Өлеңдер ✍️

  04.12.2021
  280


Автор: Кәп Құмарұлы

ЖҮЙРІК МІНІП ШАБАМЫЗ

Біз шабандоз баламыз,
Жүйрік мініп шабамыз.
Баптап берген әйгілі,
Атбегі ғой ағамыз.


Жөнелеміз құйын боп,
Зымырайды құйын көк.
Құлағында ойнаймыз.
Қорықпаймыз қиын деп.


Тер шығады құлақтан,
Шаң шығады тұяқтан,
Артта қалу ар тіпті,
Қызарамыз ұяттан.


Күші басым өктемге,
Қатарласа кеткенде.
Қолтық еті созылар,
Жер ортадан өткенде.


Тоқым қысып қаламыз,
Байқап қамшы саламыз.
Көсіледі жануар,
Желқұйындай ағамыз.


Асып асу күдірден,
Нағыз жүйрік жүгірген.
Тосқан елді көргенде,
Құлақ тігіп бүгілген.


Қамшы тиген сауырдан,
Тер тамшылап бауырдан.
Есеп болмай қалады,
Шаршаған мен ауырған.


Жайнап көзі танадай,
Қиналғанға қарамай.
Көп көңілін қуантып,
Топты келіп жарады-ай.


Бәйге келіп тоқталар,
Адамдар көп топтанар.
Алғыс айтып ақсақал,
Озған жүйрік мақталар.


Алып берген бәйгені,
Шабандоз деп әйгілі.
Мақтау алған баламыз,
Жүйрік мініп шабамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу