Өлеңдер ✍️

  04.12.2021
  421


Автор: Кәп Құмарұлы

АТТЫҢ СЫНЫ

Елік бас, теріс азу, елең құлақ,
Өр кеуде, бөкен танау, құлан сирақ.
Тік бақай қысқа біткен, берік белді,
Тұяғы кер құланға бітер тұяқ.


Құс топшы, барыс сүбе, жылан бауыр,
Бота көз, күдір жота, киік сауыр.
Кең құрсақ, жібек сіңір, сілбісі кең,
Аршын төс, бүркіт қабақ, мінезі ауыр.


Жез бақай, тесік өкпе, алма мойын,
Кең сағақты, серке сан, желкесі ойдым.
Білеуленіп бұлшық ет бөлек біткен,
Арасы алшақ жатыр қалбағайдың.


Тар мықын, тартық жонды, талтақ бұтты,
Жарағаны сүмбедей сұлу сыртты.
Шашалығы сіңірлі, тік тілерсек,
Мыңнан біреу шығады мұндай жылқы.


Біраз жыл атбегілік өмір сүріп,
Қызығын мұндай аттың көрдім мініп.
Талай кез таң асырып жануарды,
Суытып отқа қойдым сілкіндіріп.


Жандай боп басылмаған ет қызуым,
Сағынған кездерім көп ат қызығын.
Көңілім әр қашанда қалап тұрар,
Аламан ат бәйгесін өткізуін.


1992 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу