді білмейді, көздегені тек ізгілік қана, зұлымдық дегеннен мүлдем хабары жоқ, қазір тапа тал түс болса да бес жасар баланың өзі оны қазір қараңғы түн деп сендіре алады, міне осындай ақ жүректігі үшін оны жанымнан бетер жақсы көрем, сондықтан не қилы есалаңдығына қарамастан, қайтсем де оны тастап кете алмаймын.


— Қалай болған күнде де, достым әрі мархабатты мырзам, — деді Орман Рыцарының малайы, — соқырды соқыр жетектесе, екеуі де апанға құлайды. Екеуімізге ең жақсысы — қарышты қадаммен туған өңірге қарай тартқан, олай дейтінім, шытырман оқиғаның бәрі бірдей ойлағандай боп шыға бермейді.


Санчо мігір таппай түкірініп тұрған, түкірігінің түрі жабысқақ та біршама қою сияқты болатын, соны байқап қалған жанашыр орман атқосшысы:


— Біраз жайдың басын қайырдық, тіпті тамағымыз да құрғап кетті, оны жібітетін бір жақсы дәрмек бар менде — ердің қасында байлаулы тұр, одан артықты іздесеңіз де таппайсыз! — деді.


Осыны айтып орнынан тұрған ол көп ұзамай шарап құйылған қомақты мес пен көлемі жарты шынтақ боп қалатын бәлішті алып қайтып оралды, — асырып айтылған дәнеңесі жоқ, шынымен сондай еді, өйткені бұл қоян етін салып пісірген дығал бәліш болатын, Санчо оны ұстап көріп, бұл тіпті лақтың да еті емес, текенің еті шығар деп тауып, екінші атқосшыдан:


— Сонда осындай нәрсені дәйім өзіңізбен бірге ала жүресіз бе, сеньор? — деп сұрады.


— Енді қалай деп едіңіз? — деп жауап қатты анау. — Әлде, сіздіңше, мен соншалықты бір қырсыз атқосшысымақ па екем? Атымның сауырында жорыққа аттанған генералдың қорынан да молырақ азық-түлік жатыр.


Көп жалындырмай-ақ тамаққа бас қойған Санчо көлемі диірмен тасындай боп қалатын кесектерді апыл-ғұпыл асап жатып, былай деді:


— Ғажап қаларлық мына тойыңыз көрсетіп тұрғанындай, сіз, мейірімді мырзам, мен сияқты құр қарасын әрі жолы ауыр біреу емес, расымен-ақ, адал да жан-тәнімен берілген, шын мәніндегі әрі нағыз, ауқатты да дәулетті атқосшы екенсіз; ал менің қоржынымда болмашы ғана сүтсірне бар және оның тас боп қатып қалғаны сонша, дәудің басын бір ұрып мылжалауға жарап қалады, онан соң менде елу шақты тәтті собық бар, тағы сонша орман жаңғағы мен түйе жаңғақ бар, мұның бәрі қожайынымның қара қасқа кедей екенінің, оған қоса кезбе рыцарьлар кепкен жеміспен және далада өсетін шөппен ғана жүрек жалғауы керек дейтін пікірді ұстанып, сол қағидадан айнымай отырғанының салдары.


— Әділін айтсам, бауырым, — деп мәлім етті басқа малай, — менің асқазаным ошағанды, жабайы алмұрт пен ағаш тамырын қорыта алмайды. Жә, құрып кетсін бәрі — мырзаларымыз да, олардың пікірлері мен рыцарьлық қағидалары да, не жегілері келсе, соны жей берсін, — ал мен әманда өзіммен салқындатылған ет ала жүрем, ерімнің қасында қажет болғанда пайдалана қоятын мына мес байлаулы тұрады және оны сондай ұнатам әрі ардақ тұтам — құшағыма алмасам, өппесем бір минут тұра алмаймын.


Соны айтып ол месті Санчоның қолына ұстата салды, ал анау оны еңкейтіңкіреп алды да, аузынан сораптаған күйі ширек сағаттай жұлдыз санады, ішіп болғаннан кейін басын бір жағына қарай қисайтып, ауыр күрсініп:


— Әй, ебелектің тұқымы-ай, не деген пайдалы едің, найсап! — деді.


— Міне, көрдіңіз бе, — деді Санчоның ебелектің тұқымы дегенін естіп қалған басқа малай, — шарабымды мақтағыңыз келіп, сіз де оны ебелектің тұқымы деп атадыңыз.


— Мойындамасқа амалым жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — егер мақтау үшін айтылса, әлдебіреуді ебелектің тұқымы деп атағанда тұрған ештеңе жоқ екенін енді ғана түсіндім. Айтыңызшы, сеньор, құдай ақына, мына шарап Сьюдад Реалдан емес пе?


— Апырай қайдан білдіңіз! — деп дауыстап жіберді басқа малай. — Бұл шын мәнінде де сол жақтан және онша жас та емес.


— Білмегенде ше! — дауыстап жіберді Санчо да. — Шарабыңыздың тегін айыру мен үшін қиын шаруа деп пе едіңіз? Ендеше, қаперіңізде болғай, сеньор атқосшы, шараптың тегін айыра алатын ерекше табиғи қабілетім бар: бір-ақ мәрте иіскетсеңіз болды — қайдан екенін, сорты, букеті, күштілігі қандай, қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін және бұл шарапқа қатысты басқа да жайларды тап басып айтып бере алам. Жалпы, бұған таңырқайтын дәнеңе жоқ: менің тұқымымда, әкем жағынан, шараптың Ламанчада онша жиі ұшыраса қоймайтын керемет екі білгірі болған, соның дәлелдемесі ретінде сізге бір әңгіме айтайын. Оларға бір бөшкедегі шараптан дәм татқызыпты да, шараптың қазіргі күйі мен сапасы, жетістіктері мен кемістіктері жайында пікір айтуды сұрапты. Бірі шарапты жалап көріпті, ал екіншісі тек иіскеумен ғана шектеліпті. Алғашқысы темір татып тұр, депті, екіншісі қайыс дәмі сезіледі, депті. Шарап иесі бөшкенің таза екенін, қайыс дәмі шығатындай реті жоғын айтады. Алайда, екі білгір өз пікірлерінде табандап тұрып алады. Арада біраз уақыт өтеді, шарап сатылып бітеді, сөйтіп иесі бөшкедегі сарқындыны құйып алмақшы болады, сол кез қараса — түбінде қайыс бауы бар құйттай кілт жатыр екен! Менің нәсіл-тегімнен тараған жандар мұндай мәселе төңірегінде татымды сөз айта ала ма, алмай ма, ол жағын енді өзіңіз бажайлай беріңіз.


— Шытырман оқиға іздегенді қою керек дегенді осы себептен де айтып тұрғам жоқ па, — деді басқа малай, — ізгіліктен ізгілік тілемейді, ең дұрысы құжырамызға қайтып оралуымыз керек, ал құдай жарылқайын десе бізді сол жерден де тауып алады.


— Қожайыным Сарагосаға барып жеткенше оған қызмет ете берем, қалғанын кейін көре жатармын.


Айтулы екі атқосшы әлі де ұзақ уақыт әңгіме соғып, шарап ішті, одан соң ұйқы олардың тілін байлап, шөлін басты: өйткені, бұлардың шөлін қандыру мүлдем мүмкін емес-ті; осылайша олар бүтіндей дерлік босаған месті уыстай ұстап, шайнап үлгермеген бәліш кесегін тіске басқан қалыптарында ұйқтап кетті. Енді қазір біз оларды уақытша қалдыра тұрамыз да, Орман Рыцары мен Қайғылы Бейне Рыцарының екеуара не жайында сөйлескенін әңгімелейміз.


ХІҮ тарау


Мұнда Орман Рыцарымен арадағы шытырман оқиға әрмен жалғасады


Хикаяда айтылғанындай, Дон Кихотпен ұзақ сұқбаттасқаннан кейін Мүлгіген Орман Рыцары оған былай деді:


— Ал, енді, сеньор рыцарь, біліп қойғаныңыз артық болмас, теңдесі жоқ Касильдея Вандальскаяға тағдырдың әмірінен гөрі жүрек қалауым бойынша ғашық боп қалған едім. Теңдесі жоқ деп тұрған себебім, сымбатының ғаламаттығы жөнінен де, текті тұқымнан шыққандығы мен сұлулығы жөнінен де онымен ешкім шендесе алмайтын. Міне, осы өзім әңгіме етіп отырған Касильдеяның күллі адал ниетім мен ізгі сезіміме қайтарған жауабы — Геркулестің өгей шешесінің істегенін істеп, маған қилы-қилы сынақтан өтуге әмір ету ғана болды және әр сынақтың соңында келесісінен кейін үмітім орындалатынына сөз беріп отырды; солай бола тұрғанымен, әуре-сарсаңым әлі аяқталар емес, бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатыр, санасаң сан жетпейді, енді қазір мұның қайсысы ең соңғысы боп шығатынын, сөйтіп ізгі тілегімнің орындалуына жол ашатынын да білмеймін. Бір жолы ол севильялық атақты әйел-дәу Хиральданы, бейне мыстан құйылған сынды еңгезердей әрі етженді әйелді, орнында тапжылмай тұратынымен, әлемдегі ең құбылғыш әрі тұрақсыз әйелді жекпе-жекке шақыруға әмір етті. Мен келдім, көрдім, жеңдім, сосын оған ербеңдемей тыныш тұруға пәрмен бердім, өйткені желдің өне бойы солтүстік беттен соғып тұрғанына бір аптадан асқан. Тағы бірде әміршім Гисандодағы ежелгі тас бұқалардың салмағын өлшеуім керегін айтты, ал олардың зілдей ауырлығы сонша, бұл рыцарьдан гөрі жүкшіге лайық жұмыс еді. Тағы бірде маған Кабра құрдымына құлауға, — бұл деген құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық қой, — одан соң оның қараңғы қапасында нендей құпия барын өзіне егжей-тегжейлі түрде баяндап беруге бұйырды. Мен Хиральданың шыр айналған қозғалысын тоқтаттым, Гисандо бұқаларын таразыға тарттым, шыңырауға құлап, түбіндегі құпиясын зерделедім, бірақ үмітімнің сол бұрынғысынша әлі орындалар түрі жоқ, ал оның әмір етушілігі мен менсінбеушілігі сол бұрынғысынша әлі жалғасып жатыр. Олай дейтінім, осы жақында ғана ол маған Испаниядағы барлық провинцияны аралап, сұлулығы жөнінен өзінің айдай әлемдегі барлық әйелден асып түскенін, ал менің — аспан асты, жер үстіндегі ең ержүрек әрі шын берілген ғашық рыцарь екенімді сонда тентіреп жүрген тәмам кезбе рыцарьға мойындатуға әмір етті, осы жарлық бойынша Испанияны түгелдей дерлік аралап, қарсы сөзге келген талай рыцарьды топырақ қаптырдым. Бірақ, соның ішінде өзім айрықша мақтан тұтып, дәреже санайтыным Ламанчалық Дон Кихотты жекпе-жекте жеңгенім және өзімнің Касильдея Вандальскаям оның Дульсинеясынан әдемірек екенін мойындатқаным болды және мұнымды жер жүзіндегі рыцарь атаулының барлығын тегіс жеңіп шығумен пара-пар деп бағалаймын, өйткені олардың бәрін әлгі өзім айтып отырған Дон Кихот жеңген еді, ендеше оны мен жеңгендіктен, оның осы күнге дейін жиған атақ-даңқы мен абыройы маған ауысады, менің атыма көшеді:


Жеңіліс тапқан дәріпті болса неғұрлым,


Жеңгеннің де даңқы асар соғұрлым, —


осы себепті әлгінде өзім айтып өткен Дон Кихоттың ерліктері енді менікі есептеледі және өзімдікіне айналады.


Орман Рыцарының сөзін Дон Кихот таң-тамаша болып тыңдады, мұның бастан-аяқ өтірік екенін айтып салуға да әлденеше рет оқталды; “жалған” деген сөз тілінің ұшында тұрды, алайда анау өтірігіне біржола малтығып болсын деген оймен сабыр сақтауға барын салды, осы себепті байсалды кейіпте:


— Сіз, сеньор рыцарь, Испаниядағы және, ол аз болса, күллі әлемдегі кезбе рыцарь атаулының бәрін дерлік жеңсеңіз жеңген де шығарсыз, оған дауым жоқ, алайда Ламанчалық Дон Кихотты жеңгеніңізге күмәнім бар. Бәлкім, ол соған ұқсайтын басқа біреу шығар, бірақ, бір айта кетерлігі, оған ұқсайтындардың табылып қалуы да екіталай нәрсе, — дегенді айтты.


— Басқа біреу дегеніңізге жол болсын! — деп айқайлап жіберді Орман Рыцары. — Мына төбемізден төніп тұрған аспанмен ант етейін, Дон Кихотпен айқасқаным, оны жеңгенім және берілуге мәжбүр еткенім ақиқат шындық; ол ұзын бойлы, арық та ашаң адам, беті жүдеу көрінеді, шашына ақ кіре бастаған, болмашы дөңесі бар орақ мұрынды, мұрты ұзын, қара, сәл-пәл түсіңкілеу. Ол өзі Қайғылы Бейне Рыцары деген атпен ұрысқа шығады, ал атқосшылыққа Санчо Панса есімді әлдебір диқанды алған, Росинант аталатын сәйгүлігіне мініп сайран салады, бұған қоса тағы айтарым: жүрегінің әміршісі бұрын Альдонсо Лоренсо аталған Дульсинея Тобосская деген бикеш, менің әміршімнің де шын аты Касильда болатын және Андалусияда туып-өскен-ді, осыдан шығарып оны Касильдея Вандальская атандырып жүрмін. Егер айтқан сөзімнің растығына көзіңізді жеткізуге осы келтірген деректерім аздық етсе, онда семсерім сөйлейді, ол тіпті түкке сенбестің өзін де иландыра алады.


— Сабыр етіңіз, сеньор рыцарь, сөзіме құлақ салыңыз, — деді Дон Кихот. — Өзіңіз әңгіме етіп отырған Дон Кихот менің ең жақсы досым екенін біліп қойғаныңыз жөн және біз арамыздан қыл өтпейтін доспыз, тура бір адам секілдіміз, ал келтірген деректеріңізге келсек, бұлардың дәлдігі мен дау тудырмайтындығы сонша, басқаны емес, тап соның өзін жеңгеніңізді мойындамасқа лажым жоқ. Солай бола тұрса да, көз жанарым мен түйсігім әлгінің тап соның өзі боп шығуы мүмкін еместігін дәлелдеп отыр, тек өзіне өш қисапсыз сиқыршының біреу-міреуі (дәлірек айтқанда, қыр соңынан қалмай жүргені) оның кейпіне ене қойып, таңдануға татырлық рыцарьлық ерлік істерімен өзімізге мәлім елдердің баршасында дүрілдеп шыққан даңқынан айыру үшін әдейі жеңілген болып жүрмесе. Осы сөзімнің растығын негіздей түсу мақсатында аталмыш сиқыршылардың, оның қас дұшпандарының, бұдан екі күн бұрын айдай сұлу Дульсинея Тобосскаяның түр-сымбатын өзгертіп, қарапайым можантопай шаруа әйелге айналдырып жібергенін қаперіңізге сала кеткім келеді, шамасы, олар Дон Кихоттың өзінің де сырт пішінін өзгертіп жіберген шығар. Егер осының бәрі айтқан сөзімнің ақиқаттығына көзіңізді жеткізе алмаса, онда қарсы алдыңызда отырған адамды Дон Кихоттың дәл өзі деп біле беріңіз және ол өз сөзінің дұрыстығын ат үстіндегі айқаста ма, жаяу айқаста ма, қалай хош көрсеңіз солай, қолына қару алып қорғайтын болады.


Осыны айтып ол орнынан көтерілді, сосын Орман Рыцарының қандай әрекетке баратынын күтіп, семсерінің тұтқасына қолын қойды, ал анау болса, бұған аспай-саспай былай деп тіл қатты:


— Тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ. Өзіңізді жадыланған қалпыңызда жеңген адам, сеньор Дон Кихот, сізді мына қазіргі сау-сәлемет қалпыңызда да жеңері анық. Алайда рыцарьларға тас қараңғыда жауынгерлік ерлік жасау жараспайды-ақ, біз қарақшы да, ұры-қары да емеспіз, таң атқанын күте тұралық, іс-әрекетімізге күннің өзі куә болсын. Жекпе-жегімізге мынадай шарт қоям: жеңілген адам жеңген адамның ырқына көнеді, ал анау оған не істесе де өзі біледі, алайда беретін бұйрығы жеңілгеннің ар-намысына тимейтіндей болуға тиіс.


— Бұл шарт пен келісім мені мейлінше қанағаттандырады, — деп мәлім етті Дон Кихот.


Бұдан соң екі рыцарь атқосшыларына қарай бет алып, оларды ұйқыға бой алдырып қисая-қисая кеткен қалыптарында қорылдап жатқан жерінен тапты. Рыцарьлар оларды оятып, ат ерттеуге бұйрық берді, күн көтеріле екеуінің арасында бұрын-соңды болып көрмеген, қан судай ағатын қиян-кескі жекпе-жек өтетінін жария етті, бұл хабарды естіген Санчоның бойын абыржу билеп, мелшиді де қалды, өйткені Орман Рыцары атқосшысынан рыцарьдың батылдығы жайында көп естігендіктен мырзасының өміріне қатер төнді-ау деп қауіптенген; қалай болғанда да, әйтеуір, атқосшылар ләм деместен әудем жердегі үйірге қарай бет алды — айта кетерлігі, үш ат пен есек бір-бірін иіскелесіп те үлгерген-ді, енді қазір жұбы ажырамай жүрген.


Бара жатқан жолда Орман Рыцарының атқосшысы Санчоға былай деді:


— Біліп қойғаныңыз артық болмас, достым, андалусиялық сотқарлар арасында қалыптасқан мынадай дәстүр бар: ақыры куәгер болу бұйырғандықтан даукестер төбелесіп жатқанда сен де қол қусырып қарап отырмауың керек. Олай болса, құлаққағыс етілді деп есептей беріңіз, қожайындарымыз шайқасты бастаған бетте біз де өліспей-беріспейтін ұрыс ашуымыз қажет.


— Бұл дәстүрді арандатушылар мен бұзықтардың өздері-ақ ұстанып, өздері-ақ сақтай берсін, сеньор атқосшы, ал кезбе рыцарь атқосшыларына мұның қатысы жоқ, — деді Санчо келіспей. — Қалай болғанда да, ондай дәстүр жайында мырзамнан ештеңе естіген емеспін, ал ол кісі кезбе рыцарьлықтың бүткіл ереже-шартын бес саусағындай біледі. Мейлі, тіпті бұл жалған болмай, қожайындары ұрыс бастаған кезде атқосшылары да айқасқа түсуге тиіс дейтін ереже шынымен-ақ қолданылатын күннің өзінде де, мен бәрібір оны орындамаймын, одан да өзім сияқты момын атқосшыларға салынатын айыпты төлеп құтылғаным жақсы, — бұл әрі кеткенде екі фунт балауыздан аспайтынына кепілмін және мен осы екі фунтты төлегенді жөн көрем: мұның басымды емдеуге қажет таңғыштан арзандау болары анық, олай дейтінім, ұрыс кезінде басымды міндетті түрде шауып түсіретініне және қақ бөліп тастайтынына сенімім кәміл. Шайқасқа шыға алмайтынымның тағы бір себебі — менде семсер жоқ, оны тіпті өмірі қолыма ұстап көрмеген адаммын.


— Мұның амалын табу оңай, — деді басқа атқосшы, — менде көлемі бірдей екі кенеп қапшық бар, сіз біреуін аласыз, мен екіншісін алам, сосын тең жағдайда бір-бірімізді қапшықпен сабалауға кірісеміз.


— Бұған қарсылығым жоқ, — деді Санчо, — мұндай төбелес бізді жарақаттап қарық қылмас, бірақ біраз шаңды ұшыратыны анық.


— Жоқ, бұлай жарамайды, — деп қарсылық білдірді басқа атқосшы. — Қапшықты жел қақшып кетпеуі үшін ішіне салмағы біркелкі, сырты біртегіс бес-алты малта тас салып қою керек, сонда бір-бірімізді қапшықтағанда қай-қайсымызға да оншалықты бір зиян мен нұқсан келмейтін болады.


— Алда, антұрған-ай! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Бір-біріміздің басымызды жарып, сүйегімізді мылжаламас үшін мынаның қапшықтарға жұп-жұмсақ бұлғын терісі мен мақта талшығын толтырғысы кеп тұрғанын қарашы! Ау, мархабатты мырзам, сіз оларды тіпті жібек құртының пілләсімен толтырсаңыз да мейлі, біліп қойыңыз, мен бәрібір айқасқа шықпаймын, мырзаларымыз өзді-өзі шайқаса берсін, неғылса да өздері білсін, ал біз тып-тыныш тірлік кешеміз, шарабымызды ішеміз, бізді діңкелетуге уақыт шіркін онсыз да барын салып бағады, ал бізге ғұмырымызды тиесілі уақыты мен мезгілінен бұрын тәмамдауға тырмысудың қажеті жоқ: әуелі бабымызбен пісейік, сосын топ етіп үзілерміз.


— Дегенмен, бізге бәрібір жарты сағаттай болса да төбелесуге тура келеді, — деді басқа атқосшы келіспей.


— Жо-жоқ, болмайды, — деп шорт кесті Санчо, — бір дастарқаннан дәм татқан кісімен шамалы да болса шатаққа баратындай соншалықты надан әрі қарау адамың мен емес. Оның үстіне, ол ашуымды келтіріп, жыныма тиюден де аман, ендеше, не үшін онымен жоқ жерден төбелесе кетпекпін?


— Мен мұның да амалын таптым, — деді басқа атқосшы. — Былай етеміз: жанжал басталар алдында қасыңызға жай басып жақындап келем де, тоңқалаң асып құлайтындай етіп сізді шапалақпен екі-үш рет тартып-тартып жіберем, осы арқылы ашу-ызаңызды оятам, тіпті балпақ тышқан болсаңыз да селт етпей қала алмассыз.


— Бұған қарсы мен одан еш кем соқпайтын басқа бір әрекетке барам, — деп мәлім етті Санчо. — Сойылды алам да, сіз менің ашуымды оятып үлгергеніңізше, мен сіздің ашуыңызды оңдырмай сілейтіп салам, содан оянса ол тек о дүниеде ғана бір-ақ оянатын болады, ал ол жақта, ешкімнен жәбір-жапа көре қоймасым, сірә да белгілі шығар. Бізге де, сізге де сақ болу керек, ал ең бастысы біреудің ұйқтап жатқан ашуының құйрығын баспаған абзал, мейлі ұйқтай берсін, себебі әр кәллада — бір қиял: мүйіз сұраймын деп барсаң, құлақтан айрылып қайтасың, түптеп келгенде, жаратқанның өзі татулыққа — оң бата, ұрыс-жанжалға — теріс бата берген ғой. Тіпті әбден ашынған, амалы таусылып, шегінер жері қалмаған мысық екеш мысықтың өзі жолбарысқа айналады екен, ал мен болсам адаммын ғой, ендеше менің кімге айналарымды бір құдайдың өзі біледі, сондықтан, сізге, сеньор атқосшы, алдын-ала ескертіп қоярым: төбелесіміздің салдарынан туындайтын күллі зиян мен нұқсанға басқа ешкім емес, өзіңіз жауап беретін боласыз.


— Хош, ¬— деді басқа атқосшы бәсең дауыспен. — Қалғанын таңертең көре жатармыз.


Бұл екі арада ағаштардан қауырсыны неше алуан түспен құбылған торғайлар хормен шырылдауға кіріскен-ді, көп дауыстан құралған көңілді әндерімен олар қоңыр салқын таң шапағын қуана қарсы алып қошеметтеп жатқан; таң шапағының сүйкімді әлпеті бұл кезде шығыс көкжиектің қақпа-терезелерінен жүз көрсетіп, санаса сан жеткісіз ылғалды жауһарды шашынан сілкіп түсіре бастаған, міне осынау сүйкімді ылғалмен бетін шайған шөптер құдды күлдей ұсақ ақ моншақпен бастан-аяқ көмкеріліп тұрғандай көрінетін; сәмбі талдар маннаның тәтті иісін бұрқыратып, бұлақтар сылқылдай күліп, жылғалар сылдырап, тоғайлар шаттыққа бөленіп, осынау таң шапағында шалғындар өзінің ең сәнді де салтанатты киімдерін киінді. Таң ағарып атып, айнала-маңдағы заттарды ажыратып көруге мүмкіндік туған шақта, Санчо Пансаның ең алғаш көзіне шалынған нәрсе — Орман Рыцары атқосшысының мұрыны болды, оның орасан үлкендігі сонша, көлеңкесі атқосшы денесін түгел жауып тұрғандай әсер беретін. Хикаяда бұл мұрынның шын мәнінде де сұмдық үлкен болғандығы, орта тұсында дөңесі бары, сүйелден көрінбейтіні, баялды секілді күлгін түсті екені және аузынан екі елідей асып тұрғаны айтылған, мұрынның осынау өрескел көлемі, түсі, сүйелдері мен бір жағына қисайып тұруы атқосшының сұрқын кетіріп жібергені сонша, аталмыш тұмсықты көрген бойда Санчо талма ауруына ұшыраған баладай аяқ-қолын ербеңдетті де қалды және мынадай құбыжықтың ашу-ызасын оятып, одан соң онымен төбелеске шыққанша екі жүз мәрте шапалақ жегенім жақсы деп өзіне өзі сөз берді. Сол аралықта Дон Кихот қарсыласы тұрған жаққа көз жіберген, бірақ анау дулығасын киіп, бетбүркеуішін түсіріп те қойған екен, осы себепті бет-әлпетін көру мүмкін болмай қалды; алайда Дон Кихот оның орта бойлыдан жоғарылау, дембелше келген адам екенін аңғарды. Сауыт-сайманының сыртынан бейне бір таза алтынның тал жібінен тоқылғандай камзол киіпті, оның өне бойына титтей ай пошымындағы жалтылдаған сансыз көп айна жапсырылған: бұл киіміне шынымен-ақ айрықша бір сән мен салтанат беріп тұр; дулығасында жасыл, сары және ақ қауырсындар желбірейді; ағашқа сүйеп қойған, сүйемдей ұштығы бар найзасы әрі ұзын, әрі керемет жуан екен.


Дон Кихот осының бәрін айқын ажыратып үлгерді және осы көргендері мен байқағандарынан аталмыш рыцарь аса қайратты адам шығар деген байлам жасады, әйтсе де Санчо Панса секілді үрейге берілген жоқ, — керісінше, Айна Рыцарына байсалды да батыл түрде былай деп тіл қатты:


— Егер әскери шабытыңыз әдептілігіңізден үстем түсіп тұрмаса, сеньор рыцарь, онда осы қасиетіңізді арқа тұтып, дене бітіміңіздің айбындылығына әлпетіңіздің айбындылығы сәйкес келе ме екен, соған анық көз жеткізуім үшін бетбүркеуішіңізді сәл-пәл көтеруіңізді сұрар едім.


— Бұл сынақта сіз, сеньор рыцарь, жеңімпаз атанғаныңызға ба әлде жеңіліп қалғаныңызға қарамай, әлпетімді көрерлік уақытыңыз да, мүмкіндігіңіз де болады, — деді Айна Рыцары келіспей, — ал қазір тілегіңізді орындай алмайтын жалғыз ғана себебім, бетбүркеуішті көтеріп жатуға уақыт шығындауым арқылы, өз ойымша, кербез сұлу Касильдея Вандальскаяның намысын қорлайтын секілдімін, өйткені маған керегі тек сізді мойындауға мәжбүр ету ғана боп тұр ғой, оны өзіңіз де жақсы білесіз.


— Қалай болған күнде де, — деді Дон Кихот қарсылық білдіріп, — атқа қонғанымызға дейін мен дәп сол өзіңіз жеңдім деп жүрген Дон Кихотпын ба әлде басқамын ба, соны айтып үлгеретін шығарсыз.


— Бұл сауалыңызға жауап мынадай, — деді Айна Рыцары, — өзім жеңген рыцарьдан егіздің сыңарындай аумайсыз, бірақ сиқыршылар оған қастық ойлап жүр деп өзіңіз айтпап па едіңіз, сондықтан сіздің нақ сол айыпкер екеніңізді ақи-тақи растап бере алмаймын.


— Жаңылысып тұрғаныңызға енді анық көзім жетті, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — алайда бұл ойыңыздан біржола айнытуым үшін аттарды әкеле қойсын, — жаратқан иеміздің, ханымымның және ақ білегімнің жәрдемімен бет-әлпетіңізді өзіңіз бетбүркеуішті көтеруге шығын ететін уақыттан да жылдамырақ көретін шығармын, ал сіз болсаңыз менің әлгі жеңіп кеттім деп жүрген Дон Кихотыңыз емес екенімді білетін боласыз.


Сол арада олар әңгімелерін үзіп аттарына қонды. Әуелі екпін алып, артынан дұшпанына қарай атойлау мақсатында Дон Кихот Росинанттың басын кері бұрды, Айна Рыцары да солай етті. Алайда Дон Кихот жиырма қадамдай да ұзап үлгермей, орта жолдан тоқтап артына қайрылған Айна Рыцары оған айқайлап:


— Ұмытпағайсыз, сеньор рыцарь, жекпе-жегіміздің шарты бойынша жеңілген адам, тағы да қайталап айтам, жеңген адамның ырқына көнеді, — деді.


— Білем, — деп қуаттады оны Дон Кихот, — алайда, мына ескертпе есте болуға тиіс: жеңілген адамға рыцарьлық жарғыға қиғаш келетін талап та қойылмауы керек, бұйрық та берілмеуі керек.


— Әлбетте, — деді Айна Рыцары.


Сол арада Дон Кихот әлгі атқосшының адам айтқысыз алапат тұмсығына көңіл аударып, оған Санчодан артық болмаса кем таңырқанған жоқ, тіпті бұл атқосшыны әлденендей бір құбыжыққа, адамзат баласының жер бетінде бұрын кездеспеген басқа бір нәсіліне балады. Қожайыны қарқын алуға ниеттенгенін көрген Санчоның тұмсықтымен бірге қалғысы келмеді: анау қолағаштай мұрнымен өз мұрнын бір түртсе-ақ екеуінің арасындағы барлық шайқас сонымен тәмам болатынын ойлап құты қашқан, өйткені соққының уыттылығынан жә болмаса үрейден тырапай асып тынары анық еді, — осы себепті, Росинанттың үзеңгісіне жармасқан күйі мырзасына еріп кетті; сөйтіп, өз жобалауынша, оның кері бұрылатын кезі таяған шақта, былай деп үн қатты:


— Рақымшылық етіңізші, мархабатты мырзам, жаумен әлі ұстаспай тұрғаныңызда мына еменге шығып алуыма септесіп жіберіңізші, — әне бір рыцарь мен араңызда қазір басталатын қиян-кескі айқасты жерде тұрып қарағаннан сол арадан бақылағаным әлдеқайда жайлырақ.


— Меніңше, Санчо, — деп наразылық білдірді Дон Кихот, — биіктеу жерге жайғасқандағы ойың бұқалардың шайқасын қандай да бір қатерден аулақта отырып қызықтау ғой.


— Шынымды айтсам, мына атқосшының алапат тұмсығы есімді шығарып, тұла бойымды қалтыратып жіберді, онымен оңаша қалудан қорқып тұрмын, — деп ағынан жарылды Санчо.


— Мұрыны шынында да жан шошырлық, егер басқа адам болсам менің де үрейленіп қалуым ықтимал еді, — деді Дон Кихот, — Ал, шық енді ағашыңа, демеп жіберейін.


Дон Кихот Санчоның еменге шығып алуына жәрдем беріп әуреленіп жүргенде Айна Рыцары өзіне қолайлы қарқын алып және Дон Кихот та солай екпіндеп үлгерген шығар деп жобалап, керней дауысын не басқадай бір белгіні күтпестен, ширақтығы мен шалымдылығы дәп сол Росинанттан бір де кем түспейтін атының басын кері бұрып, көсілте шауып, яғни жеңіл жортақпен, дұшпанға қарай жол шекті; алайда Дон Кихоттың Санчоны ағашқа отырғызам деп кідірістеп жатқанын көрген Айна Рыцары тізгін тартып, жарты жолда тоқтап қалды, бұған аты дән риза болды, өйткені әлгі аз ғана жортақтың өзіне-ақ болдырып біткен-ді. Ал, Дон Кихотқа осы арада дұшпан өзіне төніп келіп те қалғандай көрінген, — сөйткен соң Росинанттың ырсиған қабырғаларына шпорын қадап кеп жіберді, сөйтіп, атына аяқ асты жел бітіп, автордың айтуынша, Росинант алғаш рет қатты шоқыраққа көшті де (ал, әдетте, ол жай жортақпен шектелетін), керемет шапшаңдықпен иесін тұп-тура Айна Рыцарына қарай ала жөнелді. Ал, рыцарь болса бұл кезде атына шпорын өкшеге дейін бойлатып жатқан, бірақ жануар әлгінде тізгін тартып тоқтатқан жерінен жарты елі де жылжи қоймады. Атымен әуре-сарсаң боп, найзасын көлденең ұстауға шамасы жетпеген, әлде ұстап үлгермеген дұшпанына Дон Кихот осындай аса қолайлы жағдайда және дер шағында тап берді. Рыцарь кез болған қиыншылықтарды қаперіне де ілмеген Дон Кихот осы бір өз басына зәредей қатер тумайтын және қарымта күтуге де болмайтын ахуалды сәтті пайдаланып Айна Рыцарына оңдырмай соққы берді, анау ат сауырымен сырғанап барып жерге жалп ете түсуге мәжбүр болды және қатты құлағаны сонша, жан тәсілім еткен адамдай аяғын да, қолын да қозғалта алмай қалды.


Рыцарьдың сұлап жатқанын көрген Санчо еменінен едел-жедел ырғып, жылдам басып қожайынына қарай тартты; ал анау атынан түсіп, асыға адымдап Айна Рыцарының қасына барды, сосын оның жан тапсырғанын немесе тірі қалғанын білмекке, тірі болса тыныс алуын жеңілдетпекке дулығасының бауын шешті, сол жерде мұның кім екенін көріп... Алайда оның кімді көргенін оқырманды қайран қалдырмай, зәресін қашырмай және жүрегін ұшырмай қалай ғана айтып беруге болады? Хикаяда ол бакалавр Самсон Каррасконың бет-әлпетін, кескінін, пішінін, келбетін, бейнесін және ұсқынын көрді және көрген бойда, бар дауысымен былай деп бақырып жіберді, делінеді:


— Бермен кел, Санчо! Сен қазір өз көзіңе өзің сенбейтін нәрсені көресің! Тез жет, балам, сиқыршылықтың зұлымдығы қандай екеніне, көз байлаушылар мен дуагерлердің зұлымдығы қандай екеніне куә бол!


Санчо жақын келіп, бакалавр Каррасконың бет-ажарын көріп үсті-үстіне шоқына бастады және есімін қырық қайталап жаратқанға жалбарынды. Жеңіліс тапқан рыцарь әлі тіршілік белгісін таныта қойған жоқ-ты, сондықтан Санчо Дон Кихотқа қарап былай деді:


— Менің ойымша, мархабатты мырзам, бакалавр Самсон Карраскомын деп жәдігөйленіп жатқан мына зұлымның аузына семсеріңізді сүңгітіп алғаныңыз артық болмас еді: сөйткенде, бәлкім, өзіңізге өшігіп жүрген көп сиқыршының бірінен құтылар ма едіңіз.


— Дұрыс айтасың, дұшпанның аз болғаны жақсы, — деді Дон Кихот.


Сөйтіп, Санчоның ақыл-кеңесін іске асырмақ ниетпен семсерін суырып алғаны сол еді, жан ұшыра жүгіріп Айна Рыцарының атқосшысы келіп, — бұл кезде ол сықпытсыз мұрыннан ада боп та үлгерген-ді, — бар дауысымен айқайды салып:


— Ау, не істегелі тұрсыз, сеньор Дон Кихот? Аяғыңыздың астында жатқан кісі — дос-жар адамыңыз бакалавр Самсон Карраско ғой, ал мен оның атқосшысы болам, — деді.


Оның бұрынғыдай сиықсыз еместігін көрген Санчо:


— Мұрның қайда? — деп сұрады.


Анау бұған:


— Өзімде, жанқалтамда жатыр, — деп жауап қатты.


Осы сөзді айтып, оң жақ қалтасына қолын сұққан ол пошымы жоғарыда сипатталған, лак жағылған картоннан жасалған жасанды мұрынды алып шықты. Санчо атқосшыдан ұзақ уақыт көз алмай қарап тұрды да, ақыры таң-тамаша болған кейіпте қатты дауыстап былай деді:


— Жасаған ием, сақтай гөр! Ау, мынау менің көршім әрі тамырым — баламның өкіл әкесі Томе Сесьяль ғой!


— Енді кім деп ең! — деп іліп әкетті мұрынсыз қалған атқосшы. — Иә, бұл мен — Томе Сесьялмын, достым әрі тамырым Санчо Панса, осы жерге тап болуыма итермелеген пасықтық, алаяқтық пен арамзалық жайында өзіңе кейін айтып берем. Ал, қазір мырзаңа аяғының астында жатқан Айна Рыцарына тиме, жәбірлеме, жарақаттама, өлтірме деп жалынып-жалбарын, мұның жүректі болғанымен жеңілтек бакалавр Самсон Карраско екенінде еш күмәнің болмасын.


Сол аралықта Айна Рыцары да есін жиды; соны көрген Дон Кихот семсерінің ұшын оның бетіне тақап, былай деді:


— Егер осыдан, рыцарь, теңдесі жоқ Дульсинея Тобосская өзінің сұлулығы жөнінен Касильдея Вандальскаяңыздан артық екенін мойындамасаңыз, онда сізге — өлім; оған қоса, маған (егер тек жаңағы соққы мен жерге сұлаудан аман-сау қалсаңыз) Тобосо қаласына баруға, Дульсинеяның аяғына жығылып, өзіңізді менің жібергенімді мәлім етуге уәде беруіңіз керек, ал ол сізге не істейді, оны патша көңілі біледі; егер ол ықтиярыңызды өзіңізге берсе, онда қайткен күнде де мені іздеп табуға (сізге іс-әрекеттерімнің соңынан ілесе жүретін дабысым жолбасшылық жасайды, ол сізді өзім жүрген жерге бастап барады), онымен не жайында әңгімелескеніңізді баяндап беруге тиіссіз; сізге қояр шартым осындай және мұның өзі айқас алдындағы уағдаластығымызға да, кезбе рыцарьлық жарғысына да қиғаш келмейді.


— Касильдеяның, — деді жеңіліс тапқан рыцарь, — таза болғанымен ұйпа-тұйпа шашы сеньора Дульсинея Тобосскаяның жыртық әрі лас башмақтарына да татымайтынын мойындаймын, бұған қоса оған баруға және өзіңізге қайтып оралуға, менен қандайын талап етсеңіз сондай толық та егжей-тегжейлі есеп беруге уәде етемін.


— Сондай-ақ, сіздің, — деп қосып қойды Дон Кихот, — өзіңіз жеңген әлгі бір рыцарьдың Ламанчалық Дон Кихот еместігін және бола да алмайтынын, оның соған ұқсас әлдекім екенін мойындауыңыз әрі соған сенуіңіз қажет, ал мен өз тарапымнан, бакалавр Самсон Карраскоға ұқсайтыныңызбен, шын мәнінде ол емес, соған ұқсас басқа біреу екеніңізді, бойымды кернеген ашу-ызаны тежеп тыныш табуым үшін, осынау жеңістің даңқын онша дабыра етпеуім үшін дұшпандарым сізді соның кескініне кіргізгенін мойындаймын және соған сенемін де.


— Бұны өзіңіз қалай мойындасаңыз, қаперге алсаңыз және түсінсеңіз, мұның бәрін мен де солай мойындаймын, қаперге аламын және түсінемін, — деді аттан ауып қалған рыцарь. — Ал енді, рақымшылық жасап, тұруға рұқсат етіңізші маған, — шындығында, тұра алам ба өзі, білмеймін: құлаған кезде қатты соққы алдым.


Дон Кихот пен атқосшы Томе Сесьяль оны орнынан тұрғызуға кірісті, ал Санчо жерлесін екі көзімен ішіп-жеп, оған не түрлі сұрақ жаудырумен болды, қайтарылған жауаптардан мұның айна-қатесіз тап сол Томе Сесьяль екені еш күмән тудырмады; алайда Дон Кихоттың сиқыршылар Айна Рыцарының кескінін бакалавр Каррасконың келбетімен ауыстырып қойған дейтін сөзі Санчоның көкейіне қона кеткені сонша, көз жанары сендіріп тұрғанның өзін ақиқат шындық деп тануға тәуекелі жетпеді. Ақыр соңында мырзасы мен малайы сол бұрынғы сенімдерінде қала берді, ал көңілі жабырқау, кейісті Айна Рыцары мен атқосшысы Дон Кихот пен Санчодан бөлініп, жазым болған рыцарьдың сынған қабырғаларын орнына салып, таңып беретін жер іздеп кетті. Дон Кихот пен Санчо Сарагосаға баратын жолға түсіп, сапарын әрмен жалғады. Айна Рыцары мен оның шоң мұрын атқосшысы неғылған жандар екенін хабарлау үшін хикая оларды әзірше осы арада қалдыра тұрады.


ХҮ тарау


Мұнда Айна Рыцары мен атқосшысының неғылған жандар екені жайында айтылады.


Жүрек жұтқан рыцарь деп жобалаған Айна Рыцарын жеңгеніне Дон Кихот шектен тыс ырза болып, мақтаныш сезіміне бөленіп, мәз боп қуанған еді және оның рыцарьлық айнымас сертіне сеніп, сеньора Дульсинеяның жадылаудан арылған-арылмағанын анық біліп алармын деп үміттенген, өйткені жеңіліс тапқан мұндай рыцарьдың, Дон Кихоттың өз пікірінше, онымен қалай жүздескені жайындағы хабарды бұған қалайда жеткізіп беретіні кәміл-ді, әйтпесе ол рыцарь боп шықпас еді. Дон Кихоттың ойы осындай болғанымен, Айна Рыцарының ойы бұдан басқашалау-тұғын, — алдында айтылып өткеніндей, оның қазіргі бар ой-ниеті жатып емделетін жер тауып алуға ауған. Одан әрі хикаямыздан мынадай жай мағлұм болды: үзіліп қалған рыцарьлық қаңғыбастығын қайта жалғастыруға Дон Кихотты азғырмас бұрын бакалавр Самсон Карраско Дон Кихот енді үйінде тып-тыныш отыруы үшін, шатағы мол шытырман оқиға іздеушілік оны енді ешқашан қызықтырмасы үшін қандай шара қолдануға болатыны жайында священникпен және шаштаразбен кеңесіп алған-ды; осы отырыста Дон Кихотты аттандыру жайында бірауыздан шешім қабылданған, соның ішінде Каррасконың өз пікірі де осындай еді, өйткені оны ұстап қалу бәрібір қолдан келмейтін; ал кезбе рыцарь түрінде жарақтанған Самсонның өзі оны қуып жетуге, онымен айқасқа түсуге, — ал бұған себеп табылмай қалмайтыны анық, — және оны жеңуге тиіс-ті (кеңеске қатысушыларға бұл онша қиын шаруа көрінбеген); сондай-ақ, сайыскерлер арасында алдын-ала келісім-шарт жасалып, мұнда жеңілген адам жеңгеннің ырқына көнуге міндетті болатыны көрсетілуі керек-ті; міне, осының негізінде рыцарь секілді боп киінген бакалавр жеңіліс тапқан Дон Кихотқа туған селосы мен үйіне қайтып оралуға және екі жыл бойы немесе өзі арнайы пәрмен түсіргенге дейін ешқайда қия баспауға әмір ететін болған; айта кетерлігі, кеңеске қатысушылардың бәрі де рыцарьлықтың ереже-қағидаларына қарсы шықпау үшін және оның бұзылуына жол бермеу үшін Дон Кихоттың бұл жарлықты бұлжытпай орындайтынына сенімді еді және осындай мырзақамақта отырған кезінде есалаңдығын ұмытып та кетер немесе жарыместігін емдеп жазатын әлдебір тәуір дәрмек табылып қалар деген дәмелері де болған.


Карраско мұның бәрін мақұл көрді, ал оған атқосшылыққа Санчо Пансаның тамыры әрі көршісі, қуақы да қуыс кеуде Томе Сесьяль сұранды. Самсонның қалай жарақтанғаны жайында жоғарыда айтылып өтті, ал кездескен сәтте тамыр-досы танып қоймасы үшін Томе Сесьяль өзінің туа бітті тұмсығына ілгеріде әңгіме болған жасанды да жалған мұрынды жапсырып алды, сөйтіп Сесьяльды жанына ерткен Карраско Дон Кихот аттанған жолға түсіп тартып кетті. Ажал күймесімен болған шытырман оқиға кезінде оны қуып жетіп те қалған, ақыр соңында онымен орман ішінде кездесті, олардың арасында болған зейінді оқырманға мәлім оқиғалар да осы жерде өтті; егер Дон Кихоттың ой ағымында бакалавр — бакалавр емес деп өзін-өзі сендірген өзіндік ерекшеліктер болмағанда, бакалавр лиценциат дәрежесін алу мүмкіндігінен мәңгі-бақи айрылған да болар еді: өйткені, ол мүйіз сұраймын деп барып, құлақтан айрылған еді ғой. Әрекеттері қалай қапалы аяқталғанын және сапарларының соңы қандай қамығыңқы болмағын көрген Томе Сесьяль бакалаврға мынадай лебіз білдірді:


— Ашығын айтсам, сеньор Самсон Карраско, өзімізге сол керек: әлденені қолға алып кірісіп кету оңай, бірақ көп ретте бас сауғалап қашып құтылудың өзі — мұң. Дон Кихот — делқұлы, екеуіміздің есіміз дұрыс, анау — дін-аман, оның үстіне мазақ қып мырс-мырс күледі, ал сіз болсаңыз, жарқыным, міне, қандайсыз: көк ала қойдайсыз әрі қабағыңыздан қар жауып тұр. Ал, енді ойланып көрелік, нағыз жынды кім: тумысынан осындай адам ба әлде өз қалауымен делқұлы болған адам ба?


Бұған Самсон былай деп жауап қатты:


— Бұл екі есуастың арасындағы айырмашылық мынадай: жаратылысынан жынды болған сол жынды күйінде қала береді, ал өз еркімен жынды болған кез-келген уақытта дені сау адамға айналады.


— Ендеше, — деп іліп әкетті Томе Сесьяль, — өзіңізге атқосшылық етуге тілек білдіргенде мен өз еркіммен жынды болғам, ал енді қазір қайтадан өз еркіммен ақыл-есімді тауып, үйге қайтқым келеді.


— Бұл өз шаруаң, — деп құлаққағыс етті Самсон, — ал мен Дон Кихоттың сыбағасын бермей, қандай себеппен болсын үйге қайтпаймын, енді мен оның соңына оны ақылға келтіру мақсатымен түспеймін, тек бір ғана кек қайтару мақсатын көздеймін, өйткені қабырғаларымның жан шыдатпай қақсауы өзімді басқадай адамгершілік пиғыл-ниеттен бас тартуға мәжбүр етіп тұр.


Осылай әңгімелесе отырып олар бір елді мекенге келіп жетті, осы жерде оларға оташы табудың орайы келе кетті, сол сынықшы сормаңдай Самсонға тиісті көмек көрсетті. Томе Сесьяль онымен қоштасып, үйіне қайтты, Самсон болса, оңаша қалып кек қайтару амалын қарастыра бастады; кезі келгенде хикаямыз оған әлі қайтып оралады, ал қазір ол Дон Кихоттың қуанышына ортақтасуға құштар боп тұр.


ХҮІ тарау


Дон Кихот пен ламанчалық бір көшелі дворянның арасында болған әңгіме жайында ілгеріде айтылғандай, өзін өте бір бақытты жандай сезініп, жүрегін қуаныш пен мақтаныш кернеген Дон Кихот сапарын әрмен жалғап келе жатты; әлгі жеңісі өзін заманының ең заңғар рыцары дәрежесіне көтеріп кеткендей сезімде болатын; сөйтіп, ол алдағы күндерде өзіне жолығуы ықтимал шытырман оқиға атаулы түгелдей тәмамдалып, марапатты мәресіне жеткізілді деп санады; сиқыршылар мен сиқыршылық атаулыны иттің етінен жек көре бастады; рыцарьлық қаңғыбастығы кезінде жеген қисапсыз көп соққысын да, тісінің жартысын қиратқан тасты да, каторгаға жіберілгендердің рақымсыздығын да, янгуастықтардың өзін сойылмен сілейтіп салған оспадарсыздығын да естен шығарды; қысқасы, ол өзіне-өзі: егер тек сеньора Дульсинеяның жадысын қайтаратын амал, әдіс немесе тәсіл ойлап тапсам, онда өткен замандардың ең ақжолтай кезбе рыцарының қолы жеткен ең керемет ерлігіне де қызғаныш білдірмес едім, деді. Осындай ойларға шомып келе жатқанда Санчо оған:


— Бұған не деуге болар, сеньор? Тамырым Томе Сесьяльдың адам айтқысыз қолақпандай мұрыны көз алдымнан әлі кетпей тұр, — деді.


— Апырай, Санчо, шыныңмен-ақ Айна Рыцары — бакалавр Карраско, ал оның атқосшысы — тамырың Томе Сесьяль деген ойдасың ба?


— Бұл сұрағыңызға қандай жауап қайтарарымды білмеймін, — деді Санчо. — Білетінім біреу ғана: сол атқосшыдан басқа ешкім үйімнің, әйелім мен балларымның дәлме-дәл дерегін айтып бере алмас еді, ал әлгі жасанды мұрнын алып тастағандағы әлпеті — аумаған сол Томе Сесьяльдың кеспірі, Томе Сесьяльмен деревняда тұрғанымда жиі кездесіп жүрдім ғой, үйіміздің де арасында үй жоқ, оның үстіне анау кәдімгі Томе Сесьяль сияқты сөйлейді.


— Қане, асықпай таразылап көрейік, Санчо, — деді Дон Кихот. — Ал, айтшы өзің: кезбе рыцарь секілді киінетіндей, сауыт-сайман іліп, қару ала жүретіндей және мені жекпе-жекке шақыратындай бакалавр Самсон Карраскоға не көрініпті? Мен оның қас жауы ма едім? Ашу-ызасын тудыратындай оған бірдеңе істеп пе ем? Әлде онымен бақталас па едім — ол да әскери жолға түсіп, осы салада өзім адал еңбекпен қол жеткізген атақ-даңқыма қызғаныш білдіріп жүр ме еді?


— Ендеше, сеньор, бұл рыцарьдың, ол кім болса да мейлі, бакалавр Карраскомен, ал атқосшысының — баламның өкіл әкесі Томе Сесьяльмен егіз қозыдай ұқсастығын қалай түсіндіресіз? — деді Санчо келісіңкіремей. — Егер бұл, сіздіңше, сиқыршылық болса, онда сиқыршылар неге басқаға емес, тап осы екеуіне ұқсас болуды ұйғарған?


— Мұның бәрі — қыр соңымнан қалмай жүрген зұлым көз байлаушылардың тіміскілік айла-шарғылары, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Осы айқаста жеңіске жететінімді алдын-ала білген олар Карраскоға деген достық сезімім семсерімнің ұшы мен кешірімді білмейтін білегімнің арасына тұра қап, жүрегімде тұтанған әділетті ашу-ызаны әлсіретуі үшін жеңілген рыцарьдың бакалавр досыма ұқсас боп шығуына астыртын қам жасаған, яғни оларға қулық-сұмдықпен өмірімді өксітуге әрекет жасаған адамның өмірін сақтап қалу қажет болған. Мұны саған дәлелдеп жатудың қажеті аз, Санчо, — сиқыршыларға бір әлпетті екіншісіне, сүйкімдіні — сұрықсызға, сұрықсызды — сүйкімдіге айналдыра салудың түк қиындығы жоғын өз тәжірибеңнен білесің, ал тәжірибе ешқашан өтірік айтпайды, алдамайды да: бұдан бірер күн бұрын жан тең келмес Дульсинеяның сұлулығы мен сымбатын тұтастай және шынайы әлпетіне толық сай келіп тұрған қалпында өз көзіңмен тамашаладың, ал мен болсам жанарында жылт жоқ, аузынан сасық иіс аңқыған, сұрықсыз да можантопай, қарапайым шаруа әйелін жолықтырдым, ал егер залым сиқыршының Дульсинея өңін осылай өрескел түрде өзгертуге дәті барған болса, онда мені жеңімпаз атандырмау үшін сол залымның рыцарьды — Самсон Карраскоға, ал атқосшысын — балаңның өкіл әкесіне айналдырып жібергеніне таңырқаудың қажеті аз. Бірақ, қайткен күнде де, оның қияпаты қандай болғанына қарамастан, жеңіске қол жеткізгенім көңілімді көншітіп-ақ тұр.


— Мұның шындығы қайсы, өтірігі қайсы, оны бір құдайдың өзі ғана біледі, — деп құлаққағыс етті Санчо.


Дульсинеяның құбылысы өзінің алаяқтығы мен қитұрқылығы арқасында іске асқаны Санчоға бек жақсы мәлім болғандықтан, мырзасының ойлап тапқан жорамалына көңілі онша толыңқырамады, алайда әлденені абайсыз шатып қойып, өтірігімді шығарып алам ба деп қарсы дау айтқан жоқ.


Сол арада, екеуі әлі осы әңгімемен алданып келе жатқанда, оларды ойнақшыған сұр теңбіл ат мінген бір адам соңдарынан қуып жетті; үстіне сапалы жасыл шұғадан тігілген, қызғылтым-қоңыр барқытпен әдіптелген плащ, басына барқыт берет киіпті; биесінің жеңіл әбзелі мен үзеңгісі қысқалау келген ері қою күлгін және жасыл түсті болатын; мойнына асылған жасыл-сарғыш, жалпақ қайыс таспаға маврлардың қайқы қылышы ілініпті, қысқа қонышты етігі де қайыс таспа тәрізді безендіріліпті; алтын жалатылмаған, жасыл лакпен боялған шпорының мұқият тазартылып, жылтыратылғаны және күллі киім-кешегіне жарасып тұрғаны сонша, тіпті алтыннан артық секілді көрінетін. Қатарласқан сәтте жолаушы бұлармен сыпайы сәлемдесті, сосын биесін шпормен бір тебініп өтіп кете бермек болған, бірақ Дон Кихот оны айқайлап тоқтатып, былай деп тіл қатты:


— Құрметті сеньор! Біз бара жатқан жаққа қарай бағыт алсаңыз және онша асығыс болмасаңыз, онда, рақым етіп, бірге жүрсеңіз қайтер еді?


— Шынымды айтсам, — деп үн қатты салт атты, — тездетіп өтіп бара жатқан себебім, биемнің жанасып қалуы атыңызды әбігерге түсіре ме деп қорыққам.


— Сіз, сеньор, — деп жауап қатты бұған Санчо, — тізгінді батыл тарта беруіңізге болады, себебі атымыз жер-әлемдегі ең сыпайы да тәрбиелі жануар. Мұндай жағдайларда ешқашан ешқандай әдепсіздік байқатып көрген емес, тек жалғыз рет әбестік жасағаны бар, бірақ оның өтемін мырзам екеуіміз еселеп төлегенбіз. Қайталап айтайын, өзіңіз қолай көрсеңіз әсте асықпауыңызға болады: биеңізді балмен сылап қойсаңыз да атымыздың оған көз қиығын салмайтынына басымды бәске тігуге бармын.


Тізгін іріккен жолаушы Дон Кихоттың бет-әлпеті мен тұлғасына таңырқана қарап қалды, бұл кезде ол дулығасыз келе жатқан, себебі дулығаны Санчо басқа да уақ-түйек заттармен бірге ерінің алдыңғы қасына байлап қойған; жасыл киімді салт атты Дон Кихотқа бар ықылас-пейілімен шұқшия қараса, Дон Кихот жасыл киімді салт аттыға одан да зор ықылас-пейілмен шұқшия қараған еді, өйткені бұл оған тегін адам еместей көрінген. Түріне қарап жасыл киімді салт аттыны елулерде деп ойлауға болатын; шашы шамалы бурыл тартқан, орақ мұрынды, жүзі жылы, сонымен қабат маңғаз, бір сөзбен айтқанда, киімі секілді кескін-келбеті де тура жолмен жүретін адам екенін аңғартатын. Ал, жасыл киімді салт атты болса, Ламанчалық Дон Кихотқа қарап тұрып әлпеті анадай, өзін-өзі ұстау мәнері мынадай жанды өмірі кездестірмегені жайындағы ойға тірелді; оның мойнының ұзындығына, ұзынтұралығына, бетінің жүдеулігі мен қуқылдығына, сауыт-сайманына, қимыл-қозғалысы мен кескін-келбетіне, жалпы бұл өңірде көптен көзге шалынбаған осындай түр-пішіні мен тұрпатына таңырқанумен болды. Жолаушының өзіне қадала қарағаны Дон Кихот назарынан тыс қалған жоқ, оның аңырып, аңтарылған кейпінің өзі-ақ бойын әуестік билеп алғанын жеткілікті дәрежеде айғақтап тұрғандай еді. Барынша сыпайы және мейлінше кішіпейіл адам болғандықтан Дон Кихот жолаушы тарапынан қандай да бір сұрақтың қойылуын тоспастан, тілегін орындауға өзі бірінші боп ықылас білдіріп, былай деді:


— Сырт пішінім сізді өзіне тән ерекшелігімен және шетіндігімен таңырқантуы мүмкін, бірақ мен оған онша таңырқанбаймын, алайда өзімнің шытырман оқиға іздеп мәңгілік даңққа бөленген рыцарьлар қатарына жататынымды айтып берсем таңырқануды мүлдем қоятын боласыз. Мен өскен ортамды тастап шықтым, қожалығымды кепілге өткіздім, ойын-сауықтан бас тарттым, сөйтіп қайда қаласа сонда апаруы үшін тағдырдың ырқына берілдім. Мен кезбе рыцарьлыққа қайтадан жан бітіруді мақсат тұтқан адаммын, міне талай күн болды, бір құлап, бір тұрып, қайта сүрініп, қайта ұмтылып, жесірлерге көмектесіп, бойжеткендерді қанатымның астына алып, күйеуге шыққан әйелдерге, жетімдер мен жас балаларға қамқорлық жасап жүрмін, яғни кезбе рыцарьлар атқаратын және оларға парыз саналатын істермен айналысып жүрмін, ойға алғанымның жартысынан астамын орындап та қойдым. Енді міне, қисапсыз әскери және христиандық ерлігімнің арқасында өзім жайында кітап жазылды және ол әлемдегі барлық тілге түгел немесе түгелге жуық аударылды. Менің хикаям ұзын саны отыз мың кітап боп тарады, егер көктегі құдірет кедергі келтірмесе одан мың есе көп данамен басылып шықпақ. Ал енді әңгімені ұзарта бермес үшін және бәрін бірнеше сөзбен, тіпті бір-ақ сөзбен жеткізу үшін, сізге өзімнің — Ламанчалық Дон Кихот, басқаша айтқанда — Қайғылы Бейне Рыцары екенімді мәлім етпекпін; әлбетте, өзіңді-өзің мақтау ұят нәрсе, алайда мақтайтын басқа ешкім болмаса, амал жоқ, өзіңді өзің мақтауыңа тура келеді. Сөйтіп, сеньор дворян, енді сізді мына ат та, найза да, қалқан да, атқосшы да, мына сауыт-сайманым да, өңімнің қуқылдығы да, шамадан тыс жүдеулігім де таңырқантпауға тиіс, өйткені енді менің кім екенімді, нендей іспен шұғылданатынымды жақсы білетін болдыңыз.


Осыны айтып Дон Кихот үнсіз қалды, ал жасыл киімді салт атты болса ұзақ уақыт жауап қатқан жоқ, — не дерін білмей тұрған секілді көрінген; әжептәуір уақыттан соң, ақыры былай деп сөйлеп кетті:


— Аңырып қалған кейпіме қарап, сеньор рыцарь, көңілімде оянған тілекті тап басып таныдыңыз, алайда өзіңізбен кездесу салдарынан туындаған таңырқанушылықтан әліге дейін өзіме-өзім келе алмай тұрмын; тіпті кім екенімді білгеннен кейін таңырқануды қоясыз дегеніңізбен де, сеньор, бұл мүлдем олай болмай тұр, керісінше, дәл қазір, соны білгеннен кейін, таңырқанушылығым мен түсінбеушілігім тіптен үдеп кетті. Апырай, кезбе рыцарьлардың бүгінде шынымен-ақ өмірде бар болғаны ма және шынайы рыцарьлық ерліктер хикаясы кітап боп басылып жатқаны ма? Біздің заманымызда біреу-міреу жесірлерге қамқорлық жасайды, бойжеткендерді қанатының астына алады, күйеуге шыққандарға құрмет көрсетеді, жетімдерге жәрдемдеседі дегенге сене алмаймын және сізді өз көзіммен көрмесем ешқашан сенбеген де болар ем. Енді сіздің, өзіңіз айтқандай, кітап боп басылып та қойған, ізгі де шынайы ерліктеріңіздің хикаясы жарыққа шыққаннан кейін, құдайға шүкір, кезбе рыцарьлардың қисапсыз жалған хикаясы ұмыт болатын да шығар, — бұлардан қазір аяқ алып жүргісіз және мінез-құлықтың бұзылуына, пайдалы шығармалардың шеттеп қалуына, оларға деген сенімнің азаюына септесіп жатыр.


— Кезбе рыцарьлар хикаясы жалған ба әлде жалған емес пе — ол әлі ойланатын мәселе, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


— Бұлардың өтірік әңгіме екеніне сенбейтін кім бар? — деп сұрады жасыл киімді жолаушы.


— Мен сенбеймін, — деп жауап қатты Дон Кихот, — алайда бұл әңгімені әзірше қоя тұралық, өйткені әлі де сапарлас болатын болсақ, кезбе рыцарьлар хикаясында ешқандай шындық жоқ дейтін кең тарап кеткен пікірді бекер қуаттап жүргеніңізге, құдай сәтін салса, көзіңізді жеткізермін деп ойлаймын.


Дон Кихоттың соңғы айтқан сөзі жолаушыға бұның есі дұрыс емес-ау деген күдік туғызды, сөйтіп кейінгі әңгіме осы ойын орнықтыра түсер деп бағамдады, алайда ой-пікір тиегін қайта ағытпас бұрын Дон Кихот жолаушыға оның кім екендігі жайында сұрақ қойды, өйткені өзі жөнінде, лауазымы, немен айналысатыны турасында хабар етіп те үлегргенін айтты. Бұған жасыл плащты салт атты былай деп жауап қатты:


— Сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, мен идальгомын, құдай қосса, өзіміз бүгін түстік ішетін елді мекенде туып өстім. Ортадан жоғарылау дәулетім бар, ал аты-жөнім — дон Дьего де Миранда болады. Әйелім, балаларым мен достарымның ортасында ғұмыр кешіп жатырмын. Сүйікті ермегім — аңға шығу мен балық аулау, алайда мен сұңқар да, тазы да ұстамаймын, есесіне менде қолға үйретілген құр мен шақар күзен көп. Кітапханамда испан және латын тіліндегі ондаған кітап бар, романдар да, діни тақырыптағы дүниелер де жоқ емес, бірақ рыцарьлық романдарды табалдырықтан аттатпаймын. Уағыз айтатын кітаптардан гөрі көркем әдебиетті, — онда да тек әдептен озбайтын, тілінің тазалығы қуанышқа бөлеп, қиялының ұшқырлығы қайран қалдырып, таңдай қақтыратындарын, — көбірек оқимын: алайда Испанияда мұндай кітаптар некен-саяқ. Кей-кейде көршілерім мен достарымның үйінен түстік ішем және оларды өзім де жиі қонаққа шақырам: қонаққа жаятын дастарқаным көз тартарлық көркем әрі ас та төк мол болады; өзім біреуді ғайбаттамаймын және өзім отырған жерде ондай сөздің айтылуына қатаң тыйым салам; басқалардың қалай тірлік кешіп жатқанына әуестік білдірмеймін және біреудің ісіне қол сұқпаймын; шіркеуге күн сайын барам; жоқ-жітіктерден жәрдемімді аямаймын, бірақ екіжүзділік пен атаққұмарлыққа әуестеніп кетпеу үшін оны дабыра қылмаймын, ал бұлар ең қарапайым деген адамның өзін жымын білдірмей жүріп жолдан тайдыратын жауымыз ғой; ұрсысып қалғандарды татуластыруға тырысам; құдай анасы әміршімізге тауап етем және әрдайым жаратқан иеміздің шексіз мейірімінен үміт қылам.


Идальгоның өмір салты мен уақытын қалай өткізіп жатқаны жайындағы әңгімесін Санчо аузын ашып, көзін жұмып есі кете тыңдады, сосын бұл ізгілікті де әулиелік өмір және мұндай өмір кешіп жүрген адам шын мәнінде де ғажайып қасиет иесі, деген байлам жасап, есегінен секіріп түсті де, салт аттының оң жақ үзеңгісінен ұстай алып, жыламсыраған қалпы ерекше сүйсініспен аяғынан әлденеше рет сүйіп-сүйіп алды, мұны көрген идальго былай деп дауыстап жіберді:


— О не қылғаның, қадірмендім? Неге сүйіп жатырсың?


— Сүюіме бөгет жасамаңыз, — деп жауап қатты Санчо, — себебі, тақсыр, әулие адамды, оның үстіне, салт атты әулиені, өмірімде тұңғыш рет көріп тұрмын.


— Мен әулие емеспін, — деді идальго келіспей, — мен керемет күнәкар жанмын, ал сенің, бауырым, ақ жүректігіңнен байқалып тұрғанындай, жақсы адам екеніңде күмән жоқ.


Санчо есегіне қайта мінді, оның әлгі қылығы мырзасының қасіретті көңіл қойнауынан күлкі туындатты, ал дон Дьегоны тағы да таңырқануға мәжбүр етті. Дон Кихот серігінен қанша баласы барын сұрады және сол бойда шын құдайдың кім екенін әлі біле қоймаған ежелгі философтар табиғат тартуы мен Фортуна тартуын, сондай-ақ адамда жақсы дос пен жақсы баланың көп болуын ең ұлы ізгілік деп бағалағанын құлаққағыс етіп қойды.


— Менің, сеньор Дон Кихот, бір-ақ балам бар, — деп жауап қатты идальго, — алайда ондай бала менде болмаса, өзімді бұдан да гөрі бақыттырақ сезінер едім, мұның себебі оның жамандығында да емес, мұның себебі оның өзім ойлағандай онша жақсы болмай тұрғанында. Жасы он сегізде, алты жылын Саламанкада өткізіп, латын және грек тілдерін үйренді. Сөйтіп, енді оның басқа да ғылымдармен шұғылданатын мезгілі жетті ғой деп ұйғарған кезімде, поэзия ғылымымен (егер мұны ғылым деп атауға болса) айналысуға басы-бүтін беріліп кеткені және өзім айрықша армандаған құқықтануға да, күллі ғылымның көкесі — теологияға да өмірін арнауға еш ықыласы жоқтығы белгілі болды. Ол біздің тұқымның бетке ұстарына айналатын шығар деп армандағам, өйткені бүгінгі күні әміршілер ізгі ниетті және жалпыға пайдалы ғалымдыққа мол сый-сияпат жасайды, ал ізгі ниеттен ада ғалымдық та бір, малдың боғында жатқан інжу де бір. Менің баламның құдайдың құтты күні айналысатын ісі: Гомердің Илиадасындағы мына бір өлең жолы тәуір ме әлде нашар ма, Марциалдың бәлен деген эпиграммасы әдепті ме әлде әдепсіз бе, Вергилийдің бәлен деген, түген деген өлеңін олай түсіну керек пе әлде былай түсіну керек пе — міне, осының түбіне жету ғана. Бір сөзбен айтқанда, жаңағы атаған ақындарымның, сондай-ақ Горацийдің, Персийдің, Ювенал мен Тибуллдің туындыларынан басқа ешкіммен тілдеспейді, қазіргі испан ақындарын онша көп ұнатпайды, алайда испан поэзиясымен қаншалықты аз айналысқанымен, қазір ол өзіне Саламанкадан жіберілген төрт жолдық шумаққа глосса құрастырумен басын қатырып жүр, — шамасы, бұл әдеби сайыс үшін қажет дүние болса керек.


Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты:


— Балалар, сеньор, ата-ана құрсағының бір бөлшегі есепті, осы себептен де, оларды жақсы болсын, жаман болсын, тәнімізге өмір беретін жанымыз секілді жақсы көруіміз керек. Ата-ананың парызы — оларды жас кезінен-ақ ізгіліктің, өнегеліліктің және ізгі ниетті христиандық өмірдің жолына салу, сонда ол кейін, кемеліне толғанда, ата-анасының қариялық тірлігінің тірегіне және өз ұрпағының мақтанышына айналады. Оларды белгілі бір ғылыммен шұғылдануға мәжбүр етуді мен парасаттылық санатына қоса алмаймын, — бұл жерде тек көзін жеткізу, сендіру арқылы ғана әрекет ету керек; мектеп шәкіртіне ішер ас жайында қам жеудің қажеті болмаса, — өйткені бұл жайында ол уайым етпейді, тамағын ата-анасы тауып береді, — онда, меніңше, ата-анасының оған ерекше бейімділік танытқан ғылымымен айналысуына да ерік бергені жөн, ал поэзия ғылымынан пайда табудан гөрі жан рақатын табу жағы басым болғанымен, оны зерттеуде тұрған ешқандай әбестік жоқ. Менің ойымша, сеньор идальго, поэзия нәзік те жас, үріп ауызға салғандай сұлу қызға ұқсайды, басқа көптеген қыз, яғни қалған ғылымдардың бәрі, оған тарту-таралғы беріп, оған әшекей тағып, оны әдемілендіре түсуге тырысады, сөйтіп оған бұлардың көрсеткен қызметін пайдалану, ал бұларға — оның атақ-абыройының шуағына шомылу қажет болады. Бірақ, бұл қыз өзіне ожар қылық көрсеткенді, көше аралатып, өзі жайында алаңдарда немесе сарай қалтарыстарында айқай салғанды жаратпайды. Оның айрықша металлдан жасалғаны сонша, оңтайлы пайдалана білген адам оны баға жетпес алтынға айналдыра алады. Бұл адам оны қатаң тәртіпте ұстауы қажет, сөлекет сатиралар мен анайы сонеттер түрінде жүз көрсетуіне жол бермеуге тиіс; батырлар жырын, аянышты трагедиялар мен көңілді де қитұрқы комедияларды ғана болмаса, оны ешқашан сатпау керек. Сайқымазақтардан және бойындағы асыл қазынаның қадірін білмейтін, бағалай алмайтын надан қара тобырдан іргесін аулақ ұстағаны абзал. Құдай ақы, сеньор, қара тобыр дегенде мені қарапайым жұртты, нәсілі нашар адамдарды меңзеп отыр деп ойлап қалмаңыз, — білімсіз дүбәралардың бәрін, мейлі ол сеньор болсын немесе князь болсын, қара тобырлар қатарына қосуға болады және олар солай аталуға тиіс те, ал поэзияға өзім атап көрсеткен негізде қамқорлық жасап, оған ие болған адамға әлемнің күллі жоғары мәдениетті халықтары тарапынан зор құрмет пен қошемет көрсетіледі. Ал енді, сеньор, балаңыздың испан поэзиясына ынтығы бәсең дегенге келсек, менің ойымша, бұл арада ол ағаттық жасап жүрген тәрізді, ал оның себебі мынадай: ұлы Гомер латынша жазған жоқ, өйткені грек болатын, Вергилий де грекше жазған жоқ, өйткені римдік еді. Қысқасын айтқанда, ежелгі ақындардың бәрі де ана сүтімен дарыған тілде жазды, ізгі ойларын жеткізу үшін шет тілдерге жүгінген жоқ, сондықтан неміс ақыны — өз тілінде, ал кастильдік немесе тіпті бискайлық ақын өз тілінде жазғанды ар санамас үшін бұл дәстүрді дүниедегі тәмам жұрттың арасына таратқан жөн болар еді. Дей тұрғанмен, сеньор, балаңыз, меніңше, испанның өз поэзиясынан гөрі, испан тілінен басқа бірде бір тіл мен ғылымды білмейтін ақындарға қарсы секілді: себебі, басқа тілдер мен ғылымдар олардың табиғи дарынына шырай беріп, жігер қосып, одан әрі жетіле түсуіне септік етер еді, деп ойлайды ғой деймін. Алайда, долбарым дұрыс болса, балаңыздың бұл пікірі де қате, өйткені “ақындық — туа бітті қасиет” деген сөздің жаны бар, — ал, мұның өзі — ақындық қасиет дарыған адам анасының құрсағынан жарық дүниеге ақын боп шығады деген сөз және көктегі құдіретті күш дарытқан тек жалғыз осы қабілетімен ғана, басқадай ешбір ілім-білімсіз және басқадай ешбір дағдысыз-ақ est Deus іn nobіs16 деген сөздің дұрыстығын дәлелдеп беретін шығармалар тудырады. Одан соң тағы бір айтарым, тума таланты бар, оған қоса шеберлікті игерген ақын тек жалғыз шеберліктің көмегі арқылы ғана ақын атанбаққа ниеттенген өлеңшіден әлдеқайда тәуір болады және одан көш ілгері алда жүреді, ал мұның себебі өнердің табиғаттан асып түсе алмайтынында жатыр — өнер тек оны жетілдіруге ғана жарайды, ал табиғаттың өнермен, өнердің табиғатпен ұштасуынан мүлтігі жоқ мықты ақын өмірге келеді. Осы айтқанымның бәрінен түюге болатын тұжырым, сеньор идальго, мынадай: балаңыздың бақыт жұлдызы бастаған жаққа сапар шегуіне кедергі келтірмеуіңіз керек, өйткені, егер ол зейінді шәкірт болса және ғылымның алғашқы сатысына, атап айтқанда, тіл сатысына шығып та үлгерсе, ондашы қазір осындай білімге ие болған ол зайырлы ғылымдардың да шыңына өз бетінше өрмелеп шыға алады, ал шынайы дворянға, — кәдімгі плащ киіп, шпага таққан дворянға, — бұл да өте жарасымды, бұл да оның дәрежесін арттырып, митралар — епископтардың, мантиялар — тәжірибелі соттардың абыройы мен әшекейіне қызмет ететіндей міндет арқалайтын болады. Егер балаңыз әлдекімнің ар-намысына тиетін сатира жазумен әуестене бастаса оны ұялтуға тырысыңыз, жазалаңыз, шимай-шатпағын жыртып тастаңыз, бірақ егер онысы Гораций өнегесінде жазылған уағыздық дүние болса, жалпы кінәрат атаулыны Горацийдің шеберлігімен шенеп-мінесе, онда оны мақтаңыз, өйткені ақындар күншілдікке қарсы шығуға, өз өлеңдерінде күншілдерді әшкерелеуге, сондай-ақ басқа да кінәраттарға қарсы тұруға тиіс, бірақ жеке адамдар жайында әңгіме қозғамауы қажет; солайы солай, әйтсе де, әлденендей бір ащы сөзді айтып салудың қызығы үшін Понт аралдарына жер аударылудан тайынбайтын ақындар да бар. Егер ақын өмірде пәк-таза тірлік кешсе, өлеңдерінде де сол қалпында қалады. Қалам — жан-дүниенің тілі: ақын жүрегінде қандай ой-ниет орын тепсе, жазғандарынан да сол көрініс береді; ал егер корольдер мен шонжарлар поэзияның осынау ғанибет ғылымы парасатты, ізгі ниетті және көшелі адамдардың қолында екенін көрсе, олар мұндай ақындарды құрмет тұтады, елеп-ескереді және бұларға сый-сияпат көрсетеді, ешқашан найзағай түспейтін ағаш жапырақтарынан гүлтәж де кигізеді: бұл — маңдайы осындай гүлтәжбен көмкеріліп, ізет көрсетілген ақынды жәбірлеуге ешкімнің қақы жоқ дегеннің белгісі.


Дон Кихоттың пайымдаулары жасыл плащты салт аттыны қайран қалдырғаны сонша, оның ақыл-ой қабілеті жайында қазір мүлдем басқа пікірде болатын. Бұл әңгіме өзін онша көп қызықтырмаған Санчо осы аралықта жолдан шығып әрменіректе қой сауып жатқан бақташылардан сүт сұрамаққа бұрылған, ал Дон Кихоттың парасат-пайымы мен орынды ой-пікіріне тәнті болған идальго әңгімені әрмен жалғауға оқталған, бірақ Дон Кихот кенет басын жоғары көтеріп, алға қарай көз тікті де, жол бойымен өздеріне қарай беттеп келе жатқан, король туларымен безендірілген арбаны көріп қалды, сөйтті де мұны әлденендей бір жаңа шытырман оқиғаға жорып, Санчодан дулығасын сұрап айқайға басты. Аталмыш Санчо өзін шақырып жатқанын естіп, бақташыларды тастай салды да, сұр жорғасын тебініп сол сәтте-ақ мырзасының қасына келіп жетті, ал мырзасы адам айтса сенгісіз бір сұмдық шытырман оқиғаға кез болған-ды.


ХҮІІ тарау


Бұдан Дон Кихоттың құлақ естіп, көз көрмеген батылдығы қандай шекке жете алатындығы мен жеткені көрініс береді, сондай-ақ мұнда арыстандармен арадағы Дон Кихот ақыры ойдағыдай аяқтап шыққан шытырман оқиға жайында әңгімеленеді.


Хикаяда айтылғанындай, Дон Кихот дулығамды әкел деп Санчоға айқайлап жатқан шақта Санчоның бақташылардан сүзбе сатып алып жатқан; мырзасының дігірлеп екі аяғын бір етікке тыққанынан қатты сасқан ол сүзбесін қайда қоярын, не нәрсеге салып апарарын білмей қалды; тастап кетуге көзі қимады, өйткені ақшасы төленіп те қойған, осы жағдайға байланысты ол сүзбені дулығаның ішіне сала салғанды жөн көрді; не қажет боп қалғанын білмекке Дон Кихотқа қарай бет алған кезінде ол оған осындай сыйлық әкеле жатқан, ал анау жақындап келе берген бұған былай деді:


— Достым! Дулығамды бере ғой, — не менің шытырман оқиға дегеннен түк түсінігім жоқ, не әне бір көзге шалынған нәрсе қолыма қару алуға мәжбүр етуге тиіс және мәжбүр ете де бастаған керемет бір шытырман оқиға.


Бұл сөзді естіген жасыл плащты салт атты жан-жағына қаранды, бірақ қарсы келе жатқан, бірнеше шағын ту тігілген арбадан басқа ештеңені көре алмады; аталмыш шағын тулар оны арбамен ұлы мәртебелі ағзамның қазынасын әкеле жатыр-ау деген ойға жетеледі және Дон Кихотқа осылай деп айтты да; Дон Кихот, алайда, оған сенген жоқ, өйткені өзіне ұшырасатын кептің бәрі шытырман оқиға, тек қана шытырман оқиға боп табылады деп білетін және бұл пікірінен еш айнымайтын, сондықтан әлгі идальгоға былай деп жауап берді:


— Кімде кім ұрысқа сақадай сай болса, сол жауын жартылай жеңіп те қояды. Дайын боп тұрғаннан ештеңе ұтылмаймын: көзге көрінетін де, көрінбейтін де жауларым бар екенін өз тәжірибемнен жақсы білем, алайда олардың қашан, қай жерде, қай уақытта және қандай кеспірде тап беретіні маған беймәлім.


Одан соң Санчоға қарап тіл қатып, дулығасын беруін талап етті, бірақ анау сүзбені шығарып алуға үлгермей қалды да, дулығаны сол күйінде бере салуға мәжбүр болды. Дон Кихот дулығаны алып, ішінде бірдеңе жатыр-ау деп ойламастан, жып еткізіп басына кие қойды; ал сүзбе басылып әрі сығымдалып үлгергендіктен сарысуы Дон Кихоттың беті мен сақалын түгел жуып кетті, бұл Дон Кихотты жаман шошытып, былай деді:


— Бұл немене өзі, Санчо? Әлде бас сүйегім жидіп кетті ме, әлде миым еріп кетті ме, әлде қара суға түсіп терлеп кеттім бе, білмеймін. Ал енді шыныммен-ақ терлеп кетсем, онда бұл, әрине, үрейге бой алдырғандықтан емес, солай десем де, өзімді күтіп тұрған шытырман оқиғаның жан түршігерлік екенінде еш күмәнім жоқ. Бетімді сүртетін бірдеңе берші, — тердің шүмектеп ағып тұрғаны сонша, дым ештеңе көрсетер емес.


Мырзасының пәленің қайдан келгенін түсінбей қалғаны үшін құдайға іштей алғыс жаудырған Санчо оған орамал ұсынды. Дон Кихот сүртініп, басы неліктен салқын тартқанын білу үшін дулығасын шешіп алды, одан соң дулыға ішіндегі ақшылтым ботқаны көрген бойда мұрнына тақап иіскеледі де:


— Сеньора Дульсинея Тобосскаяның өмірімен ант етейін, сүзбені мұнда салып қойған сен ғой сатқын, алаяқ әрі көргенсіз атқосшы, — деді.


Еш кінәсі жоқ адамның енжар кейпіне енген Санчо бұған былай деп жауап қатты:


— Егер ол сүзбе болса, маған бере қойыңызшы оны, тақсыр, жеп алайын... Жоға, оны жесе шайтанның өзі жесін, — өйткені, оны сонда салып жүрген сол ғой. Ойбай-ау, дулығаңызды былғауға дәтім қалай барады менің? Тапқан екенсіз көзсіз батырды. Ақ-адал шынымды айтайын сізге, сеньор, жаратқанның өзі жарылқап берген жартыкеш ақылыммен аңғарғаным: менің де, шамасы, анау әлгі сиқыршыларым бар-ау деймін және өзіңізге көлеңкеңіздей ұқсас һәм аузыңыздан түсе қалғандай адам болуым себепті менің де қыр соңымнан қалмай жүргендері анық, міне солар жыныңызға тию үшін және әдетке айналған дағдыңызша мені сойып салуға мәжбүр ету үшін мына қоқыр-соқырды сонда сұға салған ғой. Алайда олар бұ жолы, шын сөзім, оңбай қателесті: мен мырзамның парасат-пайымына сенем, — менде сүзбе де, сүт те, басқа да ондайға ұқсас ештеңе жоқ екенін қожайыным жақсы біледі, ал егер менде ондай бірдеңе бола қалса, онда оған дулығаңыздан гөрі алдымен өз құрсағымнан орын тауып бермеймін бе.


— Дұрыс айтасың, — деп қоштады оны Дон Кихот.


Идальго мұның бәрін қас қақпай қадағалап, бәріне таңырқанумен болды, әсіресе Дон Кихоттың басын, бетін, сақалын сүртініп, дулығасын да сүртіп басына киіп, үзеңгіге шіреніп тұрған қалпы семсерін қарап шығып, найзасын қолына алғаннан кейін:


— Ал енді не болса да көріп алайын, — тіпті шайтанның өзімен шайқасудан да тайынбан, — деген сөзі оны тіптен қайран қалдырды.


Бұл екі аралықта ту тіккен арба жақын келіп те қалған; сол жерде мәлім болғанындай, қашырдың біріне мінген ат айдаушы мен арбаның алдыңғы жағына жайғасқан тағы бір адамнан басқа нөкері жоқ екен. Дон Кихот ілгері озып шықты да, былай деді:


— Қайда жол тарттыңдар, бауырлар? Бұл неғылған арба, не әкеле жатырсыңдар, мынау неғылған жалаулар?


Ат айдаушы оған былай деп жауап қатты:


— Арба менікі, екі қаһарлы арыстан қамалған тор әкеле жатырмын, бұларды Оран губернаторы ұлы мәртебелі ағзамға тарту ретінде сарайға жіберіп отыр, ал тулар болса — король әміршіміздің өзінікі, соның дүние-мүлкін әкеле жатқанымыздың белгісі.


— Ал, арыстандар қандай, ірі ме? — деп сұрады Дон Кихот.


— Ірілігі сонша, — деп жауап қатты арбаның алдыңғы жағында отырған адам, — бұлардан ірісі, оны айтпағанда, осылар секілдісінің өзі Африкадан Испанияға ешқашан әкелінген жоқ. Мен арыстандардың күзетшісімін, бұл ғұмырымда талай-талай арыстанды жеткіздім, бірақ мыналар сияқтыны ешқашан әкелген емеспін. Бұлардың бірі — еркек, екіншісі — ұрғашы, еркегі — алдыңғы торда, қаншыры — артқы торда, қазір олар аш, таңертеңнен бері нәр татқан жоқ, сол себепті, тілеуіңіз болғыр, бізді өткізіп жіберіңіз, тезірек бір елді мекенге жетіп, бұларды тамақтандыруымыз керек боп тұр.


Дон Кихот болмашы ғана мырс етті де, оған былай деп жауап берді:


— Ау, маған қарсы арыстанның күшіктерін аттандырған ба, сонда? Енді маған арыстанның күшіктерін жіберген бе? Құдайдың алдында тұрғандай боп айтайын, бұларды мұнда жолдаған сеньорлар көреді қазір, менің арыстандардан қорқа қоятын адам еместігімді! Қане, түсе ғой арбадан, туысқан және, егер күзетші болсаң, торларды аш та, аңдарды босат, — бұларды маған айдап салған сиқыршыларға қасақана әрі әдейі Ламанчалық Дон Кихот дегеннің кім екенін танытып берейін қазір.


“Еһе-һе! — деді іштей идальго. — Айбынды рыцарымыз ақыры көрсетті өзін: әлгі сүзбеден бас сүйегі жидіп, миы ашып кеткен болды”.


Осы арада оның қасына Санчо жақындап:


— Сеньор! Құдай ақы, өтінем, қожайыным Дон Кихоттың арыстандарға тиіспеуінің бір амалын табыңызшы, егер ол арыстандарға тиісер болса, олар біздің түте-түтемізді шығарады ғой, — деді.


— Апырай, мынадай жыртқыш аңдарға тиіседі-ау деп ойлайтыныңдай және қауіптенетініңдей қожайының соншалықты кеңкелес пе еді? — деп сұрады идальго.


— Ол кеңкелес емес, ол — керемет тәуекелшіл, — деп жауап қатты Санчо.


— Ендеше оның тәуекелшілдігі түкке аспай қалатындай бір амал жасармын, — деп уәде етті идальго.


Соны айтып, торларды ашуды талап етіп күзетшінің жанын қуырып жатқан Дон Кихоттың қасына келіп, былай деді:


— Сеньор кавальеро! Кезбе рыцарьларға, мен білсем, зәредей үмітке орын қалдырмайтын шытырман оқиғаларды емес, ойдағыдай аяқталарынан үмітті оқиғаларды іздеген лайық, өйткені есерлікке тең ерліктен табандылықтан гөрі топастық басым көрініс береді. Басқасының бәрін былай қойғанда, арыстандар сізге шабуыл жасағалы жатқан жоқ: бұлар ұлы мәртебелі ағзамға сыйлыққа жіберілген, сондықтан бұларды кідіртуге де, жолын бөгеуге де болмайды.


— Мұны сіз, сеньор идальго, қолға үйренген құрыңыз бен шақар күзеніңізге барып айтыңыз, басқа біреудің шаруасына араласпаңыз. Бұл менің шаруам, мына арыстандарды маған айдап салды ма, жоқ па, оны өзім ғана білем, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


Одан соң іле-шала күзетшіге қарап былай деп айқайлап жіберді:


— Әй, сен, пәлен-пәштуан, жексұрынның жексұрыны! Осы қазір торларды ашпасаң, мына найзамен сені арбаға түйреп қоям!


Қару-жарақ асынған сүмелектің алған бетінен қайтпайтынын көрген арбакеш былай деп тіл қатты:


— Мархабатты мырзам! Рақымшылық білдіріп, аяушылық жасаңыз маған, қашырларымды туарып, қауіпсіз жерге алып кеткенше арыстандарды шығармай тұра тұруға әмір етіңіз, әйтпесе арыстандар бұларды жарып тастайды, ондай жағдайда маған өмір бойы өксіп өтуге тура келеді: өйткені бар байлығым осы қашырлар мен осы арба ғана.


— Өй, сорқайнаған! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Түс қане, туар қашырларыңды, жалпы, неғылсаң о қыл, — бекерге әуреленгеніңе және текке арамтер болғаныңа қазір-ақ көзің жетеді.


Арбакеш атынан түсті де, ылдым-жылдым қимылдап қашырларын туарып тастады, ал күзетші сол арада қатты дауыстап былай деп сөйлеп кетті:


— Осы арада тұрғандардың бәрін куәлікке шақырам: еркімнен тыс түрде және күштеу бойынша торларды ашып, арыстандарды босатып жатырмын және мына сеньорға алдын-ала ескертем: жыртқыштардан келетін барлық зиян мен залалға өзі жауап береді, оған қоса жалақымды және басқа да қосымша ақымды да өзі қайтарады. Ал, сіздер, сеньорлар, тордың есігін ашқанымша қашып үлгеретін болыңыздар, өзіме келсем, аңдар маған тимейді ғой деп сенем.


Идальго Дон Кихотты мына секілді есалаңдықтан айныту әрекетіне қайта кірісті: мұндай есерлікке салыну — құдайдың шыдамына шәк келтіру боп табылады, деді. Дон Кихот болса, оған не істеу керегін өзі білетінін ескертті. Идальго Дон Кихотқа жақсылап ойлануға кеңес берді, өйткені өзінің бүткіл түсінік-ұғымынша, Дон Кихоттың қателесіп тұрғанын айтты.


— Әңгіме былай, сеньор, — деп мәлім етті Дон Кихот, — егер мына, сіздің ойыңызша, трагедияның көрермені болғыңыз келмесе, онда биеңіздің бүйіріне шпор қадаңыз да, бас сауғалап қашып беріңіз.


Сол арада Санчо да Дон Кихотқа көзіне жас ала жалбарынып, бұл әрекетінен бас тартуын сұрады, мұнымен салыстырғанда жел диірмендерімен болған жағдай да, шұға шығаратын шеберханаға қатысты шытырман оқиға да, сондай-ақ өзі өз болғалы жасаған тәмам ерлігі де баланың ойынындай екенін құлаққағыс етті.


— Ойлап көріңізші, сеньор, — деді Санчо, — бұл жерде ешқандай сиқыршылық та, оған ұқсас басқа бірдеңе де жоқ, тордың көзінен мен нағыз арыстанның тырнағын көрдім, соған қарадым да, егер мына арыстанның тырнағы осындай болса, өзі таудан бір де кем болмас деп түйдім.


— Зәрең қалмай тұрғандықтан, саған ол жарты әлемдей боп та көрінуі мүмкін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Аулақ кет, Санчо, мазамды алма. Егер қаза табар болсам, бұрынғы шартымызды білесің: дереу Дульсинеяға аттан, қалғаны өз-өзінен реттеле жатады.


Бұл сөзге Дон Кихоттың басқа да көптеген жайды қосақтағаны сонша, сол арада тұрғандардың оны осынау оғаш әрекетінен айнытамыз ба деген бар үмітін қасым қылды. Жасыл плащты салт атты онымен ұстаса кетуден қашпас еді, бірақ Дон Кихоттың жақсырақ қаруланғанын көріп тұрғандықтан есуаспен байланысуды ессіздік деп білді, ал оның есуас екеніне енді ешқандай күдігі қалмаған; қысқасын айтқанда, Дон Кихот күзетшіге қайтадан қоқан-лоқы жасауға кіріскен кезде идальго өзінің биесіне, Санчо — сұр жорғасына, арбакеш — қашырларына шпор қадады, сөйтіп барлығы да арыстандар қапастан шығып үлгергенше арбадан мүмкін болғанынша жырақ кетуге жанталасты. Санчо мырзасының ажалына алдын-ала жоқтау айтумен болды, өйткені арыстанның тырнағынан жан тәсілім ететініне бұл жолы еш күмәні болмаған; сондай-ақ, тағдыр-талайына және Дон Кихотқа қызметке қайта кіру жөнінде ұйғарым жасаған күніне қарғыс айтты; сонымен қабат, арбадан алысырақ кету үшін сұр жорғасын шықпыртып қоюды да естен шығарған жоқ. Сөйтіп, ақыры қашқындардың жыраққа жылыстап кеткеніне көзі жеткен кезде күзетші Дон Кихотқа соның алдында ғана жалынып-жалбарынғанынан аудыртпай қайтадан жалынып-жалбарына бастады, бірақ Дон Кихот оған бұл әңгімені естігенін, енді күзетшінің өтініш білдіріп, жалбарынып босқа әуреге түспеуі керегін, өйткені бұдан ештеңе шықпайтынын, одан да тезірек іске кіріскені жөн болатынын мәлім етті. Күзетші бірінші тормен әуре боп жатқан кезде Дон Кихот айқасты жаяу ма әлде ат үстінде ме — қалай жүргізгені жөн екенін ойластыра бастады, ойлана келіп, ақыры — жаяу шайқасқаны жөн деп тапты, өйткені арыстандардың Росинантты үркітіп жіберуі мүмкін еді. Сол үшін атынан секіріп түсті де, найзасын жерге тастап, қалқанын қолына алып, семсерін жалаңаштап, таңғаларлық жүректілік пен батылдық көрсетіп, адымын мейлінше нық басып арбаға қарай жүрді, жолшыбай өзін әуелі құдайға, одан соң аяулы ханымы Дульсинеяға тапсырумен болды. Осынау шыншыл туынды авторының осы араға келгенде былай деп күпсінетінін айта кеткен артық емес: “Беу, құдіретті һәм мақтау жетпес жаужүрек Ламанчалық Дон Кихот, жер бетіндегі күллі көкжалдың өз ажарын табар айнасы, жаңа, екінші Арыстан жүректі дон Мануэль, испан рыцарьларының қуанышы мен мақтанышы! Осынау жойқын ерлікті сипаттап бере алатын сөзді қайдан табар екем мен, кейінгі ұрпақтар айтқаныма илануы үшін қандай сөз орамдарын пайдалансам болар екен? Мейлі, тіпті әсірелеудің әсірелеуіндей болған күннің өзінде де, саған жараспайтын, саған үйлеспейтін мақтау мен мадақ бар ма екен? Жаяу, жалғыз, жаужүрек, кеңпейіл, бір ғана семсермен, — оның өзі де онша өткір емес әрі “күшігі” де жоқ, — қолыңда қалқаның, — оның өзі де жарқырап, жалтылдап тұрған болаттан емес, — сен Африканың қорыс пен жықпылы дүниеге келтірген жыртқыштар ішіндегі ең айбарлы екі арыстан тордан қашан шығар екен деп күтіп, көз алмай қарап тұрсың. Жоқ, өз қарекетің ғана даңқыңды асырсын сенің, айбынды ламанчалық, ал мен тек сол қарекетіңді баяндап берумен ғана шектелейін, өйткені оны дәріптеуге жетерлік сөзім тапшы”.


Автордың жоғарыда келтірілген күпсінуі осымен тәмамдалады, сөйтіп хикаяның үзілуге шақ қалған жібін қайта жалғап, әңгімесін әрмен жалғастырады: Дон Кихоттың дайын тұрғанын және қыңыр да қиямпұрыс кавальероның қатты ашуынан зардап шеккісі келмесе арыстанды босатып жіберуден басқа амалы жоқтығын көрген күзетші бірінші тордың есігін айқара ашып жіберді, ал онда, қайталап айтамыз, енді ғана аян болғанындай, шынымен аса ірі — таңғаларлық әрі жан шошырлық арыстан жатыр еді. Арыстан әуелі тордың ішкі жағына қарай басын бұрды, одан соң аяғын созып жіберіп, көсіле бір керілді, сосын аузын аңқита ашып рақаттана есінеп алды да, ұзындығы қос сүйемдей боп қалатын тілімен көзінің былшығын тазартып, тұмсығын жаланды; бұдан кейін тордан басын шығарып, шоқтай жанған көзімен айнала-маңды шолды; бұл кездегі оның түр-тұрпаты мен қимыл-қозғалысы батырлардың батырының да иманын ұшырарлықтай еді. Дон Кихот, алайда, оған қас қақпай қарап тұрды, — ол арыстанның арбадан секіріп түсіп өзімен қоян-қолтық ұрыс бастайтын шағын, оны пәрша-пәрша ғып кескілеп тастайтын кезді шыдамсыздана тосып тұр еді.


Оның бұрын-соңды ешкім естімеген нақұрыстығының жеткен жерін көрмеймісіз. Алайда содырлығынан сыпайылығы басым текті арыстан, әлгінде айтылғандай, айнала-төңіректі бір шолып өтті де, Дон Кихоттың балаға тән шалалығы мен батылдығына зәредей мән бермеген күйі теріс айналды, сөйтіп Дон Кихотқа артын берген қалпы аса бір ұстамдылықпен және аспай-саспай тор ішіне қайтадан ұзынынан сұлап жата кетті; сол арада Дон Кихот өшіктіріп, тордан айдап шығу үшін күзетшіге арыстанды ұруға әмір етті.


— Жоқ, мен оны ұра алмаймын, — деп қарсылық білдірді күзетші, — егер оны өшіктірсем, ол ең алдымен өзімнің түте-түтемді шығарады. Сіз, сеньор кавальеро, осы істегендеріңізді қанағат тұтыңыз, өйткені көзсіз батыр екеніңізді көрсету үшін бұдан артықтың керегі де жоқ, ал тағдырды екі мәрте талқыға салуға болмайды. Арыстан торындағы есік ашық тұр: шыға ма, шықпай ма — ерік өзінде, бірақ егер әліге дейін шықпаса, ондашы кешке дейін шықпайтын болғаны. Рухыңыздың мықтылығын дәлелдеп те үлгердіңіз, — ең жүректі деген сайыскердің өзіне қойылар талап, өз түсінігімше, дұшпанын жекпе-жекке шақыру және оның айқас алаңына келуін күту ғана, егер қастасқан адамы келмей қойса, онда соның абыройы төгіледі, жеңістің гүлтәжі оны күтіп тұрған адамға беріледі.


— Дұрыс айтасың, — деді Дон Кихот. — Жаба сал, туысқан, есікті, сосын осы арада, көз алдыңда болған жайлардың бәріне ағыңнан жарылып куәлік ет, атап айтқанда: арыстанға есікті қалай ашқаныңды, оны менің қалай күткенімді, ал оның шықпай қойғанын, менің оны тағы да қалай күтіп тұрғанымды, ал оның тағы да шықпай қойғанын және жатып қалғанын, бәрін айт. Менің парызым орындалды, жоғалыңдар, арбаушылық айла-амалдар, ақыл-ойға, ақиқатқа және шынайы рыцарьлыққа жаратқан иеміздің өзі жар болсын; ал сен, қайталап айтам, торды жап, ал сол аралықта мен ерлігім жайлы өз аузыңнан естуі үшін қашып кеткендер мен қатыспай қалғандарды белгі беріп шақырайын.


Күзетші оның айтқанын бұлжытпай орындады, ал Дон Кихот сүзбе жаңбырынан кейін бетін сүрткен орамалын найзаның ұшына іліп қашқындарды шақыруға кірісті, ал олар болса, идальгоның бастауымен әліге дейін құйғыта шауып, деміл-деміл арт жақтарына жалтақтай қарап бара жатқан болатын; Дон Кихоттың ақ орамал бұлғап тұрғанын көріп қалған Санчо:


— Қожайыным ана жабайы аңдарды жайратып салмаса — атым өшсін, өйткені ол бізді шақырып жатыр ғой, — деді.


Бәрі тоқтап, белгі беріп тұрған басқа ешкім емес, Дон Кихоттың тап өзі екеніне көз жеткізді; соны көріп көңілі сабасына түскен олар ақырын аяңмен кейін қайтты, ұзамай Дон Кихоттың өздерін шақырған айқайы анық естіле бастады. Ақыр соңында олар арбаға таяп келді, сол кезде Дон Кихот арбакешке былай деді:


— Жек қашырларыңды, бауырым, сосын аттана бер; ал сен, Санчо, оған екі алтын теңге бер, біреуін — өзі, екіншісін — күзетші алсын, жолдан қалдырғанымның өтемі болсын.


— Қуана-қуана берем ғой оны бұларға, — деді Санчо, — бірақ ана арыстандар қайтті? Тірі ме олар әлде өлі ме?


Сол арада күзетші айқастың қалай аяқталғанын бүге-шігесін қалдырмай және мейлінше мәнерлеп айтып берді, Дон Кихоттың ерен ерлігін шама-шарқы жеткенше әсірелеп бақты: оған көзі түскен бетте-ақ арыстанның мысы басылып қалғанын, сөйтіп, есігі ұзақ уақыт ашық тұрғанына қарамай, тордан шықпағанын және шығуға тәуекел етпей қойғанын, тек өзінің, күзетшінің, мына кавальероға арыстанды өшіктіріп, тордан күштеп шығару, — ал кавальероның арыстанды өшіктіруге көңілі кетті емес пе, — құдайдың шыдамына шәк келтіру болады деген сөзінен кейін ғана оның амалы таусылып, лажсыздан тордың аузын жабуға рұқсат еткенін баяндап берді.


— Ал сен не айтасың бұған, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот. — Нағыз қаһармандыққа қарсы тұра алатын қандай сиқыршылық бар? Сиқыршылар мені сәтсіздікке ұшыратса ұшыратар, бірақ табандылығым мен батылдығыма билік жүргізе алмайды.


Санчо ақшаны берді, арбакеш қашырларын жекті, ал күзетші жасаған жақсылығы үшін Дон Кихотты қолынан сүйді және осынау керемет ерлік жайында астанаға барған соң корольдің өзіне айтып беруге уәде етті.


— Әгәрәки ұлы мәртебелі ағзам бұл ерлікті кім жасады деп сұраса, Арыстан Рыцары деп айтарсыз, өйткені бұрынғы Қайғылы Бейне Рыцары дейтін лақап атымды осылай ауыстырғанды, өзгерткенді, алмастырғанды, жаңартқанды қалап тұрмын, бұл жерде мен кезбе рыцарьлардың көңілі соққанда жә болмаса осылай етуге өзінен-өзі сұранғанда басқа есім алатын ежелгі дәстүрін ұстанып тұрмын.


Арба өз жолымен, ал Дон Кихот, Санчо мен жасыл плащты салт атты өз жолымен сапарын жалғады.


Осы уақыт ішінде Дьего де Миранда жұмған аузын ашқан жоқ, ол тек ықылас қоя тыңдаумен ғана және Дон Кихоттың нендей әрекет жасап, не жөнінде айтып жатқанын қадағалаумен ғана болды, мұның бәрі оған есуастың есті ісіндей немесе естілікке айнала бастаған есуастықтай боп көрінді. Дон Кихот хикаясының бірінші бөлімі оның қолына әлі түспеген; оны оқыса Дон Кихоттың сөзі мен іс-әрекетіне таңырқанғанды қояр еді — өйткені, Дон Кихоттың ақыл-есті жоғалтудың қандай түріне шалдыққанын білер еді, бірақ ол бұдан бейхабар-тұғын, осы ахуалға байланысты ол мұны біресе дені сау адамға, біресе нақұрысқа балаумен болды, себебі Дон Кихот қисынды, шешен және көкейге қонатындай етіп сөйлейтін, ал іс-әрекеті бұған керісінше: ерсі, келіссіз және парықсыз еді. Осыған қарап идальго өз-өзімен былай деп сөйлесіп кетті: “Ішінде сүзбесі бар дулығаны басына киіп алып, көз байлаушылар миымды ерітіп жіберді деп бағамдау — есуастықтың ең асқынған түрі емей немене? Одан соң, қайткен күнде де арыстандармен айқаспай қоймаймын деп құлшынудан асқан есалаңдық бола ма?” Дон Кихот оның ой-толғамы мен өзімен өзі жүргізген сұқбатын бөліп жіберді:


— Мейірбанды мырза, дон Дьего де Миранда, шынымен-ақ мені пәтуасыз да есерсоқ біреуге балап келе жатырсыз-ау деймін, ә? Алайда, бұған таңғалатын да ештеңе жоқ, өйткені іс-әрекетім осылай жобалауға негіз боп тұрады. Сөйткен күннің өзінде де, бір қарағанда жартыкеш, жарымес адам секілді көрінуім мүмкін болғанымен, шын мәнінде ондай еместігімді мойындағаныңызды қалар едім. Далиған кең аренада, корольдің көз алдында, ер жүрек рыцарьдың құтырына ұмтылған бұқаға тырапай асатын соққы бергенін тамашалау ғанибет; жарқыраған сауыт-сайман киген рыцарьдың көңілді жарыс өтетін орынға қарай ханымдардың көз алдында салтанатпен кетіп бара жатқанын тамашалау да ғанибет; сондай-ақ, әскери және сол секілді басқа да жаттығулармен әміршісі мен сарай адамдарының көңілін көтеріп, оларды қызыққа батыратын, былайша айтқанда, әміршісінің абыройына қызмет ететін рыцарьларды тамашалау өз алдына бір ғанибет, алайда бұлардың бәрінен де шөл-шөлейттерден, қорыс пен жыныстардан, жол тораптарынан, таулар мен ормандардан — барлық жерден ойдағыдай аяқталар-ау деген үмітпен аса қатерлі шытырман оқиға іздейтін кезбе рыцарь жоғары тұрады, сондағы олардың көздейтін жалғыз-ақ мақсаты — мәңгі өшпейтін де көшпейтін зор даңққа ие болу ғана. Қайталап айтам: әлдебір құла түзде жесірге қол ұшын берген кезбе рыцарь қалалық бикешке қамқорлық жасайтын сарай маңындағы рыцарьдан артық. Әр рыцарьдың өз міндеті бар: сарай рыцары, айталық, ханымдарға қызмет етсін, сәнді киімімен өз королі сарайының салтанатын асырсын, жоқ-жұқа рыцарьларға ең тәуір тағамдардан қонақасы берсін, сайыстар ұйымдастырсын, турнирлер өткізсін, кеңпейілділік пен жомарттық танытсын, өз бітім-болмысындағы күллі жақсы қабілетімен көзге түссін, ал ең бастысы, ізгі ниетті христиан болсын, міне сонда ғана ол өзіне тиісті парызды орындайды; ал кезбе рыцарьға келсек, ол жер-әлемнің адам аяғы баспаған өңірлерін шарласын, ит тұмсығы өтпейтін ну жыныстарда адассын, ерліктің асқан үлгісін көрсетсін, құла түзде, жаздың ортасында, күннің ми қайнар ыстығына күйсін, қыста — дүлей боран мен түкірік жерге түспейтін аязда тоңсын; арыстандардан да ол қорықпасын, құбыжықтардан да шошымасын, андриактардан да жасқанбасын, өйткені оның ең басты да бірегей міндеті — біріншілерін аулауы керек, екіншілеріне шабуыл жасап, түгел көзін құртуы керек. Кезбе рыцарьлық қатарына өту бұйырғандықтан, мен де, ұғым-түсінігіме орай, өзіме міндет саналатын істерді атқармай тұра алмаймын, әлгінде өзім айқаспақ болған арыстандарға шабуыл жасауды тікелей борышым санауымның сыры да, міне, осында; әрине, мұның ерен есерлік екенін де білмей қалғам жоқ, өйткені батырлық дегеннің не екені маған жақсы мәлім, анығырақ айтқанда, бұл — қорқақтық пен есерлік секілді қос шетін кінәраттың екі ортасындағы ізгілік боп табылады. Дей тұрғанмен, егер ержүрек жігері тасып есерлік деңгейіне дейін көтерілсе, бұдан келетін залал оның жігері жасып қорқақтық деңгейіне дейін құлдырағанынан әлдеқайда аз болады, сол сияқты дүниеқоңыздан гөрі ысырапқордың шүлеңгірге айналуы қаншалықты оңай болса, қорқақтың шын батырға айналғанынан гөрі, есердің шын батырға айналуы да соншалықты оңай болады. Сөзімнің түк жалғаны жоқ, сеньор Диего: әңгіме шытырман оқиғаға қатысты болған жағдайда кем сілтегеннен артық сілтеген жақсы, себебі “Бәлен деген рыцарь қоянжүрек, қорқақ” дегеннен, “Түген деген рыцарь есер, өжет” деген сөз әлдеқайда тәуір.


— Мойындамасқа лажым жоқ, сеньор Дон Кихот, — деп сөйлеп кетті дон Дьего, — барлық сөзіңіз бен іс-әрекетіңіз ақыл-ойдың таразысына тартылып шыққандай-ақ, оған қоса, менің ойымша, кезбе рыцарьлықтың ережелері мен заңдары аяқ асты жойылып кеткен күнде де, оны сіздің бейне бір осы үшін әдейі жасалған қойма мен мұрағат іспетті жүрегіңізден іздеп тауып алуға болар еді. Ал қазір жүрісімізді ширата түселік, кештете бастады ғой, тура тартып менің қожалығыма барайық, менің үйімде сіз тән қуаты болмаса да жан қуаты шығындарынан кейін жақсылап демаласыз, ал мұндай қуатты шығындаудың кейде тәнді қалжыратып тастайтыны да бар.


— Бұл ұсынысыңызды, сеньор дон Диего, өзіме көрсетілген ерекше мейірімділік пен зор құрмет деп білем, — деп жауап қатты Дон Кихот.


Олар аттарын тебініп, жүрісті үдетті де, түс ауа сағат екілерде дон Дьегоның қожалығына келіп жетті; айта кетерлігі, Дон Кихот оны Жасыл Плащ Рыцары атандырып та үлгерген болатын.


ХҮІІІ тарау


Қамал-сарайда, яғни Жасыл Плащ Рыцарының үйінде, Дон Кихоттың қандай кепке тап болғаны жайында, сондай-ақ басқа да таңғаларлық оқиғалар жөнінде Дон Кихот түскен Дьего де Миранданың үйі деревнялық мекен-жай дәрежесіне сай онша үлкен емес-ті; алайда қарабайыр тастан болғанымен, бәрібір, қақпаның үстіңгі жағынан герб шекіліп қойыпты, ауладан қамба көзге шалынады, нақ кіре берісте шарап жер қоймасы бар екен, оның айнала-маңы топырлаған бөшкеден көрінбейді, Тобосодан әкелінгендіктен бұлар жадыланған әрі ауыстырылып жіберілген Дульсинеяны Дон Кихоттың есіне салды да, қайда тұрғаны және не айтып тұрғаны жайында ойланып жатпаған ол ауыр күрсініп, былай деді:


— Қайғымен тапқан, беу, шырын қазына!


Бір кезде қандай қуаныш болып ең маған!


Беу, тобосолық бөшкелер! Сендер шетсіз де шексіз шер-қайғымның шырын қазынасын қаперімде қайта жаңғырттыңдар ғой!


Бұл сөздерді дон Дьегоның баласы ақын-студент естіп қалды, — шешесімен бірге Дон Кихотты қарсы алуға шыққан еді: қонақтың алабөтен түр-пішінін көріп екеуі де аң-таң болды; Росинанттан түсе сала Дон Кихот аса бір ізеттілік көрсетіп, қолынан сүю үшін бибіге қарай беттеген, сол арада дон Дьего былай деді:


— Алдыңызда тұрған Ламанчалық Дон Кихотқа өзіңізге тән қонақжайлықты барынша көрсетіп бағыңыз, сеньора; бұл күллі әлемдегі рыцарьлар ішіндегі ең ержүрек және ең білімдар кезбе рыцарь.


Донья Кристина есімді сеньора Дон Кихотты ерекше жылы шыраймен және меймандостықпен қарсы алды, Дон Кихот оған айрықша ажарлы сөз орамдарымен мейлінше жарасымды жауап қайтарды. Ол студентпен де дәл осыған жетеғабыл дәрежеде сыпайы сәлемдесті, ал Дон Кихоттың лебізін тыңдаған анау мұны сарабдал да сұңғыла адам екен деген байламға келді.


Осы арада автор дон Дьегоның үйін егжей-тегжейлі суреттейді, дәулетті жер иеленуші дворянның үйі әдетте немен толы болатынының бәрін сипаттап шығады, алайда хикаяның тәржімашысы мұны және басқа да уақ-түйекті аудармай тастап кеткенді мақұл көрді, өйткені басты тақырыпқа бұлардың мүлдем қатысы жоқ-ты, ақиқатына келгенде, хикаяның қадір-қасиеті көр-жерді жіпке тізуде емес, оның шыншылдығында ғой.


Дон Кихотты арнайы бөлмеге өткізді, Санчо оның сауыт-сайманын шешті, сөйтіп Дон Кихоттың үстінде тек шаровары мен түйе жүнінен тоқылған, сауыт-сайманнан жұққан кірден теңбіл-теңбіл боп кеткен, камзолы ғана қалды; бүрмелі жағасы студенттікіндей болатын: крахмалданбағаны өз алдына, шілтермен де әдіптелмеген-ді; қысқа қонышты сары етігінің сыртынан ол балауыздалған кебіс киді. Беліне өзінің байырғы семсерін байлады, онысы итбалық терісінен жасалған таңғышқа бекітілген болатын (жұрттың айтуынша, Дон Кихот көп жыл бүйрек ауруынан тақсірет тартыпты), одан соң иығына сапалы сұр шұғадан тігілген жамылғысын ілді; алайда, бәрінен бұрын ол басы мен бетін бес пе, алты ма шелек (шелектің саны жөнінде куәлік етушілер пікірі әрқилы) сумен шайды, бірақ тіпті соңғы шайындысының өзі сарысудың түсін тапты, ал мұның бәрі тәттіқұмар Санчоның сол бір құрып кеткір сүзбені, — ол мырзасының басын аппақ қардай етіп жіберген еді ғой, — сатып алғанының қырсығы болатын. Сөйтіп, үстіне жоғарыда айтылған киімдерін киген, адуынды да айбарлы кейіпке енген Дон Кихот келесі бөлмеге өтті, дастарқан дайын болғанша әңгімемен алдарқата тұрмақ боп мұнда оны студент тосып отыр еді; айта кеткен артық етпес, сеньора донья Кристина мынадай ізгі ниетті адамға өзінің бір кісідей қонақ күте алатынын көрсетпек ойда болатын.


Осы екі арада, Дон Кихоттың сауыт-сайманын шешіп жатқан кезде, дон Лоренсо (дон Дьегоның баласын осылай атайтын) оңтайын тауып, әкесінен:


— Құдай ақы, айтыңызшы, үйге алып келген мына кавальероңыз кім өзі? Шешем екеуімізді есімі де, кескін-кейпі де, сосын өзін кезбе рыцарьмын деп атайтыны да, бәрі де қайран қалдырып тұр, — деп сұраған.


— Бұл сұрағыңа қандай жауап қайтарарымды білмей тұрмын, балам, — деген дон Дьего. — Айтарым біреу ғана: көз алдымда істеген ісі дүниедегі ең дүлей делқұлының ғана қолынан келетін нәрседей көрінеді, ал аузынан шыққан әңгімелері парасат-парқы айрықша мол адамның сөзіндей естіледі, осы себепті әлгіндей істерін жуып-шайып, түкке алғысыз етіп тастайды. Өзің сөйлесіп көр, білім-танымын тексер, саналы адамсың, ақыл-есі орнында ма әлде ауыш па, әділ бағасын бер, ал өз басым оны, ашығын айтсам, қалыпты адам деуден гөрі шалықты адам деуге бейілмін.


Бұдан соң дон Лоренсо, ілгеріде айтылғандай, Дон Кихотты алдандыруға асықты, ал екеуара әңгіме кезінде Дон Кихот дон Лоренсоға сөз арасында былай деді:


— Әкеңіз сеньор дон Дьего де Мирандадан сирек кездесетін қабілетіңіз бен әр-алуан дарыныңыз жайында, соның ішінде әсіресе жақсы ақын екендігіңіз жөнінде құлағдар болғам.


— Ақын болуым әбден мүмкін, — деп жауап қатты дон Лоренсо, — бірақ, мені жақсы ақын деудің еш қисыны жоқ. Поэзияға ықыласымның бары рас, жақсы ақындарды оқығанды ұнататыным рас, алайда мұның бәрі әкем айтқандай мені жақсы ақын деп тануға аздық етеді.


— Қарапайымдылығыңыз маған ұнап тұр, — деді Дон Кихот, — әдетте ақындар менмен келеді, бұ дүниеде өздерінен басқа мықты ешкім жоқ деп ойлайды.


— Ескертусіз ереже жоқ, — деп құлаққағыс етті дон Лоренсо. — Шын жақсы ақындар бар, бірақ олар өздерін ондай деп ойламайды.


— Мұндайлар аз, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Айтыңызшы, қазіргі жазып жатқан өлеңіңіз не жайында? Әкеңіз маған бұған қатты алаң боп, мазаңыз кетіп жүргенін айтқан. Егер — глосса болса, онда бұл турасында азды-кем хабарым бар, өзіңізді қуана-қуана тыңдаған болар ем; ал егер әдеби сайысқа дайындалып жатсаңыз, онда екінші сыйлыққа ілігуге тырысқаныңыз жөн, өйткені бірінші сыйлық қашанда ықпалды немесе жоғары қызметтегі адамдарға беріледі, ал екінші сыйлық әрдайым әділдікпен тағайындалады, — осылайша, үшінші сыйлық екіншіге, ал екінші сыйлық болса, әлгі айтылған пікірге сай, біріншіге айналады — университеттердегі ғылыми дәрежелерге айна-қатесіз ұқсас. Алайда, соған қарамастан, бірінші атану қақына ие болуға ештеңе жетпейді.


“Әзірше бұл кісі маған ауыш секілді көрініп отырған жоқ, кейін қалай боларын көре жатармыз”, деп ойлады дон Лоренсо.


Ал, дауыстап былай деді:


— Меніңше, сіз жоғары оқу орнында болған сияқтысыз. Қандай ғылымды зерделедіңіз?


— Кезбе рыцарьлық ғылымын, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ол да поэзия ғылымы сияқты тамаша ғылым, тіпті одан сәл-пәл тәуірлеу.


— Мұның неғылған ғылым екенін білмеймін, — деді дон Лоренсо, — ол жайында осы күнге шейін ештеңе естімеппін.


— Бұл өз құрамына дүниедегі ғылым атаулының барлығын немесе барлығын дерлік жинақтаған ғылым, — деді Дон Кихот. — Онымен айналысатын адам заң маманы болуы қажет және әркім өзіне тиісті мен тиесіліге ие болуы үшін дистрибутивті құқ пен коммутативті құқтың негіздерін меңгеруі керек; өзі тұтынатын христиан дінінің мән-маңызы неде екенін қонымды да ұғынықты түсіндіріп беруі үшін дін маманы болуы қажет; ол дәрігер болуға тиіс, әсіресе шөл далалар мен елсіз жерлерде жарақатты емдеуге жарамды шөптерді табуы үшін өсімдіктер жайын жақсы білуі шарт, өйткені кезбе рыцарь сәт сайын тәуіп іздеп жүре алмайды ғой; дәл қазір түннің қай мезгілі болғанын, өзінің әлемнің қай бөлігінде және қай елде жүргенін жұлдыздар бойынша анықтап білуі үшін ол астролог болуға міндетті; сондай-ақ, ол математик болуға тиіс, себебі математикаға мұқтаждық аяқ асты қажет боп қалуы ықтимал. Ал, оның діни ілімдік және кардиналдық барлық ізгі қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі жөнінде айтып жатудың өзі артық; осы арада ұсақ-түйек жайларға ойыса келе айтарым: ол жұрт аңыз ететін Николас, немесе, басқаша атасақ, Николао-балық жүзгендей жүзе білуге, ат тағалап, ер мен жүген жөндей білуге міндетті. Енді биік мақсаттар тақырыбына қайта оралайық. Ол құдайға имандай сенуге және ханымына адал болуға тиіс, сондай-ақ пиғыл-ниеті таза, сөзі сыпайы, іс-әрекеті ізгі, ерлік істе өжет, еңбекте төзімтал, қаріп-қасерге жанашыр болғаны жөн және, ақыр соңында, тіпті ажал табуына тура келсе де, ақиқат үшін алысуға міндетті. Ізгі ниетті кезбе рыцарь осындай үлкенді-кішілі ерекшеліктер қосындысынан құралады; міне, сеньор дон Лоренсо, рыцарь зерттейтін және айналысатын ғылымның соншалықты татымсыз нәрсе еместігін, сондай-ақ оны орта және жоғары оқу орындарында оқытылатын ең күрделі деген ғылымдармен қатар қоюға болатын-болмайтынын енді өзіңіз де бажайлаған шығарсыз.


— Егер осының бәрі рас болса, онда мұны барлық басқа ғылымнан артық деп санаймын, — деді дон Лоренсо.


— “Осының бәрі рас болса” дегенді қалай түсінеміз? — деп сұрады Дон Кихот.


— Айтайын дегенім, — деп жауап қатты дон Лоренсо, — қазіргі кезде осынша ізгі қасиеттер иесі боп табылатын кезбе рыцарьлардың бар екеніне де немесе бұрын-соңды болғанына да онша сеніңкіремеймін.


— Қазір сізді бұрын талай мәрте айтуыма тура келген жайдан хабардар етейін, — деп мәлімдеді Дон Кихот, — анығырақ айтқанда, былай: жұрттың көбісі кезбе рыцарьлар өмірде болмаған дейтін пікірді ұстанады, ал мен болсам, мынадай ойдамын: көктегі құдірет әлдебір ғажайыптың көмегімен кезбе рыцарьлардың өмірде шын мәнінде болғанын және бар екенін дәлелдеп бермейінше, оларды әлгі пікірінен айныту бос әурешілік, бұған өзім іс жүзінде талай-талай көз жеткіздім, сондықтан сізді басқа да көптеген адаммен бірге өзіңіз де ұшырап отырған осынау адасушылықтан арылтуға қазір уақыт жіберіп жатпаймын. Діттеп тұрған жалғыз ғана нәрсем — сізді бұл теріс жолдан тайдырып, өткен замандардағы кезбе рыцарьлардың жер-дүниеге қаншалықты жақсылық жасағанына және қаншалықты қажет болғанына, сол сияқты, егер әрекет үстінде жүрсе, олардың қазір де қаншалықты пайда әкелеріне, — бүгінгі күні күнәкарлықтың қарымтасы ретінде жалқаулық, қызық қуумен уақыт өткізушілік, нәуетектік пен мешкейлік салтанат құрып отырғаны рас қой, — иландырса екен деп жаратқан иемізден жалбарыну ғана,


“Міне, қонағымыздың өзін-өзі ұстап берген жері осы, — деп ойлады дон Лоренсо, — алайда, соған қарамастан, бұл ізгі жүректі есуастық қой, сондықтан басқадай тұжырымға келуім нағыз ақымақтық боп шығар еді”.


Оларды асқа шақырғандықтан әңгімелері осымен тәмам болды. Дон Дьего баласынан қонақтың ақыл-ой қабілетіне қатысты бірдеңе анықтай алған-алмағанын сұрады. Баласы оған былай деп жауап қатты:


— Есуастығының шытырманға айналып кеткені сонша, жер бетіндегі емші мен білімпаз біткеннің бәрі жабылып келсе де қонағымызды одан сауықтыра алмайды: бұл ақыл-ой шымылдығы деміл-деміл айқара ашылып кететін есуастық.


Бәрі дастарқан басына жиналды, ал дастарқан дон Дьегоның қонақ күту дәстүріне әбден лайық, дәлірек айтқанда: ас та төк мол, дәмді және көз жауын алатындай боп шықты — бұл жайында оның өзі жолда келе жатқанда айтып та берген-ді; бірақ Дон Кихотқа әсіресе қатты ұнағаны үйдің ішінде, бейне бір картезиандық құтханадағыдай, тым-тырыс тыныштық орнап тұрғаны болды. Үстелден былай шығып, қолдарын жуып, құдайға құлшылық еткеннен кейін Дон Кихот әдеби сайысқа арналған өлеңін оқып беруін сұрап дон Лоренсоға жата жабысты, бұған анау былай деп жауап қатты:


— Өлең оқуын қолқалап, сонша жалынғанда ат-тонын ала қашатын, ал ешкім сұрамаған кезде қылқылдап тұрып алатын ақындарға ұқсамас үшін сізге глоссамды оқып берейін — бұл үшін сыйлық алармын деген дәмем жоқ, мұны тек жаттығу үшін жазғанмын.


— Менің бір танысым, өзі оқымысты адам, — деді Дон Кихот, — былай дейді: глосса жазудың түк қиындығы жоқ, себебі глосса әдетте мәтіннен әлдеқайда олқы түсіп жатады, ал көп ретте тіпті таратып айтуға ұсынылатын шумақтың мәні мен мақсатына да сай келмейді. Бұған қоса, глосса құрастырудың ережесі де тым қатаң: онда сұрақтарға, ол айтты не мен айттым дейтін сөздерге, етістіктен зат есім жасауға, мағынаны өзгертуге рұқсат етілмейді, — осылар және осы сияқты басқа да бұғаулар мен бөгеулер глосса жазушыларды тар шеңгелде ұстайды, мұны, шамасы, өзіңіз де білетін шығарсыз.


— Шынымды айтсам, сеньор Дон Кихот, — деді дон Лоренсо, — жаңылған жеріңізден ұстап алайын-ақ дегеніммен, онымнан ештеңе өнбей отыр: жылан балық секілді қолымнан жылп етіп шығып кетесіз.


— “Қолымнан жылп етіп шығып кетесіз” деген сөзіңізді және осымен не айтқыңыз келгенін ұқпай қалдым, — деп мәлім етті Дон Кихот.


— Оның бәрін кейін түсіндірермін, — деді дон Лоренсо, — ал енді қазір берілген өлең жолдары мен глоссаның өзін тыңдап көріңіз. Міне, мынадай:


Оралса өткен дәуренім


Келер күнді тоспасам


Алдын-ала аңғарсам


Ақырын барша әуренің.


Глосса


Жүйткиді уақыт қайырылмай


Қас қағымдай мезетке –


Кедей де қылмай, бай қылмай


Фортуна берген мезіреттен


Тұра алмадым айырылмай.


Енді мұның тәуір емін


Тағдырдан тілеп әуремін:


Қайтаршы сол күндерімді,


Ұмытар ем қасіреттерімді


Оралса өткен дәуренім.


Қажет емес атақ маған,


Жеңістен де үзілді күдерім.


Жүректегі жалғыз арман –


Өтіп кеткен күндерім,


Қуаныш, бақыт гүл жарған.


Тағдырмен қайта достассам,


Қайғыға қайғы қоспас ем;


Қайтадан маған берсе бақ:


Өткенді ойлап армандап,


Келер күнді тоспасам.


Бірақ мен текке талпынам,


Мейірім сұрап көп-көрім,


Қатыгез қатал тағдырдан:


Қайта оралтуға өткенді


Қауқарсыз ол да, қалпынан


Айнымайды уақыт; аңдасаң:


Болар істің, кеш қалмасаң,


Барысынан да озу жазбаған;


Жасар ем амал аздаған


Алдын ала аңғарсам.


Үміт пенен күдікке не сан


Бой алдыру күнде зар илеп,


Азаптың білмеу бітерін қашан –


Өлімнен де жаман ақирет.


Өмірден егер өтуге оқталсам,


Өзімді мәжбүр етер де едім,


Тәмамдауға тірлік дәуренін:


Тағдырменен тартысқа түссем,


Тездетер ем әдейі күшпен


Ақырын барша әуренің.


Дон Лоренсо глоссасын оқып біткен бойда Дон Кихот орнынан атып тұрды да, оны оң қолынан ұстай алып, айқайға бергісіз қатты дауыспен:


— Құдайдың құдіретін-ай! Ізгі жүректі жас жігіт! Сіз — күллі әлемдегі ең жақсы ақынсыз, сіз Кипрде де емес немесе бір ақын айтқандай, құдай оны өзі кешірсін, Гаэтада да емес, тап сол Афины академиясында, егер ондай нәрсе әлі онда бар болса, сондай-ақ қазіргі париждік, болоньялық және саламанкалық академияларда гүл тәжін кию құрметіне лайықсыз! Қазылар сізге бірінші орынды қимаса, құдай ризашылығын беріп, Феб оларды жебесімен атсын, Музалар ешқашан олардың табалдырығынан аттамасын! Рақым етіп, сеньор, маған бес бунақты өлеңіңіздің бірін оқып беріңізші, — ғажайып дарыныңыздың алуан-алуан қырына әбден қанығайын.


Өзі есуасқа балағанымен Дон Кихоттың мақтауына, жұрттың айтуынша, дон Лоренсоның қатты риза боп қалғаны шынымен-ақ таңырқануға тұрарлық емес пе? Беу, мақтау сөздің құдіреті! Сен тым-тым алысқа қанат қағасың және тәнті қылар өктемдігіңнің де шекарасы шексіз! Осының растығын дон Лоренсо іс жүзінде дәлелдеді, өйткені Дон Кихоттың өтініші мен тілегін аяқ асты қылмай, Пирам мен Тисьба жайындағы аңызды немесе хикаятты тақырып еткен бір сонетін оқып берді:


Қабырғаны күйретті қыз, семсерге


Сол қыз үшін Приам кейін түйрелді.


Саңылауды көруге бұл сүреңді,


Кипрінен жетті Амур сол жерге.


Саңылау үнсіз: болмашы ғана көлемі,


Дыбыс та өте қоймайтындай сызашық.


Амур үшін қашан да бірақ жол ашық:


Ештеңе ұстап тұра алмастай оны енді.


Бұл екеуі, абзал да ақ ниетті,


Ашуландырып тағдырды қатты,


Тартылғанымен жазаға жылдам, —


Екеуіне бір қарудан ажал жетті,


Екеуі бір қабірден орын тапты,


Екеуі қайта тірілді бір аңыздан.


— Құдайға шүкір! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот дон Лоренсоның сонетін тыңдағаннан кейін. — Бүгінгі жадау-жүдеу көп ақынның арасынан ақыры бір жақсы ақынды жолықтырдым және бұл ақын — сіз, мархабатты мырзам. Сонетті қандай шеберлікпен жазғаныңыз осыған көзімді кәміл жеткізіп отыр.


Дон Дьегоның үйінде Дон Кихот бірнеше күн жан шақырды, одан соң аттануға рұқсат сұрады; қонақжайлық көрсетіп, құрақ ұшып күткені үшін үй иелеріне алғыс айтты, сосын кезбе рыцарьларға уақытын рақатқа батып, қызық қуумен өткізу жараспайтынын, сол себепті парызын орындауға қайта оралып, шытырман оқиға іздеуге аттанбақ ниеті барын мәлім етті: естуінше, бұл өңірде ондай оқиғалар өте көп көрінеді және бұл жақта Сарагосадағы турнирге дейін бола тұрмақшы, — ал, негізі, ақыр соңында, сол қалаға баруы керек; алайда, оған бармас бұрын, жергілікті тұрғындар не қилы қызық әңгіме айтып жүрген Монтесинос үңгіріне кіруі қажет боп тұр, сондай-ақ Руидера айдыны аталып жүрген жеті айдынның бастау алатын жері мен меншікті қайнар көздерін зерттеп, зерделемек. Дон Кихоттың осынау құнды ұйғарымын Дон Дьего мен оның ұлы да қуаттап, үйлерінен және дүние-мүліктерінен көңілі не қаласа соны алуына болатынын, оның жеке басының қадір-қасиетін, сондай-ақ ізгі ниетті кәсібін құрмет тұтатындықтан оған ықыласпен қызмет ететіндерін айтты.


Ақыры жолға шығатын күн де келді, бұл Дон Кихот үшін қаншалықты қуанышты күн болса, дон Дьегоның үйіндегі молшылықта мырғамға батқан, шөл далалар мен ормандардағы орта құрсақ өмірге, қашан да орталау қоржынындағы жарытымсыз жүрек жалғарға қайта оралуға құлқы соқпаған Санчо Панса үшін соншалықты өкінішті де күйінішті күн болды. Солай бола тұрғанымен, ол қоржынын қажет дегенінің бәрімен сықап алды, ал Дон Кихот қоштасарда дон Лоренсоға былай деді:


— Айттым ба сізге әлде айтпадым ба, білмей тұрмын, айтсам тағы бір қайталайын: Даңқ Тұғырының қол жетпес биігіне шығар жолыңызды қысқартып, мехнатыңызды жеңілдеткіңіз келсе, бар-жоғы Поэзияның мейлінше тар сүрлеуінен кезбе рыцарьлықтың мейлінше тар соқпағына ауыса қойыңыз, сөйтсеңіз көзді ашып-жұмғанша ол сізді император тағына әкеп отырғызады.


Осы лебізі арқылы Дон Кихот кемақыл екенін ақи-тақи дәлелдеп берген-ді, ал бұған қосып айтқан мына сөзімен соны тіпті үстемелей түскен, ал ол былай деген еді:


— Сеньор дон Лоренсо, сізді өзіммен бірге ала кетіп, момындарға қалай мейірім көрсетуді, содырлардың қалай сорын қайнатып, тәубасына келтіруді, яғни өзім таңдап алған жолыма тікелей қатысы бар түрлі ізгілікті іс тындыруды үйретуге деген ынтызарлығым бір құдай ғана аян, алайда бұған жастығыңыз бөгет болатындықтан және құрмет тұтуға лайық өнеріңіз тоқтау салатындықтан сізге тек кеңес беруді ғана қанағат етем: егер өз пікіріңізден гөрі басқа біреудің пікіріне көбірек құлақ ассаңыз ақын ретіндегі даңқыңыз дүрілдеп кететін болады, өйткені іштен шыққан баласын керемет көрікті санамайтын ата-ана жоқ, ал балаға келгенде түсінік-ұғымымыз бізді одан да жиі жаңылдырып кетеді.


Дон Кихоттың бірде қисынды, бірде қисынсыз шығатын шым-шытырық шатты-бұтты сөзіне, сондай-ақ арман-ойының ең асылы және ақырғы шегі боп табылатын шытырман оқиғалары ұшырататын шатақтарға қандай қыңырлықпен және қайсарлықпен ештеңеге қарамастан екілене ұмтылатынына әкесі мен баласы тағы да қайран болысты. Адалдықтарын тағы бір мәрте мәлім етіп, тағы бір мәрте сыпайыгершілік сөз алмасудан кейін, қамал-сарай қожасы зайыбының мархабатты ырзашылығымен Дон Кихот Росинантқа, Санчо Панса есегіне отырып жолға шықты.


ХІХ тарау


Мұнда ғашықтық дертіне шалдыққан бақташы тап болған шытырман оқиға жайында және басқа да шын мәніндегі қызықты жағдаяттар жөнінде айтылады Дон Дьегоның қожалығынан онша алыс ұзап кете қоймаған Дон Кихотқа киген киімдеріне қарап діни қызметшілер ме әлде студенттер ме деп ойлап қалуға болатын екі адам жолықты, олардың қасында екі шаруа бар еді; төртеуі де есек тұқымдас жануарларға салт мініпті. Студенттердің бірі, ә дегеннен байқауға болатынындай, жол қапшығы орнына жүрген жасыл кенеп матаға екі пар жүн шұлықпен бірге оралған, шұғамен тысталған әлдебір ақшылтым нәрсені алып келе жатыр еді; екінші студентте ұшында қайыс қаптамасы бар су жаңа екі жаттығу рапирасынан басқа ештеңе жоқ-ты. Ал, шаруалардың бір үлкен селода болғанын, сол жерде сауда жасап, енді үйлеріне қайтып келе жатқанын білдіретін және соны айқын аңғартатын әртүрлі заттары бар-тын. Міне, осы студенттер, олармен бірге шаруалар да, Дон Кихотты көріп таңырқанысып қалды, — мұнымен алғаш кездескендердің бәрі де осылай таңырқанысатын, — сөйтіп, олар басқа адамдарға мүлдем ұқсамайтын бұл неғылған кісі екенін білмекке ынтығып қалды. Дон Кихот олармен сәлемдесті, сосын бұлардың өзі жол шегіп бара жатқан жаққа бет алғанын біліп, бірге жүруге ұсыныс жасады, мәшілерін жай бастыруды өтініп, атының ілесе алмай келе жатқанын айтты; оған қоса, сыпайыгершілік танытып, оларға өзінің кім екенін, тағдырының таңдауы мен айналысатын кәсібінің жайын бір-екі ауыз сөзбен түсіндіріп берді — яғни, дүниенің төрт бұрышынан шытырман оқиға іздейтін кезбе рыцарь екенін мәлім етті. Сонымен бірге, шын аты — Ламанчалық Дон Кихот екенін, ал лақап есімі — Арыстан Рыцары екенін де хабарлады. Шаруалар бұл өздерімен бейне грек тілінде жә болмаса шүршіт тілінде сөйлесіп тұрғандай, әңгімеге бейжай қалды, алайда студенттер өйткен жоқ, себебі Дон Кихоттың есі кем екенін бірден аңғара қойған-ды; солай бола тұрғанымен, олар оған ізеттілікпен таңырқай қарады, ал біреуі оған былай деді:


— Сеньор рыцарь, егер шытырман оқиға іздеушілер дәстүріне сай, әлде бір жерге барып жетуді мұрат тұтпайтын болсаңыз, бізбен бірге жүріңіз: керемет көңілді әрі сән-салтанаты да ғажап үйлену тойын көресіз, ондай той Ламанчада да, күллі осы өңірімізде де бұрын-соңды болып көрген жоқ.


Дон Кихот студенттің соншалықты әспеттеуіне қарап мұны әлдебір ықпалды князьдің тойы емес пе екен деп қалды.


— Жоқ, князьдің тойы емес, — деп жауап қатты студент, — шаруа жігіт пен шаруа бойжеткеннің, төңірегіміздегі ең бай адам мен күні бүгінге дейін еш жерден кезікпеген көрерге көз керек сұлудың тойы. Тойға бұрын болып көрмеген ерекше дайындық жасалып жатыр; ерекшелігі сол, той қалыңдықтың селосы жанындағы көк шалғында өткізілмекші, — айтпақшы, қалыңдықтың есімі — Китерия Сұлу, ал күйеу жігіттің есімі — Камачо Бай. Қыз он сегіз жаста, жігіт жиырма екіде. Екеуі бір-біріне әбден лайық жұп, дей тұрғанмен, жұрттың ата тегін жатқа білетін сумақайлар Китерия сұлу Камачодан гөрі тәуірлеу әулеттен шыққан деседі, бірақ онда тұрған дәнеңе жоқ: байлық қандай ақауды да байқатпай жібереді емес пе. Камачо шынымен-ақ епсекті екен: бұтақтардан шалғынға күн сәулесін түсірмейтін, үстін түгел жауып тұратын шатыр жасауға ойы кетті. Оған қоса ол семсермен және сылдырмақтармен биленетін би әзірлеп жатыр; оның селоластары арасында бұларды қатырып шылдырлата білетін және сілкілей алатын бәлекет бишілер бар, ал анау ұлтанын алақанымен қаққыштап жүріп билейтіндер жайында сөз етудің де керегі жоқ, — ондайларды, естуімізше, ол қисапсыз көп жинапты. Алайда бұл той жұрттың қаперінде өзіңізге айтып берген осындай ерекшеліктерімен де, сол сияқты өзіңізге айтыла қоймаған басқа жайларымен де қалмақ емес, бәрі де, өз ойымша, қайғыдан қан жұтқан Басильоның не істейтініне байланысты болмақ. Басильо деп тұрғаным — сол Китерия туып-өскен селодағы бақташы, оның үйі мен Китерия ата-анасының үйі жапсарлас орналасқан: Пирам мен Тисбаның арасындағы әлдеқашан ұмытылған ынтызарлықты қайта тірілту үшін махаббат осы жайды оңтайлы пайдалана қойыпты. Айта кеткен артық етпес, Басильо ерте жастан, сонау балалық балғын шақтан Китерияға ынтық бопты, қыз да ырқынан біржола айрылып қала қоймайтын дәрежеде ықылас білдіріпті, сондықтан Басильо мен Китерия арасындағы балалық сүйіспеншілік жайынан селодағылардың бәрі түгел хабардар болыпты. Сөйтіп, екеуі балиғатқа жеткенде Китерияның әкесі Басильоны есігінен қаратпауға бекінеді, сосын күдік пен қауіп атаулыдан басын біржола арашалап алу үшін қызын Камачо байға беруді ұйғарады, ал Басильоға ұзату жайына бас қатырып жатпайды, өйткені бұл Фортуна берген қабілеттен гөрі табиғат берген қабілетті көбірек иеленген жігіт болатын. Алайда, ешқандай қызғаныш қоспай ақ-адал шынымды айтсам, өзім білетін жігіттердің ішіндегі ең әбжілі — осы Басильо: барраны ең алысқа лақтырады, мықты палуан, допты керемет ойнайды, жүгірсе бұғыдан қалмайды, секірсе тауешкіден кем түспейді, кегльдерді сиқыршыдай жайратады, ән салса бозторғайдан аумайды, гитарасы адам сияқты сөйлейді, ал ең бастысы — семсерлесуде оған тең келетін ешкім жоқ.


— Тек осының өзіне қарап-ақ, — деді Дон Кихот, — бұл жас жігітті Китерия сұлуға ғана емес, сонымен бірге Ланцелотқа және кедергі келтірмек болғандардың бәріне қасақана, королева Джиневраның өзіне де үйленуге лайық деп білем.


— Мұны менің қатыныма барып айтыңызшы! — деп осы кезге шейін үнсіз келе жатқан Санчо Панса сөзге килікті. — Оның ойынша, “екі жарты — бір бүтін” деген мақалға сәйкес, әркім өз теңіне үйлену керек. Маған салса, өзіме кәдімгідей ұнап қалған анау салқам Басильоның Китерияға үйленгені жөн болар еді, ал ғашық жандардың бір-біріне қосылуына бөгет жасайтындарға, олар өлгенде жаратқан иеміз аспандағы мекеннен жайлы орын бергей (Санчо бұған мүлдем қарама-қарсы бірдеңе айтқысы келген).


— Ғашықтардың бәрі бір-біріне қосыла берсе, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — ата-аналар таңдау қақынан және өздері дер шағы деп тапқанда балаларын үйлендіру құқынан айрылған болар еді. Егер қыздар күйеуді өзі таңдайтын болса, онда біреуі ата-анасының малайына тиіп кетер еді де, екіншісі — алғаш кездескен, өзін өпіремдігімен және батылдығымен баурап алған әулекі мен сотқарға шыға салар еді. Өйткені, ұнату мен елігу әлденендей бір тәуекел етерлік іске барарда аса қажет боп табылатын ақыл-ой көзін де оп-оңай кіреукелеп тастайды, ал өмірлік серік таңдауда қателесу қиын емес: неке сәтті болуы үшін аса үлкен сақтық пен жаратқанның жәрдемі керек. Айталық, біреу алыс жерге сапарға шықпақ болды дейік; егер ол ақылды адам болса, жолға шықпас бұрын өзіне сенімді де ұнамды серік тауып алады — ендеше, өлім келіп ажыратқанша бүкіл өмірін бірге өткізу парыз саналатындарға соның ісін неге өнеге тұтпасқа? Оның үстіне, сол серік еткен әйелмен төсек қызығын бірге көресіз, бірге тамақ ішесіз, басқа да шаруаларды бірге атқарасыз. Сенің зайыбың да, міне, өмір жолындағы осындай серіктес әйел. Зайыбың — керек кезде сатып алатын, артынан қайтарып беруге, өзгертуге немесе басқасына айырбастауға болатын тауар емес, ол өзің өмірден қол үзгеніңше өзіңнен қол үзбейтін айнымас серігің. Ол да — бұғалық: мойныңды шалған бетте Гордий түйініне айналып шыға келеді және бұл түйінді қашан өлім өткір қылышымен қиып жібергенше шешу мүмкін емес. Бұл төңіректе әлі де біраз пайымдауға болар еді, бірақ сеньор лиценциат Басильо жайында тағы бірдеңе айтар ма екен деп ынтығып тұрмын.


Дон Кихот өзін лиценциат деп дәріптеген бакалавр бұған былай деп жауап қатты:


— Мен тек мынадай бір жәйтті ғана құлаққағыс етсем деп ем: Китерия сұлудың Камачо Байға күйеуге шығатынын естігеннен кейін Басильо ойын-күлкіні де қойды, жөні түзу сөз де айтпайтын болды; қазір ол қашан көрсең де қабағын түйіп, терең ойға шомып, өзімен өзі сөйлесіп жүреді (бұл шалық ұрғандықтың бұлтартпас белгісі ғой), тамақ ішіп те жарытпайды, ұйқысы да қашқан, жүрек жалғамақ болса тек жеміс-жидекпен ғана қоректенеді, ал ұйықтар болса, егер мұны ұйқы деуге ауыз барса, жабайы аң секілді далада, тақыр жерде жатып көз шырымын алады, кей-кейде аспанға қадала қарап қалады, кей-кейде жерден көз алмай тұрады, осы кейпін көргенде қарсы алдыңда киімі желмен желбіреген киімшең мүсін тұрғандай әсерде қаласың. Қысқасын айтқанда, осындай белгі-нышандар оның махаббат отына өртеніп жүргенін айғақтайды, ал біздің, оның таныстарының, ертең Китерия Камачоға “иә” дер болса, онда бұл Басильоны да өлімге кескен үкім боларына ешқандай күмәніміз жоқ.


— Құдай өзің жар бола гөр оған, — деп Санчо сөйлеп кетті. — Жаратқан өзі жарақатқа душар етеді, жаратқан өзі оны емдеп жазады, алда не тұрғанын ешкім білмейді, ертеңге дейін әлі көп уақыт бар, оған қоса, бір үйдің толайым-тұтасымен гүрс етіп құлап түсуіне бір сағаттың, тіпті бір минуттың өзі жетіп жатыр; өз көзіммен көргенімді айтайын: жаңбыр құйып береді, енді қарасаң — күн жарқырап шығып тұрады, сап-сау күйіңде төсекке жатасың, оянғаныңда аһылап-уһілеп әрең бас көтересің. Ал, білсеңдер айтыңдаршы, Фортуна доңғалағын шегелеп қойдым деп мақтана алатын кім бар? Әрине, ешкім жоқ, олай болса, әйелдің “иә” деген сөзі мен әйелдің “жоқ” деген сөзінің екі арасына мен түйреуіштің ұшын да сұқпаған болар едім: бәрібір өтпейді. Китерияның Басильоны жан-тәнімен және шын жүректен сүйетініне көзімді жеткізсеңдер, бәрі де ойдағыдай болатынына басымды бәске тігуге бармын, себебі, естуімше, махаббат киген көзілдіріктен мыс — алтын, кедейшілік — молшылық, ал ірің — інжу секілді көрінеді екен.


— Әй, Санчо, жабасың ба аузыңды жоқ па, сен антұрған? — деп Дон Кихот бақырып жіберді. — Мәтелдерің мен мәнісі жоқ сөзіңді судай сапырып, мылжыңдай беруден жалықпайды екенсің. Өй, хайуан! Ау, Фортунаның доңғалағы, пәлен-пәштуан дегеннің иісі мұрныңа бара ма сенің?


— Өй, сіз мені ұқпайды екенсіз, — деп жауап қатты Санчо, — сондықтан нақыл сөздерімнің сізге бос сандырақ секілді көрінетініне таңырқаудың жөні жоқ. Бірақ, оған тіреліп те тұрған ештеңе жоқ: мен өзімді өзім жақсы түсінем және әлгі сөзімде аса бір ерсі көрінерлік ештеңе айтпағанымды да білем, ал мына сіз, мархабатты мырзам, — барлық сөзім мен іс-әрекетімнің қас қақпайтын қарауылшығы секілдісіз.


— Сен өзің жөндеп сөйлей де білмейсің, — деп бөліп жіберді оны Дон Кихот, — құдайдан қорықсаңшы: қарауылшық демеу керек, қарауыл деу керек.


— Менімен тәжікелесе бермеңізші, тақсыр, — деп мәлім етті Санчо, —астанада тәрбие алмағанымды, Саламанкада оқымағанымды өзіңіз де білесіз ғой, бірер әріпті қосып жібердім бе әлде қалдырып кеттім бе, оны мен қайдан білейін? Құдай ақы, шын сөзім, сайягездікті толедолықша сөйлеуге мәжбүр етудің мәні жоқ, өйткені толедолықтың да бәрі бірдей жатық сөйлемейді.


— Дұрыс айтасың, — деп іліп әкетті лиценциат, — Дубильниде, жә болмаса Сокодоверде сенделіп жүретіндер собор ауласында ұзақты күн бойына серуендеп жүретіндердей жатық сөйлей алмайды, ал былай қарасаң солардың бәрі толедолық емес пе. Мейлі тіпті Махалаонда туса да, астананың мәдениетті тұрғындары ғана таза, жатық, көркем және ұғынықты тілмен сөйлейді. Мен мәдениетті деп әдейі айтып тұрмын, себебі астанада тұратындардың бәрін бірдей мәдениетті деп атау қиын, тұрмысқа етене енген мәдениет қана жатық тілмен сөйлеудің әліппесіне айналады. Мен, сеньорлар, біле білсеңіздер, Саламанкада канондық құқты зерделеген адаммын және өз ойымды анық та қарапайым һәм түсінікті тілмен жеткізем деп мақтана алам.


— Егер ауыз-екі тілді рапирадан да гөрі тәуірірек меңгердім деп шыныңмен мақтанарлық шамаң болса, университетте бірінші орынға шыққан болар ең, соңғы жақта сүйретіліп жүрмес ең, — деп құлаққағыс етті екінші студент.


— Жә, қойсаңызшы, бакалавр, — деп наразылық білдірді лиценциат. — Сайыскерлік шеберлік — бос нәрсе деп ойласаңыз, қатты қателесіз.


— Бұл тек менің ғана пікірім емес, бұл — талассыз шындық, — деді Корчуэло келіспей. — Ал егер мұны іс жүзінде дәлелдеп бергенімді қаласаңыз, кейінге қалдырмай-ақ қояйық: семсеріңіз бар, ал менің білегімнен қуат әлі кете қойған жоқ, бір кісідей жүректімін, қателесіп тұрмағанымды қазір-ақ мойындатып берем сізге. Есегіңізден түсіңіз де ентелеу, шеңбер, бұрыш және тағы басқа осы сияқты өнеріңізді көрсетіп бағыңыз, ал мен болсам, өзімнің жаңа да қарабайыр, бірақ өзім құдайдай сенетін, әдістерім арқылы жарық күнді көзіңізден бұлбұл ұшырармын деген үміттемін, сондай-ақ табанымды жалтыратуға мәжбүр ететін және өзім жер құштыра алмайтын адам әлі өмірге келмегеніне де сенімдімін.


— Табаныңызды жалтыратасыз ба, жоқ па — ол жағын айта алмаймын, — деді сайыскер, — бірақ қай жерге табаныңызды бассаңыз, сол жерден молаңыздың да қазылуы ғажап емес; айтайын дегенім, сайысқа жек көрушілік білдіргеніңіз үшін қолма-қол қасым боласыз.


— Көрерміз, — деп тістенді Корчуэло.


Сол арада ол есегінен асқан әбжілдікпен секіріп түсті де, лиценциат есегіне артып әкеле жатқан рапираның бірін шапшаң қимылмен суырып алды.


— Жоға, бұлай болмайды, — деп Дон Кихот киліге кетті, — әлі күнге шешімін таппаған мына дау-дамайда мен сайыс ұстазы және сот міндетін атқарғым келеді.


Соны айтып Росинанттан түскен ол найзасын қолына ұстап, жолдың қақ ортасына барып тұрды, ал бұл кезде ештеңеден қаймықпайтын кейіптегі лиценциат қадамын нық басып Корчуэлоға қарай беттеп бара жатты, Корчуэло да, жанарынан от ұшқындап дегендей, оған қарсы жүрді. Оларға еріп келе жатқан екі шаруа мәшілерінде отырған күйі осынау жан түршігерлік оқиғаның тілсіз көрерменіне айналды. Корчуэло тікелей де, қиғаштай да, қос қолмен де түйреп, шабумен болды, — үсті-үстіне берген соққылары ұялы арадай маза кетіріп, бұршақтай жауды. Ол аласұрған арыстандай шабуылдады, бірақ әрдайым дерлік лиценциат рапирасының қайыс қаптамалы ұшымен ұшырасып, жауынгерлік рухын жасытып алумен болды және, бейне бір киелі орынға құлдық ұрғандай, бүктетіліп қалып тұрды, әйтсе де оның бұл әрекеті киелі орынға көрсетілуге тиіс және дәйім көрсетілетін ыстық ықыласты құрметке онша көп ұқсаңқырамайтын. Тоқ етерін айтқанда, лиценциат рапирасының ұшымен бакалаврдың шолақ сутанының барлық ілгегін санамалап үзіп берді және етегін пәрша-пәрша қылды; сондай-ақ, қалпағын да екі мәрте домалатып жіберді, сөйтіп оны әбден күйіндіргені сонша, ақыр соңында терісіне сыймай долданып, ызаға булыққан бакалавр рапирасын тұтқасынан ұстап алды да, бар күшімен далаға лақтырып жіберді; қатты лақтырғаны сондай, сол жерде тұрған, кәсібі бойынша хатшы боп табылатын шаруаның бірі кейін аталмыш рапираның мильдің төрттен үш ширегіндей қашықтыққа барып түскеніне куәлік етті — ал бұл қара күштен әдісқойлық артық екендігі жайлы қағиданың шүбәсіздігі мен күмәнсіздігін көрсетіп берген еді.


Діңкесі құрыған Корчуэло жерге отыра кетті, Санчо оның қасына жақындап, былай деді:


— Шын айтам, жарқыным сеньор бакалавр, ақылыма құлақ қойыңыз: болашақта ешқашан рапирамен сайысқа шақырмаңыз, одан да белдесуге немесе барра лақтыруға шақырыңыз: бұл жасыңызға да, әлеуетіңізге де лайық, ал анау, қалай аталушы еді, сайысперілер деуші ме еді, естуімше, олар семсердің ұшын иненің көзінен өткізеді деседі.


— Жынымды қағып, шындықтан қаншалықты алшақ жүргенімді дәлелдеп бергеніне дән ризамын, — деп мәлім етті Корчуэло.


Осы сөзді айтып, орнынан тұрған ол лиценциатты құшағына алды, сөйтіп екеуінің достығы бұрынғыдан бетер арта түсті, олар тіпті рапираны әкелуге кеткен хатшыны да күтіп жатпады: бұл өздерін біраз күттіріп қояр деп қорықты, осыған байланысты Китерияның селосына ертерек жетіп алу үшін кідірмей жүріп кеткен жөн деп шешті — бұлардың бәрі де сол селодан еді.


Жол бойы лиценциат рапирамен сайыстың артықшылықтары жайында әңгімелеумен болды және толып жатқан салмақты дәлел, нақтылы мысал мен математикалық дәлдіктегі дәлелдемелер келтіргені сонша, мұның қандай үлкен өнер екеніне бәрі түгел иланды, сағы сынған Корчуэло қыңқ ете алмады.


Қараңғы түсе бастаған; алайда жақындап келген оларға село үстінде мың сан жұлдыз жанып тұрғандай көрінді. Сонымен қабат, мүйіз сырнай, тамбурин, гусли, сыбызғы, дабыл мен сылдырмақ секілді түрлі музыкалық аспаптың естілер-естілмес бәсең үні құлаққа шалынып тұрды, ал одан да жақынырақ келген олар селоның кіре берісіне орнатылған ағаш шатырдың өне бойына кішкене шамдардың ілінгенін көрді және бұларды жел үрлеп өшірер деген қауіп те жоқ-ты, өйткені оның лүп еткен лебінен ағаш жапырағы да қозғалмай тұрған. Музыканттар тойға келген қонақтардың көңілін көтеріп жатты, қонақтар болса, осынау көз жауын алатын көк шалғында әр жер, әр жерде топтанып тұр еді: бірі би билеп, екіншілері ән салып, үшіншілері жоғарыда аталған қилы аспаптарда ойнап жатқан. Осынау көк шалғанда Қуаныштың өзі ойнақ сап, Шаттықтың өзі шапқылап жүргендей көрінетін. Камачо байдың үйлену салтанаты мен Басильоны жерлеу рәсіміне арнайы әзірленген, осы арада өтуге тиіс ойын-сауықты қонақтардың ертең еркін отырып тамашалауы үшін біраз адам тақтайдан тұғыр орнатып жатты. Шаруа мен бакалаврдың қанша өтінгеніне қарамастан Дон Кихот селоға кіруден бас тартты: кезбе рыцарьлардың тіпті шаңырағына алтын жалатқан баспана берілсе де, елді мекендерде емес, жазық дала мен тоғайларда түнеу дәстүрі, оның ойынша, бұған әбден жеткілікті негіз болатын; осы мақсатпен ол жолдан бұрылып кетті: бұған қамал-сарайда, яғни дон Дьегоның үйінде, өзіне көрсетілген меймандостықты әлі ұмыта қоймаған Санчо қатты қынжылды.


ХХ тарау


Мұнда Камачо Байдың үйлену тойы мен Басильо Кедейдің басында болған жағдай жөнінде баяндалады.


Аққұба өңді Аврора17 жалын атқан Фебтің18 оттай ыстық сәулесімен алтын түсті бұйра шашындағы дымқыл моншақтарды құрғатуына енді ғана ыңғай білдірген шақта Дон Кихот та оянып, денесінің құрыс-тырысын жазып алған бойда орнынан атып тұрып, қорылдап ұйқы соғып жатқан атқосшысы Санчоға айқайлап дыбыс берді; Санчоның қатты ұйқыда жатқанын көрген Дон Кихот оны оятпас бұрын былай деп сөйлеп кетті:


— Беу, сен, аспан асты, жер үстінде ғұмыр кешіп жүрген жандардың ішіндегі ең бақытты пенде, сен шыныңмен-ақ бақыттысың, өйткені сен ешкімге іштарлық білдірмей, ешкімнен іштарлық көрмей, сиқыршы қысымына ұшырамай, бал ашудан болатын әбігерге басыңды қатырмай тып-тыныш қана ұйқы құшағында жатырсың! Ендеше, ұйқтай бер деймін саған және мұны жүз қайталап айтуға бармын, себебі сені сүйгенің жайлы ой кешкенде өрбитін қызғаныш азабы мәңгі сергек болуға мәжбүр етпейді, сондай-ақ қарызыңды қалай қайтаратының, ертең не ішіп-жейтінің және қырсық шалған шағын отбасыңды қалай тамақтандыратының жайындағы ой да ұйқыңды қашырмайды. Атаққұмарлық сені мазаламайды, тұрмыстағы әурешілік сені шаршатпайды, өйткені бар тілегің есегіңе қам жасаудан әріге бармайды, ал өз басыңа қам жасауды менің мойныма артып қойдың: рас, тепе-теңдікті сақтау үшін бұл ауыртпалықты мырзаларға жүктеу жағын жаратылыстың өзі салт-дәстүрмен бірлесе отырып орайластырған ғой. Малайы ұйықтап жатыр, ал мырзасы сергек және малайын қалай асыраудың, жағдайын қалай жеңілдетудің, қандай сыйлық берудің жайын ойлайды. Аспанның бедірейіп тұрғанын, жерге шарапатты тамшысын тамызбайтынын көргенде малайы емес, мырзасы уайымға батады, өйткені астық бітік шыққан тоқтық жылы қызмет еткен жанды ол астық шықпай қалған аштық жылы да асырауға міндетті.


Санчо бұған ешқандай жауап қатқан жоқ, себебі ұйықтап жатқан, егер Дон Кихот найзасының ұшымен түртіп ұйқысын шайдай ашпағанда жуыр маңда ояна қоймайтыны да кәміл еді. Ақыры ол оянып, айнала-маңын ұйқылы-ояу, беймарал көзбен шолып шыққаннан кейін былай деді:


— Қателеспесем, мына шатыр жақтан нәркес пен зиреден гөрі қуырылған майдың иісі көбірек аңқып тұрған тәрізді. Егер той осындай хош иістермен басталып жатса, онда, крест ұстап тұрып айтайын, ол жерден қалағаныңның бәрін табасың, сен же - мен же, сен іш -мен іш болады.


— Жап аузыңды, жалмауыз, — деді Дон Кихот. — Одан да тойға барайық, бақытсыз Басильо қайтер екен, соны көрейік.


— Не істегісі келсе, соны істесін, — деп салды Санчо, — қара табан кедей болмаса Китерияға үйленер еді ғой. Қарай гөр өзін, тігерге тұяғы жоқтығына қарамай, аспандағы айға қолын созады. Шынымды айтсам, сеньор, өз пікірім мынадай: кедей болсаң қолда барыңды қанағат тұт, қашпаған сиырдың уызынан дәмеленбе. Камачо ақшаны Басильоның кеңірдегінен келтірмесе мұрнымды кесіп берейін, олай болса, Камачо, әлбетте, қазірдің өзінде алып берген және әлі де әперетін асыл киімдері мен алтын-күмісін Басильоның барраны лақтырудағы және рапирамен сайысудағы шеберлігіне алмастырған Китерия нағыз микеще боп шығар еді. Сәтті лақтырыс пен әсем ұмтылыс үшін тавернада жарты кварта да шарап құймайды. Кіріс кіргізбейтін қабілет пен дарынның бары не, жоғы не? Ал, егер тағдыр қалтасы қалың адамға талант қосып беруді ниет қылса, онда қызғаныш шынымен-ақ ішіңді қыж-қыж қайнатуы мүмкін. Жақсы іргетасқа тұрғызылған үй де жақсы болады, ал ең жақсы іргетас пен қазан шұңқыр — ақша ғана.


— Құдай ақы, Санчо, — деп жалынды Дон Кихот, — тыйылшы енді сөзден. Толассыз ақтарылатын пайымдауларыңа тоқтау салып қоймаса, ас ішуіңе де, ұйқтауыңа да мұғдарың болмас еді деп ойлаймын: бар уақытың бос мылжыңға кетер еді.


— Қаперіңізде қапы болмаса, тақсыр, — деп қарсылық білдірді Санчо, — соңғы аттанысымыз алдында екеуіміз жасаған келісім-шарттың барлық тармағын есте ұстаған болар едіңіз. Соның бір тармағында егер жақын-жуықтарымды күстаналамасам және өзіңізге тіл тигізбесем, маған не айтқым келсе соны айтуыма рұқсат етілген-ді, ал мен аталмыш тармақты әлі күнге шейін бір рет те бұзбаған секілдімін.


— Ондай тармақ есімде жоқ, Санчо, — деді Дон Кихот, — бірақ, тіпті солай болған күнде де, бәрібір, үніңді өшіріп, соңымнан ергеніңді хош көріп тұрмын: өйткені кеше кешкісін құлағымыз шалған әуен алқапты қайтадан қуанышқа бөлеп жатыр, соған қарағанда, тойдың ми қайнатар тал түсте емес, қоңырсалқын таңда өткізілері сөзсіз.


Санчо мырзасының әмірін орындап, Росинант пен сұр есекті ерттеген бойда екеуі көліктеріне отырып алды да, ақырын аяңмен жаппа астына келіп кірді. Санчоның көзіне ең алғаш түскен нәрсе: жуан шегіршін істікке шаншылып, текшеленіп қаланған қыруар ағаш аямай жағылған отта тұтастай қуырылып жатқан бұқаның еті болды, ал оттың айналасында тұрған алты қазанның пошымы әдеттегі қазанға онша ұқсамайтын, дұрысы, бұлар тау-төбе етті тоғытуға болатын бөшке еді: бұлардың құрсағына түскен қой ұшасының елеусіз қалатыны соншалық, бейне бір ол қойдың ұшасы емес, көгершін секілді боп көрінетін; ағаштарға ілініп, қазанға түсуге кезегін күтіп тұрған терісі сыпырылған қоян мен жүні жұлынған тауықта да қисап жоқ-ты; сойылған сансыз көп үй құсы мен түз құсын кептіру үшін ағашқа іліп қойыпты. Санчо әрқайсысына екі арробадан астам шарап сиятын, — кейін белгілі болғанындай, бәрі де жоғары сорттардағы шарап екен, — алпыстан астам шанаш барын санап шықты; ақша қардай әппақ нанды, қырманға әкеп төккен астық құсатып тау қылып үйіп тастапты; кірпіш тәрізді етіп қаланған сүтсірнелер тұтас бір қабырға құрап тұр; сыр құйылатын кеспектерден де қомақтырақ, май құйылған екі темір кеспек қамырдан әзірленетін тағамдар қуыруға арналыпты; қуырылған қамыр тағамдарын дығал күрекпен күреп алып сол арада тұрған бал құйылған кеспекке тастап жатыр. Ер және әйел аспаздардың ұзын саны елуден асып жығылады екен және бәрі де таза киінген, елгезек, көңілді көрінді. Бұқаның абажадай құрсағына он екі кішкене жас торай салынып, сыртынан тігіліп тастапты, осының нәтижесінде бұқаның еті әрі дәмдірек, әрі жұмсағырақ бола түспек көрінеді. Үлкен жәшікте дәмдеуіштердің барлық түрі бар екен: бұларды фунттап емес, арробалап сатып алғандары көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, той дастарқанына қойылатын дәмдер бірөңкей деревнялық болатын, есесіне молдығы сонша, әжептәуір әскери құрамаға жетерліктей еді.


Санчо осының бәрін көзімен ішіп-жеп, сүйсіне тамашалап, рақаттана қызықтаумен болды. Әу баста оны қазандар өзіне тартып, есін кетіре еліктірген, бір шөген сорпа құйып алуға аңсары ауған, одан соң шанаштар жүрегін баурады, ақыр соңында әдеттегідей табада емес, бүйірлі кеспектерде қуырылып жатқан қамырдан жасалған тағамдарға ынтықты. Бұдан артыққа шыдауға, басқадай амал табуға әл-дәрмені жетпеген ол ыждағаттылау көрінген бір аспаздың жанына барып, орта құрсақ, әйтсе де әдепті адамның мәнерімен қазандардың біріне нанын батырып алуға рұқсат сұрады. Аспаз оған былай деді:


— Камачо байдың арқасында аштықтың ауылы бүгінше алыстап тұр, бауырым. Есегіңнен түс те, бақыраш тауып тауықтың бір-екеуін сүзіп ал, жей бер сосын, ас болсын.


— Еш жерден бақыраш көрмей тұрмын, — деп мәлім етті Санчо.


— Енді неғылдейсің, — деді аспаз. — Сор болдың ғой сен де маған, бәлденіп-бәлсінген, ебедейсіз біреусің ғой деймін!


Соны айтып, кәстрөлді ала сап қазаннан үш тауық пен екі қазды көсіп алды да, Санчоға:


— Тойып ал, туысқан, түскі асқа дейін осы сүйек-саяқпен жүрек жалғай тұр, — деді.


— Бұларды салатын жерім жоқ, — деді Санчо.


— Ондашы, кәстрөлімен қосып ал, — деді аспаз, — Камачоның байлығы мен бақыты қандай шығынның да орнын толтырады.


Санчо осындай әңгімеге айналып жатқан кезде Дон Кихот шатыр астына келіп кірген он екі шаруаға қарап қалған: бәрі де мерекедегідей сәнді киініпті, әбзелінің көркемдігі көз тартатын, омыраулығына қыруар ұсақ қоңырау тағылған, сүліктей биелерге салт мініпті; осынау келісті топ көңілді дауыспен уласып-шуласып шалғынмен бірнеше мәрте әрлі-берлі ойқастап жүріп өтті.


— Камачо мен Китерия жасасын! — деп саңқылдады селолықтар. — Қыз қаншалықты сұлу болса, жігіт те соншалықты бай, ал қызға әлемде тең келер ешкім жоқ!


Мұны естіген Дон Кихот: “Мыналар менің Дульсинея Тобосскаямды ешқашан көрмеген деп сеніммен айтуға болады екен, өйткені, егер көрген болса, әлгі анау Китерия дегенді мақтауға келгенде шамалаған болар еді”, деп ойлады.


Арада аз уақыт өткенде шатыр астына жан-жақтан түрлі биді орындаушылар жинала бастады, солардың ішінде семсер биін орындайтын, бірінен бірі өткен, сайдың тасындай жиырма төрт жігіт ерекше көзге түсіп тұрды: бәрі де ақша қардай жұқа кенептен киім киген, түрлі түсті сапалы жібектен бас киімдері бар; салт аттылардың бірі бишілер жетекшісі боп табылатын салқам жігіттен жарақаттанып қалғандар жоқ па, деп сұрады.


— Құдайға шүкір, әзірше жарақаттанған ешкім жоқ, бәріміз де аман-саумыз.


Соны айтып, жолдастарын еліктіріп әкеткен ол неше алуан қимыл жасап, асқан ептілікпен шыр айналып билей жөнелді, мұндай билерді бұрын да талай көрген Дон Кихотқа мынау әсіресе қатты ұнады.


Сондай-ақ, оған өңкей сұлу жас қыздардың биі де ұнады, бұлардың өндірдей жас көрінетіні сондай, қай-қайсысын да кем айтқанда он төрт, артық айтқанда он сегіз жаста деуге болатын; олар жасыл шұғадан көйлек киіпті, бастарына ақжұпар, раушан, амарант, ұшқаттан гүлтәж тағыпты, шаштарының алтын түстілігі сонша, күн сәулесімен бәсекеге түсуге бардай еді және бірі бұрым етіп өрсе, екіншілері бос жіберіпті. Бұлардың жетекшілері егде жастағы қарт пен жасы ұлғайған әйел екен, әйтсе де екеуі де жинақы әрі ширақ көрінді. Қыздар самор волынкасының сүйемелдеуімен әлемнің ең тәуір бишілерінен бір де кем түспейтін өнер көрсетті және аяқтары қаншалықты жылдам ылпың қаққанымен, әлпеттері сыпайылықтан айрыла қойған жоқ.


Бұдан соң “сөйлесе жүретін” би дейтіндердің санатындағы басқа бір қитұрқы би биленді. Оны екі топқа жіктелген сегіз нимфа биледі, бір топты Купидон құдай, екіншісін Пайда құдайы басқарып жүрді; Купидонның қанаты, садағы, қорамсағы мен жебелері бар еді, ал Пайда құдайы алтындай жалтыраған мата мен жібектен тігілген, түрлі түсті сәнді киім киіпті. Амурдың соңына ерген нимфалардың арқасына жапсырылған ақ пергаментке ірі әріптермен есімдері жазылып қойыпты. Бірінші жазуда — Поэзия делінген, екіншісінде — Даналық, үшіншісінде — Тектілік, ақыр соңында, төртіншісінде — Айбындылық деп жазылған. Пайда құдайына ілескендердің есімі де осындай ретпен көрсетілген: біріншісінде — Жомарттық деп жазылған, екіншісінде — Сыйлық, үшіншісінде — Қазына, төртіншісінде — Бейбіт иелік делінген. Бұлардың алдында ағаштан жасалған қамал-сарай жылжып келе жатты, оны жасыл түсті кенеп матадан киім киген, тұла бойы шырмауыққа шырматылған төрт жабайы көтеріп келе жатыр еді және мұның мейлінше шынайы көрінгені сонша, Санчо кәдімгідей шошынып қалды. Қамал-сарайдың маңдайшасы мен төрт қабырғасына Әдептілік қамал-сарайы деп жазылыпты. Жанында мүйіз сырнай мен тамбуринде құйқылжыта ойнап, төрт музыкант келе жатты. Биді Купидон бастады, бірер фигура жасағаннан кейін, қамал-сарай қабырғасындағы кертпештер арасынан бой көрсеткен қызға қадала қарап қалды да, садағын кезеніп тұрған күйі, оған мынадай өлең жолдарын арнады:


Мен – құдіретті құдаймын,


Аспанда да, жерде де,


Буырқанған теңіз, көлде де,


Тозақта да, лайым,


Үрейге буам бір демде.


Қиямет дерлік соншама,


Қай тілегім болса да,


Орындалар барлығы.


Дау тудырмас оншама


Үкімім, заңым, жарлығым.


Осы өлеңді айтқаннан кейін ол жебені қамал-сарайдан асыра атып жіберді де, орнына барып тұрды. Бұдан соң алға Пайда құдайы шығып, бидің екі фигурасын орындады; сосын тамбуриндер әуені тынған бойда өлең жолдарымен былай деп сөйлеп кетті:


Купидон маған теңесер қайдан,


Көмек беруге оған, алайда,


Қашан да мойын бұрамын.


Тек жағынан тәмам құдайдан


Көп жоғары тұрамын.


Мен – Пайдамын, Еңбек – міскін,


Себебі менсіз ол да өнімсіз.


Әйтсе де мына керемет көркем


Қалыңдыққа малай болуға мінсіз


Мен де өзімді мәжбүр етем.


Соны айтып Пайда құдайы жөніне кетті де, оның орнына Поэзия келді; алдыңғылардың үлгісімен екі фигурасын жасаған соң, қамал-сарайдағы қызға тесіле қарап тұрып былай деді:


Поэзияның сәлемін ыстық


Жолдаймын, ханым, мен саған.


Той құрметіне қуаныш қып,


Сонеттерді, сүйкімді баршаға,


Шығарудан әсте шаршаман.


Сезіп тұрсаң ұнарын ептеп


Мадағымның жиналған көпке,


Бақ-талайыңды, несін жасырам,


Қыз біткен қызығар, дәріптеп


Айдан да биікке асырам.


Осылай деді де Поэзия орнына қайтып оралды, ал Пайда құдайының тобынан Жомарттық шығып, фигураларын орындағаннан кейін, былайша сөйлей жөнелді:


Жомарттық деген – ептілік,


Жоламай дау мен шатаққа,


Мүлкіңді сақтау сеп қылып;


Сараң деген жаман атаққа


Ілікпеу және тек тұрып.


Сен үшін бүгін, алайда,


Ысырапқор болуды қалаймын:


Бұл өзі ғашық жандарды,


Шын сүйіп ұнатқандарды,


Ажыратар белгі арайлы.


Қос топтың құрамындағы басқа қыздар да осылайша ортаға шығып, орындарына қайта оралып тұрды: әрқайсысы өз фигурасын орындап, өлеңін оқыды, олардың ішінде кейбірі керемет сүйсінерліктей, кейбірі ішек-сілеңді қатыра күлдірерліктей еді, алайда Дон Кихоттың қаперінде (ал оның қапері айта қаларлық болатын) жоғарыда келтірілгендері ғана қалды; одан соң бәрі қосылып кетті де, ғаламат үйлесіммен ерке қимылдап, еркін қозғалып, біресе тоқайласып, біресе тарқасып би билей бастады; қамал-сарайдың жанынан өткен сайын Амур әуелете садақ тартып, Пайда құдайы оның қабырғасына алтын жалатылған ақша құмырасын ұрып сындырып тұрды. Би әжептәуір ұзаққа созылды, онан соң ақыры Пайда құдайы үлкен ала мысықтың терісінен жасалған, ақшаға сықалып тұрғандай әсер беретін шиланын шығарып, қамал-сарайға қарай лақтырып жібергенде сарай қабырғалары жан-жаққа құлап түсті, соның салдарынан бикеш панасыз әрі қорғансыз күйде қалды. Соны көрген Пайда құдайы нөкерін ертіп қызға қарай ұмтылды, сөйтті де оның мойнына сала құлаш алтын шынжыр салып, ұстап алып кіріптар етпек, тұтқынға әкетпек ойы бардай ыңғай көрсетті, алайда сол арада Амур мен оның сыбайластары қызды одан тартып алмаққа талап қылғандай түр байқатты — осы қимыл-қозғалыстың бәрі тамбуриндер әуені сүйемелдеуімен жасалып жатты, бәрі билеп, музыка ырғағына сай фигуралар орындаумен болды. Ақыр аяғында жабайылар жауласқандарды татуластырып, қамал-сарай қабырғаларын асқан әбжілдікпен қайта құрастырып, тікейтіп қойды, бикеш сарайынан қайта орын теуіп, құлыптанып алды және осымен би де бітті, көрермендер бұған үлкен ырзашылық білдірді.


Дон Кихот нимфалардың бірінен биді кім шығарғанын, оны өздеріне кім үйреткенін сұрады. Нимфа оған мұны шығарған селоларындағы бір діни қызметші екенін, оның мұндай нәрселерді ойлап табуға шебер екенін айтты.


— Бұл бакалаврдың ба әлде діни қызметкердің бе, — деді Дон Кихот, — кімнің болса да, шамасы, Басильоны емес, Камачоны жақтайтынына және оның шіркеу қызметінен гөрі сатирамен шұғылдануға көбірек қабілетті екеніне бәс тігуге бармын. Солай бола тұрса да, Басильоның дарындылығы мен Камачоның байлығын биіне өте сәтті енгізе білген!


Осы әңгіменің бәрін естіген Санчо Панса:


— Жұрт неғылса о қылсын, өзім, әйтеуір, Камачо жағындамын, — деді.


— Бір сөзбен айтқанда, Санчо, — деп салды Дон Кихот, — сенің қарабайыр шаруа, оған қоса күштілердің алдында шыбындап тұратын біреу екенің белгілі болды.


— Кімнің алдында шыбындайтынымды білмеймін, — деді Санчо келіспей, — білетінім тек Камачо қазандарынан алған мынадай ғажап сүйек-саяғымды Басильо қазандарынан ешқашан ала алмайтыным ғана.


Сол арада ол Дон Кихотқа қаздар мен тауықтар жатқан кәстрөлді көрсетті, сосын бір тауықты суырып алып, алабөтен тәбетпен рақаттана асап жатып, былай деп тіл қатты:


— Қой, құрып кетсін әрі Басильо, дарыны да өзіне, қабілеті де өзіне! Қалтаңда қанша болса, бағаң да сонша, өзің қанша тұрсаң, қалтаңда да сонша болады. Әжем марқұм айтушы еді, адам атаулы дәулетті және дәулетсіз боп екіге бөлінеді деп, өзі болса дәулеттіні артық көретін, ал біздің заманымызда, мархабатты мырзам Дон Кихот, білімге байдан гөрі ақшаға байлар әлдеқайда рақат тұрмыс кешеді, алтын жабуы бар есек ерттеулі аттан артық. Міне, Камачоның жағында екенімді қайталап айтып тұрғанымның себебі де осы: оның қазандарынан әжептәуір мол сүйек-саяқ, яғни қаз, тауық, түз қояны мен үй қоянын алуға болады, ал Басильо қазандарының түбі көрініп жатыр, түбінен бірдеңе табылса быламық қана табылады.


— Айтып біттің бе, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.


— Бітуге тиіс боп тұрмын, — деп жауап қатты Санчо, — себебі сізге, тақсыр, онша ұнамағанын байқадым, өйтпеген жағдайда әлі үш күн бойы бұлбұлша сайрар едім.


— Мылқау боп қалғаныңды көзім тіріде көрсем ғой, Санчо, — деді Дон Кихот.


— Саспаңыз, — деді Санчо, — мен көзіңіз тірі кезде-ақ құрт-құмырсқаға жем болам, одан соң біржола мылқауға айналып, ақырзаман орнағанша немесе, аз дегенде, әйтеуір, Қорқынышты сотқа жауап бергенше бір ауыз тіл қатпасым кәміл.


— Тіпті солай болған күнде де, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бәрібір сол үнсіздігің, Санчо, осы күнге дейін сөйлегеніңмен, қазір сөйлеп тұрғаныңмен және алдағы өміріңде сөйлейтініңмен теңесе алмас еді. Оның үстіне сенен гөрі менің бұрынырақ дүние саларым табиғилау нәрсе, міне, осы себепті көзім тіріде сені құрығанда ас-су ішкен немесе ұйқтаған кезде мылқауға айналады-ау деп үміттене алмаймын, ал маған содан артықтың керегі де болмас еді.


— Ақ-адал шынымды айтар болсам, сеньор, — деп мәлім етті Санчо, — ақикөзге сенудің қажеті жоқ, яғни ажалға деймін; оған сары ауыз балапан да бір, ақсақалды қария да бір, сондай-ақ оның жарлы-жақыбайлардың жыртық лашығына қалай енсе, корольдердің биік мұнарасына да солай жиі еніп тұратынын священнигімізден естігенім бар. Бұл мырза қысылып-қымтырылудан гөрі қара күшінің көптігін паш етуге құштар. Ол әсте талғампаз емес: бәрін шетінен жалмай береді, ештеңеден жеркенбейді, жасы мен тегіне қарамай адамдарды қоржынына тоғыта береді. Тал түсте тыныс алғанды ұнататын орақшы қатарына да жатпайды: дамылсыз ора береді және ол үшін қандай шөп екені: көгі ме, кепкені ме — бәрібір, оған қоса шайнап та жатпайтын секілді, алады да асайды, не жолықса соның бәрін қылғыта береді, себебі аш қасқырдай қомағай, ешқашан тойым дегенді білмейді; қарыны болмағанымен, шемені бар секілді, себебі дүниедегі тірі жан атаулының өмірін бақыраш толы салқын суды сыздықтатып сорғандай ашкөздене сорып алады.


— Жә, жетер, Санчо, тоқтай қал, — деп осы арада Дон Кихот оны бөліп жіберді. — Осы биігіңді жоғалтпа және аласарма, — ақиқатында, ажал хақында шаруа адамына лайық қарапайымдылықпен баян еткен бұл тұжырымың ең білімді деген уағызшының аузынан шығуға лайықты. Айтып жүрмін ғой саған, Санчо: егер осындай абзал қабілеттеріңе ақылдың зеректігі қосақталса, саған тек кафедраны қолтығыңа қысып алып, уағызгершілік өнеріңмен әлемді тамсандырып жүру ғана қалар еді.


— Адалдықпен ғұмыр кеш — міне, ең жақсы уағыз, басқа діни ілімді мен білмеймін, — деп мәлімдеді Санчо.


— Саған басқа діни ілімнің керегі де жоқ, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бірақ тек бір нәрсені ғана түсінбеймін және ақылым да жетпейді: егер даналық бастауы — құдайдан қорқу болса, онда осынша білім-танымды қайдан жиып жүрсің, өйткені жаратқан иемізден гөрі кез-келген кесірткеден көбірек қорқасың ғой?


— Сеньор, сіз рыцарьлығыңыздың жайын ғана біліңіз, біреудің қорқақтығы мен батырлығында шаруаңыз болмасын, — деп шорт кесті Санчо, — құдайдан қорқу жағына келгенде мен алдыма жан салмайтын адаммын. Сосын, тақсыр, мына сүйек-саяқты жәукемдеуіме кеңшілік етіңіз, ал қалғанының бәрі — о дүниеде жауап беруімізге тура келетін бос былшыл ғана.


Соны айтып, кәстрөлді басып алуға көзсіз батырлықпен тап бергені сонша, соны көріп тұрған Дон Кихот та батырланып кетті және оған қолғабыс етпей қоймайтынына да күмән жоқ-ты, бірақ бұған кейбір жағдаяттар кедергі жасады, ал бұл жайында әрі қарай әңгіме етуге тура келеді.


ХХІ тарау


Мұнда Камачоның үйлену тойы одан әрі жалғасады және басқа да қызықты оқиғалар орын алады.


Дон Кихот пен Санчо екеуі алдыңғы тарауда келтірілген әңгімемен айналып жатқан кезде қатты дауыстар мен әлденендей айқай-ұйқай естілді; айқай-шу шығарғандар мұнда бие мініп келген шаруалар екен; енді олар жас жұбайларға қарай көсілте шауып бара жатты, ал жұбайлар болса музыканттар мен сауыққойларды ертіп, священник пен жақын туыстарының, маңайдағы елді мекендерде тұратын әйгілі адамдардың қоршауында бермен беттеп келе жатқан; шеруге қатысушылардың бәрі де мерекедегідей киініп алған болатын. Қалыңдыққа көзі түскен бойда Санчо былай деп дауыстап жіберді:


— Құдай біледі бар ғой, ол деревняда тұратын қызша емес, астаналық сәнқойша киінген! Шын айтамын, үстіндегісі патендер емес, егер өз көзім өзімді алдап тұрмаса, аса қымбат маржандар және куэнкалық жасыл шұғасымақ емес, ең тәуір барқыт! Ал, анау аппақ әдіптер ше, қарабайыр кенептен деп ойлайсыз ба? Жоға, оллаһи, атластан! Ал жүзіктері ше, гагаттан дейсіз бе? Қайда-ан, егер бұлар алтын сақина болмаса, оңбай-ақ кетейін. Және алтын болғанда қандай — айрандай әппақ інжуі бар алтын; мұндай інжудің әрқайсысы адамның көзінен артық тұрады. Ойбуй, шашына қарасаңызшы! Егер тек ол жапсырма шаш боп жүрмесе, мұншалықты ұзын, мұншалықты жалқын шашты өзім өз болғалы көрген емен. Ал, қане, сымбатынан бір мін тауып көріңізші! Ау, бұл деген бұтақтары құрмадан көрінбейтін пальма ғой, шашы мен мойнындағы әне бір әлеміштері сол құрмаларды еске салады. Оллаһи-белләһи шын айтам, бұл деген нағыз қасқыр қыз, — мұндайлар намысын қолдан бермейді.


Деревнялық мәнердегі бұл мақтау Дон Кихоттың күлкісін келтірді, алайда оның өзі де мұндай көзелді, аяулы ханымы Дульсинея Тобосскаяны есептемегенде, бұрын-соңды көрмегені жайында тұжырымға тірелді. Китерия сұлудың әлпеті қуқылдау көрінді — шамасы, басқа да қалыңдықтар секілді, неке қияр алдында сыланып-сипанып, өткен түнде онша жақсы ұйқтамаған ғой. Шеру жақын маңайда, осы көк шалғында орнатылған, бұтақтармен көмкеріліп, кілем жабылған тақтай тұғырға қарай бағыт алды, неке қию салтанаты осы жерде өтуге тиіс-ті, сондай-ақ бұл арадан ойындар мен билерді де тамашалауға болатын; сөйтіп, бәрі тұғырға енді-енді жақындаған кезде, кенет, арт жақтан:


— Тоқтаңдар, асығыстық жасап ағаттыққа ұрынған жарандар! — деген қатты дауыс шықты.


Жұрттың бәрі осы дауыс пен осы лебіз естілген жаққа жалт қарасып, мұны айтқан адам үстіне жалынның тілі секілді, шамасы, жібектен болса керек, жапсырмалары бар қара камзол киген еркек екенін көрді. Басында (бәрі де бірден байқағандай) кипарис бұтақтарынан өрілген қаралы гүлтәж бар, қолындағы ұзын таяққа сүйеніп тұр екен. Жақынырақ келгенінде бәрі де мұның салқам жігіт Басильо екенін көрді, оның осындай салтанатты сәтте аяқ асты тап бола кеткенінің түбі жақсылыққа соқтырмайтынын сезген олар әлгіндей айқай мен әлгіндей сөздің астарында не жатқанын түсінбей дал боп тұрып қалды.


Сілесі қатып шаршап, ентігіп қалған Басильо ақыры жас жұбайлардың алдына келіп тоқтап, болат ұштығы бар таяғын жерге қадады, түсі қуқыл тартып кеткен ол сосын Китерияға қарап қарлығыңқы әрі үздіккен үнмен былай деп сөйлеп кетті:


— Мейірімсіз Китерия, өзіміз тұтынатын қасиетті діннің заңдарына сәйкес, көзім тірі тұрғанда ешкімге күйеуге шығуыңа болмайтыны саған жақсы мәлім. Сонымен бірге, жұмсаған уақытым мен жасаған қарекетімнің нәтижесі дәулетімді тасытар деген үміттің жетегінде жүрген шағымда ар-намысыңа ңұқсан келтірмеуге, әдептілік сақтауға барымды салғаным да сен үшін құпия сыр емес, ал сен болсаң ізгі ниетім алдындағы парызыңнан бас тартып, маған тиесілі болсаң да, өзіңді басқа біреудің ықтиярына, — жан рақатын таптырар нәрселерді ғана емес, сонымен бірге тіпті бақыттың өзін сатып алуға мүмкіндігі бар адамның ықтиярына тапсырғалы тұрсың. Олай болса, оның бақыты толыққанды болуы үшін (өз басым оны мұндай бақытқа лайық санамаймын, алайда көктегі құдірет солай ұйғарған шығар), оның бақытына бөгет жасап, кедергі келтіретіннің бәрін өз қолыммен жоям, сөйтіп оған жол босатам. Камачо бай тасбауыр Китериямен бірге ұзақ ғұмыр кешсін, кедей Басильо өлім тапсын — оны көрге тыққан қуаныш-шаттығының қанатын қиған жоқшылық!


Осы сөздерді айтып Басильо жерге қадаулы тұрған таяғына жармасты, тартып қалғанында төменгі бөлегі жерде қалып қойды: ол — қын болып шықты, ал қынға қысқалау семсер сұғулы тұр екен; семсердің тұтқа жақ екінші ұшын жерге қадап жіберген Басильо ес-түс жоқ асығыстықпен және алған беттен айнымас батылдықпен семсерге құлай кетті, қанға боялған семсер қас қағым сәтте-ақ денесіне жартысына шейін кіріп, жарып өтті, сөйтіп өз қаруына шаншылған бейбақ қанға малшынып жерге құлап түсті.


Басильоның басына түскен бақытсыздық пен мына келеңсіз жағдайдан жүрегі қан жылаған достары оған көмек беруге ұмтылды; Росинантын былай қалдырған Дон Кихот та асыға жетіп, оны қолына көтеріп алып, әрең тыныстап жатқанына көз жеткізді. Семсерді суырып тастағылары келген, алайда сол жерде тұрған священник арыздасуға дейін алмай тұра тұру керегін айтты, әйтпесе, семсерді суырып алсаңдар, Басильо сол бойда жан тапсырады, деді. Бұл екі аралықта Басильо тіршілік белгісін білдіре бастады, сосын әлсіз де аянышты үнмен былай деді:


— Егер сен, рақымсыз Китерия, өлім аузында жатқан маған әйелім болуға ырза екеніңді білдіріп қолыңды берсең, онда мен есалаңдығымды ақтап алатын сылтауым бар деген оймен өлген болар ем, өйткені тек соның арқасында ғана сендік болу рақатына бөленер ем.


Бұған жауап ретінде священник Басильоға тән қызығынан гөрі жанының жаһаннамнан аман қалуы турасында ой кешкені мақұл болатынын, құдайдан күнәлары мен қатыгез қылығын кешіруін сұрап жалынып-жалбарынуы керегін айтты. Басильо Китерия өзіне келісім бермейінше өліп кетсе де арыздаспайтынын, тек осы қуаныш қана ерік-жігерін нығайтып, арыздасарлық күш тауып беретінін мәлім етті.


Жаралының сөзін естіген Дон Кихот қатты дауыстап, оның өтініші әбден заңды да қисынды, оған қоса орындауға жеңіл екенін, егерде сеньор Камачо сеньора Китериямен ізгі ниетті Басильоның жесірі ретінде некеге тұрса, онда оның қызды әкесінің өз қолынан алумен тең дәрежеде құрметке бөленетінін жария қылды:


— Қазір тек “иә” деген сөзді айту ғана талап етіледі және бұл сөзді айту қалыңдыққа ешқандай міндет жүктемейді, өйткені күйеу жігітке неке төсегі қабірден бұйырғалы тұр.


Камачо мұның бәрін естіп тұрды және мұның бәрі оны әрі ашындырып, әрі абыржытып жібергендіктен не істеп, не қоярын да, қандай жауап қайтарарын да білмеді; алайда Басильо достарының оған Китерияның өлім аузында жатқан адаммен некеге тұруына кеңшілік жасауы керегін, өйтпеген жағдайда ана дүниеге көңілі тыншымай аттанған Басильоның жаны жабырқау болатынын айтып табандап тұрып алғаны сонша, ақыр соңында олар Камачоны егер Китерия келіссе қарсылық білдірмейтінін, өйткені өз тілегінің орындалуы тек кірпік қағымға ғана кейін шегінетінін айтуға көндірді, дұрысырағы, мәжбүр етті.


Сол арада бәрі Китерияға жүгіріп келіп, бірі жылап, бірі жалбарынып, енді бірі орынды дәлел келтіріп бейшара Басильоға келісімін беруге үгіттей бастады, қыз болса, мәрмәрден бетер жансыз, мүсіннен бетер қимылсыз секілді боп көрінді, шамасы, не дерін білмей тұрған сияқты еді, ал, расында, жауап қайтаруға ынтасы да, ықыласы да жоқ-ты, егер священник бір шешімге келуі керегін, өйткені Басильоның жаны тәнінен ажырауға жақын қалғанын, не де болса бір жағына шығуы қажет екенін айтпағанда, бәлкім, жауап қайтармас та еді. Бұдан соң абыржып-абдыраған, кейіп-кескінінен қатты қайғырып, өкінішке батқаны айқын аңғарылып тұрған Китерия сұлу ләм деп жақ ашпастан Басильоға қарай бет алды, ал анау болса бұл кезде көзі аларып, жиі-жиі әрі үздіге тыныс алып, Китерияның есімін естілер-естілмес күбірлеп жатқан және осындай нышандарына қарағанда христиан боп емес, мәжуси боп өлетіндей көрінген. Китерия оның қасына жақындап келді де, тіл қатпастан жүрелеп отыра кетіп, оған қолыңды соз деген ишарат жасады. Басильо көзін ашып, қызға тесіле қарап қалды, сосын былай деп сөйлеп кетті:


— Беу, Китерия! Қаншалықты жанашыр екеніңді көрсетпекке келіп тұрған осы бір сәт маған өте ауыр тиіп тұр: аяушылық білдіруің өмірімнің өзегін үзетін пышаққа айналмақшы, өйткені қалаулың екендігім жайындағы ойдан жан рақатын табуға шамам келмей жатыр, сол сияқты азабымды доғарарлықтай да дәрменім жоқ, себебі ажалдың үрейлі көлеңкесі жанарымды тым жедел тұмшалап барады. Сенен өтінерім біреу ғана, беу қасіретті жұлдызым: егер келісім беруімді сұрасаң және өзің де маған келісім бергің келсе, онда мұны мені есіркеу үшін немесе қайтадан алдаусырату үшін жасама, — жоқ, сен қолыңды заңды жұбайыңа өз еркіңмен созып тұрғаныңды мойында және соны жария ет, өйткені дәл осындай сәтте мені алдаудың және мүләйімсудің реті жоқ, өйткені өз басым сенің алдыңда әрдайым шыншыл болғам.


Осы сөздерді айтып жатып ол әлденеше рет естен танып қалды, қасында тұрғандар соны көріп, егер тағы бір осылай талып түссе құдайға жанын тапсырып та қояды-ау деп қорықты. Китерия аса бір ибалылықпен әрі ұялшақтап, оң қолын Басильоның қолына қойып, былай деді:


— Бұл дүниеде мені ешкім алған бетімнен айныта алмайды. Сөйтіп, енді заңды жұбайың болуға ырзашылық білдіргенімнің белгісі ретінде саған қолымды өз еркіммен ұсынам және егер өз қалауыңмен ұсынсаң, егер асығыс әрекетің нәтижесінде тартып жатқан тауқыметіңнің салдарынан пайым-парасатың дағдарысқа ұшырап, ақыл-ойыңнан адасып қалып жүрмесең, сенің де қолыңды қабыл алам.


— Дағдарудан да, делқұлылықтан да аман қалпымда және жаратқан ием өзіме тарту еткен ақыл-ойымның сау-сәлемет жағдайында саған қолымды берем, — деп жауап қатты Басильо. — Міне, тап осы қалпымда күйеуің ретінде саған басы-бүтін беріліп, тағдырымды қолыңа тапсырам.


— Ал, мен әйелің ретінде саған басы-бүтін беріліп, тағдырымды қолыңа тапсырам, — деп іліп әкетті Китерия, — сен ұзақ жыл ғұмыр кеш мейлі, не осы қазір сені құшағымнан суырып молаға алып кетсін мейлі, маған бәрібір.


— Ауыр жарақат алған жігіттің мұншалықты көп сөйлейтіні қалай, — деп құлаққағыс етті сол арада Санчо Панса. — Сүйіспеншілігі жайында үздіккенді қойып, жанын жаһаннамнан аман сақтау жөнінде ойлансын деп айтыңдаршы оған: меніңше, оның жаны тәнін тастап шыққысы келмейтін сияқты, тілінің ұшында тыпыршумен жүр.


Сөйтіп, Басильо мен Китерия бірін-бірі қолынан ұстады, қатты толқығаннан көзіне жас үйірілген священник оларға батасын беріп, күйеу жігіттің жаны о дүниеде жай табуына бағыштап дұға оқи бастады, ал күйеу жігіт болса бата алған бойда-ақ орнынан лып етіп ұшып тұрды да, ішіне қадалған семсерін таңғаларлық шапшаңдықпен суырып алды — денесі оған қынның қызметін атқарған екен. Жұрт бұған қатты таңырқанысты, ал іштеріндегі зейінділігінен зердесіздігі басым кейбірі:


— Ғажайып! Ғажайып! — айқай салды.


Алайда, Басильо:


— Ешқандай да “ғажайып, ғажайып” емес, айла, айла! — деп мәлім етті.


Асып-сасып, не істерін білмей дағдарып қалған священник жүгіріп барып оның жарақатын қолымен сипап көре бастады, сөйтіп семсердің жүзі жігіт денесінің жұмсақ еті мен қабырғаларынан өтпей, осы араға асқан шеберлікпен орнатылған және қан толтырылған, — кейін мәлім болғанындай, айрықша тәсілмен әзірленгендіктен қан ұйымапты, — темір түтік арқылы өткеніне көз жеткізді. Ақыр аяғында священник, Камачо және сол жерде болғандардың бәрі дерлік Басильоның өздерін ақымақ қып, тақыршаққа отырғызып кеткенін түсінді. Алайда, бұл қалжың қалыңдықты, шамасы, онша өкіндірмеген секілді, — керісінше, некесі алдап-арбау арқылы қиылды, сондықтан заңды деп есептелмейді дегенді естігенде, берген сөзін қайтып алмайтынын мәлім етті, осыған қарап жұрт мұның бәрін Китерия мен Басильо өздері ұйымдастырған, екеуінің ым-жымы бір болған деген байламға келді; Камачо мен оның куәлары болса, қатты ашуға мініп, бақталастан кек қайтару үшін қару қолдануды ұйғарды, сөйтіп семсерлерін суырып Басильоға тұра ұмтылды, алайда сол қас қағымда Басильоны қорғау мақсатында да соншама семсер суырылды, тіпті Дон Кихоттың өзі де атқа қонып, найзасын қолына ұстап, қалқанымен барынша оңтайлы көлегейленіп, топты жарып өтіп алға шықты. Мұндай жағымсыз істер өзіне ешқашан ұнап көрмеген және қызықтырмаған Санчо қазандардың қалтарысына, — соның бірінен аса дәмді сүйек-саяқ алып та үлгерген жайы бар-ды, — бой тасалады, өйткені бұл жердің киелі екеніне және кім-кімге де қастерлі саналатынына сенімі нық болатын. Сол екі аралықта Дон Кихот қатты дауыстап сөйлеп кетті:


— Тоқтаңдар, сеньорлар, тоқтай қалыңдар! Махаббаттан көрген жәбірі үшін кек қайтаруға ешкімнің қақы жоқ. Махаббат пен соғыстың бір-бірінен айырмасы аз екенін қаперге алыңдар, ендеше жауды жеңу үшін соғыста түрлі айла-шарғы қолдану — рұқсат етілген және әдеттегі әрекет болса, махаббат майдандары мен сайыстарында да көздеген мақсатқа жету үшін не қилы қитұрқыға барудың сөкеттігі жоқ — тек бұл амалдар сүйген адамын жәбірлеп, абыройын төкпесе болды. Китерияға Басильомен, Басильоға Китериямен табысу жазған болатын: жаратқанның әділ де ұнамды шешімі осындай еді. Камачо — бай адам, өзі ұнатқанның бәрін қай жерден болсын, қашан болсын және қалай зауқы соқса солай сатып ала алады. Ал, Басильоның, жұрт айтатындай, жалғыз тоқтысы ғана бар, ал оны одан тартып алуға, қаншалықты құдіретті болсын мейлі, ешкімнің қақы жоқ, өйткені құдай қосқанды адам ажыратпауға тиіс, ал кімде-кім ажыратуға талап қылса, ол ең алдымен найзамның өткір ұштығынан дәм татуға тиіс болады.


Сол арада оның найзасын бар күшпен екіленіп және ерекше ептілікпен оңды-солды бұлғағаны сонша, оны танымайтындардың аза бойы қаза болды. Ал Китерияның менсінбеушілігі Камачоның көңілін жер қылғаны сондай, одан сол бойда-ақ жерініп кетті, сол себепті әр нәрсенің ретін білетін, көргені көп священниктің жұбату сөздері Камачо мен жақтастарының көкейінен шыққандықтан, көңілі жай тапқан олар сабасына түсіп, семсерлерін қынға сұқты; енді олар айлакерлік жасаған Басильодан гөрі, тұрақсыздық жасаған Китерияны көбірек кінәлап жатқан-ды; Ал, Камачо болса, Басильоны жастайынан ұнататын Китерия күйеуге шыққан күнде де, бәрібір, оны ұнатуын қоймас еді, сондықтан ол, Камачо, Китериядан құтылғаны үшін құдайға көптен-көп алғыс айтуға тиіс, бірақ ешқандай наразылық білдірмегені жөн деген тоқтамға келді.


Камачо мен оның жасағы жуасып, сабасына түскен соң Басильоның жасағы да тыныш тапты, ал Камачо бай қалжыңға ренжімегенін, оған бәлендей мән бермейтінін көрсетпекке, бейне бір шынымен-ақ өзінің үйлену тойы өтіп жатқандай, ойын-сауықты одан әрі жалғастыруға ниет қылды, алайда Басильо мен қалыңдығы, сондай-ақ олардың тілеулестері бұл мейрамға қатысуға ықылас білдірмей, Басильо тұратын селоға аттанып кетті: байлардың жанында жағымпаздар мен құйыршықтар қашанда қаптап жүретіні секілді, кедейлерде де, егер олар ізгі ниетті және парасатты адам болса, бірге еріп жүретін, құрметтейтін және қорғайтын достар болады.


Басильоның жасағы Дон Кихотты да шақырды, себебі оны құрмет тұтуға лайық әрі ер мінезді адам деп бағалаған-ды. Камачоның ас та төк тойында, — айта кетерлігі, бұл той түннің бір уағына дейін созылыпты, — бола алмайтынын білген Санчоның ғана қабағы жазылмады; осы жағдаятқа байланысты, қапалы да қамкөңіл Санчо мырзасы мен Басильо достарының соңында салпақтап келе жатты; ол Египет қазандарын артта қалдырып бара жатыр еді, алайда ол қазандардың жарқын бейнесі жүрегінде болатын, ал өзімен бірге кәстрөлге салып әкетіп бара жатқан, бәрін түгел дерлік жеп, түгел дерлік тауысуға қалған сүйек-саяқтар болса, өзіне жоғалтқан игіліктерінің ғаламаттығы мен шектен тыс молдығының айғақ-нышаны секілді елес беретін; осылайша, терең ойға шомып тұнжыраған, алайда қарыны тоқ Санчо сұр жорғасын тепеңдетіп Росинанттың соңынан еріп келе жатты.


ХХІІ тарау


Бұл тарауда Ламанчаның қақ төрінде орналасқан Монтесинос үңгіріндегі үрейлі шытырман оқиға жөнінде және бұл оқиғаның айбынды Ламанчалық Дон Кихот үшін аса абыройлы аяқталғаны жайында әңгімеленеді


Өздерін жақтағанының қарымтасы үшін жас жұбайлар Дон Кихотқа құлақ естіп, көз көрмеген көп құрмет-қошемет көрсетті, батырлығына қалай қайран қалса, даналығына да солай таңырқанысып, ерлігін бағалап екінші Сидке, ділмарлығын бағалап екінші Цицеронға теңеді. Ақпейіл Санчо жас жұбайлар есебінен үш күн бойы қатарынан мелдектеді, ал олар, айтқандайын, жалған жарақат жайында Китерия сұлуға алдын-ала хабар етілмегенін, бұл әурешілікті Басильоның өзі ойлап тапқанын және бәрі де ойдағыдай болар деп дәмеленгенін, ақыры, шын мәнінде де солай боп шыққанын мәлім етті; дей тұрғанмен, Басильоның мойындауынша, қажеттілік туған жағдайда өз әрекетін қолдап, өтірігі әшкереленіп қалуына жол бермеу үшін, ойға алған ісі жайында достарының кейбіріне, бәрібір, айтуына тура келіпті.


— Ізгі мақсатты көздеген істі алдамыш деуге әсте болмайды, — деді Дон Кихот.


Бұдан соң ол бір-бірін сүйетін екі жанның некеге тұруы аса бір ғанибет нәрсе боп табылатынын, ал махаббаттың ең қас жауы аштық пен көз аштырмас жоқшылық екенін, өйткені махаббат деген, әсіресе нақсүйер ғашығына қол жеткізген шақта, үзілмес-тынбас шаттық, шалықтау мен жан рақатын табуға айналатынын, міне, тап осы кезде оны бітіспес жауы — жоқшылық пен кедейлік қыспаққа алатынын айтып өтті; мұның бәрін ол, Дон Кихот, өнердің сеньор Басильо өзі үлкен ықылас білдіретін түрлерімен айналысудан тыйылғаны жөн деген мағынада құлаққағыс етіп отыр, өйткені мұндай жаттығулар оған атақ әпергенімен ақша әкелмейді, сондықтан ол өзіне әрі заңды, әрі ақыл-айла қажет болатын жолмен дәулет жиюы қажет, ал ептейлі де еңбекқор адам мұндай жолды қайтсе де таппай қоймайды. Айдай сұлу әйелі бар құрметті кедей (алайда, ақиқатына келсек, кедейге құрмет көрсетілетін кез кемде-кем) шын мәніндегі асыл қазына иесі, ал оны одан тартып алу да бір — оның ар-намысын тартып алып, аяққа таптау да бір. Кедейге тұрмысқа шыққан сұлу да жібі түзу әйелді лаврмен және пальма бұтағымен, жеңіс және салтанат гүлтәжімен марапаттаған жөн. Сұлулық оны көріп, біліп тұрғандардың жүрегін өз-өзінен жаулап алады, — тәкаппар бүркіттер мен биікте самғайтын басқа да құстарды ол өзіне құдды бір дәмі ауыздан кетпес шырға тәрізді тартады, бірақ сұлулыққа тапшылық пен жоқшылық серіктессе, онда оған қарға, құзғын және басқа да жыртқыш құстар үйірсектейді, міне осындай сын-сынақтан сүрінбей өткендер ғана жұбайының гүлтәжі атануға лайықты.


— Мына сөзімді ұмытпаңыз, зерделі Басильо, — деп Дон Кихот әңгімесін әрмен жалғады, — әлдебір данышпан айтыпты: жер-дүниеде бір ғана лайықты әйел бар, депті; сосын: әркім өз жұбайын сол жалғыз ғана лайықты әйел деп ойлауға және есептеуге тиіс, сонда көңілі тыныш болады, деп кеңес беріпті. Мен бойдақпын, үйленудің жайы осы күнге шейін қаперіме кірмепті, дей тұрғанмен, егер біреу-міреу менен лайықты әйелді қалай табуға болады деп сұраса, оған тәуір кеңес беруге тәуекел етер ем. Ең әуелі әйелдің дәулетінен бұрын жақсы аты жайында ойлануы керегін айтар едім, өйткені ізгі қасиеттер иесі боп табылатын әйел жөніндегі жақсы лепес тек ол шын мәнінде сондай болғандығынан ғана емес, сонымен бірге жұрттың оны ізгі қасиеттер иесі санайтындығына да байланысты кеңінен тарайды: олай болатын себебі, әйелге құпия кемшіліктерінен гөрі өзін шектен тыс еркін ұстайтындығы мен көзге ұрып тұрған ұятсыздығы көбірек зиянын тигізеді. Егер үйіңе жақсы әйелді әкеп кіргізсең, оның жақсы қасиеттерін сақтау және тіпті онан әрі жетілдіру жөнінде көп әуре болудың қажеті жоқ, ал егер жаман әйелді әкеп кіргізсең, оны тәрбиелеу әсте оңайға түспейді, өйткені бір шетін қасиеттен екінші шетін қасиетке ауысу жеңіл шаруа емес. Мен мүлдем мүмкін емес деп тұрғам жоқ, бірақ, өз ойымша, бұл көп қиындық әкелетін болуға тиіс.


Мұның бәрін тыңдап алған Санчо өзіне-өзі былай деді: “Салиқалы да сындарлы бірдеңе әлдеқалай аузымнан шыға қалса, әдетте мырзам: саған тек кафедраны қолтығыңа қысып алып, күллі әлемді кезіп, халықты уағызшылық өнеріңмен тамсандыру ғана қалып тұр, деп бөстіреді, ал мен ол жөнінде былай деген болар ем: нақыл сөздерді үйіп-төгіп, ақыл айтуға шеберлігі сондай, оған тек бір кафедраны ғана қолтығына қысу аз, әр саусағына екеу-екеуден кигізіп алып, уағызды оңды-солды бұрқырата беру ғана қалып тұрғандай. Бұл кезбе рыцарь неғылған жан өзі, білмейтін нәрсесі жоқ! Әу баста мен оны тек рыцарьлық қарекеттен басқаны қақпайтын шығар дегем, әсте олай болмай шықты: бәріне араласады, барлық жерге тұмсығын сұғады”.


Санчо осылай күбірлеп отырған, оны Дон Кихот естіп қалып:


— Сен не деп күбірлеп отырсың, Санчо? — деп сұрады.


— Мен ештеңе айтып та, күбірлеп те отырғам жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — мен тек: шіркін-ай, ақыл-кеңестеріңізді өзім үйленбес бұрын естісем қандай жақсы болатын еді, деп ойладым, — сөйтсем, қазір, бәлкім: “Байланбаған бұқа жақсы жаланады”, деп жүрер едім.


— Немене, Тересаң соншалықты жаман ба, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.


— Онша жаман да емес, онша жақсы да емес, — деп жауап қайтарды Санчо. — не қылғанда да, әйтеуір, көңілімдегідей емес.


— Әйеліңді жазғырып абырой таппайсың, өйткені ол балларыңның анасы ғой, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.


— Енді екеуіміздің есебіміз түгел, — деді Санчо келісіңкіремей, — ол да кейде зауқы соққанда, әсіресе біреуден қызғанғанда, мені жақсылап жазғырып алады, — әбден құлағымның құрышын қандырады.


Сөйтіп олар жас жұбайларда үш күн қонақ болды, жұбайлар бұларды патшадай құрмет тұтып, төбелеріне көтерді. Дон Кихот сайыскер-лиценциаттан өздерін Монтесинос үңгіріне бастап баратын жолбасшы тауып беруін сұрады, өйткені соның ішіне дендеп еніп, осы төңіректегі жұрттың ондағы ғажайыптар жайында айтып жүргені шын әлде жалған екеніне іс жүзінде көз жеткізуге ынтық боп тұр еді. Лиценциат оған немере інісін қосып беретінін, оның үздік үлгерімді студент әрі рыцарьлық романдарды керемет ұнататын жігіт екенін айтты, сондай-ақ бұл студенттің оларды үңгірдің аузына дейін алып баратынын, одан соң жалғыз тек Ламанчаға ғана емес, мұқым Испанияға даңқы жайылған Руидера айдындарын да көрсететінін хабарлады; оған қоса, лиценциат Дон Кихоттың студентпен екеуара әңгімеден де ләззат таба алатынын, өйткені оның баспа жүзін көруге және шонжарларға бағышталуға әбден лайық кітаптар жазып жүргенін құлаққағыс етті. Айтқандай-ақ, ұзамай ерттелген еріне әлде алабажақ кілем, әлде алабажақ кендір мата жабылған буаз мәші мінген студент те төбе көрсетті. Санчо Росинантты ерттеп, сұр жорғасын әзір қылды, қоржынын да сықай толтырып алды, — айта кетерлігі, студенттің қоржыны да аузы-мұрнынан шығып тұрған-ды, — сөйтіп, құдайдан тілеу тілеп, үй иелерімен қоштасқан жолаушылар атақты Монтесинос үңгіріне қарай бағыт ұстады.


Жолшыбай Дон Кихот студенттен қай бағытта ізденіс жасап, немен айналысып жүргенін сұрады, студент болса, зайырлы ғылымдармен шұғылданатынын, ал ізденістері мемлекет үшін мейлінше пайдалы әрі оқуға да өте қызықты кітаптар жазуға арналғанын айтты; кітаптарының бірі Костюмдер жайында деп аталатынын, мұнда жеті жүз үш түрлі костюмге, бұлардың түсіне, девизі мен эмблемасына сипаттама берілетінін, сондықтан мерекелер мен ойын-сауықтар кезінде сарай адамдарының басқа біреулерден ақыл-кеңес сұрап немесе қажеті мен талғамына сай келетін костюм жайында бас қатырып әуре-сарсаңға түспей-ақ мұның кітабынан өздеріне ұнайтын кез-келген үлгіні іздеп тауып алуына болатынын хабарлады.


— Менде қызғаншаққа да, тауы қайтқанға да, ұмыт қалғанға да, сағынышта жүргенге де лайық костюм бар және оларға өте жарасады. Бұдан басқа менде жаңалығы мен өзіндік ерекшелігі мол тағы бір кітап бар, оны Метаморфозалар немесе Испандық Овидий деп атағым келеді: онда мен Овидийді қалжыңбасқа айналдырам да, Хиральда Севильская мен Магдалина періштесі деген кім, кордовалық Каньо де Весингерра деген кім, Гисандо бұқалары, Сьерра Морена, мадридтік Леганитос пен Лавапьес фонтандары, сондай-ақ Пьохо, Каньо Дорадо мен Приора деген не — міне осылар жайында әңгімелеймін, астарлы сөздер мен ауыспалы мағынадағы сөздерді, сондай-ақ сөз ойнату тәсілдерін аямай қолданам, сондықтан кітабым әрі көңіл көтеріп, әрі таң-тамаша қалдырып, әрі тағылым беретін болады. Бұдан басқа Вергилий Полидорға қосымша деп атамақшы тағы бір кітабым бар; мұнда түрлі нәрсенің қалай ойлап табылғаны жайында сөз болады, бұл кітап менен терең білім мен тер төгіп еңбек етуді керек етті, себебі Вергилий қалыс қалдырған көп нәрсенің жай-жапсарын өзімнің анықтауыма тура келді және мұны көркем тілмен әңгімелеп берем. Мәселен, Вергилий дүниеде кімнің ең алғаш тұмау тиіп ауырғанын және француз сырқатынан сауығу үшін сылауды кімнің ең алғаш қолданғанын айтуды ұмытып кеткен, ал мен бұлар жайында зәредей шүбә келтіруге болмайтын мәлімет берем және жиырма бестен астам авторға жүгінем — бұл кітаптың маған қандай күшке түскенін және оның барша жұртқа қаншалықты пайдалы болатынын енді өзіңіз бажайлай беріңіз.


Студенттің әңгімесін мейлінше мұқият тыңдаған Санчо былай деп тіл қатты:


— Құдай оңғарып, кітапшаларыңыздың бәрін басып шығаруға жазсын, сеньор, ал енді сіз маған мынаны айта аласыз ба, — жә, не деп тұрмын өзі, әрине, айта аласыз, өйткені бәрін білесіз ғой, — дүниеде ең алғаш басын қасыған кім? Мен өзім бұл түп атамыз Адам деген пікірді ұстанам.


— Әбден мүмкін, — деді студент. — Адамның басы да, шашы да болды — бұған ешкім күдік келтіре алмайды, ендеше, оның кей-кейде басын қасуы да ықтимал, өйткені ол жер бетінде пайда болған тұңғыш кісі ғой.


— Мен де солай ойлаймын, — деді Санчо, — ал енді айта қойыңызшы, әлемдегі ең алғашқы акробат кім?


— Шынымды айтсам, туысқан, — деді студент, — бұл сұрағыңа қазір жауап бере алмаймын, ол арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл шаруамен үйге барған соң айналысам, — онда қажет кітаптың бәрі бар, — сосын қайта кездескенімізде саған қанағаттанарлық жауап беретін болам; біз тағы да жүздесерміз деп сенем.


— Жә, сеньор, босқа арам тер боп қайтесіз, — деді Санчо, — өзім аңғарып та қойдым. Білмесеңіз біліп алыңыз, әлемдегі ең алғашқы акробат — Люцифер19 : нәлет айтылып, аспаннан лақтырылған кезде тозаққа барып жеткенше тоңқалаң асумен болған.


— Дұрыс айтасың, туысқан, — деп қоштады оны студент.


Ал, Дон Кихот:


— Бұл сұрағың мен жауабыңды өзің ойлап тапқан жоқсың, Санчо: бұларды бір жерден естігенсің, — деді.


— О не дегеніңіз, сеньор, — деді Санчо келіспей, — сұрақ қою мен жауап қайтаруға бір кіріссем, оллаһи шыным, мені ертеңге шейін тоқтата алмайсыз. Түкке тұрғысыз нәрсе жайында сұрақ қойып, түкке тұрмайтын жауап қайтару үшін көршіден көмек сұраудың қажеті жоқ.


— Қандай бағалы сөз айтқаныңды өзің де білмейсің, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Әлдебір нәрсенің құпиясын анықтап білуге кейбіреулер соншалықты көп күш жұмсайды, ал ақыры анықтап білген кездерінде мұның ақыл-ойымыз үшін де, қаперіміз үшін де қара тырнақтай құндылығы жоғы мәлім боп шығады.


Олардың бір күні осындай және осыған ұқсас ұнамды әңгімемен өтті, ал түнемеге олар бір шағын деревняға тоқтады, сол жерде студент Дон Кихотқа Монтесинос үңгірі осы арадан екі мильдей ғана жерде екенін, егер оның ішіне дендеп ену жөніндегі шешімінен таймаса, төмен түсу үшін белге байланатын арқан тауып алу керегін айтты; Дон Кихот ол әншейін үңгір емес, құрдым болған күнде де түбіне жетуге борышты екенін паш етті; сол мақсат үшін олар ұзындығы жүз брасқа жуық арқан сатып алды да, ертеңіне түс ауа сағат екілерде үңгірге келіп жетті: оның төмен қарай бастайтын даладай кең ауызын шомырт, қурай, жабайы інжір мен қара бүлдірген бұталарының ну жыныс боп өскен қорысы көзден жасырып көрсетпей тұрған. Үңгірге жақындаған соң студент, Санчо және Дон Кихот көліктерінен түсті, бұдан соң алғашқы екеуі Дон Кихоттың беліне арқанды шешілместей ғып байлап берді; оның белін осылай байлап-матап жатқан кезде Санчо оған былай деп тіл қатты:


— Не істегелі жатқаныңыз жайында ойланып көрсеңіз етті, мархабатты мырзам, өзіңізді өзіңізді тірілей жерлемесеңізші және салқындату үшін құдыққа түсіретін бөтелкеге ұқсамасаңызшы. Шынында да, тақсыр, үңгірді зерттеу деген сіз айналысатын іс емес қой, мұның сізге түкке де қажеті жоқ қой, оның үстіне, шамасы, бұл зындан атаулының бәрінен де жаман шығар.


— Сөзді қой да, дұрыстап байла. Бұл, достым Санчо, тек маған ғана арналған ерлік, — деді Дон Кихот.


Сол арада жол бастаушы сөзге килікті:


— Құдай ақы, сеньор Дон Кихот, барынша сақ болыңыз, ана жақта, тереңде өзіңізге жолығатын нәрселердің бәрін ықыласпен зерделеңіз, — бәлкім кейбірін Құбылыстар жайындағы кітабыма кіргізетін де шығармын.


— Ғалымды оқытып опа таппайсың, — деп құлаққағыс етті Санчо.


Байланып (сауыт-сайманының сыртынан емес, камзолының сыртынан) болғаннан кейін Дон Кихот былай деді:


— Біз бір аңғалдық жасап алдық: құйттай қоңырау ала шығуымыз керек еді — соны арқанға іліп қойғанда, қоңырау соғып сендерге өзімнің әлі тірі екенімнен, төмен қарай түсіп бара жатқанымнан белгі беріп тұрар едім, алайда енді ондай мүмкіндіктен айрылғандықтан мен тек жаратқанға ғана сенім артам және жолымды соған тапсырам.


Сол арада ол тізерлей кетті де, күбірлеп дұға оқыды, құдайдан жәрдем тіледі, осынау әрі қатерлі, әрі әдеттен тыс көрінетін шытырман оқиғаның сәтті аяқталуын сұрап жалбарынды, одан соң қатты дауыстап сөйлеп кетті:


— Беу, барлық іс-әрекетім мен ізгі ниеттерімнің әміршісі, тәкаппар да теңдесі жоқ Дульсинея Тобосская! Егер өзіңді пір тұтатын бақытты жанның өтініш- тілегі құлағыңа жетер болса, онда көз тартарлық келбетіңнің атымен жалбарынам — құлақ сал сөзіме: өйткені, өзім қазір бұрынғы қай кездегіден де көбірек мұқтаж боп тұрған көмегің мен қамқорлығыңнан басқа ештеңе сұрағалы тұрған жоқпын ғой сенен. Егер мені қанатыңның астына алсаң, онда адам баласының шама-шарқы келмейтін қандай ерлікке болсын тәуекел етуді өзіме парыз санайтынымды және іске асыратынымды айдай әлемге паш ету үшін, жалғыз тек сол үшін ғана, қазір мына қарсы алдымда аңырайып жатқан құрдымға құлауға, құлдырауға, құлдилауға ниеттеніп тұрмын.


Осыны айтып ол шыңырауға қарай бет алды, бірақ қолдың күші, балтаның жүзімен жол салмайынша үңгірдің аузына өте алмайтынына көзі жеткеннен кейін, семсерін суырып алды да, үңгірге барар жолды бітеп тастаған бұталарды олай да бұлай шауып, кескілей бастады, осының салдарынан шыққан шу мен сатыр-сұтырдан үріккен дырау-дырау құзғындар мен шәу қарғалар үңгірден қарақұрым боп ұшып шықты, — олардың лек-лек болып және асқан жылдамдықпен ұшқаны сонша, ақыр соңында Дон Кихотты құлатып түсірді, егер ол қаншалықты ықыласты католик болса, соншалықты жоқты-барға нанғыш адам болғанда, мұны жаман ырым санап, мынадай жерге аяқ басудан айнып қалған болар еді.


Ақыры ол тұрды, сосын үңгірден құзғындардың да, оларға қосыла ұшып шыққан жарғанат секілді түнде жем іздейтін басқа қанаттылардың да ұшуы тиылғанын көріп, студент пен Санчоға арқанды сәл-пәл босатуға әмір етіп, өзі үрейлі үңгірге түсе бастады; түсерінің алдында Санчо оған батасын беріп, мың мәрте шоқындырып тұрып, былай деді:


— Өзіңе, кезбе рыцарьлардың гүліне, қаймағына һәм сүйек-саяғына, бір құдайдың өзі, Франция Жартасы құдай анасы мен Гаэтаның үш кейіптегі бейнесі жар болсын! Алға, әлемдегі ең бірінші көзсіз батыр, болат жүрек, мыс білек! Жаратқан жар болсын деймін саған, түбіне бойлауға есіл-дертің кетіп тұрған мына қара түнекке бола тастап кетіп бара жатқан өміріміздің жарығына бәле-жалаға жолықтырмай, дені-қарның сау қалпыңда, аманшылықта алып шыққай-дағы сені ол.


Студент те осыған ұқсас дұға оқып, жалбарынды.


Дон Кихот арқанды түсіруді сұрап айқайлаумен болды, Санчо мен студент аз-аздан жіберіп тұрды; үңгір түбінен естіліп жатқан айқай толас тапқан кезде бұлар өздері әкелген жүз брас арқанның түгел тарқатылып кеткенін байқады, сол себепті Дон Кихотты қайта шығарып алуға ұйғарым жасалды, өйткені арқан таусылған еді. Алайда олар тағы да жарты сағат кідірістеді, осы мерзім өткеннен кейін екеуі арқанды тартуға кірісті — бейне бір арғы шетінде ешқандай ауыр жүк жоқтай арқан тарту оларға өте жеңілге түсті, соған қарап бұлар Дон Кихот үңгірде қалып қойған екен деген байламға келді. Санчо соны ойлап еңіреп жылап жіберді, сосын бұл ойының терістігіне көз жеткізбекке арқанды еселенген жігермен екіленіп тарта бастады; сөйтіп, өздерінің шамалауынша сексен брастайын жинаған кезде, кенет ауыр салмақ сезілді, олар бұған ес-түс жоқ қуанды. Ақырында, бар-жоғы он брастай ғана қалғанда Дон Кихоттың жүзі анық көрініп, Санчо қуанғанынан:


— Аман-сау оралуыңызбен, мархабатты мырзам! Сізді ол жақтағы біреулер бағып-қағу үшін алып қалған екен деп ойлап едік, — деді.


Дон Кихот, алайда, түк жауап қатқан жоқ; оны жер бетіне біржола шығарғаннан кейін ғана олар Дон Кихоттың көзі ұйқыдағы адамның көзіндей жұмық екенін көрді. Оны жерге жатқызып, арқанның байлауын шешкендерімен, анау ұйқысынан оянар болмады; соны көрген бұлар оны бір бүйірінен екінші бүйіріне аунатып, сілкілеп-жұлқылай бастады, сөйтіп арада әжептәуір уақыт өткеннен кейін барып ол ақыры өзіне-өзі келіп, қалың да қатты ұйқыдан оянғандай керіле бастады, сосын жан-жағына шошына қарап алып, былай деді:


— Құдай өзі кешіргей-дағы сендерді, достарым, бұ дүниедегі тірі пенде атаулының ешқайсысы бұрын-соңды бастан кешпеген, бұрын-соңды тамашаламаған, тәнті ғып табындыратын ең керемет тіршіліктен және ырза ғып тамсандыратын ең керемет көріністен айырдыңдар мені. Бұл жалғанның күллі қызығы мен қуанышы көлеңке секілді, көрген түс секілді ғайып болатынына осы жолы шынымен анық көз жеткіздім. Беу, бақытсыз Монтесинос! Беу, ауыр жаралы Дурандарт! Беу, жолы ауыр Белерма! Беу, көзінен жасы кеппейтін Гуадиана және сендер, суларың сүйкімді көздеріңнен аққан жастан құралған Руидераның бағы ашылмаған бейбақ қыздары!


Жүрек түкпірінен ауыр азаппен ағытылғандай әсер қалдырған Дон Кихоттың бұл сөзін студент пен Санчо бар ықыласпен тыңдады. Ақыры одан бұл айтқандарының мән-жайын түсіндіруді және жаңағы тозақта не көріп, не қойғанын әңгімелеп беруді өтінді.


— Сендер оны тозақ үңгірі демексіңдер ме? — деп сұрады Дон Кихот. — Оны олай деп атамаңдар, ондай атауға лайық емес ол және бұған қазір-ақ көздерің жетеді.


Дон Кихот аштықтан бұралып отырған-ды, сондықтан жейтін бірдеңе сұрады. Серіктері көк шалғынға студенттің кендір матасын жайып, қоржыннан азық-түлік шығарды, сөйтіп үшеуі ың-шыңсыз отырып түскі және кешкі тамақтарын бірге қосып ішіп алды. Кендір мата жинап алынғаннан кейін Ламанчалық Дон Кихот:


— Осылай отыра беріңдер, балларым және сөзіме зейін сала құлақ қойыңдар, — деп мәлім етті.


ХХІІІ тарау


Қайтпас-қайсар Дон Кихот керемет терең Монтесинос үңгірінде көрдім деген, бірақ ақылға сыймайтындығы мен қайран қалдыратындығы соншалық, болған-болмағаны да күмән туғызатын таңғаларлық жайлар жайында


Түс ауа сағат төртке таман күн көзі бұлтқа жасырынды да, жарығы бұлыңғыр тартып, сәулесінің қызуы қайтыңқырап қалды, мұның өзі Дон Кихоттың аптаптан азап тартпай, қадірменді тыңдаушыларына Монтесинос үңгірінен не көргені жайында баппен баяндап беруіне жақсы жағдай жасады; сөйтіп, ол былай деп бастады:


— Жер астындағы мына қапаста, оң қол жақта, он екі ме әлде он төрт пе сажындай20 тереңдікте, қашыр жегілген ырдуан арба сиятындай ойпаң бар. Жердің бетіне дейін жетіп жатқан саңылаулардан ба әлде сызаттардан ба, болмашы жарық себезеленіп тұр. Бұл кеуек пен кеңістікті арқанға ілініп, салбырап тұрған кезімде, әл-қуатым азайып, осынау қараңғылық патшалығына жол жоқ, жоба жоқ, жорамалдап түсіп келе жатқаным жынымды келтіре бастаған шақта байқап қалғам, сондықтан осы кеуектің ішіне кіріп кішкене демалғанды жөн көрдім. Өзім жібер дегенше арқанды жібермей тұра тұрыңдар деп сендерге айқайлап едім, шамасы, естімегенсіңдер ғой. Өздерің үсті-үстіне жіберіп жатқан жіпті жинап алдым да, оны тайлап, басқаша айтқанда, будалап, соның үстіне отырып, енді қазір ешкім сүйемелдемейтіндіктен құрдымның түбіне қалай түсуіме болатыны жайында қатты қамығып ой кештім; осылайша көңілім алай-түлей боп ауыр ойдың үстінде отырған шағымда аяқ астынан және еркімнен тыс түрде мені қалың ұйқы қамады, одан соң күтпеген жерден, қалай, неліктен және не себепті екенін өзім де білместен, одан әдеміні табиғаттың өзі де жарата алмайтын, адамның ең оралымды ой-қиялы да туындата алмайтын, керемет сүйкімді, көркіне көз тоймайтын көк шалғында тұрған жерімнен бір-ақ ояндым. Бірден сергіп, көзімді уқалап жіберіп, ұйқтап жатпағаныма, мұның бәрін түсімде емес, өңімде көріп тұрғаныма көз жеткіздім. Әйтсе де, мына шалғында тұрған кім: мына менің өзім бе, жадыланған біреу ме әлде құр әншейін қиял ма, соған қапысыз болмаққа бетім мен кеудемді сипалап көрдім, алайда түйсігім де, сезімім де, басыма келген ойлардың қисындылығы да — бәрі-бәрі дәл қазір қарсы алдарыңда отырғанда қандай болсам, сол жерде және сол кезде тап сондай болғаныма еш күмән қалдырған жоқ. Одан соң көз алдымнан қабырғалары таза да мөлдір хрустальдан жасалған керемет әсем король сарайы ма, әлде қамал-сарай ма, бір ғимарат көрініс берді. Үлкен қақпа айқара ашылып, ар жақтан үстінде етегі жерге сүйретілген ұзын, күлгін-қоңыр бәйке плащы бар әлдебір қадірменді ақсақал шығып, маған қарай жүрді; плащының сыртынан иығы мен кеудесін коллегия тәлімгерлері тағатындай жасыл атлас лента жауып тұр, басына миландық қара телпек киіпті; аппақ қардай сақалы белінен келеді; қолына ұстағаны әлденендей қару емес, бар-жоғы таспиық қана екен, моншақтарының үлкендігі орташалау көлемдегі жаңғақтан да ірілеу, ал әрбір оныншы моншақтың үлкендігі — түйеқұстың кішілеу жұмыртқасындай; қарияның кескін-келбеті, аяқ алысы, маңғаздығы мен әлпетінің айбындылығы — осының бәрі мені қайран қалдырып, есімді шығарды. Ол қасыма жақындап, әуелі мені құшағына алды, сосын былай деп сөйлеп кетті:


“Монтесинос үңгірі деп аталатын мына терең үңгірдің ішінде не барын, бойында не жасырып жатқанын әлемге жария етуіңді күтіп, осынау жадыланған жабырқау қапаста сені, айбынды рыцарь Ламанчалық Дон Кихот, тосып жатқанымызға көп жылдың жүзі болды. Мұнда енуің арқылы сен бір өзіңе ғана арналған ерлікті іске асырдың және мұндай ерлікке қайтпас-қайсар батыл және таңғаларлық табанды адам болғандықтан тек сен ғана тәуекел ете алар едің. Ер соңымнан, қадірменді сеньор, саған мына мөлдір сарайда жасырулы жатқан ғажайыптарды көрсеткім келеді. Мен мұның алькайды және тұрақты бас бақылаушысымын, өйткені осы үңгірге есімі берілген Монтесинос деген мен болам”.


Ол өзін Монтесиноспын деген бойда одан ең жақын досы Дурандарттың жүрегін көкірегінен кішкене қанжармен ойып алып, — дүние саларының алдында Дурандарттың өзі өсиет еткендей, — сеньора Белермаға апарып бергені жөнінде біздегі, жоғары жақтағы, жұрттың айтып жүрген әңгімесі шын ба деп сұрадым. Қария қанжардан басқасының бәрі шын екенін, кішкене қанжармен емес, бізден де үшкір үш қырлы стилетпен ойып алғанын айтты.


— Шамасы, бұл севильялық Рамон де Осес жасаған стилет болды ғой, — деп сол арада Санчо Панса сөзге араласты.


— Ол жағын білмедім, — деп жауап қатты Дон Кихот, — асылы, олай емес шығар: себебі Рамон де Осес беріректе ғұмыр кешті ғой, ал аталмыш жағдаят орын алған Ронсеваль шайқасының өткеніне талай заман болды; жалпы, мұндай тіміскілік орынсыз нәрсе, бұл оқиғаның ақиқат ағымын өзгерте де, бұза да алмайды.


— Жөн сөз, — деп қоштады оны студент, — айта беріңіз әңгімеңізді, сеньор Дон Кихот, сізді зор ықыласпен тыңдап отырмын.


— Мен де одан кем ықыласпен айтып отырған жоқпын, — деп іліп әкетті Дон Кихот. — Сөйтіп, қадірменді Монтесинос мені хрусталь сарайға қарай бастады, сондағы алебастрмен безендірілген ерекше салқын залдан асқан шеберлікпен мәрмәрдан қашалған мазарды көрдім, онда ұзынынан түсіп бір рыцарь жатыр екен: бұл басқа мазарлардан кездестіріп қалуға болатындай, мыстан да, мәрмәрдан да, яшмадан да жасалмаған, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған рыцарь еді; оң қолы (маған ол әжептәуір түкті әрі бұлшық етті көрінді — бұл рыцарьдың аса қайратты адам болғандығының айғағы ғой) жүрек тұсында жатыр екен. Монтесиностан әлдене жайында сұрап үлгергенімше анау менің табыттағы адамға таңырқана қарап қалғанымды байқап, былай деді:


“Өз заманындағы күллі ғашықтық дертіне шалдыққан һәм жаужүрек рыцарьлардың бетке ұстары мен айнасы, досым Дурандарт осы кісі. Басқа да бірқатар рыцарьлар мен ханымдар секілді мұны да француз сиқыршысы Мерлин жадылап тастады, ал Мерлин жайында жұрт оны шайтаннан туған дегенді айтады, ал меніңше, ол, бәлкім, ібілістің баласы болмаса баласы емес те шығар, бірақ кез-келген шайтанның өзін тақырға отырғызып кететін залым. Ол бізді қалай және не үшін жадылап қойды — бұл жайында ештеңе біле алмадық, бірақ уақыт өте келе мұның бәрі ашылады және бұл уақыт, менің ойымша, алыс та емес секілді. Мені қайран қалдыратыны жалғыз-ақ нәрсе: Дурандарттың ақырғы демі көз алдымда үзілгені және ол өлгеннен кейін жүрегін өз қолыммен ойып алғаным, — ал оның жүрегінің салмағы екі фунттай болған-ды: жаратылыстанушылардың пікірінше, жүрегі үлкен адам, жүрегі кішкентай адаммен салыстырғанда, әлдеқайда өжет болатын көрінеді, — осы қазір түн емес, күндіз екені қандай шындық болса, өзім үшін де тап сондай шындық. Сонда деймін-ау, осының бәрі рас болса, бұл рыцарь шын мәнінде-ақ өмірден өтсе, онда оның тірі адам секілді мезгіл-мезгіл аһылап-уһілеп қоятыны несі?”


Сол арада бақытсыз Дурандарт ауыр күрсініп алып, сөйлеп қоя берді:


Монтесинос, абзал бауырым!


Өлерімнің алдында саған


Мынадай тілек айтқанмын:


Ақырғы демім біткен бойда,


Қанжармен не стилетпен


Ойып ал да жүрегімді кеудемнен,


Жанымдай сүйетін Белермаға


Апарып бер деп сыйлыққа


Мұны естіген қадірменді Монтесинос азап шегіп жатқан рыцарьдың жанына тізерлей кетті де, көзіне жас алып отырып былай деді:


“Беу, сеньор Дурандарт, ғазиз бауырым! Өзіміз жеңіліс тауып, қасірет жамылған сол күні өзің берген әмірді мен бұлжытпай орындап та қойдым: кеудеңде титімдей де түйірін қалдырмай, жүрегіңді барынша мұқият түрде ойып алдым, оны шілтерлі орамалмен сүрттім, сосын тәніңді жерледім: сонда егіл-тегіл еңіреп жылағаным сонша, көзімнің жасы кеудеңе сұққанда боялып шыққан қолымның қанын шайып кетті, одан соң жүрегіңді алдым да Францияға қарай ұшырттым. Соған мынау тағы бір дәлелдеме, ардақты бауырым: иістеніп кетпеуі үшін және сеньора Белермаға сол күйінде жеткізе алмасам, тым құрығанда, тұздалған күйінде табыс ету үшін Ронсевальдан шыққаннан кейін ұшырасқан ең алғашқы елді мекенде жүрегіңе аз-маз тұз септім; алайда данагөй Мерлин өзіңмен бірге, менімен, атқосшың Гуадианамен, дуэнья Руидерамен және оның жеті қызы, екі немере жиенімен, сол сияқты көптеген досыңмен және танысыңмен бірге сеньора Белерманы да ұзақ жылдар бойы осында, жадыланған патшалықта ұстап отыр, содан бері арада бес жүз жылдан астам уақыт өткенімен осы кезге шейін ешқайсымыз өлгеніміз жоқ, — арамызда тек Руидера, оның қыздары мен немере жиендері ғана жоқ: олардың көзі кеппей жылағаны сондай, сірә, жаны ашығандықтан шығар, Мерлин оларды айдынға айналдырып жіберді, енді қазір тірілер әлемінде, соның ішінде Ламанча провинциясында, оларды Руидера айдындары деп атайды. Жеті қызы Испания короліне, екі немере жиені Шоқындырушы Иоанн ордені аталатын қасиетті орденнің рыцарьларына қарайды. Басыңа түскен қасіретті халге бізбен бірге қатты қайғырып жылаған атқосшың Гуадиана өз атымен аталатын өзенге айналдырылды, бірақ бұл өзен жер бетіне шығып, жарқыраған күн көзін көрген бойда өзіңнен айрылып қалғанына жүрегі қан жылап, қайтадан жер қойнына сіңіп кетті, алайда өзен атаулы өзінің табиғи арнасына бой ұсынбай тұра алмайды, сондықтан ара-тұра жер бетіне шығып, күнге және адамдарға жүз көрсетіп қояды. Аталмыш айдындар оны өз суымен қоректендіреді, сөйтіп осылармен және өзіне келіп құятын басқа да бұлақтармен толыққан ол асып-тасып, асқақтап, толқындарын Португалияға қарай лықсытады. Алайда бара жатқан жолының бәрінде ол қайғыру мен қамығудан арыла алмағанын аңғартып отырады, осы себепті өз суында алтын арна Тахо секілді дәмді де қымбат балық өсіруге құлық танытпайды, — тікенекке толы, жеуге жарамсыз балықты ғана өсіреді. Осы қазір өзіңе баян еткен нәрсемнің бәрін, беу, бауырым, саған бұрын да бәленбай рет айтқанмын, бірақ жауап қатпайтыныңа қарағанда, өз ойымша, маған сенбейтін секілдісің әлде естімей ме екенсің, ал мұның қалай жаныма бататыны бір құдайдың өзіне ғана аян. Саған бүгін жаңа хабар әкелдім, бұл жүрегіңнің азабын азайтпағанымен, әйтеуір оны өршітпейтіні анық. Біле білсең, алдыңда тұрған адам — көзіңді ашсаң болды, өзің де көресің — данагөй Мерлин сан рет сәуегейлік жасаған айтулы рыцарьдың тап өзі, әлдеқашан ұмыт болған рыцарьлықты өткен замандардағыдан гөрі көбірек пайдасы тиетіндей етіп біздің заманымызда қайта тірілткен тап сол Ламанчалық Дон Кихот; бәлкім, оның көмегі мен қамқорлығы арқасында жадылаудан арылатын да шығармыз, өйткені ұлы адамдарға ұлы істерді атқару жазған ғой”.


“Ал егер олай болмай шықса, — деді азап шегіп жатқан Дурандарт әлсіз де қарлығыңқы үнмен, — ал егер олай болмай шықса, беу, бауырым, саған айтарым мынау ғана: “Жә, ұтылсақ ұтылған шығармыз — тарат тағы қайтадан”.


Соны айтып екінші бүйіріне аунап түскен ол әдеттегі үнсіздігіне шомды, ләм деп тіл қатқан жоқ. Осы аралықта зар еңіреп жылаған, жоқтау айтқан және бұған қосарланып ауыр-ауыр күрсінген, күңірене боздаған дауыстар естілді. Мен басымды бұрып, хрустальдан жасалған мөлдір қабырғадан келесі залда үлбіреген сұлу қыздардың екі қатар боп жүріп келе жатқанын көрдім, бәрі де үстіне қара жамылып, басына түрік дәстүрінше ақ шалма ораған. Шерудің соңында әлдебір сеньора келеді екен (оның сеньора екенін тәкаппарлау түр-пішіні айғақтап тұрған-ды), ол да қаралы киім киіпті, етегі еденге дейін жететін ақ жамылғы жамылыпты. Оның шалмасы басқа қыздар ораған ең үлкен шалмадан да екі есе үлкен еді; қабағының арасы қосылып кетіпті, тәмпіш мұрын, жайын ауыздау көрінгенімен, еріні алқызыл болатын; оқта-текте аузын ашқан кезде тістерінің сирек әрі онша түзу еместігі байқалатын, әйтсе де аршылған бадам іспетті аппақ еді; қолына жұқалау сүлгі ұстап келеді екен, онда өзім байқап үлгергенімдей, мумия тәрізденіп кеуіп қалған жансыз жүрек ораулы жатыр еді. Монтесинос маған шеруге қатысушылар Дурандарт пен Белерманың қызметшілері екенін, қожайындарымен бірге оларды да осында жадылап ұстап отырғанын, ал арт жақта, сүлгіге оралған жүрек ұстап келе жатқан — сеньора Белерманың өзі екенін айтып берді: аптасына бірнеше рет қызметшілерімен бірге ол осындай шеру ұйымдастырып, Дурандарттың тәні мен азапқа батқан жүрегін аза тұтып ән салады екен, немесе, дәлірек айтқанда, жылап-сықтайтын көрінеді. Сондай-ақ, сеньора өзіңе сәл-пәл сиықсыздау көрінсе немесе, қалай болғанда да, әйтеуір, алып-қашты әңгіме әсірелеп жеткізгендей, ғаламат сұлу көрінбесе, онда бұған кінәлі оның мына жадыланған қамал-сарайда өткізген ақиретті түндері мен ақиреті одан да көп күндері, бұған көзінің астының көгерген жерлері мен бетінің қан-сөл жоқ қуқылдығы дәлел бола алады, деді ол.


“Бетінің қуқылдығы мен көз астының көгеруі, — деп сөзін жалғады Монтесинос, — әсте әйелдерде ай сайын қайталанып тұратын дағдылы дімкәстіктен емес, өйткені, міне, әлденеше ай, тіпті жыл өтті, оның бойынан ондай дімкәстіктің ишараты да білінген емес, — жоқ, бұл басқа бір нәрсені — мәңгі-бақи қолында болатын және сормаңдай ғашығының тақсіретін қаперінде қайта тірілтіп, есіне қайта оралтып тұратын нәрсені көрген кезде жүрегіне түсетін салмақтан, егер мұндай тауқымет тартпағанында сұлулығы, сүйкімділігі мен нәзіктігі жөнінен онымен біздің өңірге, қала берді күллі әлемге кеңінен мәшһүр атақты Дульсинея Тобосскаяның да бақ таласары неғайбыл”.


“Жә, ондай әңгімені қоя тұрыңыз, сеньор дон Монтесинос, — деп оны бөліп жібердім, — құдай ақы, бастан кешкендеріңізді ретімен баяндай беріңіз. Салыстырудың қандайы болсын қашан да жағымсыз әсер қалдыратыны мәлім, ендеше, кімді болсын мейлі, біреуді екінші біреумен салыстырудың қажеті аз. Жан тең келмес Дульсинея Тобосскаяның өз орыны бар, сол секілді сеньора донья Белерманың да өз орыны болды және сол өз орнында қала да бермек, бұл әңгімені осымен доғарайық”.


Бұған ол маған былай деді:


“Сеньор Дон Кихот! Кешірім өтінем сізден. Мүлт кеткенімді және сеньора Дульсинеяның сеньора Белермамен бақталас болары неғайбыл деп аңдамай сөйлегенімді мойындаймын, өйткені кей нышандарға қарап, оның рыцары екеніңізді байқап қалдым, сондықтан тілімді тістей қоюым қажет еді, салыстырар болсам, тек аспанның өзімен ғана салыстыруым керек еді”.


Аяшымды көзімді бақырайтып қойып Белермамен салыстырудың салдарынан сыздықтаған кейістік атақты Монтесиностың ақтала сөйлеген сөзінен кейін басылып қалды.


— Апырай, тақсыр, — деп Санчо сөйлеп кетті, — қалайынша сол бір жаман шалдың жағасынан ала кетіп, қабырғасын қаусатып, сақалын бір талдап жұлмағаныңызға таңырқап тұрғаным.


— Жоға, достым Санчо, — деді Дон Кихот келіспей, — ондай қылық маған жараспас еді, өйткені біз қарт кісілерді, соның ішінде, әсіресе, рыцарь-қарияларды, оның үстіне жадыланған жандарды, құрмет тұтуға міндеттіміз. Әңгімеміздің одан арғы барысында бір-бірімізбен мейлінше сыпайы болғанымызға кепілдік ете алам.


Осы арада студент сөзге килікті:


— Сеньор Дон Кихот, қалай ғана осынша аз уақыттың ішінде жер астынан соншама көп нәрсені көріп, соншама көп нәрсе жайында пікір алмасып және біліп үлгергенсіз, соған ақылым жетпей отыр.


— Ана жақта қанша болдым өзі? — деп сұрады Дон Кихот.


— Бір сағаттан астам ғана, — деп жауап қатты Санчо.


— Олай болуы мүмкін емес, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Ол жақта менің көз алдымда кеш түсті, сосын таңды қарсы алдым, сөйтіп күн мен түн осылай үш мәрте ауысты, демек, өз есебімше, осынау әрі жырақ, әрі көз таса орындарда мен аттай үш күн болдым.


— Мырзамның шындықты айтып отырғанында шүбә жоқ, — деп мәлім етті Санчо. — Егер мұның бәрін ол ғажайып түрде бастан кешсе, онда біздің мұндағы бір сағатымыздың анда, жер астында, үш тәулікке пара-пар болуы да ғажап емес.


— Әбден мүмкін, — деп мақұлдады оны Дон Кихот.


— Ал, сіз онда немен жүрек жалғадыңыз, мархабатты мырзам? — деп сұрады студент.


— Үш күн бойы нәр татқам жоқ, бірақ қарным ашқанын да сезгем жоқ, — деп жауап қатты Дон Кихот.


— Жадыланғандар ше, олар ас іше ме екен өзі? — деп тақымдады студент.


— Жоқ, олар тамақ ішпейді, дәрет сындырмайды, — деп жауап қатты Дон Кихот, — солай бола тұрғанымен, олардың тырнағы мен сақал-шашы өсуін тоқтатпайды деген пікір бар.


— Бірақ жадыланғандар ұйқтауын ұйқтайтын шығар енді, сеньор? — деп сұрады Санчо.


— Әрине, ұйқтамайды, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қалай болған күнде де, әйтеуір, өзім олармен бірге өткізген үш тәулікте ешқайсысы бір сәтке кірпік ілген жоқ, мен де сөйттім.


— “Кіммен аралас-құралас екеніңді айтшы, кім екеніңді айтып берейін” дейтін мақал осы араға өзі сұранып тұр, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Сіз, тақсыр, жадыланған ораза ұстаушылармен және ұйқыдан жерігендермен достастыңыз, ендеше солармен жолдас боп жүргенде тамақ ішпегеніңізге және ұйқтамағаныңызға таңырқаудың реті жоқ. Бірақ, маған ренжи көрмеңізші, тақсыр, осы арада бізге жыр ғып айтқандарыңыздың ешқайсысына сенген жоқпын, өтірік айтсам құдай алып-ақ кетсін мені (“шайтан алып-ақ кетсін” дей жаздап шақ қалғанымды қарашы).


— Сонда қалай болғаны? — деп дауыстап жіберді студент. — Сеньор Дон Кихот не үшін өтірік айтуға тиіс? Ол кісі тіпті шынымен сөйткісі келген күнде де, бәрібір, адам сенгісіз осынша көп оқиғаны қолма-қол ойдан шығарып үлгермес еді ғой.


— Мырзам өтірік айтып отыр деп ойламаймын, — деді Санчо келісіңкіремей.


— Сонда қалай деп ойлайсың? — деп сұрады Дон Кихот.


— Менің ойымша, — деп жауап қатты Санчо, — өзіңіз, тақсыр, көрдім деген, анда, төменде, бірге уақыт өткіздім деген әлгі тобырдың бәрін жадылап қойған Мерлин бе әлде басқа сиқыршылар ма, әлгінде бізге айтып берген және қалғанын кейін айтып беретін хикметтермен басыңызды лық толтырып тастаған.


— Мұның солай болуы да мүмкін еді, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — алайда олай болған жоқ қой, — сендерге айтқанымның бәрін өз көзіммен көріп, өз қолыммен сезінгенмін. Ал, енді қазір саған Монтесинос өзіме аян қылған ұшан-теңіз ғанибет пен ғажайыптың қатарында, — бұл турасында кейін жолда егжей-тегжейлі әңгімелермін, өйткені бұл жерде бәрін бірдей баяндап жатудың қисыны келмей тұр, — үш шаруа әйелді де көргенімді айтсам не дер екенсің? Олар шыбыш секілді секек қағып, секіріп ойнап жүрді, соларға көз салған бойымда, біреуі — жан тең келмес Дульсинея Тобосская, қалған екеуі — сонымен бірге келе жатқан, өзіміз Тобосо маңайынан кезіктірген шаруа әйел екенін бірден тани кеттім. Монтесиностан сұрап едім, ол танымайтынын, бірақ, өз ұғымынша, бұлар жадыланған ақсүйек сеньоралар екенін, мына шалғында жуырда ғана пайда болғанын хабарлады, сондай-ақ мұндай жағдайға таңғалмауым керегін, өйткені бұл жаққа өткен заманның да, осы заманның да сеньоралары көптеп келіп жататынын және бұл сеньораларды сиқыршылардың алуан түрлі және әдеттен тыс кейіптерге енгізіп қоятынын айтты, солардың арасынан бұл, Монтесинос, королева Джиневра мен оның сарай нөкеріндегі ханымы, анау әлгі:


Британиядан келіп жеткен


Ланцелот шарабын ішіп сусынын басқан Кинтаньонаны да көріпті.


Мына әңгімені тыңдаған Санчо өзін осы қазір жынданып кетердей, не күлкіден жарылып өлердей сезінді; өйткені Дульсинеяның жадыланғаны жайындағы жалғандықтың жай-жапсарын басқа ешкім білмесе де өзі жақсы білетін еді: көз байлаушы да өзі, жалғыз куәгер де өзі болған-ды, сондықтан мырзасының ақыл-естен біржола айрылып, шын мәніндегі жындыға айналғанына зәредей күмән-күдігі қалмаған; осы себепті Санчо оған былай деп тіл қатты:


— Жер асты патшалығына сіз, қадірлі қожайыным, жайсыздау жағдайда және мүлдем дерлік қолайсыз шақта әрі қырсық шалған күні түстіңіз және басыңызды әбден қатырған сеньор Монтесиноспен бекер босқа кездестіңіз. Мына жақта, жоғарыда, тып-тыныш отырсаңыз етті, тақсыр, жаратқанның өзі өлшеп берген ақыл-есіңізді жоғалтпасаңыз етті, жұртқа жөн сілтеп, жоба көрсетіп, ауыз жаппай ақыл айтып отырсаңыз етті, оның орнына қазір енді адам айтса сенгісіз бірдеңені шатпақтап отырсыз.


— Сені жақсы білемін ғой, Санчо, сол себепті сандырағыңа көңіл аудармаймын, — деді Дон Кихот.


— Егер аузыңыздан шыққан әңгімеңізден түзеліп, ақылға келгеніңіз айқын сезіліп тұрмаса, онда жаңағы сөзім мен болашақта айтар сөзім үшін мені жарымжан етсеңіз де немесе өлтіріп тастасаңыз да мейлі, мен де сіздің сөзіңізге көңіл аудармаймын. Ал, әзірше екеуіміз әлі ренжісе қоймағандықтан, рақымшылық етіп, маған мынаны айтыңызшы, тақсыр: ханымымызды қалай, қандай ерекше белгілеріне қарап таныдыңыз? Онымен сөйлестіңіз бе, сөйлессеңіз одан не жайында сұрастырдыңыз, ол сізге не деп жауап берді?


— Оны мынадай ерекше белгілеріне қарап таныдым, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Үстінде өзің маған оны көрсеткен күні киген көйлегі бар екен. Онымен сөйлеспекке оқталғам, бірақ ол ләм деп жауап қатпастан жалт бұрылды да, өкшесі өкшесіне тимей жүгіре жөнелді, тіпті оны жебе де қуып жете алмайтын еді. Мен соңынан қуа жөнелмекші едім және, әрине, қуып та кетер едім, бірақ Монтесинос босқа арамтер болмауға кеңес берді, — одан бәрібір пайда жоқ және үңгірден шығатын уақытың да таяп қалды, деді. Одан соң Монтесинос маған арада біршама уақыт өткеннен кейін өзін, Белерманы, Дурандартты және сонда жүргендердің бәрін жадысынан арылту үшін не істеуім керегін хабарлайтынын да айтты. Бірақ, ана жақта көргендерім мен байқағандарымның арасында әсіресе мына бір жай мені қатты өкініште қалдырды: Монтесиноспен әңгімелесіп тұрған кезімде сормаңдай Дульсинея құрбыларының бірі қасыма білдірмей жақындап келіп, көзіне жас алып тұрып, толқудан үздіге шыққан бәсең дауыспен былай деді:


“Мейірбан ханымым Дульсинея Тобосская сізді қолыңыздан сүйеді және сау-сәлемет жүрмісіз, соны хабарлауыңызды қатты өтініп сұрайды; ал өзі шектен тыс мұқтаждық көріп жатқандықтан сізге тағы бір өтініш білдіргісі келеді: мына қолымда ұстап тұрған, бірер киілген жаңа белдемшені кепілдікке алып, оған қарызға алты немесе мүмкіндігіңізге қарай одан да көбірек реал бере тұрмас па екенсіз, — бұл ақшаны ол сізге көп ұзамай-ақ қайтаруға серт етеді”.


Бұл өтініш мені әрі таңырқатып, әрі абыржытып тастады, сосын сеньор Монтесиностан:


“Сеньор Монтесинос! Жадыланған ақсүйек жандар мұқтаждық көруші ме еді?” деп сұрадым.


Ол маған былай деп жауап қатты:


“Ақиқатына келсек, сеньор Ламанчалық Дон Кихот, өзіміз мұқтаждық атандырып жүрген нәрсе барлық жерде кездеседі, ешкімді ықпалынан тыс қалдырмайды, барлық адамға қатысы бар, тіпті жадыланғандарды да аямайды, осы себепті сеньора Дульсинея Тобосская сізден қарызға алты реал сұраса және кепілдікке, меніңше, тәп-тәуір дүние ұсынып тұрса, онда мұндай көмектен бас тартуыңыздың реті жоқ; оның өте ауыр жоқшылықта жүргені күмәнсіз”.


“Кепіл затты алмаймын, — дедім мен, — алайда аталмыш соманы да бере алмаймын, өйткені менде бар-жоғы төрт-ақ реал ғана”.


Мен бұл ақшаны (таяуда өзің, Санчо, жолда кездескен мүсәпірлерге үлестірерсің деп берген ақшаң ғой бұл) Дульсинея құрбысының қолына ұстаттым да, былай дедім:


“Ханымыңызға айта барыңыз, қалқам, көріп жатқан қиыншылықтары менің де жаныма қатты батады, оны мұндай ауыртпалықтан алып шығу үшін Фуггерге айналудан да тайынбас едім. Сондай-ақ, оның сүйкімді ажарына сүйсіне көз тігіп, тапқыр да ұтқыр сөзінен ләззат алу мүмкіндігінен ада болғандықтан менің де сау-сәлемет бола алмайтынымды және болуға тиіс те еместігімді, сонымен бірге, өзіне шын берілген малаймен, ерен уайым-қайғыдағы рыцарьмен жүздесіп, әңгімелесуге рақымшылық жасауын қатты өтініп сұрайтынымды хабарлаңыз. Оған тағы мынаны айтыңыз: маркиз Мантуанский сияқты менің де серт пен ант бергенім жайындағы хабар күндердің бір күнінде оған да жетіп қалар: аталмыш маркиз өлім аузында жатқан немере жиені Балдуинді таудың арасынан тауып алғаннан кейін оның кегін қайтаруға, кегін қайтармайынша, тамақ ішкенде дастарқан жайғызбауға (бұған басқа да көптеген ұсақ-түйекті қосақтаған еді) ант берген болатын. Тап осылайша мен де сеньора Дульсинея Тобосскаяны жадысынан арылтпайынша ешқашан дамылдамауға, дүниенің жеті бөлігін инфант дон Педро Португальскийден гөрі ықтияттырақ аралап шығуға ант етем”.


“Ханымымның жолында тындыратын шаруаңыз тек осымен ғана шектеліп қала қоймас”, деді бұған жауап ретінде әлгі бикеш.


Сол жерде ол төрт реалды қағып алды да, басын июдің орнына жерден екі шынтақтай биікке секіріп түсті.


— Жасаған құдай сақтай гөр! — деп сол арада Санчо бар дауысымен бақырып жіберді. — Сиқыршылар мен арбаушылық айла-амалдар дүниеде осындай күшке ие болады деп кім ойлаған? Қалай ғана олар мырзамның мүлтіксіз ақыл-есін ештеңемен салыстыруға келмейтін ерекше бір есалаңдыққа айналдырған десеңізші. Әй, сеньор-ай, сеньор-ай! Құдай үшін, тақсыр, қалпыңызды қайта табыңызшы, ар-ұятыңызды сақтаңызшы, ақыл-ойыңызды ауытқытып, алжастырып жіберген қисынсыз нәрселерге деген сенімнен арылыңызшы!


— Сенің, Санчо, бұлайша күйіне сөйлейтін себебің — маған жақсылық ойлайсың, — деді Дон Кихот, — дегенмен, тіршілік түйткілдерінен хабарың кемдеу болғандықтан, түсінігіңе азды-кем ауыр соққанның бәрін ақылға сыйымсыз нәрсе деп бағалайсың. Алайда, қайталап айтайын, жер астында көргендеріме қатысты тағы біраз жайды саған кейінірек әңгімелеп берем, сонда шыншылдығы дау тудырмайтын және ештебір күдік келтірмейтін бүгінгі әңгімеме өзің де риясыз сенетін боласың.


ХХІҮ тарау


Бұл тарауда қаншалықты ерсі көрінгенімен осынау айтулы хикаяны дұрыс түсінуге соншалықты қажет әрқилы ұсақ-түйектер турасында сөз болады.


Осынау айтулы хикаяның тәржімашысы Монтесинос үңгіріндегі шытырман оқиға жайындағы тарауға жеткенде түпнұсқа парағының жиегінен хикаяның алғашқы авторы Сид Ахмет Бен-инхалидың өз қолымен жазылған мынадай ескертпеге жолыққанын мәлім етеді:


“Жаңағы тарауда баян етілген жайларды айбынды Дон Кихоттың шынымен бастан кешкеніне шүбәм бар және анық солай болғанына ақи-тақи көз жеткізе алмай отырмын; мұның себебі мынадай: оның осы кезге дейін бастан өткергені өмірде болуы ықтимал және шындыққа жанасымды жайлар еді, алайда үңгірдегі шытырман оқиға тіптен ақылға сыйымсыз, сондықтан оны ақиқат деуге арым бармайды. Әйткенмен, өз заманының ең бір әділ, ең бір ізгі ниетті рыцары боп табылатын Дон Кихот өтірік айтады дейтін ойдан да аулақпын; ол тіпті жебеден сау жері қалмай жарақаттанып жатса да жалған сөйлемес еді. Ал Дон Кихот болса, бұл шытырман оқиғаны жоғарыда келтірілгендей егжей-тегжейімен баяндап, бүге-шігесін қалдырмай әңгімелейді, соған қарап оның аз ғана уақыттың ішінде осынша көп қисынсыз нәрсені қиюын келтіріп құрастыра қоюы мүмкін емес деп білем; қысқасын айтқанда, егер бұл шытырман оқиға ойдан шығарылған секілді көрінсе — онда менің шатағым жоқ, мен бәрін сол күйінде суреттеймін: оны ойдан құрастырылған деп те даттамаймын, шындық деп те жақтамаймын. Сен, оқырман, парасат-парқы мол адамсың ғой, көңіл қалауыңа орай бағала бәрін, ал маған бұған бірдеңе алып-қосуға болмайды және оған қақым да жоқ; дей тұрғанмен, ақиқат шындық делінетін қауесетке қарағанда, дүние саларының нақ алдында Дон Кихот бұл шытырман оқиғадан бас тартып, оны өзім ойлап таптым деп мәлім етіпті-міс, өйткені бұл оған өзі романдардан оқыған шытырман оқиғалармен толық үйлесім табатындай және соларға барынша сәйкес келетіндей көрініпті”. Ал, бұдан әрі Сид Ахмет Бен-инхали былай дейді:


Студент Санчо Пансаның өрескел оспадарсыздығына да, мырзасының шамадан тыс шыдамдылығына да таңырқанумен болды, сөйтіп ақыры Дон Кихоттың бұл орайдағы жұмсақтығы жадыланған күйде болғанына қарамастан Дульсинея Тобосскаямен дидарласу қуанышына байланысты шығар деген тұжырымға келді, себебі, жалпы алғанда, мұндай пікірлері мен пайымдаулары үшін Санчо Пансаны сілейтіп таяққа жығу қажет еді, — студентке Санчо мырзасымен шынымен-ақ біршама дөрекі сөйлескендей көрінген; сөйтіп, студент Дон Кихотқа былай деп тіл қатты:


— Сеньор Ламанчалық Дон Кихот, сізбен бірге өткерген саяхатым өте сәтті болды деп есептеймін, себебі бұдан төрт түрлі пайда таптым. Біріншіден, өзіңізбен таныстым, мұны өзіме зор бақыт санаймын. Екіншіден, Монтесинос үңгірінде не бар екенін және Гуадиана мен Руидера айдындары қайдан пайда болғанын білдім, ал мұның өзі қазір өзім жазып жатқан Испандық Овидий үшін таптырмайтын дерек. Үшіншіден, ойын картасының тарихы тереңге тамыр тартатынына көзім жетті — қалай болғанда да, әйтеуір, айтуыңызша, Ұлы Карл тұсында карта ойыны таңсық болмапты, өйткені Монтесиностың ұзақ сөзінен кейін, есін жиып көзін ашқан Дурандарттың: “Жә, ұтылсақ ұтылған шығармыз — тарат тағы қайтадан”, дегенін айтқан едіңіз. Егер өзін жадылағанға дейінгі заманда, жоғарыда аталған император Ұлы Карл кезінде, Франциядағы жұрт карта ойнамаса, онда жадыланған адам мұндай сөз бен сөз орамын білмеген болар еді. Бұл дерек қазір өзім құрастырып жатқан басқа бір кітабым үшін керек, атап айтқанда: Вергилий Полидорға бағзыдағы өнертапқыштыққа қатысты қосымша дейтін кітабым үшін, — меніңше, Вергилий Полидор өз шығармасында карта жайында айтуды ұмытып кеткен, ал мен айтам және сеньор Дурандарт секілді аса құрметті де сенімді дерек көзіне сілтеме жасасам, мұның ерекше маңызы болады. Төртіншіден, мен Гуадиана өзенінің қайдан шыққаны турасында анық мәлімет алдым, бұл осы күнге дейін беймәлім боп келген жай еді.


— Бұл сөзіңе алып-қосар ештеңем жоқ, бәрі жөн, бәрі дұрыс, шырақ, — деді Дон Кихот, — алайда, кітаптарыңызды кімге арнамақ ойыңыз бар, соны білсем деп ем, әрине, құдай сәтін салып бұл дүниелеріңізді бастыруға рұқсат алсаңыз деймін, өйткені соған күдігім көп болып тұр.


— Бұларды арнауға болатын сеньорлар мен грандтар Испанияда баршылық қой, — деді студент.


— Олар онша көп те емес, — деді Дон Кихот келіспей, — және мәселе олардың мұндай арнауға татымайтынында да емес, мәселе олардың мұны қабыл алмайтынында болып тұр, себебі еткен еңбегі мен көрсеткен құрметі үшін авторларға сый-сияпат жасауға өздерін борышты санағылары келмейді. Солай бола тұрғанымен, арнаудан бас тартатындардың барлығын бір өзі алмастыра алатын жоғары лауазымды бір адамды білем, егер осынау мәртебелі мырза жайында егжей-тегжейлі айта бастасам, ізгі ниетті талай жүректе қызғаныш қоздар еді, сондықтан бұл әңгімені қолайы келген кезге дейін қалдыра тұрайық, ал қазір қайда қонып шығатынымыздың жайын қарастырайық.


— Осы араға таяу маңда шағын рақыпхана бар, сонда бір тақуа тұрады, — деп хабарлады студент. — Жұрттың айтуынша, ол бұрын солдат болыпты, сондай-ақ, оны ізгі ниетті христиан, байсалды да биязы адам деседі. Рақыпхананың жанында кішкене үйшік бар, оны өзі салып алыпты, баспана шағын болғанымен, меймандар жайғасатын орын табылады.


— Ол тақуада тауық жоқ па екен, білмедің бе? — деп сұрады Санчо.


— Қазіргі кезде тауығы жоқ тақуа аз, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қазіргі тақуалар Мысыр шөлінде жан сауғалап, пальма жапырағымен әбүйірін жауып, шөп тамырын талғажау еткендерге мүлдем ұқсамайды. Алайда, мені бұрынғы тақуаларды асқақтату арқылы бүгінгілерді төменшіктетіп отыр екен деп ойлап қалмаңдар, — айтайын дегенім, қазіргі тақуалық тірлік бұрынғы кездердегідей зор қиыншылық пен жоқшылықты білмейді, бірақ бұдан бүгінгі тақуалар жаман адам деген ой тумайды; керісінше, мен олардың бәрін де жақсы адамға балаймын, тіпті іштерінде ондай-мұндайы кездесе қалған күнде де, бәрібір ізгі ниетті болғансып жүрген мүттәйім көпе-көрнеу күнәкардан гөрі аз зұлымдық жасайды.


Осындай әңгіме-дүкен құрып келе жатқан олар қарсы алдарынан әлдекімнің шапшаң адымдап, найза мен алебарда22 артылған қашырын асығыс айдап келе жатқанын көрді. Бұлармен қатарласқан жолаушы бас иіп сәлемдесті де, әрмен қарай аса берді. Дон Кихот оған айқайлап:


— Тоқтай тұрыңыз, туысқан! Байқауымша, қашырыңыз қалағаннан гөрі қаттырақ жүріп бара жатқан сияқтысыз, — деді.


— Тоқтай алмаймын, сеньор, — деп қарсылық білдірді бейтаныс, — өзім әкеле жатқан, мына өзіңіз көріп тұрған қару-жарақ күні ертең керек болғалы тұр, сондықтан тоқтауға қақым жоқ, ендеше, сау болыңыз. Егер мұны не үшін әкеле жатқаныма ынтық болсаңыз, онда біліп қойыңыз, мен рақыпханаға жақын маңдағы бекетте түнемекпін, өзіңіз де сонда бара жатсаңыз, сол жерден кездесерміз, сонда не түрлі ғажайыптар жайында айтып берермін. Ал, әзірше тағы да аман-сау болыңыз.


Бұдан соң бейтаныс қашырын қуалай жөнелді де, Дон Кихот одан қандай ғажайыптар жайында айтпақшы екенін сұрап үлгере алмай қалды. Аса бір әуесқой, жаңалыққұмар адам болғандықтан Дон Кихот дереу жүріп кетуге, студент өзін шақырған рақыпханаға соқпай-ақ, бекетке барып түнеуге әмір етті.


Оның әмірі бұлжытпай орындалды: үшеуі көліктеріне мініп, бекетті бетке ұстап тартып кетті де, онда қараңғы түспей-ақ жетті. Жолшыбай студент Дон Кихотқа тақуаға соғып, тамақ жібітіп алу жөнінде ұсыныс айтқан. Соны естіген бойда Санчо сөзге келместен есегінің басын солай қарай бұра қойған, Дон Кихот пен студент те соңынан ерген, алайда мейірімсіз тағдыр Санчоға қасақана тақуаның сол тұста үйінде болмай шығуын қарастырып қойыпты, мұны оларға өздері рақыпханадан жолықтырған қызметші әйел хабарлады. Бұлар әйелден қымбаттау шарап сұрады, әйел қожайыны шарап сақтамайтынын, егер арзан бағаға ауыз су керек болса, онда қуана-қуана бұлардың шөлін қандыратынын айтты.


— Ау, су ішкім келсе, жол бойындағы кез-келген құдықтан мелдектеп алмаймын ба, — деді Санчо. — Аһ, шіркін, Камачоның тойын-ай, дон Дьегоның дәулеті тасыған үйін-ай! Ұмытпаспын сендерді ешқашан!


Бұдан соң олар рақыпханадан шығып, бекетке қарай бағыт алған еді, ұзамай жолдан бір жас жігіт кезікті: ол алда кетіп бара жатқан, бірақ жүрісі шабандау болғандықтан бұлар оны лезде қуып жетті. Семсерін иығына қойыпты, оған киім-кешек салынған түйіншек пе, буыншақ па, бірдеңені іліпті: шамасы, онда шаровар, жамылғы және бірнеше жейде жатса керек, өйткені үстінде атласқа болар-болмас ұқсастығы бар барқыт күрте, соның ішінен киген, етегін салбыратып бос жіберген көйлек, аяғында жібек шұлық пен астанадағылар киетін келте тұмсық шәркей ғана бар еді; түріне қарап оны он сегіз, он тоғыз жаста деуге болатын, жүзі жайдары, қимыл-қозғалысы шапшаң еді. Жол қысқарту үшін сегидильялар айтып келе жатқан. Әлгі үшеуі оны қуып жеткен кезде әнінің біреуін аяқтап та қалған, студент соны жаттап алды:


Жоқшылық алса жағадан, қайтерсің кірмей шайқасқа.


Бармас едім солдатқа, шиланымда болса ақша.


Дон Кихот оған бірінші боп тіл қатты; ол былай деді:


— Сапарға тым жеңіл шығыпсыз ғой, сұңқарым. Қайда жол тарттыңыз? Егер жөн көрсеңіз, рақым етіп, осыған жауап беріңізші.


Жас жігіт оған былай деді:


— Сапарға жеңіл шыққан себебім, біріншіден, күн ыстық; екіншіден, кедеймін, соғысқа бара жатырмын.


— Күн ыстық дегеніңді түсінуге болар, ал кедейліктің бұған қатысы қанша? — деп сұрады Дон Кихот.


— Сеньор! — деп жауап қатты жас жігіт. — Түйіншегімде мына күртеме сыңар барқыт шаровар жатыр. Егер оны жолда тоздырсам, ертең қалада сәнге киетін ештеңем болмайды, ал жаңасын сатып алатын ақшам жоқ. Осы себептен және онша ыстықтамау үшін осылай сапар шегіп келем, ал өзім бұл арадан он екі мильдей жерде орналасқан жаяу әскер бөлімшелеріне бара жатырмын, онда мені бір бөлімшеге бекітеді, сосын ол жерден бізді бірдеңе ғып айлаққа жеткізер, әйтеуір: естуімше, кемелерге Картахенде отырғызатын көрінеді. Астаналық әлдебір жалаңаяқта қызмет еткенше, соғысқа аттанғанды, қожайыным мен мырзам корольдің өзі болғанын хош көрдім.


— Бәлкім, бұрынғы қызметіңіз әлденендей жеңілдік берген шығар сізге? — деп сұрады студент.


— Егер испан грандында немесе басқа бір ақсүйекте қызмет етсем, әрине, ондайды алған да болар едім, — деп жауап қатты жас жігіт. — Беделді мырзаларда қызмет ететіндер шынымен де жеңілдік алады; оларға тура сол малайлар бөлмесінде-ақ ту ұстаушы немесе тіпті капитан шенін береді, жә болмаса, олар әжептәуір сыйақы алады, ал мен болсам, сорыма қарай, әманда әркімнің табалдырығын тоздыруды кәсіп еткендер мен не шұрайлы тексіз мансапқорларға тап болдым да жүрдім, олардың маған берген тамағы да татымсыз болды, ал жалақысының жарытымсыздығы сонша, қыстырма жағаны крахмалдаудың өзіне ғана жартысын жұмсауға тура келетін, мен сияқты бақыт қуған малайдың түптің түбінде әлденендей тәуір бірдеңеге қол жеткізуі шын мәніндегі ғажайып болар еді.


— Айтыңызшы, достым, сонда қалай, тіпті ливрей киерліктей де еңбек сіңірмедіңіз бе? — деп сұрады Дон Кихот.


— Менде ондайдың екеуі болған, — деп жауап қатты малай, — бірақ шаш қырықтырудан бас тартқан шәкіртке монастырьдан кетерде бұрынғы киімі қайтарылып беретіні секілді, менің мырзаларым да киімдерімді әрдайым өзіме қайтарып беріп тұрды: олар астанаға баратын, шаруаларын реттейтін, сосын үйге қайтып оралған бойда-ақ менен ливрейді қайтып алатын, — өйткені, оны тек көз бояушылық үшін ғана берген ғой маған.


— Міне, итальяндар айтпақшы, нағыз spіlorcerіa23 деген осы, — деді Дон Кихот. — Алайда, солай бола тұрғанымен, осындай ізгі мақсатпен астананы тастап шыққаныңызды зор бақыт деп білем, өйткені дүниеде әуелі құдайға, одан соң өз короліңе және туа бітті қожайыныңа, әсіресе әскери салада, қызмет етуден артық құрметті де пайдалы ештеңе жоқ; бұл салада, ғалымдық саласына қарағанда, байып кетпесең де, қайткен күнде де, әйтеуір, атыңды шығаруға болады — бұл жөнінде менің талай мәрте атап көрсетуіме тура келгені бар; әскери өнерден гөрі ғалымдықтың арқасында майораттар негізі көбірек қаланғанымен, әскерилер әлдебір ерекшелігімен, оның қандай ерекшелік екенін құдай білсін, ғалымдардан жоғары тұрады, сондай-ақ өздерін басқа жұрттың бәрінен даралап көрсететін жігер оты да оларда қаншалықты мол екенін шайтан білмесе, адам білмейді. Қазір айтқалы тұрған сөзімді қаперіңізде мықтап сақтауға кеңес берем, өйткені мұның сізге көп пайдасы тимек және қысталаң сәттерде көңілдің жұбанышы болмақ, атап айтқанда: әлденендей бақытсыздыққа тап болам-ау деген ойдан ада-күде арылыңыз, өйткені бақытсыздық атаулының ең жаманы — өлім, ал қан майдандағы өлім — ең ардақты өлім саналады, демек, сіз үшін бақытсыздық атаулының ең жақсысы — өлу боп табылады. Римнің айбынды императоры Юлий Цезарьға бір жолы түрлі өлімнің ішіндегі ең жақсысы қандай өлім деген сауал қойылыпты, ол ең жақсы өлім — кенеттен, қас қағым сәтте және күтпеген жерден келген өлім, деп жауап қайтарыпты; ол өзі шын құдайдан бейхабар мәжуси ретінде жауап қатқанымен, бәрібір, өте жақсы айтқан, өйткені осы пікірі арқылы адам баласына тән осалдықтан ада екенін көрсетіп берген. Тіпті ең алғашқы ұрыс пен шайқастың өзінде-ақ зеңбіректің залппен атқан оғынан немесе мина жарылысынан қаза таптыңыз делік, — ал, онда тұрған не бар? Әйтеуір бір өлім, оған ештеңе істей алмайсың. Теренцийдің пікірінше, қашып құтылған сарбаздан гөрі ұрыста қаза тапқан сарбаз ардақты және барлық бастығының бұйрығын бұлжытпай орындайтын сарбаз ғана даңққа жетеді. Сосын тағы мынаны қаперде ұстаңыз, балам: солдатқа үстінен жұпар иістен гөрі оқ-дәрінің иісі мүңкіп тұрған жарасады; ал егер осы салада жүріп егде жасқа жетсеңіз, мейлі жарақатты болыңыз, мүгедек не ақсақ болыңыз, бәрібір, бұл қадірлі қарттық боп табылады, тіпті жоқшылық та сізді мұқата алмайды, оның үстіне қазір бізде қартайған және жарымжан жауынгерлерге ақшалай-заттай көмек көрсету шаралары қарастырылып жатыр, өйткені оларға да, әдетте, негрлерге көрсетілетіндей жәбір көрсеткен жөн болмайды: негрлер қартайып, қызмет ете алмайтын жасқа жеткенде қожайындары оларға бостандық беріп, босатып жібереді, сөйтіп бостандыққа шықты деген желеумен үйінен қуып салады да, шын мәнінде аштықтың құлдығына байлап-матап береді, ал мұндай құлдықтан оларды өлімнен басқа ештеңе құтқара алмайтыны белгілі. Өзіңізге айтайын дегенім міне осы еді, ал енді атымның сауырына жайғасыңыз: сізді бекетке алып барайын, сол жерден бізбен бірге кешкі ас ішерсіз, сосын ертең әрмен қарай аттанарсыз және жаратқан жолыңызды оңғарып, сапарыңызды сәтті қылсын, бұған ізгі ниетіңіз әбден-ақ лайықты.


Жас жігіт сауырға жайғасудан бас тартты, бірақ бекетте бірге тамақтануға келісті, ал Санчо болса, осы аралықта өзімен-өзі былай деп сөйлесіп кетті: “Сақтай гөр, жасаған, мырзамды! Сонда мұның қалай болғаны өзі: Монтесинос үңгірі жайында адам сенбес нәрсені шатып отырғаны жаңа ғана еді, енді келіп не керемет ойларды кестелеп берді дейсің! Жә, жарар, анда барған соң белгілі бола жатар”.


Олар бекетке жеткенде күн қараңғы тартып кеткен-ді; Санчоның қуанышына қарай, Дон Кихот оны бұрынғы дағдысынша әлдебір қамал-сарай деп емес, кәдімгі жолаушылар бекеті деп ұғынды. Олар табалдырықтан аттап өткен бойда-ақ Дон Кихот қожайыннан алебарда мен найза әкеле жатқан адам осында ма деп сұрады; қожайын оның атқорада қашырының ерін алып жатқанын айтты. Студент пен Санчо да есектерін сонда кіргізіп қойды, ал Росинантқа қорадағы ең тәуір ақыр мен ең тәуір орын берілді.


ХХҮ тарау


Бұл тараудан есектің ақыруы мен әлдебір сауыққойға қатысты қызықты оқиғалар бастау алады, сондай-ақ мұнда көріпкел маймылдың таңғаларлық сәуегейліктері келтіріледі.


Дон Кихоттың есіл-дерті қару-жарақ әкеле жатқан адам айтып беруге уәде еткен ғажайыптар жайында қайткенде де тезірек естіп-білу болды. Қожайын сілтеген бағытпен жүріп кеткен ол әлгіні шынымен-ақ сол жерден кезіктіріп, жолда сұраған нәрселері жөнінде кейінге шегере бермей тап осы жерде қолма-қол айтып беруін сұрады. Әлгі адам оған былай деп жауап қатты:


— Мұндай ғажайыптар жайында қол боста, асықпай отырып әңгімелеген ләзім. Сіз маған, мейірбан мырзам, әуелі мына жануарыма жем-шөп беруге рұқсат етіңіз, сосын бәрін сізге баян етем, таңғалғанда талып түсетін боласыз.


— Е, бар шаруаң осыған тіреліп тұрса, қазір көмектесіп жіберейін, — деді Дон Кихот.


Сөйтті де, дереу сұлы елеп, ақыр тазалауға кірісіп кетті — мынадай монтаны қылыққа әлгі адамның көңілі жібіп, өзіне өтініш етілген жай турасында әңгімелеп беруге ықылас білдірді; сөйтіп қақпа жанындағы сәкіге Дон Кихотпен қатар жайғасып отырғаннан кейін, студент, жас малай, Санчо Панса мен бекеттің қожайыны бас қосқан қадірлі жиынға қарап былай деп сөйлеп кетті:


— Біліп қойғандарыңыз артық болмас, мейірбан мырзалар, осы арадан төрт жарым мильдей жерде орналасқан бір селодағы рехидордың есегі жоғалып кетеді, ал бұған кінәлі — айлакер қыздың, өз қызметшісінің, айла-шарғысы көрінеді, бірақ мұның жайы ұзақ әңгіме; ал, ана рехидор есегін тауып алмаққа қанша талпынғанымен ештеңе шықпайды. Есек жоғалғаннан кейін арада екі апта өтеді, — қалай болғанда да, әйтеуір, селодағылар солай дейді, — сөйтіп, бір күні әлгі есегін жоғалтқан рехидор алаңда тұрса, ойда жоқта оған селолас адамы, екінші бір рехидор келіп: “Қуанышты хабарым үшін сүйіншімді әзірлей бер, қадірмендім: есегің табылды”, дегенді айтады. “Сүйіншің дайын, қадірмендім, және анау-мынау емес, әжептәуір, — дейді анау, — бірақ әуелі оның қайдан табылғанын айт”. — “Бүгін таңертең орманнан көрдім, ер-тұрманы сыпырылып түсіп қалыпты, — дейді екінші рехидор, — және әбден арып-азғаны сонша, көз салып қараудың өзі аяныш тудырады. Осында айдап әкелмек болғам, бірақ әбден тағыланып, үркек боп кетіпті, жақындай бергенім сол еді, тапырақтап қаша жөнелді де, қалыңға қойып кетті. Мақұл көрсең екеуіміз барып іздейік, тек үйге соғып мына мәшімді қораға кіргізейін, сосын сол бойда қайтып оралам”. — “Сөйтсең маған бір үлкен жақсылық жасаған болар ең, — дейді есектің иесі, — мен де қарап қалмаспын, қайтарармын өтемін”. Бұл жайдан жақсы хабардар жандар тап осылай бүге-шігесін қалдырмай, егжей-тегжейлі әңгіме етіп жүр. Қысқасын айтқанда, екі рехидор қол ұстасып орманға жаяу тартады, бірақ орманның өздері есекті тауып алмақ болған бөлегі мен тұсында есек жоқ боп шығады, айнала-маңның бәрін шарлап, ештеңе өндіре алмайды. Ақыры, есектің еш жерде жоқтығына көзі жеткен, оны таңертең көрдім деген рехидор зиян шеккен рехидорға былай дейді: “Бермен қара, қадірмендім, басыма бір жақсы ой келіп тұр: енді біздің бұл хайуанды орман қойнына емес, жер қойнына барып жасырынса да таппай қоймайтынымыз кәміл: олай дейтінім, мен есекше керемет жақсы ақыра алам, егер сен де аздап ақыра алсаң, онда іс бітті дей беруге болады”. — “Аздап ақыра алсаң, деймісің, қадірмендім? — деп дауыстап жібереді бірінші рехидор. — Ау, ақыру жағына келгенде, өтірік айтсам құдай бар, ешкім, тіпті есектердің өзі де, менен артық ақыра алмайды ғой”. — “Оны қазір көре жатармыз, — дейді екінші рехидор. — Былай еткен жөн бе деп тұрмын: сен орманның ар жақ бетімен, мен бер жақ бетімен кетеміз, сөйтіп оны айналып шығамыз және жолшыбай деміл-деміл біресе сен, біресе мен ақырып отырамыз, ал есегің, егер ол осы орманның ішінде болса, бізді естігеннен кейін жауап қатпай қоймайды, оған зәредей күмән жоқ”. Есектің иесі оған: “Мына ойлап тапқан нәрсең, қадірмендім, қандай ғаламат ақыл-ой иесі екеніңнің айқын белгісі”, дейді. Сол арада олар уәделеріне сәйкес әр жаққа тарап кетеді және реті солай келе ме, әйтеуір, екеуі бір мезгілде дерлік ақырып қалады; сөйтіп, есек табылған екен деп ойлап қалған олар, — өйткені бірінің ақырғанынан екіншісі алданып қалған болатын, — бір-біріне қарай жанұшыра жүгіреді; есегін жоғалтқан рехидор сол арада екінші рехидорды көріп: “Апырай, қадірмендім-ай, әлгі ақырған есек емес пе еді?” деп айқайлап жібереді. — “Жоға, мен ғой ақырған”, дейді анау. “Ондай жағдайда, қадірмендім, — деп сөзін жалғайды есектің қожасы, — ақыру жағынан есек пен сенің араңда ешқандай айырмашылық жоқ екен, — қалай болғанда да, әйтеуір, дәл осындай керемет шеберлікпен еліктегенді ешқашан естіген емеспін”. — “Мұндай мадақ пен мұндай дәріп менен гөрі саған көбірек жарасымды әрі үйлесімді, — дейді осының бәрін бастаған рехидор. — Жаратқанның атымен ант етейін, дүниедегі ең тәуір, ең тәжірибелі деген бақырауықтың өзі де тырнағыңа татымайды: дауысың жуан, бірқалыпты екпінмен, ырғағын сақтай отырып ақырасың және жиі құбылтып тұрасың. Бір сөзбен айтқанда, жеңілгенімді мойындайым және ғажайып өнеріңнің туын биікте ұстаған үстемдігіңе бас ием”. — “Ендеше, саған былай демекпін, — дейді есектің иесі, — ендігі жерде өз қадірімді біліп, өз басымды жоғары бағаламақпын, осындай қабілет қонған менің де жерде жатпағаным ғой дейтін ойда болмақпын. Әділін айтқанда, онша жаман ақырмайтынымды өзім де білетінмін, алайда, ақырғаным — шеберліктің шырқау шыңы дегенді әлі күнге шейін ешкімнен естіп көрмеген едім”. — “Олай болса, мен де саған былай демекпін, — деп іліп әкетеді екінші рехидор, — әжетіне жарата білмегендіктен, адамның не керемет қабілеттері құр босқа құрып, керек жерінде тиімді пайдаланылмай жүргені ақиқат нәрсе”. “Бірақ, біздің қабілеттеріміздің, — деп қарсылық білдіреді зардап шеккен, — тек бүгінгідей жағдаят кезінде ғана пайдасы тиюі мүмкін ғой, онда да сәті түсіп пайдасы тие қойса”. Сол арада олар қайтадан әр жаққа тарап, ақырыса бастайды; соның барысында талай қателесіп, әлсін-әлі бір-біріне қарай жүгірісумен болады, сөйтіп, ақыры, есек емес, өздерінің ақырғанына күдікте қалмаудың шартты белгісі ретінде екі мәрте қатарынан ақыратын боп келіседі. Осылайша мігір таппай қос қайталап ақырумен жүрген олар орманды түгел шарлап шығады, бірақ жоғалған есек үн қатпай қояды. Ол бақытсыз бейшараның үн қата қоятын да ахуалы жоқ-ты, өйткені ақыр соңында рехидорлар оны ну жыныстан қасқыр жеп кеткен жерінен тапқан болатын. Соны көрген қожасы былай дейді: “Бәсе, бұл неге дыбыс бермейді десем, — тірі болса, бізді естіген бойда-ақ жауап қайтарар еді ғой: есектің аты есек емес пе. Алайда, қадірмендім, тірі кезінде тауып ала алмағаныммен, оны іздеу жөніндегі еңбегім зая кетті деп ойламаймын, өйткені, есесіне, сенің асқан шеберлікпен ақырған даусыңды естідім”. — “Оған да шүкір, — дейді екінші рехидор. — Жалпы алғанда, екеуіміз бір-бірімізге сай екенбіз”. Өстіп, құр босқа сандалып, дауыс қарлықтырғаннан басқа пайда таппаған олар селосына қайтып оралып, есек іздеген кезде қандай кепке душар болғанын достарына, көршілері мен таныстарына егжей-тегжейлі айтып береді және онымен де қоймай бірі екіншісінің аса шебер ақыратынын дәріптеумен болады; осы себепті бұл турасындағы қауесет айнала-маңдағы барлық елді мекенге жайылды, ал жер-жерде алауыздық тудырып, жанжал шығаруға, өсек-аяң таратып, түймедейді түйедей етуге әуестігі салдарынан қашан да сергек жүретін қағылез шайтанның араласуымен басқа селоның адамы біздің біреуімізді көзі шалса болды есек боп ақыра бастайтын әдет тапты: бұл олардың рехидорларымызды мазақ қылғандағысы еді. Балалар да олардан қалыспады, — ұзын сөздің қысқасы, өміріміз азап пен тозаққа айналды: есектің ақырған үні бір елді мекеннен екіншісіне жаңғырығып жататынды шығарды; негрлерді ақ адамдардан ажырату қаншалықты жеңіл болса, біздің бақырауық селоның тұрғындарын да жұрт соншалықты оп-оңай ажырата қоятын болды. Осы бір қырсықты қалжыңның шамадан тыс асқынып кеткені сонша, келемешке ұшырағандар әлденеше рет сап құрып, қолға қару ұстап келеке етушілерге қарсы аттанды, бірақ сонда да олар айылын жияр емес. Менің ойымша, селоластарым, яғни бақырауық село тұрғындары, ертең - арғы күні өзімізден екі мильдей жердегі, бізді әсіресе қатты кемсітіп жүрген бір селоға қарсы жорыққа шығады-ау деймін, міне осыған құр қол аттанбас үшін көп етіп алебарда мен найза сатып әкеле жатырмын. Міне, сізге уәде бергенде айтпақ болғаным осындай ғажайыптар еді, ал енді бұл сізге ғажайып көрінбесе, онда айыпқа бұйырмаңыз: басқасын білмеймін.


Осымен ізгі ниетті шаруа әңгімесін тәмамдады, бірақ сол арада аулаға киген киімінің бәрі — шұлығы да, шаровары да, күртесі де — түйе жүнінен тоқылған бір адам келіп кіріп, қатты дауыстап:


— Құрметті қожайын! Қонып шығуға бола ма? Бәлекей көріпкел-маймылым мен Мелисендраны тұтқыннан босату ойынын көрсететін сиқырлы сандықшам24 ғана бар, — деді.


— Пәлі, мынау сеньор маэсе Педро ғой! — деп айқайлап жіберді бекетші. — Ендеше, бүгін кеште бәріміз көңіл көтеретін болдық.


Айтуды ұмытып кетіппіз, жоғарыда аталған маэсе Педроның сол жақ көзі мен жақ сүйегінің жартысына дейінгі жеріне жасыл тафтадан жасалған пластырь жапсырылып тасталған-ды, бұл оның бүкіл сол жақ беті әлдебір ауруға шалдыққанын аңғартып тұрған. Ал, бекетші сөзін әрмен жалғап жатты:


— Төрлетіңіз, сеньор маэсе Педро! Маймылыңыз бен сандықшаңыз қайда? Көре алмай тұрмын ғой.


— Осы арада, жақын жерде, — деп жауап қатты түйе жүн, — түсуге бола ма екен, әуелі соны біліп алайын деп келгем.


— Ау, мен герцог Альбаны қондырмасам да, сеньор маэсе Педроны қондырам ғой, — деп салды бекетші. — Қане, маймыл мен сандықшаңызды әкеле қойыңыз жылдамырақ, бүгін менде сандықшаны да, маймылдың фокустарын да көретін және ақысын да қуана-қуана төлейтін меймандар отыр.


— Ендеше, тіптен тамаша, мен де бағасын түсірем, — деп іліп әкетті пластырь, — тек шығынымның орнын толтырса болды, маған сол да қанағат. Қуыршақтар салынған қол арба мен маймылды қазір барып алып келем.


Соны айтып ол қақпадан шығып кетті.


Дон Кихот сол бойда бекетшіден маэсе Педро дегеннің кім екенін, бұл неғылған сандықша мен маймыл екенін сұрады. Бекетші оған былай деп жауап қатты:


— Бұл — атақты сауыққой, оның арагондық Ламанчаны аралап, ер жүрек дон Гайферостың Мелисендраны қалай құтқарғаны жайында ойын көрсетіп жүргеніне көп болды, — айта кетерлігі, біздің өңірде мұндай әрі тартымды, әрі аса ептілікпен қойылған хикая өте сирек. Бәлекей маймылы бар, қайда барса да қалдырмайды, ал оның өнерпаздығы сонша, ондай сұңғыланы маймыл түгіл адам арасынан да кезіктіру қиын. Одан бірдеңе жайында сұрасаң, әуелі бар ынтасымен тыңдап алады, сосын иесінің иығына секіріп мінеді де, құлағына қарай еңкейіп жауабын сыбырлайды, ал маэсе Педро болса, оны сол бойда дауыстап айтып береді. Иә, айтқандайын, ол болашақтан гөрі өткен шақты жақсы біледі және әрдайым қолмен қойғандай ғып айта бермегенімен, жаңылысуы өте сирек, осы себепті біз оның шайтанмен шатағы бар ғой деген ойдамыз. Егер маймыл сізге жауап берсе, — жоға, ол иесінің құлағына сыбырлағаннан кейін, ол үшін қожайыны жауап қайтарса дегенім ғой, — онда қойған сұрағыңыз үшін екі реал төлеуіңіз керек болады: міне, осы себепті жұрт маэсе Педро ақшасын қайда сыйғызарын білмей жүр деп ойлайды. Италияда айтылатындай, ол galante25 адам және bon compano26, жан рақатынан ештеңе аямайды, ауызы барғанша сөйлейді, ықылық атқанша ішеді — бәрі де сол қызыл тілінің, бәлекей маймылы мен сиқырлы сандықшасының арқасы.


Сол аралықта қол арбасын итеріп маэсе Педро да қайтып оралды, арбада сандықша мен әжептәуір ірі, бөксе жағы киізденіп кеткен, молақ құйрық, әйтсе де түр-сықпыты біршама сүйкімді маймыл бар еді; маймылға көзі түскен бойда Дон Кихот оған мынадай сауал тастады:


— Ал, көріпкел ханым, не демексіз бізге? Жағдайымыз нешік болмақ? Қазір екі реал аласыз.


Одан соң маэсе Педроға екі реал бер деп Санчоға әмір етті, алайда маэсе Педро маймыл үшін былай деп жауап қатты:


— Сеньор! Бұл жануар болашаққа қатысты сұрақтарға жауап та бермейді және ол жайында ештеңе айтпайды да, ал бірақ өткен шақтан біршама хабардар және осы шақты да аздап біледі.


— Оһо деген-ай! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Өткен өмірімді айтып бергені үшін соқыр тиын да бермес едім! Өйткені, оны мына менен артық жақсы білетін кім бар? Сондықтан өзің жақсы білетін нәрсе жайында айтқаны үшін ақша төлеуден асқан ақымақтық болар ма. Ал егер мұнда осы шақты білетіндер болса, міне, рақым етіп ала қойыңыз екі реалымды; ал енді айтыңызшы, қане, мәртебелі маймылым, зайыбым Тереса Панса не істеп жатыр қазір, немен айналысып жатыр?


Маэсе Педро ақшаны алудан бас тартып:


— Мен алдын-ала ақы алмаймын: әуелі еңбек сіңіру керек, — деді.


Сөйтті де, оң қолымен сол жақ иығын екі мәрте қағып-қағып жіберді, сол-ақ екен маймыл бір-ақ секіріп иығына қонды да, құлағына қарай еңкейіп, тісін үсті-үстіне сақылдата бастады, аздан соң әлгіндей бір-ақ секіріспен жерге түсті, маэсе Педро болса, алабөтен асығыстықпен Дон Кихоттың алдына тізерлей кетіп, аяғын құшақтай алған күйі былай деп сөйлеп кетті:


— Геркулес бағаналарын қалай құшсам, сіздің аяғыңызды да дәл солай құшам, беу, ұмыт қалдырылған кезбе рыцарьлықты қалпына келтіруші қаһарман! Сіңірген еңбегін дәріптеуге сөз жетпейтін, беу, рыцарь Ламанчалық Дон Кихот, әлсіздердің сүйеніші, тайғанақтағандардың таянышы, азғандардың үміті, күллі бақытсыз бейбақтың тірегі мен жұбанышы!


Дон Кихот мелшиіп қалды, Санчо аң-таң боп аузын ашып, көзін жұмды, студент дебдіреп кетті, жас малайдың есі шықты, бақырауық селода тұратын шаруа сасқалақтай бастады, бекетші түкке түсінбей алақ-жұлақ етті — тоқ етерін айтқанда, сауыққойдың лебізі бәрін де абыржытып тастады, ал анау сол арада сөзін әрмен жалғап кетті:


— Ал, сен, беу, мейірбан Санчо Панса, әлемдегі ең жақсы рыцарьдың ең жақсы атқосшысы, қуана бер, өйткені мейірбан әйелің, Тересаң дәл қазір зығыр түтіп жатыр, көңіліңде күдік қалмасы үшін тағы да айтайын, оның сол жағында ернеуі кетік құмыра тұр, жұмысы көңілдірек жүруі үшін, оған шарапты жетерліктей етіп құйып қойған.


— Бұған мен кәміл сенем, — деді Санчо. — Егер шамадан тыс қызғаншақ болмағанында Тересаны нағыз алтын көмбе деуге болар еді, оны тіпті, мырзамның айтуынша, өте алғыр әрі қолынан келмейтіні жоқ әйел-дәу Андадонаға да айырбастамас едім. Одан соң менің Тересам, дастарқаны бүгін көл, ертең шөл дейтіндердің қатарына жатады.


— Міне, дәл қазір мен: кім көп оқып әрі көп сапар шексе, сол көп көреді әрі көп біледі, деп нық сеніммен айта алам, — деп сол арада Дон Кихот оны бөліп жіберді. — Мұны айтып тұрған себебім: осы жаңа ғана өз құлағыммен естігендей сәуегейлік айтатын маймылдар бұл дүниеде бар дегенге біреу өзімді сендіруі үшін маған қаншама дәлелдеме келтіру керек болатынын кім біледі? Олай дейтінім, мен тап сол мына сүйкімді хайуанат айтқан Ламанчалық Дон Кихотпын ғой, рас ол мені аздап әспеттеңкіреп жіберді, алайда, қандай адам болмайын, бәрібір, өзімді осындай жаны жұмсақ, қарайласқыш, жұртқа тек жақсылық жасауға, ешкімге жамандық жасамауға бейіл етіп жаратқан құдіретке алғыстан басқа айтарым жоқ.


— Қалтамда ақшам болса, — деді жас малай, — мына маймыл ханымнан алдағы жиһан кезу сапарымда қандай жағдайға тап боларымды сұрар едім.


Бұл аралықта тізерлеген жерінен тұрып та кеткен маэсе Педро оған былай деп жауап қатты:


— Бұл хайуанат болашақты болжамайды деп сіздерге айттым ғой, ал егер болжаса, онда сізге ақша да қажет болмас еді, — осы арада отырған сеньор Дон Кихоттың тілегін орындау үшін мен тіпті қандай табыстан да бас тартар едім. Ал, енді оған деген құрметімнің белгісі ретінде және оның көңілін көтеру үшін қазір барып сиқырлы сандықшамды әзірлейін, сосын бекетте қонып жатқандардың бәріне ақысыз-пұлсыз қызықты ойын көрсетейін.


Мұны естіген бекетші қатты қуанып, сандықшаны қай жерге орналастырған оңды болатынын көрсетті және сандықша сол жерге орнатылды да.


Дон Кихот маймылдың сәуегейлігіне соншалықты керемет қуана қойған жоқ-ты, өйткені болашақты да, өткен шақты да болжау маймыл айналысатын іс емес деген пікірді ұстанатын, сол себепті маэсе Педро сандықшасын ретке келтіріп жатқан сәтті пайдаланып, ешкім сөзін естімеуі үшін Санчоны атқораның жанына ертіп барып, оған былай деді:


— Бері қара, Санчо: мына маймылдың таңғажайып өнерін мейлінше мұқият зерделеп, маэсе Педроның, оның қожасының, шайтанмен, екі жақ әлдеқашан сынақтан өткізіп, де-факто27 күшіне енген, құпия шарт жасасқанына еш күмән жоқ, деген байламға келдім.


— Қалпақтың жуылмағанына көп уақыт өтсе және ол шайтанның қалпағы болса, онда ол, шамасы, өте лас шығар, — деген тұжырым жасады Санчо. — Бірақ маэсе Педроға мұндай қалпақтардан түсетін пайда қандай?


— Сен түсінбей қалдың мені, Санчо; айтайын дегенім, шамасы, ол шайтанмен өзара келісімге келген: соның нәтижесінде маймыл әлгіндей қабілетке ие болады, ал қожасы ақша табады, сосын, кейін, әбден байып алған соң, оның шайтанға жанын жалдауына тура келеді, ал адамзат баласының қас жауына керегі де осы. Мені бұл ойға жетелеген нәрсе — маймылдың тек өткен шақ пен осы шақты ғана болжайтыны болды, ал шайтан ойының ұшқырлығы бұдан артыққа құлаш ұра алмайды: болашақ жайында шайтан тек жорамал жасайды, онда да мұндаймен әркез айналыса бермейді, — мезгіл мен мерзім тек бір құдайға ғана мәлім және ол үшін өткен шақ та, болашақ та жоқ, ол үшін бәрі — осы шақ. Олай болса, маймылдың атынан шайтан сөйлеп тұрған


боп шығады және неліктен осы күнге шейін бұл маймыл жайында қасиетті инквизицияға хабар етілмегеніне, кімнің айдауымен сәуегейлік жасап жүргені жайында одан жауап алынбағанына және егжей-тегжейі анықталмағанына таңырқап тұрмын: өйткені бұл маймылдың астролог еместігіне, ол да, оның қожасы да астрологиялық фигуралар дейтінді сызбайтынына және сыза да алмайтынына кәміл сенімдімін, ал мұндай әурешіліктің қазір Испанияда кеңінен тарап отырғаны сонша, тіпті түкке жарамсыз қатын-қалаш та, алып кел - барып келде жүрген балалар да, жыртық жамауды ғана білетін етікшілер де гороскоп құрастырудан оңай нәрсе жоқ деп ойлайды, сөйтіп өздерінің өтірігімен және надандығымен осынау таңғаларлық дәл ғылымға деген сенімді әлсірете түседі. Маған мәлім бір жай: әлдебір ханым осындай жорамалшыдан бөлмеде бағатын иті күшіктей ме, күшіктесе қанша табады және бұлардың түсі қандай болады, дегенді сұрапты. Гороскоп құрастыра салған сеньор астролог әлгі әйелге итінің үш күшік туатынын: біреуі жасыл, екіншісі қызыл, үшіншісі қара-ала болатынын айтыпты, бірақ тек мынадай шарт сақталуы керек екен: аталмыш қаншық күндізгі немесе түнгі сағат он бір мен он екінің арасында ғана, онда да тек дүйсенбі немесе сенбі күндері ғана ұйығуға тиіс көрінеді, алайда арада екі күн өткенде әлдене жеп қойған қаншық асқазаны бұзылудан арам қатыпты да, әлгі көріпкел сеньор бұл қалашықта керемет көреген деген атаққа ие боп шыға келіпті, — жалпы көріпкел атаулының бәріне немесе бәріне дерлік осындай атақ таңылып жүр ғой.


— Солай бола тұрғанымен, — деді Санчо, — Монтесинос үңгірінде бастан кешкен жайларыңыз шындық па, соны маймылдан сұрап білуге маэсе Педроға әмір етсеңіз деп едім, — өйткені, көңіліңізге келмесін, тақсыр, мен өзім соның бәрін әзәзілдік арбау мен алдау, әйтпесе — әншейін түс көру деп санаймын.


— Әбден мүмкін, — деді Дон Кихот. — Аздап ыңғайсыздау сезініп тұрсам да, бұл айтқаныңды орындайын.


Сол арада Дон Кихотты шақыра келген маэсе Педро сандықшаның ретке келтірілгенін айтып, соны барып көруін өтінді, — тамашалауға тұрарлық ойын, деді. Дон Кихот оған өз тілегін хабарлап, Монтесинос үңгірінде болған әр-алуан оқиғаларды түсінде көргенін әлде өңінде бастан кешкенін маймылдан осы қазір қолма-қол сұрап білуге қолқа салды, неше түрлі жағдайға ұшырағандықтан соған көзі анық жетпей тұрғанын айтты. Маэсе Педро бір ауыз сөзге келген жоқ, барып маймылын алып келді де, Дон Кихот пен Санчоның алдына отырғызған соң, оған былай деді:


— Ал, айтыңызшы, маймыл ханым: Монтесинос үңгірі деп аталатын жерде бастан кешкендері шын ба әлде өтірік пе, мына рыцарь соны білгісі келеді, — деді.


Сосын үйреншікті белгісін жасады, маймыл оның сол жақ иығына секіріп шықты да, құлағына әлдене деп сыбырлағандай болды, одан соң маэсе Педро былай деп мәлім етті:


— Маймыл айтады, аталмыш үңгірде өзіңіз куә болған және басыңыздан өткерген жайлардың жартысы — күмәнді, ал жартысы — шындыққа жанасымды және осы айтылғанға қосып-алар басқа ештеңем жоқ, дейді. Ал егер бұдан гөрі толығырақ білгіңіз келсе, алдағы жұмада ол барлық сұрағыңызға жауап береді, ал қазір оның сәуегейлік жасау қабілеті осымен сарқылды және бұл қабілеті, айтуынша, жұмаға дейін қайта қалпына келмейді.


— Ау, мен сізге айтпадым ба? — деп дауыстап жіберді Санчо. — Үңгірде болған оқиғалар жайында өзіңіз, мархабатты мырзам, жыр қылған жайларыңыздың бәрі түгел немесе, тым құрығанда, жартысы шындық дегенге қалай қылсам да сене алмай жүр едім ғой.


— Жә, болашақ көрсете жатар, Санчо, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, —бар құпияның бетін ашатын уақыт ештеңені бүркеулі қалдырмайды — бәрін де құлағынан сүйреп жарыққа алып шығады, тіпті жер қойнындағыны да құтқармайды. Бұл әңгіме осымен бітсін, енді мейірбан маэсе Педроның сандықшасын тамашалайық: меніңше, ол әлденендей жаңа ойын әзірлеп жатқан сияқты.


— Әлденендей деймісіз? — деп саңқ ете қалды маэсе Педро. — Сандықшамда алпыс мың жаңа ойын бар. Шын сөзім, сеньор Дон Кихот, сандықшам — күллі дүниедегі таңғалуға татырлық кереметтің бірі, сөзіме сенбестік білдірсеңіздер, істеген ісімді көріңіздер. Ал енді бастайық, күн болса кешкіріп кетті, бізге әлі талай нәрсе істеу керек, әңгімелеу, көрсету қажет.


Дон Кихот пен Санчо оның ықтиярына көніп, сандықшаны көрмекке бет алды; сандықша болса, орнатылып, беті ашылып қойыпты, жанындағы балауыз шырақтар жарығынан әп-әдемі боп жарқырап тұр. Маэсе Педро сахна тасасына тығылды, өйткені ол қуыршақтарды қозғалтып тұруға тиіс еді, ал сахна алдына маэсе Педроның көмекшісі, бір кішкентай балақан орналасты: ол мына ойын құпиясының сырын ашуға, түсіндіруге және қуыршақтарды таяқшамен көрсетіп тұруға міндетті болатын.


Сөйтіп, бекет тұрғындарының кейбірі жерге жайғасып, кейбірі сандықшаның қарсы алдында түрегеп тұрған күйлерінде қалып, ал Дон Кихот, Санчо, жас малай мен студент ең тәуір орынға орналасқаннан кейін көмекші түсінік бере бастады, ал не жайында — балақайды тыңдаған немесе келесі тарауды оқыған адамның өзі-ақ бұдан бек жақсы хабардар бола жатады.


ХХҮІ тарау


Мұнда сауыққойға қатысты қызықты оқиға мен басқа да шын мәніндегі таңғаларлық нәрселер жайында әңгімеленеді.


Тириялықтар мен троялықтар: бәрі де үнсіз қалды — айтайын дегенім, көрермендердің бәрі түгел балагандық ғажайыптарға түсінік берушінің аузына қарап қалған-ды, кенет сахна сыртынан алуан-алуан керней мен литавраның үні естіліп, зеңбіректердің гүрсілі құлақ тұндырды, алайда ұзамай шу басылды да, бала дауысын қатайтыңқырап, әңгімесін былай деп бастап кетті:


— Назарыңызға ұсынылып отырған осынау мейлінше шыншыл хикая толайым-тұтасымен француз туындыларынан және ауыздан ауызға тарап келе жатқан, тіптен кішкентай балаларға дейін жатқа білетін испан романстарынан алынды. Мұнда Испанияда, Сансуэнье қаласында, — Сарагоса ол кезде осылай аталатын, — маврлар қолында тұтқында болған зайыбы Мелисендраны сеньор дон Гайферостың қалай құтқарып алғаны жайында айтылады. Қараңыздар, мырзалар: міне, дон Гайферостың өзі, романста әнге қосылатындай, дойбы ойнап отыр:


Гайферос дойбы ойнап мәз болып жүр,


Мелисендра жайын мүлдем естен шығарған.


Бірақ, осы арада басында тәжі, қолында асатаяғы бар басқа бір кейіпкер жүз көрсетеді: бұл — император Ұлы Карл, Мелисендраның жалған әкесі; күйеу баласының түк ештеңе бітірмей, қамсыз-мұңсыз жүргеніне ашуланып, оған ұрса бастайды. Оның қалай қызбаланып, зығырданы қайнап тұрғанына көңіл аударыңыздар: тіпті қазір оны асатаяқпен бастан қойып жібереді-ау деп те ойлап қалуға болады, ал кейбір қаламгерлер ол күйеу баласын шынымен де сілейтіп салған деп жазады. Зайыбын құтқарып алуға әрекет жасамаса, қара бет болатынын айтып, ол күйеу баласын біраз жерге апарыпты; сосын, ақыр соңында, былай депті-міс:


Айтарым осы, ендігісін өзің біл.


Қазір міне, мырзалар, көріп отырсыздар, император дон Гайферосқа сыртын беріп, бұрылып кетіп бара жатыр; енді қараңыздар: дон Гайферостың қаны басына шапшып, ызаланғаннан тақтаны да, дойбыны да шашып жіберіп, қару-жарағын алып келуге әмір етеді, сосын немере ағасы Роландтан Дюрандаль семсерін уақытша бере тұруын сұрайды, бірақ Роландтың бергісі келмейді, оның орнына сапар тауқыметін дон Гайфероспен бірге көруге тілек білдіреді, алайда батыр жігіт қатты ашуланып оның көмегінен бас тартады: тіпті жеті қат жердің астында жатсын мейлі, зайыбымды жалғыз барып-ақ құтқара алам, дейді ол. Енді, мырзалар, әне бір мұнараға көз салыңыздар; бұл Сарагосадағы қазір Альхаферия деген атпен мәлім қамал-сарайдың бір мұнарасы болса керек, ал балконда тұрған, маврларша киінген ханым, — айдай сұлу Мелисендраның тап өзі; сол жерден ол Францияға қарай бастайтын жолға жиі-жиі қарағыштайды, Парижді, жұбайын еске алады, тұтқында отырған ол өзін-өзі осылайша жұбатады. Ал енді қазір көз алдарыңызда — жан шошырлық деуге болатындай жаңа жағдаят. Мына бір маврды көріп тұрсыздар ма? Міне, ол дыбыс шығармауға тырысып ұрлана басып, Мелисендраға арт жағынан үн-түнсіз жақындап келе жатыр. Ал, енді қазір оның қызды тұп-тура ернінен сүйіп жатқанын, қыздың қолма-қол түкірініп, аппақ көйлегінің жеңімен ернін сүрткіштеп, назаланып, мына қаскүнемдікке бейне бір сол кінәлідей күйініп, әп-әдемі шашын жұлып жатқанына назар аударыңыздар. Енді ана галереяда тұрған маңғаз маврға қараңыздар: бұл — Сансуэнье королі Марсилий; ол маврдың оспадарсыздығына куә болған-ды, сөйтіп, әлгі мавр өзінің туысы әрі жақын адамы екеніне қарамай, оны дереу тұтқындап, екі жүз шыбық дүре салуға, сосын оны


Приставтары алдында,


Жасауылдары соңында,


қаланың орталық көшелерімен алып жүруге әмір етеді.


Қараңыздар: міне, үкімді орындауға кіріскелі де жатыр, ал қылмыс болса осы қазір ғана жасалған еді. Мұның себебі, бізден айырмасы, маврлар тергеу аяқталғанша қамауда ұстау дегенді де, айыптау қорытындысының көшірмесін беру дегенді де білмейді.


— Балақай, балақай! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот сол арада. — Хикаяңды тура жолмен тіке тартып баяндай бер, бұралаңы мен көлденеңіне қарай қисайма. Ақиқатты жарыққа алып шығуға жәрдемдесетін тергеу мен тексеру тәсілдері жетіп артылады.


Осы кез сахнаның сыртынан маэсе Педроның да дауысы естілді:


— Бала! Араласпайтын нәрсеге араласып нең бар және мына сеньордың айтқанын тыңда, — сонда бәрі ойдағыдай болады. Өз әуеніңнен жаңылма, оған басқа әуенді қосақтауға әуестенбе, қай жер жіңішке болса, сол жерден үзілетінін ұмытпа.


— Жарайды, — деп балақан сөзін әрмен жалғады: — Әне, анау гаскондық плащ киген салт атты — дон Гайферос деген сол, ал мынау оның зайыбы: өзіне ғашық маврдың оспадарсыз қылығы үшін өш алған оның жүзі жарқын, қабағында кірбің жоқ, міне балконға шығып, сол жерден өзі әлдебір жиһанкез деп ойлап қалған ғашық жарымен сөйлесіп тұр; сөйтіп оған баршаға мәлім романста келтірілетін сөздермен, мысалға:


Француз еліне бара қалсаңыз егер


Гайферос жайында сұраңызшы,


деп тіл қатады, мен бәрін толық келтіргім келмейді, өйткені көп сөзділіктің, әдетте, іш пыстырып жіберетіні бар. Гайферостың плащын айқара ашқанын көрдіңіз бе, әне Мелисендраның оны танығанын қалай қуана қол бұлғағанына қарап-ақ аңғарып отырмыз, міне, ол атқа қонып, сүйікті жұбайымен бірге жөнеп кету үшін балконнан түсіп келеді. Бірақ — о, сұмдық-ай — белдемшесінің етегі балконның шығыңқы теміріне шалынды да, Мелисендра ауада салбырап қалды. Бірақ мейірбан жаратушымыздың бізді қандай қиын жағдайдан да құтқарып қалатынын айтсаңызшы: дон Гайферос оған жетіп барып, сәнді белдемшесі жыртылады-ау деп те қаймықпай, оны құшақтай алып ә дегенше жерге дік еткізеді; одан соң қас қағым уақыт кідірмей оны атқа еркекше отырғызады да, құлап қалмас үшін өзін белінен қос қолымен қатты қысып құшақтап отыруға әмір етеді, әйтпесе сеньора Мелисендра атқа салт мінудің мұндай түріне дағдыланбаған ғой. Ау, тоқтай тұр, бұл не?! Бұл — ұнамды да сүйкімді жүгін: мырзасы мен ханымын әкеле жатқанына деген қуанышын паш еткен аттың кісінегені ғой. Міне, олар аттың басын бұрып, қаладан шығып бара жатыр, сөйтіп өздерін шектен тыс бақытты сезінген жұбайлар шат көңілмен Парижге қарай бет алып барады. Жолдарың болсын, бір-бірін шын сүйетін қосақ — әлемдегі ғашық біткенге өнеге болар өрендер! Сүйікті отандарыңа аман-сау барып жетіңдер, бақытты сапарларыңа Фортуна кедергі келтірмегей! Достарың мен туыстарыңды қуанышқа бөлеп, тірлік кешуге жазған күндеріңді тату-тәтті өткізіңдер және мұндай күндер Несторда қанша болса сендерде де сонша болсын!


Сол арада маэсе Педро тағы да үн қатты:


— Балақай, шамала, тым биікке шарықтап кетпе, қызыл сөзге құмарлық қашанда жағымсыз әсер қалдырады.


Түсінік беруші оған жауап қатпай, әңгімесін әрмен жалғастыра берді:


— Мелисендраның балконнан түскені мен атқа мінгені не болып, не қойғанның бәрін көріп-біліп отыратын жандардың назарынан тыс қалған жоқ және мұны олар король Марсилийге жеткізді, ал король сол бойда дабыл қағуға әмір етті. Оларда бәрі қалай жедел іске асатынын қараңыздар: міне, барлық мешітте қоңырау күңгірлеп, соның дыбысынан қала қалтырап тұр.


— Жә, тағы желдеп кеттің! — деп осы арада Дон Кихот сөзге килікті. — Қоңырау жайында маэсе Педро қапы соғыпты: маврларда қоңырау деген болмайды, литавралар мен біздің гобойымыз секілді аспаптары ғана бар, ал Сансуэньеде қоңырау ойнады деген сөз — бұл енді ақылға мүлдем сыйымсыз сандырақ.


Маэсе Педро қоңырау қаққанды қойып, бұған былай деп жауап қатты:


— Ұсақ-түйекке шұқшиып, керемет кемелдікті талап етпесеңізші бізден, сеньор Дон Кихот, — ондай кемелдікті бәрібір еш жерден таппайсыз. Басынан аяғына дейін қисынсыз әрі мағынасыз комедиялар бізде барлық жерде бірдей қойылып жатқан жоқ па? Әйтсе де, жұрт соларға топырлап барады және көрермендер дән риза боп қол соғады. Жалғастыра бер, бала, ешкімді тыңдама, теңіздің түбінде қанша түйір құм болса, мына ойынымда да, мейлі, сонша ақылға сыйымсыздық кездесе берсін, — менің мақсатым біреу ғана: әмиянымды ақшаға толтыру.


— Дұрыс айтасыз, — деп келісе кетті Дон Кихот.


Ал, балақан сөзін жалғады:


— Қараңыздар, қаладан қаншама қарулы атты әскер шығып, христиандық қосақты ұстауға асығып бара жатқанын: ал кернейлер болса сарнап, литавралар дүрсілдеп, барабандар дүңкілдеп жатыр. Маврлар қашқындарды қуып жетіп, қалаға ат құйрығына сүйретіп әкеле ме деп қорқам, — жан түршігерлік нәрсе ғой ол!


Маврлардың осынау озбырлығына өз көзімен куә болған, мына тарсыл мен гүрсілді естіген Дон Кихот қашқындарға дереу қол ұшын бергенді жөн көрді; сөйткен соң, орнынан атып тұрып, қатты дауыстап сөйлеп кетті:


— Дон Гайферос сынды айбынды рыцарьға және жүрек жұтқан нақсүйерге өзім отырған жерде осынша қысастық жасалуына көзім тіріде ешқашан жол бермеймін. Тоқтаңдар, қара ниет мақұлықтар! Салпақтап соңына түспеңдер оның, әйтпесе сендермен айқасқа шығам!


Сол бойда сөзден іске көшкен ол семсерін суырып алды да, бір-ақ секіріп балаганның жанына жетіп барып, көз ілеспес шапшаңдықпен және ырыққа көнбес ызақорлықпен қуыршақ маврларды оңды-солды кескілей бастады: біреулерін жерге құлатты, екіншілерінің басын шауып түсірді, өзгелерін жарымжан етті, басқаларын пәрша-пәрша қылды, ал шайқас әбден қызған тұста семсерін құлаштап тұрып бір сілтеген шақта маэсе Педро бұғып қалмағанда, бүрісіп, бұқпаламағанда Дон Кихот оның да басын құдды бір қамырдан жасалған басты шапқандай оп-оңай қырқып тастайтын еді. Маэсе Педро ойбайын салып жатты:


— Қойыңыз енді, сеньор Дон Кихот! Құлатып жатқаныңыз, шауып, өлтіріп жатқаныңыз маврлардың нағыз өзі емес, картоннан жасалған мүсіндер екенін қаперге алыңыз! Алда ғана сорым-ай! Мынаның қырсығынан барлық дүние-мүлкім жойылып, біржола құритын болды-ау.


Ал Дон Кихот болса, сол бұрынғыша семсерін жарқылдатып, біресе қос қолдап, біресе жалпақ жағымен, біресе қиғаштап соққы соңынан соққы дарытып жатты. Қысқасын айтқанда, дем сағаттың арасында ол сандықшаны төңкеріп, барлық қуыршақ пен құрылғыны күлдей ұсақ бөлшекке бөліп тастады; король Марсилий ауыр жарақат алды, ал император Ұлы Карлдың тәжі мен басы ортасынан қақ жарылды. Қадірменді көрермен қауым азан-қазан болды, бәлекей маймыл қашқаннан қашып шатырға шығып кетті, студентте зәреден зәре қалмады, жас малайдың жүрегі тас төбесіне шықты, тіпті Санчо Пансаның да аза бойы қаза болды, өйткені, — дауыл басылған соң өзі сендіріп баққандай, — мырзасының бұлайша құтырынғанын ол бұрын ешқашан көрмеген болатын. Сандықшадағы мүкәммалды түгел жайратып салғаннан кейін Дон Кихот азды-кем сабасына түсіп, былай деді:


— Кезбе рыцарьлар жұртқа ересен зор пайда әкеледі дегенге сенбейтін және сенгісі де келмейтіндердің сықпытын көріп алар ма едім қазір, — ойланып көріңдерші өздерің, егер өзім осы арада отырмағанда мейірбан дон Гайферос пен Мелисендра сұлудың жағдайы нешік болар еді: бәс тігуге бармын, әлгі иттер ендігі оларды қуып жетіп, жәбір көрсетіп жататын еді. Ендеше, кезбе рыцарьлық жасасын және қазір жер бетінде тіршілік етіп жүргендердің бәрінен абыройы үстем болсын!


— Мейлі жасай берсін, — деп қуаттады маэсе Педро дауысы дірілдеп, — ал маған өлу керек шығар, — жағдайымның мүшкілдігі сонша, король Родригомен бірге менің де былай деуіме болады-ақ:


Кеше ғана Испанияны мұқым


Билеп-төстеп отыр, бүгін


Қу мұнара да жоқ менде.


Бұдан жарты сағат, жарты минут қана бұрын өзімді корольдер мен императорлардың қожасы секілді сезінетінмін, ат қораларымда, сандықтарым мен қапшықтарымда қисапсыз көп жылқы мен киім-кешек бар-ды, енді қазір тұттай жалаңаш қалдым, намысым қорланды, кедеймін, кембағалмын, ал ең бастысы, маймылымнан айрылдым, оны қайтадан ұстап алғанымша, шын сөзім бұл, сорым сорпа болатын шығар. Ал, осының бәрі сеньор рыцарьдың пәруайсыз ашу-ызасының қырсығы ғой, өйткені, ол кісі жайында жұрт жетімдерді қорғайды, қисықты түзетеді және басқа да не қилы жақсылық жасайды десетін, — оның мейірім-қайырымы жалғыз маған ғана бұйырмады, даңқының алтын тағында отырған құдіреті күшті құдайым шапағат-шарапатынан айырмағай тек. Қуыршақтарымның күл-талқанын шығарып, өзімді қайғыға батыру Қайғылы Бейне Рыцарының маңдайына жазылған нәрсе болды ғой, шамасы.


Маэсе Педроның сөзі Санчо Пансаның көңілін босатып, ол былай деді:


— Жылама, маэсе Педро, күйзеліп күңіренбе, мені де әрі-сәрі қып тастадың. Біле білсең, мырзам Дон Кихот — ақ пейілді әрі ақ ниетті христиан ғой, залал келтіргеніне анық көз жеткізсе, міндетті түрде өз ықтиярымен оның құнын төлеп, шығындарыңды есесімен қайтарып береді.


— Егер сеньор Дон Кихот күйреткен қуыршақтарының құрығанда бір бөлігінің құнын төлесе, онда мен де реніште қалмас ем, ол кісінің де ары таза болар еді, өйткені қожасының ырқынан тыс түрде біреудің дүние-мүлкін иеленіп кеткендер мен оның қарымтасын қайтармағандар жанын жаһаннамнан аман сақтай алмайды.


— Бұл рас, — деп келісті Дон Кихот, — бірақ маған түсініксіз боп тұрғаны, маэсе Педро, дүние-мүлкіңізден нені иеленіп кеткенімді айтыңызшы.


— Қалайша иеленген жоқсыз? — деп дауыстап жіберді маэсе Педро. — Ау, мына құнарсыз қу тақырда жайрап жатқан мүрделер ше, — оны ту-талақай ғып шашып тастаған және күйреткен кім, қуатты білегіңіздің қаһарлы күші емес пе? Бұлар менің тәнім емей, кімнің тәні? Осылармен күнімді көрмегенде, немен көріп жүр едім?


— Бұрын да талай мәрте көзім жеткен нәрсеге енді көзім тіптен анық жетіп тұр, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — атап айтқанда: қыр соңымнан қалмай жүрген сиқыршылар әу баста әлдебіреудің кейіп-кескінін маған шынайы өз бейнесінде көрсетеді де, соңынан оны басқамен ауыстырып, ойларына не келсе соған айналдырып жібереді. Құлақ салыңыздар, сеньорлар, сіздерге ақ-адал шынымды айтып тұрмын: осы арада орын алған жайлардың бәрі өзіме расында және шын мәнінде тап солай болып жатқандай көрінді, Мелисендраны — Мелисендра, Гайферосты — Гайферос, Марсилийді — Марсилий, Ұлы Карлды — Ұлы Карл деп ұқтым, міне бойымды ашу-ыза билеп кеткенінің себебі де сол, сосын кезбе рыцарь парызын орындау үшін қашқындарға қол ұшын беруді және оларды қорғауды ұйғардым, өздеріңіз куә болған нәрсенің бәрін осы бір ізгі ниеттің жетегінде жүріп істедім. Егер дәл өзім діттегендей боп шықпаса, онда бұған мен кінәлі емеспін, қыр соңымнан қалмай жүрген жауыздар кінәлі; сөйте тұрғанымен, бұл ағаттықты әдейі жасамағаныммен, шығындардың орнын толтыру жөнінде өзіме-өзім үкім шығарам. Айтыңызшы, маэсе Педро, сынған қуыршақтар үшін қанша сұрайсыз? Сізге осы қазір әрі сенімді, әрі айналымда жүрген кастильялық теңгемен төлеуге дайынмын.


Маэсе Педро басын иді де, былай деді:


— Айбынды Ламанчалық Дон Кихоттың, жоқ-жітік, қаріп-қасер жандардың шын мәніндегі қорғаушысы мен қолдаушысының, таңғаларлық христиандық мейір-шапқатынан бұдан кемді өзім де күтпегем; сеньор бекетші мен айтулы атқосшы Санчо баға кесуші және сіз бен біздің арамыздағы делдал міндетін мойнына алып, сынған қуыршақтардың құны қанша тұратынын немесе, дәлірек айтқанда, қанша тұрғанын анықтап берсе етті.


Бекетші мен Санчо келісімдерін берді, маэсе Педро басы шабылған король Марсилий Сарагосскийді сол бойда-ақ жерден көтеріп алып, былай деді:


— Корольді қайта тірілту мүмкін еместігін кез-келген адам растап бере алады, сондықтан, қарсы болмасаңыз, мұның ажалы, қазасы мен қасіреті үшін төрт жарым реал алсам ба деп ем.


— Әрі қарай, — деді Дон Кихот.


— Ал, енді бұлайша жоғарыдан төмен қарата шауып түсірудің өтемі үшін, — деп сөзін жалғады маэсе Педро қақ бөлінген император Ұлы Карлды қолына ұстап тұрып, — бес те ширек реал алу көптік етпейді.


— Аздық та етпейді, — деп сөз қыстырып қойды Санчо.


— Жоқ, көп емес, — деп қарсылық білдірді бекетші. — Делдал ретінде мынадай ұсыныс айтқым келеді: дөңгелектеп жіберейік — бес реал болсын.


— Оған бес те ширекті түгел беріңдер, — деді Дон Кихот, — ширек реалдың әрісі не, берісі не — бүгінгі есте қаларлық апаттың салдары одан өзгере қоймайды. Тек тезірек аяқтаңыз, маэсе Педро, кешкі ас ішетін уақыт болды, тамақ ішкім кеп тұр.


— Заманында Мелисендра сұлу атанған мына әрі пұшық, әрі бір көзі соқыр қуыршаққа екі реал он екі мараведи сұрағаным ұят болмас, — деп мәлім етті маэсе Педро.


— Егер Мелисендра жұбайымен бірге, қалай болған күнде де, қазір Франция шекарасынан әрі аспаса, мені шайтан алып-ақ кетсін, — деді Дон Кихот, — олардың мінген аты құйғыта шаппай, құйындатып ұшып бара жатқандай болатын. Сондықтан маған қонжықты қоян деп, қайдағы бір пұшық Мелисендраны көрсетудің қажеті жоқ, өйткені дәл қазір нағыз Мелисендра, егер бәрі ойдағыдай болса, жұбайымен бірге Францияда ұлан-асыр той жасап, көңіл көтеріп жатқан да шығар. Жаратқан жақсылығынан кім-кімді де жырақ қалдырмайды, сеньор маэсе Педро, ал біздің парызымыз тек тура жолмен жүріп, ардан аттамау ғана. Ал, енді жалғастыра беріңіз.


Дон Кихоттың қайтадан көтеріліп кеткенін, сөйтіп бұрыннан мәлім машығын тапқанын көріп, түк ештеңе татырмай қояр деп қорыққан маэсе Педро мынадай әңгіме айтты:


— Әрине, мұның Мелисендра емес, оның қызметші әйелдерінің бірі екенінде күмән жоқ. Бұл үшін маған алпыс мараведи берсеңіз, соған да қанағаттанып, әжептәуір жақсы өтем алғандай сезінер ем.


Басқа да сынған қуыршақтарға ол осылайша баға қойып шықты, алайда бағалары кейін аралық қазылар тарапынан шегерілді, сөйтіп талапкер мен жауапкер ақыр соңында қырық реал және төрттен үшке тоқтады; Санчо бұл ақшаны қолма-қол санап берді, алайда маэсе Педро маймылды тауып алғанша күнелте тұруға деп тағы екі реал сұрады.


— Бере сал, Санчо, — деді Дон Кихот, — күнелте тұра ма, іше тұра ма, өзі білсін, ал енді сеньора Мелисендра мен сеньор дон Гайферостың дәл қазір Францияда, өз шаңырағында отырғанын анық білем дейтін адам табылса, оған сыйлыққа екі жүз реал берген болар едім.


— Менің маймылымнан басқа ешкім сізге анығын айтып бере алмайды, — деді маэсе Педро, — бірақ енді ол шайтанның өзі қуса да ұстатпайды. Әйтсе де, қожайынға бойы үйренгендік пен аштық дегенін істетпей қоймас деп ойлаймын, түнде ол мені өзі іздейтін болады, ал таңертең, бұйырса, екеуіміз жүздесіп те қалатын шығармыз.


Тоқ етерін айтқанда, қуыршақтармен шайқас аяқталып, бәрі тату-тәтті отырып, шексіз шүлеңгірлік көрсеткен Дон Кихоттың есебінен кешкі астарын ішті.


Найза мен алебарда артқан шаруа таң атпай тұрып кетіп қалды, ал таң әбден ағарған шақта Дон Кихотқа студент пен жас малай қоштасуға келді: алғашқысы үйіне қайтып бара жатқан, екіншісі сапарын әрмен жалғамақ болатын — Дон Кихот оған жолыңа жұмса деп он екі реал берді. Маэсе Педро рыцарьмен одан әрі салғыласып жатпады — өйткені, оның жайын жақсы білетін; елең-алаңнан тұрып, сандықшасының сынықтарын жинастырып алды да, маймылын көтеріп, бұл да шытырман оқиға іздеуге аттанып кете барды. Бекетші Дон Кихотпен бұрын таныс емес-ті, сондықтан оның жындыкештігіне де, жомарттығына да таңырқанумен болды. Мырзасының әмірі бойынша Санчо оған ақшаны жақсылап төледі, сөйтіп ақыры таңғы сағат сегізде рыцарь мен атқосшысы қожайынмен қоштасып, бекеттен шығып, күре жолға түсті; енді оларды кезі келгенге дейін қалдыра тұрамыз, өйткені осы арада оқырманға осынау айтулы туындыны дұрыс түсінуге қажетті кейбір мәліметтерді құлаққағыс ету керек болады.


ХХҮІІ тарау


Мұнда маэсе Педро мен оның маймылы дегендер кім екеніне түсінік беріледі, сондай-ақ есектің ақыруына қатысты Дон Кихот үшін сәтсіз аяқталған, өзі ойлағандай және қалағандай боп шықпаған шытырман оқиға жайында әңгімеленеді


Осынау теңдесі жоқ хикаяның авторы Сид Ахмет бұл тарауды “Христиан-католик ретінде ант етейін...” деген сөзбен бастайды, осыған байланысты тәржімашы төмендегідей пікір айтады: егер Сид Ахмет өзі мавр бола тұрып (ал бұған күдік келтірудің қисыны жоқ), христиан-католик ретінде ант-су ішетін болса, бұл тек мынаны ғана білдіреді — христиан-католик антты шын ниетімен беруге және тек қана шындықты айтуға міндетті, ендеше ол да, бейне бір христиан-католик ретінде ант-су ішіп тұрғандай, Дон Кихотқа қатысты жайдың бәрінде, сондай-ақ маэсе Педро мен айнала-маңдағы селоларды сәуегейлігімен қайран қалдырған көріпкел-маймылдың кім екеніне қатысты жайларда да, тек қана шындықты айтатын болады. Сонымен, дейді ол, бұл хикаяның бірінші бөлімін оқығандар Хинес де Пасамонтені жақсы білуге тиіс: каторгаға жіберілген басқа да қылмыскерлермен бірге Дон Кихот оған да Сьерра Моренада азаттық алып берген, алайда осынау ізгі ниетті істің қарымтасына әлгі қиянатшыл, қаскүнем жандар оны өксігі көп өкініште қалдырып, одан да көп күйінішке душар қылған. Дон Кихот Хинесұмпай де Зәбірильо атандырған тап осы Хинес де Пасамонте Санчо Пансаның есегін ұрлап әкеткен еді, алайда оның есекті қалайша және қашан ұрлап кеткені жайындағы бірінші бөлімдегі түсіндірме әріп терушілер кінәсінен түсіп қалған болатын, көптеген оқырман мұның мәнісін түсінбей, баспахана қатесін автордың ұмытшақтығына жорыған-ды. Алайда, шын мәнінде, Хинес есекті ұйқыдағы Санчо Пансаның тақымының астынан ұрлап әкеткен еді: баукеспе ұры Альбраканы қоршауға алып жатқан Сакрипанттың атын астынан білдірмей алып кеткен Брунелдің сондағы әдіс-тәсілдерін айнытпай қолданған-ды; ал кейіннен, бұл жөнінде ілгеріде баян етілгеніндей, Санчо есегін Хинестен тартып алған болатын. Айтайын дегенім, қисапсыз алаяқтығы мен қылмысы үшін, — ал мұндай істерінің көптігі мен алуан түрлілігі сонша, оның өзі бұл жайында тұтас бір том жазған-ды, — жазаға тарту мақсатында іздестіріп жатқан өкімет орындарының қолына түсуден қорыққан тап осы құдай ұрған Хинес Арагон корольдігінен орын тебуге, сол жақ көзін желімдеп алып, сауыққой кәсібімен айналысуға ұйғарған еді: саусақтары қаншалықты әбжіл болса, бұл салада да ол соншалықты әккі-тұғын.


Берберия тұтқынынан қайтып келе жатқан әлдебір христиандардан орайы түскен бойда бір маймылды сатып алған ол жануарды шартты белгі бойынша иығына секіріп шығуға, сосын құлағына әлдене жайында сыбырлап жатқандай түр білдіруге үйретті. Сөйтіп, маймылымен және сандықшасымен белгілі бір елді мекеннен орын теппес бұрын көрші селодан немесе, жалпы, әр нәрседен хабары бар адамдардан онда қандай ерекше оқиға орын алғанын және оны кімдердің бастан кешкенін біліп алатын болды; мұның бәрін жақсылап есте сақтаған ол, әдетте, алдымен ойын қоятын: бір жолы — бір хикаяны, келесіде — басқасын көрсететін, бәрі де күлкілі, қызықты және көпшілікке ұнамды дүниелер еді. Ойын аяқталғаннан кейін маймылының өнерін көрсетуге кірісетін, алайда, көрермендерге бұл тек өткен шақ пен осы шаққа ғана сәуегейлік жасайды, ал болашақ турасында онша шебер емес деп алдын-ала құлаққағыс жасап қоятын. Әр жауапқа екі реалдан, ал кейбіреулерден одан да аз алатын: бәрі де сұрақты кімнің қойып тұрғанына байланысты еді; ал өзі ішегінің қырындысына дейін біліп алған жандардың үйіне барғанда, үй иелері ақша төлемеуге тырысып оған ешқандай сұрақ қоймаған күннің өзінде де, бәрібір, маймылға белгі беретін де, сосын маған бұл үй деді, бүй деді деп сайрай жөнелетін, мұны естігендердің есі шығып кететін. Осындай өнерімен ол ерекше даңққа жетіп, жұрт соңынан топырлап еріп жүретінді шығарды. Өзі де тапқыр адам болғандықтан кей-кейде жауапты қолма-қол ойлап таба қоятын және жауаптары жарасымды боп келетін, оған қоса ешкім одан — жаңылуды да, жаза басуды да білмейтін бұл неғылған ғажайып маймыл деп қадала сұрап, жанын қуырмағандықтан, жұрттың көзін бояп, әмиянын ақшаға толтырудан басқа ештеңені білген емес-ті. Ал, мына бекетке келіп жеткен ол Дон Кихот пен Санчо Пансаны бірден таныды және бұрынғы таныс-білістігінің арқасында Дон Кихотты да, Санчо Пансаны да, бекеттің басқа тұрғындарын да таң-тамаша қалдыру оған түк қиындық келтірген жоқ; бірақ егер, алдыңғы тарауда айтылғанындай, король Марсилийдің басын шауып, атты әскерді жайратып жатқан Дон Кихот семсерін сәл төменірек сілтегенде бұл оған онша жайлы тимеген болар еді.


Маэсе Педро мен оның маймылы жайында хабар етпегіміздің бары осы ғана. Ал, енді Ламанчалық Дон Кихотқа келсек, алдымен айтарымыз, бекеттен шыққаннан кейін ол әуелі Эбро өзенінің жағалауы мен айнала-маңын шолып, сосын барып қана Сарагоса қаласына бағыт түзеуге байлам жасаған, өйткені турнирге шейін әлі көп уақыт бар-ды. Осы мақсатпен сапарға шыққан оған алғашқы екі күнде шежіреге енгізе қоярлықтай ерекше бірдеңе ұшырасқан жоқ, ал үшінші күні бір төбеге көтеріліп келе жатқанында керней дауысын, барабан дүңкілі мен аркебуз гүрсілін құлағы шалды. Ә дегенде ол солдаттар келе жатқан шығар деп қалған, сөйткен соң оларды көру үшін Росинантқа шпорды қадап жіберіп, төбенің басына көтерілді; биікке шыққан ол төбенің етегінде қолына не түссе сонымен қаруланған екі жүзден астам адамның топырласып тұрғанын көрді: біреулер шолақ найза, садақ, айбалта, сүңгі мен алебарда ұстаған, кейбірінде — аркебуз, көпшілігінде — дөңгелек қалқан бар. Төмен түсіп, отрядқа таяп келген Дон Кихотқа олардың жалаулары да анық көрініп, түр-түсін айырып, безендіріп қойған эмблемаларын да ажыратты, солардың өз назарын айрықша аударған біреуінде: байраққа немесе, дәлірек айтқанда, ақ атлас кесіндісіне салынған суретте басын жоғары көтеріп, аузын аңқита ашып, тілін салақтатып жіберген, — бір сөзбен айтқанда, бейне бір ақырып тұрғандай түр мен кейіптегі кішкене есек мейлінше шынайы кескінделіпті, ал айналасына мынадай екі жол өлең үлкен әріптермен жазып қойылыпты:


Алькальдтар біздің тектен-тек,


Ақырған жоқ есекке еліктеп.


Осындай айырым белгісіне қарап Дон Кихот мұнда жиналған жұрттың бақырауық селодан екенін аңғарды және бұл жорамалын Санчоға айтып, байрақта не жазылғанын түсіндірді. Оған қоса, Дон Кихот аталмыш оқиға жайында өзіне баян еткен шаруа есек құсап ақырған екі рехидор деп, шамасы, қателескен болуы керек, өйткені байрақтағы өлеңде бұлар алькальдтар делінген, дегенді қосып қойды. Санчо Панса бұған былай деп жауап қатты:


— Сеньор! Бұған айрықша мән берудің қажеті жоқ. Сол кезде есекше ақырған рехидорлардың уақыт өте келе алькальдқа айналуы әбден мүмкін ғой, ендеше оларды олай да, бұлай да атай беруге болады; оның үстіне, аталмыш оқиғаның ақиқат орын алуы — алькальдтың ба әлде рехидордың ба, нақтылы кімнің ақырғанына қатысты емес, мәселе — бұл екеуінің әйтеуір біреуінің шын мәнінде ақырғанында, ал алькальдқа болсын, рехидорға болсын есекше ақыруға тура келетін себеп қашан да табылады.


Тоқ етерін айтқанда, келемешке ұшыраған село өзін келеке қылған, шектен шығып кеткен, көршілік татулықты тәрк еткен басқа селомен шайқас бастағалы тұрғаны оларға әбден түсінікті болды.


Дон Кихот селолықтарға қарай тура тартып жүріп кетті, бұған Санчо қатты қынжылды, өйткені мұндай қызық-шыжықтарды суқаны сүймейтін. Мұны өздерінің жақтасы ма деп ойлап қалған отряд Дон Кихотқа қақ жарылып жол берді. Дон Кихот бет бүркеуішін көтеріп, адуын әрі тас-түйін кейіпте есек кескінделген жалаудың жанына тақап келді, сол арада оны әскер басылары қоршап алды: оны алғаш көргендер қалай таңырқанатын болса, бұлар да солай таңырқанып, одан көз аудара алмай қалды. Бұлардың тілдеспей және сауал да қоймай өзіне аңтарыла қарап тұрғанын байқаған Дон Кихот осы үнсіздікті пайдалана қойғанды жөн көрді, сөйтіп бірінші боп өзі тіл қатып, қатты дауыспен былай деп сөйлеп кетті:


— Мархабатты мырзалар! Өздеріңе арнағалы тұрған сөзімді, қашан ол әбден жалықтырып, іш пыстырып жібергенше бөлмеуді айрықша өтініп сұраймын. Егер жалықтыра бастаса, онда сіздердің тарапыңыздан болмашы ғана белгі берілген бойда аузымды жауып, тілімді тістей қоям.


Жұрттың бәрі оған сөйлеуіне болатынын, оны ықыласпен тыңдайтынын жария етті. Рұқсат алғаннан кейін Дон Кихот сөзін жалғады:


— Қайырымды мырзалар, мен кезбе рыцарьмын, кәсібім — әскери кәсіп, парызым — араша түсуге мұқтаждарға арашашы болу, қысым көргендерге қол ұшын беру. Өздеріңе кездескен қырсық турасында, дұшпандарыңнан кек қайтару мақсатында неліктен сәт сайын қаруға жармасуға мәжбүр боп жүргендерің жайында бұдан бірнеше күн бұрын естіп білгем. Міне, сөйтіп бұл істің мән-жайын жеткілікті зерделегеннен кейін, жекпе-жек жөніндегі ереженің шартына сәйкес, өздеріңді жәбір көруші деп санауға негіз жоқ дейтін қорытындыға келдім, өйткені жеке адам тұтас бір қауымды жәбірлей алмайды, егер тек сатқындыққа нақты кімнің айыпты екені белгілі болмағандықтан толайым-тұтас осы қауымға сатқындық жайында айып тағылып жүрмесе. Бұған дон Дьего Ордоньес де Лара мысал бола алады; ол Саморраның бүкіл тұрғынына айып таққан-ды, өйткені корольді жалғыз тек Вельидо Дольфос қана опасыздықпен өлтіргенінен мүлдем бейхабар еді, сондықтан ол жұрттың барлығын бірдей кінәлады, сөйтіп жұрттың барлығы бірдей өзін жауапты сезініп, жәбір көрсеткені үшін жауап беруге тиіс болды. Ал шындығында, әрине, сеньор дон Дьегоның тым асыра сілтеп жібергені және бояушы бояушы дегенге сақалын бояп, кінәламайтынды кінәлағаны анық, өйткені өліктерді, суды, нанды, ана құрсағындағы шарананы және жазықты боп шыққан не қилы басқа да ұсақ-түйекті жекпе-жек айқасқа шақырудың қажеті жоқ еді, бірақ енді бұған ештеңе істей алмайсың: шешем бұрқ-сарқ қайнайды, әкем бармақ шайнайды, ал немере ағам мен әпкемнің дәрменсіз көзі жайнайды, деген емес пе. Демек, бір адам тұтас бір корольдікті, провинцияны, қаланы, мемлекетті жәбірлей алмайтын болса, онда селоны да екібастан жәбірлей алмайтыны кәміл, ендеше өзімізге жәбір көрсетілді деп кек қайтарудың қисыны жоқ, өйткені сендерге ешқандай жәбір жасалған жоқ. Сонда деймін-ау, Ла Релоха28 селосының тұрғындары өздерін “сағат жөндеушілер” деп мазақтайтындармен күн құрғатпай төбелесе берсе, сол сияқты лақап аты мен жалған аты кез-келген бала мен кез-келген қылжақбастың аузынан түспейтін “кәстрөл жасаушылар”, “баялды өсірушілер”, “кит аулаушылар”, “сабын қайнатушылар” және басқа да тұрғындар шайқасқа шықса не болғаны! Егер осынау қадірлі азаматтардың бәрі лақап атқа бола ашу шақырып, кек сақтаса, түкке тұрғысыз нәрсеге бола семсері қынында құдды бір тромбонның жылжымалы түтігіндей біресе ілгері, біресе кейін қозғалақтап тұрса, айтары жоқ, әбден жетіскеніміз! Жо-жоқ, сақтай гөр, құдай, жолықтыра көрме ондайға! Саналы азаматтар мен түтіні түзу мемлекеттер тек мынадай төрт түрлі жағдайда ғана қолына қару алып, семсер суырып, өз басын, өмірін және дүние-мүлкін бәске тігеді: біріншіден, католик дінімізді қорғау үшін; екіншіден, өз өмірімізді қорғау үшін, өйткені құдайдың орнатқан тәртібі осыған үндейді және табиғи құқымыз да осындай; үшіншіден, ар-намысымызды, отбасымызды және жиған-тергенімізді қорғау үшін; төртіншіден, король әділетті соғыс жүргізген кезде майдан алаңында оған қызмет ету үшін; егер қажет етсеңіздер, бесіншісін де атай аламыз, — жалпы, оны екінші деп есептесе де артық етпейді, — атап айтқанда: өз отаныңды қорғау. Қолға қару алдыратын осынау негізгі бес себепке тағы да бірқатар дәл сондай әділетті де қисынды себептерді қосақтауымызға болады, ал бірақ ашу шақырудан гөрі күлкі шақыруға, уақытты көңілді өткізуге ғана лайық түкке татымайтын бірдеңе үшін қаруға жармасатындарды ақыл-парасаттан жұрдай деп ойламасқа лажың жоқ. Оның үстіне әділетсіз жолмен кек қайтару (ал, әділетті жолмен кек қайтару деген атымен жоқ ұғым) дініміздің қағидаларына қайшы келеді, себебі дініміз дұшпанға мейірімді болуға, өзімізді жек көретіндерге жақсылық жасауға шақырады, құдайға қатысты жайлардан гөрі құлқынға қатысты жайларды көбірек ойлайтындарға, сондай-ақ рухтан гөрі тәнді маңыздырақ санайтындарға ғана бұл өсиетті бұлжытпай орындау қиын тәрізді көрінеді, өйткені, ешқашан өтірік айтпаған, айта алмайтын және айтуды білмейтін, шын мәніндегі құдайадам Иисус Христос бізге өз заңын берген кезде: билігім — бақыт, жүктемем — жеңіл, деген болатын, ендеше ол бізге қолдан келмейтін нәрселерді өсиет етпеген. Сонымен, қайырымды мырзалар, құдайдың да, адамның да заңдары бойынша сіздер тыныш табуға тиіссіздер.


“Егер мырзам шынымен дін маманы болмаса, онда мені шайтандар алып-ақ кетсін, — деді Санчо сол арада өзіне өзі, — неғылғанда да, ол дін маманына егіздің сыңарындай ұқсас”.


Дон Кихот кідіріп, азды-кем тыныс алды, бірақ тұнжыраған қалпында қалған тобырдың өзін одан әрі тыңдауға ынталы екенін байқап, сөзін әрмен жалғауға оқталған және, оған тіптен күмән жоқ, одан әрі жалғап та кетер ме еді, бірақ мырзасының тыныс алып тұрғанын көрген Санчо өзіне тән ақыл-ой ұшқырлығын танытып, оның орнына өзі сөйлей жөнелді.


— Бұрын өзін Қайғылы Бейне Рыцары деп атаған, енді қазір Арыстан Рыцары атандырып жүрген мырзам Ламанчалық Дон Кихот — өте білімді идальго, — деді Санчо. — Латын мен испан тілі жөнінен кез-келген бакалаврдан кем түспейді, қазіргі айтқан барлық сөзі мен кеңесінен айтулы сарбаз екені айқын сезіліп тұр, жекпе-жектің ереже-заңдарын жатқа біледі, сондықтан сендерге тек оның ақыл-кеңесіне құлақ қою ғана қалады, — өкінбейтіндеріңе кепілдік берем. Оның үстіне, әлгінде естідіңдер емес пе: тек әншейін есектің ақырғанына бола ашу шақыру деген ақымақтық қой. Әлі есімде, бала кезімде өзім де есекше ақыратынмын, қашан және қанша ақырғым келсе сонша, оның үстіне өз ықтиярыммен ақырушы едім, әрі керемет шеберлікпен, айнытпай салатыным сондай, менің ақырғаныма селомыздағы есек атаулының бәрі түгел үн қататын, солай бола тұрғанымен, мені ешкім азғын біреуге балаған жоқ, өз ата-анасының, қадірлі адамдардың ұлы деп білді. Рас, өнерімді деревнядағы біраз сәнқой көре алмай жүрді, бірақ оларға түкіргенім бар. Ал, егер өтірік айтып тұрмағаныма көз жеткізгілерің келсе, онда сәл сабыр етіп, құлақ түріңдер. Бұл өнер де бір — жүзу де бір: үйреніп алсаң өмірбақи ұмытпайсың.


Осыны айтып Санчо қолымен мұрнын қалқалап жіберіп, ақырып қалды, қатты ақырғаны сонша, дауысы айнала-маңдағы күллі алқапты жаңғырықтырды. Алайда, жанында тұрған шаруаның біреуі мынау өздерін мазақ қып тұр екен деп ойлап, оған сойылын сілтеп кеп қалды, қатты соққаны сондай, Санчо Панса тәлтіректеп барып жерге гүрс етіп құлап түсті. Санчоны қалай жәбірлеп жатқандарын көрген Дон Кихот найзасын көлденең ұстап бұзақыға тұра ұмтылды, алайда қас қағым сәтте сонша көп бұзақы жолын бөгеп тұра қалды да, кек қайтарудың мүмкіндігі болмады; бұл да аз: тастың бұршақтай жауып кеткенін және өзін нысанаға алған қисапсыз көп садақ пен аркебуздың ажал төндіріп қалғанын көрген Дон Кихот Росинанттың басын бұрып алды да, тапырақтата шаптырып тобырдан сытыла қашты және қатерден сақтап қалуын сұрап құдайға іштей жалбарынумен болды, өйткені Дон Кихот кеудесін оқ тесіп өтеді-ау деп дегбірі қалмай келе жатқан және сәт сайын демін ішке тартып, оқ жанап өткен жоқ па деп тың тыңдаумен болған. Алайда, жасақшылар оның бас сауғалап қашқанын тамашалағанды қанағат тұтып, ақыры оқ атқан жоқ. Сормаңдай Санчоны олар есін жиған бойда есегіне көлденең артты да, мырзасының соңынан ілесуіне мүмкіндік берді, бірақ Санчоның есекті жолға саларлық жағдайы жоқ-ты, сондықтан оның өзі Росинанттың соңынан тепеңдеп тартып кетті, себебі одан қас қағым сәтке болсын жырақ қалу ол үшін соншалықты ауыр ақирет болатын. Бұл екі аралықта Дон Кихот әжептәуір жерге ұзап кеткен-ді, сәлден кейін тоқтап, артына бұрылып қарап, Санчоның соңынан еріп келе жатқанын көрген соң қуғынның жоқтығын байқап, оны тоса тұруды ұйғарды.


Жасақшылар сол арада қараңғы түскенше тұрғанымен, дұшпандары ақыры шайқасқа шықпады, бұлар соған мәз-мәйрам боп масайрап, улап-шулап селоларына қайтты; егер ежелгі гректердің дәстүрінен хабардар болғанда, олар сол жерге міндетті түрде трофей тұрғызар еді.


ХХҮІІІ тарау


Бен-инхалидың айтуынша, мұны оқып шыққан және оқығанда бар ынтасымен оқыған адамға мәлім болатын оқиғалар жайында


Ержүректің қашқаны — жаудың әскери қулығын аңғарып қалғаны, ал ақыл-парасаты мол ер жігіттер өмірін маңыздырақ істерге сақтауы керек. Бұл қағиданың әділеттілігі Дон Кихоттың тәжірибесінде тағы да дәлелденді. Шаруаларға — ашу-ызасын ақтаруға, олардың жасағына — қара ниетін іске асыруға толық еркіндік берген ол алды-артына қарамай қашты, Санчо тап болған ахуал мен оған төнген қауіпті қаперіне де алмай, енді қорқатын ештеңе жоғын сезгенге дейін құйғытты. Бұрын айтылғанындай, Санчо оның соңынан есекке көлденең артылған күйде еріп келе жатқан. Мұны ақыры қуып жеткен кезде ақыл-есі толық қалпына келген де болатын, сөйтіп, көк ала қойдай боп таяқ жеп, көңілі қарайып, сілікпесі шыққан ол есегінен Росинанттың аяғын құша құлады. Серігінің жарақатын көру үшін Дон Кихот атынан түскен-ді, сөйтіп оны басынан аяғына дейін көзбен шолып шыққан соң он екі мүшесі түгел сау екенін байқап, былай деп долдана сөйлеп кетті:


— Есекше ақыратын кезді тапқан екенсіз, Санчо! Асылып өлген адамның үйінде арқан жайында әңгіме қозғамау керегін білмеуші ме едіңіз? Ендеше, сойылдар — есекше сайрағаныңызды сүйемелдеуге әбден лайық аспап емес пе? Олардың қылышпен per sіgnum cruces29 жасамай, таяқпен ғана шоқындырғаны үшін құдайға құлшылық етіңіз, Санчо.


— Жауап қайтарар шамам жоқ, — деді Санчо, — себебі, тілім емес, арқам сөйлеп тұрғандай сезінем. Қане, көлігімізге мінейік, сосын тура жолымызға түсейік; әлбетте, ендігі жерде есек боп ақыра қоймаспын, есесіне, кезбе рыцарьлардың ұрыс алаңын тастай қашатынын, ақпейіл атқосшыларын жау қолында қалдыратынын, ал аналар оны астық бастырғандай тоқпақтайтынын жария қылмай қалмаспын.


— Шегіну — қашу деген сөз емес, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Біліп қойғаның артық болмас, Санчо, сақтық жасауды қаперге алмайтын батылдықты пәруайсыздық деп атайды, ал пәруайсыздың ерлігін оның жаужүректігінен гөрі әншейін жолы болғыштығына теліген жөн. Сонымен, шегінгенімді мойындаймын, бірақ қашқан жоқпын, өз өмірін келер күндегі келелі істерге сақтаған көкжалдар қарекетін өнеге тұттым және романдар да осындай жайларға толы, бірақ саған оның бәрін баяндап жатпаймын, өйткені мұның саған да пайдасы жоқ, өзімді де онша қуантпайды.


Сол арада Санчо Дон Кихоттың көмегімен есегіне отырды, Дон Кихот Росинантқа мінді, сөйтіп олар асықпай аяңдап мильдің ширегіндей жерде қарауытып тұрған тоғайға қарай тартты. Санчо сәт сайын ауыр-ауыр күрсініп, қинала ыңқылдаумен болды; Дон Кихот одан неліктен мұншалықты ауыр мұңға батуының себебін сұрағанда анау арқасы сегізкөзінен желкесіне дейін ауырып, жанын қоярға жер таптырмай келе жатқанын айтты.


— Олай ауыратын себебі, оған еш күмәнім жоқ, саған дарыған сойыл ұзын әрі түзу болған, — деді Дон Кихот, — сөйтіп, ол арқаңның қазір ауырып тұрған жерін түгел қамтыған, ал егер ол одан да кеңірек қамтығанда онда арқаң бұдан да қаттырақ ауырар еді.


— Құдай деп айтайын, күдігімді қалай ғана оп-оңай сейілтіп жібердіңіз және қандай керемет әдемі түсіндіріп бердіңіз, тақсыр! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Олла-біллә оңбай кетейін, арқамның неліктен ауыратыны соншалықты жұмбақ па еді, сосын неге арқамның сойыл дарыған жерінің бәрі түгел ауыратынын да түсіндіріп жату қажет пе? Егер тобығым ауырса, онда, бәлкім, ойға батуыма болар еді, неліктен ауырды екен деп, ал енді соққы тиген жерімнің не себепті ауыратынына бас қатырудың қажеті бар ма? Апырай, қадірменді сеньорым-ай, жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасын деген, сізбен бірге жүріп опа таппайтыным күн өткен сайын бұрынғыдан да анық мәлім бола бастады ғой: бүгін мені соққыға жығуға жол бердіңіз, ал ертең тағы да сол таз кепеш: көрпеге салып қақпақылдау мен басқа да сондай балалар ойыны басталады, бүгін арқамды беріп құтылдым, ертең сорым қайнап көзімді беріп құтылмасам нетті. Ішетін сусын аз, жейтін тамақ мүлдем жоқ, бағытсыз бағыттармен, жолсыз жолдармен соңыңыздан құр босқа салпақтап жүргенше үйіме, зайыбыма, балларыма қайтып оралсам, соларды бағып-қақсам, нәсібіне бұйырған нәпақамен асырап-сақтасам қандай ғанибет болар еді, шіркін, — бірақ мен барып тұрған рақымсыз адаммын ғой, менен жақсылық күтуге болмайды. Ал, енді ұйқы жайында айтып жатудың өзі артық! Жеті сүйем жер өлшеп алыңыз, құрметті атқосшы, қаласаңыз тағы да сондай жер ала қойыңыз, бұл арада өзіңізге өзіңіз қожайынсыз, сөйтіңіз де, рақаттанып жатып демалыңыз. Кезбе рыцарьлық жолына бірінші боп қадам басқан адам, немесе, тым құрығанда, осындай нақұрыстарға, — шамасы, бұрынғы кезбе рыцарьлар сондай болған шығар, — атқосшылыққа баруға тілек білдірген алғашқы адам алауда күл боп өртеніп, күлі желге ұшып-ақ кетпейді екен. Ал бүгінгі кезбе рыцарьлар жайында ештеңе айтпаймын: сіз, тақсыр, солардың қатарынансыз ғой, ендеше, оларға құрметпен қарауым керек, өйткені ақыл-парасатыңыз бен шешендігіңіз жағынан сіз шайтанның өзін шатастырып жібересіз.


— Тап осы қазір, Санчо, тыным таппай мылжыңдап келе жатқан кезіңізде, — деді Дон Кихот, — еш жеріңіздің еш те бір ауырып тұрмағанына өзіңізбен бәс тігуге бармын. Аузыңызға келгеннің және тіліңіздің ұшында тұрғанның бәрін айта беріңіз түк қалдырмай, батыр-екесі, — тек еш жеріңіз ауырмаса болғаны, ал мен дөрекілігіңізге үн-түнсіз шыдап бағам. Иә, сөйтіп, үйіңізге, әйеліңіз бен балларыңызға қайтып оралуға асығып тұр екенсіз ғой — құдай сақтасын, ешқандай қарсылығым жоқ, ақшам өзіңізде, селодан үшінші мәрте аттанғалы бері қанша күн өткенін санап жіберіп, айына қанша алуыңыз керегін есептеп шығарыңыз да, тиісті ақшаны өзіңізге өзіңіз төлей салыңыз.


— Өзіңізге бек жақсы мәлім бакалавр Самсон Каррасконың әкесі Томе Карраскода қызмет еткенімде, — деді Санчо, — ішетін тамағымды есептемегенде, айына екі дукат алып тұрғам, ал сізден қанша алуым керек — одан тіптен хабарым жоқ, тек әйтеуір деревнядағы малайдан гөрі кезбе рыцарь атқосшысының жұмысы көбірек екенін білем; шынында да солай ғой: малайлықта жүргенде күндіз қанша көп жұмыс істегенімізбен, қанша шаршап-шалдыққанымызбен, кешкісін, әйтеуір, ыстық тамақ ішеміз, төсекте жатып ұйықтаймыз, ал енді өзіңізге қызметке тұрғалы бері төсек-орын дегеннің де не екенін ұмыттым. Егер дон Дьего де Миранданың үйінде өткізген бірнеше күнді, Камачо қазандарынан тиген сүйек-саяқпен жасаған той-думанымды, Басильоның шаңырағында кеңірдегімнен келгенше ішіп-жеп, ұйқы соққанымды есептемегенде, қалған уақыттың бәрінде ашық аспан астында, тақыр жерде ұйықтадым, алуан қилы, жұрт айтатындай, табиғи апат қатерін бастан кештім, сүтсірненің құйтымдай құрышымен және нанның қатқан қабығымен қоректендім, өзімізге ну жыныстан жолыққан жылғалар мен бұлақтардың суын іштім.


— Ақиқат шындықты айтып тұрғаныңызды мойындаймын, — деді Дон Кихот жуаси сөйлеп. — Сонда өзіңізге Томе Карраско төлегеннен қаншалықты көбірек төлегенімді қалайсыз?


— Өз ойымша, — деп жауап қатты Санчо, — айына екі реалдан үстегеніңіз жақсы болар еді. Бірақ, бұл тек өз жалақым ғана, сондай-ақ бір аралды еншілеу жөнінде берген сөзіңіз бен уәдеңіз үшін тағы да алты реалдан қосқаныңызды қалар едім, сонда бар-жоғы отыз реал боп шығады.


— Жөн-ақ, — деді Дон Кихот, — үйден шыққанымызға жиырма бес күндей болды, ендеше, Санчо, жаңағы өзіңіз белгілеген соманы негізге ала отырып, жалпы жиынтығын шығарыңыз, сосын қанша төлеуге тиіс екенімді есептеп жіберіңіз де, әлгінде айтқанымдай, өзіңізге өзіңіз төлей қойыңыз.


— Өйдөйт деген-ай, оныңыз болмайды! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Есеп-қисабыңыздан үлкен қателік жіберіп тұрсыз, себебі уәде етілген арал үшін өзіңіз маған соны уәде еткен күннен бастап дәл бүгінгі күнге дейінгі мерзім есепке алынуы керек.


— Оны сізге уәде еткен кезден бері қанша уақыт өтті сонда, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.


— Егер қара басып қателесіп жүрмесем, — деді Санчо, — жиырма жылдан асқаны анық.


Дон Кихот маңдайын алақанымен шарт еткізді де, көңілдене күліп жіберіп, былай деді:


— Ау, мен Сьерра Моренада және, жалпы, жорықтарда ұзын ырғасы екі айға жуық қана болдым ғой, ал сен маған, Санчо, бұдан жиырма жыл бұрын арал сыйлауға уәде еттің дейсің! Бұл сөзіңе қайтарар жауабым мынадай: өзіңе сақтауға берген ақшамның бәрін жалақың есебіне жатқызып қалтаңда қалдырғың келеді, — мейлі, солай-ақ болсын, егер сол ақша құлқыныңды тесіп бара жатса, саған оны осы қазір-ақ берейін, ала ғой бәрін, ал мен тек сендей құлықсыз атқосшыдан құтылу үшін ғана көк тиыным жоқ, аш-жалаңаш күйде қала баруға дайынмын. Бірақ, сен айтшы маған, кезбе рыцарь атқосшыларына қатысты қағидаларды мансұқ етуші малғұн: кезбе рыцарьдың қандай да болсын бір атқосшысының: “Маған айына қанша төлемексіз?” деп мырзасының жанын қуыратынын қайдан көргенің бар немесе қайдан оқығаның бар? Рыцарьлық романдардың mare magnum30 шомыл, шомыл, қарақшы, жексұрын, құбыжық, өйткені сен тап сондайсың, шомыл деймін мен саған, егер атқосшылардың біреу-міреуінің әлгінде өзің айтқан нәрсені айтқанын, айтпақ түгіл тіпті ойына алғанын тапсаң, онда сол сөздерді маңдайыма ойып тұрып жаза ғой және оған қосымша оңдырмай бес шертпеқұл ала ғой. Сонымен, тізгініңді тарт та, қайқай үйіңе — енді менімен бірге бір адым да ілгері аттап баспайсың. Міне, ас-суыма алған алғысым! Міне, сыйлық бергелі жүрген адамымның сиқы! Міне, бойында адамгершілік қасиеттен гөрі айуандық қасиет басым пенденің ісі! Ау, қалай сонда? Жұрттың бәрі өзіңді қатыныңа қасақана түрде мәртебелі мырза деп ұлықтауы үшін айдыныңды асырмаққа ниеттеніп жүрген шағымда, тап осы кезде менімен қош айтыспақпысың? Ау, қалай сонда? Өзіңді әлемдегі ең жақсы аралдың губернаторы етіп тағайындау жөнінде тиянақты да үзілді-кесілді шешім қабылдаған шағымда, тап осы кезде кетіп қалмақпысың? Ұзын сөздің қысқасы, бір кезде өзің хайуандардың бәрін бірдей бал беріп асырауға болмайды дегенсің. Нағыз есексің сен, есекше күн кешесің және ақырғы демің біткенше есек қалпыңда қала бересің, өйткені хайуан екеніңді сезінгеніңше және түсінгеніңше өміріңнің жібі үзіліп те кететініне еш күмәнім жоқ.


Дон Кихот өзін жерден алып, жерге салып жатқанда анау одан көз алмай тесірейе қарап тұрған, ақыры ар-ұжданы алдындағы азапқа жаны шыдамай жылап жіберді де, әлсіз де аянышты үнмен былай деп сөйлеп кетті:


— Мархабатты мырзам! Маған тек құйрық қана жетіспей тұрғанын, сонда нағыз есек боп шығатынымды білем. Егер маған соны тағып бергіңіз келсе, онда мен оны өз орнында салбырап тұр деп есептеймін де, өмірімнің ақыр соңына дейін өзіңізге есек ретінде қызмет ететін болам. Кешіріңізші мені, тақсыр, аяушылық жасаңызшы маған, — өйткені, мен де бір сәби бала сияқтымын ғой, оң-солымды ажырата білмеймін және алды-артымды болжамай мылжыңдап сөйлей берем: осындай бір кемшілігім бар, бірақ тәубеге келсе күнәкар, күнәсынан арылар, деген емес пе.


— Сөз арасына әлде бір әдемі мәтелді қыстырып жібермесең, бұған не көрінді деп қалар едім, Санчо, — деді Дон Кихот. — Жарайды енді, тәубеге келсең кешірейін сені, алайда мынадай шартым бар: алдағы уақытта тек қара басыңның ғана қамын күйттегенді қой, — қайырымдылау бол және қуанышты көңілмен, шыдамдылықпен өзіңе берген уәдемнің орындалуын күт — рас, ол кішкене кідіріңкіреп жатыр, бірақ іске асатындығына әсте шәк келтіруге болмайды.


Санчо бұған ешқандай күмәні жоқтығын және өзінің міндетті түрде жөнге келетінін айтып жауап берді.


Сол екі арада олар тоғайға келіп кірді, Дон Кихот шегіршіннің, ал Санчо шамшаттың түбіне жайғасты, — басқа да барлық ағаш секілді бұларда да аяқ әрқашан болғанымен, қол ешқашан болмайтын. Санчо түні бойы азап шегіп шықты, өйткені сойыл дарыған жерлері түнгі шықтан одан әрмен қақсап ауырған еді, ал Дон Кихот дағдылы әдетінше арманға берілді, алайда ақыр соңында екеуін де ұйқы меңдеді; ал таң ағарып атқан соң олар атақты Эбро өзенінің жағалауына қарай бет алды, сол жерде екеуі келесі тарауда әңгімеленетін бір жағдайға душар болды.


ХХІХ тарау


Жадыланған қайыққа қатысты бір ғанибет шытырман оқиға жайында.


Тоғайдан шыққаннан кейін Дон Кихот пен Санчо бірқалыпты жүріспен асықпай аяңдап отырып арада екі күн өткенде Эбро өзеніне келіп жетті. Өзенді тамашалау Дон Кихотқа зор бақыт сыйлады: көрікті жағалауына, сырғыған мөлдір суына, айнадай жалтырап, арнасын керней толықсып аққан ағысына сүйсіне көз тікті, көңілді шаттыққа бөлейтін бұл көріністен Дон Кихоттың жадында көптеген қуанышты естелік оянды. Әсіресе, Монтесинос үңгірінде көрген жайлары көз алдынан кетпей қойды; маэсе Педроның маймылы оған бұл оқиғалардың тек бір бөлігі ғана шындық, қалғаны өтірік дегенімен, оның өзі, бәрібір, мұның бәрін даусыз ақиқат деп қана бағалауға бейім-ді, ал Санчо болса, керісінше, мұның бәрін бос қиял деп білетін. Олар осылай су жағалап жүріп келе жатып кенет жағалаудағы ағаштың діңіне байлаулы тұрған, ескегі де, басқа жабдығы да жоқ кішкене қайықты көріп қалды. Дон Кихот жан-жағына қаранғанымен, тірі жан баласы көзіне шалына қоймады; сөйткен соң, көп ойланып тұрмастан, Росинанттан секіріп түсті, сосын Санчоға да есегінен ырғуға, көліктерін жағалаудағы теректің бе әлде талдың ба діңіне байлап қоюға әмір етті. Санчо одан осынау асығыс-үсігіс түсу мен байлаудың себебін сұрады. Дон Кихот оған былай деп жауап берді:


— Біліп қой, Санчо, мына тұрған қайық көпе-көрнеу және ашықтан-ашық мені өзіне тартып тұр және соған отырып, әлдебір рыцарьға немесе басқа бір зор бақытсыздыққа ұшырап, тақсірет тартып жатқан ақсүйек ханымға көмекке аттануға мәжбүр етіп тұр, өйткені бұл рыцарьлық романдардың және сол романдарда ой тұжырып, әрекет ететін сиқыршылардың үрдісіне сай келеді: рыцарьлардың біреу-міреуі қырсыққа ұшырап, оны тек басқа бір рыцарь ғана құтқара алатын жағдай тап келсе, бірақ олар бір-бірінен екі-үш мың, тіпті одан да көп миль жырақта жүрсе, сиқыршылар әлгі екінші рыцарьды бұлтқа отырғызады не болмаса оның қарамағына қайық береді, сөйтіп оны әуемен немесе теңіз арқылы көмегі қажет боп жатқан жерге қас пен көздің арасында алып барады. Айтайын дегенім, Санчо, мына қайық бұл жерге тап сол мақсат үшін әкеп қойылған және мұның бәрі тап қазір түн емес, күндіз екені сияқты шындық, ал енді есегің мен Росинантты тез байлай ғой, кешкірмей тұрғанда тартып кетейік; мен қайыққа қайтсем де отырам, тіпті жалаңаяқ ағайындардың жалынғанына да қарамаймын.


— Олай болса, — деп сөйлеп кетті Санчо, — өзіңіз адым аттаған сайын, айып көрмеңіз, ақымақтық жасауға ниет қылсаңыз, онда маған тек: “Мырзаңа қарсы келмесең — ас-судан тарлық көрмейсің” деген мәтелді ескеріп, бағыну мен бас ию ғана қалады. Алайда, арым таза болуы үшін құлаққағыс етіп қояйын, меніңше, бұл қайықтың иелері ешқандай жадыланған жандар емес, кәдімгі жергілікті балықшылар: өйткені, қарақаптал балықтың ең тәуірі осы өзенде.


Санчо осыны айтып тұрған шақта өзі жануарларды байлап жатқан және бұларды сиқыршылардың қорғауы мен қамқорлығына қалдырып бара жатқанына жаны қатты күйзелумен болған. Дон Кихот оған жануарлар қараусыз қалып бара жатыр-ау деп қайғырмауы керегін ескертіп, өздерін осынша лонгинквальдық өңірге кім аттандырса, жануарларға да сол қам жасайтынын айтты.


— Логикальдық дегеннің не екенін түсінбедім, — деді Санчо, — ондай сөзді өмірі естімеппін.


— Лонгинквальдық деген сөз — жырақ деген мағына береді, — деп ұғындырды Дон Кихот. — Мұны түсінбегеніңе таңданатын дәнеңе жоқ: сен латынды білуге міндетті емессің; ал оны білем деп өңештейтін, ал шын мәнінде одан түк түсінігі жоқ жандар қанша.


— Жарайды, байладым, — деп мәлім етті Санчо, — Енді не істейміз?


— Не істейміз дейсің бе? — деді Дон Кихот. — Шоқынамыз да, зәкірді босатамыз, яғни қайыққа отырамыз да, жағаға бекітілген жібін кесіп жібереміз.


Осыны айтып ол қайыққа қарғып мінді, Санчо да сөйтті, одан соң жіп кесілді де, қайық жағадан жайлап жырақтай бастады; оның жағадан шамамен екі шынтақтай алыстағанын көрген кезде қашып құтыла алмайтын қасіретке тап болатынын сезгендей Санчоның тұла бойы түгел қалтырап қоя берді, бірақ есектің ақырғаны мен Росинанттың байлаудан босанбаққа тырысып тынымсыз жұлқынып жатқанын көргенде қайғысы одан бетер үдеп кетті, сол арада ол мырзасына былай деді:


— Есек бізді ойлап қамыққаннан ақырды, ал Росинант соңымыздан тұра шабу үшін босап шықпаққа жанталасып жатыр. Сабыр сақтаңдар, сүйікті достар! Ішім сезіп отыр, сендерді қалдырып кетудің шын мәніндегі есалаңдық болғанын көп ұзамай-ақ түсінерміз, ақылға келерміз және өздеріңе қайтып оралармыз!


Осыны айтып отырып оның егіл-тегіл еңірегені сонша, ызасы келіп, қатты ашуланған Дон Кихот оған былай деді:


— Неден қорқасың-ей сен, қоянжүрек сорлы? Не жайында жылап отырсың сен, жүрегі мал майындай ылжыраған сүмелек? Біреу сені шам алып іздеп жүр ме, біреу соңыңнан қуып келе ме? Қарын қамынан басқаны білмейтін пақыр, саған не жетпейді осы, молшылықта малтып жүрген жоқпысың? Бәлкім, сен Рифей тауын жаяу және жалаңаяқ кезіп жүрген шығарсың? Жоға, отырсың ғой міне сәкіде эрцгерцог құсап, мына сүйкімді өзеннің баяу ағысы сені жаймен ағызып әкетіп барады және көп ұзамай ашық теңізге де алып шығады. Ау, расында да, теңізге шығып кеткен сияқтымыз ғой өзі және кем дегенде жеті жүз, ол аз болса, тіпті сегіз жүз миль жүзіп өткен секілдіміз, — қолымда астролябия болса, полюстің биіктігін өлшеп жіберер едім де, қанша мильді артқа тастағанымызды саған дәлме-дәл айтып берер едім. Дей тұрғанмен, бәлкім, бұл саладан дәнеңе білмейтіндей де көрінермін, бірақ, меніңше, біз күн мен түннің теңесу белдеуінен өтіп те кеткен секілдіміз немесе енді-енді өтпек шығармыз: бұл белдеу жерді қарама-қарсы полюстерден біп-бірдей қашықтықта кесіп өтіп, оны екіге бөледі.


— Ал, сонда, өзіңіз айтқандай, күн мен түннің текетіресу белдеуіне жеткенде қанша жүріп өткен боламыз? — деп сұрады Санчо.


— Өте көп, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Өзімізге мәлім күллі космографтың ішіндегі ең атақтысы Птолемейдің есеп-қисабына қарағанда, планетамыздағы су мен құрлықтың үсті үш жүз алпыс градусқа тең екен, ал екеуіміз әлгі белдеуге жеткенде соның қақ жартысын артта қалдырамыз.


— Апырай, не дейін сізге, құдай ақы, — деді Санчо, — кімнің сөзіне жүгініп, кіммен дос-жар боп жүргеніңізге қайранмын: қайдағы бір Дым-да-білмей ме әлде Бұтелемей ме біреу, — ал өзіңіз оны босмаңырақ деп мұқатасыз, оған қоса, егер қате түсінбеген болсам, астапралия деп кекетесіз.


Космограф Птолемей есімінің, кәсібі мен астролябия құралының атауын Санчоның осынша бұрмалағанына Дон Кихот күліп алды, сосын былай деді:


— Бері қара, Санчо: Кадисте кемеге отырып, Ост-Индияға сапар шегетіндерде әлгінде өзім айтып кеткен күн мен түннің теңесу белдеуін артқа салғандарын анықтайтын бір ерекше белгі бар: өздерінде қанша бит болса, соншасы түгел жаппай қырылып қалады екен, сөйтіп оны бүкіл кемеден қанша іздесең де емге таппайсың. Сондықтан, Санчо, саныңнан қарап көрші, егер әлденендей бір тірі жәндік тапсаң, онда күдігіміз өзінен өзі сейіледі, ал таппасаң, онда аталмыш белдеуден асып кеткен боп шығамыз.


— Бұған не десеңіз де сенбеймін, — деп мәлім етті Санчо. — Әрине, бұйрығыңызды бұлжытпай орындаймын ғой, бірақ мұндай тәжірибенің неге қажет бола қалғанына басым жетпейді, себебі жағалаудан бес шынтақтан алысқа ұзамағанымызды, жануарларымыз тұрған нүктеден екі шынтақтай да ауытқымағанымызды өз көзіммен көріп отырмын ғой, өйткені, әне тұр, әне, Росинант пен сұр жорғам, сол баяғы орындарында тұр, ал егер, дәл қазір өзім өлшеп отырғандай, көзбен мөлшерлеп көрсек, онда, олла-біллә, алға қарай құмырсқа секілді қыбырлап келе жатқанымызда еш күмән қалмайды.


— Сен, Санчо, абзалы, жаңа өзім айтқан тәжірибені іске асыр, ал қалған нәрседе шаруаң болмасын: өйткені сенің үлкен шеңберлер, белдеулер, параллельдер, зодиактар, эклиптикалар, полюстер, күн тоқырауы, күн мен түннің теңесуі, планеталар, белгілер, ғаламшарлардың аспан мен жер сфераларында орналасу және қиылысу нүктелері дегеннен хабарың жоқ қой. Егер мұның бәрін немесе, құрығанда, бір бөлігін білген болсаң, онда қанша параллельді кесіп өткенімізден, қанша белгіні көргенімізден, қанша шоқжұлдызды артта қалдырғанымыздан, алда әлі қаншасы бар екенінен толық хабардар болар едің. Саған тағы да қайталап айтам: іздестір бойыңнан және ұстап ал — қазір сенің әрі әппақ, әрі тегіс парақтан да таза екеніңе сенімім кәміл.


Санчо іздестіруге кірісті; сол аяғын қолымен жәймен сипалап, тізесінің астыңғы жағын ұстап көрді де, басын көтеріп, мырзасына қарап:


— Не мына тәжірибенің түк пайдасы жоқ, не біз өзіңіз айтқан орыннан әлі тым-тым жырақта жүрміз, — деді.


— Неғылдейді? — деп сұрады Дон Кихот. — Ең болмаса біреуін таптың ба?


— Біреуін емес, барлығын ! — деп айқайлап жіберді Санчо.


Соны айтып, әлденені саусағынан сілкіп қалған ол, сумен қолын шайды; бұл екі аралықта қайық өзен бойымен баяу сырғып келе жатты, оны әкетіп бара жатқан әлденендей бір құпия күш немесе көзге көрінбейтін сиқыршы емес, сол мерзімдегі әншейін тыныш та тымық ағым болатын.


Дәл осы мезетте олар өзеннің қақ ортасында тұрған дырау диірмендердің сұлбасын байқап қалды, соны көрген бойда Дон Кихот қатты дауыстап Санчоға былай деді:


— Анаң қара, анаң қара! Әне жерден, достым, қала ма, қамал-сарай ма, бекініс пе, бірдеңе көрініп тұр, сонда тұтқын рыцарь жатқанына еш күмән жоқ, мұның тіпті әлдебір жапа шеккен королева, инфанта немесе принцесса боп шығуы да ғажап емес, міне, мен де соларға көмектесу үшін осында жеткізіліп отырмын.


— Ау, құрып кеткір, қайдағы қала, қайдағы бекініс, қайдағы қамал-сарай турасында айтып отырсыз, мархабатты мырзам-ау? — деп бақырып жіберді Санчо. — Бұлардың ұн тартатын су диірмені екенін көріп тұрған жоқпысыз?


— Өшір үніңді, Санчо, — деді Дон Кихот, — олар тек сырт көзге ғана диірмен сияқты көрінеді, бірақ бұлар диірмен емес. Арбаушылық айла-амалдар кез-келген заттың шынайы болмысын басқамен ауыстырып және бұрмалап жібере алады деп мен саған айтпап па едім. Әрине, мен бір зат шын мәнінде екінші затқа айналып кетеді деп отырғам жоқ, әсте олай емес, мұндай ауысу тек біздің ой-қиялымызда ғана болады: Дульсинеямды, —асыл арман, үкілі үмітім ғой ол, — алмастырып жіберген жағдай соған мысал.


Сол екі аралықта қайық өзеннің ағысы қатты жеріне тап болды да, алға қарай бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүйтки жөнелді. Диірменде жұмыс істеп жатқан ұн тартушылар өзенде қайық келе жатқанын және ағыстың оны тұп-тура диірмен доңғалақтары тұрғызған үйірімге қарай апара жатқанын көріп, ұзын-ұзын сырықтарын алып, қайықты тоқтату үшін бөгетке жүгіріп шықты: бет-әлпеті мен киімі ұнға былғануы себепті түрлері тым қорқынышты болатын. Олар бар дауыспен былай деп айқай сап жатты:


— Әй, антұрғандар! Қайда ентелеп барасыңдар? Немене, өмір сүруден жалықтыңдар ма? Не керек сендерге? Суға батып өлгілерің келе ме әлде доңғалақтың астына түсіп, ұнға айналмақпысыңдар?


— Айбынды білегімнің қайраты қандай екенін көрсетуге тура келетін жерге жеттік деп айтпап па ем саған, Санчо? — деді сол арада Дон Кихот. —Көрдің бе, маған қарсы қаншама азғын мен арсыздың жүгіріп шыққанын; көрдің бе, қаншама сұрықсыз сұмпайының жолыма көлденең тұрып алғанын; көрдің бе, мына жарымжандардың бізге бет-ауызын қалай қисаңдатып жатқанын. Тұра тұрыңдар, жексұрындар, көрсетермін сендерге!


Сол арада ол орнынан көтеріліп, бойын тіктеді де, дауысын қатайтып, ұн тартушыларға қоқан-лоқы көрсете бастады:


— Қатыбас та қаскүнем тобыр! Мына бекіністеріңде ме әлде абақтыларыңда ма қамауда жатқан ханымды — тегі мен лауазымына, тағдырының татымды әлде татымсыздығына қарамай — бостандыққа шығарыңдар және толық еркіндік беріңдер. Мен — Ламанчалық Дон Кихотпын, лақап есімім — Арыстан Рыцары және маған жаратқанның өзі осынау шытырман оқиғаны жеңісті нәтижеге жеткізуді жазған.


Осыны айтып, семсерін суырып алды да, ұн тартушылардың тұмсығы алдынан оңды-солды сермей бастады, аналар оның шатты-бұтты сандырақ сөзін естігенімен, не деп тұрғанын түсіне алмаған және диірмендер доңғалағы астындағы шұңғыма мен үйірімге қарай бой бермей тартылып бара жатқан қайықты бәрі жабылып сырықпен тіреп тоқтатуға жан салып жатқан.


Санчо тізерлей кетіп, осынау анық қатерден өзін құтқаруын сұрап, құдайға құлдық ұрып жалбарына бастады, ұн тартушылардың ептілігі мен ыждағаттылығы арқасында солай болып та шықты: олар қайыққа сырықтарын бар күшпен тіреп, ақыр соңында оны тоқтатты; әйткенмен қайық аударылып қалды да, Дон Кихот Санчомен бірге суға құлады; Дон Кихоттың бір артықшылығы — балықтай жүзетін, бірақ сауыт-сайманының салмағынан, бәрібір, екі мәрте су түбіне шөгіп үлгерді, егер ұн тартушылар сол бойда суға қойып кетіп, екеуін қолдарына көтеріп дерлік алып шықпағанда, бұл орын олар үшін Трояға айналған болар еді. Суға кеңірдектеп тойғандары сонша, ендігі жерде су ішуге ешқашан тәбеті шаппастай көрінген екеуді құрғаққа шығарғаннан кейін, Санчо жерге тізерлей кетті де, қолын кеудесіне айқастырып, көзін көкке қадап тұрып, құдайдан алдағы уақытта мырзасының батыл да өжет ой-ниеттері мен бастамаларынан құтқаруды сұрап, құлдық ұрып ұзақ мінәжат етті.


Осы кезде қайықтың иесі боп табылатын балықшылар да келіп жетті, — айта кететін жай: диірмен доңғалақтары қайықты быт-шыт қып жаңқаға айналдырып жіберген-ді. Қайықтың талқаны шыққанын көрген олар Санчоға тап беріп, оны шешіндіруге кірісті, ал Дон Кихоттан шығынның орнын толтыруды талап етті. Дон Кихот, түк ештеңе болмағандай, мейлінше сабырлы да салиқалы кейіпте ұн тартушылар мен балықшыларға қайықтың құнын төлейтінін, бірақ бір ғана шарты барын — қамал-сарайларында тұтқында жатқан ханымды немесе басқа құрметті адамдарды түлкі бұлаңға салмай, бірден азат етулері керегін мәлім етті.


— Оу, қайдағы құрметті адамдар мен қамал-сарайлар жайында шатып тұрсың, дәлдүріш-ау? — деп айқайлап жіберді ұн тартушылардың бірі. — Әлде осында ұн тарттыруға келгендерді алып кеткің кеп тұр ма?


“Жетер! — деді Дон Кихот өзіне-өзі. — Бұл иттің балаларын ізгі ниетті іске иліктірмек боп жалынып-жалпаю да бір — елсіз-сусыз ен далада жәрдем сұрап жылау да бір. Шамасы, бұл шытырман оқиғада аса әлеуетті екі сиқыршы бетпе-бет келген болса керек, сөйтіп, бірінің ойға алғанын екіншісі күйретумен шұғылданып жатса керек: өйткені, бірі маған қайық жіберсе, екіншісі мені суға лақтырды. Бұл арада тек жаратқан ғана жәрдемдесе алады, өйткені аспан асты, жер үсті толы шие боп шырматылған қаскөйлік пен қарама-қайшы іс-әрекеттер. Мынандай жағдайда қолымнан ештеңе келмейді”.


Сосын ол дауысын қатайтып, диірмендерге қарай жүзін бұрып, былай деп сөйлеп кетті:


— Сендер кім болсаңдар да, беу, қапаста жатқан достарым, мені кешіре көріңдер: өз бақытсыздығым мен өздеріңнің бақытсыздығыңа қарай, сендерді бәледен құтқара алмайын деп тұрмын. Бұл ерліктің әлденендей басқа бір рыцарьға алдын-ала әзірленгені және күні бұрын белгіленіп қойғаны көрініп тұр.


Осыны айтқаннан кейін ол балықшылармен бәтуаға келіп, қайық үшін оларға елу реал төледі; оны Санчо қинала-қинала беріп тұрып:


— Қайықпен тағы бір осылай қыдырыстасақ, барлық ақшамыз су түбіне кетеді, — деп құлаққағыс етіп қойды.


Ал, балықшылар мен ұн тартушылар әдеттегі адамдарға ұқсастығы аз осынау екі пендеге таңырқана қарап, таңдай қағумен болды, оған қоса Дон Кихоттың айтқан сөзі мен өтінішінде қандай мән-мағына барын түсіне алмай бастары қатты; ақыры, мұны нақұрыстық деп тауып, оларды жайына қалдырды да, диірмендері мен балықшы лашықтарына тарасты. Жетесіз Дон Кихот пен жетесіз Санчо өздерінің жетесіз жануарларына қайтып оралды, осымен жадыланған қайыққа қатысты шытырман оқиға да тәмам болды.


ХХХ тарау


Дон Кихот пен бір әдемі аңшы әйел арасында орын алған жайлар жөнінде.


Қатты жабырқап, еңселері түскен олар төрт аяқты жануарларына қарай бет алды, әсіресе Санчоның жүрегі қан жылап келе жатқан, себебі мырзасының ақшасынан шығын шыққан сайын оның да жаны шығып кете жаздап шақ қалатын; мұндай сәтте ол ақшадан емес, денесінің бір мүшесінен айрылғандай күй кешетін. Ақыр соңында олар көліктеріне отырды да, айтулы өзеннің жағалауын тастап шықты, сол бойда Дон Кихот сүйіспеншілігі жайындағы ойларға берілді, ал Санчо болса — жоғары дәрежелі мансабы турасында тебіренді: қазір бұл арманы бұрынғыдан да алыстап кеткендей көрініп тұрған, себебі ол өзі аңқаулау болғанымен мырзасының істеп жүрген ісінің бәрі немесе бәрі дерлік ақылға сыйымсыз екенін өте жақсы түсінетін, сондықтан сәті түскен бір күні жалақысын да алмай-ақ, тіпті мырзасымен де қоштаспай-ақ тайып тұрудың, сөйтіп үйіне қайтып оралудың орайын тосумен жүрген, алайда тағдыр мүлдем басқаша ұйғарым жасады да, қорқынышы негізсіз боп қалды.


Келесі күні кешке таман орманнан шығып, кең көсілген шалғынды көзбен шолып тұрған Дон Кихот оның ең арғы шетінде әлденендей қара-құра тобыр барын байқады; жақындай бере бұлардың құс салып жүргендер екенін білді. Одан соң бұл тағы да жақындай түсіп, қардай аппақ жорға мінген сымбатты ханымды көрді; әбзелінің түсі жасыл, ал ері күмістелген боп шықты. Ханымның өзі де жасыл түстен киініпті және киім-кешегінің бағалылығы мен сәнділігі сонша, әсемдік ұғымының айқын бейнесі тап осы ма деп қалуға болатындай еді. Сол жақ білегіне сұңқар қондырылыпты, осы белгіге қарап-ақ Дон Кихот оның әлдебір текті әулеттен шыққан ханым екенін, қалған аңшылар нөкері екенін аңғара қойды — бұл шын мәнінде де солай болатын; осы жағдаятқа байланысты ол Санчоға былай деді:


— Жөнел, достым Санчо, анау ақ сәйгүлік мінген және қолына сұңқар қондырған сеньораға барып айт: мен, Арыстан Рыцары, оның сұлулығы мен сән-салтанаты алдында басымды ием, егер мәртебелі ханым рұқсат етсе, оны қолынан өбу үшін және қандай әмір бермесін хал-қадарымша бұлжытпай орындау үшін оның қасына жақындаймын. Бірақ, сен байқа, Санчо, артық-ауыс бірдеңені шатып қойып жүрме және елшілікте айтар сөзіңе үйреншікті мәтелдеріңді бытыстырушы болма.


— Тапқан екенсіз бытыстырғышты! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Құр босқа абыржымаңыз! Құдайға шүкір, жоғары лауазымды кербез сеньораларға елшілікпен бара жатқаным бір бұл емес.


— Өзіңді сеньора Дульсинеяға жібергенім болмаса, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бұрын-соңды елшілік міндет атқарғаның есімде жоқ, әйтеуір өзімде қызметте жүргенде ондаймен айналысқан емессің.


— Оныңыз рас, — деді Санчо, — бірақ, солай бола тұрғанымен, тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ және дәулетті үйдің дастарқаны да дайын. Айтайын дегенім, маған анау олай, мынау бұлай деп түсіндірудің, үйт-бүйт деп алдын-ала ескертудің қажеті аз: өзім де тәп-тәуір епсектілік таныта алам, бұл істердің ыңғайын өзім де әжептәуір білем.


— Бұл сөзіңе сенем, Санчо, — деді Дон Кихот. — Жарайды, ендеше, аттана бер, бір ретін табарсың!


Санчо сұр жорғасын көсілте тапырақтатып тартып берді; әдемі аңшы әйелге таяп келіп есегінен түсті де, тізерлей кетіп, былай деді:


— Сүйкімді сеньора! Арыстан Рыцары есімді анау тұрған рыцарь — менің қожайыным, ал мен оның атқосшысымын, үй-ішім мені Санчо Панса деп атайды. Сөйтіп, осы таяу уақытқа дейін Қайғылы Бейне Рыцары дейтін лақап есімді иеленіп келген тап сол Арыстан Рыцары мені сізге, мәртебелі ханым, өз рұқсатыңыз, пұрсатыңыз һәм келісіміңіз бойынша осы араға келуге және тілегін орындауға мейірімді мүмкіншілік жасауыңызды өтініп сұрауым үшін жіберіп тұр, ал оның тілегі, өзінің айтуынша, және өзім де солай ойлаймын, тек біреу ғана: сіздің биікке самғар сұңқарлығыңызға, сұлулығыңыз бен сән-салтанатыңызға қызмет ету ғана, ал енді осындай мейірімді мүмкіндік жасала қалса, онда сіз, мәртебелі ханым, бұдан тек ұтпасаңыз ұтыла қоймайсыз, ал ол мұны өзіне көрсетілген ерен де ерекше мейірім-қайырым һәм айтып жеткізгісіз жан рақаты деп білмек.


— Шын мәнінде де жақсы атқосшы екенсің, — деп жауап қатты сеньора, — мұндай тапсырмаларды орындау кезінде қажет болатынның ештеңесін де қалыс қалдырған жоқсың. Тұра ғой орныңнан, — есімі мұндағы бәрімізге жақсы мәлім Қайғылы Бейне Рыцары секілді атақты рыцарьдың атқосшысына тізерлеп отырған жараспайды. Тұра ғой, достым, қожайыныңа барып айта ғой: ол мұнда өте бір оңтайлы уақытта келіп тұр, күйеуім герцог екеуіміз оны жазғы сарайымызға шақырамыз.


Санчо бойын тіктеді; мейірбан сеньораның сұлулығы да, ізеттілігі мен кішіпейілдігі де оны қатты таңдандырды, бірақ бәрінен бұрын оның Қайғылы Бейне Рыцары жайында бұрыннан хабардар екендігі қайран қалдырды; рас, оны Арыстан Рыцары деп атаған жоқ, бірақ, бұл, шамасы, әлгі атауды Дон Кихоттың таяуда ғана алғандығынан шығар. Сол арада герцогиня (есімі кім екені әзірге белгісіз боп тұр) Санчоға мынадай сұрақ қойды:


— Сен мынаны айтшы, құрметті атқосшы: Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот деп аталатын кітап сенің қожайының жайында жазылған ба және оның жүрегінің әміршісі әлдебір Дульсинея Тобосская деген бе?


— Бұл рыцарь соның тап өзі, сеньора, — деп жауап қатты Санчо, — ал ана кітапта бейнеленген немесе, қайткен күнде де, әйтеуір, бейнеленуге тиіс болған және Санчо Панса деп аталатын атқосшы мына мен болам, егер тек мені бесігімде жатқан жерімде, — яғни, кітап басу кезінде дегенім ғой, — ауыстырып жіберіп жүрмесе.


— Мұның бәрі мені айрықша қуантып тұр, — деп мәлім етті герцогиня. — Ендеше, достым Панса, мырзаңа барып айт: өз иеліктерімде оған аса қадірлі де сыйлы қонақ ретінде құрмет көрсетіледі және мен үшін бұл дүниеде оның мейман болуынан артық рақат-қызық жоқ.


Осындай өте жағымды жауап алған Санчо аса қанағаттанғандық сезіммен мырзасына қарай жөнеп берді, ақсүйек сеньораның айтқанын оған түп-түгел баян етті және оның сұлулығын, ерекше сүйкімділігі мен сыпайылығын деревнялық қарапайым тілімен аспанға шығара әспеттеді. Дон Кихот өзінше маңызданып үзеңгіге шіренді, бет бүркеуішін жөндеп қойды, сосын Росинантты шпормен тебініп жіберіп, мардымсып-мығымсыған кейіпте герцогиняны қолынан өбуге аттанды; ал герцогиня болса, Дон Кихот келіп жеткенше, герцог күйеуін шақырып алып, елшіліктің жай-жапсарын әңгімелеп үлгерген еді. Дон Кихот хикаяларының бірінші бөлімін оқыған, одан мұның оғаш құлықтарына әбден қаныққан ерлі-зайыптылар онымен танысуға ынтығып, рыцарьды зор қуанышпен тосып тұрды; сондай-ақ оның қандай қылтың-сылтыңын да көтеріп, не айтса да бас шұлғи беруге және мейман боп жатқан кезінде оны кезбе рыцарь ретінде құрметтеп, өздері айрықша ұнатып оқитын рыцарьлық романдарда егжей-тегжейлі суреттелетін барлық рәсімді сақтауға алдын-ала келісіп те қойған-ды.


Сол екі аралықта бет бүркеуіші ашық Дон Кихот та шоғырға таяп келіп, Санчоға аттан түспегін білдіретін белгі берді; Санчо оның үзеңгісін ұстап тұрмаққа ұмтылған, бірақ, сұр жорғасынан ырғи бергенінде, қас қылғандай, ерге байланған жіпке бір аяғынан ілініп қалды; аяғын жіптен ақыры босата алмай, кеудесімен және бетімен жер қапқан күйі салбырады да қалды. Өзі аттан түскенде біреу үзеңгісін ұстап тұратынына Дон Кихот әбден дағдыланып алған еді, сөйтіп, Санчо келіп те тұр ғой деп ойлаған ол жанына қарай жантайған бойда аяқ асты ауып түсті де, Росинанттың ерін өзімен бірге ала кетті; ерді бекітетін айыл, шамасы, бос тартылса керек, өйткені жерге сол ермен бірге гүрс етіп құлады; бұдан қатты ыңғайсызданып, әбігері шыққан ол аяғы әлі тұзақта жатқан сормаңдай Санчоға іштей қарғыс жаудырумен болды. Герцог аңшыларына рыцарь мен атқосшыға көмектесуге бұйрық беріп, олар Дон Кихотты орнынан тұрғызды; Дон Кихот болса, құлағанда аяғын қатты ауыртып алғандықтан ақсаңдап қалған-ды, соған қарамастан герцог пен герцогиняның алдында өзін-өзі күштеп тізерлемекке тырысты, бірақ герцог бұған үзілді-кесілді қарсы болды — атынан секіріп түсіп, Дон Кихотты құшағына алып, былай деді:


— Иелігімдегі жерге басқан қадамыңыз осынша сәтсіз болғанына қатты өкініп тұрмын, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары. Айта кетерлігі, атқосшылардың құнтсыздығы кей-кейде жанға бұдан да ауыр тиетін оқиғаларға себепші болатыны бар.


— Өзіңіз секілді айтулы шонжармен кездесуге байланысты орын алған оқиғаны әсте сәтсіз деуге болмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Тіпті құрдымның ең түбіне құлап түссем де, ол жерден мені өзіңізбен жүздесуімнің құрметі құтқарып, жоғары көтеріп алар еді. Менің атқосшым, құдай сазайын бергір, орнықты тұруы үшін ерді дұрыс салып, айылды қаттырақ тартудан гөрі, қыршаңқы қалжыңдарды тоғыту үшін тіліне ерік беруге шебер. Алайда, қандай кепке тап болмайын мейлі, құлап жатайын немесе қайта тұрайын, жаяу болайын немесе атты болайын, сізге және сеньора герцогиняға, қадірменді зайыбыңызға, сұлулық әлеміндегі таңдаулылардың таңдаулысы һәм әдептіліктің үлгі-өнегесін қалыптастырушылардың маңдайалды мақтанышы деп атауға әбден лайықты ханымға, қызмет етуге қашан да дайынмын.


— Тұра тұрыңыз, сеньор Ламанчалық Дон Кихот, тұра тұрыңыз! — деді герцог. — Сеньора донья Дульсинея Тобосская әмір жүргізетін жерде басқа біреудің сұлулығын мадақтауға болмайды.


Бұл екі арада Санчо Панса бұғаудан аяғын босатқан да еді, сөйтіп бермен келген ол мырзасының орнына жауап қатып үлгерді:


— Сеньора Дульсинея Тобосскаяның асқан сұлу екенін теріске шығармау керек, керісінше, мойындау қажет, алайда қоян қашан да аңшы аңдамаған кезде қашады емес пе, онан соң мынадай нәрсені естігенім бар: өзіміз жаратылыс деп атап жүргеніміз саздан көзе жасайтын құмырашы іспетті, деседі, ендеше, егер ол бір әдемі көзені жасап шығарса, онда ол мұндайдың екіншісін де, үшіншісін де, тіпті жүз шақтысын да жасай алады ғой. Мұны айтып тұрған себебім, сеньора герцогиня өз бибім сеньора Дульсинея Тобосскаядан еш те бір кем емес.


Дон Кихот герцогиняға қарап былай деді:


— Мына бір жайды қаперге алып қойыңыз, мәртебелі ханым: бірде бір кезбе рыцарьда тап мына мендегідей сөйлемпаз әрі қалжыңбас атқосшы болған емес; егер өзіңізге, жоғары мәртебелі сеньора, кем дегенде бірнеше күн қызмет еткенімді хош көрсеңіз, онда бұған іс жүзінде көзіңіз жетер еді.


Герцогиня бұған былай деп жауап қатты:


— Мейірбан Санчоның әзілқойлығы маған әбден ұнайды; бұл оның ақылсыз еместігінің айғағы, — топастау адамдар, мұны енді өзіңіз де білесіз ғой, сеньор Дон Кихот, әзіл мен қалжыңға жоқ келеді, ал мейірбан Санчо — әзілқой әрі қалжыңбас болса, онда мен оны тап осы қазір ақылман деп тануға бармын.


— Сондай-ақ, мылжың деп, — деп қосып қойды Дон Кихот.


— Онда тіптен жақсы, — деп іліп әкетті герцог. — Ерекше зерделілік сөзге сараңдықпен үйлесім таппайды. Ал, қазір енді, көп сөзді қойып, сізді, даңқты Қайғылы Бейне Рыцары...


— Арыстан Рыцары деу керек, шарапатты мырзам, — деп қыстырыла кетті Санчо, — бейнелер мен бейнелеулер дегеннің бәрі бітті, енді қалғаны тек арыстандар ғана.


— Сонымен, сізді, сеньор Арыстан Рыцары, қамал-сарайыма шақырам, — деп сөзін жалғады герцог, — бұл арадан ол онша қашық емес, ол жерде өзіңіз секілді аса қадірменді адамдар көруге лайықты қонақжайлылықтың және бізге қонаққа келіп тұратын кезбе рыцарьларға герцогиня екеуіміз көрсететін меймандостықтың шуағына шомылатын боласыз.


Бұл екі арада Санчо мырзасының ерін жөнге келтіріп, айылын жақсылап тартып та үлгерген-ді, одан соң Дон Кихот Росинантқа, герцог өзінің сәйгүлігіне отырды, герцогиня болса, екеуінің арасынан табыла кетті, сөйтіп бәрі қамал-сарайға қарай қозғалды. Герцогиня, алайда, Санчоға өзімен қатар жүруге әмір етті, өйткені оның әсерлі әңгімесі оған айтып жеткізгісіз қуаныш сыйлайтын. Санчо көп жалындырған жоқ, үшеудің ортасына сыналанып енді де, төртінші сұхбаттас қақында ортақ әңгімеге араласа бастады, — герцог пен герцогиня бұған қатты ырза болды, өйткені олар кезбе рыцарь мен оның аузы тыным таппайтын атқосшысын қонақ ететін жағдайдың тап келгенін өздері үшін төтенше бір сәттілікке балап еді.


ХХХІ тарау


Бұл тарауда не қилы керемет оқиғалар баяндалады.


Санчоның қуанышы шексіз болатын, өйткені герцогиняның ілтипатына іліккенінде шүбәсі жоқ-ты, осы себепті оның қамал-сарайында дон Дьего қожалығы мен Басильоның үйіндегідей мырғамға батудан үмітті еді; ол жан рақатын кешкенді ұнататын, ал өмірдің қызығын көріп қалуға мүмкіндік жасайтын сондай бір сәт кездессе, айдарынан шап беріп ұстай алатын.


Одан әрі хикаяда былай делінеді: осы шоғыр жазғы сарайға, басқаша айтқанда, қамал-сарайға жақындамастан біраз бұрын ілгері озып кеткен герцог ертерек барып, малайларын жинап, Дон Кихотты қалай қарсы алу керектігін айтып, тиісті тәртіп берген еді, сөйтіп Дон Кихот герцогинямен бірге қамал-сарай қақпасына келіп жеткен кезде қарсы алдынан әдемі алқызыл атластан тігілген, етегі тобыққа дейін жететін, әдетте таңғы киім-кешек деп аталатын киімі бар, әлде малай ма, әлде атшы ма, екі жігіт шығып, әне-міне дегенше болмай оны атынан көтеріп түсірді де:


— Мәртебелі мырза, рақымшылық жасап герцогиняның аттан түсуіне жәрдемдесіп жіберсеңіз, — деді.


Дон Кихоттың жәрдемдескісі келген, бірақ сол арада герцогиня екеуінің арасында ұзаққа созылған сыпайыгершілік “сіз-біз” басталды да кетті; алайда, герцогиня өз дегенінен қайтпай, атынан тек герцогтың көмегі арқылы ғана түсетінін айтып тұрып алды, өйткені мұндай даңқты рыцарьды бекерден-бекер мазалауға өзімді лайық санамаймын, деді. Ақыр соңында герцог бермен жақындап, зайыбының аттан түсуіне көмектесті; сөйтіп, бәрі даладай кең ішкі аулаға кірген кезде сүп-сүйкімді екі қыз жүгіріп келіп Дон Кихоттың иығына көз жауын алатын алқызыл мантияны жапты, сол бойда-ақ галерея біткеннің бәрінде еркек-әйелі аралас малайлар пайда бола кетіп, қатты дауыстап:


— Хош келдіңіз, кезбе рыцарьлықтың қуанышы мен мақтанышы! — десіп шуласа бастады.


Сонымен бір мезгілде олардың барлығы немесе барлығы дерлік герцог пен герцогиняға және Дон Кихотқа құтыларындағы хош иісті сұйықтықты бүркіп жатты, бұған Дон Кихот кереметтей айран-асыр болды. Осы арада ол өзінің жалғандықтан аулақ, шын мәніндегі нағыз кезбе рыцарь екеніне ақи-тақи көз жеткізіп, соған кәміл сеніп те қалды, өйткені өткен замандарда осындай рыцарьларға жұрт қандай құрмет-қошемет көрсетсе, — ал мұның жайы оған романдардан жақсы мәлім-ді, — өзіне де дәл сондай құрмет-қошемет көрсетіліп жатқан-ды.


Сұр жорғасын қақпа сыртына тастап, герцогиняның соңынан ерген Санчо қамал-сарайға өтіп кеткен, бірақ шамалыдан кейін есегін жалғыз қалдырғанына опына бастады, сөйткен соң герцогиняны қарсы алуға шыққан әлдебір жасамыс дуэньяға жақындап, оған былай деп сыбырлады:


— Сеньора Гонсалес, немесе қалай атаушы еді өзіңізді...


— Менің есімім — донья Родригес де Грихальба, — деп жауап қатты дуэнья. — Жайшылық па, құрметтім?


Санчо оған былай деді:


— Маған мынадай бір жақсылық жасап жіберсеңіз демекші ем: қамал-сарай қақпасының сыртына шықсаңыз, — онда менің сұр есегім тұр, міне, соны, рақымшылық жасап, атқораға кіргізіп қоюға әмір етсеңіз, жә болмаса өзіңіз апара қойсаңыз: есегім байғұс өзі сондай үргелек, сондықтан қандай жағдайда да жападан-жалғыз қала алмайды.


— Малайы секілді мырзасы да осынша әдепті болса, жетіскен екенбіз! — деп салды дуэнья. — Жоғалт көзіңді бұл жерден, бауырым, — сенің де, мұнда сенімен бірге келгеннің де тезірек қараң батсын, — өз есегіңді өзің күт, бұл қамал-сарайдағы дуэньялар ондай іспен айналыспайды.


— Олла-біллә, шын сөзім, — деді Санчо қарсылық білдіріп, — мырзамның айтқан бір әңгімесінен, — ол өзі не қилы хикаяны көп біледі, ол жағынан оған тең келер ешкім жоқ, — Ланцелот


Британиядан келіп жеткен шақта:


Қамқор болды фрейлиналар оған,


Ал сәйгүлігіне – принцессалар,


дегенін өз құлағыммен естігем, ал менің есегімді сеньор Ланцелоттың мәстегімен салыстыру тіптен обал ғой.


— Әңгіме былай, бауырым, — деді дуэнья, — егер сен қылжақбас біреу болсаң, онда әлгіндей әзілсымақтарыңды сондайды ұнататындарға және соған ақша төлейтіндерге барып айт, ал менен алатының фига31 ғана.


— Ендеше, тіптен жақсы, — деп іліп әкетті Санчо, — қалай болғанда да, әйтеуір, фигаңыз бабымен пісіп-жетілген секілді ғой, олай дейтінім, жас шамасы жағынан ол, меніңше, өзіңізбен түйдей құрдас сияқты.


— Арсыз ит! — деп айқайлап жіберді ашу қысқан дуэнья. — Жаспын ба, жасамыспын ба — бұл жайында құдайдың алдында ғана есеп берем, сен сияқты алаяққа, боқ сасыған біреуге емес!


Оның ашынғаннан шыққан ащы дауысын герцогиня да естіп, жалт қарап, ызаға булыққан дуэньяның көзіне қан толып кеткенін көріп, не болғанын сұрады.


— Не болсын, мына бұзақы, — деп жауап қатты дуэнья, — қақпаның сыртында қалдырған есегімді атқораға алып бар деп маған қадалды да қалды, қайдағы бір Ланцелотқа қай жерде қызмет етіп жүргені беймәлім қайдағы-жайдағы фрейлиналарды мысалға келтіріп, сол кезде дуэньялар оның сәйгүлігіне қамқорлық жасап жатқан еді, деп сандырақтады, мұның бәрі аз болғандай, мені кемпір деп кемсітті.


— Өз басым мұны қорлаудың ең ауыры деп бағалар ем, — деп


құлаққағыс етті герцогиня.


Сосын Санчоға қарап былай деді:


— Донья Родригестің әлі жас екенін қаперіңе ал, құрметті Санчо, жамылғы жамылып жүргені — егде тартқандығы емес, жұрт өзін құрмет тұтсын дегені және дәстүр талабы.


— Оны әдейі ренжіту үшін әлдене десем, бұл дүниеден бақыт таппай-ақ өтейін, — деп сөйлеп кетті Санчо. — Ол кісіге әлгіні айтқан жалғыз ғана себебім: есегімді сондай жақсы көрем, сондықтан оны мына сеньора донья Родригес секілді мейірімді жанның қамқорлығына сеніп тапсыруға болады-ау деп ойлағам.


Дон Кихот мұның бәрін естіп тұрған-ды.


— Санчо! Осы жерде осындай әңгіме айтудың жөні бар ма? — деді ол ақыры.


— Сеньор! — деп жауап қатты Санчо. — Қай жерде жүрсе де адам өз зәрулігі жайында әңгіме қылады: тап осы жерде мен есегімді есіме алдым, сосын тап осы жерде сол жайында әңгіме еттім, ал егер оны атқорада есіме алсам, онда атқорада да әңгіме қылар ем.


Герцог бұған мынадай лебіз білдірді:


— Санчо ақылға қонымды сөз айтты және оның ешқандай кінәсі жоқ. Есек жемнен кенде болмайды, сондықтан Санчо ештеңеге алаңдамай-ақ қойсын: өзіне қандай күтім жасалса, есегіне де сондай күтім жасалады.


Дон Кихоттан басқаның бәрін көңілдендірген осы әңгімеден кейін, оған баспалдақпен жоғары көтерілуге ұсыныс жасалып, оны қабырғаларына айрықша бағалы қамқа және алтын талшығы араластыра тоқылған кілемдер ілінген залға өткізді; алты қыз келіп сауыт-сайманын шешіп, оған паж32 секілді қызмет көрсете бастады, — жұрттың бәрі өзін шын мәніндегі кезбе рыцарь деп ойлайтынына көзі жетіп, көңілі сенуі үшін Дон Кихотқа қандай күтім жасап, не істеу керегін герцог пен герцогиня оларға алдын-ала үйретіп, күні бұрын құлаққағыс етіп қойған еді. Сауыт-сайманнан арылған, тыриған арық, ұзынтұра, ебедейсіз, екі ұртының қабысып қалғаны сонша, құдды ішкі жағынан бір-бірін сүйіп жатқандай көрінетін Дон Кихоттың үстінде тек түйе жүн камзолы мен қуықтай шаровары ғана қалған-ды, бұл кеспірінің күйкі көрінгені сонша, егер қыздар байқаусыз күліп қоймауға барын салмаса (бұл жөнінде қожайындарынан олар арнайы нұсқау алған), онда ендігі күлкіден ішек-сілелері қатқан да болар еді.


Бұдан кейін қызметші қыздар жейдесін ауыстыру үшін оның тыр жалаңаш шешінуін өтінді, бірақ ол бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, кезбе рыцарьға жүректілік қандай жарасымды болса, әдептілік те сондай үйлесімді қасиет екенін мәлім етті. Әйткенмен, ол Санчоға таза жейдені алуға әмір етіп, онымен бірге сәнді жиналған төсек тұрған басқа бөлмеге кіріп кілттеніп алды да, жейдесін ауыстырып киді; Санчомен оңаша қалған Дон Кихот оған былай деді:


— Жаңа туған сайқымазақ, баяғыда туған су мый, қане жауап бер: қалай құрметтеуге де лайық қадірменді дуэньяның арын төгуге, қорлауға қалай ғана дәтің барды? Есегіңді еске түсіретін басқа қолайлы уақыт таппадың ба және өзімізді осынша қонақжайлық көрсетіп қарсы алып жатқан сеньорлар көлігімізді қараусыз қалдырады деп ойлап па ең? Құдай ақы, Санчо, өзіңе өзің ие болсаңшы, иірілген жібіңді көзге көрсете бермесеңші, әйтпесе деревнялық қарабайыр мата екеніңді жұрт бірден байқап қояды ғой. Есіңде ұстағын, күнәкар пенде, малайы неғұрлым ізетті және өнегелі болса, мырзасы да соғұрлым зор құрметке ие болады, сондай-ақ принцтің басқа адамдардан айырмашылығын аңғартып тұратын басты қасиетінің бірі — өзі қандай келісті көрінсе, малайларының да сондай келісті көрінетіні. Сен де бір сор болдың ғой маған, пәтуасыз-ай! Апырай, жұрт өзіңді әңгүдік мұжық, дарақы сайқымазақ деп тапса, мені де алаяққа әрі алдамшыға жоритынын қалай ғана түсінбейсің? Жоға, оның жарамайды, достым Санчо, ондайдан аулақ бол. Мылжыңдау мен қалжыңдаудың шегін білмейтіндер жаза басқан алғашқы адымында-ақ жүрек айнытар қуыс кеуде қылжақбасқа айналып шыға келеді. Аузыңа ие бол. Аузыңнан шығармас бұрын әр сөзіңді мөлшерлеп, безбендеп ал, сондай-ақ, міне, ақыр соңында, жаратқан иеміздің жәрдемімен және өзімнің айбыныммен даңқымызды асырып, дәулетімізді тасытатын жерге тап болып тұрғанымызды қаперіңде ұста.


Мырзасының бұйрығын бұлжытпай орындау мақсатында Санчо аузына қақпақ қоюға, ендігі жерде орынсыз әрі ойланбай айтылған бір сөз аузынан шықса тілін кесіп тастауға уағда берді; енді ештеңеге алаңдамаңыз: менің мінез-құлқыма қарап неғылған адам екенімізді ешкім сезбейтін болады, деді.


Дон Кихот киімін ауыстырды, семсерін беліне байлады, иығына алқызыл мантияны ілді, қызметшілер ұсынған жасыл атлас беретті басына киді, сөйтіп осындай кейіпте кең залға шықты: мұнда оны екі қатарға тізіліп, қол шаятын сауыт ұстаған қыздар тосып тұр еді; осынау салт-жоралғының бәрі толып жатқан иіліп-бүгілу және басқа да рәсімдермен қоса қабат атқарылды. Одан соң Дон Кихотты қамал-сарай иелері күтіп отырған асханаға ертіп бару үшін сарайдың аға малайы бастаған он екі паж келді. Дон Кихотты айнала қоршап алған паждар оны салтанатты түрде және мейлінше зор құрметпен дастарқаны көз жауын алардай жайнап тұрған, бірақ бар болғаны төрт-ақ адамға арнап жайылған, екінші бір залға өткізді. Табалдырық алдынан оны герцог, герцогиня және дәрежелі бір священник қарсы алды; бұл өзі мұрагерлік билікке ие болу құқы бар князьдарда діни тәлімгер қызметін атқаратындар санатындағы, өзі князь боп жаралмағандықтан туа бітті князьдарды осы атаққа қалай лайық болуды үйретуге қауқарсыздар санатындағы, рухани таяздықтарын жоғары лауазымды адамдардың заңғар бейнесінің өлшеміне айналдыруға тырысып бағатындар санатындағы, рухани шәкірттерін қанағатшылдыққа үйретем деп жүріп оларды тас сараңға айналдыратындар санатындағы священник еді, — ерлі-зайыпты герцогтармен бірге Дон Кихоттың алдынан шыққан дәрежелі священниктің адами бейнесі, асылы, осындай болса керек. Герцог Дон Кихотқа орынды төрден ұсынды, анау әуелде тартыншақтағанымен, ақыры амалсыз көнді. Дон Кихоттың қарсы алдына діни тәлімгер жайғасты, герцог пен герцогиня оның оң және сол жағынан орын алды.


Сол арада тұрған Санчо мынадай ақсүйек адамдардың мырзасына көрсетіп жатқан құрметіне аң-таң боп аңтарыла қарап қалды; Дон Кихотты төрге отыруға көндіру үшін герцогтың қанша әуреге түскенін көрген ол:


— Мырзалар рұқсат етсе, бір жолы селомызда үстел басына отыру жайында айтыс туа қалғанда не болғанын айтып берейін, — деді.


Бұл сөзді естігенде Дон Кихот селк ете қалды, — шамасы, Санчо өрескел бірдеңені былш еткізе ме деп қауіптенсе керек. Санчо оған көз тастап, бәрін түсіне қойды да, былай деді:


— Ауа жайылып кетеді-ау немесе қолайсыз бірдеңе айтып қояды-ау деп қорықпаңыз, мархабатты мырзам, көп пе әлде аз ба, мақтап па әлде даттап па — қалай сөйлеуім керектігі жөнінде манағы айтқан кеңесіңізді әлі ұмыта қойған жоқпын.


— Ондай нәрсе есімде жоқ, — деді Дон Кихот, — не айтқың келсе де айта бер, тек қысқа сөйле.


— Ендеше, — деп сөзін жалғады Санчо, — сіздерге ақиқат шындықты айтып бергім келеді, оның үстіне, осы арада отырған Дон Кихот мырза бәрібір өтірік айтуыма жол бермейді.


— Маған салсаң, Санчо, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — өтірікті қанша суқитқың келсе де суқита бер, саған қой демеймін, бірақ алдымен не айтатының жайында ойланып ал.


— Ойланғанда қандай, әбден иін қандырдым, жеті рет өлшедім, тек сегізіншіде ғана кесіп отырмын және бұған қазір-ақ көзіңіз жетеді.


— Мына мұндарды қуып жібергендеріңіз жақсы болатын еді, әйтпесе оның не жайында оттайтынын бір құдайдың өзі біледі, — деді Дон Кихот үй иелеріне.


— Күйеуімнің өмірімен ант етейін, — деді герцогиня, — Санчо жанымнан бір адым да жырақ кетпейді. Оны сондай жақсы көрем және өте ақылды адам деп білем.


— Лайқатты болмасам да, өзім жайындағы жылы сөзіңіз үшін, мәртебелі ханым, құдай ақыл-есіңізді серік қып жүз жасауға жеткізсін, — деп мәлім етті Санчо. — Ал, айтайын дегенім мынау еді. Селомыздағы бір идальго қонаққа кісі шақырады, ал өзі өте бай және текті тұқымнан шыққан адам еді, себебі Аламос де Медина дель Кампо тұқымынан болатын және донья Менсья де Киноньеске үйленген-ді, ал бұл әулие Иаков орденінің рыцары Алонсо де Мараньонның қызы-тұғын, сол Алонсо ақыры Эррадурда суға кетіп өлді ғой, ал бұдан бірнеше жыл бұрын соның қырсығынан селомызда шатақ шыққаны бар, естуімше, оған мырзам Дон Кихот та араласқан еді және сол шатақтың тұсында ұста Бальбастроның баласы Томасильо Сандалбай соққыға жығылған болатын. Ал, айтыңызшы, қадірменді мырзам, осы өтірік пе енді? Құдай үшін, шын деңізші, әйтпесе сеньорлардың мені суайт деп, өтірікші деп ойлап қалуы мүмкін.


— Осы уақытқа дейін сені өтірікшіден гөрі суайтқа көбірек ұқсатып едім, — деп тәлімгер сөзге килікті, — әйткенмен, кейін кім боп шығатыныңды біле алмай отырмын.


— Сен соншалықты көп есімді атайсың, Санчо, соншалықты көп нышанды алға тартасың, — деді Дон Кихот, — сондықтан, шамасы, шындықты айтып тұрған шығарсың, оны мойындамасқа лажым жоқ. Алайда әңгімеңді әрмен жалға және қысқартып айт, әйтпесе қалай бастағаныңа қарағанда, мына түріңмен екі күн бойы айтсаң да аяғына жеткізе алмайтын секілдісің.


— Жо-жоқ, маған қуаныш сыйлағысы келсе, қысқартпасын, — деп қарсылық білдірді герцогиня, — керісінше, егер шынымен қажет болса, тіпті алты күн бойы айтса да, өз білгенінше айта берсін, есесіне бұл менің өмірімдегі ең бақытты күндер боп қалады.


— Сонымен, мархабатты мырзалар, — деп сөзін жалғады Санчо, — жаңағы идальгоны мен өзім бес саусағымдай білем, себебі оның үйі менің үйімнен қол ұсынымдай ғана жерде, сөйтіп, енді ол, әлгінде айтылғандай, үйіне бір ақ жүрек кедей шаруаны қонаққа шақырады ғой.


— Тездет, шырағым, — деп священник оны бөліп жіберді, — егер осылай жалғастыра берсең ақырзаман орнағанша да айтып бітпессің.


— Құдай қуат берсе, одан әлдеқайда ерте үлгерермін, — деп шорт кесті Санчо. — Айтайын дегенім, сөйтіп шаруа әлгі аталған идальгоның үйіне қонаққа келмей ме енді; дүниеден өтіп те кетті ғой ол, әлгі идальгоны айтам, топырағы торқа болғыр, ана дүниеге кәдімгі әулие адам секілді аттаныпты деседі, рас, мен өзім көрген жоқпын, ол кезде Темблекеде шөп шауып жүргем...


— Құдай ақы, балам, Темблекеден мүмкін болғанынша тезірек қайтып оралшы және идальгоны жерлеуге қатыспай-ақ қойшы, әйтпесе сен айтып біткенше біреуімізді жерлеп те қоюы ғажап емес.


— Сөйтіп, енді, — деп Санчо сөзін жалғады, — екеуі үстел басына отырмақшы болады, — екеуі де күні кешегідей көз алдымда...


Санчоның әңгімесіндегі шегіністер мен іркілістер тәлімгердің жынын келтіре бергеніне ерлі-зайыпты герцогтардың айызы қанып, одан өзгеше бір рақат тауып отырды, ал Дон Кихоттың зығырданы қайнап, қаны басына шапшыды.


— Айтайын дегенім, — деп Санчо сөзін жалғастыра түсті, — сөйтіп, енді үстел басына жайғасатын да кез келеді ғой, бірақ сол арада шаруа төрдегі орынға идальгоның өзі отыруы керегін айтып қоймайды, ал идальго болса шаруаның отырғаны жөн екенін айтып қоймайды, өз үйінде өзі белгілеген тәртіп орындалуға тиіс екенін алға тартады; алайда шаруа кішіпейілділігі мен көргенділігін байқатып қалғысы келіп, табандап тұрып алады; ақыр соңында идальго ашуланып кетеді де, шаруаны иығынан қапсыра ұстап, төрдегі орынға күшпен отырғызып: “Әй, отырсаңшы, сен кеще! Қай жерге жайғаспайын мейлі, менің орным бәрібір төр саналады ғой!” депті. Міне, әңгімемнің бары осы, әділіне келсек, мұның орынды жерінде айтылғанына кәміл сенімдімін.


Дон Кихоттың беті қызыл теңбілденіп кетті, қоңырқай тартқан өңінен бұл анық көрініс беріп тұрды; Санчоның ишаратын Дон Кихоттың бек жақсы түсінгенін сезген, сондықтан атқосшысымен қоса өздеріне де реніш білдіріп жүрмесін деп қауіптенген үй иелері бұл екі аралықта күлкіні қойып, байсалды кейіпке енген еді. Әңгіме тақырыбын өзгерту үшін және Санчоның шатты-бұтты сөзіне тыйым салу мақсатымен герцогиня Дон Кихоттан сеньора Дульсинеядан хабар алып тұрасыз ба, соңғы уақытта оған сыйлыққа қанша дәу мен зұлымды аттандырдыңыз, өйткені, сірә, талайына жер қаптырып үлгерген де шығарсыз, деген сауал қойды. Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:


— Сеньора! Бақытсыздығымның басталған кезі мәлім болғанымен, аяқталар кезі беймәлім. Мен дәулерді де жеңгенмін, оған сыйлыққа жаналғыштар мен жауыздарды да аттандырғанмын, бірақ ол жадыланып қойылса және сұрқынан адам шошитын шаруа әйелге айналдырылса, олар оны қайдан іздеп таппақ?


— Әй, білмеймін-ау, — деп Санчо Панса сөзге араласты, — маған әлемде одан асқан сұлу жоқтай көрініп еді. Қалай болғанда да, әйтеуір, ширақтығы мен секіруге бейімдігі жағынан керілген арқанда билейтін даршылардың кез-келгенін жолда қалдырады. Шын айтам, сеньора герцогиня, ол аумаған мысық құсап мәшіге жерден бір-ақ секіріп міне алады.


— Сен, немене, оны жадыланған кезінде көріп пе ең, Санчо? — деп сұрады герцог.


— Көрмегенде ше! — деп жауап қатты Санчо. — Сиқырлау деген пәленің қармағына жұрттан бұрын мен ілікпегенде, шайтан іліксін бе? Жо-жоқ, ол шынымен-ақ жадыланған... тура сіз бен біз сияқты!


Дәулер, жаналғыштар мен сиқыршылық жайындағы бұл әңгіменің бәрін естіп отырған тәлімгер мынау Ламанчалық Дон Кихоттың тап өзі екенін ұқты, оның бастан кешкен хикаясын герцог қолынан тастамай оқып жүретін, сол үшін тәлімгер оған талай мәрте реніш білдіріп, мұндай пәтуасыз нәрселерді оқу пәтуасыздық саналатынына оны сендіріп баққан-ды. Енді қазір жорамалының дұрыстығына көзі анық жеткеннен кейін қолма-қол ашу шақырып, герцогқа қарап долдана сөйлеп кетті:


— Шарапатты мырзам! Мына бұзықтың қиямпұрыс істері үшін құдайдың алдында жауап беруіңізге тура келеді. Байқауымша, мынау әлгі Дон Кихот па, Дон Дәлдүріш пе немесе тағы қалай аталушы еді, өзіңіз ойлайтындай соншалықты бір алып бара жатқан ауыш емес секілді, сондықтан оның ақымақтықтары мен есалаңдықтарына көз жұма қарауыңызға болмайды.


Одан соң ол Дон Кихотқа қарай еңсе бұрып, былай деді:


— Ал, айтыңызшы, әумесер неме: кезбе рыцарьсың деп, дәулерді жеңіп, жауыздарды тұтқынға алып жүрсің деп иландырған кім сізді? Ақылға келіңіз де, мына сөзімді есте ұстаңыз: үйіңізге қайтыңыз, бар болса балаларыңызды бағыңыз, шаруашылықпен айналысыңыз, дүние кезіп тентіреп, көктегі тырнаға қол созғанды, таныс-бейтаныс абзал жандардың күлкісіне қалғанды қойыңыз. Бәле-жаласы өз басынан ауыспағыр кезбе рыцарьлар дүниеде болған және қазір де бар дегенді қайдан таптыңыз? Дәулер — Испанияның, жаналғыштар — Ламанчаның қай жерінде жүр, сондай-ақ анау әлгі жадыланған Дульсинеялар мен өзіңіз жайында жазылған не шұрайлы пәтуасыз хикметтер қайда қанеки?


Дон Кихот қадірменді тәлімгердің сөзін зер сала тыңдады, ал анау айтарын айтып үнсіз қалған кезде, ерлі-зайыпты герцогтарға деген құрметіне де қарамастан, орнынан атып тұрды да, тұла бойын кернеген ашу-ызадан жүзі түтігіп, сөйлеп қоя берді...


Алайда, оның жауабына жеке тарау арнаған лайық.


ХХХІІ тарау


Өзін кінәлаушыға Дон Кихоттың қандай жауап қайтарғаны жайында, сондай-ақ маңызды да қызықты басқа да оқиғалар жөнінде.


Сонымен, Дон Кихот орнынан атып тұрды, тұла бойы қалш-қалш етіп, қатты толқығаннан демі тарылып, былай деп сөйлеп кетті:


— Мына өзім келіп тұрған шаңырақ, мәртебелі адамдардың қатысып отыруы, сондай-ақ діни дәрежеңізді қашан да құрмет тұтқаным және қазір де құрмет тұтатыным әділетті ашуымды ауыздықтап, шектен шығармай тұр. Ендеше, осы айтқандарыма орай және жұрттың бәріне мәлім жайды, атап айтқанда: ғалымдар әйел қаруынан, яғни тілден басқа ешқандай қаруды қолдана алмайтынын қаперде ұстай отырып және тап осы қаруды пайдалана отырып өзіңізбен, — айта кеткеннің артығы жоқ, сізден тұрпайы балағат сөз емес, басалқалы ақыл-кеңес естуім керек еді, — терезем тең жағдайда айқасқа түскелі тұрмын. Күнәдан арылтуды көздейтін және ізгі ниеттен туындаған жазғыруға мүлдем басқа жағдай мен басқа уақыт қажет, — қалай болғанда да, мені дүйім жұрттың алдында және барынша қатаң түрде айыптау арқылы ізгі ниетті жазғырудың шеңберінен шығып кеттіңіз, өйткені бұл мақсат қатыгездік емес мейірімділік арқылы іске асады, осы себепті мән-жайынан мүлдем хабарыңыз жоқ күнәларды айыптай отырып, күнәкарды әй жоқ, шәй жоқ ауыш, дәлдүріш атандырғаныңыз тіптен орынсыз боп шықты. Шын мәнінде де, мені әшкерелеп, масқаралап, шаруашылықпен айналысу үшін, әйелім мен балларымды бағып-қағу үшін, — ал менде әйел мен бала бар ма, оны да білмейсіз, — үйіме аттандандырып жібергіңіз келетіндей қандай ақымақтықтарымды көріп отырсыз, міне, осыған жауап беріңізші? Апырай, осылайша төбеден түскендей боп кезбе рыцарьлыққа жөн-жоба көрсету үшін, кезбе рыцарьлар жайында үзілді-кесілді пікір айту үшін тәлімгер қақын пайдаланып біреудің отбасынан орын тауып алу, әлденендей бір арзанқол пансионда тәрбиеленіп, аумағы жиырма-отыз миль ғана өңірден алысқа ұзамай өмір өткізу жеткілікті болғаны ма? Әлде, ойын-күлкіден жерініп жиһан кезу және айбындылар ғана мәңгілік даңқ отауына көтеріле алатын қия беттермен тіке өрлеу — болымсыз шаруа, қызық қуумен күн оздыру ма сонда, сіздіңше? Егер мені рыцарьлар немесе айдыны асқан, болып-толған шонжарлар ауыш атандырса, онда мұны ар-намысымды аяққа таптау деп бағалаған болар ем, ал енді өздері ешқашан кезбе рыцарьлық жолымен жүрмеген, көргенінен көз жазбайтын әлдебіреулер мені кемақыл деп жатса, онда бұған ешқандай мән бермеймін: мен — рыцарьмын және, құдай соны хош көріп жатса, дүниеден рыцарь боп өтемін де. Біреулер ісіп-кебінген атаққұмарлықтың даңғыл жолымен талтаңдайды, енді біреулер әркімге арын сатқан жарамсақтық жолымен жорғалайды, үшіншілер — есебі түгел екіжүзділік жолымен жылмаңдайды, төртіншілер — шынайы діни сенім жолымен жүреді, ал мен болсам, жұлдызым белгілеген бағдар бойынша кезбе рыцарьлықтың тар соқпағымен келе жатырмын, сол үшін тіршіліктегі барлық жан рақатынан бас тарттым, бірақ ар-ұятымнан бас тартқам жоқ. Мен қорланғандарды қорғадым, қисық-қыңырды түзеттім, қиямпұрыстың жынын қақтым, дәулерді тізе бүктірдім және құбыжықтардың мысын бастым. Менің ғашық болу себебім де мәлім: кезбе рыцарьлар әйтеуір біреуге ғашық болуға тиіс, бірақ мен ләззатқұмар ғашықтар санатынан емеспін, менің махаббатым — сырттай ұнатып, сырттай сүйсінуден аспайтын бейкүнә махаббат. Мен қашан да тек ізгі мақсаттар жетегінде жүрем, атап айтқанда: әркімге жақсылық жасауды және ешкімге залал тигізбеуді көздеймін. Ал, енді неғылдейсіздер, мейірбан мырзалар, асыл туған герцог пен герцогиня, осылай ойлайтын, осылай әрекет ететін және осылай сөйлейтін жанды ақымақ деуге бола ма?


— Құдай ақы, жақсы айтты! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Енді бар ғой, сіз, сеньорым әрі қожайыным менің, ақталмақ боп босқа ауыз ауыртпаңыз, бәрібір бұдан артық айту да, ойлап табу да, сендіру де қиын. Одан соң, кезбе рыцарьлар бұрын болмаған және қазір де жоқ деп бой бермей тұрған мына сеньор өзі, әуелі, мұның жайынан бірдеңе бағамдай ма екен?


— Ал, сен, құрметтім, әлгі Дон Кихот арал сыйлауға уәде етті деп жазылған Санчо Панса емеспісің? — деп сұрады тәлімгер.


— Тап соның өзімін, — деп жауап қатты Санчо, — және бұл аралға басқалардан кем еңбегім сіңген жоқ. Мен секілділер, жайында, әдетте: “Жақсы адамға серік болсаң жақсы қасиеті жұғысты болады”, дейді; сосын тағы: “Сынықтан өзгенің бәрі жұғады”, сонан соң: “Аялы ағаштың көлеңкесі де саялы” деген бар. Міне, мен де жақсы сеньор тауып, етегінен ұстадым, оған қызмет етіп жүргеніме бірнеше айдың жүзі болды, сөйтіп енді, құдай қосса, өзім де ұзамай сол кісі сияқты боп шығам, оған да рақат, маған да рақат: не айтатыны бар, ол — император болады, мен — губернатор болам.


— Әлбетте, достым Санчо, — деп сол арада герцог оны бөліп жіберді, — сеньор Дон Кихотқа деген құрметімнің белгісі ретінде бос тұрған әжептәуір сапалы бір аралды сенің қарамағыңа берем.


— Жығыл тізеңе, Санчо! — деді Дон Кихот. — Өзіңе көрсеткен осынау мейірім-қайырымы үшін шарапатты мырзамыздың аяғын құш.


Санчо мұны бұлжытпай орындады; зығырданы қайнап кеткен священник сол арада үстел басынан тұрды да, герцогқа қарап былай деді:


— Шарапатты мырзам, діни дәрежем сіздің де тап мына күнәкарлар секілді нәгүман екеніңізді айтуға мәжбүр етіп тұр. Ау, бұлардың есуастығын дені сау, есі дұрыс адамның бәрі бірдей қолпаштай берген соң бұлар қалай ғана есалаңданбасын! Мейлі, бәйек бола беріңіз бұларға, шарапатты мырзам, бұлар кеткенше үйімде бола тұрам және түзеуге көнбейтінді айыптаймын деп те әлекке түспеймін.


Басқа бір ауыз сөз айтпаған және түскі асын да ішіп тауыспаған тәлімгер шығып жүре берді, герцогтың өтініш білдіргеніне қайрылмады; шындығында, оның жоқ жерден ашу шақырғанына күлкісі келген герцог оншалықты қиылып өтіне де қоймаған. Күлкіден тиылған соң герцог Дон Кихотқа мынадай әңгіме айтты:


— Мейірімді мырза, сеньор Арыстан Рыцары, ар-намысыңызды әп-әдемі қорғап қалдыңыз, есеңіз кеткен жоқ, сондықтан бір қарағанда жәбірлегендей көрінетін, бірақ шын мәнінде ондайдан аулақ әлгі сөзге бола кешірім сұратудың сіз үшін ешқандай мәні қалған жоқ, өйткені әйелдер сияқты діни қызметшілер де ешкімді жәбірлей алмайтынын менен гөрі өзіңіз жақсы білесіз ғой.


— Дұрыс айтасыз, — деді Дон Кихот. — Оның себебі мынада: жәбір көрсетуге болмайтын адам басқа біреуді жәбірлей алмайды, ал әйелдердің, балалар мен діни қызметшілердің біреу өзіне шабуыл жасағанда қорғанарлық дәрмені жоқ, сондықтан олар біреу өзіне қорлық көрсетті деп ойламауға тиіс. Жәбірлеу мен қорлаудың арасындағы айырмашылықты менен кем білмейсіз ғой, шарапатты мырзам: қорлық — оны көрсете алатын, көрсететін және көрсетуге ниетті адамның тарапынан болады, ал жәбір — кімнің тарапынан болсын көрсетіле беруі мүмкін және онда қорлау мақсаты болмауы да ықтимал. Сізге мынадай мысал келтірейін: әлдебіреу көшеде қаннен-қаперсіз келе жатыр дейік, кенет оған он бұзақы тап беріп, таяқпен ұрып-соға бастайды, ал анау өз парызын орындау мақсатында семсерін суырып алады, бірақ қарсыластар адам саны жағынан басым, сол себепті ол райынан қайтады, яғни кек алудан бас тартады, — мұндай адамды қорлық көрген деп емес, жәбір көрген деп атауға болады. Осы ойды басқа бір мысал арқылы нақтылай түсейін: бір адам келе жатады, кенет арт жағынан біреу келіп таяқпен ұрады да, сол бойда алды-артына қарамай қаша жөнеледі, анау тұра қуады, бірақ қуып жете алмайды, — міне, таяқ жеген бұл адамды да қорлық көрген деп емес, жәбір көрген деуге болады, өйткені қорлық көрсету үшін ниет керек. Ал егер жүргіншіге, әу баста тіпті тасадан болсын, таяқпен тап берген бұзақы тұрған орнынан тапжылмай, семсерін суырып алып онымен бетпе-бет кездессе, онда бұл жағдайда таяқ жеген адамды бір мезгілде әрі жәбірленген, әрі қорланған деп тануға болады. Жәбірленгені — оған күтпеген жерден шабуыл жасалды, қорланғаны — бұзақы оны қорламақ ниет көрсетті, яғни қашып кеткен жоқ, тұрған орнында қала берді. Сонымен, қарғыс атқыр жекпе-жектің қағидаларына сай, мен өзімді қорландым деп емес, жәбірлендім деп есептеймін, өйткені балалар да, әйелдер де қорлану сезімін бастан кешпеуге тиіс, сол себепті оларға қаша жөнелудің де, тұрған орнында қала берудің де қажеті жоқ; бұл діни қызметшілерге де ортақ жағдай, себебі біріншілерінде де, екіншілерінде де, үшіншілерінде де қару-жарақ пен сауыт-сайман жоқ, — әрине, олар қорғануға міндетті, бірақ кімге де болсын тап беруге міндетті емес. Осы жаңа ғана өзімді жәбірлендім деп білетінімді айтқанмын, бірақ қазір енді олай есептемеймін, өйткені қорлық көрсетуге болмайтын адам басқа біреуді қорлай алмайды, міне осы себепті әлгі мейірбан адамның сөзінен өзімді жәбірленгендей көретін ештеңе сезінбеуге тиіспін және сезініп те тұрғам жоқ. Бір ғана өкінішім, оның қасымыздан кетіп қалғаны, — кезбе рыцарьлар бұрын да болмаған және қазір де жоқ деген ойы мен тұжырымының қаншалықты қате екенін дәлелдеп берер ем. Егер мұндайды Амадис пен оның толып жатқан туыстары естісе, онда олар, әрине, тәлімгеріміздің басынан сипай қоймас еді.


— Бұған дау бар ма, — деп іліп әкетті Санчо, — құлаштап тұрып бір шауып, анар секілді немесе пісіп кеткен қауын секілді, жоғарыдан төмен қарай қақ бөліп түсірер еді. Олар қалжыңды білмеген! Бәс тігуге бармын, егер әлгі адамсымақтың әңгімесін Ринальд Монтальванский естісе, крест ұстайын, аузын жақсылап қан жалатар еді де, анау сосын үш жыл бойы жақ ашпай қояр еді. Онымен ұстасып көрсе етті, өмір бойы өксіп өтер еді.


Санчоны тыңдап отырған герцогиняның күлкіден ішек-сілесі қатты, сол арада бұл оған мырзасынан да гөрі күлкілі, одан да гөрі есалаңдау секілді көрінді, басқалар да сол кезде осындай ойда болды. Ақыр соңында Дон Кихот сабасына түсті, түскі ас ішілді, сосын, ыдыс-аяқ жинап әкетілгеннен кейін, төрт қыз бой көрсетті: бірінің қолында күміс леген, екіншісінде күміс құмыра бар еді, үшіншісі иығына әппақ қардай әрі керемет сәнді сүлгі іліпті, ал төртіншісі жеңін шынтағына шейін түрініп алып, әппақ қолында (оның қолы шынымен әппақ еді) неапольдық домалақ сабын ұстап тұр еді. Бірінші қыз әсем де әбжіл қимылмен легенді Дон Кихоттың сақалының астына тоса қойды, ал Дон Кихот болса, бұл рәсімге үн-түнсіз таңырқанып, қолды емес, сақалды жуу, шамасы, жергілікті дәстүр шығар деп ойлап қалды; сол үшін мойнын барынша алға созды, іле-шала құмырадан да су құйыла бастады, ал сабын ұстап тұрған қыз қардай әппақ көбікті бұрқыратып (сабынның көпіршігі осындай ақ шаңқан болатын), неге болса да көнген рыцарьдың тек иегін ғана емес, сонымен бірге бетін, тіпті көзін де бар күшін салып ысқылай бастады: анау амалсыздан көзін тарс жұмып алды. Болып жатқан бұл қызық пен шыжықта герцог пен герцогиняның айыбы жоқ-ты, сондықтан олар мына ерекше жуындырудың ақыры немен тынарын ыңғайсыздана тосып отырды. Сол арада Дон Кихотты әбден сабындап болған сақал жуушы қыз су бітіп қалғандай түр жасады, сөйтіп құмыралы қызды суға жіберді де, Дон Кихотқа күте тұруына тура келетінін айтты. Құмыралы қыз су әкелуге кетті, Дон Кихот күтіп отырып қалды; оның дәл осы сәттегі түріндей оғаш та күлкілі кейіпті тіпті көз алдына елестетудің өзі қиын еді.


Сол жерде тұрғандардың бәрі, ал бұлар біраз адам еді, оған тесірейе қарап қалды, Дон Кихот болса, көзі жұмық, сақалы сабын-сабын боп, күнге тотығып қоңырайып кеткен мойнын жарты кездей алға ұмсындырған қалпы отырды да қойды, — осыны көріп ешкімнің күліп жібермегені адам сенбес жағдай болды әрі олардың аса бір сыпайыгершілігін де байқатты; сотанақ қыздар қожайындарына көз тоқтатып қараудан қашқақтаумен жүрді, ал не жыларын, не күлерін білмей қалған қожайындар: әдепсіздік жасағандары үшін оларды жазалау керек пе әлде Дон Кихоттың осындай күлкілі жағдайда қалған кейпін тамашалау қызығына кенелткені үшін алғыс айту керек пе — не істеуге болатынына басы жетпей іштей арпалысқа түсіп отырған-ды. Ақыры суға кеткен қыз келіп, Дон Кихотты жуындыру аяқталды да, сүлгі ұстап тұрған қыз бетін әбден құрғатып сүртіп берді, одан соң төрт қыздың төртеуі де иіліп құрмет көрсетіп, шығар есікке қарай бет алды, алайда мұның әзіл екенін Дон Кихот сезіп қалмауы үшін герцог леген ұстаған қызды шақырып алып:


— Қане, енді мені жуындыра ғой, тек байқа, суың таусылып қалмайтын болсын, — деді.


Аңғарымды да тындырымды қыз оның қасына келіп, дәп сол Дон Кихотқа тосқанындай етіп герцогқа легенін тоса қойды; басқалары оның бетін ылдым-жылдым әрі ықыласты түрде сабындап, жақсылап жуып шықты, сосын құрғатып сүртті де, иіліп-бүгілген соң жөндеріне кете барды. Кейін герцог бір сөзінде егер қыздар өзін де дәп сол Дон Кихотты жуындырғандай етіп жуындырмаса, оларды шалдуарлығы үшін жазаламаққа ниеттенгенін айтқан еді, бірақ олар естілік танытып, герцогты да сабынмен жуындыру арқылы айыбын өтепті.


Жуындыру рәсімін зер сала бақылап тұрған Санчо өзіне-өзі былай деді:


— Бұл не деген керемет! Кім біледі, бәлкім, мұнда тек рыцарьлардың ғана емес, сонымен бірге атқосшылардың да сақалын жуып беретін дәстүр бар шығар? Құдайдың атымен ант етейін, оллаһи-белләһи ақ-адал шыным, бұл мен үшін үлкен дәреже болар еді және олар осынау ізгілікті істерін ұстарамен сырғытып өту арқылы тәмамдаса, тіптен тамаша ғой.


— Сен не деп міңгірлеп тұрсың, Санчо? — деп сұрады герцогиня.


— Мен былай деп тұрмын, сеньора, — деп жауап қатты ол, — басқа шонжарлардың сарайында жұрт түскі астан кейін сақалын емес, қолын жуатын көрінеді дегенді талай естігем. Апырай, “Көре-көре көсем боласың” деген сөз шынымен рас екен-ау, сөйте тұрғанымен, “Көп жасаған көп қайғы шегеді” деген де бар, алайда бұлайша жуынуды қайғы деп емес, қуаныш деп қана білу керек.


— Босқа уайымдамай-ақ қой, достым Санчо, — деді герцогиня, — өзіңді жақсылап жуындырсын, керек болса, тіпті кір жуғандай ғып жуып алсын деп қызметші әйелдеріме тапсырармын.


— Сақалымды жуып бергеннің өзіне рақмет айтар ем, — деп қарсылық білдірді Санчо, — әзірге сол да жетеді, қалғанын кейін көре жатармыз.


— Аға малай! Мейірбан Санчоның қандай өтініш білдіргенін естідіңіз бе? — деді герцогиня. — Оның тілегін бұлжытпай орындауыңыз керек.


Сеньор Санчоға қызмет көрсетуге дайын екенін мәлім қылған аға малай түстік ішуге бет алып, оны өзімен бірге ертіп кетті; сол арада герцог, герцогиня және Дон Кихот үшеуі үстел басына жайғасып, әскери сала мен кезбе рыцарьлыққа қатысы бар неше алуан нәрсе жайындағы әңгімелерін әрмен жалғады.


Дон Кихоттың жадының беріктігіне сүйсініс білдірген герцогиня одан сеньора Дульсинея Тобосскаяның ажары мен әлпетін сипаттап және суреттеп беруін өтінді, — оның сүйкімділігі жайындағы жұрттың аузындағы аңызға сенсек, оны аспан асты, жер үстіндегі және тіпті күллі Ламанчадағы асқан сұлу ару екен деп ойлап қалуға болады-ақ, дегенді айтты. Герцогиняның өтінішін тыңдап алған Дон Кихот күрсініп қойып, былай деді:


— Егер жүрегімді суырып алып, ыдысқа салып, осы тұрған үстелге, тура сіздің алдыңызғақояр болсам, мәртебелі ханым, онда ойға алудан артыққа бара алмайтын нәрсем жайында сөз қозғау азабынан тілім де біржола құтылар еді, өйткені оның жүрегімде кескінделген бейнесі сонда ғана көз алдыңызға толайым-тұтасымен айқын аян берер еді, ал, былайынша, жан тең келмес Дульсинеяның сұлулығын егжей-тегжейлі түрде, титімдей ерекшелігін тыс қалдырмай бейнелеп және сипаттап беру менің қолымнан келер ме? Мұндай тапсырманы мен орындай алмаймын, оны кенепте бейнелеу немесе мәрмәр мен мыстан мүсіндеу — бұл Паррасийдің, Тиманттың, Апеллестің қылқаламы мен Лисипптің қашауына ғана лайықты іс, ал оның атын жаю үшін Цицерондық және Демосфендік ділмарлық керек.


— Демосфендік деген нені білдіреді, сеньор Дон Кихот? — деп сұрады герцогиня. — Мұндай сөзді бұрын ешқашан естімеппін.


— Демосфендік ділмарлық деген де бір — Демосфеннің ділмарлығы деген де бір, — деп жауап қатты Дон Кихот, — ал Цицерондық ділмарлық деген сөз Цицероннан шыққан — бұл екеуі әлемдегі ең айтулы шешен.


— Бәрекелде, — деді герцог. — Қойған сұрағыңыз арқылы біраз нәрседен бейхабар екеніңізді байқаттыңыз, герцогиня. Алайда соған қарамастан, сеньор Дон Кихот, Дульсинея Тобосскаяны сипаттауға келісім берсеңіз бізге зор қуаныш сыйлар едіңіз: мұның өзі тіпті жалпылама әрі қысқаша болған күнде де, бәрібір, оның әлпеті әлемдегі айтулы сұлулар қызғанатындай ерекше нышанға ие боп шығарына сенімім кәміл.


— Жақын арада душар болған бақытсыздығының салдарынан бейнесі жадымнан өшіп қалмағанда мен, әлбетте, ондай бірдеңе нобайлар да едім, — деді Дон Кихот, — ал бақытсыздығының байтақтығы сонша, оның әлпетін сипаттаудан гөрі жоқтау айтып жылауға бейім отырмын. Біліп қойғандарыңыз артық етпес, жоғары мәртебелілерім, бұдан бірнеше күн бұрын қолынан өбу үшін және үшінші жорығыма жол болсын айтуын, рұқсат етуін және келісім беруін сұрау үшін Дульсинеяға барған едім, алайда ол өзім күткенге мүлдем ұқсамайтын біреу боп шықты: бақсам, оны жадылап, принцессадан село тұрғынына, сұлудан сұрықсызға, періштеден шайтанға, хош иістіден сасық иістіге, майда тілдіден томырыққа, салмақтыдан сепелекке, таң шапағынан тымырайған түнекке, қысқасын айтқанда, Дульсинея Тобосскаядан Сайяго түкпірінде тұратын бір шаруа әйелге айналдырып қойыпты.


— О, жасаған! — деп айқайлап жіберді сол арада герцог. — Адамзат баласының қандай қасақы жауы істеді екен мұны? Сұқтануына лайық сұлулықты, көңілін көтерер шаттықты, ізгі қасиет дарытып жүрген ізеттілікті жұрттан кім жырақтатты екен?


— Кім дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Дон Кихот. — Қыр соңымнан қалмай жүрген қисапсыз қызғаншақ, зұлым сиқыршының бірі емей кім дейсіз оны? Бұл мүттайым малғұндар — тақуалар ерлігін түнекке орап, қадір-қасиетін жоғалту үшін, күнәкарлар іс-әрекетін әспеттеп, аспанға көтеру үшін біздің сорымызға тап болғандар. Сиқыршылар мені қырына алды, сиқыршылар мені қазір де қырына алып жүр және сиқыршылар қашан өзімді де, рыцарьлық ерен ерліктерімді де жұрттың ақи-тақи естен шығаруына қол жеткізгенше мені қырына ала беретін болады, сондай-ақ олар ең жанға бататын жерімнен соққы дарытып, жарақат салып жүр, өйткені кезбе рыцарьды ханымынан айыру — оны көз жанарынан, күн шуағынан және ас-судан айырумен пара-пар. Мен өзі бұл жайында бұрын да талай айттым және тағы да қайталаймын: ханымы жоқ кезбе рыцарь да бір — жапырағы жоқ ағаш та бір, іргетасы жоқ ғимарат та бір, көлеңке түсірер дене-тұлғасы жоқ көлеңке де бір.


— Бұған дау бар ма, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — бірақ сеньор Дон Кихот жайындағы таяуда ғана жарық көрген, барша жұрттың көңілінен шыққан кітапқа сенсек, онда, менің ойымша, сеньора Дульсинеяны өмірі көрмегеніңіз, ондай сеньораның дүниеде жоқ, ойдан шығарылған біреу екені, яғни ой-қиялыңыздың жемісі мен нәтижесі екені, көңіліңіз нені қаласа оған сондай не қилы асыл қасиеттерді таңғаныңыз жайында қорытынды жасамасқа лаж жоқ.


— Бұл төңіректе көп әңгіме айтуға болар еді, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Дульсинея дүниеде бар ма әлде жоқ па, ойдан шығарылған ба әлде шығарылмаған ба — ол тек бір құдайға ғана мәлім жайт, бұл секілді ізденістерде тым шектен шығып кетуге болмайды. Мен аяшымды ойдан шығарған жоқпын және ой-қиялым арқылы да өрнектеген емеспін, әйтсе де, оны көз алдыма көрген жанның бәрі тамсанып, таңдай қағуға лайық ізгі қасиеттерді бойына жиған сеньора есебінде елестетем, атап айтқанда: ол — үріп ауызға салғандай сұлу, маңғаз бірақ тәкаппар емес, махаббатта албырт, бірақ күнәдан пәк, әдептілігі себепті жылы шырайлы, тәрбиелілігі себепті әдепті және, ақыр соңында, тектілігі себепті теңдесі жоқ, өйткені күмәнсіз кемелдіктің жоғары дәрежелеріне жететін сұлулық нашар әулеттен шыққан сұлулардан гөрі тек