Өлеңдер ✍️

  04.12.2021
  217


Автор: Кәп Құмарұлы

БОЗТАРЛАН

Су төгілмес, майда қоңыр,майталман,
Қашағанды жорғасымен қайтарған.
Күдір жота, жазық сауыр,тартық бел,
Кең тынысты жылқы еді Бозтарлан.


Түскенде еді, талмай ірі жарысқа,
Жері жетсе, сілтейтін-ді алысқа.
Топтан дара, суырылып шығатын ,
Өршеленгіш жануар-ды намысқа.


Талғамай басатын-ды құмды жерді,
Талықпай асатын-ды өрді белді.
Бір томар жүйрікке де деген осы,
Бұғанда бір егестің кезі келді.


Той болды бір атақты ұлы дүбір,
Тең басар тентек жорға келген не бір.
Тарланнан бір ат озды, келді екіде,
Қисынсыз оқиға еді болған ол бір.


Озған ат шалдыр ,шабыс тең жорға емес,
Көргендер ат жүрісін етті кеңес.
Асырып, арсыздығын озған болды,
Ар-ұят, арсыз үшін дәнеңе емес.


Бағынбай бәсекеде қойған шартқа ,
Именіп жүгінбеді ол ұятқа.
Пәленнің аты келді десе болды,
Күлкілі болдым демес жамағатқа .


Арсақтап әділеттен аумасада,
Өнердің өрнектісін таңдасада.
Озған, озбыр өнерге санаған жоқ.
Бозтарлан жорғасынан танбасада.


1969.ж. Өлгей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу